Еркеш Ибраһим - ел есінде
Бөлісу:
Сарыарқаның көгілжім сағымға бөккен көркем өлкесі – Көкшетау алқабы. «Сұрасаң, Абылайдың тұрған жерін, Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда», - деп Тобылбайұлы Арыстанбай ақын жырлағанындай, Хан Абылай осы атыраптағы Қылшақты мен Бұрлықтың арасында көшіп-қонып жүргені тарихи деректерден мәлім. Көкшетаудың нулы-сулы атырабының өзі өткен ғасырдың басынан бері Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше ауданы аумағында еніп жатыр. 1944-1997 жылдары Көкшетау жеке облыс болып тұрған кезде Көкшетау таулы алқабы түгелге жуық осы облыстың құрамында болған еді. Сұлу Көкшенің атырабынан әр дәуірде күллі қазаққа белгілі қаншама тұлғалар туып шықты. Сөзден маржан сүзген ақындардың өзі бір шоғыр. Солардың бірі – лирик ақын Еркеш Ибраһим (Ебікенов).
«Өзің боп нәзігім де, дөкейім де,
Көкшетау – сен жүресің көкейімде.
Сағынған осы қазір сәттерімде,
Шіркін-ай самалың боп кетейін бе?!
Әлде бір ақ жаңбыр боп жетейін бе,
Әлде мен аңызақ боп кетейін бе
Сағынған қазір сені сәттерімде,
Бұрқап бір бораның боп өтейін бе! –
деген сөздері бар ән өзіміздің ширек ғасыр ғұмырымыз өткен Көкшетаудың жиын-тойларында қазіргі күні де айтылып жатады. Туған жерге деген ыстық сезімнен туып, әнге айналған осы бір жыр шумағының авторы, көркем Көкшетауына деген риясыз көңілін, алыстап кетсе сағынышын ғұмыр бойы өлең болдырып өріп өткен Еркеш ақынның туғанына 90 жыл толып отыр. Мақаламызды осы бір датаға орайластырып, бүгіндері аға буын болмаса, тәуелсіздіктен бергі толқынның назарынан біртіндеп алыстап бара жатқан буын өкілі Еркеш Ебікеновтің (Ибраһим) өмірі мен шығармашылығы турасында аз-кем тоқталмақпыз.
Қазақтың белгілі лирик ақыны, қаламы қарымды журналист Еркеш Ебікенов (Ибраһим) 1930 жылы 7 қарашада қазіргі Ақмола облысының Сандықтау ауданының Жыланды өңіріндегі Ақан көлі аумағындағы Барақбай деген жерде дүниеге келген екен. Сулы-нулы, нағыз жер жаннаты дерлік өлкедегі Ақан көлі – Шұңғырша қарауыл Ақан батырдың атымен аталса керек. Бертін келгенде байырғы ұлт қазақтардың салмағы жиырма пайыздан да аспаған, қазір де үштен бірінен жаңа асып жүрген осы бір өзенді-көлді, орманды-нулы, далалы-таулы өңірде бір замандарда қолына қара тамақ найза алып, қайқы қылыш асынып, жау айдындырған Ақан, Арлан, Шамай, Кенжебай қатарлы әйгілі батырлар өткен. Еркеш ақын Хан Кененің әйгілі батырларының бірі болған Кенжебайдың ұрпағы. Ел аузынан жеткен аңыздар бойынша Кенжебай батыр Кенесары-Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысып, ерлік көрсеткен екен.
Мен бір қалған бабалардан өртең ем,
Мен бір қалған әкелердің ертеңі ем,
Сол үшін де бал құрықтай сыбдырап,
Оянамын оймен жанып ертемен.
Ойласам қаталайды кенезем,
Сол үшін де көктемдегі мен өзен,
Сол үшін де арман қуам алыстан,
Жұлдыздармен қатар тұрып терезем, -
деген жолдары ақынның өзі өмір сүрген заманда, кешегі ел қорғаған есіл ерлерден қалған қасиетті жұрттағы қазақтардың біртіндеп тілден айырылып, жері жыртылып тілімделіп, ту-талақайға түсіп бара жатқанына өкініштен туған да болар, сірә? Ақын өз өмірден өткеннен кейін біраз жылдан соң тәуелсіздіктің таңы атарын, біртіндеп сұйыла бастаған ұлт бояуы қайта қоюлана түсіп, алаш ұрпағы қайтадан рухани түлер, жаңғырар заманды армандап, ойша болжады ма екен?
«О ғажап, өзіңбісің, Көкше деген? Тастарын жиған жүктей дестелеген», - деп Мұқағали ақын бейнелегендей, Еркеш ақын су бойындағы жартастары құдды жиған сандықтай дестеленген Сандықтаудай ғажайып өлкеде туып-өседі. Тағдырдың тауқыметін ерте тартып, сәби шағында анасынан, одан кейін әкесінен айырылып, жетімдіктің ащы дәмін тата жүріп, туыстарының қолында ержетеді. Ақынның кейіннен ес біліп, етек жауып, атпал азамат, айтулы ақын болған кезде жазған:
«Ана – дария» дейді ғой жұрт, ол теңізді кешпедім,
Арсалаңдап ақ мамаға омырауын шешпедім.
«Өлгенде де екі емшегі иіп жатты бұлақтай», -
Дейді әжемдер, бұл бір сөзі қалай қояр жылатпай..., -
деген жыр жолдары өз өмірінен алынған осы бір трагедиялы халден алынғаны анық. Жыланды жетіжылдық мектебін бітірген соң Атбасардағы жетім балаларға арналған үйде тәрбиеленіп, Атбасардағы қазақ орта мектебін бітіреді. Ертеректе жазылып, Еркешті ақын ретінде танымал еткен өлеңдерінің бірі «Қолшанада» балалықтың қайғысыз-қамсыз, базарлы шағымен қоштасып, туған жерден жырақтап білім қуып аттанған өз тағдыр жолы да ишараланғаны анық:
....Содан бері мен сырғанақ теппедім,
Шанамды да іле қуып жетпедім.
Балдан тәтті балалықтың базары
Білмей қаппын сол шанада кеткенін.
Дос едің-ау қырат жер мен сай-сала,
Мен сырғанақ тепегелі қаншама.
Жалтақтаймын жігіттіктің өрінде –
Тағы тастап кетердей бір қол шана.
Жігіттіктің өрінде өмір шанасы Еркеш ақынды тастап кетпеген екен. Шығармашылық ғұмырдың бұралаң соқпағымен алға қарай екпіндете зулатыпты. Жастайынан өлең-жырға құмар болған Еркеш ақын мектеп қабырғасында жүргенде өлең жазып, белсенділігімен көріне бастайды. Оның болашақта қаламгер болатынына мектеп ұстаздары мен сыныптастары еш шүбәсіз сенеді. Туған өлкеден осындай үлкен арман лепесімен ел астанасы Алматыға аттанып, 1951-жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ) журналистика факультетіне оқуға түсіп, Мұхтар Әуезов бастаған үлкен ұстаздардың тәлімін тыңдап, білім алады. Университетті 1955 жылы бітіріп шығады. Мектеп қабығасында басталған өлең өлкесіне біржола ат басын бұрған ақынның алға қойған арман асуы да биік болатын:
Ақ өлеңің өзіңе, қарасын бер,
Егіздері – басқаға, дарасын бер.
Ғаламды бір шумаққа сыйғызайын,
Сезімнің қас пен көздей арасын бер,
Шабыттың күмпілдеген сабасын бер! –
деп поэзия әлемінде өзіндік өрнегімен дараланып, жаттаны даңғылмен емес, қия-соқпақ, сүрлеумен жүріп тыңнан жол ашпаққа бекінген албырт талатнның қаламынан туған жыр бұл. Осылайша өзіне биік талап қойған ақынның жаман өлең, жасық жыр жазуға қақысы да жоқ еді.
Жас ақын Еркеш Ебікеновтің (Ибраһимнің) тұңғыш өлеңдері 1951 жылы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті мен «Жұлдыз журналында жарық көреді. Қазір де бәсі жоғары десек те, дәл сол заманда аталған басылымдарда жас қаламгердің жазған дүниелері басылу деген – ақынсың немесе жазушысың деген куәлікті қолға ұстатқандай зор мәртебе, сенім болғандығы – сол дәуірдің ақиқат шындығы. Міне, осыдан кейін қазақ даласының әр түкпіріндегі талғампаз қалың оқырман Еркеш Ебікеновті ақын ретінде танып, әдеби орта мойындай бастайды. Өз тұстастары, курстастары арасында талантымен танылған Еркеш ақын университет қабырғасында Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестікті басқарады. Мұнда ол жаңа буын жас таланттарды әдебиет әлеміне жетелеп, өлең жазудың қыр-сырын үйретеді. Бұл жөнінде ақын Қадыр Мырза Әлінің «Иірім» эссе жинағынан мынадай жолдарды табамыз: «Менің алғаш көрген тірі ақыным – Еркеш Ибраһим болатын. Университетке келгенде ол жоғарғы курстарда оқып, университеттегі жас ақындар мектебін басқарады екен. Өлеңдері де газет бетінен түспейді, топтамасы Әбділда Тәжібаевтың алғысөзімен «Әдебиет және искусство» журналында басылыпты. Менің алғашқы бір топ өлеңімді университеттің қабырға газетіне бастыра отырып: «Қазақ поэзиясының болашақ жұлдызы боларсың!» - деген тілегі мені жолдастарым арасында біраз көтеріп тастады». Осылайша, өзі де екі мүшелге толар-толмас жастағы жас азамат Еркеш ақын кейіннен қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына айналған көптеген жастың қанатқақты туындыларын алғаш республикалық газеттер мен журналдарға жариялатып, болашақ шығармашылық сапарына жол салып береді. Бұл да азаматтың биік тұлғасын танытатын іс қой.
Еркеш ақын университетті тәмамдаған соң туған өлкесі Көкшетауға аттанады. Осындағы облыстық бас газет «Көкшетау правдасына» жұмысқа орналасып, тілші, бөлім меңгерушісі қызметін 1955 жылдан 1960 жылға дейін атқарады. Туған өлкесінде алаңсыз жұмысқа кірісіп, шығармашылықпен шұғылданады.
О, тыңда, Алатауым, ақ қары бар,
Мен де жас, сендей биік көкке құмар.
Ойымда өлеңімнің оттары бар,
Бәлкім ол ауылымда ақтарылар, -
деп ақын өзіне білім берген ару Алматыға рақметін білдіре отырып, жиған-терген білімін талантымен ұштастыра отырып, туған жерінде өнімді қызмет етеріне сенім білдіреді.
Еркеш Ибраһим 1961-1963 жылдары тың игеруші облыстар аумағында шығып тұрған өлкелік «Тың өлкесі» газетінің Көкшетау облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарады. Бұл жылдар – ақынның туған өлкесімен, ондағы адамдармен етене араласып, Көкшетаудың көркем табиғатын, астықты алқаптарды аралап, ақындық тұрғысында кеңінен көсілген өнімді шығармашылық дәуірі болады. Көкшетаудың сұлу табиғаты, ондағы көп ұлтты халық арасындағы еңбек майданында көзге түскен майталмандар, туған өлке баурындағы өзге де өмір-тіршіліктің қалып-күйлері – ақын шығармашылығының нысаны болады. Еркеш шығармашылығы – Көкшетау табиғатының сөзбен суреттеп жазылған көркем полотнолар галереясы десек артық айтқандық болмас еді. Бұл пікірмен Еркеш ақынның жоғарыда аталған кітаптарын оқыған адам бірден келісері анық.
... Көкшетау Оқжетпесім, Жұмбақтасым,
Аспаным өзіңмекен құндақтасым.
Сен бе екен әулие жер әлемдегі,
Алдымнан ашатұғын жыр қақпасын
Ән болып аспанымда аңқылдайды,
Дөн болып туған жерде толқындайды.
Жыр болып қаламымнан тамылжиды,
Құс болып көкірегімде қаңқылдайды.., -
деп жырлайды ақын «Көкшем менің күздегі» деген өлеңінде. Еркеш ақынның өлеңіндегі Көкшетаудың ғажайып сұлулығына қазақ даласының, қазақ әлемінің барша тұрғыны, оқырманы ынтық болады. Көкшетауды бір көруге, оның жұпарлы ауасын бір жұтуға құмарланады. Әсіресе, шығармашылық адамдары. Солардың бірі де бірегейі – қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов еді. Еркеш ақын композитор досын Көкшесіне шақырады. Осыдан кейін бір сәті түскенде Шәмші Көкшетауға аттанады: «Мен Көкшетауға кетіп барамын. Таза ауа, сырласар жандар керек, Көкшелік ақын, аяулы досым Еркеш Ибраһим шақырады. Бурабайға кел дейді. Көкшетауды көрмеген көкірек көзі кем дегенді естуші едім, мұнын орнын толтырмай болмас», - деп Шәмші Қалдаяқов Көкшетауға, Еркеш досына келіп, Көкшенің көркем табиғатын көзбен көріп, әсерленген екен дегенді айтады, көз көргендер. Талантты ақын Еркеш Ибраһим мен әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов достығының, шығармашылық байланысының куәсі – олардың тандемінен туған тамаша әндер. "Ақбидай – маржан», «Биші қайың», «Көгілдір Көкше», «Шынарым» әндері. Қазірігі күні қазақ музыкасының көгіндегі шынайы жарық жұлдыз «Муз-Арт» мегатобының репертуарын «Шынарым» әнінсіз елестету қиын болар.
Даланың гүлдері шешек жарған,
Өзіңді аңсатып барады.
Көктемдей жайнайды асыл арман,
Дел-сал ғып самалдың шарабы.
Өмірдің сәні не сен болмасаң,
Әнім боп шырқайсың сен қашан, -
деп әр кез көңілді шырқалатын осы бір ғажап ән – бір жылдың төлі, екі талантты құрдастың: ақын Еркеш Ибраһим мен композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған халқының рухани қазынасына қосқан мәңгілік олжасы болып есептеледі. Еркеш Ибраһимнің өте қонақжай жан болғаны, жан-жақтан Көкшетауға беталған шығармашыл жандардың бәрі ақынның үйіне келіп ат басын тірейтіндігі туралы әңгімені көкшетаулық көз көргендер күні бүгінге дейін айтып жүреді. Көкшетауда туып-өскен ақындардың туған өлкесін жырламағаны кемде-кем. Сонау Біржан-Ақандардан бастап, кешегі Қалия-Жақан ақындар, Төлеген Қажыбаевтар, бүгінгі Құдайберлі Мырзабек, Алмас Темірбайларға, қазіргі жас буынға дейін ақындардың шығармашылық қорында бірді-екілі шағын өлеңнен бастап, көлемді поэмаға дейін табылары сөзсіз. Бірақ та:
Кербезім, Көкшетауым, құдіреттім,
Сыланған Айнакөлім, сүгіреттім.
Ерке шың, ерке гүлім, ерке сырлым,
Сені кім санай алар бірі көптің.
Сен өзің – сыр түйіні бұл ғаламда,
Сен таңсық – мен түгілі күллі адамға.
Сен сұлу – таңнан торғай шырлағанда.
Сен сұлу күнді жұлдыз ұрлағанда, -
деп Көкшетаудың күллі таулары мен шоқыларын, көлдері мен өзендерін, Сексен көл аумағындағы ғажайып табиғи жаратылыс тас мүсіндерді, биші қайыңдар мен қызыл қарағайларды Еркеш Ибраһимдей тамсана жырлаған, молынан, жүйелі түрде сөзбен кестелеп, көркем суреттеген бұрынғы-соңды көкшелік ақынды кездестіру оңай емес те шығар, сірә! Еркеш ақынның Көкшетау туралы жырлары – жансыз табиғатты көз алдыңда жанды динамикаға түсіріп, айқын елестетер әсерлі суреттер. Мысалы, Бурабайдың Әулиекөлі жағасындағы әйгілі биші қайыңдардың суретіне назар аударайықшы:
Жөнелгенде күй төгілтіп, бір күрсініп, күбірлеп:
Шомылуға келген қыздар кеуделері дірілдеп.
Шамырқанып көлдің күйі, шалқығанда күмпілдеп,
Шыдай алмай би төккендей, бөкселері бүлкілдеп.
Көкшетауда болып, сол биші қайыңдарды көрген болсаңыз, өлеңді оқығанда көз алдыңызға иіліп-иіріле біткен табиғаттың ерекше бір ғажайып жаратындысын ақынның суреттеуіне еркісіз ризалықпен бас шайқарыңыз анық.
Еркеш Ибраһимді шығармашылық ғұмыры сәтті болған ақындардың бірі деуге болады. Негізгі мамандық кәсібі журналистика саласында тынбай еңбек ете жүріп шығармашылықпен айналысады. Алғашқы жыр жинағы «Қарлығаш» 1958 жылы «Жазушы» баспасында басылып, оқырмандарына жол тартады. Бұдан кейін ақын шығармашылық жолында өнімді еңбек етіп, шағын өлеңдерден көлемді, құрылысы күрделі поэмаларға дейін жазып, жергілікті, республикалық және одақтық мерзімді және әдеби басылымдарда жариялатады. «Көкшетау көріністері» (1960), «Өмір өлмейді» (1963), «Жұлдызды жылдар» (1966), «Жас ғұмыр» (1972), «Оқжетпес» (1973), «Теміртау толғауы» (1978), «Кездесу» (1982), «»Самғау» (1985) т.б. кітаптары жарық көреді.
Ақынның өмір жолы – шығармашылығының арқауы. «Менің өмір жолымды сұрап неғыласың, шығармашылығым айтып тұрған жоқ па?» - деп бір ақын айтыпты демекші, Еркеш ақынның да поэзиясы – ғұмырының айнасы. Бұл тұрғыдан алғанда Еркеш Ибраһим шығармашылығы үлкен екі цикльге бөлінеді деуге болады. Біріншісі – әрине, туған өлкесі Көкшетауда өткізген жылдар. Екіншісі – Қарағанды өңіріндегі ғұмыр жолы. Ақын 1963 жылы Қарағанды облысына қоныс аударып, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі қызметін өмірінің соңына дейін атқарады. «Қазақ әдебиеті» газеті алпысыншы жылдардың басында Алматыға қызметке шақырғанымен, Еркеш ақын туған өлкесін, үйренген ортасын қимайды.
Мені, достар, іздесеңдер, сол майданда жүремін,
Сол майданда жүремін мен, алып ұшып жүрегім, -
деп сонау қиыр өлкеден ару Алматыға жырдан сәлем жолдаған ақын өзінің Көкшесінде, Сарыарқаның кіндігі Қарағандыдағы журналистік қызметін жалғастыра береді.
Ақын жаны әрдайым әсерленгіш. Ақын – күнделікті, қарапайым заттар мен құбылыстардың өзінен, өзгелер сезінбегенді анық аңғарып сезінеді, жүрекке жеткізе жырлайды. Ару Алматыдан білім алып, сұлу Көкшесіне жетіп, ондағы қызу еңбек майданының жаршысы болып, орманды, жасыл жазиралы алқаптағы тыңгерлердің ортасында жүрген ақын ендігі жерде Сарыарқаның нағыз жүрегіндегі өндірісті қалаға қоныстанып, осы өңірдің тыныс-тіршілігін жырына арқау етеді. Қазақ даласының қай пұшпағы болсын, Еркеш ақынға жат болмаған. Ақын шығармашылығына көз салсаңыз, ондағы өлеңдерге арқау болған географиялық атаулар бұған куә болады. Қарағанды өлкесіне барғанда ақын былай деп жырлайды:
Сенбісің арқалы тау Арқадағы,
Сенбісің қауырсынды Қарқаралы.
Бас иіп саған сәлем бергенімше,
Сенен бұлт, менен аңсау тарқамады, -
деп Еркеш ақын әйгілі Мәдидің Қарқаралысына Дала серісінің өз сөзінің сарынымен жыр тілінде сәлем беріп, Қарағанды өңіріндегі қайнаған еңбектің қызуына бірден араласып кетеді. Қарағандының көмірлі терең шахталары, Теміртаудың түтіні мұржасынан будақтаған алып мартен пештері, Арқаның тарихы бай сары жонындағы сан қилы өмір арналары – ақын қаламынан жыр болып төгіледі:
Сағынушы ем, жүрегімнің балқыған бір кездерін,
Сағынушы ем, сезімнің толқыған бір кездерін,
Сағынушы ем, қайратымның салқындаған кездерін,
Сағынушы ем, жалынымның лапылдаған кездерін,
Сол отымды, сөнбес отты көрдім жанған дүрілдеп,
Ол отымнан күннің өзі тұрады екен дірілдеп,
Болат сүттей тасиды екен, қайнайды екен сақылдап,
Тек жанарлар, от жанарлар тұрады екен күлімдеп.
Бұл – Еркеш ақынның Қарағанды өңіріндегі индустрия тақырыбын жырлауы. Ақын өз жанының лыпылдаған, лықсыған жалынын Теміртаудың домна пешінде балқыған болатпен егіздейді. Сәтті үйлесім. Еркеш ақын Теміртаудағы құрыш білекті жандардың қажырлы еңбегін, мұндағы өндіріс ырғағын шынайы жүректен шыққан өлеңдері мен поэмаларына арқау етеді.
Өмірінің алғашқы кезеңі. балалық шағы жетімдікпен басталып, ат жалын тартып азамат болған шағынан бастап, Еркеш ақынның барша ғұмыры бір қалыпты қайғысыз-мұңсыз өтті деп айтуға болмас. Мұны ақын шығармашылығындағы өлеңдерінің мазмұнынан анық аңғаруға болады. Жаны нәзік ақынның торыққан, зарыққан, түңілген кездері де аз болмаған-ау дейсің. Еркеш ақынның шығармашылық дәуірі – үрей-қорқынышқа бөккен сталиндік казармалық социализм, «хрущевтік жылымыққа» ұласқан, оның өзі «кемелденген көммунизмнің» тоқырауға ұшырап барып, горбачевтік «қайта құруға» келіп тірелген тұсы еді. Мұның бәрі де ақын жүрегінің сезім сүзгісінен өтіп, ащы запыранды өлең болып төгіледі:
Данышпансып кейбіреулер білімді,
Кемсінеді менің ана тілімді,
Оларға мен не деп айтам, не дейін.
Өкінішке шүпілдеп тұр көмейім.
Тіл де – ана сүйетін бар ұрпағын,
Мен анамды қалай ғана құртамын! –
деп назаланған Еркеш Ибраһимнің «Жалғыз қайығы» да ақын жанының жабыққан сәтіндегі бір көңіл-күйі болатын. 1986 жылдың 18 қазанында өмірден өткен ақын бір айдан соң қазақ даласында басталатын санаға салар салмағы алапат қасіретті, Кеңес Одағы атты алып мемлекеттің қабырғасын қаусатар алғашқы сілкіністі – Желтоқсан көтерілісін, одан кейін бірер жылдан соң атқан азаттықтың ақ таңын, көре алған жоқ.
Жас ғұмыр, отты күнім, жалын демім,
Жер баспас ақ тұлпарым, ағынды едің.
Қалдырып кетермісің бір төбеге.
Боздатып көңілімнің ақ інгенін, -
деп Еркеш ақын мынау баянсыз жалған дүниенің бір күні тәркі боларын, ақбоз арғымақтай арындаған ақындық ғұмырдың бір күні түгесілерін жырлаған екен. «Өмір өтіп барады – оны қойшы, сәттер өтіп барады – осы қиын», - деп өзіне ұстаз санаған Қадыр ақын айтқанындай, Еркеш Ибраһим де шығармашылық адамы ретінде халқымен бірге жасар өлмес жыр жазуды, туған еліне деген ұрпақтық парызын жырымен барынша өтеуді аңсап өткен ақынның ең асыл да асқақ арманы мынау еді:
Бұларды тірлігімде өтер ме екем.
Кеудемді кернеген жыр бекер ме екен?
О, халқым,
Қолымнан бір келгені деп,
Өлмейтін бірін тастап кетер ме екем?
Иә, іздеген жанға Еркеш ақынның нәзік лирикаға, сұлу суретке толы, өлмес жауһар жырлары бар, онда туған жеріне, еліне, қазақ деген қабырғалы халқына айтқан сырлары бар. Туған халқының әдебиетіндегі мәңгілік жырларының арқасында ақынынң есімі де мәңгілік. Осының айғағындай, өзі өмір бойы тамсана, шаттаны жырлап өткен Көкшетауында Еркеш Ибраһим көшесі бар. Биылғы тоқсан жылдығы мен алдағы жылдары келіп жетер ғасырлық мерейтойларында да Еркеш ақын есімі лайықты ұлықталып, ұрпақтар жадында жаңғыра берері сөзсіз. «Елі барда ері ұмытылмайды», - демекші, Еркеш есімі ұмытылмайды.
Бөлісу: