Тэцуро Миура. Төзім өзені
Бөлісу:
АВТОР ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА:
Тэцуо Миура 1931 жылы 16 наурызда Жапонияның Аомори префектурасына қарасты Хатинохе қаласында дүниеге келген. Ол үйдегі үш ұл, үш қыздың кенжесі еді, алайда екі ағасы із-түссіз жоғалып кетіп, екі үлкен әпкесі өздеріне қол салып көз жұмады.
1949 жылы Миура Токиодағы Васеда университетіне оқуға түседі. Бірақ ортаншы ағасының қайғысынан кейін оқуды тастап, туған қаласына қайтады. Сонда орта мектепте сабақ бере жүріп жазуды бастайды.
Миура 1953 жылы Васеда университетіне оралып, 1957 жылы француз әдебиеті бөлімін бітіріп шығады.
Тэцуо Миураның алғашқы шығармасы 1955 жылы журналға басылады. Сөйтуіне себеп болған адам - әйгілі романист Масудзи Ибусэ жас жазушының «Он бес жастағы мен және айналамдағылар» әңгімесін жоғары бағалап, батасын берген екен.
1960 жылы жазушының «Төзім өзені» әңгімесі Рюноскэ Акутагава атындағы сыйлыққа ие болып, бұдан былай атағы шыға бастайды. Бұл – афтобиографиялық әңгіме. Сондай-ақ, оның балаларға арналған «Юта және оның керемет достары» деген кітабы да оқырманның оң бағасын алған еді. Кітап 1971 жылы жарық көрген болатын. Ал 1976 жылы «Тапанша және 15 әңгіме» жинағымен Нома атындағы сыйлықтың лауреаты атанады. Және Ясунари Кававата атындағы сыйлықты да қатарынан екі рет: 1990 жылы «Батат», 1995 жылы «Құрт шыбындар» әңгімелер жинағы үшін иемденген.
Тэцуо Миураның «Төзім өзені» 1972 жылы Кэй Кумаидің режиссерлігімен экранға шығады, ал 1977 жылы театрда «Юта және оның керемет достары» мюзиклы қойылған.
Миура 1988 жылдан Жапония көркем академиясының мүшесі, 1984-2005 жылдар аралығында Акутагава атындағы сыйлыққа қазылық еткен.
Қайсар қаламгер 2001 жылы инсульт алғанына да қарамай жазуын жалғастыра берген. Сол жылы маусымда «Күзетші-шешей» эсселер жинағы шығып, «Маинити Симбун» газетіне сұхбат берген ол тағы бір роман жазғысы келетінін айта отырып: «Егер жазуды тоқтатсам, сонымен бірге өмірім де тоқтап қала ма деп қорқамын», - деген еді.
Тэцуо Миура 2010 жылы 8 тамызда жүрек талмасынан көз жұмады.
ТӨЗІМ ӨЗЕНІ
(әңгіме)
Біз Сино екеуміз Фукагаваға танысқан соң-ақ аттанып кеттік. Қызық емес пе: мен Токиоға түкпірдегі Тохоку провинциясынан өткен көктемде ғана келгем, ал енді міне, осы жердің тумасына жөн сілтеп, жол көрсетіп жүрмін. Ал Сино Фукагавада туып, он екі жасына дейін сонда тұрған. Рас, соғыстың соңына таман олардың үй іші Тотигиға эвакуацияланды да, Сино туған жерін содан қайтып көрген емес. Демек Токионың түгі қалмай өртеніп кеткен ол ауданын мұның тап қазір танымайтын да жөні бар.
Мен үшін Фукагава – өте жақсы білетін жерлерімнің бірі (өзім күн сайын таңертең-кешке университетке қатынайтын жолдарды айтпағанның өзінде), мен ол жаққа айына екі-үш рет баратынмын, кейде сембі сайын.
Кинсибори каналынан Токиоға қатынайтын трамвай Судзаки каналын айналып өтіп, Фукагава-тоё саябағының жанына тоқтады. Сино вагоннан түсіп, үсті-басын жөндеді де, жаңа жерге бой үйреткісі келгендей жан-жағына көз жүгірткен. Шілденің шіліңгірі еді. Қаз-қатар тапал құжыралардың маңындағы шыжыған күннің сәулесі қарыған ақ шаңдақ аспанға шығып жатты.
— Ештеңені де тани алмай тұрмын! Мүлдем бөтен қала. Тек мына мектеп қана есімде, - деп мұңая тіл қатқан Сино, көшенің қарсы бетіндегі өрт шалып, күн мүжіген үш қабатты мектеп үйін көрсетті. Сино мұнда бес жыл оқыған болатын.
— Жабырқама! Аралаймыз, тани жатарсың. Сенің жерің емес пе.
Сино жымиды.
— Қалайда бүлінбеген бірдеңе бар шығар, - деп күйелеш-күйелеш мектепке және бір рет көз салды, - Аудан түгі қалмай өртеніп кетті деп естіп едім, бірақ темірбетон ғимараттан жалғыз тіреу ғана қалды дегенге кім сенеді.
Ол сәл қысықтау көздерімен омартаның өрт шалған ұяшықтарынан айнығысыз үңірейген мектеп терезелеріне сүзіле қарады. Синоны бақылап тұрып мен де еріксіз жымидым.
— Егер әр ғимаратқа тап осылай ұзақ тесілер болсаң, біз ешқайда үлгермейміз.
Сино иығын қиқаң еткізді:
— Жүрдік онда. Қайда барамыз?
— Мүмкін Кибаға?
— Ал, мүмкін Судзакиге?
Судзаки каналдың басқа жағында, сондықтан біз алдымен Кибаға баратын болып шештік. Күнге шағылысып жалтырап жатқан рельстерден аттап өтіп, мектеп үйінің көлеңкесін сағалап, Кива су қоймасын бетке алдық.
Сино мен ағаммен соңғы рет жүздескен жерді көргісі келген, содан кейін өзінің туып-өскен жеріне апармақшы.
Киба – ағаш кесетіндер ауданы, су арналары түйіскен жер, желдің өті. Судағы кез келген нәрсе қашан көрсең тербеліп тұрады. Мұрныңа борсыған арық пен ағаш исі келеді, осыннан жел көтерген миллион мүк қала кезіп кетер еді де, білмейтін адам көзін уқалап бара жататыны содан. Егер Киба көшесінен көзі жасаураған біреуді көрсеңіз, демек ол бұл жердің кісісі емес деген сөз.
Мен де ағама еріп Кибаны алғаш рет аралағанда, ол мені мазақтап күлумен болған. Шынымен де ол бір күлкілі көрініс еді: үлкен ағаммен иық тіресе адымдап келе жатырмын деген қуаныштан жүрегім атқақтап, екі көзімнен жас парлай берген. Желдің кесірінен. Арада үш жыл өтіп, өткен көктемде, мен Кибоның көшесін тағы кездім, бірақ қасымда ағам жоқ еді. Қайғыдан жүрегім қаңсып, егіліп келемін. Тағы сол желдің кесірі. Ағаш тозаңы тап менің жолымда ғана үйіріліп жүрді ме білмеймін, әйтеуір осы ауданға бой үйретсем деген үміттен біржола қол үздім.
Сол күнгі Киба Сино екеуімізді жайсыз қарсы алды. Тау, орман, су қоймасы – бәрі шақырайған күн астында жатты. Араның шыңылдаған ащы үнінен құлақ тұнады. Бұрын Фукагавада көше кезгенді жақсы көретін едім, соның арқасында мұндағылардың көбін танитынмын: темекі ләкпесінің қожайыны, соба1 тасушы, ағаш шеберханасының күзетшісі, жүк көлігін жүргізушілер деген секілді. Ағам жоғалған кезде мен солардың бірінен кейін бірімен кездесіп, ағам туралы сұрап, айтқандарын түгел дәптерге жазып отырдым. Мына аңқау жандар алғашында мені детектив деп ойлап қалып, артынан өздерінің сол әрекеттеріне күлген де. Қысқасы, мен бұларды жақсы адамдар қатарына қосқам, бірақ бұл жолы бәрі жақтырмай қарап, құлықсыз жауаптасқандай көрінді. Тіпті желдің өзі жалт бергендей, көзімнен бір тамшы да жас ақсашы. Иә, бауыр басқан Фукагавам сөйтіп мені қабылдамады.
Біз Сино екеуміз су қоймасының жағасында тұрдық. Желдің екпінінен күн су бетінде қалтырап, салдар әдеттегісінен қатты тербеліп жатты. Арғы беттегі сарғыш алқаптан құдды сонаның ызыңы секілді әлдебір машинаның шуы естіліп тұрды.
— Міне саған Киба! Көріп тұрсың, ерекше ештеңесі жоқ, – дедім де суға түкіре салдым.
— Желі қандай! Фукагавада тұрғанымды енді сезінгендеймін.
Мені соңынан ерткен Сино ыстықты елемей, желге бетін төсеп, ескі сүрлеумен елпілдей жөнелген, енді міне шаштары дудырап, маңдайы мен бетін тер тамшылары жауып кетіпті.
— Көретін түк те жоқ, мұнда. Мүмкін қайтармыз? – дедім имене тіл қатып, осы сапарға келіскеніме іштей өкініп тұрмын. Бірақ Синоның сөзіме құлақ асқысы жоқ:
— Бәрін көру үшін арнайы келген жоқ па едік? Біраз аралайық та.
Қолдарын кеуде тұсына айқастыра ұстап, жүрелеп отырған ол мұңая тіл қатты:
— Осы арада болып па еді?
Ия, тап осы арада ағам екеуміз соңғы рет жүздескен едік. Ағам жоғары техникалық училищені бітірген. Соғыс кезінде жарылғыш заттар зертханасында жұмыс істеді. Ал соғыстан кейін болмашы бір шиеленістің кесірінен оны осы су қоймасына иелік ететін ағаш жабдықтары компаниясына ауыстырып жіберді. Осында бес жыл директор қызметін атқарды. Ол төртінші жылы қызмет етіп жүргенде мен мектеп бітіріп Токиоға келдім де, университетке түстім. Мен үйдегі алтыншы бала едім де, ауылда қалған әкем маған көмектесе алмады. Халі нашар еді. Ал ағама, қалай болғанда, бұл көмек ауыртпалық еткен жоқ.
Мен келген сайын ол янагавамен2, тағы басқа тәтті-пәттімен жарылқап, шын пейілімен ақша ұстататын. Бірде, ерте көктемде, арада біраз уақыт өткен, кеңсесіне бас сұққан едім, оны орнынан таппадым. Хибатидің3 жанында мүлгіп отырған күзетші директор су қоймасында болуы керек деді. Мен бірден сонда тарттым. Көктем туса да суық жел қысты күнгідей қуалай соғып, тұнық су бетін қатпар-қатпар әжім торлап жатқан. Ағам жалғыз екен. Қолында ілгекті сырығы бар және соның көмегімен, неге екені белгісіз, салдан салға секіріп жүрді. Үстінде курткасы да жоқ, әппақ жейде киіп алыпты.
Сол сәт бойымды бір жайсыздық билеп алды. Оны айғайлап шақырғам. Селк ете түсіп, ыңғайсыз кейіпте қалт-құлт етіп тұра қалды, сосын мені танып, еппен аттап, жағаға таяу қалқыған салға қарай өте берді. Мен су қоймасының бетондалған ернеуімен қарсы жүгірдім. Бірақ сал жағадан әудем жерде-тін, арамызды он метрдей су бөліп жатты. Қалт-құлт етіп әрең тұрған ол қатты дауыстап, менен не болғанын сұрады. Мен ақша ғана керегін айтап айғай салдым. Ағам бас изеді де, чек кітапшасы мен мөр кеңседе, үстел үстіндегі жәшікте екенін, қанша керек болса сонша алуыма болатынын, бірақ бүгін өзінің бос емесін айтып, ертең кездесейік деді. Біз бірер сәт бір бірімізге үнсіз қарап тұрдық. Батып бара жатқан күн оның қапталынан түсіп тұрғасын ба, бойы сорайып көрінді. Шүңірейген көздеріне көлеңке ұялап, анадайдан басы қу сүйекті елестеткен. Ал кетіп бара жатып алғыс айтқанымда, ағамның жүзіне қан жүгірді. Сосын бірдеңе деп айғайлап, қоштасқан кейіппен сырығын жоғары көтерген. Біз содан қайтып көріспедік.
Содан бері үш жыл өтіпті, міне енді Сино екеуміз тап сол су қоймасында тұрмыз, тек мұндағы директор ғана басқа.
— Содан кейін оны көрмедіңіз бе?
— Жоқ, көргем жоқ.
— Ал ары қарай не болды, оған?
— Өлді, - дедім ойланбастан.
Бұл сөзге бала жастан ауызым қалып алған. Үлкен әпкем бе? Қайтыс болды. Үлкен ағам? Ол да өлді. Ыңғайлы сөздің өзі, осы - «өлді», басқаша бірдеңе деп әуре болмайсың.
— Мүмкін қайтармыз? Мұнда көретін ештеңе жоқ. Су қоймасы сол баяғы қойма. Қанша тесілсең де ештеңесін өзгерте алмайсың.
Бірақ кетер алдында Сино жүрелеп отырып, қол қусырып суға тағзым етті. Тік жағасының ішінен аппақ мойыны жалтырайды. Адымдаған сайын аяғымыздың дыбысы су бетінде ағаш балғаның тоқылындай жаңғырып келеді. Біз Судзакиге бет алдық.
Судзаки осы аудандағы мен бармаған жалғыз жер-ау, шамасы. Ағам ол жаққа мені ерткен емес. Есімде, бірде ол өзі қызмет ететін компания директорының үйіне қонаққа барды. Директор үй ішімен әлгі Сино оқыған мектепке уақытша көшіп-қонған екен, мен ере бардым. Судзакиді сонда мектептің шатырына шығып көргем.
Ол бір ерекше көрініс еді. Ашық түске боялған үйлер бірімен бірі жапсарласа бой түзеп, тар көшенің екі жағына тізіле қалған. Шатырлар мен терезелердегі ақ, қызыл түсті маталар желмен желбіреп тұрды. Маған, ауыл баласына, соның бәрі қызық көрінген, сөйтіп ағамнан сонда ертіп баруын өтініп едім, ол болса ұяттан қызарақтап тұрып өзімді ақымаққа балаған. Судзаки – жезөкшелер тұратын аудан.
Біз трамвай желісіне шыққанда, Синоның санасындағы естеліктер есіп жүре берді. Сирукодағы4 норэнге5 көзі түскен ол тіпті дауыстап айғай салды:
— О, таныдым. Құдайға шүкір!
Сөйтті де алақанын шапалақтап, мені күтпестен жолға қарай тұра жүгірді. Жол Судзакиге бастайтын тас көпірмен жоғары өрлейтін. Көпірде шағын ләкпе бар еді. Қамыс қалқа астындағы ұзынша орындықта орта жастағы жүзінен әрі тайған бір әйел отырды. Үстінде жырығынан саны жалтыраған көйлегі бар. Ары-бері өткен-кеткендерге сығырая қарайды.
— Міне, Судзаки көпірі! – деп Сино өрттің қарайып ізі қалған тас плитаны аялай сипады да, басын бұрып, сондай бір сүйіспеншілікпен көпір аузындағы қапаға қарады. Сыбырлап шағын неон шамындағы жазуды оқыды: «Жұ-мақ Су-у-дза-ки». Мен «жұмақ» сөзіне тіксініп қалдым.
Шаттықтан жүзі балбұл жанып, екпіндей адамдаған Синонға әзер ілесіп келемін. Жүрегім атқақтап барады. Бұл ауданға алғаш аяқ басқаннан емес, әрине. Бұрында да бір рет қызара бөрткен досатырмен бірге бұл жерге келіп кеткенім бар, бірақ тапайдың тал түсінде өзім жақсы көрген адаммен тап осы жерде, бір қолшатыр астында ғашықтар секілді серуендеймін деп ешқашан ойламаппын.
Көпірден өте бере Сино сол қапталдағы жолға түсті де, біз «көңілді кварталдан» бір-ақ шықтық. Мұндағы үйлер сүзектен тұрған әйелдің өзіндей сүрепетсіз еді. Ана жерде де, мына жерде де кешеден қалған қоқыс үйіліп жатыр. Айнала жым-жырт. Тек біздің аяғымыздың дыбысы ғана естіледі. Әлдебір тар көшенің бұрышына келгенде Сино кілт тоқтап, бұрыштағы құлағалы тұрған ескі үйді нұсқап, түк болмағандай:
— Мен осында туғам! – деген сәтте бәлкім жүзін ұяттың көлеңкесі шарпып өткен шығар, бірақ дауысынан ештеңе аңғарылмас еді. – Шешем осында тир ұстайтын. Сондықтан біліп қой, мен «көңілді кварталдағы» тирден шыққан қызбын.
Сино көзіме көзін қадап, күлімсіреуге тырысқан, бірақ өзін текке қинап тұрғанын аңғардым. Маңдайы тершіп кетті. Оның сол сәттегі толқынысы мені де билеп үлгерді. Құдды кеудесінен көтерілген асау толқын мені де шайып өткендей. Мен оған басу айтқым келді:
— Онда тұрған не бар?
Дірілдеп тұрғанын байқатқысы келмеді, білем, қолшатырды қатты қысып алған саусақтары бозарып кетіпті. Жүзінен ащы мысқылдың табы аңғарылады.
— Жақсылап қарап алыңыз, ұмытып қаларсыз! – деді.
Мен барлай қарадым. Үйдің қабырғасын бояған күлгін сыр қабыршықтана қопсып жатыр. Еуропалық стилдегі балконның қыш тақташалармен қаптаған темірбетон тіреуіне жарықшақ түскен. Кенередегі неон шамды гирляндтар құдды өрмекші секілді салбырап тұр. Терезеге де алабажақ шамдар ілінген екен. Сино осынау тозығы жеткен «жеңіл жүрісті әйелдер мекемесінде» дүниеге келді дегенге еш сене алар емеспін.
Қолшатырымызға жаңбыр тамшысы тигендей болды. Басымызды көтеріп едік, екінші қабаттағы терезенің алдында иығы мен омырауы жарқыраған әйел отыр екен. Бәрі бір адамдай қолдарымен иегін сүйеп, жел қақсын деп терезеден шығарып қойған футонды6 шынтақтап жатыр. Домбыққан көздерімен бізге тесіле қарайды. Арасындағы біреуі аузындағы сағызын алып, Синоның қолшатырына лақтырып кеп жіберіп еді, қалғандары жарыса күлді.
Сино көзін төмен салған күйі біраз жерге дейін үнсіз жүріп барып іркіле тоқтады:
— Сізге бұл тосын көрінген шығар? Кешіріңіз! – деді ол кінәлі адамдай сөзін көңілсіз сабақтап, - Мен бұл әйелдерді сөкпеймін, бірақ бұрын олар басқа болатын. Бұрын тіпті адамдар өз ісіне тиянақты еді, қазір жүрдім-бардым қарайды. Түсінем, уақыт өзгерді, бірақ тап осынша құлдыраған дзëро7 ары қарай ештеңеге жарамасы анық. Егер әкем білсе, қатты ренжуші еді.
— Әкем? Ол немен айналысады?
— Әкем? – деді ол жымия бас иіп. – Әкем бір жолы болмаған адам. Қазір сырқат. Сондай бір дәрменсіз жан, өкпелей де алмайсың. Анық-қанығын білмеймін, бар білерім ол Тотигидегі боуя орталығы қожайынының үлкен ұлы екен, оқу оқып жырғатпаған соң, ата-анасы мұрадан қағыпты. Соған ерегескендей жаттығуды біржола қойып, өзінің ештеңеге зарамсыз, тозақы адам екенін дәлелдей түседі. Соңында мүлдем ішкілікке салынып кеткен. Бэнтэн8 мерекесінде әдемі жібек хаориін9 киіп «көңілді кварталға» келген ол өзін «садақ тартқан атария» деп атайды. Шешемнің тирі солай аталатын еді. Сосын дзёроның өмірі қаншалықты қиын екенін біліп, аяушылығы оянып, тіршіліктеріне сәл де болса рең кіргізу үшін, олардың ақылшысына айналады. Араларында жақсы әйелдер де кездесетін. Тонэро үйіндегі О-Нака сондай еді, ол мені үнемі аяйтын. Мына кәсіппен айналысуы қиындап бара жатқан соң – өкпесі ауыратын еді, әрі қызметке жалданған уақытының аяқталуына да біраз бар-тын – ол әкеме ақыл сұрап жиі келіп жүрді. Алайда жағдайы күннен күнге қиындай берді. Сөйтіп Фудо-мёо10 мерекесінде ол агар-агармен у араластырып ішіп өлді. Тонэродағы мына әйелдер өте қатігез. О-Накаға ешқайсысының жаны ашыған емес, жерлеу науқанын да бастан-аяқ әкем өткерді. Кешке табытты артқы есіктен шығарып, арбаға салдық. Сөйтіп әкем сүйреп, мен итеріп отырдым. Есімде, Наканотё көшесінен өтіп бара жатқанымызда көше сыпырушылар үлкен шөмішпен бөшкеден суалып көпірге шашып жүрген еді. Табытты көрген олар бір бірлеп бізге қосыла бастады. Сөйтіп сонау қақпаға дейін шығарып салған. Міне, есімде қалғаны осы ғана. Ол кезде мен әлі кішкентай едім.
Бұл уақытта Сино екеуміз сол Наканотё көшесіне шығып, әлгінде ғана өзі айтқан қақпаны бетке алған едік. Көше кең екен, тротуарлы әрі жинақы қомалары қаздай тізілген. Біз бір-бірімізге қарап әй-шәйсіз күліп жібердік.
— Жүріс деп осыны айт!
— Есесіне бір жеңілдеп қалдым. Сіз бәрін өз көзіңізбен көргеніңізді қалап едім.
Сино алда келе жатқан. Судзаки көпірінде кілт тоқтап, қолымнан ұстады:
— Енді Асакусаға барайықшы.
— Асакусаға? Тотигиді айтып тұрған шығарсың?
Тотигиге баратын электричка Асакусадан жүретін.
— Жоқ. Сәл еркінсігім келеді. Судзакиді біраз араладым, енді көңілім Асакусаға тартып тұр. Әкемнің жақсы көретін жері. Жиі баратын еді, мені де үнемі ертіп алатын. Әуелі киноға кіретінбіз, сосын мен саябақта алтыбақан тебетінмін. Қайтар жолда міндетті түрде «Камия» барына кіреміз. Әкем маған жүзім шарабын, өзіне – коньяк тапсырады.
— Иә, бірақ ерекше бір сапар ұйымдастырамыз дегеніміз қайда? Мүмкін бірден Тотигиге тартармыз?
Тотигиде Синоның әкесі, сіңілілері мен бауыры тұратын.
— Дұрыс айтасыз, өзім де осының ерекше сапар болғанын қалап тұрмын.
Мен Сино өмірде көп қуаныш көрмегенін, бүгінгі күннің де ол үшін ауыр болғанын ойлап үлгердім. Көңілін демегім келіп келісе салғам; ол қолымнан ұстай алды да, артынша ұялып жібере салды.
— Қалай ойлайсың, «Камия» бары орнында ма екен?
— Иә. Түнеу күні Тотигиге барғанда көргем. Алдымен киноға кіреміз, сосын барға. Сіз маған шарапқа тапсырыс беріп, өзіңіз коньяк аласыз. Бүгінгі күн үшін ішпеу мүмкін емес.
— Құдды мен – сенің әкең, сен – менің қызымсың.
— Ақымағым-ау! Ой, кешіріңіз!
Сино әуелі басын иіп, артынша қолшатырын иығына асты да Судзаки көпірімен тыпыңдап жүгіре жөнелді.
Мен Синомен наурызда «Синобугава» мейрамханасында танысқан едім. Токионың солтүстік-батысындағы жеке меншік университетте оқып, әлгі мейрамханаға жақын жердегі студенттер жатақханасында тұрып жатқам. Бірде, наурыздың бір кешінде бітірушілер «Синобурагаваға» бара қалдық. Сино сол жерде істейді.
«Синобугаваны» мейрамхана дегеніңмен, сәнді қақпасы мен бұталы қоршауына қарамай, қасына көлік көп тоқтай бермейтін қатардағы кафелерден еш айырмашылығы жоқ. Мұнда барда отырып-ақ доңыз котлетін жеп, іше беруге болады. Бұрышта – темекі тартатын науа тұр. Мейрамханаға тақау төңіректегі станциялардан мектеп мұғалімдері, компания қызметкерлері, саудагерлер мен кәсіпкерлер бас сұғады. Кейде осы араны мекендеген әйелдерге ет пен балық дүкенінің жас жұмыскерлері келеді. Бір сөзбен айтқанда «Синобугава» – қалашықтағы қарапайым ғана мейрамхана. Сөйте тұра қадірлі жер, тәуір мейрамхананың кез келгеніндегідей, мұнда да сакэнің өзіндік құны бар.
Жатақханада – Тохокудің әр жерінен жиналған жиырма шақты студент – ішімдіктің түбін түсіреді. Көбі балақшының баласы, денсаулықтары мықты, содан кейін кеселеп сакэ ішу – олардың қанында бар. Себеп табылса болды, мейлі қайғы, мейлі қуаныш, олар алдымен бір кесе сакэні қағып салуға асығады. Алдымен, әрине, жатақханада бастайды, артынан әдеттегідей көпір астындағы одэн'я11 немесе теміржол бойындағы кабакқа тартады. Ол жердің сакэсі күшті. Кейде ақшаның көзіне қарамай топ болып шарап алсаң, сусия12 қосып беретін жерге тартады. Және ондай дырду отырыс аз болмайтын.
«Синобугаваға» бармайтын едік. Мейрамхананы суханымыз сүймейді. Біз өзімізді ол жердің сакэсі әлсіз деп алдарқататынбыз. Шын мәнінде қалтамыз көтермейтін. Мейрамхана әйелдері де бізге ұнамайды. Мынандай бір әңгіме естігенбіз. Ауқатты балықшының баласы, өзі де сымбатты, қыз-қырқынға үйір Сиото бірде елден тығылып «Синобугаваға» барыпты. Бірақ мүттайым болып қайтқан. Әлдебір жиырма жасар сұлу оның екі бетін шидей қылса керек. Содан бері біздің бозөкпелер «Синобугавадағы» әйелдерден тайсақтайтын.
Бірақ қоштасу кешінде бәріміз сол жерге топ ете қалдық. Түлектердің бірі, сөзге де, ішімдікке де жақсы досымыз жатақханада өткізген жылдарымыз туралы толғана сөйлеп келіп, төңіректі түгел шарлағанда тек «Синобугаваға» ғана бармағанымызды қадап айтқан. Сөзі өте әсерлі шықты. Расында «Синобугаваға» бір рет те бас сұқпай үйді-үйімізге тараудың не мәнісі бар? Шамасы, сол жердің тәккаппар тұрғынына деген өпе-реніш те сөз болған болуы керек, дереу аттануға бел байладық.
Сонымен, екі кештің арасында батылдық үшін деп сілтеп алған оншақты білімпаз гүр-гүр етіп «Синобугаваның» вестибюлінде отырдық. Күн суық еді, бірінші қабаттағы барда ешкім жоқ екен. Анадайдан жүре сөйлеп, ыстық сакэ сұрап дуылдаған топ таяп бардық. Қаз-қатар тізіліп отыра беріп үнсіз сакэге қол создық. Уақыт кешкіріп кеткендіктен залда өлі тыныштық орнаған, тек екінші қабаттан сямисеннің13 үні естіледі.
— О, сямисен! – деп шын таң қалған біреуімізге жас аспаз еріксіз езу тартты. Біз сасқалақтаған күйі апыл-ғұпыл сакэмізді төңкеріп жатырмыз. Бізді аяқ астынан пайда болған кимонолы үш әйел құтқарды. Олар жанымызға келіп еді, жағдай өзгеріп сала берді. Сырттан жылы жерге кірісімен-ақ тартып-тартып жіберген ыстық сакэ бірден басқа шыққан. Ал барқыраған даусымызбен айғайлап ән салғанымыз әйелдердің күлкісін келтірді. Арамыздағы біреу аспазбен балық туралы әңгіме бастап еді, бәрі қосыла кетті. Басқа басқа, бірақ біздің жігіттер тап сол әңгіменің түбін түсіреді.
Мен әбден масайдым. Балықшының баласы болмаған соң достарымның ішісіне де, балық туралы әңгімеге де ілесе алмас едім. Барға сүйенген қалпы көзім жұмылып мүлгіп отырмын.
— Ананы қара! – деді қасымдағы досым құлағыма сыбырлап. – Әлгі Сиотаның бетін қайтарған сұлу!
Көзім бұлдырап досым нұсқаған жаққа қарағам. Екінші қабаттан сатыны баяу басып ақ шұлық пен ашық көк түсті кимононың етегі түсіп келе жатты. Міне, көлегей норенді серпіп тастап орта бойлы әдемі әйелдің өзі де көрінді. Шашы желкесінен түйілген. Қолында сакэ бөтелкесі салынған табағы бар, қасымыздан бас изеп өте берген. Мен әй-шәйсіз айғай салдым:
— Әй! Суық су әкел!
— Хай14, - деді ол басын иіп. Сөйтті де дәліздің түкпіріне сіңіп жоқ болды. Ал «хай» деген үні құлағыман кетпей тұрып алды.
— Мәссаған! Сонда мына мен Сиотаның өркөкірегін орнына қойдым ба? Адамды келбетіне қарап таңдамайтыны рас болды ғой. Бұны қалай түсінуге болады?
Зілдей басымды үстелге сүйеп, күбірлеп өзіммен өзім сөйлесіп отырғам. Кенет ту сыртымнан әйел дауысы шықты:
— Кешіріңіз! Көп күтіп қалдыңыз!
Бұрылсам, қайдан қашан келіп қалғаны белгісіз, қолында кесесі бар әлгі әйел тұр. Таңданысымды жасы алмаған күйі суды түбіне дейін сіміре салдым, бірақ неге екені, кесені қайтарғым келмеді.
— Мені бағанадан тыңдап тұрдыңыз ба?
Ол езу тартты да – астыңғы ерні үстіңгісінен сәл еттілеу екен – шынын айтты:
— Тек адамды келбетіне қарап таңдамайды деген сөзіңізді ғана естідім.
— Мен сіз туралы айтып едім.
Ол қасын керді.
— Сіз Сиотоны орнына қойдыңыз ғой.
— Ааа, соны айтып отыр екенсіз ғой. Иә. Өзі бір сүйкімсіз. Көрген сәтте-ақ тірікеніп кеттім!
— Ал егер сүйкімді болса, қолын қақпайтын ба едіңіз?
Ол қулана жымиды:
— Кісісіне байланысты да!
— Мысалы мені?
Бұл сөз аузыман қалай шығып кеткенін білмеймін, бірақ сол сәтте-ақ айығып алдым. Ол күлді де, сәл басын иіп:
— Білмеймін ғой. Мен сізді бірінші рет көріп тұрмын, - деді.
— Онда ертең де келем.
— Шақырсаңыз болды, төменге түсемін.
— Кім деп шақырам?
— Сино.
Ертеңінде таңертең әрең оянып едім, көз алдыма оның жүзі келе қалды. Суық сумен жуынып жатып өзімнің кешегі қылығым есіме түсіп мырс еттім. Ал кешке, шам жанған уақытта, күлкімді тия алмай қалдым. Мейрамхананы торуылдап жүріп өзімді өзім үгіттеумен болдым: «Уәде берген екенсің, бірер минутқа кіріп шығуың керек. «Хай» деген жалғыз ауыз сөзін естимін де қайтам. Онда тұрған не бар! Ал ертеңнен бастап – бұл араға аттап баспаймын».
Ақыр соңында «Синобугаға» қалай кіріп кеткенімді өзім де аңдамай қалдым. Бардағы орындыққа жайғасып, сакэ сұрадым да, Сино-санға қоңырау шалуын өтіндім. Ол көп күттірген жоқ. Мен кешегі қылығым үшін кешірім сұрадым, бірақ ары қарай не туралы сөйлесерімді білмей, көзімді жерден алмаған күйі үнсіз сакэге қол создым.
Сино болса еш қысылған жоқ. Маған қарап жымиып қояды. Жоғарыдан бір-екі рет келіп шақырып еді, бос емеспін деді.
Бұдан ары үнсіз отыра беру әбестік болар еді. Мен оны өз атымен атадым:
— Сино-сан!
— Хай?
Қазынадай болған «хайды» ести сала, безіп бергем. Сөйтіп он күн бойы тағат таппадым. Күмәнді ойдың азабын шектім. Күндіз Синоның өзіме жылы шырай танытуы – бар болғаны кәсіптік талап-тілек деген ой қажайды. Ал түн баласы оның маған деген шын сезімін ойлап аласұрам. Сенбеске шарам жоқ. Түнде жаным жай тауып, күндізгі күдік-күмән үшін өзімді өзім жазғырғаныммен, таң ата қайта бас көтерген қобалжу түндегі арманды аулаққа қуып тастайды. Осылайша бір басым екі сезімге шырмалып, махаббаттың азабын тартып жаттым.
Маусым айының бір кешінде Синомен сөйлесіп отырып, Фукагавада ағамды жоғалтып алғанымды айтып қалған едім. Фукагаваны естігенде Синоның көзі жайнап кетті, туған жері екен, бірақ ат ізін салмағалы сегіз жылдай болыпты, барғысы келетінін айтты. Көп ойланбай-ақ бірге барайық деп ұсыныс білдірдім. Синоны бір рет болса да күндіз көргім келген.
Бірақ Синоның тұрақты келгіншілері көп болды да, жолға шығар бос уақыт таппай жүрді. Сөйтіп Фукагаваға барып-келеміз дегенше бір ай өте шыққан. Сол кезде мен Синоға алғаш рет иландым.
Фукагавадан келген күні кеш бойы Синоның алдында өзімді кінәлі сезінумен болдым. Күндіз ол өзін аса қарапайым ұстайтын, ал мен оның сол шынайылығына әлі де күмәнданатын едім. Осы кеште Синоға алғаш рет хат жаздым. Кешірім сұрау үшін емес, шынайылыққа шынайылықпен жауап қатқым келді.
«Осы хаттан сіз Фукагавада ағам жайлы айтқанда нені жасырып қалғанымды білесіз. Мен – үйдегі алтыншы баламын, екі ағам, үш әпкем бар еді. Алты жасымда ортаншы әпкем өзіне қол салды. Ол бір адамды жақсы көрген болатын, бірақ анау қайырылмаған соң, азапқа төзе алмай Цугаруда теңізге батып өлді. Сол жылы жазда сіңілісінің өліміне өзін кінәлаған үлкен әпкем у ішіп көз жұмды. Ал күзде үлкен ағам із-түссіз жоғалып кетті. Жүйкесі тозған, күйреуік адам еді, қарындастарының қазасын көтере алмады, білем. Ары қарай қалай тіршілік кешерін білмей, өмірмен қош айтысты. Кіші ағам қайратты, іскер жігіт еді, сондықтан бәріміз соған арқа сүйейтінбіз. Әлгі сізге айтқан ағам ғой. Фукагавада тұрды, соның көмегімен университетте оқыдым. Үш жыл бұрын ол бізге жеке кәсіппен айналысқысы келетінін, орман егу кеңсесін ашпақ ойын айтты, бірақ ол үшін қаражат керек. Сөйтіп біздің келісімімізбен ауылға барып, аз ғана дүние-мүлкімізді сатып, туыс-туғандардан да қарыз алған соң жоқ болды. Қайда кеткені белгісіз. (Кибада сізге өтірік айтқам, кешіріңіз).
Ағамның сатқындығы басқамыздың түбімізге жете жаздады. Әкем инсульт алды. Үмітіміз біржола үзілді. Мына соққыдан енді қайтып оңала алмаспыз деп ойладық. Бірақ ақырындап ес жия бастадық. Ағамның орнын енді өзім басып, үйдегілердің кеудесіне үміт ұялатқандай болдым.
Мен ешқашан туған күнімді тойлаған емеспін. Ағам мен әпкелерімнің өліміне қатысы бар секілді болады да тұрады. Өткен жылы тап осы күні жанымның жабырқағаны сонша, Фукагаваға тартып кеттім. Сонда сенделіп жүргім келді. Көңілім құлазығанда сөйтетін әдетім. Сондай серуен кезінде ғана ағам жайлы естеліктен арылып, жеңілдеп қалам.
