Шыңғыс қаған заманынан жеткен құнды қолжазба
Бөлісу:
1217 жылы Жетісу жеріндегі Шыңғыс қаған ордасына: «Шандунь жерінде 300 жыл жасаған, Дао жолын ұстанатын Чаңчун деген қытай әулиесі тұрады, білмейтіні жоқ, адам жасын ұзартатын дәрісі бар»,- деген ақпарат келіп түседі. Ол - Қытайдың Жин (Алтын) династиясы күйретіліп бүкіл елі Шыңғыс қағанның құзырына қараған заман еді. Ордаға алыстан жеткен ғажайып хабарды естіген Шыңғыс қаған сол кезде өз қол астында адал қызмет істейтін, шабарман ұлық Лю Жоңлуға әлгі әулиені шақырып келуге жарлық беріп, алыс сапарға жұмсайды.
Шандунь жерінде Дао жолын ұстанған ондай әулиенің бар екені рас, бірақ жасы жетпістің ішінде ғана, оның үстіне ешқандай да жас ұзартатын дәрісі жоқ-тын. Әулиенің өз аты Чю Чужи, лақап аты Чаңчун. 1218 жылы қағанның жарлық жеткізуші ұлығы Шандунь түбегінің Бохай теңізіне жақын жеріндегі Лайжоуда тұрып жатқан Чаңчунге Шыңғыс қаған жарлығын өз қалпында жеткізеді. Қазақта «әулие болсаң да» деген сөз бар, сол дегендей Шыңғыс қағанның жарлығынан жалтаратын жол таба алмаған әулие Чаңчун Фыңлайдан алыстағы Орта Азия жеріне жол тартады. Ол сапары барып келгенімен қосқанда үш жылға созылыпты. Әулие сол сапарында өзімен бірге 18 төл шәкіртін ерте барған екен. Кейін сапардан аман-есен оралған Чаңчунның төл шәкірті Ли Жычаң «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» атты естелік жазып қалдырады.
Ол заманда бүгінгідей кемелді баспа ісі болмағандықтан шығармалар көбінде қолжазба күйінде сақталатын, қажет болған жағдайда ғана қолмен көшіріліп таратылатын. Сол себепті аталмыш қолжазба біраз уақытқа дейін Чаңчунның ғибадатханасында сақтаулы тұрыпты.
Негізін Лаозы қалаған даосизм Қытайдың Сұң дәуіріне келгенде ел ішінде кең көлемде тарала бастайды, ал Чаңчун Шыңғыс қағанмен кездесіп қайтқаннан кейін қағанның қолдауына ие болып тіптен күшейе түседі. Осыған байланысты даошылар будда мүритерімен үнемі келіспей қалатын, тіпті даошылар будда мүриттерінің пұт-бұрхан мүсіндерін күйретіп тастаған жағдайлары да етек алыпты. Кейін заман ауысып Қытай жерінде Шыңғыс қағанның немересі Құбылай хан Юань династиасын құрғаннан кейін Тибеттен Басба деген будда ламасын әкеліп дін істерін соған басқартады. Осыдан кейін Дао жолындағылар қоғамнан шеттетіліп қуғынға ұшырайды. Дао кітаптары өртеледі. Сондай зұлмат заманда Даоның білгірлері өздерінің барлық ілімдерін жинақтап «Дао қазынасы» деген көп томдықты жинақ жасап, оны Сужоудағы бір ғибадатханаға жасырады. Сол көп томдықтың ішіне «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» да кіргізілген. Қолжазба ғибадатханада қалпын бұзбай бір неше ғасырға дейін сақталып тұрған. 1795 жылдарға келгенде Чиң династиасының Чянлоң патшасы бүкіл Қытайда кітап жинау науқанын жүргізіп, барлық қолжазбаларды Бейжіңге топтайды. Міне дәл осы кезде барып «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» ашыққа шығады. Бұл кітапты алғашында Қытай ғалымы Ваң Говей зерттеп, түсініктеме жазып жұртқа таныстырған. Содан бастап дүние жүзіндегі Шыңғыс қаған зерттеуші ғалымдардың назары осы кітапта болды. Кітаптың жарыққа шығуына 200 жылдан асса да зертеу ісі бір сәтке тоқтаған емес. Кітап қазірге дейін орыс, ағылшын, жапон, француз, неміс монғол тілдеріне аударылып баспадан шығып, дүние жүзіне кеңінен таралды.
Танымал тарихшы, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Шыңғыс хан» атты деректі хикаятының І томының қытай деректері тарауында «Әулие Чаңчунның батысқа сапарын» таныстыра келіп: «Қайткенде де бұл ескерткіш нұсқалардан ұлы қағанның биік рухы айқын аңғарылады»,- дейді.
Ендеше аталмыш қолжазба несімен құнды, несімен қызықты?- деген сауалға аз-кем тоқталып өтейік.
Бірінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» Шыңғыс қаған аса жауыз, жүрген жерін өртеп күйретіп, қырып жоятын жабайы император деген жалған да жалалы деректерді теріске шығарады. Шандоң жерінен сапарға шыққан Чаңчун сол кездегі Қытайдың көп қаласын аралай жүріп Иехулин асуынан асып бүгінгі Монғол үстіртін орай өтіп одан батысқа қарай жол жүріп Орта Азияның бүгінгі Қазақстан, Өзбекстан жерлерін басып өтіп Ауғанстан жерендегі Хиндукуш тауының баурайына жетеді. Осындай ұзақ жолдың бойынан жүздеген қаланы көзден кешіреді. Шындығына келер болсақ, сол замандағы сол қалалардан Шыңғыс қаған бүлдіріп кеткен біреуін де таппайсың, бәрі аман есен тыныш тұрғаны естелікте айқын жазылады. Тіпті әр елдің, әр қаланың халқы өз дінімен, өз салтымен өмір сүріп жатқаны да тайға таңба басқандай анық көрсетіледі. Әсіресе Шығыс Түркістан жеріндегі ежелгі Бесбалық, Жанбалық одан бергі Іле аңғарындағы Алмалық қалаларының халқымен бірге дін аман тұрғаны, одан былайғы Шу алқабындағы ежелгі Суяб қаласы, одан арғы Сайрам, Ташкент, Самарқан, Балх қалаларының дін аман тұрғаны, халқы өз дәстүрінде тірлік етіп жатқаны анық жазылады. Шыңғыс қағанның айналасында түрлі ұлт өкілдерінің қызмет етіп жүргені де анық байқалады. Ендеше Шыңғыс қаған күйретуші, мәдениеттің жауы деген жаланы «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» жоққа шығарады.
Екінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» ежелгі Еуразия құрлығының географиясын зерттеуде таптырмас тарихи дерек. Сонау Шандоң жарты аралынан Бүгінгі Ауғанстанға дейінгі аралықтағы Керулен өзені алқабы, Қаңғай таулары, Гоби шөлі, Алтай таулары, Жоңғар ойпаты, Тяншань таулары, Хиндукуш тауы, Улястай өзені, Бұлғын өзені, Іле өзені, Шу өзені, Сырдария өзені, Әмудария өзені сияқты тарихи жер-сулардың ерекшеліктері, климаты сол замандағы бейнесі көрсетіледі. Осы аумақтардағы халықтардың сол кездегі тұрмысы, шаруашылығы, салт-дәстүрі таныстырылады.
Үшінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» Шыңыс қаған заманындағы тарихи тұлғаларды анықтауға ерекше есқататын тарихи дерек. Жазбаша деректе Темуге Отчгін, Жынхай, Иелүй Тоқай, Иелүй Ақай сияқты тұлғалардың тұрған жерлері мен қызметтері айтылады. «Юань тарихында» Чю Чужи Шыңғыс қағанмен кездескенде қағанның жанында ұзын сақал Иелүй Чуцай болды деп жазылған. Бірақ осы жазбаша деректе Шыңғыс қағанның жанында ол тұлғаның болғаны айтылмайды. Керей Жынхайдың қаласы мен мекені таныстырылады.
Төртінші, «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» уақытты өте айқын таңбалап береді. Шыңғыс қаған қай жылы қай айда Хиндукуш тауы маңында болды, Самарқанда қашан болды, балалары қайда болды т.б оқиғалардың жылы, айы, күні нақты көрсетілген.
Аталмыш жазбаша дерек екі бөлімнен құралады. Бірінші бөлімде Чаңчунның Шыңғыс қағанның жарлығын қабылдап сапарға шығып, ұзақ жол жүріп Хиндукуш тауы баурайындағы қаған ордасына дейінгі жолдағы барлық жағдайлар мен көріністер айтылады. Екінші бөлімде Чаңчунның ордадан өз мекеніне қайтқан жолындағы жағдайлар мен көріністер және әулиенің өмірінің соңы, қайтыс болуы, жерленуі, кесене тұрғызу сияқты мәліметтер беріледі.
Осы бір жазбаша деректі ХІІІ ғасырдағы Еуразиялық ұлы даланың соның ішінде Орта Азия жерінің жалпы жағдайын зерттеуімізге таптырмайтын дерек көзі деп есептейміз, жүйеден сол замандағы бүгінгі Қазақстан жерендегі қалалар мен жер-cу жағдайын біліуімізге өз көмегін берері хақ. Осы орайда бүгінгі Жамбыл облсы жеріндегі Ақыртас сарай кешенінің жағдайы да хатқа түскенін ескерте кетеміз.
Өткен замандардағы ірі оқиғалардың еш қандай дерегі табылмай қалған жағдайда тарих жеке адамдардың тұспалдауымен жазылады. Сондай-ақ, бір династиа немесе империя күйретілгеннен кейін оны күйретуші өз жеңісін асыра көрсету үшін тарихтың ескісін өшіріп жаңасын жазады. Міне осыдан кейін тарих ғылымы саласында бітпейтін дау туындап, оның ылаңы мыңдаған жылдарға дейін созылады. Бұндайда саясаттан аулақ, ордадан оңаша жүрген жеке адамдардың өз көзімен көргендері бойынша жазып қалдырған естеліктері мен күнделіктері тарихты тыңнан ойлауымызға жол көрсететіні анық. «Әулие Чаңчунның батысқа сапары» әне сондай жазбаша ескерткіш.
Дәл қазір «Кемел Чаңчунның батысқа сапары» ежелгі заманғы түп нұсқасынан қазақ тіліне толық аударылып баспадан шығу алдында даяр тұр. Осы шағын мақалада айтылмай қалған өте көп мәліметтерді сол қолжазбаның аудармасын оқығанда білерсіздер.
Қалбан Ынтыханұлы
зерттеуші, жазушы, аудармашы
26.03.2020
Бөлісу: