Қайығың болашақтың аралына аман жетсін!

Бөлісу:

20.04.2020 4303

«Әдебиет порталынан» Арман Шеризат інім хабарласып,

«бір жас ақынға пікір жазып бересіз бе?» - деді.

Мен келістім.

Бəрі де жіберді мезі етіп,

Сондықтан жалығам, беземін.

Сен маған ештеңе демеші-

Мен бəрін сеземін.

Бір тұжырымымда, адам баласының үш түрлі болатыны жайлы айтқан едім. «Басын айтса аяғын өзі түсінетін адам, айтылмаған сөзді ести алатын адам, айғайлап айтсаң да естімейтін адам».

Жоғарғы шумақтағы:

Сен маған ештеңе демеші-

Мен бəрін сеземін,– деген жолдар жас ақынның айтылмаған сөзді ести алатын адам екенін аңғартады. Айтылмаған сөзді ести алмаған адам, ақын болып жырғатпайды. Ақынның ең басты қасиеті - аңғарымдылық. Бұл қасиет жас ақынның жырынан көрініс тауып тұрғаны қуантады.

"Өзіңді сүймеймін" демеші,

"Өзгені сүйем" деп айта сал.

Бұл шумақтан ақын жанының нәзіктігін, шексіз адал махаббатын, жан бұлқынысын, сонымен қатар тапқырлығын сезінеміз. Бұл шын сезімнен ғана шығатын шырын сөз. Расымен де, «жоқ!» дегеннен көрі, мүмкіндігім болмай тұр деген сөз қарапайым адамдық қарым-қатынаста көп қолданылады. Өтінішін орындамаса да, өтініш жасаушының адам ретінде орнын төмендетпей, басқаша айту - өтініштің жартысын орындаумен бірдей емес пе?!

Жалғасты оқыңыз:

«Мұңменен жан бар ма айқасар,

Жақсы сөз жылы ғой байқасаң». Ақын жырына арқау болған адамнан махаббат сезім таппаса да, адами жылылық күтеді. Тұтас өлең тәтті сезімнен, шекер мұңнан, терең түсініктен тұрады.

Қайтейін амалым құрыса,

Қайтейін жүрегім ұлыса.

Сен маған ұмыт деп айтпашы,

Есіме алмауға тырысам.

Ақын жанының нәзіктігі өзінің соры. Қарапайым пенделер оларға ескертулер жасайды. Ал олар айтылмаған өтініштерді орындауға тырысады.

Басыма келмейді жаман ой,

Жаманнан көңілім ада ғой

Өзіңе мен де "кет" демейін,

Деймін ғой "бара ғой".

Поэзия – жан ғылымы. Поэзия – ұлы жаратылыстың жүрек соғысы. Ақын «кет» деп айтатын адам емес, «бара ғой» дейтін болмыс иесі. Жас ақынның бір қанша өлеңін оқып, осы өлеңіне, өлеңдегі адами сезіммен ақын болмысына қысқаша тоқталдым.

Түйін сөзім: Поэзия – алып мұхит. Теңіз жолы қашанда қауіп қатерге толы. Алып мұхитқа салған қайығың болашақтың аралына аман жетсін! Жастықтың жалынымен мұхитқа қайығын салып, қайығы қайраңдап қалғандар көп. Жанның шынайылығын жоғалтпа! Сөзбен ойнап күрделілікке ұрынып қалудан сақтан!

Мұратхан ШОҚАН

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

«Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі

ДИНАРА ТӨЛЕУТАЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Дүйсенбі келді, сені көрмедім,

Бойымды реніш желі кернеді.

Екінші күні қоңырау шалып,

Есімді алып, ерігер дедім.

Сейсенбі күні - шиырлап өтті,

Жүрегім тағдыр сыйын дəметті.

Сейсенбі еді, ұялым тыныш,

Қиялым бірақ қиырға кетті.

Жүрегім жаурап жыр əкеледі,

Сезімім лаулап тұра береді.

Сəтті күн болған сəрсенбі күні,

Сəтсіздігіме куəгер еді.

Төртінші күні барымды ұмыттым,

Ұмытып бəрін жанымды күттім.

Еңсемді енді тіктей алмадым,

Бейсенбі еді, сағындым, біттім.

Өртенді білем арыстан жаным,

Қолын бұлғайды алыстан бағым.

Жұмада Аллама қолымды жайып,

Сені сұрауға намыстанбадым.

Ақынның қиын бастан кешкені,

Мен кешкен күйді мастар кешпеді.

Сенбі де келді, сені көрмедім,

Жүректің шықты астаң-кестеңі.

Жексенбі...

Көзімнен кеттің, көңілде тұрсың,

Көрмедім сені бір апта.

Көн деді төзім,

Көрмеді көзім,

Сөнбеді сезім, бірақта....

Дүйсенбі келді сені көрмедім.

***

Ақындық деген - көбелек ғұмыр,

Әр гүлге ұшып сандалу...

Өлең дегенің - бал емес күнім,

Өлеңнен өткен бар ма «у»?

Ақындық деген - нәзік қаталдық,

Қадалған жерден қанды алу,

Өлеңді қойып өмірден биік,

Паң дүниеге паңдану.

Ақындық деген - өрелі өрлік,

Қиялдау сосын алдану,

Түн ортасында шам жағып қойып,

Сол шамға қарап шамдану.

Ақындық деген - саяхатшылық,

Іздеп жүретін жан дәру.

Өлеңге жанын енгізіп, сосын,

Өлеңнен қайта жандану.

Отар, қоралап мал бақса малшы,

Ақынға қиын жан бағу...

Ақындық деген - түнде өлең жазып,

Таңертең оқып, таң қалу!..

***

Сүйсең егер...

Нəзіктенер ем,

Бойыма күш дарып, өрлей жүріп,

Қаламдай ұшталып, өлмей тұрып,

Өлмейтін жыр жазып берер ем.

Сүйсең егер...

Бөлісер ем түндерде көп сырыңды,

"Менің өлең жазғаным аз ба?" десең,

Өлеңімді тастайын жазба десең,

Ішке жұтып өтер ем өксігімді.

Сүйсең егер...

Болар едім арланбай ашынаң да,

Айғағы боп сері атыңның,

Ел жұрт-мені сөгер ед, сол ақынның

Ашынасы тұрад деп осы маңда.

Сүйсең егер...

Осылай істер ме едім, əй қарағым?

Қиын екен жүректі күйік шалса,

Сүймей-ақ қой одан да, сүйіп қалсаң,

Мен осындай ақымаққа айналамын.

***

Бəрінде суық көз, суық ой,

Суықтық ғасырдың мұңы ғой.

Ақымақ дегеннен қалқам-ау,

Ақылсыз деген сөз жылы ғой.

Мұңменен жан бар ма айқасар,

Жақсы сөз жылы ғой байқасаң.

"Өзіңді сүймеймін" демеші,

"Өзгені сүйем" деп айта сал.

Басыма келмейді жаман ой,

Жаманнан көңілім ада ғой

Өзіңе менде "кет" демейін,

Деймін ғой "бара ғой".

Қайтейін амалым құрыса,

Қайтейін жүрегім ұлыса.

Сен маған ұмыт деп айтпашы,

Есіме алмауға тырысам.

Бəрі де жіберді мезі етіп,

Сондықтан жалығам, беземін.

Сен маған ештеңе демеші,

Мен бəрін сеземін.

***

Деді əжем: "еркелікті доғар сен,

Ессіздікті сандығыңа сақтап қой."

- Анаң сүтін ақта, -деді содан соң,

- Ол онсызда əппақ қой...

"Онсыз да ол əппақ"- дедім күліп мен,

Ол кезде əлі ой жемісім піспеген.

Көзсіздікке талай жолды бұрып мен,

Ессіздіктер жəне де көп істегем.

Ұйықтамадым түн орнаған шақта мен,

Сіңіп алып əже сөзі санама.

"Əжем сүтін сен не істеп ақтап ең?"

Деген сұрақ қойдым сосын анама.

Жауабынан қалар ма екем жайланып,

Қиын сұрақ қойып тұрдым рас, білем.

Жауап таппай анам қалды ойланып,

Əлі ойланып жүргеніне бəс тігем.

Анам жауап айтпағасын мардымды,

Енді не істеу керек деп мен ойландым.

Ой үстімен əжем жаққа бардым да,

Оғандағы сол сұрақты қойғанмын.

Түнертті оны мендегі сол балалық,

Нақ жауабын кетем деп ем олжалап,

Жанын езген бір өкініш бары анық,

Кəрі көзден жас ағызды, жоқ жауап.

Жауабы жоқ сұрақтар да болады,

Осы істен ойым ғой бұл өндірген.

Содан кейін сұрақтарды доғарып,

Əжем сөзін екі етпейтін болдым мен.

Кейде зекіп, құлақ етті жеуші еді,

Ақыл айтса Аплатоннан бетер ғой.

"Жаман болсын деп айтпаймын"-деуші еді,

Адам болсын деп айтады екен ғой.

***

Жүрегім тапты жаңа егесін де,

Мен бүгін ғашық болдым, сенесің бе?

Атыңды жүрегімнен шығарғанмен,

Мәңгі сақтап қаламын сені есімде.

Иә солай, арналады жырым жатқа,

Сен сонда өкініштен ұлып жатпа.

Мен оны сүйіп қалдым, сүйейінші,

Рұқсат па?

Өлең жазып тағы атар арай таңым,

Өлең жазып тағы кеш қарайтамын.

"Сені мәңгі сүйем" деп айтушы ем ғой,

Оны мәңгі сүйем деп тағы айтамын.

Құбылған ауа-райы тәрізденіп,

Жүрегім тағы да бір бәле іздеді.

Оны ұмыту үшін де сені сүйгем,

Сені ұмыту үшін де тағы өзгені.

Тек бұл үшін түспесін еңсең мүлде,

Ал жарығым, өзің біл ерсең кімге.

Жүрегім өзге жанды ұнатыпты,

Мен сенбедім...

Сен сендің бе???

Бөлісу:

Көп оқылғандар