Ғалым Жайлыбай. ? (Сұрақ белгісі)
Бөлісу:
Ай да, Ғалым Жайлыбай
1831 жылы Ресейді тырысқақ дерті жайлап, карантин жарияланады. Бұл – Александр Пушкиннің заманы. «Опять хандришь. Эй, смотри: хандра хуже холеры, - деп жазады ол осы кезде, досы Петр Плетневке, - одна убивает только тело, другая убивает душу. Дельвиг умер, Молчанов умер; погоди, умрёт и Жуковский, умрём и мы. Но жизнь всё ещё богата; мы встретим ещё новых знакомцев, новые созреют нам друзья, дочь у тебя будет расти, вырастет невестой, мы будем старые хрычи, жёны наши – старые хрычовки, а детки будут славные, молодые, весёлые ребята; а мальчики станут повесничать, а девчонки сентиментальничать; а нам то и любо. Вздор, душа моя; не хандри – холера на днях пройдёт, были бы мы живы, будем когда-нибудь и веселы» (1831ж. 22 июль).
Оның ең ғажайып классикалық туындылары осы кезде дүниеге келеді. Бұл ақын ғұмырнамасында «Болдино күзі» деп аталатын әйгілі кезең. Осында ол бес хикая, бірнеше қысқа трагедияларын («Моцарт пен Сальери» т.б.), «Евгений Онегиннің» екі тарауын жазады.
Мына атышулы қытай дерті кезінде қолға қалам алу былай тұрсын, қағазға қарауға да көңіл дауламай біз отырмыз. «Алаң да алаң, алаң жұрт...» Дерттің өзінен дақпырты жаман заманда ғұмыр кешіп жатырмыз; теледидар мен әлуметтік желідегі жедел тарап жатқан жалғаны-шындығы аралас ақпараттар тасқыны, қаңқу сөз, өсек-аяң адамзаттың ақыл-есін алып барады! «Бізге Пушкин болу қайда?!.» - деп, көңілім құлазып отырғанда, Ғалым (Жайлыбай) бауырым бүгін жазып жатқан ұзақ жырынан бірер шумақ оқып, жанымды тебірентіп жіберді!
Осы тұста Пушкиннің «Борис Годунов» деген трагедиясын тәмамдап, Вяземскийге жазған хатында өзіне өзі мағұмұрланып: «Поздравляю тебя, моя радость, с романтической трагедией, в ней же первая персона Борис Годунов! Трагедия моя кончена; я перечел ее вслух, один, и бил в ладоши и кричал, ай да Пушкин, ай да сукин сын!» - дегені есіме түсе кетті!
Бұл Жырда не жоқ? Соноу атамзаманғы Иса пайғамбар, Асан Қайғы, Конфуцийлерден бастап, Нұх пайғамбардың кемесі мен зауал дертін жалпақ жаһанға таратып жатқан бүгінгі Қытайдың Уханына дейінгі орасан зор образдар галереясы алдыңыздан шығады. Ғаламның басындағы қасіретті қара бұлт қазақтың да басын торуылдап алған... «Адамзат – Ақырзаман алдында тұр!» - дейді автор.
Замананың ауыр зілін көтеріп тұрған дүниенің салмағын сезіну үшін Жырдың өзін оқу керек! Алла жазса, бұл Жыр – Алаш поэзиясындағы айтулы шығарма болғалы тұр! Тоғыз тараудан тұратын асқақ Жырдың астары қалың. Оқырманды ойландырмай қоймайды!
Поэманың соңғы тарауы:
«Cұрақ белгісі,
Сұрақ белгісі,
Келеді пенде мұратқа ергісі.
Ғаламның Айға
қол созған кезі
Адамның қайда қуат пен күші?
Сұрақ белгісі...
Көктем келеді,
келеді көктем, –
Көрініп қалды бедері көктен.
Өзекті жанға
бір анық дүние –
келелі де өткен,
өрелі де өткен...
Ұсынды заман
Індетін кімге,
Ізгіліктерге ірге түрдің бе?...
Сұрақ белгісі...
алдыңнан шығар –
Қиямет күннің қыл көпірінде.
Қарайса ойың,
қарын да ашады,
қамданып жетсең бағың да асады.
Ізгі амалдардың ізіне түспей –
Сандалып кетсең –
Сабыр қашады.
Көздің ұшынан көшіп Дегелең,
Тереңін ойдың кешіп те келем!
Бермейді тыным
Дүние – жалған –
Тербейді кейде Бесіктегі Өлең...
Көбелеп шықты
көмейді бір үн,
Періштең келіп демейді, Күнім!
Жарық таңдардың жанарындағы
Жалқын сәулелер...
Не дейді бүгін?
Ит үрген түнде
Заман қаңсылап,
Үрейлі үннен.
қалам қансырап...
...Алып жатыр ма
Жаратқан – Ием –
Адамнан сынақ,
Ғаламнан сынақ?
Сұрақ белгісі...»
- деп, басын тауға, тасқа да ұратын адам баласының алдынан ылғи ақжолтай хабар күтіп, ойын он санға бөлген астарлы сауалдарымен аяқталыпты. Сауал көп. Жауап жоқ... «Ақиқаттың төркіні анталаған сұрақтарда жатыр» - деп еді ХХІ ғасырдың ірі ақындарының бірі һәм бірегейі Андрей Вознесенский. Миды ашытатын сұрақтар! Адамзат өркениет өріне қанат қаққысы келсе, алдымен соған жауап беруге тиіс! Цивилизацияның ұшар көгіне шығып, ғылыми-техникалық прогрестің шегіне жеткен, Көктен түскен Төрт Кітаптағы өзінің адами болмыс-бітімінен адасып қалған адам баласы – қоғамдық хайуанның ендігі тірлігі осы сауалдарға қалайша жауап беретініне келіп тіреліп тұр...
Ай да Ғалым Жайлыбай!
Серік АҚСҰҢҚАР
23.03.2020 ж.
(Сұрақ белгісі)
поэма
Маралтайға
«Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты. Жер тіршіліксіз
бос еді. Суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып
тұрды. Ал, Құдай рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді.»
(Тәурат. 3 мың жыл бұрын жазылған.)
Арғымаққа міндім деп,
артқы топтан адаспа...
Асан Қайғы
Пайғамбарымыз Мұхаммедті, исламды жұрты
ұрып-соқты, тілімен балағаттады. Ол бәріне де
шыдады, жеңді. Шыдам мен сабыр – ең күшті қару.
Ахмет Байтұрсынұлы
Қазақстан өз елімізге ғана керек...
Қасым-Жомарт Тоқаев
I
Жылы ағыстарға жылдардың тартып жетегі,
Өліара туа өріп бір кетсек не етеді?
Алаштың жұрты...
Алтын тұяқтың мөрі бар –
Арғымақтар мен ақбөкендердің мекені.
Көңілім қайран,
Көңіл-ай, шіркін,
мың құрақ,
Қиямет күні халіңді сұрар кім бірақ?
Тұман ішінде тұмаға келдім тұнжырап,
Бұла дәуренім бұлдырық құстай бұлдырап...
Желсіз бір түнде арнама сыймай шайқалдым,
Жаратқан Ием!
Тажалдың бетін қайтарғын!
Ғаламның бойы ғазауат күйін шалады –
Адамның ойы сойылы болса сайтанның.
Керізамандардың кесірлі желі бұрқады,
Көрерін көрмей көрге түспейді жұрт әлі...
Адамзат үшін Алладан медет сұрайды,
Тәуекел етіп тас жұтқан елдің ұрпағы.
Ғаламның көші қай тұсқа тартып барады,
Ашылар қашан...
дүниенің мынау қабағы?
иттен де қалған,
құстан да қалған көңілім –
Ай толған күні жарқ ете қалса жарады.
Көңіл көгіне көгілдір түсті құс керек,
Зауалды көріп зәһардан сусын ішкен ек.
Жан-жанарымнан жас саулап тұрып жыр жаздым –
Қанға малынған қаламның ұшын тістелеп.
Елім-ай, шіркін...
Ескі күндерден қалған ән,
Шарасыздықтан шағылмай қалған шамды алам...
Аранын тиып аждаһа аулақ кетсін деп –
Қабағын түйіп оянды бүгін бар ғалам.
Адамзат көші адаспау үшін тұманда,
Айтылған бәрі...
Інжілде
сосын
Құранда.
Жалғыз қауызға сыйғызатыны рас екен –
Алты құрылықтың ақылмандарын бір Алла!
Шеменің қатса ішіңе Құдай шер берер,
Адыра қалып алтынға толы көмбелер.
Дүние шіркін,
Қаңбақтай бір сәт дөңгелер –
Отыз жыл ойран,
Қырық жыл қырғын көрген Ел...
Қатымдай екшеп хаттарын бүтін жақсының,
Тап шынын тауып таразылауға тапшы күн.
Жалғыздық күйін жапанда шалып отырмын –
Жар басындағы моласындай боп бақсының.
Періштелерім алдымнан шығып жебей ме,
Бір өксік келіп тығылып қалды көмейге;
Батыр басынан мұнара тұрған кез болған,
«Адамның басы – Алланың добы» демей ме?
Бабаларымның,
Балаларымның өз елі,
Атамның жұрты – көнеден қалған көз еді.
Доспанбет жырау келелі кеңес күтетін,
Келмеске кеткен Кетбұғалардың кезеңі.
Мұңайып тұрсам
Алыс – жақыннан мұң шақты ел,
Әрі де емес,
бері де емес бір сәттер.
Алатын болсаң нүктесін қойдым жырымның
Балапандарыма қанатын қақсын, мұрсат бер!
Қысырақ біткен қырқадан әрі аса ма,
Таскерең көрдім тас атып тұрған тасада.
Қазақтың елі қазаққа керек,
Содан соң –
Құдайға керек, - деп қосыңызшы, Қас-Аға!
II
“… Біздер, Еуропа халықтары, мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) ұлылығының ең төменгі сатысында тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес.”
Гете
... Егер қазіргі әлемді басқару хұқы Мұхаммед (с.ғ.с) секілді бір адамға берілетін болса, ол барлық мәселелерді майдан қыл суырғандай етіп оп-оңай шешер еді және бұл шешімдер сондайлық тыныштық пен бақыт әкелер еді. Мен Еуропаның ертең Мұхаммедтің (с.ғ.с) дінін қабылдайтынын болжаймын.
Бернальд Шоу
“... Құдайсыз Адам құрып кетерін көзбен көрмейінше тәубеге келмес түрі бар. Адам бұл ғасырда құлайтын жар жиегіне жетіп тоқтауы мүмкін. Алда үңірейген қайта шықпас шыңырсу. Соны көріп шошып шегінуі мүмкін. Тәубәсіна келуі мүмкін. Тәубеге келген Адам-тақуа, Құдайын таныған Адам.”
Cмағұл Елубай
(Қиямет-қайым ғасыры)
Көш,
пәлекет, көш енді,
бірге алып кет кеселді!
Ала таңда азаншы шын жылады,
көкке қарап қол жайып қынжылады.
... Самарқанның көк тасы еріген күн
қара тасы Қағбаның тұнжырады.
Байтал түгіл пенденің
Жаны қайғы,
Ажал құшса адамзат аңырайды...
Имансыздық жайласа жердің жүзін
Әл-Харамның мешіті қаңырайды.
Қасиеттім Меккенің төріндегі,
Көктем еді көңілдің көгіндегі.
Аят түскен ең алғаш Нұр тауының
Етегінен еш пәндә көрінбеді.
Иман қашса
Жүрек-тас,
Сезім лас,
Жанарыңды жарықты сезініп аш!
Көрге түспей көресің көресіңді
...“Өзі де рас Алла-ның,
Сөзі де рас”.
Бұл Адамзат,
Білмеймін кімнен қашпақ?
Аярлықты кетіпті бірден бастап.
Адам – Ата,
Хауа – Ана ұжымақтың –
Миуасына қол созған күннен бастап...
Іздегенге Ізгі амал ғайып – қорған,
Ғайып – қорған өткелде қайық болған.
Ақ – Қараның ғадауат майданында
Талай боздақ мезгілсіз шәйіт болған.
Жылжытады құдірет күнді ілгері,
Мың жыл әрі
болмаса мың жыл бері.
Асыл сөзін Құранның аудардың ба –
Не Зәбурді...
Тәурат,
Інжілдегі.
Қоршаса да маңайды құз – қамалдар,
Сыздамаңдар,
сұранам
Мұздамаңдар!
Топан суы басса да дүниені
Адамзатты құтқарар ІЗГІ АМАЛДАР.
Қайық салған қайғыдан ғасыр – арна,
Жауыздықтан дүние қан сасығанда.
Хиросима маңынан көргем оны –
Освенцимде,
Бухенвальд,
Басланда.
Мына зауал тап бүгін бар елге сын,
Ібілістер бастаса әлем көшін.
“Көп асқанға – бір тосқан”
болатынын –
Тарих бізге қашанғы дәлелдесін? ...
...Қасиетпен нұрланған құранын ап,
Қағбадағы азаншы тұр аңырап.
Ғұмырыңа, Адамзат,
Саулық тілеп –
Тұнығыңа тұнса деп тұма бұлақ.
Бисмилла Рахмани – Рахим,
Таңдар ұлық,
Келеміз келер күнге жалғап үміт.
Өзіңе Адамзат кеп медет сұрар -
Жаратқан,
Жалғыз – Ием жалбарынып.
Ақ шашты Аналардың пейілін бер,
Кері тартқан кері кетсін кей ілімдер.
Бозторғай қой үстіне жұмыртқалар
Бетіне дүниенің Мейірім бер!
Бағыңның сайрап берсе тотылары,
Пендеге басқа байлық не тұрады?
Жаратқан!
Адамзатта жалғыз тілек,
Тажалдың қайтара гөр бетін әрі!
Ашылса Ізгі Амалдың арналары,
Он сегіз мың ғалам да бар болады.
Адамзат сапарына саулық тілеп,
Ұйыдым азаншыға Қағбадағы...
“ Лә Иллахи ил Алла
Мұхаммед расул – Алла!”
III
Cенің жасағаның өзіңе қайтып оралады.
Андре Маруа
Бәрі де қайтады әлі, оралады,
Көңілдің көк тіреген көп алаңы.
Ғаламның ғапыл күйін естігелі
Анамның елес берді орамалы.
Анамның орамалы...
Ақ орамал,
Желбіре!
Сезіміме,
Санама орал!
Шайқаған шаттығымды күн азайып –
Қайтадан басымызға бақ оралар.
Алаң да,
Алаң,
Алаң жұрт...
тауып алып,
Көңіліме отырмын қауіп алып.
Менің әзиз Анамның нұр бейнесі,
Көз алдыма келеді ауық-ауық.
Мына өмірдің жарығын қиған маған,
Көкірегіне көгеріп сыйған ғалам.
Шәждасынан ғұмыры жаңылмаған
Асыл анам,
Ақ анам – иманды адам!
Әлдиі осы...
Әлемнің әулиесі,
Жақсылыққа жаралған жан-жүйесі.
Басындағы Анамның ақ орамал –
Әулетімнің асылы,
Бар киесі!
Ақ орамал!
пейілің,
Ниетің еді,
Күндей жарық болатын көкірегі.
-Халық аман болсын! – деп бата тілеп
Қадір түннің таңында кетіп еді...
Шыдамның да барады шырқы қалмай,
Сені ойласам тұмама нұр тұнардай.
Жұлдыздарға қарадым түн баласы
Ақ жаулықты анамның рухы бардай...
Жан – жағымды қара түс құрсаулаған,
Бір ой айтам мойыңды
бұрсаң, ғалам!
... Ақ тілегі секілді Адамзаттың,
Ақ орамал бір ғасыр кір шалмаған.
Іздеп шықса ібіліс
тажал құрбан,
Жердің бетін алып бір мазар қылған.
Өң мен түстің арасы
елес күйі –
Ақ орамал кетпейді көз алдымнан...
IV
“... Нұқ пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, менің билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады.
Нұқ кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, күйеуге тиіп өмір сүрген еді.”
Иса пайғамбар
(Жаратылыс кітәбі, Лұқа бөлімі)
“... Тәңіріміз осы қазіргі аспан мен жерді де әділетсіздердің сотталып, тозаққа түсетін күні отпен қиратуға қалдырып отыр.”
(Киелі кітәп. Елші Петрдың екінші хаты)
...Темір арқан болғанда, темір кебіс,
Темір белбеу, темір тон бәрі тегіс.
Іші-тысы бәрі де отпен толар,
Өзіңді құтқар сонан, қылып бір іс!
Мәшһүр Жүсіп
Бұл заман
тағы заман,
қасқыр заман,
От қойды дүниеге
қас қылды адам.
... Бұл аңыз – Нұқ пайғамбар заманынан
Біздерге хаттап кеткен – Мәшһүр бабам!
Жаратпас
асығуды,
тасынуды,
Кеудеңе асыл көмбе жасырынды.
Ең алғаш мирас болған
Хауа – Анадан –
Қатерді тандыр пештің тасы білді.
Куфа шөл,
Кім біледі нақты айқынын,
Пенделер керуен тартқан таппай тыным.
Құдайдың құдіретімен сездіріпті –
Әлгі тас
Топан суы қаптайтынын.
Аңыздың көлі де бар,
шөлі де бар,
Есті де ағыл – тегіл еңіреп ал!
Хазірет Нұқ пайғамбар:
- Жаратқанға
Жалбарын! – деген екен еліне бар.
Адамзат!
Ақиқатты іздеп өткен,
Ілесіп жаз соңына күз де жеткен.
бар айып –
жұмыр бастың пейілінде
Қарайып қария сөзбен бізге жеткен.
Шеңберін шемен ойдың тағы айналам,
Тыңдаған талайлы аңыз талайлардан.
Мінеді Нұқ пайғамбар
Кемесіне –
Бетінде дүниенің арайлы Арман!
Табынған Пұт құдайға пұтқа айналар,
Таныған шын иесін құтқа айналар.
Топан су басарында
Дүниені –
Жиырма жыл кеме жасап Нұқ пайғамбар...
Бақтарды оятқанда бұлбұл үні,
Дүлдүлдей алға тартып күн дүбірі.
- Алжыды,
ашамайшы шал болды – деп
Сыртынан Хазіретке күлді бірі.
Ібіліс –
Билік құрса құлқын, көмей,
Сыртытнан бағып тұрды жұрт үндемей.
-Апаттан
Ізгілікті құтқарам – деп
Кемесін жасап жатты күн – түн демей...
Ойының бізге жетті тұп – тұнығы,
Осы да киесінің мықтылығы.
... Бір кемпір Хазіретке қатық тасып
Құдайдың өтініпті құтты күні:
-Ақ сөйле!
айналайын, арда құсым,
Адам ба ойламаған алдағысын.
-Кемеңе мінгізе кет,
Топан күні –
шырағым,
жалғыз сиыр жан бағысым!
Тау толқын...
Нұқ кемесін ала қашып,
Топан су деңгейінен барады асып.
Баяғы тандыр пеште қайнаған су -
Көктегі көк нөсермен араласып.
Алладан әмір келсе бүршік – талмын,
Дүние,
Жалғыз сәтте тыншып қалдың.
Ізгілік – Нұқ Пайғамбар кемесінде,
Ібіліс су астында тұншыққан күн.
Сапарын зұлымдықтың тиып қатты,
Жолдарын жалғандықтың тұйықтапты.
Алты ай он күн дегенде
топан қайтып –
Дүние дүр әуенге ұйып қапты.
Болмайды аңыз
қайдағы,
жайдағылар,
Алладан әмір түссе Ай маңырар.
... Баяғы кемпір кепті Пайғамбарға
Қолында қатығы бар,
айраны бар.
-Бетімнің оты шықты – ау,
күн қызармай,
Осы ма көрсетпегің күндіз, Алла – ай!
Құдірет!
қемпір де аман,
сиыр да аман –
Ұмытқан кемесіне мінгізе алмай.
Ниеті – Қияметте досы болды,
Бұл аңыз көңілімнің қошы болды.
Топан су басқан кезде
қалғып кетіп –
Оянып тұрған сәті осы болды.
Сал топан сан пәлені көрге тықты,
Көп екен естімеген еле тіпті.
Құдайдың құдіреті
Ниеттіні –
Ұйқының бесігінде тербетіпті.
Дүние,
көз алдымнан дөңгелер күн,
Мұнартқан Нұқ кемесін мен де көрдім.
Зұлмат пен зауал біткен
Әлімсақтан –
Туады пиғылынан пенделердің...
Адалға Алла нұрын төккен артық,
Бізге де сол міндетті кеткен артып.
...кемпір де,
сиыр да аман қалған дейді
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРА ТАСЫ көкте қалқып.
Мәшеке!
Мынау аңыз –
Анықтама,
Үңіліп астарына
Танып, қара!
... Басыңа түнер едім Баян барып
Алматыда карантин...
Жабық қала...
V
“...Әділдің қамын жаратқан ойлайды
Құдайсыздың ізі де қалмайды”
Забур жырларынан
Қарны ашқан қараша үйге шабады.
Қазақ мақалы
Ол да құдай жаратқаны,
Тәлкек болған талайы.
Алматының абат таңы
Көк базардың маңайы.
Қайыршының қабағында,
Тағдырының таңбасы.
Жасаураған жанарында
Әр күнінің арнасы.
Мұндай күйге жолықпаған,
Жұрттың түспес назары.
Көк базардан көріп қалам -
Тарқаса да базары.
Кім дайындар кезбеге орын,
Бұл қоғамның бөтені.
Жалт қараса...
Көздері оның –
Өңменімнен өтеді.
Шерліні айтсам шер көбеймек,
шер көбейту
не теңім?...
-Мен сияқты пенде ғой – деп –
Бақыр беріп кетемін.
Тастай тағдыр жылатты оны,
Басқа түсіп бар қайғы.
Сол бір жанар сұрақ толы
Қыр соңымнан қалмайды.
Қайғы – шері мол күндерден,
Кеткен кезде түңіліп.
Сол көздерді көргім келген –
Тағы да бір үңіліп.
Лықсып шыққан шері ішінен,
Ашылмаған аралдай .
...Көк базарда көп ішінен
Көп сандалдым таба алмай...
Ай – жұлдыздың қанатына,
Ақ армандар түнеді.
Көзбен болсын ара – тұра
Іздейді екен кім оны?
Тағдыр деген дайын сынақ,
Шайқалса егер тұнығың.
Қайыршыдан қайыр сұрап,
Өтіп жатыр ғұмырым...
VI
...Қайғы шығып иыққа,
Қамалтпасын тұйыққа,
Сергі, көңілім, сергі енді!
Абай
Тұнғанда айналарын тұма көлге,
Керуені Адамзаттың куәгер ме?
... Төрт кітәп көктен әлі түспей тұрып,
Ең алғаш жаратылған НҰР әлемде.
Атқан бар,
атылған бар,
қағынған бар,
Ақ таңда адастырмай жолымды оңғар!
Байлығын екі дүние қоса көріп –
Иманы рахман нұрға шомылғандар!
Ескі сөз есте қалған өріс – дерек,
-Келіс – деп,
қинамаймын
-келіспе – деп.
...Бір күні құты ұсынды Сүлейменге
Ғайыптан Жебірейіл періште кеп:
-Тындап ал,
Әй, Сүлеймен хазіретім,
Бұл енді Жаратқанның мәзіреті.
-Ажал жоқ бұл құтының суын ішсең
Құдайым келтірген де өзі ретін.
-Іс қылды жүрегіңе жақын Алла,
Таңдауы саған түсті,
қапы қалма!
Құтыдан мәңгіліктің суын жұтып,
Рахмет айтсаң болды Рахманға!
-Дүниенің жүрегіңде нұры қалды,
Таныған сен бір пәнде құбылаңды.
Сімірсең құтыдағы осы судан –
Жүресің жер бетінде тірі мәңгі!
Берілмей мақтанға да,
алаңға да,
Тіл қатпай он сегіз мың ғаламға да.
-Не кеңес бересіздер, -
Халқым, - деді –
Бұл құты бұйырылған маған ғана.
Сыйларын тағдырының көріп алып,
Пенденің жұмыр басты өлімі анық.
-Бұл суды тек өзіңіз сіміргеннен –
Не қайыр,
Не ләззат? - деді халық.
Жаттасын осы аңызды әр мұсылман,
Жаһанда жалғыз қалсаң жан қысылған.
-Халықпен бір көремін не көрсем – деп
Пайғамбар ұрттамапты Мәңгі судан.
Кірпігін дүние тұр қалған ілмей,
Күбірлеп кешегіден қалған үндей.
Санаңа вирус кірсе
қиын болар –
ажал жетсе
Қара да, Хан да бірдей...
Санамда майысты емен,
сынды шыбық,
Сол судан ішкізейін кімге ұсынып?
Сүлеймен су патшасы сен кеткелі
Ғаламның қос өкпесі тұр қысылып.
VII
...Қытайдың Ухань қаласынан тараған
короновирус обасы әлемнің 177 еліне тарады.
Жедел ақпараттан
Ақ таңға үміт
артады жұрт,
Өзің де емес,
өзге де емес.
Азия тұр аңтарылып,
Еуропаны кезген елес...
Сабыр етсең
не етер еді,
Тағдырыңды таңбалап ап.
Ғалам біткен жөтеледі
Адам біткен жар жағалап...
Сан хабардан түңіледі ел,
Америка,
Қытайдағы...
Екі арада шыбын өлер
Құтаймаса құт аймағы.
Не көрмеген,
неткен халық,
Таупық берші,
Байтағыма!
Қанатымен көктемді алып
Қараша қаз қайтады ма?
Шерлі бір күй шеккен алап,
Қайтар болса,
қонсын бәрі! –
Жәудірейді көкке қарап
Қоғалы көл,
Қом сулары...
Бәрі сенің ниетіңде еді,
Үмітіңде еді...
үзілмеген.
Қанды тарих бетіндегі -
Бабалардың ізін көрем.
Армандарым,
Неге алдадың,
Білте шамым біткен дейін...
Көзімді ашсам
Көрем бәрін –
көрем бәрін...
түк көрмеймін.
Барды ұрлаған,
Арды ұрлаған,
Сайтанның жой,
күшін мүлде!
Жаратқанның алдында адам -
Сен әлсізсің...
Түсіндің бе?
Ой қамайды...
Таласпасам,
Сүйегімді мұң кеміріп.
Ақиқатпен аластасам
Кетеді індет інге кіріп:
«...Көш, пәлекет, көш енді,
Бірге алып кет кеселді!»
VIII
“...Түнде тұрып өзіңе ғана арналған
тәһәжжүт намазын оқы!”
Құран-Кәрім
Аспан асты,
Жер үсті
Сарыуайым,
Алып қабір басында аңырайын.
Зәһәрыңнан сақтай гөр,
Зәузәтімді –
Қаһарыңнан қорқамын, а, Құдайым!
Тағдырыңның әр сәтін таңбалап ап,
Бір құс ұшып келеді арда қанат.
Ғалам біткен ғазауат күйін шалса –
Адам біткен кетеді жар жағалап...
Сайтан ойлар санаңды шоққа малып,
Оянасың ой қамап,
Отқа оранып.
Арыстарың әруаққа
айналғалы –
Ағыстарың барады
Тоқтап, ағып...
Танытпаса тәңірің дара шырай,
Маңып кетіп қалады адасып Ай.
Ән таусылған жаңбырдың әуеніндей –
Дәм таусылған тағдырдың бәрі осылай...
Арманыңа қалады кім ие боп,
Үздікпейді еш пенде үйіңе кеп.
...Ажалыңа араша түсе алмайды –
Ғұмыр бойы жинаған дүние – боқ.
Қалың ойлар қасқырдай қаумалаған,
Көлдер аман болсыншы,
Таулар аман.
Адамзаттың айбозым керуенін –
Бөрі етектен тартпасын,
Жау жағадан.
Ғасыр – нарым,
жанары
Нұр ғажайып,
Асылдарым барады,
Бірге азайып...
Сәуір туа жайлауға
қамданушы ек –
Ақ боз үйдің киізін күнге жайып...
IX
...Қарағай күн суыған сайын қатая түседі.
Конфуций
“Луньюй” – қанатты сөздер.
?
Cұрақ белгісі,
Сұрақ белгісі,
Келеді пенде мұратқа ергісі.
Ғаламның Айға
қол созған кезі
Адамның қайда қуат пен күші?
Сұрақ белгісі...
Көктем келеді,
келеді көктем, –
Көрініп қалды бедері көктен.
Өзекті жанға
бір анық дүние –
келелі де өткен,
өрелі де өткен...
Ұсынды заман
Індетін кімге,
Ізгіліктерге ірге түрдің бе?...
Сұрақ белгісі...
алдыңнан шығар –
Қиямет күннің қыл көпірінде.
Қарайса ойың,
қарын да ашады,
қамданып жетсең бағың да асады.
Ізгі амалдардың ізіне түспей –
Сандалып кетсең –
Сабыр қашады.
Көздің ұшынан көшіп Дегелең,
Тереңін ойдың кешіп те келем!
Бермейді тыным
Дүние – жалған –
Тербейді кейде Бесіктегі Өлең...
Көбелеп шықты
көмейді бір үн,
Періштең келіп демейді, Күнім!
Жарық таңдардың жанарындағы
Жалқын сәулелер...
Не дейді бүгін?
Ит үрген түнде
Заман қаңсылап,
Үрейлі үннен
қалам қансырап...
...Алып жатыр ма
Жаратқан – Ием –
Адамнан сынақ,
Ғаламнан сынақ?
Сұрақ белгісі...
?
23.03.2020 - 2.04.2020
Алматы
Бөлісу: