Қажығали Мұханбетқалиұлы. Шегебай
Бөлісу:
(әңгіме)
«Өктемдік өштікті ғана тудырады»
Халық мәтелі
Шегебай өнеркәсібі дүркіреп тұрған бір ауданның орталығындағы «Промбаза» деп аталатын үлкен мекемеде біраз жылдан бері бастықтың шопыры еді. Бұл өзі – ешкіммен қақ-соғы жоқ, айдап жүрген машинасынан басқаға көп аса мойын бұра да қоймайтын, нәті біртоға тұйықтау жігіт-тұғын. Өстіп жүріп, қырықтың қырқасынан енді аса берген шағында, биыл аяқ астынан мекемеде улыған-шулыған бір өзгерістер болып, аласапыран басталды да кетті.
Бұрынғы бастық кететін болды.
Жаңа бастық жақында келеді екен... – десті.
Әрине, Шегебай секілді шопыр кісіге бастық кім болса да, бәрібір ғой. Дегенмен, Санақбай Қойлыбайұлы дейтін бұрынғы бастықты жақсы көретін. Өйткені, ол бір... бастық екенмін деп шәниіп тұру дегенді білмейтін; мекеменің ішкі-сыртқы жұмыстарына білекті сыбанып жіберіп, кейде жұмысшылармен бірге өзі де кірісіп кете беретін; майлық-сулығы бірдей, егделеу қазағуар кісі еді. Көп жылғы адал еңбегі бағаланғандығы шығар, кәсіпорын басшылары оны жоғарылатып алып кетіп, орнына жаңа адам жібермек болыпты. Ал «жаңа адам» да, естуінше, көз көрместің кісісі емес көрінеді, мына іргелес аудандағы осындай бір промбаза бастығының орынбасары екен; жоғарыдағылар бұ жолы бастықтыққа сол кісіні қолай десіпті.
Сонымен... «халық айтса, қалт айтпайды» деген, келді бір күні жаңа бастық та! Келгенде, әлдебіреулерге ұқсап сүйретіліп жүріп алмай, үй-іші, мал-жанымен бір күнде көшіп келді. Көшіп келді де, Шегебай үйінің іргесіндегі бұрынғы бастықтың үйіне кіріп, көрші болды.
Бұлар тұратын көше – Шегебай секілді бірен-саран «кездейсоқ» кірмелер болмаса, негізінен, осы аудандағы белгілі-белгілі мекемелердегі жауапты кеңсе қызметкерлері мен ұсақ-түйек бастықтарға арналып салынған, кілең бір «типовой» деп аталатын жаңа үйлерден құралған көше еді. Жаңа көшедегі жаңадан салынған бір типті үйлер дегеннің жайы белгілі ғой: әзірге бәрінің де жан-жағы жалаңаш; әрқайсысының тұрғын үйі, тиесілі он сотық жері, түкпір жағында қорасымағы бар демесең, айналасында аласа ағаш шарбағынан басқа түгі жоқ үйлер-тұғын. Керек десең, көрші үйлердің ара-арасы да кісінің кіндігінен аспайтын аласа ағаш шарбақтармен ғана бөлінгендіктен, іргелес көршілер көлденең көзден қамсау қыларлық еш қорғанышсыз еді.
Осы бір жері... (әр отбасының өз құпиясымағы болатындықтан), әрине, ыңғайсыз-ақ. Ыңғайсыз болғанмен, не шара?! Жағдай солай... Жағдай солай болғандықтан да, Шегебайдың жаңа бастығы көшіп келген күні-ақ, мұның үй-іші оның орта жасқа кеп қалған әдеміше әйелі, ержетіп қалған екі-үш баласы, екі бұзаулы сиыры, кекірейген қызыл қораз бастаған он шақты тауығы бар екенін бірден біліп алған.
Бірақ Шегебай өзі мұндайға көп аса мән бермейтін адам-тұғын. Ертесіне-ақ, міндетті жұмысына кірісіп, әрі көршісі, әрі бастығы боп келген кісіні әдеттегіше, машинасымен бірінші рет қызмет орнына алды да жөнелді...
Кеңсеге алып келіп, мекеменің силикат кірпіштен салған үлкен ақ үйінің екінші қабатындағы бұрынғы бастықтың абажадай кабинетінің алдына дейін ертіп апарды; сонсоң ізетпен қайтып кеткен.
Содан... тоғызға он бес минут қалғанда кабинетіне кірген бастық (бұл да бір жұмысты жанын сала істейтін кісі ме!?), түскі бір ноль-нольде кеңседен шығып, машинаға әрең кеп отырған. Түстен кейін, екі ноль-нольде қызметке қайта әкелгенде де, кешкі алты ноль-нольде әрең шықты-ау!
Машинасында күтіп отырған Шегебай, жұмыс аяғында да әлі сергек, һәм жіті адымдап келе жатқан осынау ұзын бойлы, қақиған бастығының түр-тұлғасына алғаш рет зер сала қараған: сықиған қара костюм, ақ көйлек, желбіреген қызылқоңыр галстук... Қыры пышақтай шалбар! Құдды, Елбасының қабылдауында болып, Ақ Ордадан енді шығып келе жатқан астанадағы министрлердің бірі ме дерсің. Мына түріне қарағанда, ешкім, сірә, оны осы аймақта мұнай өндіріп жатқан шетелдік көп компаниялардың бірінің май-май промзонасында бастық деп ойламас...
... Олар осылайша ноль-ноль жүріп-тұрумен он шақты күн өткерген. Жаңа бастығының жұмыс тәртібіне тез үйренісіп кеткен Шегебай, бүгін де әдеттегісінше, таңертең тоғызға он бес минут қалғанда кеңсеге әкелгеннен, түске дейін ешқайда шықпай, оны тапжылмастан күтіп еді. Бір заматта... сағатына қараса, түсті астың уақыты өтіп барады екен! «Бастық ноль-ноль жүріп-тұратын кісі еді, неғып кешікті екен?! Әлде, басқа бір тығыз шаруалары шығып қалды ма?! Білейінші...» – деп, Шегебай екінші қабатқа көтеріліп, бастықтың абажадай кабинеті алдындағы шағын ғана қабылдау бөлмесіне кеп еді.
Өзі бұрын талай келіп жүрген жер ғой... бұл көрмеген соңғы он шақты күн ішінде бөлмеге әлдебір өзгерістер жасалған ба, көзіне біртүрлі көрінді. Әйтсе де, соған пәлендей мән бере де қоймай, шағын бөлмеде компьютер шұқылап отырған хатшы қызға жақындап келіп:
–Сағат бірден асып кетті. Мына кісі... әбедке!... Қалай?! – деп, есікті иегімен нұсқап, не айтқысы кеп тұрғанын емеурінмен білдірген.
Бұл мекемеде біраз жылдан бері бастық атаулыға хатшы боп келе жатқанмен, мына жаңа бастыққа өзі де сыралғы емес қыз, даусын шығарып бірдеңе айтуға именді ме, екі алақанын екі жаққа жайып, «өзім де білмеймінді» үнсіз ишаралады.
Дағдарған Шегебай ішінен: «жә, ендеше, бастық кабинетінен шыға келгенде бірден көрсін менің күтіп отырғанымды!» деп, машинасының кілтін сұқ саусағында шығыршығынан айналдырып ойнатқан күйі, есікке қарама-қарсы қабырғаны жағалата қойған бірнеше орындықтың ең шеткісіне кеп отыра кеткен. Әлгінде мән бере қоймаған өзгерісті осы кезде аңдады: емен есіктің сырты қара дермантинмен мұқият қапталып, бұрын «Санақбай Қойлыбайұлы» деген жазу тұратын жерге: «Промбаза бастығы Ізқайыр Ізімбергенович Ізімбергенов» деген жаңа тақта орнатылған екен.
Неге екенін кім білсін, тақтадағы сол жазуды Шегебай шұқшиып кеп, қайта-қайта оқысын ежіктеп... «Ізқайыр Ізімбергенович Ізімбергенов... Із-қай-ыр І-зім-бер-ге-нович І-зім-бер-ге-нов!!!»
«Қызық екен... – деп қойды сонсоң іштей таңданып. – Мынау, құдды, Иванов Иван Иванович деген сықылды екен, ә?!» (бұрынғы «Санақбай Қойлыбайұлы» деген жазу көзге де, құлаққа да етене болып кеткендіктен, соны ешкім елеп те, мән беріп те жатпаушы еді... бұл да сөйтетін. Шамасы, мынаның «І...І...І...»-сі,, сосын...әнебір «овичі» біртүрлі тосындау көрінген болу керек).
Қалай болғанда да, бостан-бос қарап отырғанша, Шегебай мұны біраз ермек қылды. Өйткені, әнеукүні таңертең, жұмысқа машинасымен бірінші рет әкеле жатқанда, бұ кісі: «Жаңылыспасам, есіміңді Шегебай деді ғой... бұрынғы қожайының! Дұрыс па? Ал, менің атым – Ізқайыр! «Ізеке!» десең де болады. Жасыңның кіші екенін, сірә, көріп отырмын ғой!» – деген.
Өзі бастық кісі, өзі жаңадан келген кісі «жасыңның кіші екенін, сірә, көріп отырмын ғой!» – деген соң, еріксіз бас шұлғиды екенсің. Рульде келе жатқан Шегебайдың да аузынан: – Мақұл, Ізеке! – деген сөз еріксіз шығып кеткен. Бірақ әлгі бір... «бұрынғы қожайының!» дегенін іштей жақтырған жоқ еді.
Соны сезді ме:
–Жарайды, таныстық-білістігіміз ғой! – деп, бастығы да сөз аяғын шұғыл шиыра қойған.
Бұл кезде кеңсенің алдына да кеп қалған екен, әңгіме осымен тәмәм болып, жаңа бастық есім-сойын түгел айтуға үлгермеді ме, әлде соны айтуды қажет деп есептемеді ме, машинадан түсіп кеткен. Шегебай да ондай-мұндайды тәптіштеуге пәлендей құлықты кісілерден емес-ті.
Енді міне... Сол Шегебай: «Е, айтпаса, айтпай-ақ қойсын! Бастықтың «Ізқайыр... Ізімбергенович Ізімбергенов!» екенін, міне, өзім-ақ біліп алдым емес пе!» деп, әлдебір жаңалық ашқандай мәз болып, қожанасыршылап отырған.
Кенет қара дермантинмен қапталған емен есік айқара ашылып, бастық шыға келсін! «Бастық шыға келгенде бірден көрсін...» деп, өзі жаңа ғана қиялдаған Шегебай қуанып кетіп, орнынан атып тұрғанша...
–Иә, сен неғып отырсың?! Есік бағып... – деп, бастығы біртүрлі дөрекілеу үн қатты.
Сасып қалған Шегебай:
–Сізді күтіп қой, Ізеке! Сізді... түстікке барар ма екен деп. Білуге кеп ем! – деп, ізетпен міңгірлей берген.
–Немене, саған сондай шаруа тапсырылған ба еді? Әлде, менің тексерушімбісің!? Бар жұмыс орныңа! – деді бастығы, бұ жолы тіпті зілді үнмен.
...Ізеке-ау!.. деп... тағы бірдеңелер айтқысы келген Шегебайды сөйлетпестен: – Бар! – дедім ғой, – жұмыс орныңа. Бар-р-р! – деп кесіп тастаған бастық, енді хатшы қызға бұрыла беріп: – Столдағы қоңырау шалатын кнопка бұзылған ба?... Сізді шақырайын десем, істемей тұр ғой! – деп, қолына ұстай шыққан әлдебір қағаздарды соның қолына ұстатты да: – Бухгалтерді шақырыңыз, маған келсін! – деп, қайтадан кабинетіне кірді де кетті.
Мұндайды әсте күтпеген Шегебайдың елпілдеген көңілі су сепкендей басылды да қалды. Осыншама жыл бастықтардың шопыры болып жүріп ешқайсысынан естімеген дәл мынадай зілді сөзді бүгін бірінші рет естіп, және... осы әңгіменің бәрі мына отырған хатшы қыздың көзінше айтылғандықтан, осы қазір жердің тесігі болса, кіріп кете жаздағаны. Енді не істерге білмей, тұрып-тұрып... әлден уақытта ғана аяғын сүйрете басып, үн-түнсіз шығып кетті-ау ақыры!
Еңсесі езіліп, қабылдау бөлмесінен шығуы мұң екен, неге екенін кім білсін, есіне бірден бұрынғы бастығы Санақбай Қойлыбайұлы түскені... Егдерген сол бір жуан қара кісінің жас үлкендігі көзге айқын көрініп тұрса да, – сабаз-ай!., – бастық боп келгеннен, күні кеше ауысып кеткеніне шейін, ешқашан бұған не бастықтығын, не жасы үлкен ағалығын бұлдап, қатты сөйлеген емес-ті. Кәдімгі қызметтестердей ғана сыйласты; орнымен инабат-ізет көрсетісті; үйренісе келе, құдайы көршілер ретінде құрметтесті де. Әйтеуір кете-кеткенше бір-бірінің қас-қабағына қарасумен болған.
Сондықтан ғой,... Санақбай Қойлыбайұлы күні кеше облысқа көшерде бұған бір ауыз өтініш айтпаса да, Шегебай өзі жүгіріп келіп, құдды осы үйдің бір жақынындай-ақ, көршісінің бүкіл жүк-жиһазын, дүние-мүлкін жиыстырысып, бау-шуына дейін түгендесіп, тіпті машиналарына да тиесіп, әбден жік-жапар болғаны. Ал, енді көш қозғалардағы олардың кәдімгі туысқан кісілердей қимастықпен қоштасқанын тіпті айтпаңыз...
Соның бәрі қазір көз алдынан тізіліп өткенде, Санақбай Қойлыбайұлы деген сол бір кеңқолтық қарапайым кісінің қадірі қазір Шегебайға тіпті айқын білініп, сондай инабат пен ізет қана күткен көңіл, – Шегебайдың жаңа ғана жер болған көңілі, – кенет азынап қоя берді.
ххх
... Сыртқа әзер шыққан соң, енді не істерге білмей дағдарған Шегебай, бастықтың түскі асқа барар-бармасы белгісіз қалғанмен, өзінің де онсыз ешқайда кете алмайтынын айқын сезініп, кеңсенің алдындағы машинасында күні бойы сазарып отырды да қойды.
Отырыстың да отырысы болады... қай Шопыр бастығын күтіп, небір биік кеңселердің алдында ертеден қара кешке дейін, екі көздері төрт болып отырмады дейсіз. Шегебай да талай сөйткен. Бірақ ол отырыстардың жөні тіпті бөлек-ті. Ал, мынау... анталаған ойлар қамаған азапты отырыс еді. Әсіресе, «Жұмысына жаңа кіріскен адам ғой!» деп, бастығының абыройы үшін, бұл да міндетті ісін мүлтіксіз атқаруға тырысып жүргенінде, бар болғаны – «түстікке барар-бармасын біліп отырайыншы» деген ниеті үшін ғана, өзі тік тұрып қызмет қылып жүрген адамынан осынша жеку сөз есту деген – қорлық еді. Сол жанын жегідей жеп:
–Мынау өзі... қалай-қалай адам-ей?! – деп, түнерген күйі ұзақ ойланды. – Соның қамы үшін, бүгінгі жұмыс ретін алдын-ала біліп отырғым келгеніне бола, осынша сөз еститіндей не кінәм бар?! Басқасын былай қойғанда, маған баласынша жекитіндей, кімім, ей, бұл менің соншама, а?! – деп жаман қорланды.
Отырып-отырып, ақыры: – Әй! – деді өзіне-өзі, бұл сауалдың жауабын енді ғана тапқандай. – Әй, осының әнеукүнгі бір сөзінен-ақ шошымап па ем... Алғаш рет көріп отырғанына қарамастан, маған өктем сөйлеп: – «Жаңылыспасам, есіміңді Шегебай деді ғой... бұрынғы қожайының!» – деп, «бұрынғы» деген сөзге салмақ сала шіренді ғой.
Сонда, айтқысы келгені: «Ия, бұрынғы қожайыныңның еді ғой Ол сенің. Ендігі қожайының – мына Мен!» демегі-ау, сірә, ә?!
«Бұрынғы қожайының!..» «Ендігі қожайын!»... – Немене, маған солай дейтіндей, әлдекімнің малайы ма екенмін мен!? Тапқан екен малайды! Тапқан екен жүндеуге жақсы жуас түйені! Табар Әрпіштікін!!!»
Тап осы жерге келгенде, әншейінде де көп сөзі жоқ, морт мінез Шегебайдың бар қаны басына шапшып кетті. Нәті біртоға, тұйық кісілердің біреуден қалған көңілі – шыққан жанымен бірдей болады деушілердің сөзі рас болса керек. Бойын әлдебір діріл буып, өз-өзіне келе алмай, көп қиналды.
Сол отырғаннан кешке дейін әзер шыдап, сабасына әрең түскен Шегебай, жұмыс аяғында бастығын тырс үнсіз үйіне апарып тастады...
Тырс үнсіз үйіне қайтты...
Осы үнсіздігінің сұры жаман еді...
Ертесіне кеңсеге келгенде, жұмыстан өз еркімен босату жөніндегі Арызды бастықтың алдына қойды.
Ххх
- Бұл не? – деп қалған, бастық алғаш жаратпай.
- Оқысаңызшы! – деді Шегебай да безеріп. – Арыз!
- Арыз?!
- Иә, Арыз! Кетем.... – деді бұл қатқыл үнмен.
–Кетем?! Немене, «Кетем» деген кісі кете беретін, мал қора ма саған бұл жер!? Көреміз әлі... Ал, орныңа адам тапқанша отырасың!
–Демек, «Еңбек Заңы» бойынша, он екі күнге дейін босатпаймын демексіз ғой?!
–Жоқ! Ол ғана емес... Орныңа қаш-ша-ан адам тапқанша!... – деп шегеледі бастық.
–Адам тапқанша?! Жоқ, бастық... Мен екі айтпайым! Әрі кетсе, Заңдағы он екі күнді амалсыз атқарам. Ол – міндетім! Одан соң, адам табасың ба, таппайсың ба, ол – өз шаруаң. Ол үшінші күні мені күтпеңіз!
–Оны көрерміз!
–Көретіні жоқ! Он екі күнде босатпасаңыз, – ескертіп қояйын!, – құжаттарым қолға тигенше үйімде тырп етпей жатамын да, бос жатқан күндерім үшін тиесілі еңбекақымды енді Мемлекет қалтасынан емес, мына Сіздің өз қалтаңыздан төлеттірем!
–Оған жеткізбеспіз!
–Сөйткеніңіз жөн!
Ххх
Сонымен...
Арбасқан он екі күн де бітуге тақау еді!
Дәл он екінші күннің жұмысы аяғында, – онда да кешкі сағат 6-ға он бес минут қалғанда, – кадрлар бөлімінде істейтін әйел (қасында бір жас жігіт бар), сыртта, есік алдындағы машинасында отырған Шегебайға келіп:
–Мынау – Еңбек кітапшаң! Ертеңнен бастап боссың. Қазір бухгалтерияға барып, есеп-қисабыңды жаса да, машинаны мына балаға тапсыр! – деп, қайқаңдап кете барды.
–Әй, Нұрбану! – деп қалды, осы сәт іші өрт боп лапылдай жөнелген Шегебай ышқынып. – Әй, осыны бағана түстен кейін-ақ қолыма ұстатсаң, бірдеңең кететін бе еді?! Әлде бастықтың кісіні қорлау үшін, жұмыстан кете-кеткенше менің сағымды әдейі сындырып барып жібермек әрекетінен ләззат алмағына ортақтасқан түрің бе?! Сен келіншек, ондай сұмпайылардың санатынан емес сыяқты едің ғой...
–Бастық осылай бұйырды, солай істелінді! Мен не... айтқанын орындамай, сен үшін жеп отырған нанымнан айрылайын ба?! деді, кетіп бара жатқан әйел өзінің шарасыздығын, һәм мұның кінәлауын мансұқтауы аралас үнмен, бұған мойнын ғана бұрып.
Не уәж айтарға білмей тосылған Шегебай, «Ә, солай да екен-ау!» деп, бір сәт шындықты үнсіз мойындап, тілін тістеп отырды да қалды.
ххх
Жұмыстан босап қалған Шегебай кешкілік үйінің ауласының қора жақ бетіндегі ағаш сәкіде бір сәт тыныстап отыруды дағдыға айналдырып алып еді.
Бүгін де сол әдетімен, сол сәкінің үстінде, әдеттегіше, соңғы күндердегі басынан өткен жәйттерді саралап отырған.
Кенет:
–Қа-қа-қи-қу! Қа-қа-қи-қу! лап, дәл жанынан далпылдап ұшып өткен әлденеге қараса, өз үйінің жап-жас ақ әтешін көршінің кекірейген қызыл қоразы сүркітіп қуып келген екен.
«Тәк-тәк!» Мынау қайтеді-ей!» – деп, екі қолын ербеңдеткенше, ұясына толар-толмас жап-жас ақ әтешті өлімін сала қуалап келген Қызыл қораз жалт беріп, енді жеңімпаздың кейпімен қоқырайып, Шегебай үйінің былтыр инкубатордан әкелген аппақ ақ мекиендеріне қарай, талтаңдай басып кете барды.
Барғаны ештеңе емес-ау, бара сала ақ мекиендердің бірін қақылдатып астына басып, жүндей таптағаны Шегебайдың зығырданын қайнатып жібергені...
–От нахал! – деді Шегебай, орысша сөйлеп жібергенін өзі де аңдамай. – От нахал, а?! (Тағы да әнеукүнгідей бар қаны басына шапшып-шапшып кетті.)
–Жанында ешкім жоқ... кімге сөйлеп отыр мынау! – деп, қасынан өте берген әйеліне оқты көзбен бір қараған Шегебай:
–Мал-жан деген иесіне тартқан қасте болады... Көрдің бе, иттің қоразына дейін бізді басынып... – деп, орнынан сөйлей тұрды.
–Е, көршінің Қызыл қоразын айтасың ба?! – деді, сөз мәнісін түсінбеген әйелі бей-жай. –Бұлардың көшіп келгені жақсы болды-ай! Біздің әтеш әлі жас қой, тауықтар мезгілінде жұмыртқалап тұрмаушы еді, әрі жұмыртқалары шіли майда болатын. Мынау Қызыл қораз сақа ғой.. Бәле! Қазір жұмыртқалар да іріленіп қалды!
–Өй, ептібаймат! – Осы қатын деген халық қалайша ақымақ болып жаратылады екен, а?! – Шегебай қайта жынданды. – «Жұмыртқалар да іріленіп қалды-сы» несі-ай мынаның, а? Өй, әтеңелет!
ххх
Өзін жұмыстан кетуге мәжбүр еткен жаңа бастықтың қылығы аздай, енді оның үйінің Қызыл қоразына шейін бұларды басынуы қанын қайнатып, Шегебай түнімен ұйқтай алмай, дөңбекшіп шығып еді...
Таңертең көзінің алды күлтілдеп, қабағы ісініңкіреп тұрған.
Өзі түнімен ұйықтай алмай азап шегіп, таңертеңгі шайға сүйретіліп әрең кеп отырса, әйелі дастарханға төрт-бес пісірілген жұмыртқа қойып:
–Өзің әлденеге шаршап жүрсің ғой... Қуатты ас ішіп, жұмыртқа жеп, кішкене серпілсеңші! – деп жынына тигені.
–Жемеймін! – деп Шегебай дүңк етті. – Жемеймін харамнан туған жұмыртқаны!.. Бұл – өзіміздің әтештен туған жұмыртқа емес; бұл – басқа үйдің әтешінікі! Кеше көрдің ғой, Қызыл қораздың не қылғанын...
–Не дейді мынау?! Есің дұрыс па?.. – деп, әйелі аузын ашып отырды да қалды.
ххх
Неге екенін кім білсін, Шегебай сол күні өзінің не істеп, не қойғанына есеп беретін жағдайда болмады. Күні бойы көлеңкедегі сәкі үстінде отырып, өз үйінің ауласын өзі бақты. Күнде көріп жүрген ауласында, тәйірі, кісі таңғаларлық не бола қойсын!.. Жалғыз сиырын таңертең елмен бірге табынға қосып, падашыға табыстаған... Он шақты тауығы мен ақ әтеші болса – әні! Огородтың әне жер, мына жерін қопарып, борпылдақ топырақтан ақсарыбас құрт іздеп, ерінгендері шаңға аунап жатыр...
Осылайша уақыт өткізіп отырған Шегебай, бір кезде ішке кіріп, қолына тостақ толы бидай алып қайта шықты да, қораға келіп есігін ашып:
–Шен-шеп-шеп!!! – деп тауықтарын жемге шақырды.
Басқаны білмесе де, жемге шақырғанды жақсы білетін байғұс мекиендер бірі тоңқаңдап, бірі еңкеңдеп келе бастаған. Шегебайдың негізгі ойы ақ әтеште еді. Көршінің Қызыл қоразы өктемдік қылып, қаншама озбырлық жасаса да, еркектік намысын жоғалтпаған екен... Ақ мекиендер әбден кіріп болғанша, одан жемге бас қойғанша өрлігін сақтап кейкиіп тұрды да, ішке ең соңынан кірді.
Шегебай көз алмай бақылап тұр.
Ақ әтеш кіріп, басқа тауықтармен бірге жем жеуге еркін араласа бастаған кезде, ол бидайды уыс-уыс қылып молынан шашты да, өзі есікті ашық қалдырып, сыртқа шығып кетті...
Шегебай енді сырттай бақылап тұр.
«Не істемек? Ойы не? Құдай-ау, неғып жүр өзі?» – Шала есті секілді.
Бір кезде... «Ку-ка-ре-ку-у-у!!!» деп, ащы да ашық даусымен айқай салған көршінің Қызыл қоразы екі үйдің арасындағы ағаш штакетниктің басынан бұлардың ауласына секіріп түскенде, ол қуанып кетті.
Күткені – осы екен.
Қызыл қораз болса, «Күнде жәукемдеп жүрген ақ мекиендерім қайда кеткен?!» – дегендей жан-жағына қоқилана қарап, бұ кезде қораға қарай ақырын басып бара жатыр еді.
Он шақты тауықтың бір мезгілде таласа-тармаса жем жеген дыбысы құлаққа шалынбай тұрсын ба, сәлден соң-ақ мекиендердің қайда екенін ұққан Қызыл қораз да қораның есігінен ішке секіріп түскен.
Сол-ақ екен, Шегебай да жүгіріп барып қораға кірді де, есікті іштен жауып ала қойды. Сонсоң...
Тауықтардың жем жеп болуын асықпай тосты...
Демін әбден басты...
Жем таусылар шақта екі әтеш бетпе-бет келіп қалып еді... Қызыл қораз, әдеттегісінше, бірден Ақ Әтешке бас салған. Жақын тұрған Шегебай шап беріп, Қызыл қоразды ұстай алды.
Керегінің өзі осы еді.
Қызыл қораздың бұлқынғанына қарамай, тас қып құшақтап алған Шегебай оның пышақтай тырнақтары қолын осып кетпес үшін, қос аяқтан абайлап қысып ұстап әкелді де, пішен бұған синтетикалық жіппен екі аяқтың арасын бір сүйемдей ғана етіп тұсап, ауысқан жарты метрдей жіпті қорадағы сиырдың қазығына тас қып байлады.
Ал, сосын... қазықта жұлқынып тұрған Қызыл қоразға қарай Ақ әтешті қайырмалап әкеліп, екеуін бетпе-бет қалдырып еді. Басынып жаман үйренген қызыл-қораз, әдеттегісінше, өктемдікпен тап берсін!
Тап бергені бар болсын! Қазыққа байланған аяғындағы жіп оны екпетінен түсірді.
Мұндайды күтпеген Ақ әтеш сәл аңырғанмен, іле екі-үш рет оны қос аяқтап теуіп, сосын сәл шегініп тұрған. Аяғы байлаулы екені есінен шығып кетті ме, Қызыл қораз қайта ұмтылам дегенде, жібі оны тағы да екпетінен түсіргені. Қайта тұруға тырмысып жатқанында, ескі жауының әлдебір қатерге ұшырағанын, бұған енді бұрынғыдай өктемдік қылуға дәл қазір шарасы жоқтығын осы кезде ғана әлдебір табиғи түйсікпен сезген Ақ әтеш оны ал кеп қос аяқтап тепсін! Ал, кеп... шоқысын!
Баяғы үйреніп қалған өктемдікпен Қызыл қораз қайта-қайта өлермендене ұмтылса да, жайды ұққан Ақ әтеш енді оны қос аяқтап теуіп, қанаттарымен алма-кезек сабалап, олай да домалатты, бұлай да домалатты; ол аздай, Қызыл қораздың әлгінде ғана албырап тұрған айдары мен алқызыл сақалын да өршелене шоқып, қызылала қан қылды.
Көршінің Қызыл қоразының діңкесі құрып, көзі ақшелденуге айналғанда, Шегебай оның аяғын шешіп, Ақ әтешке қарсы қайта салып еді, арқаланып алған Ақ әтеш оның түте-түтесін шығарып, тіпті өлтіруге айналды. Сол кезде... Қызыл қоразды оның талауынан босатып алған Шегебай, қызылала қан болған көршінің Қызыл қоразының есін сәл жиғызып, құшақтап апарды да тақтай шартақтың арғы жағына лақтырып кеп жіберді...
Сол-ақ екен, Ақ әтештің емес, өзінің әлдекімге кеткен өші жаңа қайтқандай, тұла бойы жеңілдеп сала берді.
Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды
Бөлісу: