Біржан Ахмер. Кибернетика және әдебиет

Бөлісу:

06.06.2020 5667

«Біз қоршаған ортаны түбегейлі өзгерттік,

сондықтан біз жаңа ортада өмір сүру үшін

енді өзімізді өзгертуіміз керек»

Н.Винер

ӨТКЕНГЕ ШЕГІНІС

1940 жылдың ақпан айында алғаш рет көрерменге ұсынылған «Пиноккио» мультфильмі әлемнің назарын бірден өзіне аудартты. Идеясы мен сюжеті қарапайым болғанымен, ондағы тың тақырыптың өзектілігі, жаңашылдығы көрерменді таңқалдырғанын білеміз. Негізінде, бұл мультфильм итальяндық жазушы Карло Коллодидің «Пиноккионың қызықты оқиғасы. Ағаштан жасалған бір қуыршақтың тарихы» (1883) ертегісінің желісімен түсірілген. Аталған кітап оқырманға тарағанымен, жалпыхалықтық деңгейге көтеріле қоймаған еді. Дегенмен, ол өз құндылығын жоймай, дәуір алмасып, тұрмысымызға жаңа технологиялар лек-легімен толастамай енген кезде әлгі идея қайта жаңғырып, қоғамдық сұраныс тудырды. Міне, сол кезде Джеппетто шебердің арманы орындалған оқиға жемісін берді.

Иә, автордың қиялы асқақ болуы керек деп жиі айтамыз. Бірақ сол ғана ма? Бәлкім, ол реалды өмірді романтикалық идеялармен үйлестіре білу керек шығар.

Автордың ойы асқақ болуымен шектелмей, еркін болуы тиіс. Сол көзқараспен жазылған шығарма – өміршең болары белгілі.

Ендеше, Карло Коллодидің ағаш қуыршақтан «адам» жасалған аңызы, Перизаттың қуыршақты тірілткені, оған Джиминиді ар-намысы, ұяты боласың деп аманаттағаны, барлығы да біз айтып отырған фантастикалық кейіпкердің уақыт өте келе өмірлік шындықпен сәл де болса үйлескен көрінісі іспетті.

КИБЕРКЕҢІСТІК

XX ғасырдың соңына қарай өмірімізге «кибернетика», «кибермәдениет», «киберфантастика» ұғымдары ене бастады. Ал кибернетика – күрделі процестерді немесе белгілі бір затты басқару өнері екенін білеміз. Бір жағынан, бұл – адамзат баласының әлем туралы түсінігінің өзгергенінен, басқаша айтсақ, ойдың төңкерілісінен жаралған құбылыс.

Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғанымен, кибермайдан енді басталды. Қазіргі таңда қалыптасқан, дамыған мемлекеттерге Жер шары емес, ғарышты игеру мәселесі әлдеқайда маңызды. Бірер жылда өміріміз түбегейлі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Қолымыздағы гаджеттердің мүмкіндігі одан әрмен ұлғайып, виртуалды қоғамның әлеміне жақындауымыз, соған енуіміз жай ғана болжам емес, ақиқатқа айналары анық.

Орыстарда белгілі бір саяси-әлеуметтік аумақты басқаратын «Губернатор» (kybernetes) деген шендік лауазым бар. Ғалымдар осы сөз «Кибер» ұғымымен тікелей байланысты екенін айтуда. Яғни, ол – елді басқарудың әлеуметтік-экономикалық тетіктерін шебер меңгерген, халықтың психологиясын жақсы білетін тұлға. Бұдан кибермәдениеттің реалды өмірдің бір бөлшегі ретінде санамызға сіңіп, басқарудың өзгеше сипаты ретінде қарқынды дамығанын аңғарамыз.

Кибернетика – поэзия секілді сана түкпірінде жаралған математикалық сандардың тізбегі десек, қателеспейміз. Себебі поэзия мен кибернетиканы қиялдың шырқау шегіндегі «төңкеріліс» байланыстырып, сөз жарату, мәтін тудыру, сол арқылы зат жасау, жарату арманымен қабысып кеткен. Поэтикалық шығармаларды физика-математика саласының ғалымдары жата-жастана, әр сөйлеміне ден қойып оқитыны да сондықтан. Тіпті, Құдайдан түскен төрт кітаптың ішінен де ғаламшарды технологиялық, метафизикалық әлемге жетелейтін тәмсілдер жетерлік. «Адам – Құдайдың орынбасары» деген түсінік тегіннен тегін тумаса керек. Қайткен күнде де, бұл жұмбақтың астарында басқару психологиясының негізгі бөлшектері бар.

ЖАРТЫЛАЙ АДАМ

Ғылыми-техникалық прогрестің үздіксіз дамуы нәтижесінде жасанды интеллект пайда болды. Сол арқылы жасанды орган, жасанды мүше тіршілігімізге, биологиялық тұлғамызға айтарлықтай ықпал еткені анық. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Жасанды адам» болу – қызықты эксперимент емес, қажеттілік екені сөзсіз. Осы орайда, кибернетика ғылымының профессоры Кевин Уорвиктің «ерлігі» туралы айта кеткен жөн болар. Ол алғаш болып «кибер-адам» түсінігін адамзатқа паш етіп, осы бағытта өзіне эксперимент жасап көргені оқырманның есінде болар. Сонымен, 1998 жылы өз еркімен ота жасауға келіскен Уорвиктің терісіне RFID таратқыш-чипі енгізіледі. Ота сәтті шығып, сол чиптің электронды толқындары (сигнал) миға әсер етіп, ойлау арқылы көптеген іс-әрекетті (есіктің ашылып-жабылуы, үйдегі жарықтың өшіп-жануы және т.б.) жасауға мүмкіндік туады. Бұл ота – ғалым үшін оңай соқпағаны белгілі. Өйткені дұрыс жасалмаған операция Уорвиктің миының зақымдалуына, тіпті, қапияда көз жұмуына қауіп төндіргенін айта кету керек. Дегенмен, ғалым өзінің діттеген мақсатына жетіп, кибернетика саласының адам өміріне тигізер пайдасын көрсеткендей болды. Әрине, мұның кері әсерлері де жоқ емес. Бірақ оны елеп-екшеу, бұрыс немесе дұрыс деп қорыту – әр адамның өз еркінде.

КИБЕРПАНК ЖАНРЫ

Киберпанк – ғылыми фантастикалық жанрдың бір түрі. Бұл ұғымды алғаш рет жазушы Брюс Бетке өзінің әйгілі шығармаларында (1983) қолданып, оқырманға жанрдың негізгі атмосферасын сезіндірді. Әдеби үдерісте адамзат баласының ақыл-ойына тікелей әсер ететін, технологиялық дамудың жаңа ағынымен санасатын мұндай ұғымның XX ғасырдың соңында, XXI ғасырдың басында тың түрен салуының басты нышаны – қоғамдық дүмпудің, оның ішінде парасаттың өзгеруінде жатыр. Бұдан былай адами сана ескіні жатырқай қабылдап, жаңаны жаны қалап, құмарлана сіңіреді деген түсінік бар. Десе де, осы айтылған мәселе – әдебиеттің шынайылығы мен табиғилығынан алыстау деген сөз емес, керісінше таптаурын тақырыптардан бойды аулақ ұстап, әлемдік өркениеттің легіне ілесу керектігінің көрінісі.

Әйгілі философтардың әдебиеттегі мифологиялық ой иірімдерінің кибернетикаға қатысы бар екенін жоққа шығармайды. Себебі миф пен технология – адамның ажырамас бөлігі. Бәлкім, бізге миф болып танылатын құбылыстар кибернетикада тыңғылықты, жан-жақты зерделеніп, өзінің «уақытын» күтіп отырған шығар? Әсілі, автор мұндай астарлы дүниелерге жылдам қатынасып, мәселені қағаз бетіне өз уағында түсірмесе, әдеби үдерістің дамуынан кеш қалуы ғажап емес.

Киберпанк өкілдерінің айтар ойы да, жазушылық шеберлігі де, қозғаған тақырыбы да – мүлде өзге. Олар: Джон Ширли, Пэт Кадиган, Уильям Гипсон секілді модернист қаламгерлер. Шығармаларында жасанды интеллектің біз біле бермейтін қырлары мен қажеттіліктері шебер сипатталып, оқырманды өз әлеміне еліте түседі. Сондай-ақ, фантастика жанрында жазып жүрген американдық қаламгер Эдмонт Мур Гамильтонды да тілге тиек еткеніміз жөн. Ол бір естелігінде фантастиканың бүгіні мен болашағын айта келіп: «Әрине, біріншіден, мен әдебиетке догмалық қағидаларды қосуға, бір-бірін байланыстыруға үнемі қарсы болдым. Фантастиканың мүмкіндігі – шексіз. Сондықтан сәттілік пен жеңіс таңғажайып әрі тылсым, ешкім бармаған бағыттарда жасырулы. Осыны мәлімдей отыра мен басқалардың субъективті пікірін еркін түрде қабылдаймын», – дейді. Одан кейін жазушы фантастиканың бұрыңғы ескі болжамдардан, әдеби көзқарас, ертегілерден біршама алыстап, бүгінгі тіршілікпен біте қайнасып кеткенін сөз етеді. «Жаңадан келген авторға не ұсына аламын? Ұстазым Авраам Меррит маған бір хат жазып еді. Ол хатта: «Басқалар жазған көркем әдебиетті аз оқыңыз. Деректі, ғылыми кітаптарды оқып, содан кейін осы белгілі фактілерді өз қиялыңызбен ойнауға мүмкіндік беріңіз», – деді. Бұл – Эдмонт мәтінінің жалғасы. Шынында да, автордың жеке қолтаңбасы біреуге еліктемеген кезде, өзінің стилін тапқанда ғана әдебиет тарихында қалады.

КИНОДАҒЫ КИБЕРНЕТИКА

2001 жылы жарыққа шыққан «Жасанды сана» фильмі көпшілікке таныс шығар. Фильмнің желісі болашақта, нақтырақ айтсақ, XXII ғасырда өрбиді. Бұл кезде адамдар құлтемірлер мен гаджеттермен бірге өмір сүріп, көптеген мәселелерді виртуалды тіршілік арқылы шешеді. Жалғыз баласы Мартин ауыр халде науқастанып жатқандықтан, Свинтондар әулеті оның прототипін жасауды ұйғарады. Олар «Кибертроника» компаниясына хабарласып, андроид-балаға тапсырыс береді. Сонымен, әлгі компания Дэвид есімді жасанды балаға өгей ата-анасына деген сүйіспеншілік программасын орнатып, аз уақыттың ішінде құрастырып шығарады. Мартин айығып, үйіне келгеннен кейін Дэвид екеуінің арасында кекілжің үдей түсіп, мәселе күннен күнге нашарлай береді. Ақыры, Мартиннің ата-анасы Дэвидті дұрыс қабылдамай, иен далаға тастап кетеді. Бұл – сюжеттің басы ғана, ал одан кейінгі оқиғалар Дэвидтің өгей ата-анасын іздеуі, сол жолда көптеген шытырман оқиғаларға ұшырауы, ертегілерде кездесетін Перизатқа жолығуы, барлығы да фильмнің салмағын арттырып тұр. Негізгі идея – «сүйіспеншілік программасында» жатқаны анық. Егер Дэвид андроид болмағанда, отбасына жағар ма еді деген ой қалады іште. Қалай десек те, қоғам үшін жасанды сезім – шынайы, рухани махаббаттың орнын баса алмайды, алмастыра алмайды. Автор осыған екпін қойса керек.

***

Киберпанк жанры – жаңа ғасыр әдебиетінің айнасы. Тасты тескен тамшыдай өмірімізге үздіксіз әсер етіп жатқан киберәлемнің ішінде нендей сиқыр барын тану әзірге қиын. Әлбетте, авторлардың осы бағыттағы шығармалары, оның ішіндегі сюжет пен кейіпкерлері – жаңаша сипатта сыналуы тиіс. Сонда ғана шығарманың айрықша белгілері ашылады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар