Асылбек Байтанұлы. Тіл білмесе, жазғаныңды кім оқыр?

Бөлісу:

22.09.2020 3908

Кез келген ұлтты өзге ұлттан өзгешелеп тұратын ең айқын сипаты бет-бейнесі, түр-тұлғасы емес, ол – тілі. Егерде тілі жойылса, ұлттың өз жерінде отырып-ақ өз-өзінен жойылып, басқа бір ұлтқа айналып кететініне дүниежүзі тарихында мысалдар жетерлік. Тіл, діл, осылармен астасқан дәстүрлі дін – кез келген ұлттың ұлт болып өмір сүруінің кепілі. Биологиядағы «әлемдік қорек тізбегі» іспетті, бұлар да бір-бірімен тізбек құрайды. Тізбектің басқы буыны тілге қатер төнсе, өзгелері де босаңсып сала бермек. Бұған мысалды алыстан іздемейміз. Оның мысалы – жаһандану дәуірінің қазақтың тіліне, діліне, ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі діни наным-түсініктеріне түсіріп отырған салмағы.

Ұлттың ұлт болып сақталуы үшін ең қажеттіліліктер ретінде ақын Мұхтар Шаханов өзінің «Төрт ана» атты танымал өлеңінде туған жер, туған тіл, салт-дәстүр және тарихты атағанын білеміз.


Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы, -

дейді, ақын. Иә, бұл да өте қисынды тұжырым. Расымен де әлем картасында өзгелермен қатар өмір сүремін деген кез келген ұлттың, халықтың тарихи ғұмыры – осы ұғымдар үшін күрес жолы екен ау деуге де болады. Әсіресе, туған тілін, өзіндік мәдениетін қызғыштай қорып, тіпті шамасы келгенше, өзгелерге мәжбүрлі, мәжбүрсіз таңуға әзір, соған әлеуеті жететін халықтарға қыызға қарағандаймыз. Құдайы көршілер Ресей мен Қытайды айтпағанда, Азияның анау қиыр шығысындағы тілдей түбекте жатқан Кореяның, Азия мен Еуропаның аспалы көпірі іспетті Түркияның, тіпті етбауыр Өзбекстанның өзі киносы, ас-суы, тауарлары т.б. арқылы біздің елімізге танымал болып отырған жоқ па? Ал бізді солар тани ма? Біз мынау жаһандану дәуірінде оларға не ұсына алдық? Күмілжіп, нық жауап табуға қиналып қаларымыз анық. Оның себебі, біз ұлтымыздың ішкі әлеуетін бір нүктеге шоғырландырған әлеуетті массаға айнала алмай отырмыз. Қазақ тілді, қазақ ділді қазақ әлемі болып, өз ішімізде өзімізге сеніміміз орнағанда алапат ішкі әлеуетімізді сыртқа шығарамыз. Оның басты кілті – туған тіл. Тілдік қорғаныс болмаған жағдайда, өзге халықтардың таным-түсінігін, мәдениетін, әдебиетін, қонымды-қонымсыз салт-дәстүрін т.б. талғамсыз қабылдай беретін тұтынушы ұлт қалпымызда қала береміз, ол – ақиқат.

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім мен де бірге өшемін, -

деп Əбділдə Тəжібаев атамыз айтпақшы, дәл қазіргі тұста қазақ тілі өсу мен өшудің жолайрығында тұр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі ресми функцияларды атқармауы себепті, ел аумағындағы қарым-қатынаста беделі мүлде төмен. Өткен ғасырда қалыптасқан миллиондаған қазақ тілді оқырманның қажеттілігін қамтамасыз етіп келген қазақша басылымдардың тағдыры да бұлыңғыр күйге түсті. Бұл – ақпаратты жеткізу мен қабылдауға да қатысты десек, теледидардың, ғаламторлық сайттар мен порталдардың қазақтілді контент санын молайтуға ықпалы қаншалықты болмақ? Бұл да ойланарлық мәселе. Анығы, расымен де кешегі заманмен салыстырғанда, қазіргі күнгі қазақстандықтардың қазақша кітаптар, газет-журналдар оқуы сирек. Мұның салдары – әдеби қазақ тілінің қолдану аясы тараюы. Ауылдарды қайдам, қалалық қазақтардың қазіргі жас буыны көз алдымызда орыстанып бара жатыр. Қазақ мектебінде оқитын қазақ баласы қазақша жазылған оқулықтағы мәтіннің мазмұнын әрең қабылдайды немесе біразы тіпті түсінбейді десек, сөзіміз жалған болмайды. Орыс сыныбындағы қазақ тілі мен әдебиеті туралы айтпай-ақ қойғанымыз жөн болар. Иә, оқушылар бірден түсінбейді, балалар сыныптан дәлізге, мектеп ауласынан көшеге шыға бере бір-бірімен орысша сөйлеседі деп салымыз суға кетіп қарап отыруға және болмайды. Мектепті айтасыз, үйдегі «көк жәшікке» телміріп, не бомаса қолдағы қара телефонға үңілген мектепалды балапандардың өзі талғамына татитын дүниені жақсы біледі. Сіз қаншалықты тежеу салып, бағыттасаңыз да, талғамға талас жоқ. Бала қатарынан қалмауы керек. «Қатарынан қалдырғымыз келмеген» жас төліміз де үйде техникалық жетістік, технологиялық дамудың, ауладағы басым тілдің шарпуымен, қаласаңыз да, қаламасаңыз да біртіндеп орыс тілге бейіл қауымның қатарын толтырады. «Онда не тұр? Тіл үйренгені өзіне жақсы? Қатарынан қалмасын», - дерсіз. Иә, қынжыла отырып, бұған да келіселік. Бұл келісім – басым тіл, басым мәдениет, басым мүмкіндіктер алдындағы дәрменсіздік екенін мойындай отырып: «Мен жастарға сенемін», - деп, қазақ тілінің, ділінің ахуалы тұрғысындағы күрескерлік жауапкершілікті болашақ ұрпақтың еншісіне сырғыта салғанымыз ғой. Ендеше, қазақ тілінің қолданылу аясы тарайған үстіне тарайып, әдеби тілді түсінетін адамдар азайған үстіне азая берсе не болады? Жаңашыл ақындарымыздың терең астарлы суперзаманауи өлеңдерін, батыс пен шығыстың ой құраудағы психологиялық иірімдерін игерген, модернизмге мелдектеген әңгімелерін кім түсініп оқымақ? Осы қалыппен, осы бағытпен кете берсе, қазақ тілі орысша ойлаудың көдек, орашолақ аудармасы болып, бар поэтикалық нәрінен айрылып, біртіндеп қолданыстан шығып қалмақ па?

Иә, мына жаһандану дәуірінде ешбір халық, ешбір мемлекет томаға-тұйық, оқшауланып өмір сүре алмайтыны анық болды. Оған ең жабық деген мемлекеттердің ахуалы мысал. Өркениеттер, мәдениеттер мидай араласып, бір-біріне ықпал жасайды. Біреуді қаңсығы біреуге таңсық, біреудің озығы тозып, біреудің тозығы біреуге озық болады. Бірақ қалай болғанда да, өзінің бет-бейнесін сақтай алған, яғни табиғи сұрыптаудан өткен, тілін, салт-дәстүрін ардақтап, тарихын таразылап, ұрпағына өнегелей білген ұлт өмір сүре бермек. Қазақстандық аталған елдің негізін құраушы қазақ ұлты алдында осы миссия тұр және мұны сіздер мен біздер дәл осы дәуірде атқарып жатырмыз. Қалай атқара білдік? Оның жауабын беріп, бағасын айтатын – біз сенетін жас ұрпағымыз.

Арғы тарихымызға, түркілік тамырымызға көз жіберер болсақ, тіпті тіл үшін күрес – біздің Ұлы Далада бүгін ғана туындап отырған жоқ екен. Талай рет тағдырымыз безбенделіп, жат жұрттың бодандығына ұшыраппыз. «Бек ұлдары – құл болды, пәк қыздары – күң болды», - дейді Күлтегін жырында. Сыртқы жауға қарсы тұрып, азаттық үшін күрескен көк түріктің ерлері ақыры жеңіске жетеді. «Күлтегін» жырында бұл турасында: «Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Тату елге жақсылык қылдым», – деп мақтанышпен баяндайды. Мұндай азат елдің тілі де, ділі де гүлденетіні сөзсіз ғой. Осының арқасында түркі тілі мәңгілік сақталуының алғышарты жасалып, сан салалы бұтақты бәйтерекке айналып бүгінгі күнге жетті. Түркілік мәдениет қалыптасты.

Ұлы Даладағы түркілік тіл мен ділге төнген қатер қай заманда да аз болмаған. Батыс Азиядан жеткен ислам өркениетінің ықпалы біртіндеп ұлғая келе, түркі тіліне, діліне, тәңірлік таным-түсінігіне қысым күшейеді. Түркі ғалымдары араб тілінде ғылыми еңбектерін жазды, түркілік шығармашылық адамдары туындыларын араб тілінде арқылы танытуға күш салды. Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, т.б. түркілік ғұламалардың шығармашылығынан осы мәселеге алаңдаушылықты аңдаймыз, тіпті олардың көбінің басты еңбектері дәстүрлі түркілікті сақтап, насихаттау, таныту үшін жазылған десек те қателеспейміз. Мысалы, түркі әлемінің орта ғасырлық ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны түркі тілінің аса бай да, көркем туындылар жасауға қабілетті тіл екендігін дәлелдеу үшін жазылған шығарма. Бұл ойды ақынның:

Кітаптар көп арабша да, тəжікше,

Біздің тілде бұл жалғыз-ақ əзірше, -

деп, өз заманында түркі тілді аймақта дүниеге келген бұл туындының, өз заманында араб пен парсы тілдерінің ықпалынан аулақтап, төл тілді дамыту мақсатында, әдейілеп түркі тілінде жазылған алғашқы шығарма екендігін айтады. Бұдан әрі қарай:

Біл, түркіше жырмен жазып арнадым,

Дұға қылсаң, мені ұмытып қалмағын, -

деп, туған халқына түркі тілін білуді өсиеттейді. Мұндай идея Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінде де біршама ұшырасып отырады. Қожа Ахмет Яссауи де өзінің Ұлы Дала өкілі екенін, араб пен парсы тілдерінің ықпалында кетіп қалмай, түркі тілін мейлінше қолдау керектігін айтады:

Қоштамайды ғалымдар, сіздің айтқан түркіңді,

Даналарды тыңласаң, ашар көңіл мүлкіңді.

Демек, араб пен парсы тілін әбден қолайлап, «өздеріне түсінікті тілде» жұмыс істеуді әдет қылған ғалымдар түркі тілін қажет деп санамайды екен. Мұндайда қайтпек керек:

Аят-хадис мағынасы, түркі болса, сайма-сай,

Мағынасына жеткендер, жерге қояр бөркіңді.

Қожа Ахмет Яссауи – Ұлы Далаға дендеп енген ислам дінін мұндағы байырғы халықтың дәстүрлі таным-түсініктермен астастыра, кіріктіре отырып ұстануға мүмкіндік жасаған реформатор тұлға. Жоғарыдағы жолдарға қарап, Яссауидің араб тіліндегі аяттар мен хадистерді мағынасына сай түркілендіруге күш салғанын аңғарамыз.

...Міскін зағип Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,

Парсы тілін білемін, құп көремін түркімді!

Бұдан артық не айтуға болады. «Көрші елдің, өзге жұрттың тілін соншалықты жақсы білсең де, өз тіліңді ұмытпа!» - деген ой айтылып тұрған жоқ па, бұл жолдарда. Ұлы Далада Шыңғыс қағанның дүбірлі жорығы басталар тұстағы тілдік ахуал осындай еді. «Шыңғыс ханның ұлты кім? Руы не? Қайда туған?» - деген сияқты сұрақтарға өз-өз уәжін айтып, ғаламторды ырғын-шу болдырып жататын топтар көп-ақ. Бізге ақиқаты, қалай болғанда да Шыңғыс хан жорығы тұсынан бастап, түркі тілі мен мәдениетінің ықпалы Ұлы Даладан асып, алыс Еуропа мен Мысырға дейін жеткендігі. Құдіретті Алтынордаға бағынған елдерде, мәмлүктер басқарған Мысырда түркі тілі салтанат құрды.

Білім қуған отырықшы жұрттардың заманы оза, көшпелі жұрттың жауынгерлік дәстүрі тоза келе, кіріптарлыққа ұшырап, тіл мен діл, дін мен дәстүрге шектеу түсе бастады. Бұл – кейінгі үш ғасырдың жағдайы. Өткен ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырлардың тоғысында халқымыз ендігі жерде түркілік ортақ тіл мен мәдениет ортасынан өзінің қазақтық ара-жігін ажыратуға бағыт алған еді. Бұл – ұлттық бет-бейненің айқындала түсуі еді. Жазуы, тұрмыстық тұтыну мәдениеті т.б. бұқарлық және татарлық түркіліктің аралығында болған қазақ халқы үшін өзіндік дара сипатын анықтау керек болды. Мұны ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының жазған еңбектерінен айқын сезінеміз. Мысалы, Уфадағы «Расул Ғалия» медресесінің түлегі Зейнелғабиден Әміреұлы 1909 жылы «Насихат Қазақия» атты трактаттар жинағын әдепкі түрки-татарша бастырып шығарады. Онда өзінің басты мақсаты қазақ тілінің көркем де бай тіл екенін татар жұртына таныту екенін айтады. Ол заманда қазақ арасына таралатын кітаптар қазақтың аузынан қалай шықты, солай түсінікті тілде жазылмайтын еді. Кейбір деректерде, «біз өз жолымызды тауып, таза қазақ тілінде жазуға тиіспіз» деген пікірлер үшін медреселердегі қазақ пен татар шәкірттері арасындағы дауласу соңы жұдырық сілтесуге дейін барып қалатын кездері болған.

Қазақша таза жазба тілінің пайда болып қалыптасуы 1924 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әбжат арабтан өзгеше, қазақ тілінің табиғатына тән әліпбиді «төте жазуды» түзіп шығуынан басталады. Міне, осының арқасында біз бір ғасырға жуық уақыт өз тіліміздің ерекшелігіне сай жазып, сөйлеп келеміз. Бірнеше рет әліпби де ауыстырып үлгердік. Ұттық па, ұтылдық па, ұтамыз ба, ұтыламыз ба, оған да жауап табылып жатыр, табыла да жатар. Жоғарыда шолып өткеніміздей, арғы түркі мен бергі қазақ тілінің басына талай рет бұлт үйірілсе де, соңынан жарқ етіп күн шығып, кең тынысы ашылып отырған екен. Қаншама алаң болып отырсақ та, Тәуелсіз Қазақстанның ертеңгі ұрпағы бағзыдан жеткен баба тілінің, ардақтаған ана тілінің қадірін арттырар, оған барлығымыздың ерік-жігеріміз толық жетеді деген сенімді санамызға сәуле қылып, жүрегімізге берік орнықтырдық.

Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,

Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.

Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,

Талайлардың көз жастарын құрғаттым, -

деп Торғай елінен шыққан топжарған ақын Сырбай Мәуленов жырлағанындай, қазақтың кейінгі толқын қара көз жастары бір-бірлеріне деген жан сырларын бөгде тілде емес, ана тілінде білдіріп, өмірге келген сәбилерін туған тілінде әлдилеп, жылағанды ана тілінде жұбатып, қазақша ғұмыр сүретін болады деген сенім – жүректің жалауы, көңіліміздің орындалар қалауы болсын.

Бөлісу:

Көп оқылғандар