Міне, осымен болды-ау деймін».
«Синобугаваға» барысымен хатты Синоға табыста деп темекі статын елгезек Токиге ұстатқам. Ертеңінде жауапты да сол арқылы алдым. Сино бір-ақ ауыз сөз жазыпты: «Келер жылы сіздің туған күніңізде болғым келеді!»
Мен Синоға ессіз ғашық едім.
Маусымның соңғы күндерінің бірінде ауыр соққы алдым. Синоның айттырылып қойған адамы бар екен. Мен оны Сиотадан естідім. Әке-шешесі банкротқа ұшыраған соң, оқуын аяқтамай үйге қайтуына тура келген. Аттанар алдында Сиота маған әлгі құпия жаңалықты естіртті.
Өз құлағыма өзім сенбедім. Синоның жігіті бар! Бәлкім Сиота менен өш алғысы келген шығар деп те ойладым. Бірақ ол бұл сөздің шын екенін, тіпті жігіттің аты-жөні Мотомура Юкифуса екенін де айтты. Екеуін Асакусада бірге жүрген жерінен көріпті.
Мен бұған сенгім келмеген, бірақ жүрегім бірдеңе сезгендей мазасыздана бастадым. Ол шынымен мені ақымақ қылып жүрген болса ше? Бұдан ары күмәнді ойдың шырмауында қала алмасым анық еді, мән-жайды анықтау үшін «Синобугаваға» асықтым. Талтүстегі шақырайған күн көзді қарықтырып, айналамдағының бәрі түнек түбінен қарауытындай. Қалғып отырған Токиді жұлқып-жұлқып итеріп жібергем. Мына түрімнен шошыған ол Синоға қарай тұра жүгірді.
Сино қара-көк түсті жеңіл кимономен шықты, жіңішке белбеумен белін буған. Бос қойған шаштары иығына төгіледі. Бұрын бұлай жүргенін ешқашан көрмеген едім. Оның осы бейнесі күдігімді асқынта түсті.
— Не болды? – деп қасын керді, таңырқай қарап.
— Сен Мотомураны танитын ба едің? Мотомура Юкифусаны?
Сино сасып қалды:
— Оны сізге кім айтты?
— Бәрі бір емес пе! Шын ба? Ол адам, ол жігіт сенің айттырылған адамың ба?
Сино жыпылықтай берді, сосын жерге қараған.
— Шын ба? – дедім мен де тықақтап.
— Айтам. Бәрін айтам. Тек басқа жерге барайық. Бүгін жетіде сізді көпірде күтем. Қожайыннан бір сағатқа сұранып шығармын. Бәрін айтам. Тек аптығыңызды басыңыз.
— Судзакиде сенен жасырар еш құпиям жоқ деп ең. Демек, өтірік айтқансың.
— О не дегеніңіз! – деді Сино қалш-қалш етіп. – Үндемей-ақ қойғаным дұрыс, білмей қалар деп ойлап ем. «Өтірік айттың»! Бұдан да өлгенім артық!
Қобалжыған түрін көріп, сенбеске амалым қалмады. Біз бірімізге-бірім үніз қарап тұрдық, кенет тынысым тарылып бара жатқанын сездім.
— Ертерек кел. Алтыда. Ұзақ күте алмаймын.
— Жақсы. Алтыда барам.
Сино таңданысын жасыра алмаған күйі қала берді, мен «Синобугавадан» атып шықтым. Көше кезіп келе жатып соңғы күндердегі оқиғаларды ойша тізбектеумен болдым: Сино, мен, Мотомура, Судзаки, хат. Неткен ақымақ едім! Еріктен тыс жолай кездескен моншаға кіріп, бірнеше рет ыстық су құйындым. Содан кейін бадьяға түстім. Тек сонда ғана санамның алыс түкпірінен бір ой қылаң берген. Мен тіпті дауыстап айғай салдым: «Тартып алу керек!» Қан-қысымым орнына түскендей болды. Бұрын қалайша ойыма келмеген?
Синоны тартып алу керек! Егер уәделескен жігіті бар болса, бұны одан тартып алу керек. Міне, кең бадьяда «Тартып алу керек, тартып алу керек» деп күбірлеп отырмын. Мен не болса о болсын, Синоны тартып алам деген шешімге келдім.
Сағат алтыда уәделескен жерге барып едім, Сино күтіп тұр екен. Біз тас қоршауды жағалап үнсіз жүріп отырдық та, біраздан соң бүйірдегі шолақ көшеге бұрылдық.
— Бұл былтыр көктемде болып еді, - деді ол алға көз тастаған күйі баяу тіл қатып. – Бізге машина сату бөлімінің директоры бас сұғып, менен сол компанияның агенті Мотомура деген біреуге тұрмысқа шықпас па екенсің деп сұрады. Ол машинаға тапсырыс қабылдау ісімен айналысады екен. Мотомура мені жаңа жыл кешінде көріп, бірден үйленгісі келген. Сөйтіп, міне, қожайынымызға кісі салып отыр. Директор Мотомураның бай, іскер, мінезі де жібектей екенін айтты. Қысқасы одан артық күйеу таппайсың деді.
Мен онда он тоғызда едім. Мейрамханада қызмет көрсетіп жүргем, күйеу туралы ойлаған да емеспін. Не істерімді, нендей шешім қабылдарымды білмей қатты састым. Бір жағынан үйдегілерге көмектесуім керек. Бірақ бәрі бір бас тартам деп шештім. Сөйтіп едім, қожайын мен директор екеуі екі жақтап үгіттеуге көшті, баянды неке туралы айтты, Тотигиде тұратын әкеңді, бауырың мен сіңілілеріңді ойла деді. Қысқасы, шыдай алмай келісім бердім де, артынан қатты өкіндім. Сөйтіп аяқ астынан айттырылған адамым пайда болды. Ол мені киноға, шәй салтанатына апаратын, бірақ солардың бір де біреуі менің көңілімді көтерген емес. Мен оған түк үйренісе алмадым, ал ол үйлену тойын жасауға асықты. Екі сөзінің бірі: тойды қайда өткіземіз, бал айында қай жаққа барамыз, тек қана самолотпен сапарлаймыз... Мезі болғаным сонша, менде тіпті күйеуге шығуға деген ынта қалмады. Ол мені асықтырған сайын, түрлі сылтаумен той күнін кейінге шегере бердім. Содан Мотомура-сан...
Сино сөзін кілт үзіп, төмен қарады.
— Не Мотомура-сан? Ол не істеді?
— Ойындағысын іске асырмақшы болды...
— Содан? Іске асырды ма? – дедім мен өзімді ұстай алмай.
— Асырды! – деді жарқылдай күліп. – Жоқ, кісіні шаршатып жіберді. Шаршап кеттім. Әкемнен ақыл сұрайын деп Тотигиге кеткенімде, ол қатты ашуланды. Артымнан бара қалмақшы болған. Қарсылық білдірдім. Ала әкем өзің қаламаған адамға тұрмысқа шығар болсаң, өмір бойы өкініп өтесің. Күйеу жігіт, әрине, аяққа тұрған адам, бірақ іс онымен бітпек емес. Шын сүйген, көрмесең тұра алмайтын адамыңа тұрмысқа шығу керек деді.
Мен тоқтап қалдым. Ол бұрылып маған қарады.
— Бас тарт одан!
— Хай.
— Ұмыт оны! Тіпті өміріңде кездеспеген адамға айналсын.
— Хай!
— Әкеңе сүйген адамыма тұрмысқа шығатын болдым де.
Сино маған сүзіліп қарады. Біздің ыстық демеміз араласып, жүзімізді шарпып бара жатты. Сино қолын айқастырып өзінің иықтарын ұстады. Менің қобалжығаннан тамағым кеуіп қалды.
— Менен тітіркенбейсің бе?
— О жоқ!
Ол жылы жымиды.
Күздің соңына қарай Синоның әкесі күрт төмендеп кетті. Жастайынан шарапқа үйір болған екен де, Тотигиға қоныс аударғалы бауыры ауыра бастаған. Шешелері қайтқан соң денсаулығы тіптен нашарлап кетсе керек. Әйтеуір балаларының арқасында ілдебайлап күн кешкенімен, бәрі бір жазылып кетем деген үміт жоқ еді.
Бауырынан әкесінің жағдайы жайлы хат алған Сино мұңайып отырып былай деді: «Енді қылар қайран жоқ. Ыстық тасқа су тұрмайды». Бірде таңертең оған «Әкең әл үстінде жатыр» деген телеграмма келді. Маған хабар айтқан Сино апыл-ғұпыл жолға жиналған. Мен жүгіріп «Синобугаваға» жеткенде, ол жүгін жинап, мені ғана тосып отыр екен. Өңі боп-боз болып маған қарай жүрді.
— Әкем нашар жатыр. Мен кетіп барам, - деді ол телеграмманы маған ұсынып жатып. Жүрегім ауырып кетті.
— Шығарып салайын.
— Рахмет, бірақ...
— Жүр енді!
— Осылай ма?
Расында, үйге киетін кимономен шауып жеткен едім, сақал-мұртым да алынбаған.
— Ұяласың ба?
— Жоқ, егер өзіңізге...
— Онда кеттік. Тездетейік.
Мен оны станцияға дейін шығарып салдым. Сол жерден Тобуға электричка екі сағатта барады.
Біз платформада пойыз күтіп тұрғанда, Сино әкесі туралы айтумен болды.
— Әкем немен ауратынын білесіз бе: үнемі бауыры қысылады, сосын кішірейе берді, кішірейе берді, тас секілді. Енді ештеңемен көмектесе алмайсың.
Мен оның жабырқаған көңілін серпілткім келген, бірақ аузыма жөнді сөз түспеді. Мен әрнені ойлап көп уайымдай берме деген секілді бірдеңені міңгірлеп тұрғанда электричка да келіп қалды. Сино белдігінің астынан әлденеше рет бүктелген хатты алып, қолыма ұстатып:
— Өтінем, пойыз ұзаған кезде оқыңыз, - деді.
— Егер қажетім болса, телеграмма жібер.
— Жарайды. Кешіріңіз.
Ол жеңіл қиылмен менің қолымнан ұстады да вагонға кіріп жоқ болды.
Пойыз ұзап барады. Мен шаршаңқы кейіппен платформадағы орындыққа сылқ етіп отыра кеттім де, хаттың бүктеуін жаздым. Хат қарындашпен жазылыпты, асыққандық белгісі байқалады.
«Өтінем, әкеме бір көрініңізші. Сізді көрмей өмірден өтіп кетсе, өкініштің өзі сол болмақ. Өйтер болса, менің туыстарымның бірде біреуі сізді танымай өтеді. Егер әкем сізді көрсе, өзінің Синосына еш алаңдамай, разы-хош күйде өмірден өтер еді.
Ауыртпалығым үшін кешірім өтінем, бірақ ертең бірдің пойызымен шығар болсаңыз, сіңілім Тами сізді станциядан күтіп алар еді.
Иә, мен сізге синтоистік храмда тұратынымызды айтқам жоқ. Фукагавадағы үйіміз өртеніп кетіп, Тотигиде де түк жоқ қалғанымызда, бізге энгава15 түбіндегі храмды паналауға рұхсат берген. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Таңдана көрмеңіз.
Өтінем, келіңізші. Көріскенше! Үлгерсеңіз екен! Егер әкемді тірідей көре алмасаңыз, болмағанда өлі жүзіне үңілерсіз.
Сино».
Ертеңінде Асакусадан бірдің пойызына мініп, үш сағаттан кейін Тотигиге жеттім. Пойыздан түсіп үлгергенім сол еді, шашын қысқа қылып қырыққан қыз бала маған қарай күлімсіреп жүгіріп келе жатты. Қыр мұрыны мен сәл қысыңқы көздерінен Синоның сіңілісін жазбай таныдым.
— Тами-тян?
Ол тап емтихандағыдай басын иіп, айғайлап атымды атады.
— Әкең тірі ме?
— Дәрігер әне-міне көз жұмады дегенді баяғыда айтқан, бірақ ол әлі тірі жүр.
Қыз жергілікті диалектімен әр сөзге екпін бере сөйлейді екен.
— Жақсы болды, - дедім Синоның өтінішін есіме алып.
— Әпкем әкем сізді бір көрмейінше өлмейді деді.
Сино, бәлкім, әкесі мен туысқандарының көңілін демегісі келген шығар, бірақ дәрігердің өзі бас тартқан адамға мен қандай көмек бере алам? Жалғыз-жақын адамның өмірін болмағанда бірер сағатқа ұзарта алам ба? Табиғаттың заңына бәрі бір қарсы тұра алмайсың!
Үлкен жолмен жиектес тар соқпақпен біраз жүрген соң, біз алаңға бұрылдық. Сирек бұлтты көк аспанда қызыл инеліктер ұшып жүр.
— Темір жолдан соншама алыс тұрасыңдар ма? – деп сұрадым жолсерігімнен.
— Жоқ, біз тура бара жатқан жоқпыз?
— Неге тура бара жатқан жоқпыз?
— Сіз бармайынша әкем өлмейді. Ал жетіп барсаңыз, өліп қалуы мүмкін.
Тамидың үнінде сенім бар еді, мен еріксіз жүрісімді баяулаттым.
Алдыңғы жақтан қара қарға қаптаған қарағайлы шағын тоғай көрінген.
— Міне, тағы қаптап алды! – деді Тами қатқыл үнмен.
Алайда, жақын барғанда ғана байқадым, тоғай дегенім оталған орманнан қалған тар жолақ қана екен. Біз қисайып, жартылай шіри бастаған торииден16 өттік. Орманның жұртындағы серейіп-серейіп қалып қойған ағаштардың ортасында ескі храм тұрды. Синоның отбасы сонда тұрып жатқан.
Тами жүгіре жөнелді, артынша үстінде жұмыс кастюмі бар Сино алдымнан шықты. Тамидің қасынан өте шыққан ол, тура маған қарай жүрген.
— Міне, келіп қалдым!
— Жүріңіз! Біз сізді тағатсыздана күттік.
Сино басындағы шытын шешіп, қолымен мағынасыз мыжғылай берді. Бір түнде қатты өзгеріпті – көзі кіртиіп, еріні бозара тобарсып кеткен.
— Үлгергеніңіз қандай жақсы болды!
Мен храмды бетке алғам. Сино не істерін білмей ернін тістеп кідіріп қалды. Храм, шамасы, көптен бері қараусыз қалғандықтан, дүние-мүлкінен ештеңе сақталмаса керек. Тек кіреберіске ілінген жалғыз қоңырау жетімсіреп тұрды. Мен жаңа ғана Сино шыққан еңселі энгаваға бас сұқпақшы едім, ол мені тежеп:
— Ол жақ бауырымның шеберханасы. Мына жаққа өтіңіз, - деді.
Еңкейіп, сатымен жоғары өрледім. Ағаш есіктің ар жағындағы күңгірт бөлмеде қызарып жалғыз шам тұрды. Бөлмені екіге бөліп, ортасын қалқалап қойыпты. Бергісіне қарағанда түп жағындағысынің едені бір саты биік екен. Үлкенді-кішілі жәшіктер шашылып жатыр, шамасы, бір кезде храмның жәдігерлерін сақтаған жер болса керек. Бергі бөлігіне тозығы жеткен татами төселген. Ескілікті қара шкафтың қасындағы жұқа футонда Синоның әкесі жатыр. Басында бауыры, үшінші класта оқитын сіңілісі мен Тами жүрелеп отыр.
Сино әкесін мазалауға көшті:
— Әке! Ол келді! Келді!
Бақытсыз байғұстың бет-жүзі әбден солып қалған, тіпті үлкен адамдікі дегенге сену қиын. Сино оны иығынан ұстап жұлқылағанда көзі жұмулы бас ары-бері былқ-сылқ етеді. Сино менің атымды атап, бар күшімен жұлқылай бастаған. Ол ыңырсыды. Шамасы, не тіл қатарлық, не көзін ашарлық әл жоқ.
— Әке, ол келді! Бір көре алмай кетейін дедің бе? – деп жыламсыраған Сино жалынышты көзбен бауры мен сіңілілеріне қараған. Сол сәтте Тами еңкейіп, әкесінің құлағына айғай салды:
— Синоның үйленетін жігіті келді! Синоның жігіті!
Сол-ақ екен әкесі көзін ашты. Тами тағы айқайлады:
— Синоның үйленетін жігіті келді! Біз бәріміз жиналып сенің қасыңда отырмыз.
Әке әлсіз қимылдап мен жаққа мойын бұрған, шам жарығына шағылысқан көздері ұясынан шығып кетердей. Мен қолымды еденге қойған күйі иіліп ақырын тіл қаттым: «Әке!»
— Мен Синоның әкесімін, - деді ерні қыбырлап, бірақ дауысы ап-анық естілген. Ол басын көтермекші болып еді, мен кепкен ағаштай иығынан ұстап тоқтаттым.
— Бұныңыз не? Қозғалмаңыз.
— Мен ақымақпын. Баланы өстіп тәрбиелей ме екен! Өтінем, сізден, Синоға қамқор болыңызшы, - дегенді атып үлгерді де қайтадан талықсып кетті.
— Әке, сен оны көрдің бе? Көрдің бе? – деді Сино үрейлі үнмен. Оны әкем мені көре алмай кетеді-ау деген ой әбден меңдеп алса керек.
— Көрдім, - деді басқа бір әлсіз қарлығыңқы үнмен. Сино сонда да қояр емес:
— Қалай? Көңіліңнен шықты ма?
— Жақсы адам!
Әкенің кірпіктері айқасты. Сонда да ернін жыбырлатумен болған, бірақ үні шықпай қалды.
— Әкем сізді көрді! Жақсы адам деді.
Сино төмен қараған. Әкесінің шошайған бөбежігіне жас тамып жатты. Бір күннен кейін ол қайтыс болды. Ол өлген соң храм басқа адамның қолына көшкен. Бәрі жан-жаққа тарап кетті. Бауыры щетка жасайтын компанияға жұмысқа тұрды. Сіңілілері алыс туыстарының қолына көшті. Ал Синоны мен өзіммен ертіп кеттім.
Әкей қайтқан соң елу жеті күннен кейін біз оның өсиеті бойынша – «махаббатпен қосылдық».
Жаңа жыл қарсаңында Сино екеуміз түнгі пойызбен Уэно бағытына жолған шыққан едік. Станцияға келгенімізде қылаулап қар жауып тұрған. Платформаның төбесі ашық болатын, күміс тозаң Синоның мақпал шашына келіп қонып жатты.
Шешемнің қуанышында шек жоқ еді. Бізді көрген сәтте-ақ әжімді жүзіне күлкі ойнап шыға келді. Алыстан құшағын жайып қасы жүрді. Сино да еш қысылмай тура жүріп, қарсы алдына барып басын иді. Шешем болса одан да төмен иілді де, амандық-саулық сұрап әндете жөнелді.
— О, қуаныш неткен бұл! Сонау бір алыс шалғайдан, біздің қарлы өлкеге, аман-есен жеткен бір, - деп шырқаған күйі Синоның пәлтесіндегі қарды қағып жатты. Бұл аздап қысылса да, қарсылық білдірген жоқ.
— Мына суықта бекер шыққансың, алдымыздан! – деп ем шешем қолын сермеп:
— Не айтып тұрсың! Балам қалыңдық әкелгенде, неге алдынан шықпауым керек! Машина да тауып қойғам.
Машина қар басқан жолмен әрең ілбіп келеді. Ілдебайлап мұз қатқан өзеннен өтісімен, шопыр оңға бұрылып, егер қарсы келіп қалса, екі машина қатар симайтын науа жолға түсті. Өзі тағы күмәнданып отыр:
— Мына қарда өте алар ма екенбіз?
Шешем де қайтар емес:
— Сен барыңды сал. Қалыңдық әкеле жатырсың.
— Қалыңдық? Онда сөз басқа. Егер Жаңа жылда келін түсірсең, бақытқа бастайды. Жолда қалуға болмайды – жаман ырым. Баса бергеннен басқа амал жоқ.
Үйге таяғанда жол жиегінде әкем мен әпкем күтіп тұр екен. Шопыр бір-екі рет бипылдатып белгі беріп еді, әкем қар тазалайтын ағаш күрегін бұлғаңдатты.
— Жеттіңдер-ау әйтеуір! – деп шал айғай салды. Әпкем Синоны құшақтап тұрып қолшатырын жайды да, үйге қарай ертіп жүрді.
– Кеше кештен бері жауып тұр, тоқтайтын түрі жоқ. Бүкіл жолды бітеп тастады, - деді әкем шағымданып.
— Мүмкін, жақсылықтың нышаны шығар, - дедім қалжыңдап.
Мен әкеме барлай қарағам. Биыл тіпті шөгіп, шау тартып қалыпты. Менің қобалжыған түрімді көріп, ол өзінің тың екеніне сендіргісі келген кісіше күле берді.
— Үнемі осы, - деді енді шешем шағым айтып жатыр. – Өзін бір аямайды ғой.
Қас қарайған кез, біз шәй ішетін бөлмедегі котацуда17 тәтті-тәпсек жеп отырмыз. Әкем бір сұраған нәрсесін бірнеше қайтара сұрап, алғаш естігендей еміне тыңдап отыр.
Шешем мен әпкем кешкі ас қамына кіріскен. Сино да чемоданынан ашып, өзінің алжапқышын алып шықты.
— Оныңыз не, Сино-сан! – деді шешем қалбалақтап. – Сіз қалыңдықсыз! Ал қалыңдық күтіп отыруы керек.
— Сіздерге кішкене көмектесейін.
— Әуре болма. Біз Коё екеуміз-ақ тындырамыз. Ал сіз демалыңыз.
Әкем екеуміз бұлардың алжапқышқа таласқанын көріп ішгіміз қатқанша күлдік.
— Шеше, Сино көмектескісі келіп тұр екен, қолын қақпасаңшы.
Шешем аңтарылып аз тұрды да, енді маған дүрсе қоя берді:
— Не айтып отырсың! Осыны да күйеу дейді ғой! Қалыңдығын келмей жатып жұмысқа салмақшы. Естіген жұрт не дейді?
— Басқаларға ұқсамайды екен дейді де. Қалыңдық неге жұмыс істеуге болмайтынын Сино да түсінбей тұр. Елдің сөзіне қарайсың ба? Болашақ келінің шаруаға қолғабыс қылғысы келген екен – онда тұрған не бар.
— Жарайды, өздерің біл!
Күлкісі жылаған адамға ұқсап кеткен шешем Синоның алжапқышын әдемілеп байлап берді.
Синоға ертерек төсек салып бердік: пойызда көз ілмеген еді, ал өзіміз шәй ішетін бөлмеге жиналып, үйлену тойын ақылдасып отырмыз. Ертең кешке өзіміз ғана атап өтетін болдық. Өйткені бұл қалада туыс-туған, дос-жараннан ешкіміміз жоқ еді. Мен тіпті ұлан-асыр той туралы олаған да емеспін. Тек кемпір-шалды қуантсам болды дейтінмін. Бұлар өмірге алты сәби әкелгенімен, міне, жастары алпыстан асқанда барып біреуін ғана үйлендіріп жатыр. Бұлар не айтса, сол болады деуімнің сыры сол.
Әкем мен әпкем жатып қалды да, шәй ішетін бөлмеде шешем екеуміз қалған едік. Кәтелде қайнап жатқан судың бүлкіліне құлақ түріп, біраз уақыт үнсіз отырдық.
— Ал, балам, сені құттықтауға болатын шығар! –деді шешем биязы үнмен.
Мен қарсы болмадым.
— Үнемі уайымдап жүруші ем. Мейрамханадан шыққан әйел, қанша дегенмен. Бірде тіпті түсіме де кірді. Көзіммен көргенше уайымдаумен болдым. Басынан талай қиыншылық өткен екен, байғұс бала сонысымен де басқаларға ұқсамайды. Қандай адам екені көрініп тұр. Сен оны аяла.
Мен бас изедім.
— Ал Коё-сан не деп отыр? – деп сұрадым шешемнен.
— Ол қатты қуанды.
Жүрегім дүрсілдеп кетті.
Үйленетініме әпкем қалай қарар екен деп қысылып жүруші едім. Аурушаң адам. Көзінен қорынып, үнемі көк көзәйнек киіп жүреді. Биыл отыз беске толды, күйуден біржола үміт үзген. Алтаумыздан осы екеуміз ғана қалдық. Менің парызым – әпкеме қамқор болу, сондықтан да ойланбай жасаған қадамыммен оның жалғыссыраған жанын онан сайын ауыртып алам ба деп қорқатынмын. Егер қалыңдығым оның көңілінен шықпаса, онсыз да бұйығы адам, онан сайын тұйықталып алар еді.
Бұл түні әпкем екеуміз екінші қабатқа жаттық. Шешем мен Сино бірінші қабатта. Ас үйден өтіп бара жатып, әпкемнің суды қатты сарылдатып жуынып жатқанын аңдағандай болдым. Үнемі жатар алдында жуынатын әдеті бар, ал бұл жолы өзнің жылап тұрғанын басқалардан жасырғысы келгендей. Сино оған ұнады ма, жоқ па? Әпкем сондай сезімтал жан, менің үйленетінімді жүрегіне жақын алмауы мүмкін емес.
Мен сатымен көтеріліп келе жатып, егер ағаларым мен әпкелерім тірі болғанда, қалай болар еді дегенді ойлап үлгердім. Әпкем менің сыбдырымды естумеуі мүмкін емес еді. Ол маған жалт қараған, өңі қызарып кетіпті. Ал мен түк болмағандай:
— Ал, келінің қалай? – дедім.
Әпкем ұшына тамшы байланған кірпіктерін жыпылықтатып, жымиды:
— Меніңше, жаман емес!
— Енді сенің сіңілің бар. Жақсы емес пе, ә?
Ештеңе демеген ол күліп тұрып мысық секілді кеудемнен қақты. Өйтіп тек жақын адамдарың ғана істейді.
— Рахмет.
Мен оған күдігімді сейілткені үшін алғыс айттым.
Ертеңінде жауған қар тоқтады. Кешке он үшінші ай18 толған.
Мен костюм кидім. Әкем мен шешем әулеттік таңбамыз бар кимоноларын қамдады. Сыртқа шығуды көп жақтыра бермейтін, оған тіпті денсаулығы да жоқ әкем суырмада он жылдай жатып қалған мерекелік кимоносын шығарды. Хаоридің жағасы мыжылып қалған екен, үтіктетіп алды. Синоның той көйлегі жоқ еді, демалысқа арналған жалғыз кимоносын киді. Әпкем алтын жіппен ақ матадан тікке мерекелік оби19 тақты.
Қонақ бөлменің әйнек есігінен қар басқан алқап көрінеді. Біз Сино екеуміз ортада отырмыз, екі жағымызға – әкем мен шешем жайғасқан, шешемнің жаныда – әпкем. Шағын дастарханда бұқтырылған алабұғалар жарқырап жатыр. Бөтен адам шақырылмаған қарапайым үйлену тойы. Есесіне Сино екеуміздің бақытымызға жайылған, мейірімге толы ерекше отырыс болды.
Біз үш реттен сакэ кесесін алмастық20. Біздің үйде бағзы бір заманнан қалған, қонақ келгенде шығаратын сәнді ыдыс болатын еді, бірақ бұрын үйлену тойын өткізбегендіктен, үш рет алмасу салтанатын жәй кесемен-ақ атқара беретінбіз. Әпкем сакэ құйып жүр. Бірақ бұл әдеттенбеген ісі болғандықтан, әр жолы кесенің ернеуінен асырып жіберіп, қысыла жымиғанына басқамыз мәз болып күлеміз кеп.
Дәстүрлі салтанат аяқталысымен, сакэге қызара бөрткен әкем тосын ұсыныс жасады:
— Такасагоны21 шырқасақ қайтеді?
Біз әкеміздің ән салғанын ешқашан көрген емеспіз, сондықтан қалжыңдап отырған шығар деп ойлағанбыз. Бірақ қалжың емес екен. Әкем сәл пауза ұстап, тамағын кенеді. Жұдырығы түйіліп, тізенің үстінде жатқан оң қолы қатты дірілдегені сонша, онымен бірге үстел де теңселіп кетті. Қобалжығанда өстетін әдеті бар.
— Таа-каа-саа-гоо, - деп қалт-құлт етіп әнін бастаған. Бірақ ән деуге келмес еді. Тілі күрмеліп, үні көмейіне кептеліп, сирек тістерінің арасынан ысқырыққа жақын көмескі бір дыбыс шығады.
— Әкесі, әкесі деймін, тоқта енді! – дейді көзінен жасы сорғалаған шешем жалынып. Әкемнің тоқтайтын түрі жоқ. Әпкем дірілдеген қолын ұстамақшы болған, ал ол әндете берді, әндете берді.
Мен бәрін үнсіз бақылап отырмын. Балаларының сатқындығына үнсіз мойынсынған әкем мен шешем – екеуінің үмітін әр баласы өзінше алдаған-ды – осы күнге өлердей қуанды. Зорға дегенде жақсылықта басымыз қосылды-ау. Екеуі мүмкін, өздерін алғаш рет бақытты сезініп отырған шығар. Өкіріп жылағым келді. Ал Сино, ойында ештеңе жоқ, көзінен жас аққанша күлді.
Бұл жолы екінші қабат Сино екеумізге бұйырған. Мен тез-тез футонды жайып жіберіп, жастық тастадым.
— Қарлы өлкенің өз салты бар – тыр жалаңаш жату керек. Пижамамен ыңғайсыз.
Кимоном мен іш кимімді сыпырып тастап, футон астына зып бердім.
Сино кимоносын әдемілеп бүктеп қойып, жарықты өшірді де, жастығыма таман келіп тізе бүкті:
— Мен де сөйтуім керек пе?
— Сөйтпегенде! Енді сен де қарлы өлкенің тұрғынысың.
Сино қараңғыда шешіне бастады.
— Кешіріңіз!
Қапталымда бірдеңе ағараңдайды.
Синоны алғаш рет құшақтадым. Тәні мен елестеткеннен де сұлу екен. Жұп-жұмыр анарын сипап едім, ішімде бір тәтті қиял бас көтерді. Терісінің нәзіктігі сонша, алақаным тиген жерде қан тамырлары қалай бүлкілдеп жатқанын сеземін. От деміміз шарпысып, екеуміз де күйіп-жанып барамыз.
Бұл түні Сино тілалғыш қуыршақ, мен болсам тәжірибесіз қуыршақ жасаушы кейпінде, бақыттан басым айналған байғұс ләззатқа баттым.
Бір-бірімізге тығылып жатырмыз, ұйқы келер емес.
— Ыстық емес пе? – дедім сыбырлап.
— Жоқ. Токиода да өстіп ұйықтайықшы, - деді Сино.
Біз өткен күндеріміз бен үйлену тойымыздың әр сәтін еске түсірдік.
— Қолымнан ештеңе келмейтінін мойындауға ұялам. Бірақ үйренем ғой. Жиырма жыл өмірімді босқа өткізгенімді енді түсініп жатырмын. Өзімді ешқашан ойлаған емеспін, қаласам да, қаламасам да – басқаларды ойлайтынмын. Шыдап бақтым...
— «Синобугавадан22» шыққан Сино-сан!
— Жоқ, жоқ! Ол туралы ұмыт! Мен енді баяғы Сино емеспін. Енді тек екеумізді ғана ойлайтын болам. Жақсылыққа кенелеміз.
Ол сөзін аяқтағанда қарлы өлкеде де өлі тыныштық орнағандай болған. Кенет тылсым тыныштықты қоңырау үні бұзып жіберді. Үн бірте-бірте жақындап келеді.
— Қоңырау? – деді таңданған Сино.
— Шана ғой.
— Шана?
— Иә, атшана. Шаруалардың бірі кабактан қайтып келе жатқан шығар.
— Ой, көргім келіп тұр!
Біз екеуара бір кимононы іле салып, дәлізге ытқып шықтық. Сосын мен қылыштай суық есікті сәл ысырып едім, Синоның жалаңаш тәні жарқ ете түсті. Ақ қар басқан жолмен қара көлеңке ілбіп барады. Шанада одеялмен қымтанып алған көшір отыр. Жалғыз өзі, шамасы, үйіне қайтып бара жатса керек. Аттың тағасы айдың жарығына шағылысып жалт-жұлт етеді.
Көріністі тамашалап біраз тұрып қалғанымызды Сино дірілдей бастағанда бір-ақ аңғардым.
— Жүр тез! Ертең жолға шығамыз. Аздап болсын көз шырымын алайық.
— Қоңыраудың үні өшкенше қалғып та кетерміз.
Футонның астына кірісімен, Сино баурыма тығылды. Бойы жылитын емес, тісі тісіне тимей қалшылдап жатыр.
Ұзап барып жоқ болған қоңырау үні әлі құлағымда тұр.
— Естіп жатырсың ба?
Сино үндемеді. Ернінен өпкем. Ұйықтап қалыпты.
Ертеңіне таңертең біз жас жұбайлар сапарына аттандық.
Осы бір міндетті сапарға шыққым келмеп еді, шешем күш бермеді. Ыстық бұлаққа баратын болып шештік. Ол жер бізден солтүстікке қарай жүргенде, жазықтағы бір шағын ауылда. Баяғыда, бозбала кезімде, дүниеден баз кешіп, мектепті тастап, төрт маусым бойы сонда жатып едім. Сол кездегі күйзелістің жанымның терең түкпірінде қалған елесінен біржола арылу үшін, енді міне, Синоны апара жатырмын.
Таңғы пойызға саудагерлер аузы-мұрнынан шыға тиеліп алған екен. Абырой болғанда, бір-біріне қарама-қарсы екі бос орын табыла кетті. Сино қалғып-шұлғып терезеден таңғы пейзажға қарап отырған. Алайда қозғалып үлгергеніміз сол еді, кенет ол тіземнен түртіп, айғай салды:
— Қара! Қара! Көрдің бе?
Қар басқан жатаған үйлер, көк мұз құрсаған өзен, көпір, күзетшінің құжырасы, храм, олардың ар жағында аласа таулардан басқа ештеңе жоқ.
— Қайда қарауым керек?
— Қайдасы несі? Әне, біздің үй тұр ғой!
Расында өзен жағасында таңғы нұрға малынып біздің үй тұр екен.
— А, көрдім.
— Көрдің ғой? Менің үйім!
Тіземді әлі ұстап отырған Сино туғалы шынайы үйде тұрып көрмеген. Жас жұбайлар сапарына әкетіп бара жатқан пойыздың терезесінен «өз үйін» көрген оның бұл қуанышы қапысыз еді. Кенет жаңа жылдық киім киіп, биылдыққа бірінші рет тауар әкеле жатқан саудагерлер бізді үнсіз әрі қызыға тамашалап отырғандарын аңғардым. Екі бетім дуылдап барады.
Соба – қарақұмық ұнынан жасалған лапша
Янага – соя, аскөк, жұмыртқа қосып бұқтырылған балық
Хибати – көшпелі асхана
Сируко – қызыл бұршақтан жұмырланған күріш қосып жасаған тәтті сируко сорпасын беретін дәмхана
Норэн – фирманың сауда белгісі бейнеленген бамбук немесе мата перде. Дүкен не кафенің кіре берісіне іліп қояды
Футон – дәстүрлі жапон матрасы
Дзëро – жезөкшелер үйіндегі әйел
Бэнтэн – бақыт пей байлық әкелетін әйел құдай
Хаори – кимононың сыртынан киетін түймесіз жакет
Фудо-мёо – от құдайы
Одэн'я – тәтті картоп пен соядан жасалған одэн сүзбесін беретін дәмхана
Сусия – жұмырланған күріш, балық, жұмыртқа, көкөніс, уксус және қант қосып суси дайындайтын дәмхана
Сямисэн – үш ішекті ұлттық аспап
Хай – «тыңдап тұрмын», «құп болады» мағынасындағы жауап
Энгава – үйдің айналасындағы ашық галерея
Тории – діни ғұрыптық қақпа
Котацу – дәстүрлі жапон жиһазы, жер үстел
Он үшінші ай – күнтізбе бойынша 9-шы айдың 14-іне қараған түнгі толған ай
Оби – кимононың белдігі
Сакэ кесесін алмасу – неке тойында атқарылатын рәсім
Такасаго – некесі қиылғандарға арнап театрда шырқалатын ән
«Синобугава» – «синобу» - төзу, «Синобугава» - «Төзім өзені» деген мағына береді
Аударған Нұрлан Қабдайұлы
Бөлісу: