Қуандық Шамахайұлы. Ұлы қиялгер жазушы неден қателесті?
Бөлісу:
Ғылыми-техникалық негізге сүйеніп шығарма жазудың хас шебері, атақты қиялгер жазушы Жюль Верн ХІХ ғасырда жазған жиырма шақты романында жүзден астам болжам ұсынған. Оның қиялдарының көптеген бөлігі ХХ ғасырда жүзеге асырылғаны тарихтан мәлім.
Әлем оқырмандарына аты мәшһүр Жюль Верннен соң араға қырық жылдай уақыт салып ағылшын жерінде дүние есігін ашқан Герберт Уэльс оның тікелей мұрагері іспетті ізін басты. Уэльс ХХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі аралықта қалың оқырманын тамсандырған 20 роман жазды. Соның ішіндегі ең әйгілісі осыдан тұп-тура 121 жыл бұрын жарыққа шығарылған “Ғаламшарлар соғысы” деген кітабы болатын. Герберт Уэльс те дәл Жюль Верн секілді әр романында қиял-ғажайып ойларды ортаға салды. Онысының көбі сол кезеңде шындыққа айналған болса, кейбірі ХХІ ғасырдың еншісіне қалып, бүгінде жүзеге асып жатқан көрінеді.
Алайда, екі жазушының ұқсастығымен қатар шығармаларының нысанында елеулі айырмашылықтар да кездеседі. Айталық, Жюль Верн мұхит, теңіз, алыс жолсапарлар мен саяхаттар тақырыбына аса ден қойып қалам тартса, Герберт Уэльс қақтығыстарды, соғыс техникаларының болашағын көбірек бейнеледі. Әлем оқырмандары бүгінде Герберт Уэльс туындыларын “Көрінбейтін адам” (1897) “Ғалым Мороның аралы” (1896) романдары арқылы көбірек таниды.
Ал, оның тақырыбының аумағы шын мәнінде өте кең болғанын атап айту ләзім. Уэльс көбінесе, автокөлік, шынжыр табан танкілер, сүңгуір қайықтар, ұшақтар, шайтан арба, телефон, әуе шарлары секілді техникалық құрылғылардың болашағын болжады. Сонымен қатар әлемді шарпуы ықтимал соғыс өрттерін, тіпті өзге ғаламшарлармен арада өтуі мүмкін шайқастарды да қиял елегінен өткізіп қалам тербеді. Тағы бір қызығы, шаңсорғыш, ас үй құралдары секілді әдеттегі тұрмыстық заттардың да болашақта қандай болатындығын алдын ала болжап, жазып кетті.
Америкалық тарихшы Пол Крабтридің мәлімдеуінше, Уэльстің шығармалары жарыққа шыққан тұста заты тұрмақ аты беймәлім болған көп дүниелердің кейін 80 пайызы орындалуға мүмкіндік тапса, дәл 60 пайызы жүзеге асырылған көрінеді.
Пол Крабтридің зерттеуінің нәтижесінен белгілі болғаны, оның қиялының 20 пайызы мүлде негізсіз орындалмас арман ретінде қарастырылған. Алайда, оны орындалмайды дегеннен гөрі әзірше уақыты келмеген, алдағы уақыттың еншісіндегі дүниелер десе болатын секілді. Себебі, аталмыш 20 пайыз негізінен гуманитарлық ғылымдарға арналған екен.
Пол Крабтри өз зерттеуінде Уэльстің ұсынған “бүкіләлемдік біртұтас мемлекет құру туралы” қиялын орындалмайтын еш негізсіз пайым деп таныған. Оған мен де сенгім келеді. Негізсіз болғаны-ақ жөн болар еді. Алайда, үлкен өкінішке қарай, ұлы жазушы көз жұмарынан бір жыл бұрын (1946) БҰҰ-ның құрылуы келешектегі “Бүкіл адамзатқа ортақ үкімет орнының” құрсақта пайда болған “бір тамшы суы” емес пе екен?
ХХ ғасырдың келесі жартысынан бастап күшейе түскен жаһандану үдерісі бүгінде тіпті кәріне мініп алғаны соншалық, кеше ғана қаперсіз жатқан қазақ даласын да дүр сілкіндіріп жатқан жоқ па. Саясаткерлеріміздің өзі жаһандану сөзін ауыздан тастамайтын жағдайға келді. Өстіп жүргенде, күндердің бір күнінде “Әлем парламенті” жер-жиһанға жар салып, жер шарындағы әр ел бір-бір округке айналып, “депутаттарын” ұсына бастамасына кім кепіл. Жаһанданудың бір қырына үңіліп көрсек, соны көргендей боламыз. Алайда, сіз қайдағы жаман ырымды шығарып отырсың деп сөгуге асықпай-ақ қойыңыз. “Жаман айтпай жақсы жоқ” дейтін қазақпыз ғой.
Қалай десек те, Герберт Уэльстің қиялы тығырыққа тірелген жоқ, керісінше, жүзеге асу уақытын күтіп тұр ма екен деген күмәнді ой санамда сумаңдай береді. Сондай-ақ, ұлы жазушының қиялдаған “демократиядан технократияға ауысу” жайындағы ойларын жүзеге аспайтын дүниеге балайтындар өте көп. Қайдам.
Бұл тұрғыдан келгенде, басқаны айтпағанның өзінде, қазақ академигі Асқар Жұмаділдаевті тыңдасақ та жетіп жатыр. Расында, бұл өзі қалай болар екен деп ойланып қаламыз.
Алайда, қателеспейтін пенде болмайтындығын Уэльс тағы көрсетіп кетті. Қанша дана қиялшыл болса да оның кейбір ойларының орындалмаған тұстары да баршылық. Айталық, оның “әйелдердің үй шаруасынан аспай қалатындығы турасындағы” қиялы орындалмады. Ол ХХ ғасырда өмір сүрген британдық азамат, ұлы қиялгер болса да Маргарет Тэтчер деген “темір әйелдің” өз елін басқаратындығын, ғасырлар тоғысында әлемдік саясатқа елеулі ықпал ететіндігін түсінде де көрген жоқ. Германия сынды батыс демократиясы дамыған елдерді айтпағанның өзінде Үндістан, Цейлон, Түркия, Пәкстан сынды шығыс мемлекеттерінің жоғары билігіне төменетектілердің қол жеткізетінін сол кезде біреу айтса, оған тіпті Уэльстің өзі де сенбеген болар еді.
Герберт Уэльс 1920 жылы Кеңес Одағына сапарлап, ұлы төңкерісшіл тұлға Владимир Ленинмен кездесіп, “Ала көлеңкедегі Ресей” атты кітап жазған. Онда да ол кеңестік қоғамның ұзақ тұратындығына сенбеді. Ресейді түн қараңғылығы жамылып келе жатқандай елестеткен жазушы Ленин жайындағы эссесін “Кремль қиялгері” деп атаған. Қоғамдық дамудың заңдылығы тұрғысынан келгенде, Лениннің арманы жазушыны сендіре алмады. Жалпы фантаст жазушылар ғылым, техника, технология саласында қамшы салдырмаса да қоғамдық ғылымның дамуы жағына келгенде мардымды ештеңе ұсына қоймайды. Уэльс те сол ізбен жүрді.
Бүгінге дейін гуманитарлық салада Сен Симон, Шарль Фурье немесе Томмазо Кампанелладан озған утопист шыға қойған жоқ.
Ресей жайындағы Уэльстің көп ойлары шындықты дөп баса алмады. “Таяудағы он жылда Кеңес Одағы қытай жерінде саяси билігін орнатады” дегенінің орындалмас қиял екенін бүгін көріп отырмыз. “Ресей қазіргі қатаң режімінің салдарынан батыс елдерінің көшінен көп артта қалады” деп санады. Алайда, кеңес елі әлемде алғаш рет ғарышқа адам баласын ұшырып олардың алдына шығып кетті. Мұны ұлы қиялгер болжай алмады.
Сөйте тұра ғаламшарлар арасындағы соғыс жайында бүтіндей бір роман жазғанын қайтерсіз. Ондай соғыстың бетін әрі қылсын, әзір бола қойған жоқ. Дегенмен, ғарышты игеру саласындағы адам баласының ірі жетістіктерінің нәтижесінде Ай немесе Марста өз иелігін құрмаққа бәсеке баршылық. Кейін қыза келе түрлі қайшылықтар туындауы мүмкін. Ондай жағдайда ғаламшарлар аралық соғыс болмаса да жер шарындағылар айды бөлісе алмай өзара тайталасуы әбден ықтимал.
Сонымен қатар “ХХ ғасырда алып Ресей батыс және шығыс деген екі жікке бөлінеді, славяндардың бүйрегі Батыс Еуропаға қарай бұрады” дегені қазіргі Ресейдің ахуалына сәл де болса келіңкірейтін секілді.
“Қиялдар” кітабында Уэльс дамыған елдердің болашағы жайын баяндаған. Олардың тұрғындарын төрт ірі топқа бөледі.
Біріншісі, байлар, акция пакет иелері, банк қожайындары. Олар саясатқа араласпайды, ел алдында ешбір жауапкершілікті мойындарына алмайды.
Екіншісі, өндіруші топтар, олар білікті мамандар. Білімдарлықтарының арқасында әлеуметтің игілігі үшін ғылыми жаңалықтар ашады, жаңа құралдар жасайды.
Үшіншісі, өнім өндірмейтін, менеджментпен, қаржыны бөлумен ғана шұғылданатындар. Олар сауда-саттықпен, саясатпен айналыспайды.
Төртіншісі, төменгі топ, яғни, білімсіз надан тобырлар. Механикаландыру мен автоматтандырудың салдарынан жұмыссыз қалғандар. Осы топтағылардың арасынан ұры-қарылар, қылмыстық элементтер туады деп болжаған.
Ұлы қиялгер адам баласын гендік, тектік жағынан тазартуды армандады. Тұқым қуалайтын науқасқа шалдыққандар, ақыл-есі кемістер, маскүнемдер, нашақорлардың қоғамда болатындығын мойындаған Уэльс егер ондайлар әлеуметтік қамқорлықтарды көтере алмай қылмыстық жолға түссе аямай жазалауды, тіпті көздерін құрту арқылы өмірді тазартуды өз туындыларында ұсынды.
Болашақ мемлекеттер қылмыскерлерді асырау үшін еш кінәсіз адал адамдарды түрменің күзетіне, бақылаушысына, қызмет көрсетушіге айналдыруға неге мүдделі болуы керек деген болатын автор. Уэльс те өзге мыңдаған жазушылар секілді моральдық тазалықты қастерледі. Алайда, әлі күнге дейін, өкінішке қарай, адам баласы ар тазалығын сақтамай келеді.
Генетика мен евгеника саласы қарқынды дамып, ірі ғылыми жаңалықтар ашылып жатса да әр жеке адамның текті, ақылды бала табу жайындағы армандарының орындалуы қиынға соғып тұр. Бәрібір, “жазмыштан озмыш жоққа” келіп тіреледі. Баяғыда ата-бабаларымыз “Я Алла, бала бер, бала берсең сана бер, егер сана бермесең, шетінен бәрін ала бер” деп тегін зарламаса керек.
Адамзатқа аты әйгілі Бетховеннің өзі науқас ата-анадан жаралған. Бір отбасындағы бес баланың төртеуі жарымес болып туылғанда ең кенжесі Людвиг Ван Бетховенді Құдай ерекше жаратқан, әлемге аты мәшһүр композитор болатындай дарын мен қабілет берген. Герберт Уэльстің фантастикалық шығармаларында жарымес балалар туралы, әкесін танымайтын есерсоқтар жайында көп айтылады.
Герберт Уэльс – атомның бөлінуі, ядролық қарулар, лазер сәулесі сынды ғылыми жаңалықтарды болжай білген технологияның ірі қиялгері болғанымен қоғамдық-саяси өмірдің болашағын дәл тұспалдай алмаған жазушы.
Алайда, оның ғаламшарлар арасындағы ықтимал соғыстың қаупін алдын ала көре білуі әлемде теңдессіз қиялгер екендігін дәлелдей түскендей болады да тұрады.
Бөлісу: