Асылбек Байтанұлы. Ұры ма, барымташы ма?
Бөлісу:
Кей-кейде ұлтымыздың өткен тарихына қатысты ескі атаулар мен ұғымдарды қолдануда жаңсақтыққа ұрынып жататынымыз бар. Бұл - осыған қатысты жазылған мақала еді.
«Барымта» – бұқаралық ақпараттық құралдарында жиі қолданылатын сөздердің бірі. Барымта – өткен дәуірлерге тән ұғым және барымта жасау арқылы қазақ қоғамындағы қордаланған үлкенді-кішілі мәселелерді шешудің заманы өткелі де кемінде екі ғасыр өтті. Десек те отандық тележурналистердің, мерзімдік басылымдар мен ғаламторлық ақпарат құралдарының қазақ және орыс тіліндегі жарияланымдарына көз салып, құлақ түрген адам «барымташылардың оспадар әрекеттері» туралы күн құрғатпай айтып, жазып, көрсетіп жатқанына куә болатыны сөзсіз десек, еш жалған айтпағанымыз. Ол үшін смартфоныңызды, компьютеріңізді ашып, google, yandex немесе басқа да ғаламторлық іздеу жүйесіне қазақша «барымташылар», орысша «барымтачи» сөздерін теріп көрер болсаңыз «Басынған барымташылар», «Мал ұрлап төрт рет сытылып кеткен барымташылар бесіншісінде қолға түсті». «Барымташылар Нұр-Сұлтанда асыл тұқымды екі жылқыны ұрлап сойып, сатуға жөнелткен», «Барымташылар заң бойынша жазасын алды», «Жылқы барымташылары қолға түсті», «Барымтачи украли лошадей на 40 млн. тенге в Алматинской области», «В ЮКО барымтачи украли лошадей на 4 млн. тенге» т.б. самсаған тақырыптарды көресіз. Иә, сонда «барымташылар» мен оның орысша сыңары «барымтачи» – мына ғасырда шынымен де ежелгі жосықпен өз ісін атқарып, лайықты орындап жүргені ме? Бірақ...
Бірақ, жоғарыдағы тақырыптар бойынша жарияланымдардың мазмұнына сыдырта көз жүгірте оқып немесе бейнежазбаларды көріп шығар болсаңыз, мұндағы іс-әрекет иелері – ешқандай да барымташы емес, кілең ауыл арасындағы арамтамақ арсыз ұрылар екеніне көз жеткізесіз. Яғни өзіне ешбір зиян-зәбірі тимеген, жайын жатқан әлдекімнің ақадал малын оңай олжа көріп өрістен ұрлап айдап әкетіп немесе қорадан жетектеп апарып сойып-сатып жіберген, ақыры «ұрлық түбі – қорлық» дегендей, ұсталып, жаза жүктегендер. Әрине, мұндай ұрылар адамзат баласында мүлік пайда болғаннан немесе малды қолға үйреткен арғы дәуірден бері қарай әрекет етіп келе жатқаны сөзсіз, бұлар кеше де болған, бүгін де ортамызда бар, ертең де бола береді. Сонда жазармандар мұның қай жерінен барымталық сипат көріп отыр екен? Ойланып қаласыз...
Ойланып қаласыз да, барымтаның архаикалық мәнін естіген-білген жан болсаңыз: «Япырай, өзге ұлт өкілдерінің үлесі басымдау кішігірім аудандық газеттің оң-солын тани бермеген жас журналисі болса бір сәрі, орыс тілді ақпарат құралдары болса, оған да жөн дейік. Басқасы басқа, бір ғасырлық, жетпіс жылдық тарихы бар, мүйізі қарағайдай беделді басылымдардың ғаламторлық бетінде жүрген «барымташылыққа» жол болсын?» - деп еріксіз бас шайқап налымасқа шараңыз жоқ. Әрине, сенбесеңіз, іздеу жүйесінен қарап көріңіз. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» деген осы болар, сірә.
Осы ойдың жетегімен, барымтаның анықтамасына көз жүгіртесіз: «Барымта – бұл қазақ халықынң дәстүрлі құқықтық мәдениетіндегі ерте замандардан қалыптасқан ұғым. Барымта – бастабында прогрессивті рөл атқарған: «қанға қан, жанға жан» дәстүрі адам мен адамның, ру мен рудың арасындағы қастықты күшейте түсетіндіктен, кек қайтаруды құн төлеу жолымен алмастыру, егерде кінәлі жақ қандай да бір себептермен белгіленген құн мөлшерін өтей алмаған жағдайда, немесе одан бұлтарса, ақсақалдар алқасының немесе билер сотының кесімі бойынша барымта жасауға, яки, оның өрісте жүрген малын айдап кетуге рұқсат етілген. Сондықтан да барымтаны ұрлықпен, тонаушылық пен шапқыншылықпен шатастыруға болмайды», - деп атап көрсеткен С.П.Фукстің «Барымта» атты мақаласында. Ал қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов барымтаға мынадай анықтама береді: «Ерте заманда «барымта» деп алынбай жүрген құн, борыш немесе қалың мал үшін басқа біреудің малын немесе басқа бір мүлкін тартып алғанды айтқан... Барымта тапа-тал түсте, жұрттың көз алдында күшпен алынған, ал немесе жасырын ұрланып істелінген. Ұрланып істелінген күнде барымта алушымен пәлендей жазаң үшін сенен барымта алдым деп үш күннің ішінде мал иесіне хабар беруге міндетті болған». Бұдан артық түсіндіріп, дәлелдеп жатудың қажеті жоқ шығар.
Барымтаға аттану жағдайының туындауына қазақ қоғамында мынадай жағдайлар себеп болған: біреудің жесірін немесе некелі әйелін азғырып алып кету жағдайы; кісі өлтіріп құн төлеуге тиіс жақ кесімді дұрыс орындамаған болуы; басқа біреуге тиесілі жерге рұқсатсыз мал жаю, меншікті қыстау, жайлау, күзеуіне сұрамай баса-көктеп қону жағдайы; ортақ олжадан үлес, сыбаға берілмеген жағдайда, тойға немесе өзге де маңызды жиындардан шет қалдырған жағдайда. Қазақ қоғамында мұның бәрі бидің рұқсатымен жүзеге асырылатын болған. Тіпті ең бергісі – «Жеті жарғыда» көрсетілген, қонақты күту рәсімі сақталмаған жағдайдың өзінде барымта жасалған. Спандияр Көбеевтің «Қалың мал романында осы жағдай барымтаға себеп болған: «Ана жылғы қызбадан келе жатып Тұрлықұл ақсақал, тоқтыны місе тұтпай, жөнді қонақасы бермедің деп, біздің жаман Қойбағардың атын барымталап, сіңіріп кетіп отыр». Иә, Тұрлықұл атты ұрлап алған жоқ, жөн-жосықтың сақталмауы себепті алып отыр. Бірақ, бұл жерде зорлықтың нышаны бар, әрине.
Демек, барымта ұғымы туралы тұжырымдарға қарап, жоғарыдағы ақпарат таратушы ағайындар барымтаның нышаны мен ұрлықтың әрекететін ажырата алмай отырғаны анық. Яғни, бұл сөзді іс-әрекетке қатысты қолданғанымен, ол сөздің қазақ қоғамындағы мүліктік, меншіктік қатынастарға байланысты кешегі дәуір түсінігін бүгнгі күнге сай қолданбай отыр деген сөз. Сөздің тарихи қалыптасқан мағыналық қатпарына мән бермегендіктен, барымта мен ұрлықтың ара-жігін ажырата алмаған. Ежелгі қазақ әдет-ғұрпында барымтаның ешқашан ұрлық ретінде қарастырылмағанын қазіргі күні бажайлап қарағандар болмаса, жас буыннан кім аңғарып біліп жатыр дейсіз.
Барымта – тек қазақтарға ғана тән емес, ол – материалдық құндылықты өндіріп алудың тікелей тәсілі ретінде Еуразия даласындағы көшпелі халықтардың барлығында да да алуан түрлі атаумен бар және барлығының мәні мен мақсаты бірдей. В.Н.Татищевтің 1746-жылы жазылған «Лексикон российской исторической, географической, политической и гражданской» атты еңбегі барымта туралы ең алғашқы орыс дерегі болып саналады. Онда былай делінген екен: «Егер де меншік иелерінің арасында, біреу келесісін ренжіткен жағдай туындаған болса, ренішті болғаны оны жөнге салуды және оның мұнымен келісетін-келіспейтінін сұрайды, сосын қайтаруға тиісті жағдайды реттейтін делдалдарды таңдайды».
Барымта жасаудың шарттары дәл қай дәуірде пайда болғаны анық емес. Және ол Шыңғыс ханның «Ұлы жасасынан» бастап кейінгі заңдарда да көрініс тауып отырғаны анық. Соның айғағы: Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» бойынша да барымта билердің арнайы шешімі арқылы орындалуы тиіс болған. Яғни билер соты тарапынан шыққан шешімді айыпты мен оның руластарына мәжбүрлеп орындатудың құралы. Яғни, бірер адам барымтаны ұйымдастырса, оның олжасы да ауылға ортақ. Әркім өзіне тиесілі үлесін алмақ. «У ішсең – руыңмен» деген айтылым осы барымтаға да қатысты болып келеді. Барымтаға қатысты келтірілген шығындар барымтаны жасаушы, жасатушыға ғана емес, ауыл, ру көтеретін жағдайлар болады.
Спандияр Көбеевтің «Қалың мал романында» ағайынды атығай мен қарауыл – екі рудың қанаттас ауылдары ортасындағы барымта жасасу және барымтадан туындаған жағдайды былайша баяндайды: «Байғазы, Əбіш келе даярланып тұрған барымташыларды аттандырды. Қалған жұрт аман мал əкелсе екен деген тілекте. Бұлардың тілегі де болды. Көп ұзамай-ақ, барымташылар жүз елудей жылқыны айдап келді. Барымтаның ақыры мұнымен біткен жоқ, – қарауыл да тек жатпай, ел шетінен о да мал алғызды. Бұл барымтаның ішінде біреудің жалғызы, біреудің, екеуі кеткендер не сан. Барымтаның сораңгелдесінен адам өлу де болды. Сойыл жығылған не сан... Істің басы барымта болса да, аяқжабарым та сылтауымен ұрлыққа да айналды. Тұрлығұл мен Байғазының екі жүздей жылқысы барымтаға түсіп, сағы тағы бір сынды. Барымта бес-алты жылға созылып, екі елдің, тынышы кете бастаған соң, ара елден кісі жүріп, барымта-сырымтаны тоқтатып екі елді бітірді». Барымтаның дауы – бір сәтте немесе бір жылда біте салатын сергелдең емесі осыдан-ақ аңғарылады. Бұл – әрине, барымтаның келеңсіз қыры. Бірақ, қазіргідей заң орындату жүйесі болмаған заманда, осыдан өзге жол және де болмаған. Барымтаның мәні осы болды. Барымта сөзінің мағынасы не?
«Барымта», «Баранта», «баримта» т.б. түрінде келетін барымта сөзінің мағынасы жайындағы анықтамалықтарда шағатай тіліндегі «қарақшылық», «тонаушылық», монғол тіліндегі «тонау үшін шабуылдау» мағынасындағы сөздер екендігі туралы жазылғанын көресіз. Кейбір қазақ зерттеушілері барымта сөзінің мағынасын «барым» – яғни маған тиесілі, «менде бар дүние» деген ұғымды береді деп атап көрсетеді. Бірақ біздің өз тарапымыздан жоғарыда айтылған ұғымдарға келіспейтін тұсымыз да бар. Біздің алып-қосарымыз – «барымта» ұғымының көне түркі, монғол тілінде «шабуыл» мағынасын бермейтіндігін қаперге ұстағанымыз жөн жөн сияқты. Біздіңше, «Барымта» – қолдағы нақты айғақ, ұстап қалған зат, факт деген мағына береді. «Барым» деп меңзеу де осыдан шықса керек. Мүмкін, «аттаныс» ретінде түсінуге болатын шығар. Барымта – қолда ұстап отырған айғақ, факт, анықтама. Тіпті «бармақ» деген сөздің де түпкі мағынасында «ұстауыш», «қармалауыш» деген ұғымдар жатыр. Ал бұл қармалауыш, ұстауыш «бармақтың» біздің тілімізде қашан, қалайша саумалауға қатысты «саусаққа» өзгеріп кеткені – бүгінгі қарастыратын «барымта» ұғымының этимологиясы аясынан аулақ, әрине. Демек, барымта – «бар дүнием» немесе «шабуылға барудан» гөрі бір тараптың екінші тараптан айғақ, факт ретінде алған материалдық құндылығы деген мағынадағы сөз екендігіне мән бергеніміз де жөн болар.
Барымта – көзбе-көз, көпе-көрінеу кепілікке алу деген ұғымды шендестіре отырып, «Айтыс – сөз барымтасы», - деп академик Мұхтар Әуезов бекер айтпаған ғой. Қалың көпшіліктің алдында бар өнерін салып, сөз сайысын жасап отырған екі айтыскердің қай тілі орамды, ақыл-ойға жүйрігі қарсыластың аузынан шыққан сөзді қалт жібермей бағамдай отырып, абайсызда мүлт кеткен жерін қапысыз ұстап барымталай отырып, осы сөзді өзіне тұзақ етіп құрып, ақыры жеңілгенін мойындатпай ма? Сөз барымтасы деген осы емес пе?
Барымта ұғымы туралы айтылған түрлі мазмұндағы мақалдар мен мәтелдер де қазақ тілінде баршылық. Олардың барлығында барымтаның сипаты, себебі мен салдары, халықтың жалпы барымтаға деген көзқарасы жатыр. «Шегірткеден қорыққан егін екпес, барымтадан қорықан мал жимас», - дейді, қазақ. Мұның мағынасы, әрине, барымтамен келген малдың құтаймай, дау-дамай арқылы қайтадан иесіне қайтарылатыны ғой. Сондықтан да қазақ: «Барымта алған мал емес, Қуып алған құн емес», - дегенді айтса керек.
Барымтаны орындаудың тура жолын қазақ ежелден: «Берсе қолынан, бермесе жолынан», - деп бір-ақ ауызбен түйіндеген. Ал барымтаны алғаннан кейін қарымтасыз болмайтыны – және қалыптасқан заңдылық. «Барымтамен келген мал қарымтамен кетеді», - деген де өмірдің өзінен алынған ақиқат екені даусыз. Барымталап алғаннан кейін оның түбі – жоғарыда мысалға алғанымыздай, бес-алты жылға созылған ырғасу, дауласу болмақ. «Барымта қайтпай, дау қайтпайды». Демек, барымтаның түбі – бітім. Ал барымтаның өршіп кетуіне кісі өлімі үлкен себеп болады: «Барымташы қайтыс болмай, дау айтыс болмайды». «Жортуыл басы – жолда қалар», - демекші, барымта, жортуылға шыққан талай ерлердің басы қайда қалмаған. «Әзірейіл барда, жаным бар деме, Барымта барда малым бар деме», - деп атам қазақ барымтаның рулы елге, ауыл-әулетке әкелер зобалаңын түсінгендіктен айтқан болар. Барымташы болу – сонау ерте замандарда – үлкен мақтаныш болғандығын аңғарамыз. Ал, барымтаның күні өтіп, қылмыстық сот орыстық жүйеге өткен кезде барымташылықтың да күні келмеске кеткені анық болатын. Себебі, қазақтың талай мықты азаматтары барымта жасаймын деп істі болып, қудалау көргені тарихтан белгілі. «Батырдан барымташы туар даңғой», - деп Абай хакім бекер айтпаса керек. Кешегі кеңестік заң да барымтаны қылмыс ретінде қарастырып, арнайы жаза тағайындаған. «Батырдан барымташы туады, барымташыдан ұры туады, ұрыдан қары туады» деген айтылым – қазақ қоғамындағы барымташылықтың дәурені біртіндеп-біртіндеп тозып бітетінін айғақтап тұрғандай.
Батыс, орыс ғалымдары мен зерттеушілері ХІХ ғасыр жүзінде барымтаға жіті мән беріп зерттеп оған сипаттама жасайды. В.Дальдің түсіндірме сөздігінде мынадай анықтама берген екен: «Барымтаның әскери шапқыншылықтан өзгешелігі шабуылдаушылар қанға қан кектен қауіптенгендіктен, қолына отты қарусыз тіпті өткір қару-жарақсыз, найза орнына шоқпар, сойыл және қамшы ұстайтындығында». Бірақ, кейіннен бұл үрдістің бұзылып, анық жаулыққа шыққанда суық қару қолдану үрдісіне көшкендігін біз Мұхтар Әуезовтің «Барымта» әңгімесі арқылы дәлелдейтін боламыз.
Барымталасқан ауылдар немесе рулар билер сотында бір-бірімен бітімге келу үшін жиналатын болған. Барымтаны «ол ұрлап алған жоқ, барымталап алды», - деген принциппен ақтап алуға тырысатынын байқаймыз.
Жалпы түрде ескерте кетер болсақ, барымта мен ұрлықты ажыратпай жүрген жазармандар Мұхтар Әуезовтің «Барымта» әңгімесі мен «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятын мұқияттап оқыған болса, екіншілей жаңылыс баспаған болар еді-ау.
Ендігі мысалдарды осы шығармалардан ала отырып, ойымызды ары қарай өрбітейік. Барымтаға қатысушы адам, яғни іс-әрекетті орындаушы бұл – барымташы. Ол адамның қарулы да әдісқой, жер-судың, табиғаттың қыр-сырын жақсы білетін, жан-жақты қабілетті болмағы керек. Барымта көбінесе, жаз мезгілінде жасалатын болған. Барымтаны жасаушы адам – барымташы болғанымен, көбіне оның туындауына себепкер болатын – негізінен ауыл, ру ішіндегі ауқатты, беделі мен ықпалы бар адамдар болады. Мұны «Қараш-Қараш оқиғасында» Мұхтар Әуезов былайша сипаттап баяндайды: «Жарасбай – құр ғана болыс емес. Болыстықпен ғана бедел, салмақ тапқан кісі емес. Әрі бай, ерте күннен ұлыққа беделді, саудасы да бар; «ер мықты» деп көпке аты жайылған адам. Мұны айтса, қолынан жақсы-жаман бірдей келеді, келгенде де молынан келеді. Маңайдағы басқа болыс, қажы, бай, мырза дейтіндердің бәрінен де мұның атағы басымырақ». Демек, ел ішіндегі болыс, би, ауылнай атанған ықпалды адамдар шамасы келгенше жылқышы, малшы, отыншы, сушыдан өзге, барымташыларды өзіне жуық ұстауға құлықты немесе мәжбүр деген сөз. Ғасырлар бойы Дала халқының өз ішінде туындаған заңдылық пен реттіліктің бұзылуын қалпына келтірудің тиімді құралы болып келген барымта дәстүрі Ресей патшалығы қазақ даласын жаулап алып, 19-ғасырдың бірінші ширегінен бастап отаршылдықты күшейте бастаған кезден біртіндеп мәнін жоғалта бастаған. «Бүркіт қартайса, тышқаншыл келеді» демекші, бір заманда ашықтан ашық соғысып, қарсыластың мысын басып, бұзылған меншіктік құқықты қалпына келтірудің құралы болған барымтаның мәні осылай біртіндеп кете бастаған.
«Қараш-Қараш оқиғасында» бұл турасында мынадай жолдар бар: «Өзге-өзгесінен бұрын, өз малы көзіне көрінбей, Қозыбақ аулы «барымташы», «жортуылшы» деп, малай жігіттерін кей жаздарда не ғилы пәлеге де салатын. Яғни өздеріне экономикалық жағынан тәуелді адамдарды Сәлмен мен Сәт сияқты болыс, байлар дәулетін молайту үшін пайдаланып отырған. Барымташы кәдімгі малшы-құсшыдан көбірек пайда тапқанымен, шекесі шылқып кеткені тағы шамалы болатынын мына жолдардан аңғаруға болады: «Тектіғұл міне – бүгін отызда. Әлі үйленген де жоқ. Екеуін бірдей сотқар мінезді Қозыбақ аулы, кейде бір елмен барымталасса, қолдарына қара шоқпар, астарына жүйрік ат беріп, жортуыл бейнетке – соғысқа да салатын». Қазақтың ол заманда өзге атқарар ісі де шамалы болғандықтан, еті тірі, қармаулы, әдіс-айласы мығым жігіттері өздері де Қозыбақ аулы сияқты зорекерлерді жағалауды теріс көрмеген сияқты. «Жарлымен құда болғанша, баймен барымталас бол» деген мақалдың шығуы да осыны меңзейді. «Қараш-Қараш оқиғасындағы барымтаға баруға түрткі болған жағдайға жазушы сюжетті біртіндеп қоюлату арқылы әкелгенін көреміз.
Мұхтар Әуезовтың барымта сипатын тамаша ашып берген әңгімесі «Барымтадағы» басты кейіпкер – Қалбағай. Ол да жоғарыдағы барымташы Тектіғұлдай, байдың мақтауына жарыған, қайратымен күн көрген есіл ердің бірі: «Маңайдағы елдің «соғысады» деген ірі жігіттерінің көбінің астына сенімді ат беріп, сойыл-шоқпарларын ыңғайлап, кейбіреулеріне мылтық та беріп, өз ауылында сақтайтын. Күндіз-түні соларға жер шалғызатын. Бірақ осылардың бәрінің ішінде Досболдың ең нық сенетін бір жігіті бар еді. Ол өзінің жылқышысы, бір жесір кемпірдің жалғыз баласы Қалбағай болатын». Қалбағай да, Тектіғұл да «барымташы» деген атты малданғаны болмаса, барымташының заманы өтіп кеткенін аңғарарлық түсінік деңгейінде емес те еді.
Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаяты мен «Барымта» әңгімесінің екеуі де барымта тақырыбын көтерген туынды болғанымен, әңгімемен салыстырғанда хикаятта барымта барысындағы қалып-күй, шапшаң динамикалы іс-әрекет жоқ. Екі туындыда да ел билеген ауқаттылардың қолшоқпары болып өмірлері өксіген қорғансыз күш-қайрат иелерінің аянышты, өкіншішке толы өкісікті тағдыры бар. Хикаятта Бақтығұлдың барымта жасауға деген мәжбүрлігі, осы жолда барымтаға сілтеуші байлардан көрген қысқастығы мен шалт қимыл, оқыс шешімге толы іс-әрекеттері оқырманның зығарданын қайнатып, еріксіз тарта түседі.
Ал «Барымта» әңгімесі барымташылық дәстүрдің қалыптасқан жоралғыларына қоса, барымтаға қатысушы екі тараптың қимыл-әрекет динамикасы мен сол сәттегі психологиялық қалып күйін тап басып тамаша суреттейді. Мінеки, бүгінгі түні міндетті түрде барымташылар келетінін іштей бағамдар сезген Қалбағай өзінің сайлауыт он бес жігітімен бірге жылқыны күзетуге шыққан. Көптен мінілімеген, осындай қысылтаяңда ғана үстіне ар салатын бозайғырды бүгін әдейі ұстап мінген Қалбағай барымташылардың алпыстай адамдық тобын анық көргенде, олар да қарсы шабады. «Сайды басына көшіріп сатырлап шулап шапқан жауды көргенде, қалың жылқы «шұр» етіп үркіп, қатты жел күнгі дүрілдеп жанған өрттей болып Қалбағай жаққа қарай жосып жөнелді. Жылқышылардың бірен-сараны шошынып үркіп кеткен жүрекпен жылқымен бірге кетті. Жау қарсысына бір 12 кісі «қайт! қайт!» деп қарсы шапты». Бұл екі жақтың алғашқы ашық айқасқа шыққан сәті болатын. Жылқыға келіп араласқаннан кейін күллі далаға аты әйгілі барымташылар жылқышылардың үрейін алып, мысын басу үшін өз атын айқайлайтын салт болған. «Барымта» әңгімесіндегі Қонақай мен Жоламан – осындай тәжірибелі, жырынды барымташылар болатын. Олар Қалбағайдың жанындағы он бес жылқышының бірнешеуін аттан құлатып жібереді. «Екеуі бір емес, барлық жылқышыға да көзге түсіп көрініп, өздерін танытып қалды, бұлар соғысқанда да алғашқы келгеннен-ақ: «Мен – Қонақай», «Мен – Жоламан», - деп келіп салысқан болатын. Бұл да болса, барымтаның өзіндік ерекшелігі. Егер бұл түн жамылып келгендер – барымташы емес, ұры болған болса, атын айтып айқайламаған болар еді ғой.
Әңгімеде жылқыны қуу мен құтқарудың да өзіндік тәсілдері бар екендігі кәдімгі соғыс тактикасынан бір де кем емес суреттеледі. Қалбағай бастаған азғана жылқышы өздерінен күші басым барымташылармен қаша ұрыс салып жүріп, жылқыны жаудан біртіндеп айырып алып, соңына түсіп қарсыласу әдісін ұстанады. Себебі, арт жағында қиқулаған дүбір естіліп, көмек келе жатқанын жақсы біледі: «Қазірде жаудың алдында жиырма бес, отыздай-ақ жылқы қалды. Қалбағай бұл уақытқа шейін жаумен ұрысқа көп алданбай, ылғи бестен, оннан жылқыны айырып келе жатқан. Ұрысты жылқыны айырып болған соң бастамақшы еді. Әрі-беріден соң жылқыдан жау алдында он бестей ірі жылқы қалды. Жау бұл он бес жылқыға қанағаттанса да, қанағаттанбаса да, енді осыдан басқа жылқыны қайта оралып ала алмайтын болды». Қалбағайлардың дұрыс тактикасы арқасында барымташылар әу баста алдына салып қуған жүздеген жылқыдан небәрі оншақты жылқыға ғана ие болып қалған кезде, Қонақайлар тобы енді қуғыншылардың бетін қайтаруға көшеді. Сонда да бұлардан айласын асырған әккі Қалбағай өзімен сайысқан Қонақайды аттан құлатуға айналады. Қонақай сонда өзіне көмекке келген Жоламанға: «Атты ат!» - деп айтып үлгереді. Сөйткенше болмай, Қалбағайдың шоқпары қарақұстан тиіп Қонақай да аттан құлайды, бозайғырды атпақ болған Жоламан қапылыста Қалбағайды қақ жүректен атып алады. «Жарық айлы бүгінгі түн қаралы қанды түн болды. Өз намысы оянбаған екі бейбақ, асығы түгел әлдекімнің намысына итаршылық жасады да, жайрап түсті қос арыс!» - деп аяқталады, әңгіме. Иә, расымен де барымтада осындай қайғылы оқиға жиі болып тұратын болған. Қазақтың кез келген көршілес ауылы мен ру-тайпалары арасында болып келген барымта, жылқы қуып алу туралы Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанында да айтылады:
Мен сені алып жөнелсем осы түнде,
Жиылмай ма бар матай жалғыз күнде?
Тобықтыдан жылқыны тиіп алып,
Басталмай ма бітпестей бүлік мүлде, -
дейді Кебек Еңлікпен ақылдасу барысында. Бұлар өздерінің әрекеті неге апарып соғатынын да жақсы біліп отыр. Барымта алмай, бітімге көнуге болатыны туралы әңгімелеседі:
Барымта алмай бітімге көнсе елің,
Қанша мал алса аярым жоқ қой менің.
«Қызды қайтар, әйтпесе бітпейміз», - деп,
Жатып алса, табамыз қайтіп жөнін?
Расымен де мал қуысқан қанаттас екі ел қыс өтіп, жаз айналғанда бітімге келіп, барымтаға алған малдарын қайтарысып алады:
Екі ел бітті, сөйлесіп жазға салым,
Қайтарысып барымта, алған малын.
Тамақ үшін қыдырған матай айтып,
Бұл бітім Еңлікке де болды мәлім.
Барымтаны қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінде ғасырлар бойына қалыптасқан ұғым, әрі есесі кеткен жақ пен есе-теңдік бермеген тараптың арасында жылдам бітім жасаудың бір құралы ретінде көрініс тапқан барымта ықпалды билер мен ақсақалдардың рұқсатымен жасалатын болған дегенімізбен де, мұның өзі де уақыт оза келе әлімжеттік жасау құралына айнала түскенін көреміз.
Барымтаға барудың себебі негізінен жесір дауына, жер дауына байланысты туындаған қайшылықтар болады. «Барымтаға – қарымта» деген мәтел – барымтаның ұласымын танытады. Яғни келесі тарап барымта жасаушы тараптан есе қайтару үшін қарымта деп аталатын әрекетті жасайды. Мұның мәнісі – жапа шеккен жаққа келтірілген шығын түгел қайтарылады да, белгілі шектен асып кеткен болса ол қарымта ретінде қарастырылады. Ал дау біткен кезінде есептеуге енбей қалған мал-мүлікті «білсе – барымта, білмесе сырымта» деген ұстаныммен, барымта жасаушы жақ өзіне білдіртпей сіңіріп кететін болған. «Қараш-Қараш оқиғасында былай дейді: «Қозыбақ аулы барымтамен байыды. Сондықтан да ол ауылдың басты еркек-ересек малайлары емес, қатын-қалаш, бала-шағасына шейін «білсе – барымта, білмесе – сырымта» дейтін жайларды күле түсіп, көп ауызға алысатын». Демек, барымтадан түсетін азды-көпті үлеске ауылдың үлкен-кіші, еркек-әйелі түгел қызығушылыққа ие деген сөз. «Ұрының әйелі де ұры» дейтіннің өзі де осыған мәндес мәтел ғой.
Патшалық Ресей күшейген үстіне күшейіп, қуатты державаға айналған соң, бытырау-тарау Қазақ хандығын оңай құлатып, жүздерді бөлшектеп, дуандарға, дуандарды ояздарға, ояздарды болыстықтарға бөліп тастағаыны белгілі. Бұрын елді хан, аға сұлтан билеген болса, қазақтың ендігі биік лауазымы – үш жылға сайланатын болыстық болып қалды. «Болыс болдым, мінеки, бар малымды шығындап», - деп Абай айтқандайын, мұның зардабы ұлтымыздың мінез-құлқы барынша ұсақталуына әкеліп соқты. Ел ішінің берекеті кетіп, ырың-жырың дау-дамай арылмай, бытыраңқы жағдайға түседі. Ресей патшалығында 1822 жылғы 22 маусымда күшіне енген «Сібір қазақтары туралы жарғыда» барымтаны қылмыстық іс ретінде қарастырып, мұны ұрлықтың бір түріне жатқызып, барымташыларды қатаң жазалау үкімдері шығарыла бастаған болатын. Барымташының бұрынғы келісімді схемасы бұзыла бастады. Ал барымташылар болса мұны әлі түсінбек емес. Бұл тәртіптің ахуалын біз Қозыбақ аулынан қорлық көрген соң Жарасбайды паналаған Бақтығұлдың басынан көреміз. Бақтығұл өзіне жылы-жылы сөйлеген Жарасбайларға риза көңілмен өзіне тапсырылған жұмысты жанын сала атқаруда. Ал Жарасбай, Сәрсен, Қоқыштар болса мұны жаз бойы барымтаға пайдаланып алып, өзінің заңы бойынша жазалауға шыққан патша ұлығы ашқан съезде бар пәлені Бақтығұлдың мойнына іледі: «Мен бірді алайын, онды, бесті алайын – бәрін де өз кегімді қуып алғамын жоқ, емеурінмен алдым. Алғызғанды алыстан іздемеймін. Нақ міні – мына отырған Сәрсен мен Қоқыш», - деп өзін арашаламақ болғанымен, мұнысынан ештеңе өнбейді. Қоқыш билерге қарата: «Партия жөнімен алынған барымта, тартыс – бір басқа, ол сөздің түйіні саған келген жоқ. ...Билер! Бұл жұмыс барымтаға да, партияға да жанаспайды, басы ашық ұрлық. Бұл бізге ғана емес, Жарасбайға да жармасар. Болыс маған осы сөзді билерге айтып кел деп, әдейі жіберді. Міне – ұрың, әні – мойнына алып отырған ұрлығы! Ендігісін өздерің біле бер!» – деп жығып береді. Барымтаға жұмсаушылар мен барымтаға малын алдырушылар патша ұлығы алдында бір-бірімен ауыз жаласып бірігіп кетеді де, барымташы байғұстар нақақтан ұры атанып, төлем төлеп, істі болады. Осы да әділеттілік пе еді?
Міне, осыдан кейін ашынып қашқынға айналып, туған жер айналасындағы тауға кеткен Бақтығұл Жарасбай болысты атып өлтіреді. «Қараш-Қараш оқиғасы» – әлдінің жемі әлсіз болып, қазақтың патша билігіне жарамсақтанған ұлығынан опа, байырғы салт-дәстүрінен кенеу кете бастғанын көрсеткен терең түйінді туынды. Қалай болғанда да Мұхтар Әуезовтың осы екі прозалық туындысында барымтаның мән-мағынасы мен оның өту динамикасы үлкен суреткерлікпен бейнеленгені анық.
Сөз соңында айтарымыз, көнеден жеткен әрбір сөздің артында ұлтымыздың сан ғасырлық салты мен дәстүрі, әдеттері мен ғұрыптарына негізделіп, өз тұсында заңдық нормалық сипатқа ие болған терең ұғымдар жататынын қазақ тілінде ойлап, сөйлеушілер, әсіресе, журналистер қауымы үнемі ескерсе екен дейміз. Бұған табиғаты ұрлыққа еш жатпайтын барымта сөзінің қолдану мағынасы мысал бола алады. Барымта – ешқашан ұрлық болмақ емес.
Бөлісу: