Барша әдебиеттің бастауы - балалар әдебиеті

Бөлісу:

28.10.2020 12826

Әдебиеттің үлкен бір арнасы – балалар әдебиеті. Бұл арнаның өзінше толысып дамуы бар. Бастапқыда әдебиетпен біртұтас өсіп келе жатып, ХІХ ғасырда өзіндік жолға түсті. Жас өрімдер үшін тәрбиенің бастау бұлағына айналды. Жарқын болашаққа жігерлендірді. Қазақтың қай жыр, қай ертегісін оқысақ та оптимизм басым. Соңында мұратына жетіп аяқталып жатады. Бүгінгі осынау ұлан-байтақ жерде отыруымыздың өзі сол болашақ ел қорғаны болар балалардың бала кезден бойына сіңірген асқақ рухының жемісі деп ойлаймын. Балалар әдебиетін мұң мен сары уайымға бұру - ұлтты жоғалтумен тең. Бойына күш-жігер беретін елдік жырымен ер жеткені ләзім. Себебі, балалар әдебиетінің негізгі міндеті отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу.

Елімізде ХІХ ғасырдың 2-жартысына дейін ондай ұғым бола қоймаса, бұл қазақтың балаға арнаған әдебиеті жоқ деген сөз емес. Халық ауыз әдебиетінде балаларға арналған бай қазына жатыр. Төл әдебиетіміздегі балалар тәрбиесінің бастау бұлағы – Ыбырай Алтынсарин. Осылайша, ХІХ ғасырда балалар әдебиетінің негізі қаланса, ХХ ғасырда С.Дөнентаев, Т.Жомартбаев, Б.Өтетілеуов, С.Көбеев шығармалары одан ары дамытып, өрістетті. 20-жылдардың аяғында І.Жансүгіров, Ө.Тұрманжанов, С.Мұқанов сияқты тұлғалардың бірден балалар әдебиетіне бет бұруы, өздері ғана бет бұрып қоймай қатарластарын әкелуі, күрделі түйіндерді бірге шешуі үлкен ойды аңғартса керек.

ХХ ғасыр басындағы балалар тағдырын С.Мұқанов, С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаров секілді қаламгерлер шығармаларынан табамыз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы балалар өмірін Б.Соқпақбаев, Н.Серәлиев, С.Бақбергенов, М.Мағауин, О.Сәрсенбаев, М.Қаназов жазды. Әдебиетке кейіпкерлерді жаңалап, жаңа буын қадам басты. Олар әдебиетке өз өмірбаянын әкелді. Балалар әдебиеті үнемі заманға сай жаңарып отыруға тиісті. Қартайып кеткен әдебиет бала тәрбиелей алмайды. Керісінше, бездіреді.

Бір өкініштісі, кейін келе балалар әдебиетіне деген ынта-ықылас түрлі себептермен бәсеңдеп кетті. Ендігі болашағы жекелеген таланттар еншісіне тимек.

Балалар әдебиеті жайлы балалар ақыны Қастек Баянбай былай дейді: “ Бар әдебиеттің бастауы – балалар әдебиеті. Балаларға арнап шығарма жазбаса да ірі жазушылар жақсы дүниелер тудырар, бірақ сол балалар әдебиетін оқымаған жазушының бір кемшілігі көрініп тұрады. М. Горькийдің: "Балалар жазушысы басқалардан сапалы жазу керек. Анығында әдебиеттің бастау қайнары, әрі балаларды әдебиетке әкелетін шығармалардың сапасыз болуға хақысы жоқ” - дегені бар.

Қастек ақын «Арғымақ», «Атай неге солақай?», «Адамға хат», «Балаларға базарлық», «Шапағатты шақ», «Ильич пен аңшы», «Ақ шағала», «Қол шатыр көтерген он батыр», «Әсем әлем», «Құс сүті», «Алау», «Жол», «Тәтті сабақ», «Той», «Бір қоржын жаз», «Жүз жыл жаз», «Балауса», «Қырық күн шілде», «Шартарап», «Кемпірқосақ» жыр жинақтары мен бірнеше таңдамалылардың авторы.

Қастек Баянбаев – балалық бал дәурені сұрқай соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген тауқыметті тағдыр арқалаған ұрпақтың өкілі. Сондықтан шығармашылық жолы да күрделі болуы заңдылық. Өлеңі өмірімен бірге өріліп, өз мұңын халықтың мұңымен ұштастыра білмеген қаламгердің әдебиеттегі жолы да қысқа болмақ. Талант күнделікті тұрмыстағы қарапайым дүниенің өзін биік өнер деңгейіне көтере алғанда ғана талант. «Жол» атты таңдамалы өлеңдер жинағы ақынның таза болмысын, шеберлік мәнерін байқатып, ішкі бай әлемін танытатын біртұтас дүние. Ақын жырларының сан алуан тақырыптары туған жердің төрінен бастап, әлемдік ойдың өріне қарай қол созады. Тар шеңберге бағынып емес, ағынан жарылып, желпініп емес, сергек оймен серпіліп жырлауы өзіндік қолтаңбасын айқындап тұрғандай. Өлеңдерінде ой мен сезім қатар өріліп жатады. Құр самалдай желпіп өтер сезімге ғана құрылмайды. Астарлы ой, үлкен емеурін жатады. Өлеңдегі осынау сырбаз, салмақты мінез терең ойдың жыршысы екенін танытады. «...Жер бетіне сәулет берген әр өрнек, / Әр ғимарат, әр мұнара – бәрі еңбек. / Шебер оны болашаққа тәуелдеп, Берді өмірдің ұзақтығын дәлелдеп. // Шыныңды айтшы, қолыңа нан ұста да, / Өкінердей өмір сонша қысқа ма? / Рас, кейде келтелігін өмірдің Байқатады бітпей қалған іс қана».

Қастек Баянбаев, балалар жазушысы

Ақын өмір жайлы осылай жырлайды. Асып-тасымай-ақ, қарапайым ғана жолдармен қаққан шегедей қылып кемел ой айтады. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Өлеңнің барынша табиғилығын, таза болмысын сақтауға күш салады.

Қастек ақын адам мен табиғат арасындағы тұтастықты, өмір мен өлімнің ортасындағы мәңгілік күресті жырлауда ерекше дараланады. «Біздің ғасыр көне заман соқпағын, қос рельпен екі сызып тастады» дейді бастапқы жырларының бірінде. Екі жолға қоғамның екі ғасырлық даму жолын сыйғызады. Мұндай тауып айту - ойлау деңгейі биік қаламгерлерге тән дағды.

Әр ақын ешкімге ұқсамайтын бір әлем. Сырт көзге қарапайым ғана көрінгенмен, ішкі дүниесінде ширыққан күрестер жүріп жатады. Әлемде болып жатқан барлық дүниелер оның жүрек сүзгісінен өтеді. Соның бәрі ақыл таразысымен сараланып барып бұлқынған жырға айналып жүректі жарып шықпақ. Өзі жырлағандай ақынның «Қуанышы сыртында, қайғысы ішінде». Құрап киім пішіп, қиқымға қызықпайды. Себебі, тағы да бүтіні сыртында, жыртықтары ішінде.

Қарапайым ғана. Артық сөз, шашыраңқылықтан ада. Көңіл түбіндегі ойды дөп басады. Құрғақ тақпақтамай, аспан астын жаңғыртып айқайламай үлкен ойларды қоңыр үнмен жүрекке жеткізіп тұр. Кешегі тарих пен алдағы келешекті ұштастыра жырлауда қаламы жүрдек. Өзінің балалық шағына оймен саяхаттағанда көзін жас, көңілін мұң торлайды. Ол аяулы балалық бал шақты сағынып қана қоймай, сұрқай соғыс салқынын жас жүрегімен сезінуінен туған сыр. Қалың елдің басынан көшкен бұлттай болып өткен сол тағдыр ақын көкірегінде тулап қайнаған өлең болып өмірге келеді. Өткен күннің өшпес шежіресіне айналады. Сын сағатта жүрегі тынбай соққан көп жауынгер көкірегінде жүреді.

Бір құшағым барлығына жетеді,

Менің әкем осылардың біреуі.

Немесе:

Қасымызда қарқарадай әке емес,

От басында бізбен бірге мұң жүрді.

Ол жалғыз ақынның ғана емес, сол ғасырдың мұңы. Халқымыз кешкен сол тауқыметті жылдар табы әр ақынның жырында өзіндік өрнегін салса, Қастек жүрегінен күрең күрсініс болып борайды. Бір ғажабы, шерленіп қана қоймай, запыран жұтқызған зарын айта отырып, ертеңгі жарқын күн үшін күреске шақырады. Аз жазса да саз жазатын қаламгер айтарын жеріне жеткізіп айта білген. Мәселе жырдың санында емес, сапасында болса керек. Жұрттан қалмай жаза салу оның табиғатына жат. Өзіндік бояу, өзіндік қолтаңбамен күрделі тақырыптың да кілтін таба біледі. Кейде ақындарды зерттеушілер тақырып ауқымымен де өлшеп жатады. Ақындық деген аспан астындағы құбылыстың бәрін түгендеу емес. Талант деген ішкі диапазоныңмен өлшенсе керек. Бұл қырынан келгенде Баянбаев шығармашылығының жұлдызы жарық. Бүкіл туындыларын байланыстырып тұрған ішкі тұтастық жатыр. Өз заманын жан-жақты жаза алмаған қаламгер мұрасы өмірден алшақтап кетеді. Ақынның «Ошақтан» мен «Соқыр шахарға» аралығы – жыр сапары, шарықтау шағы. Осынау жыр сапарында ол көркемдік әлемімен көмкерілген шеберлік мектебін қалыптастырды. Кеудесінде қаншалықты бай қазына жатқанын байқатты. Ой теңізінен сөз маржанын сүзді. Қастектің қалдырған мұрасы үздіксіз ізденістің адамы болғанын көрсетеді. Әрине, жазғаны шетінен таза алтын деуден аулақпыз. Алайда өзінде барын жарқырата білді. Қалай болғанда да дараланып тұрады.

«Асқар таудан астың ба / Ойпатында олжа тұр / Бір көпірдің астында / Бір айшылық жол жатыр». Көпір жайлы аз жазылмаса да дәл бұлай Қастек қана айтты. Поэзия - шексіз сөз құдіретінің сиқыры. Жыр құпиясы ашылмауының сыры сол шексіздігінде болса керек. Кітапта ұзақ ізденуден, жылдар бойы еткен еңбектің өтеуіндей жырлар көп: «Түйе туралы хикая», «Көпірлер», «Бір орын», «Қаратұма», «Жамбыл мен Ғали», «Іздеу», «Батыр өлімі», «Бөлтірік», «Досым мен танысым» т.б. бірегей туындылар.

Ақын шығармашылығының сырын іздесек өлеңді ойға құруында дер едім. Мысалы, «Бөлтірік» өлеңінде: «Бөріктей ғана бөлтірік алғаш апаннан шыққанда, көктегі жарық күннен шошып, қатты қалтырайды. Көзін ашып, алғашқы жорықты бастағанда, қасындағы қатар жарысқан өзінің көлеңкесінен қорқады. Бойын тасалап, бәрінен қорқа береді» - дей келіп: «Өйткені әлі жасамақ, Қылмысы оның көп еді» - деп түйіндейді.

Қарапайым ғана көрінген осы өлеңде асау тағдыр, айтар ой бар. Оймақтай ғана жыр үлкен жүк артып тұрғандай. Уақыт тынысы, сол кезеңнің келбеті, халқының ой-арманы туындыларында ерекше өрнекпен жарасым тапқан. «Сібірде», «Ғарышкерлерге», «Отанға ода», «Байланыстар», «Атай неге солақай» өлеңдері шын шебердің қолынан шыққан бұйымдай. Оқырманын ойландырмай қоймайды. Көңіліңді бей-жай қалдырмайды.

Дастарқанша жайдым оны достыққа,

Қастыққа да қарсы тостым не түрлі.

Қинай берем сол жүректі,

Аштықта,

Өз табанын сорған аю секілді.

Нәзік лирикаға келгенде ағынан жарылады. Теңіздей тереңдік байқатады. Жүрек сырымен қоғамдағы әлеуметтік күйді ұштастырады. Жасанды сыр, жалған мұңнан алшақ. Жаңа образ, тың теңеулер табады. Жалпы өлеңнің сыр-сипатын, ішкі иірімін айтып жеткізу мүмкін емес. Оқырманмен сырласпай, жыр жұмбағы шешілмейді.

Автор поэмаға көп бармаған. «Ақжал» дастаны бұл саладағы ең шырқауы. Ақынның балалар өлеңінің шебері екендігі мұнда да анық танылады. Басынан аяғына дейін ішкі динамика бәсеңдемейді. "Ақжалы" арқылы халықтың басындағы қиындықты сурейттейді. Финалда тіптен биіктей түседі. Ат тағдырында символикалық сипат басым.

Әдебиет әлеміне тер төгіп, еңбек еткен Қастек Баянбаев - қазақтың өлеңінен ойып орнын алған тұлға.

Бөлісу:

Көп оқылғандар