Төлеген Жанғалиев. Қазақ аспанында енді мұндай «саңырауқұлақ» ешқашан қалқып тұрмасын
Бөлісу:
- Аға, биылғы жыл «Невада-Семей» қозғалысына 31 жыл, Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Өзіңіз ашынып өмір бойы жырлаған қазақ халқының осы қасіретін ұмыту мүмкін емес қой. «Атом мен ақын» деген тұтас кітап жаздыңыз. Сол ауыр күндерге тағы бір мәрте көз салсақ жүректегі жараңыздың ауызын ашып жібермеймін бе?
- Семей полигонының қасіреті үлкен. Көзі жойылып, өзі жабылғанмен 40 жыл бойымызға сіңген удың зардабын әлі тартып келеміз. Кеште бар адам, таңда жоқ. Менің бүкіл шығармашылығымның өзегі осы болды ғой. Абай елінің көзінің жасы әлі құрғамады. Мұның кесірі 300 жылға созылады дейді, ғалымдар. Құдай сақтасын!
Мен атом жарылысымен құрдаспын. 1949 жылы алғашқы жарылыстар басталыпты. 1950 жылы дүниеге келдім. Соның қасіретінен екі аяғымнан жүре алмай, төрт жасыма дейін анам арқалап жүрді. Құдайдың құдіретімен жүріп, мектепке бардым. Сабақ ортасында мұғалімдеріміз мектептің сыртына шығаратын. Ол кезде баламыз, қуатты жарылыстан жердің сілкінгенін көріп мәз боламыз. Кейін ашық аспан астында жарғанда да «саңырауқұлақты» сан рет тамашаладық. Бейғам дүние. Қайран балалық-ай десеңші... «Неге соның у шашып жатқанын ертерек білмедік екен!?» - деп ойлайсың. Сөйтсек біз түгілі үлкендер де ештеңе білмеген екен. Бодандықтың бодауында жүрген елді отаршыл озбырлар жас сәбидей алдаған екен ғой. Қазір ойласам жүрегім ауырады. Жерді де, елді де тұттай қылған аждаһаның отына күйдік қой. Уланғанымыз сонша өз-өзіне қол салу деген біздің елде үлкен дертке айналғалы қашан.
- Дегелең дерті – осы елдің жан азабы. «Қырық жыл «қыңқ» демей, у іштік…» - деп те жырладыңыз...
- Туған ағам, жазушы, драматург, сазгер Мерғали Ыбыраев 55 жасында жүректен кетті. Соңымнан ерген інім Серікбол – ол да 54 жасында кетті. Полигонның дертінен қырылдық. 40 жыл «қыңқ» демедік.
Бір оқиға ойыма оралып отыр. Райкомның бірінші хатшысы Хафиз Матайұлының кабинетінде сары сейф тұратын. Алдымызда күнде тұрса да ашуға хақымыз жоқ. Осында не бар деп таңданып жүретінбіз. Кейін білдік қой. Полигонға байланысты түскен шұғыл хаттар сақталыпты. Атом қашан жарылады, халықты қашан шығару керек, сондай нұсқаулар екен. Бірінші хатшы ғана оқып, тапсырма береді. Бітті.
Атом жөнінде «Астапралла» атты поэмам бар. Полигонды ең көп жазған мен болармын. Бұлай дейтінім сол полигонмен күресте Олжекеңнің жанында оң қолы боп, аянбай күрестік.
Полигон деген – бір күнде жабыла қоятын шаруа емес. Сол дерттен айықтыруға ештеңе жасалмады. Сауықтыру керек қой. Бір азын-аулақ тиын-тебен неге жетеді? Абай, Шәкәрім, Мұхтардың туған жерін, елін 40 жыл атоммен улаудан асқан қиянат жоқ.
Осы полигон жөнінде жазылған үлкен еңбек – жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» деген кітабы. Бұл еңбек бағалану керек. Дәлдікпен, фактілерге негізделе отырып жазылған дер едім.
- Олжас ағамызбен бірге осы полигонға қарсы күрестің басы-қасында болған адамның бірісіз ғой?
- Қайраткер тұлға Олжас Сүлейменов алғаш атомның зардабы туралы ашық айтқан кезде ауданда үлкен жиналыс болды. Абай ауданында білікті басшы болған Хафиз Матаев бастап сөз сөйледі. «Барлық қасіретті көзімізбен көріп отырып қашанғы үнсіз қаламыз. Бұған жиылып үн қатуымыз керек», - деді. Сөйтіп Қарауылда полигонға қарсы шеру өткізуге дайындықты бастап кеттік. Қарауылдың бауырына полигонның қасіретті символы ретінде қу қарағашты шаншып, таспен атып, атомды аластадық. Жапырақсыз, тамырсыз сол ағаш әлі тұр. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін шеруге шығып полигонға қарғыс айтты. Жүрегі елім деген барша қазақ Қарауылға ағылды. Бұл осындай тарихи күн болып тарихта қалды. Олжас мұны әлемдік деңгейге көтеріп «Невада–Семей» қозғалысы деп жариялады. Обылыста отырған басшы Кешірім Бозтаев үлкен еңбек сіңірді. Қазір «қаһармандар» көбейіп кетті ғой. Мен көрген, шынымен атомға қарсы күрестің бел ортасында жүргендер осылар.
Қозғалыстың Абай ауданындағы белсенді мүшелерінің бірі, Екіншідүние жүзілік соғыс ардагері Талғат Слямбеков болды. Ауыл халқын сынақ алаңынан көшіріп 40 адамды «тәжірбие жасауға қалдырған». Өздерін сынаққа алғанын кейін бірақ біледі. Міне, осы тәжірибеге қалған адамдардың басым көпшілігі 50 жасқа жетпей қайтыс болып кетті.
1989 жылдың жазында ауданға «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов келді. Қарауылда бейбіт шеру өткізді. Бейбіт шеруді бірінші хатшы Хафиз Матаев та қолдады. Халықтың жаппай бас көтеруі КСРО Бас Хатшысы М.Горбачевке де жетті. Абай ауданының бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қолдап, орталыққа хабарлады. Талғат Слямбековпен бірге «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері К.Есенғарин, М.Қорғанбаев, Б.Жәкішов, Ж.Дәрібаев, тағы да басқа көптеген адамдар полигонды жабу жөнінде кешенді жұмыс жасады.
Не керек, халықтың қасіретін жете сезінген Елбасы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қырық жыл бойы халыққа қасірет шектірген полигонды ауыздықтауға қосқан үлесі ересен екенін ертеңгі тарих өзі мойындауға тиіс деп білемін. Қаншама ырғасулар мен арбасулар, кедергілердің болғаны анық еді ғой. Ақыры ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылдың тамызында «Семей полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – Қазақстанның, қазақ халқының ХХ ғасырдағы тарихы үшін үлкен даталы оқиға, біле білген адам үшін. Қуанышымызда шек болмады. Сол күндері сондағы елдің мұң-зарын жеткізген ақын Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған, Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әнін атом зардабын бір кісідей тартқан жапондар гимн ретінде қабылдапты. Міне, бұл күннің маңызын өзге жұрттардың өзі осылай сезінген. Атом полигоны жабылғанымен, оның улы зардаптары әлі арылған жоқ, ол ғасырларға кетеді. Бірақ, ұлы уақыт бәріне емші ғой. Қазақ аспанында енді мұндай «саңырауқұлақ» ешқашан қалқып тұрмасын, келешек ұрпақ бақытты да сау-саламат өссін деген тілегім бар.
- Әңгімеңізге рақмет!
Бөлісу: