Кәкішев әлемі

Бөлісу:

05.05.2020 4439

Тұрсынбек Кәкішев тұтас болмысымен ұлт үшін жаралған дара тұлға еді.

Ол кісімен 2006 жылы 9 маусымда Алматы қаласындағы ғалымдар үйінде өткен «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық конференциядан кейін жақыннан шүйіркелесіп кеттім. Ол жайында Т.Кәкішев кейіннен «Қоян жылғы саяхат» естелігінде: «Осыдан 5-6 жыл бұрын Керей Ер Жәнібек атындағы халықаралық қор құрылып, жұмысқа кірісті. Оған тікелей араласым бар. Қазір жұрттың бәрі ата-бабасын, ру-тайпасын іздеп жатқанда, бір-бірімен бастары оңайлықпен қосыла қоймайтын керейлерді ұйымдастыру үшін Қытайдағы абақ керейден келген жігіттер, әсіресе Жәди Шәкен деген азамат Қазақстан ғылым академиясының ғалымдар үйінде ғылыми конференция өткізді. Бардым», - деп еске алады.

Содан 2011 жылы шілдеде Астана қаласына көшкенге дейінгі аралықта көп бірге болдық. Онан кейін де ара қатынасымыз үзілген жоқ. Әрине, бір адамды танып-білуге 5-6 жыл аздық етер, алайда, «жолдасыңды жолсапарда таны» дегендей көп реткі бірге жүріп бірге тұрған сапарластық арамызды жақындатып жіберген еді.

Бастыларынан – 2007 жылы Тұрсынбек Кәкішев, Әзілхан Нұршайықов, мен Жәди Шәкенұлы – үш кісі маусымның басында бір апта ШҚО-да, Өскемен қаласында, Жарма ауданында болып қайтқан едік. Осыдан кейін де Ер Жәнібек бабамызға қатысты барлық іс-шараларда бірге болдық. Екінші рет 2010 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы бастаған, Мақсұт Темірбаев, Темірхан Үндемесов, Жәди Шәкенұлы – төрт кісі Қытайдағы бауырлар арасында арнайы сапарда болып қайтқанбыз. Үшінші рет, осы жылы (2010) 2 қарашада Тұрсынбек Кәкішев, Мақсұт Темірбаев, Мұхаметхан Омаров, Мұртаза Бұлұтай, Баянғали Әлімжан, Жәди Шәкенұлы Қызылордада өткен діни-ағартудың көрнекті тұлғасы Марал ишанның 230 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатыстық.

Төртінші рет 2011 жылы 16-17 маусымда Тұрсынбек Кәкішев, Нұрқожа Ораз, Серік Тұрғынбеков, Жәди Шәкенұлы бастаған топ – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ф.ғ.к, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Медиа орталығының директоры Ақылбек Шаяхметовтың 60 жастық мерейтойына барып қайтқан едік.

Осылайша аға-бауыр ретінде жақындасып, жанасып қана жүрмей, әдебиетте де ұстаз бен шәкірт ретінде сыйласымды өттік. Тұрсекең әдебиет жайындағы әр бір болымсыз нәрсеге үлкен назармен, ынтамен қарайтын. 2008 жылы менің «Бір уыс сәуле» атты кітабым «Жазушы» баспасынан жарық көрерде қолжазбамды ерінбей-жалықбай оқып, алғысөз жазып еді. Алғысөздің тақырыбын да «Даңғылыңнан жаңылыспа» деп айғайлатып, ақ батадай қойғаны бар.

Жылдар уысымызда тұрмады. Бәрі де сырғып өте шықты. Енді артыма қайрыла қарасам, Тұрсынбек атты кесек тұлға, қайталанбас бейненің, Алатаудай абыздың бауырында талай тәтті күнім өткен екен. Енді сол өткен күндер елесінен бірнеше түйінге ерекше назар аударғым келді.

Мағжанды еске алып жылауы

Өмірдің бұралаң күндерінде ақылдан тарыққан немесе әлде біреулерге өкпелі болған шағымда бірден Тұрсекеңе тартатын дағды қалыптастыра бастағанмын. Қашан есігін қақсаң «келме» демейді. Құшақ жая қарсы алады. Сені тыңдайды. Арасында: «Та-а-к», - деп қояды. Қалай жуасытуды да жақсы біледі. Күләш жеңгеміз де үлкен басын кішірейтіп дастарқанға жүгіреді.

Дастарқаннан тұрған соң ағамыз көңілі қалаған кісісін мамырлай басып кітапханасына бастайды. Сондай күндердің бірінде Тұрсекең әдетінше оң қолының сыртымен көздерін сықырлата уқалап, сығырайған көздерін үлкен ашып қолына Мағжанның жыр жинағын ұстады. Кітап оқығандағы әдеті – кітаптың ұнаған, ұнамаған жерін сызып, қаламмен белгілер салып отырады.

– Қарашы, мынаны. Мағжанды. Қайран есіл ерлер-ай. Мына бір өлеңін оқып берейін. Тыңда! Түрксиб теміржолы тартылғанда жазғаны.

Осыны айтқан Тұрсекең Мағжанның әлгі өлеңін оқи жөнелді. Өлеңнің аяғына жетпей солқылдап жылай бастады.

– Қайран ерлер-ай, халқын қалай сүйіп өткен! Еңкілдей жылап өлеңнің соңына да жетті. Оң қолының сыртымен көзін тағы да сықырлата уқалады. – Қазақтың нағыз жанашырлары осылай болған, қазақ жеріне күн сайын сұғына кірген орыс отаршылдығына қарсы айтып отырғаны ғой. Қазір қалаймыз! – алақанын жайып көз жасын құрғатты.

Сәбит жайындағы толғанысы

Тұрсекең Сәкен мен Сәбитті шын сүйетін еді. Кеңес дәуірін және кеңесшіл қазақтарды жақатпайтыныма айтатын уәжі де көп:

– Айналайындар-ау, сендер ылғи «сәбет-сәбет» деп Совет Одағын жек көресіңдер. Әрине ақтамаймын. Бірақ қазаққа және қазақ әдебиетіне әкелген оң ықпалдары да аз болған жоқ қой. Сәкен, Сәбиттер ешқашан жеке басының қамын ойламады. Халқын ойлады, халқының әдебиетін ойлады. Сол халқыма Кеңес Одағы сүйеу болады деп сенді.

Сәбит жұрт ойлағандай жеңіл, заман баққыш болған жоқ. Бәрін сезді, бәрін біледі. Бәрі бір ұлтын тығырықтан алып шығатын жолды іздеді. Мұхтар Әуезовты бірінші болып қолдаған да, ол туралы арнайы мақалалар жазған да Сәбит болды. Ащы сындарға барғаны да рас. Оны ешқашан күншілдікпен, бақталастықпен айтқан жоқ.

Ал, Мұхаң жарықтықта да пендешілік болды ғой. Сәбиттің мақтауын қабылдап, сынын қабылдай алмады. Бетке келгенде білдірмесе де, іштей есе қайыруды ойламай қалған жоқ. Тіпті Алашшылдар мен қуғын-сүргін заманында Мұхаңның басқалардың үстінен қол қойып бергеніне не айтамыз!?

Әсіресе, Дінмұхамед Қонаев пен Мұхаң құда болғасын, бұл мәселелер ашық көрініс берді. Қонаевтың өзі Мұхтарды көкке көтеріп, Сәбитті елемегенсіді. Тіпті адамсынбады деуге де болады. Сөйтіп, үнсіз қалдыру арқылы оған рухани соққы жасады. Сәбитті күйретуге жұмыс жасады. Мұның бәрі Сәбеңе ауыр тиді.

– Көрдің бе, бұларды жайдан жай айтып отырғаным жоқ. Барлығы архив материалдарында бар. Жазып жатқан кітаптарыма да кіргіздім. Ал қазір бәріне кешіріммен қараймыз. Мұхаңа да Сәбеңе де. Енді біреулердің Мұхаңның көлеңкесіне мән бермегенсіп, Сәбитке жармасатыны бар. Алдымен ұлтына Сәбиттей еңбек жасап, Сәбиттей мол дүние жазып көрсінші, шіркіндер!

Алыстағы ағайын арасында

Тұрсекең алыстағы ағайынның рухани әкесі сияқты еді. Еуропадан Әбдуақап Қара; Моңғолиядан Ислам Қабыш, Сұраған Рахмет; Қытайдан Шәміс Құмар, Зейнолла Сәнік, т.б. бірден Тұрсекеңнің үйіне сәлем бере кіретін еді.

Көбі менің ол кісіге жақын жүргенімді ескеріп, жол бастауымды өтінетін. Тұрсекең қандай жұмыс, мәжілісте жүрсе де «жоқ» демейді. Күләш жеңгеміздің ағаш табақпен тартатын қазы-қарта, жал-жаясы да дайын тұрады.

Әңгіме өзегі арғы-бергі бетті ақтарады. Әдебиет қана емес, алыстағы, шеттегі 5 миллион қазақтың хал-күйін арқау етеді. Тұрсекең тура өзінің бірге туысқан адамдары жер бетіне шашылып қалғандай ыстық туысқандықпен сөз қозғайды. Көңілі бұзылғанда көзін қайта-қайта сықырлата уқалап алады.

Ол кісімен әңгімелескен әр қазақ зәмзам суына қанғандай шөлі қанып, жайдарланып шығады. Үкіметтік жарылқау жандарына жетпесе де рухани қолдаушысы барына марқайып қайтады.

Ерекше есте қаларлық тарихи оқиғаның бірі – Т. Кәкішевтің Қытайдағы бауырлар арсында сапрда болуы еді.

2010 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы, Мақсұт Темірбаев, Темірхан Үндемесов сынды ағаларымды бастап Өр Алтайға бет алдым. Үрімжіде Шәміс Құмарұлы бастаған зиялы қауым өкілдеріне кезіккен соң, 24 шілдеде Жәнібектің қара шаңырағы отырған Шіңгілге жол алдық. Алдымыздан батырдың 8-ұрпағы, әнші Сағдат Мырзахметұлы шығып, ауылға бастады.

25 шілде күні таңертең Шіңгілден аттанып, Көктоғай ауданындағы Шынжаң қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, әйгілі ақын Ақыт Үлімжіұлының, даланың көкжалы атанған Оспан батырдың ауылына бұрылдық.

Біздің осы ауылға ат басын тірегенімізді естіген Ақыттың Қызыр Алдажарұлы деген немересінен туған Сайран Қызырұлы, Оспан батырдың немересі Нұрлан Нәбиұлы бастаған топ алдымыздан шықты.

Көктоғайдың көп шежіресінің бірі – әйгілі Зуқа батырдың хикаясы екенін білетінбіз. Үрімжі-Алтай тас жолының жиегінде – алдымыздағы Белқұдық деген жерде үлкен қорымда зұлым үкіметке қарсы шыққан хас батырдың сүйегі жатыр. Бұл күндері үлкен зиратқа айнала бастаған қалың мазарлықты көргенде еріксіз тізгінімізді іркіп, тіземізді бүктік. Батыр рухына дұға бағыштадық.

Шынжаң қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлғаның бірі – тарихшы, жазушы Асқар Татанайұлы. Біздің сәлем беріп, дұға оқитын шаңырағымыздың бірі де сол Асекеңнің баласы Көбен Асқарұлының үйі болатын. 26 шілде күні таңертең ерте бізге амандаса келген «Алтай аясы» аталатын журналдың бас редакторы, ақын Болат Ғазезұлы үй иелерінің асыға күтіп отырғанын жеткізіп, бізді солай бастады.

Әдебиеттің Алтай өңіріндегі қара шаңырағының біріне айнала бастаған бұл үйдегі әңгімелер әрине, әдебиет және Асқар төңірегінде өрбіді. Көбеннің өзі де ақындығынан қалса тарихшы, жазушы, әңгіменің де майын тамызып айтады. Біз әңгіме қызығымен отырғанда есіктен ат жақты, сұңғақ бойлы бір азамат сәлем бере кірді. Көбен:

– Ержан Кәзімұлы Мәңкей немересі, Алтай аймақтық уәли мекемесі бас хатшысының орынбасары. Алтай күнбетінде өткен әйгілі Мәми бейсі Жұртбайұлының шөбересі, – деп таныстырды.

Біздің ылғи да ұлы адамдарға тағзым жасап, үлкен шаңырақтарға сәлем беріп келе жатқанымызды естіп, үй иелері сәлемнің сәтін арнайы орайластырса керек. Алтайдағы қасиетті орындар мен қара шаңырақтарға деп ала келген шапанымыздың біреуін Асқар атамыздың орнындағы Көбен Асқарұлына, біреуін Мәми бейсінің шөбересі Ержанға жаптық.

Асқар Татанайұлының шаңырағынан шыққаннан кейін Алтай қаласын араладық. Ондағы қазақ емшілік орталығынан шыққаннан кейін қаланың басына тіреліп жатқан ақ қайыңды «Шәріпхан аралына» бас сұқтық. Шәріпханның қабірінің алдына қатарласа тізе бүгіп, марқұмның рухына бағыштап дұға оқыдық.

27 шілде таңертең жол жобамыз бойынша Буыршын ауданына қарай жолға шықтық. Алтай бетінде сайланған төрт бидің екеуі – әйгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлы мен Құлыбек Жантеліұлы осы Буыршында жатыр. Бейсенбінің ұлы әйгілі қара Оспан да, Құлыбектің немересі Өміртай Нәшінұлы да осында өткен. Әрі бұл жер «Алтайдың ақиықтары» романы арқылы көпке таныс көрнекті жазушы Мағаз Разданұлының да ауылы.

Буыршын біздің Алтайдағы сапарымыздың соңғы аялдамасы болды. Осыдан кейін Сауыр, Қарамайлыны басып, Күйтұнге жеттік.

28 шілде таңертең ерте Күйтүн қаламгерлері бізге жолығуға келді. «Іле халық баспасының» жауапты редакторы, жазушы, сыншы Серік Қауымбайұлы, баспа редакторы Алға Ақанұлы, Іле оқу-ағарту инситутының оқытушысы Тұрсынхан Әлхан, ақын Гүлнар Қуанбеқызы, Құрылысқан Тәлиянқызы, Нұржан Қожекеқызы т.б. аз да болса саз әңгіме дүкен құрдық.

Алматыға қарай бұрған ат басы осы елдегі соңғы аялдама Құлжа қаласына тірелді. Біз Құлжа қаласына кештетіп жетсек те «Іле айдыны» журналының бас редакторы, Облыстық Жазушылар қоғамы төрағасының орынбасары, ақын Мақсат Нұрғазин бастаған бір топ азамат алдымыздан шықты. Кешкі қонақасыда Алматыдан барған тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы және Омаралы Әділбек, Рахым Айып, Базаралы Әріпұлы секілді азаматтармен бірге болдық.

Шағын делегациямыздың осы реткі сапарын Құлжа қаласында аяқтап, шілденің 29 күні Қорғас кеденіне келдік. Алматыға оралдық.

Аталған сапардан ағамыздың тікелей қолға алуымен сапар естелігін негіз етіп көлемді мақала дайындадық. Мен мақалаға «Қытайдағы қазақтар арасында» деп ат қойып едім, Тұрсекең «Қытайдағы бауырлардың руханияты» деп өзгертті. Сол өзгерген атау бойынша аталған мақала «Жас қазақ үні» газетінде және «Абай.кз» сайтында жарық көрді.

Жер шарының қай түкпіріндегі қазақ болсын Тұрсекеңнің емешегі үзіліп, оны бауырына тартып тұратын. «Бауыр» деген сөзді көбірек қолданып, алаш баласын еш алаламайтын еді.

Өзім куә болған жайлардан Қытайдан жазушы Шәміс Құмарұлы, Моңғолиядан ақын Сұраған Рахметұлы, Түркиядан ғалым Әбдуақап Қара ол кісінің қара шаңырағына арнайы бас сұғып, көңілді дастарқанмен жақсы сұхбаттар құрғаны бар. Олардың әр қайсысына: «Бәрі дұрыс па?» - деген сауал қоятын. «Дұрыс болмаған» сұрақтары болса, телефон тұтқасын қолына алып, қажет деп тапқан нөмірлерге қоңыраулата бастайтын. Сөйтіп шеттен шаршап келген талай ағайынның ғылым жолындағы қиын сұрақтары ол кісінің алдына келіп шешімін тауып жатушы еді.

Көкшетаудағы сілкініс

2013 жылы Көкшетау қаласында Абылай ханның 300 жылдығы аталып өтті. Сол жиналысқа кірер алдында Күләш жеңгеміз ағамызға өтініш жасағандай болып, маған базына қылып: «Мына ағаларыңыздан өзгесінің бәрі де үкіметтен алатын нәпақасын алып, майрағай да, тайрағай. Ал біздің Тұрсекең айтпайтын сөзді айтып салып, аузы күйіп жүреді. Мұндай мінез билікке қалай жақсын, осы жиналыста алды-артыңызға абайлап сөйлерсіз!» - деген мазмұнда сырын айтты.

Содан жиналыс басталып, сөз кезегі әзер дегенде Тұрсекеңе тиді-ау. Ширап отырса керек, Абылай туарлы аз-кем тоқтала келіп, алдыңғы қатарда отырған мемлекеттік хатшы Марат Тәжинді меңзеп:

– Әй, Марат, сендер қала күнін Астана қаласында дүркіретіп өткізгенде сондайсыңдар, Абылайдың тойын Астанада тойлауға жарамай қалдыңдар ма? – деп күркіреді.

Залдың іші шатырлаған шапалақ үні. Бес минуттай толас таппай дүркіреп тұрды. Жеңгеміздің «ескертуі» жайында қалып, Тұрсекең ащы шындықты жайып салды. Шындықпен бетпе-бет келгенде еш бұғып қалмайтын батыр, батыл, асау мінезін тағы бір мәрте солай көрсетіп еді.

«Таулар алыстаған сайын биік» дейтін бір сөз бар. Тау тұлға Тұрсекең де қазақ руханиятының, қазақ әдебиетінің асқарларының бірі еді. Менің еске алуларым оқта-текте ойға оралған болмашы істері ғана болар. Тұтас ғұмырын ақтара қарағанда Тұрсекеңді зерттеу – арнайы ғылым дәрежесінде қолға алынғанда ғана өз нәтижесін толығынан бере алады деп ойлаймын.

Жәди Шәкенұлы,

жазушы

Бөлісу:

Көп оқылғандар