Қалбан Ынтыханұлы. Жас жазушы
Бөлісу:
Өзінше мегаполис саналатын қалада жасаймыз. Қайнаған өмір деуге келмейді, күн өткен сайын жүйкең тозатын мәнсіз тірлік. Бетіне әлем-жәлем жарнамаларын жапсырып алған зәулім үйдін ішінде реклама жұмысымен айналысып жатқаныма біраз уақыт болған.
Сол қалыпқа түскен ырғақпен өзімізше жұмысты қыздырып жатқанымызда көмекші жігіт қасыма келіп:
- Сізді бір кісі іздеп келіп тұр, - деді.
Бұл кім болды, сол әлгі бір «сурет шығару үлкен күнә» деп есімді шығаратын қызыл сақал уағызшы ма екен, садақаға дайын бір екі мың теңге бар ма деп жанқалтамды сипалана жүріп сыртқа шықсам, жоқ. Құдай-ау, алдымда замананың жаңа жігіті тұр. Оның тіпті мені іздеп келгеніне күманданып қалдым да:
- Кімді іздейсіз?- дедім.
- Сізді, - деді жігіт. Мені жазбай танып тұрғаны анық.
- Жарнама шығарасыз ба,-дедім, күнделікті осында келетін адамдармен жөн сұрасатын дағдым солай.
- Жоқ,- сізбен аз сұқбаттасып қайтайын деп келген едім.
- Ішке кіріңіз, - деп есікті итере ашып кең бөлменің бір шетіндегі өзім отыратын үстелеге қарай жол бастадым. Бұл кім болды деймін ішімнен, еш жерден жаңалық шықпай қалғанда біз секілді шағын кәсіпорындарды соға кетіп, бірер кадр сурет алып, диктафонына сөз жаздырып алатын журналистер болушы еді, солардың бірі ме екен деп ойлай жүріп орындығыма да жайғаыстым. Алдымдағы орындыққа жайлап отырып жатқан жігіт үстелімнің үстінде үнемі тұратын Ван Гогтың «Жұлдызды түн» деп аталатын суретінің фотосына үңіле қарап алды да:
- Модернистік әдебиетке қызғасыз ба?- деді.
- Бұрындары қызыққам, жоқ зерттегем, алайда... - деп ары қарай не айтарымды білмей тұтығып қалдым.
- Сіздің заманыңызда жаңашыл жазушылар шықты ма?
- Шықты.
- Кімдерді айта аласыз.
Біраз ойланып қалдым. Кімді айтамын? Бір үміттің жетегінде болғанымыз рас, бірақ көбі жолдан тайып кейі өлең, кейі тарих жазатын болып кетті ғой.
- Иә болды, бірақ Латын Америкасының жазушыларындай ықпалы әлемге жетпеген соң пәленбай деп біреуді көрсету қиын, - деп сөзімді жайма шуақтай салғым келді.
Жас жігіт қоятын емес.
- Сіздің заманыңыздағы жаңашыл жазушылар қандай бағыты ұстанды,- деп жалғасты сұрақ қойды.
Тағы да ойланып қалдым. Ол кезде батыс жазушыларының шығармаларын оқып соларға еліктеп түсініксіз бұлдыр бірдемелерді жазып модернис атанғандар болды, бірақ философиялық негізі, өзіндік теориясы болмаған еді. Қазір ойласам солардың барлығы түн ішінде соқыр теке ойнап жүрген әңгүдіктер екен ғой. Сұраққа не деп жауап берерімді білмей сасқалақтап қалдым да:
- Белинскийдің тәлімедерін бұлжытпай орындады,- деп мардымды жауап таптым ба дегендей жігітке тігіле қарадым. Жігіт мырс етіп күліп алды да:
- Белниский жай, қарапайым әдебиеттің қағйдаларын көрсеткен кісі ғой, егер сіз жаңашыл деген жазушылар Белинский тәлімдерін ұстанған болса оларды қалай модернис жазушы деуге болады.
- Жә бауырым, өзің кім боласың, журналиссің бе? - деп жігіттің сқрақтарын басқа жаққа бұрдым.
- Жазушымын.
- Керемет.
- Жоқ ағай, жазушы болу түкте керемет емес. Ол адамның өзі таңдап алатын аса бір ауыр да жауапты жұмысы, соңына дейін шыдағаны ғана жазушы деген атаққа ие бола алады.
- Иә, иә , - деп иегім сақылдағанша басымды изектетіп жібердім.
- Сіз кімдерді оқыдыңыз.
- Толстой, Лао Шэ, Кафка, Борхес, Гинзберг Аллен, Мұхтар Мағауин, Дидар Амантай, Маркес, Мо Ян... - деп көп адамның атан біразға дейін созып шұбыртып шықтым.
- Джек Керуактың «Жолда» деген шығармасын қалай бағалайсыз?
Ол туралы оқуында оқығам, дәл қазір қалай жауап берерімді біле алмай бөгеліп қалдым. Жазушы жігіт өз сұрағына өзі жауап беруге тура келді.
- «Жолда» саяси билікті көзге ілмейтін, дәстүр мен түрлі заңдардан жиренген өз алдына жаңаша өмір салтын ұстанған жастар туралы жазылған, -деп маған жымия қарады.
Саясатты көзге ілмей қоюға болады дегім келді, бірақ аузымның сыртына шығарсам әлде кімдер телефон шалып түрлі сұрақтар қояма деп күдіктене қалдым да жұмған аузымды ашпадым. Сосын жас жігіттің өзіне сұрақтарымды жаудырта жөнелдім.
- Қазіргі жастар аға буыннан кімдерді үлгі тұтады.
- Біздің ұстанымыз бойынша біреуді үлгі тұту деген болмайды, ондай жағдай болғанда ескі әдебиет қайталананып, жаңашылдық жайында қалады.
Рас-ау деймін ішімнен. Кезінде жаңашылдыққа бет алған менің замандастарым да тура осы жігіттің сөзін айтқан еді ғой. Күрсіндім.
- «Лабринтостың ішіндегі генарал» туралы қалай ойлайсың? - деп сұрағымды жалғастырдым.
- Осы біздің қаладағы адамдар модернистік әдебиет туралы сөз қозғаса болды Габриэль Гарсиа Маркесті алға тартатына қайран қалам, - деп жас жігіт шамырқана сөйледі. Сосын сөзін ары қарай жалғап, - ол бір Латын Америкасындағы диктаторлар өмір сүрген заман ... иә солай, -деп сөзін шорт тоқтата салды.
- Мені не үшін іздеп келдің?
- Бір жолы Алматы жақтан бір топ ақын-жазушы «Гүлдену» бағдарламасы бойынша марапатталып қайтқанды, солардың араснда қайсы бірі сіз туралы айтып, түк бітре алмай жүрген біреу деген еді. Сонда ойлаған едім, бұлар әдебиеттегі ең жоғарғы мәртебеге ие бола тұра біз естіп көрмеген бір адамды неге сөз қылды. Жазушыға кейіпкер керек, сол үшін сізді іздеп келдім.
- Мен де кейпкер іздегем, таппадым, сөйтіп жүргенде өзім кейіпкерге айналып кетіппін ғой! - деп жігітке ыржия қарадым.
- Қалай іздедіңіз?
Не айтарымды білмей қалдым. Еңбек ерлері мен батырларды іздегенім рас, бірақ менің өзім жасап алған шартыма сай келетні табылмады. Оның үстіне батыр жасайтын заман өтіп кетті ғой. Ол туралы жас жазушыға айтудың қажеті жоқ, күлкілі естілетіні анық.
- Іздеудің әдісін білмегендіктен таба алмадым.
- Бұл сіздің тым құрығанда Белнискийді толық түсіне алмағаныңыздан болған,- деп жас жазушы төтесінен бірақ қойды.
Әлде кім қарақұсымнан салып қалғандай болды, көзімнің алды біразға дейін бұлдырап тұрды. Менің сөйлемей қалғаныма қарай күдіктнесе керек, жас жігіт:
- Ағай, біз әдебиет туралы сөйлесіп отырмыз ғой.
- Иә, жөн екен қарағым, басымның айналатыны бар еді, сол ұстап қалмаса екен.
Сол аралықта көмекшім екі кесе кофені жазушы жігіт екуіміздің алдымызға қойды. Көфе іштік. Әдебиетке қатысы жоқ басқа тақырыпта біраз әңгімелестік.
Бір кезде жас жігіт кетпекші болып орынан қозғалды. Үздіксіз кеңесіп тұратын болып келістік. Жаңа ғана баспадан шыққан бір кітабын сыйлап қолтаңбасын қалдырды. Сол аралықта жас жазушыдан:
- Оқырман қалай? – деп әншейін ғана сұрай салдым.
- Қазақ тілінің кеңістігі ашылғанда ғой, - деп жас жігіт әлде неге сенетіндей сөйледі.
Жазушы жігітпен көшедегі аялдамаға дейін бірге бардым. 66-ші автобусқа шығарып салдым. Оттай лаулаған жас жүрек, асыл арман, өзіне деген сенім, барлығы түгел. Автобус қозғалып жүріп кетті. Неге екенін білмеймін қарадай күрсіндім.
Ту сыртымнан «Мушина, можна» деген әйелдің шарқышақтанып шыққан дауысы естілді. Жалт қарасам, етегі жер сызатын ұзын қара сұры көйлек киіп, басын мийықтап отырып орап алған қазақ әйел екі баласын арбаға салып, үш баласын қасына ертіп кимелеп келеді. Балалары шешесіне әлде нелерді орысшалап шыр-пыр.
25.09.2020
Көрнекісурет: Энтони Гормли "Поле притяжения"
Бөлісу: