Қажығали Мұханбетқалиұлы. Жалғыз жиен
Бөлісу:
Ақтаспайдың аты аталған жерде бұл ауылдың еркек кіндік баласына дейін бір сөйлемей қалмайды. Тіпті қатын-қалашы да: «Е, әлгі біздің жиен бе?» – деп немесе: «Өй, сол жындыны қойшы», – деп отырғаны. Андап қарасаң, олардікі де дұрыс... әйел шіркін «кімнің түтінін түтетсе, соның сөзін сөйлейді ғой». Оның үстіне, нағашылы-жиенділердің ала қалжың айтысында «жалғыз үйлі жиеннен» жеңіліп қалмайтын Қойсал тұқымының болашақ мықтыларын тәрбиелеп шығаратын да солар. Сондықтан балаларының санасына сөз сайысында айтылатын уәждің бәрін осы бастан құя беру де – солардың міндеті.
Айтпақшы, Ақтаспайдың кім екенін айтпас бұрын, әуелі көпшілікке тоқтала кетелік. Түбекте отырған бұл ауыл – бір шал-дан тараған... түгелімен Қойсал! Ақтаспай – кірме. «Сен кірмесің» деп көзге шұқып жатқан ешкім жоқ, әрине. Бірақ «кірмемін» дегенді Ақтаспайдың өзі қолай көреді. Әрі жалғыз үй. Әкесі де жалғыз жігіт болған. Қойсалдан қыз алып, қайын-жұртында тұрып қалыпты. Марқұм еңбекқор, нәті жуас кісі еді; сондықтан ба, әлде қаңқу сөзге құмарлығы жоқтықтан ба, әйтеуір, қалың Қойсалға қалай да сыйыпты ғой. Ақтаспай да жалғыз болды. Әрі (соры ма, бағы ма?!) бұл ауылға жиен болып шықты. Бірақ әкесі секілді көнбіс бола алмады. Құйттайынан Қойсалдармен жағаласып өсті. Жағаласайын деп жағаласқан жоқ-ау, анаусы да, мынаусы да түртпектей берген соң, орынды-орынсыз қажай берген соң, тілі шықты. Сонымен, бүкіл бір ауыл бір өзіне ақысыз-пұлсыз «бапкерлік» еткесін Ақтаспай осал болсын ба... күндердің күнінде қисық-қыңырлықтан да, жөн-жобадан да жеңілмейтін, кәдуілгі ша-шасына шаң жұқтырмас нағыз суырылманың өзі болды да шықты.
Әділін айту керек, оның да жеңілген жерлері (жеңілетін себептері) болған шығар-ау, бірақ көп Қойсалдың қайсысының қай жерде, қашан жеңгені кімнің есінде қалып жатыр... Ал, Ақтаспай жеңсе, жұртқа со бойда жария боп кететін. Ақаңның сонысымен аты шықты, дәлірек айтқанда, Ақтаспайдың «Ақтаспай» атын шығарған – сол Қойсалдардың өздері болды. Содан бері бүкіл ауыл бір жақ, Ақтаспай бір жақ. Әлі күнге айтысып, тартысып, жеңісе алмай келе жатыр.
Ол – ол ма, жекелеген біреулердің жіберген кемшілігін былай қойғанда, көпшіліктің де өзіне тән, жұрттың бәріне ортақ қатесі болады. Соның ең бастысы – өзінің көптігіне сеніп кеткендік. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар-ау», жалғыз үйлі «кірме» де, ұтыры келген жерде, бір күні бәрімізді қосақтап бір-ақ ұрып кетер-ау дегенді қалың Қойсал әсте ойлаған емес. Жұрт жиылған жерде жалғыз Ақтаспайды жан-жақтан жабыла мүйіздейді, жабы-ла қажайды. Жеңіліп бара жатқан кейбір керауыздары әкесінің ау-зынан жібереді. Оған құқылары бар. Ақтаспай ашулана алмайды. Ашулануға қақысы жоқ. Өйткені, мұның әкесі бұлардың апаларын алған. Жездесі! Ал жездесінің аузын қанша боқтаса да, балдызға рұқсат етілген.
Әй, неғыласың! Тап осы жерге келгенде Ақтаспай талай күйді-ау. Қойсалдың бала-шағасына дейін «әкеден» жібергенде сай-сүйегі сырқырайтын. Бұ да жіберер еді, «жиен нағашысын боқтауға болмайды» деген бар. Нағашылы-жиенді кісі айтысса – жиен жеңілуі керек. «Күш атасын танымас» – бұл жерге жүрмейді. Не керек, барлық үстемдік соларда. Тіпті бұған да қарамас еді, кызды-қыздымен боқтап жіберсе, желігіп алған жігіттер жабылып, «сенің бізді пәлен қылатын жерің қайсы өзі, мықты болса көрелік» деп шалбарын шешіп алудан тайынбайтынынан қорқады. Әй, неғыласың енді?! Не қыларсың?!
Өзі сөйтіп күйініп жүргенде, пішен қорып, орталықтан бірер шақырым жердегі базда жалғыз үй отырған Ақтаспайдың баласы бір күні үйге жылап келсін.
– Не болды, қарағым? – деді Ақтаспай асты-үстіне түсіп.
– Айтсаңшы енді, не болды?! – деп шешесі де бәйек.
Ақыры, анықтап білгенде ұққаны – орталыққа барған екен, кішкентай «нағашылары» сабап жіберіпті.
– Ой, тәйірі, сол ма?! Иә, неге ұрды? – деді мән-жайды ұққандай болған Ақтаспай күліп. – Шатақтарың неден басталды?
– Боқтады!
– Қалай боқтады? Не деп боқтады?
– Әкеңнің аузын... – деді.
– Жайдан-жай боқтамаған шығар, әуелі не деп тиісті?
– Мәліктің үйіне барып ем, көкесі: – Қалай, бала, жынды әкең аман ба? – деді.
– Сосын?
– Аман! Неге Сіз көкемді «жынды» дейсіз?! Жынды емес, сап-сау жүр, – дегем.
– Ойбай-ау, бала, сен әлі білмейді екенсің ғой. Бізде жынды емес жиен жоқ қой. Әй, Мәлік, Халық, Салық, мынаған түсіндіріңдерші! – деді. Сосын Мәліктер жабылып: «Әй, сен жынды Ақтаспайдың баласысың ба, жоқ па? Бізге жиенсің бе, жоқ па?» – деп мазақтады.
– Көкем сендер айтқандай жынды емес... – деп едім.
– Омай, жынды әкеңнің... мынау «көкем жынды емес» дейді-ай! – деп келекеледі.
– Сосын?
– Сосын төбелесіп қалып ек, бәрі жабылып ұрды-е-е...
– Қап, қу жалғыз-ай!
Төбелескенде мұның да жалғыздығы есіне түсті ме әлде әлгіндегі ызасы тарқамаған ба, баласы тағы еңіреп қоя берді.
«Қап, бәлем, тұра тұрыңдар! Қалың Қойсал, сендерді де бір қатырармын», – деп Ақтаспай іштей кіжінді.
* * *
Шілденің ми қайнатар ыстығы енді-енді қайтып, күнұзақ терезелерін тұмшалап алып ұйқы соғатын орталықтағы жұрт сыртқа шыға бастаған кезде, Ақтаспай баласын дауыстап шақырып алды. Сапары сүңгідей қияқ мұртының шалғысын көңілдене ши-ратып отырып:
– Құлыным-ай, сен орталыққа барып, сондағы үйлердің бас-басына кір де: «Кешке жиналыс болады екен. Басқарма сағат сегізге құлыпқа жиналсын деп жіберді де! Жарай ма?!» – деді.
– Жарайды, көке! – деп баласы үкідей ұша жөнелген.
– Әй, тұра тұр! – деп тоқтатып алды. – Айт та қайт! Кідірме, білдің бе?
– Ұқтым, көке.
Әдеттегісінше мал қайыратын жуан торы атты емес, көкпарға салатын күреңді ерттеп жатқанда, таңырқаған әйелі:
– Мұны неғылайын деп ерттеп жатырсың? Неғылған жиналыс екен ол? – деп еді.
– Қырғын жиналыс, қатын! – деді Ақтаспай күліп. – Сен де баратын-ақ жер еді, бірақ шатақ шығып кетсе, қолға түсіп қаласың ба деп қорқып тұрмын.
– Қойшы, құрсын! Ненің шатағы? – деді әйелі шошып кетіп. – Сен-ақ сау басыңа сақина тілейді де жүреді екенсің.
Ақтаспайдың қайырған жауабы:
– Дымың ішіңде болсын, қатын!
* * *
Пішенді төңіректеген малды қырға қарай қайырмалап тастап, көлеңке басы ұзарды-ау деген кезде колхоздың орталығына кел-се, клуб маңына біраз адам жиналып қалған екен. Биік шатырлы үйдің мол көлеңкесінде, қоңыр салқын желге кеуделерін төсеп, жас-кәрісі аралас, рақаттана әңгіме соғып отырған Қойсалдарды көргенде: «Иә, сәт!» – деп қойды Ақтаспай іштей.
Көзінің қиығымен байқағаны – жұрт үздік-создық келіп жа-тыр. Әлі жинала түссін деп, көшенің қарсы бетіндегі қағаберіске салынған үйге ат басын бұрды. Бұл – Қойсал емес, осы ауылға басқа жақтан былтыр көшіп келген оқытушы жігіттің үйі-тұғын. Келіншегі үшінші класта баласын оқытқан соң танысып қалған.
– Ассалаумағалейкүм! – деп шаңыраққа сәлем беріп кіріп келсе, шай ішіп жатыр екен.
– Төрлетіңіз, аға! Жоғарылаңыз! – деп екеуі бірдей ұшып тұрып, жік-жапар болды.
Ақтаспай төрледі. Қысқа қайырым амандықтан соң, оқытушы бала:
– Жиналыс бар дей ме, немене, аға?! – деп еді.
– Айтпа! – деді Ақтаспай жұмбақтай күліп. – Жиналыс болғанда да, бұл – нағыз қызық жиналыс болғалы тұр, бала.
– Қандай мәселе қарайды екен?
– Сұрама дедім ғой! Көргің келсе, қазір жүр менімен бірге.
– Барайын, барайын...
Шайды көп созбай, екеуі далаға шыққан.
– Сен бара бер, айналайын! – деді Ақаң атына қарай бұрылып.
– Мен де қазір жетем.
Клуб маңында кісі қарасы әбден молайыпты. Жалпы жиналыс деген соң жұрттың тайлы-таяғы қалмай жетсе керек. Бірақ олар күткендей жиналыс мезгілінде бастала қоймаған соң, кейбіреуі тықырши бастаған да сияқты. Әлсін-әлсін сағаттарына қарап, күңкілдей бастағандары да бар.
– Уақыттың өзі өтіп барады ғой.
– Ау, бұ бастықтар қайда жүр?!
– Ең болмаса, клубты алдын ала ашып қоймай ма екен. Кіріп отыра беретін...
– Біз асыққанмен, бастықтар асығушы ма еді?! – деседі кеу-кеулесіп.
Күрең атты сипай қамшылап, осы кезде Ақтаспай да жақындай берген.
– О-о, біздің жалғыз жиен де келді, міне!
– Өй, мәжігүн, жиналыс тарқайын деп жатқанда мынаныкі не, ей?
– Жоғалған тайлаққа ұсап, неғып жүр өзі?
– Ау, бұл түгілі біз кіре алмай тұрғанда, бұған не жоқ десейші, а?
– Ойбай-ау, жалғыз жиен қатынаспаса, жиылыстың сәні бола ма?!
– Мұны шақырып жүрген қай мәжігүн тағы? – десіп жұрт жан-жағынан шуласып қоя берді.
Ақтаспайдың күткені де осы сәт еді. Жұрттың назары тегіс өзіне ауған кезде күрең атпен оңашалау жерге шықты да:
– Ал, нағашылар! – деді сәлем беретін кісіге ұқсап дауысын көтеріп. – Кіл Қойсал бір жерге жиналып қалған екенсіңдер. Ша-руа былай... Әрқайсыңның үйіңе, бас-басыңа кіріп шықсам да болатын еді, бірақ оған осы заманда мұрса бар ма? Оның үстіне айтарымды жеке-жеке айтсам, бірің мойындағанмен, бірің мо-йындамай кетесіңдер. Төрт көздерің түгел тұрғанда ескертейін: жиналысқа шақыртқан – мен. Осы уақытқа дейін әкемді әбден та-нытып келіп едіндер, енді менің кезегім келген сияқты. Осы тұрған бәріңнің әкеңнің аузын... тап-таза адалдадым! Ал! Жиылыс бітті! Енді тарай беріңдер.
– Не дейді ей, мынау!
– Ұстасайшы итті! Ұста! – десіп, өре түрегелгендерінше, сақ-сақ күлген Ақтаспай күрең атпен ытырылып шыға берді.
– Қап, ит-ай, қатырды-ау!
– Оңдырмай кетті-ау, ит!
– Бұдан тура боқтағаны жақсы еді ғой.
– Ай, әтеңелет, «жиен – ел болмас, желке – ас болмас!» деген осы енді, – десіп жұрт шуласып қала берді.
Нағашылы-жиенді кісінің сөзі құрысын... Сайқымазақтықпен нағашыларын бір қатыруын қатырса да, Ақтаспай ауылдың орталығына барудан қалды. Алғашқы кезде «қолдарына түссем, көзіме көк шыбын үймелетер» деп шын қорқып жүрсе, кейінірек «кішкене ізі суысын» деп кідірген.
Сөйтіп жүргенде арада екі-үш ай өтіп кетіпті.
Бір күні мал қайырып жүріп, жоқ іздеп шыққан ауыл адамының бірін жолықтырған. Қысқаша амандықтан соң әлгі:
– Әй, жынды жиен, біздің сиырды пішенге түсті деп қораға қамап қойған жоқпысың? – деп, жоғалтқан малының жай-жағдайын сұрап кетті.
«Аһа! – деп ойлады Ақтаспай іштей. – Анадағыны жұрт ұмытайын деген екен». Жүрегі орнына түсейін деді. Ешқандай қамалған малдың жоқтығын, Ақтаспай Қойсалдарға ұқсап қорыл-даудан басқаны білмейтін маубас еместігін, пішенге мал атаулыны жолатып көрмегенін айта келіп:
– Иә, жарар! Ал, ауылдарыңда не жаңалық бар? – деп еді.
– Ой, құдай, не жаңалық болсын... аманшылық! – дей беріп, әлгі өз сөзіне өзі түзету енгізді. – Айтпақшы, шопыр Кәрімнің әкесі көптен науқас еді ғой. Со кісі қайтты...
– Иманды болсын! – деді қазаға шынымен ортақтасқан Ақтаспай бетін сипап. – Қашан қайтты?
– Екі күн болды. Ертең шығаратын шығар.
– Іһм-м! Ал, сонда хабар бермей ме екен?! Әлде өздерің көп болған соң, Қойсалға жиеннің «тие берсіні» артық болады дедің-дер ме?
– Ой, құдай-ай, сен де кісінің ізінен қалмайды екенсің... Жасы келген кісі... әрі көптен төсек тартып жатқан соң, біледі деген шығар.
– Өй, жарым ес! – деді Ақтаспай да мынаның сөзіне орай, – төсек тартып жатқан кісінің көзі жұмылмай тұрып, өлдіге санағанды қай атаңнан көрдің?!
– «Естіген шығар» деп ойлаған болар, – дейім дағы...
– Қайдан «естиім», кімнен «естиім?» Менің құлағыма келіп сы-бырлап кететін ақ сайтаным бар деп жүрмісіңдер?!
– Естімесең, енді естідің ғой. Бар ертең... – деп, маубас наға-шысы торсаңдап бұрыла жөнелді.
Қазақ өштік-қастығын да, қыжылын да торқалы той, топырақты өлім үстінде ұмытуға тырысады. Ең болмаса, елемей жібереді. Бірінші көргенде тұтанбай қалған ескі кектерін кейін қуыспай, кешірісіп кететін де кездері жиі болады... Елдің осы бір мінезін жақсы білетін Ақтаспай анадағы оқиғадан кейін жұртпен қайта көрісудің қолайы келгеніне қуанса да, әншейінде бәрі «жалғыз жиен», «біздің жынды жиен» деп бірде еркелетіп, бірде мүйіздеп жүріп, енді ретті жерінде хабар бермегендеріне қатты қапа болды. «Олар айтпаса да, жалғыз үй кірмемін деп өзім айта беретінім осы ғой...– деді іштей налып. – Кірмелігіңді бұлар осылай істерімен көрсетеді ғой. Әйтпесе, хабар бере салмас па еді?! Айтпайын дейсің-ау...» – Тілі қышып, бір сөзді айтып жібергісі келіп отыр-ды да, нағашыларының қазір қандай жағдайда екенін сырттай көз алдына елестетіп, ауыр сөзге қимады. Оның үстіне: «Бәлкім, үлгермей жатқан болар. Әне-міне хабары келіп қалмас деймісің?!» деп өзін-өзі жұбатып, көңілін басуға да тырысты.
Күн батты. Таң атты.
Еш хабар келген жоқ.
«Бұлар әкелерін ұрлап көмейін деген бе?!» – деп ыза болған Ақтаспай, көлденең көк аттыдан естісе де, қазаға бармай қалуға ұялып, орталыққа тартты.
Іші қыжылдап-ақ келеді. Тиісерге қара таппай дал. «Қап, бұларды-ай, а?! – дейді іштей тісін қайрап. – Өстіп жүріп те маған жол-жоба үйретпек болады-ау, ә?! Мақаулықтарын қайтіп бет-теріне бассам екен, бұлардың?!» дегенше орталыққа келіп те қалған екен. Ауыл үстінде пәлендей әбігер байқалмайды. Қайта анау көрінген шағын бейіт басында кісі-қара молырақ секілді ме, қалай... «Апыр-ау, апарып жерлеп қоймаса неғылсын?!» – деп қауіп ойлаған Ақтаспай ең болмаса ақтық сапарға шығаруына үлгерейін деп, ат басын солай бұрды.
Жақындап келсе, қабір қазушылар екен. Көбі қылшылдаған жігіттер. Араларында жөн-жоба көрсетушілері ме, бірер қырма сақал да жүр. Бәрі, құдды, қабір емес, құдық қазып жатқандай, кеу-кеу сөйлеп, қарқ-қарқ күлісіп қояды. Таяп келген мұны көріп:
– Әй, мынаны қараңдар! – деді біреуі есек көргендей айқайлап, – біздің жынды жиен келе жатыр!
– Қайда? Кәне...
– О, жақсы болды! Жұмысқа осыны салу керек. Әй, бермен кел! Кел, кел! Қорықпа.
– Иә, жігіттер, істеріңе сәт! Көмер көбейсін! – деді Ақтаспай мыналардың көңілді түрін көріп. Қалай аузынан шығып кеткенін аңдаған жоқ. Асылы, алақалжыңға әдеттеніп кеткен аузы түскір, өзі айтса керек. Мыналардың көңілді, қамсыз түрі де соған итерме-леді ме... кім білсін!?
– Өй, жағың қарыссын, әкеңнің!
– Неғып тұрсыңдар, ұстасаңдаршы!
– Жіберме, ұста!
– Кетті ғой, ойбай! Қуыңдар...
– Қуыңдар анау атпенен! – дегендерінше, Ақтаспай тағы айдай жөнелді.
Ә дегенде беті ауған жаққа безген екен. Бір бұрылып қарағанда мыналардың шындап қууға айналғанын байқап, есін жиып ала қойды. Сол-ақ екен, ауыл шетіндегі Қараменді қарттың үйіне қарай салды.
Қарекең осы ауылдың ақылгөйі де, ақ сақалды атасы да еді. Қалай есіне түскеніне Ақтаспайдың өзі айран-асыр.
Апалақтап кіріп келгенінде, сексеннен асып селкілдеп отырған қария пеш түбіндегі жеті қабат жер төсегінің үстінде басын көтеріп отыр екен. Қуанып кетті. Апыл-құпыл сәлем беріп үлгерді ме, жоқ па, сырттан да ат тұяғының дүрсілі естілді. Кідіруге мұршасы жоқ Ақтаспай:
– Ата, мен бір тентектік жасап келдім, – деді ышқынып, – Төрелігін өзіңіз беріңіз.
– О немене! Біреудің басын жарып, көзін шығардың ба? Әлде қазанын теуіп, қара шаңырағын былғадың ба?
– Олай емес, бірақ одан оңай да емес.
– Е, отыр ендеше, қалғанының бір жөні болар. Құдая, біздің жа-ман жиен не бүлдіріп жарыттым дейсің, тәйірі! – деп қария селк-селк күлді.
Соның арасынша қаңғыр-күңгір сөйлесіп қуғыншылар да ауыз үйден кеп қалған:
– Ұста, иттің баласын!
– Байлап ал! – деп ұмтылыса беріп еді.
– Тәйт! Тоқтат бассыздықтарыңды! – деп шал ақырып қалды. – Шаңыраққа қараңдар, жосықсыз немелер!
Қуғыншылар селтиіп-селтиіп тұрып қалды.
– Иә, не болды? – деді Қарекең даусын өзгертпестен. – Үйге шауып кіретіндей қай жау шапты сендерге?
– Ойбай, ата... мынау... Мына Ақтаспай бейіт басында бәріміз-дің өлгенімізге тілек қылды.
– Не деді сонда?!
– Қабір қазып жатыр едік, «көмер көбейсін!» – деді.
– Не дейді?! – Шалдың көзі шақшаң ете қалды. – Не деп сандалғаның, әй, Ақтаспай?
– Дат, ата!..
– Айт датыңды! Әйтпесе, мынауың үшін...
– Айтсам... бейіт басына барғаным рас. Бірақ кісіміз өліп еді деп, жалғыз жиен өкпелеп жүрер, естісін деп қайсың хабар бердіңдер?! Сіз хабар бергіздіңіз бе, ата? Сендер хабар бердіңдер ме, құртпақ болған қуғыншыларым? Жоқ! Екіншіден, «қабір қазып жатыр едік дейсіңдер», онда неге қарқ-қарқ күлісіп, қастарыңа барғанда «қара жұмысқа салу керек» дедіңдер? Кісілеріңнің өлгенін естіртпесеңдер, өздерің арақ ішісіп, қарқ-қарқ күлісіп тұрсаңдар, бейіт басында сендер қабір қазып жатсыңдар ма, ұра қазып жатсыңдар ма, мен оны қайдан білем. Баяғы қиыншылық жылдар-да аталарың астығына ұра қазып, бейітке апарып көміпті дегенді естіп едім. Тағы сөйтіп жатқан шығар деп, «Көмер көбейсін!» дегенім рас. Ал, кессеңіз, міне, бас!
– Әй, иттер-ай, қателік өздеріңнен екен ғой... өздеріңнен екен ғой, – дей берді қария балаларына қарап. Аппақ сақалы кеудесіне түсіп кетті. – Қойыңдар енді! Мұныкі жөн екен. Жеңілдіңдер, жеңілдік!
Ақтаспайдың көзінен жас ыршып кетті. Әкесінің жалғыз бол-ғаны, өзінің жалғыздығы, соңынан ерген қу тұяқтың да жалғыз жүрер тағдыры есіне түсті ме, әлде қысылғанда қол ұшын берер, сасқанда жанын сақтап қалар мынадай бір сөз білетін, жөн білетін қарияның әлі де болса араларында жүргеніне (ол жоқ болса, қайтер еді) іші уылжып кетті ме, әйтеуір, алқымына тас тығылып отырып қалды.
– Жә, бәрі ойын-қалжың болсын, бірақ жаңағы сөзін қайтып алғызыңыз, ата, – деді қуғыншылардың бірі әлден уақытта бетіне бұлдыр күлкі үйіріліп, – «Жиен қарғысы жаман болады» деген, қайтып алсын сөзін...
– Иә, сен де кінәсіз емес екенсің, тентек жиен... – деді Қаракең енді дауысын сәл бәсеңдетіп. – Жақын адамның өкпеге қияры бол-са да, өлімге қияры болмасқа керек, шырағым! Өкпең орынды. Бірақ аруаққа шет болмасын десең, ақсарбас шалып, ауыл-аймақты шақырып, сөзімді қайтып алдым де. Қалтылдап жүрген Қараменді атаң да қашанғы жүрер дейсің енді. Көзіміздің тірісінде кейінгі балалардың бәрінің тату болғанын көріп аттанайық. Нағашы-ларың да, жиендерің де аман болыңдар. Әумин!
* * *
Сөйтіп, нағашыларымен айтысамын деп жүріп, Ақтаспай жартылай айыпты болып, ақсарбас шалып құтылды-ау... Ал, нағашылары ма? Нағашылары:
– Әй, жынды жиен, біреуімізді тағы боқтай салсайшы... себеп-пен үйіңе барып, бір марқаңның басын мүжіп қайтайық, – деп қалжыңдарын қайта бастапты.
Бөлісу: