Мәлік Ғабдуллин және шетелдегі қазақтар

Бөлісу:

13.11.2020 6094

Қарашаның 15-інде қазақтың біртуар ұлы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 105 жыл толады. «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» - демекші, осы жұрт, әсіресе бүгінгі жас буын Мәлік Ғабдуллиндей сегіз қырлы бір сырлы, үлкен жүректі қазақты біле ме екен? Өзі туып-өскен Көкшетау айналасы Мәлік Ғабдуллин атына қанық екені анық. Бұған Мәлік Ғабдуллин есіміндегі ауыл, музей, мектеп, көшелер мен ескерткіштердің үлкен әсері бар. Лайықты еңбегі бар адамның еңбегін ең әуелі өзінің туып өскен өңірі елеп-ескеріп, әспеттеп тұлғаландырып, насихаттап танытатыны – бүгінгі тірлігіміздің көрінісі. Осылай болуы керек қой дегенімізбен, елі үшін жасаған еңбегі, ерлігі – бір ауыл, аймақтың аясына мүлдем сыймайтын, яғни қазақ даласының барлық түкпірінде ұлықталып отыруға лайықты тұлғалар бар. Мәлік Ғабдуллин – сондай тұлғалардың бірі де бірегейі. Бұл – кешегі заманда солай болған да еді. Қазақстанның бірнеше өңірінде, ауылдар мен қалаларында Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептер, үлкенді-кішілі көшелер болуы сөзіміздің айғағы. Бірақ бертін келе бұл үрдістен жаңылған кейбір ауылдардың Мәлік Ғабдуллин көшесі жергілікті адамдардың атына өзгертілгені туралы ертеректе жазғанымыз бар-ды. «Танымасын сыйламас» дегендей, Мәлік Ғабдуллинді таныса, оның майдандағы ерлігін, бейбіт күндегі еңбегі мен үлкен адамгершілік қасиетінен хабардар болса, бұл жандар олай жасамас еді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», - деп дана Абай айтқанындай, Мәлік Ғабдуллиннің өз саналы ғұмырында адам баласын тең көріп, қолынан келгенінше қайырымын тигізіп, жақсылық жасап өткен қарапайым жан болғандығын ол туралы тұстастарының, қаруластарының, қызметтестері мен шәкірттерінің естеліктерінен анық аңғарылып тұрады. Әйгілі 316-атқыштар (кейіннен 8-гвардиялық панфиловшылар) дивизиясында рота саяси жетекші болған Мәлік Ғабдуллиннің жанқияр ерлігі бағаланып, 1943 жылы 30 қаңтарда Кеңес Одағының батыры атағы берілгеннен бастап, ата аңызға айналған батырды жырламаған ақын жоқ деуге болады.

Батырым – Мәлік беренім,

Жүйрігім, озған өренім.

Халқы сүйген қалаулым,

Жырымды саған төгемін, -

деп қарт жырау Жамбылдан бастап жыр арнаса, Кеңес Одағының бас газеті «Правдада» белгілі жазушысы Борис Полевойдың «Эпостың тууы» атты очеркі жарияланып, қазақ ұлының есімі лайықты ұлықталып жатты. Майданнан оралған соң білім, ғылым жолына бар өмірін арнаған Мәлік Ғабдоллаұлы 1973-жылы 2-қаңтарда өмірден өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, қазақ зиялыларынан шыққан Кеңес Одағының тұңғыш батыры, фольклортану ғылымы бойынша алғаш докторлық қорғаушылардың бірі, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының алғашқы қазақ академигі, майдангер жазушы, ұстаз ғалым, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірінің бір парасы – өзі ұстаздық еткен, жоғары оқу орнын басқарған жылдары шетелден келіп оқыған қаншама жастарға қамқорлық жасауы деп білеміз. Мақаламыздың арқауы да нақты құжаттар мен естеліктер арқылы Мәліктей үлкен жүректі тұлғаның шетелден білім іздеп Алматыға келген қандастарына деген қамқорлығына құрылып отыр.

Түркінің түп бесігі Алтайдың күн бетінде, қазіргі Монғолия мемлекеті аумағында қазақ қауымының үлкен бір шоғыры үш ғасыр жүзінде өмір сүріп келеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап тікелей шекара алыстаса да, бұл елдегі қазақтардың қарашаңырақ Қазақстанмен қашанда болсын байланысы еш үзілген емес. Әсіресе, өткен ғасырдың 30-80 жылдары бұл елдегі қазақтардың ана тілін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, өнерін сақтап дамытуы үшін Қазақстанның сіңірген зор еңбегі бар. Атап айтқанда Монғолиядағы қазақ мектептерінде сабақ беретін, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәні дайындалды. арнаулы маман кадрлар, материалдық база дайындауға Атажұрттың игі ықпалы, қосқан үлесі ерекше және ол арнайы тоқталуды қажет ететін тақырып. Мәлік Ғабдуллин тұлғасына қатысты мақаламыз өткен ғасырдың 50-60 жылдары Баян-Өлгийден Алматы қаласына келіп білім алған шәкірттер турасында болмақ. Бұл кезеңде жыл сайын кемінде 4-5 қазақ студент еларалық келісім бойынша ел астанасы Алматыға келіп, көбінесе Абай атындағы ҚазПИ-де оқыған. Солардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы еді. Алматыдан туған жеріне оралған Қабидаш Қалиасқарұлы ұзақ жылдар бойы Монғолияның Баян-Өлгий аймағында ұстаздықпен қатар білім, ғылым мекемелерінің басшысы болып, еліне елеулі еңбек еткен болатын. 1992 жылы Атажұртқа оралып, І.Жансүгіров атындағы Талдықорған мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметін біршама жылдар бойы атқарды. Елордаға қоныс аударып келген ұстаз-ғалым 2019 жылы өмірден өтті. Институт қабырғасында жүргенде бұл студенттің ғылымға бейімділігін аңғарған Қажым Жұмалиев, Мәлік Ғабдуллин, Әбділдә Тәжібаев т.б. ұстаздары оған ғылыми жұмыспен айналысуын, оның ішінде Монғолиядағы қазақтар арасында сақталған фольклорлық туындыларды жинақтап, ғылыми айналымға енгізу қажеттігін айтып, ой тастап, ұсыныс білдіреді. Ұстаздарының ұсынысын көкірегіне түйген Қабидаш шәкірт Алматыдағы оқуын аяқтап Баян-Өлгийге келген соң, Өлгий қаласындағы №1 қазақ мектебінде сабақ бере жүріп, 4-5 жыл бойы оқушыларға каникулдық тапсырма ретінде ауыз әдебиеті үлгілерін жинатады. Құймақұлақ қарияларды жағалап, олардың аузынан жыр-дастандар жазып алады. Жинақталған мол материалдарды сұрыптап, жүйелейді. Жергілікті мерзімдік басылымдарда мақалалар жариялатып, монография жазады. Осыдан кейін, 1968 жылы Алматыдағы әдебиеттанушы ұстаздары Қажым Жұмалиев пен Мәлік Ғабдуллинге, Қазақ ССР Мәдениет министрі М.Базарбаевқа хат жолдап, онда өзінің жасаған еңбегі жайында баяндап, таныстырады. Ол уақытта коммунистік мемлекеттер арасында пошта байланысы болды дегенімізбен, әрбір хат-хабар апталап, айлап жүріп жететін заман. Осы уақытта хат жолдаған ұстаздарының бірі Қажым Жұмалиев өмірден өткенін естіген Қабидаш Қалиасқарұлы торығып жүрген бір уақытта, 1969 жылы ақпанда Мәлік Ғабдуллиннен хат келеді. «Қымбатты інім, бауырым Қабидаш! – деп басталған хатында Мәлік Ғабдуллин амандық-саулықтан кейін өзінің қазіргі жұмыс-шаруасы жайында жаза келіп, - Біз бұл әдебиетті жетік білмейтіндігімізді сен толтырып берсең, нұр үстіне нұр дер едік, аса көп алғысымызды айтар едік», - дей отырып, өз ақыл-кеңесін береді. МХР Ғылым академиясынан, тиісті билік мекемелерінен қолдаухат, Қаз ССР, КСРО Ғылым академияларынан келісімхаттар алу керектігін айтып, мүмкіндігінше өзі реттейтініне сенім білдіреді. Осылайша қорғауалды процесі басталады. Мәлік Ғабдоллаұлының Монғол Халық Республикасы Ғылым академиясының президенті Базарын Ширэндэвке жазған хатының мәтінін орыс тілінен қазақ тіліне аударып, толықтай жариялап отырмыз: «Монғол Халық Республикасы Ғылым Академиясының Президенті Ширэндэв жолдасқа!

Кеңес Одағының батыры, академик, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин

Құрметті Президент! Сізге төмендегідей сұрақ бойынша өтініш білдіріп отырмын! 1951-1963 жылдары мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (Алматы қ.) ректоры болып қызмет атқардым. Біздің институттың студенттері қатарында МХР арнайы жолдамамен біздің институтқа оқуға жіберген МХР азаматы Қабидаш Қалиасқаров та болған еді. Ол үздік бағаға оқыды, оқу пәндері бойынша терең білімін көрсете білді және оның ғылыми-зерттеу жұмыстарына бейімділігі барлығына сол кезде біздің ғалымдарымыз назар аударған болатын. Қ.Қалиасқаров институтты сәтті аяқтаған соң өз еліне, МХР-ға кеткен болатын және ол Баян-Өлгей аймағындағы №1 қазақ мектебінде мұғалімдік жұмысын монғол-қазақ фольклорындағы байланыстар мәселелерімен үйлестіріп қызмет атқаруда. МХР-да ол монғол-қазақ әдебиетіндегі ауызекі поэтикалық шығармашылық туралы бірнеше мақалаларын және монографиясын жариялады.

К.Қалиасқаров Қазақстанның әдебиеттанушы ғалымдарымен, оның ішінде менімен тұрақты түрде хат алмасып, жазбаша байланыста болып келе жатыр. Ол бізге өзінің ғылыми жұмыстары жөнінде жазып тұрды және біздің жазбаша ақыл-кеңестерімізді де алып отырды. Сонымен қатар ол маған монғол-қазақ фольклоры туралы өз еңбегінің жекелей тарауларын жолдаған болатын. Оның мен оқып танысқан еңбегінің тараулары барынша қызықты, түпнұсқалылыққа ие, әрі ұнамды деп бағалауға әбден болады. МХР-лық мұғалім, жолдас Қалиасқаровтың ғылыми жұмысы туралы Сізге баяндай отырып, оның жариялатқан монографиясына кейбір тұста аздап жөндеу-түзетулер енгізген соң филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ізденіс жасатып, қорғауға шығаруға толықтай жарамды екендігін сізге мәлімдеп отырмын. Мұндай қорғауды Қазақ ССР Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ұйымдастыруға болар еді, бірақ ол үшін мыналар қажет болып отыр: а) Қалиасқаров жолдастың диссертациялық жұмысын қорғауға қабылдау туралы өзіңіздің қолдаухатыңыз; б) Қалиасқаров жолдасқа Алматы қаласына ғылыми іссапар (3-4 айға) ұсыну.

Аса құрметті Президент! Өзіңізге жасалған осы жасалған өтініш үшін кешірім сұраймын. Мен МХР-лық жас ғалымға, оның ғылым кандидаты болуы үшін көмектесуді өзіме парыз санадым. Өзіңізге деген құрметпен: КСРО педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллин. 1969 жылдың 18 тамызы.

Профессор М.Ғабдуллиннің қолын растаймын: Қазақ ССР Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми хатшысы М.Жармұхамедов.»

Осы жеке хатынан өзге, Мәлік Ғабдуллин Қаз ССР ҒА Президенті Шахмардан Есеновтің атынан да МХР ҒА Президенті Б.Ширэндэвке қолдаухат жолдатады. (Жеке хатының көшірмесі Мәлік Ғабдуллиннің жеке мұрағатында сақталып, ҚР Мемлекеттік орталық мұрағатына тапсырылған. Аталған құжаттың көшірмесі Мәлік Ғабдуллин музейінен алынды).

Бұл процесте екі мемлекеттің ғылыми мекемелерінен өзге, жергілікті партиялық биліктің де рұқсаты керек болатын. Ғалымның мұрағатында Баян-Өлгий аймағы Коммунистік Партия Комитетінің бірінші хатшысы Бугын Дэжидке жолдаған хаты да бар. МХР ҒА Президентіне жолдаған хатқа түгелге жуық ұқсас мәтіндегі, машинкаланып, расталған бұл екі хат Монғолиядағы екі мекенжайға бір мезгілде жолданыпты. Мәлік Ғабдуллиннің Бугын Дэжидке жолдаған хаты мен МХР ҒА Президенті Базарын Ширэндэвке жолдаған хаттарының мәтіні тұтастай дерлік ұқсас болған себепті, біз ол хатты бұл мақалада толықтай бермедік: «Аймақтық Партия Комитетінің хатшысы, Дэжид жолдасқа! - деп жаза отырып, өзінің бұл туралы МХР ҒА Президентіне хат жолдағанын партком хатшысына былай деп ескертеді: - Айтпақшы, мен Қалиасқаров жолдастың ғылыми жұмысы туралы МХР-лық жас ғалымға көмектесуді өзіме парыз санай отырып, оны ғылым кандидаты болдыру жөнінде МХР Ғылым академиясының президентіне хат жазған болатынмын. Ал осы хатты Сізге ақпарат түрінде жазып отырмын", - деп апат көрсетеді.

Мәлік Ғабдуллин шәкірттері ортасында

Ол замандағы коммунистік басқару жүйесі бойынша кез келген буындағы партияның бірінші хатшысы жергілікті әкімшіліктік басқарудың да екі шылбыр бір тізгінін қолында ұстап отырған негізгі тұлға болып саналатын. Сондықтан да кез келген істе коммунистік партияның араласуы, партия комитеті хатшысының рұқсат беруі қажет екенін Мәлік Ғабдуллин жақсы түсінгендіктен де айпартком басшысына осы хатты жолдап отыр. Монғолия - әлем картасында Кеңес Одағынан кейін пайда болған екінші мемлекет, екі елдің бауырластық, достық қарым-қатынасы жоғары деңгейде дегенімізбен, ол заманда партиялық билік өкілдері арасындағы ресим делегациялық барыс-келіс, және экономикалық, сауда қарым-қатынас өкілдерінің алыс-берісі жолға қойылғандығы болмаса, жеке адамдардың жүріс-тұрысына қойылған шектеу әлі күнге аса босаңси қоймаған еді. Қазіргі күні Монғолияға сапарлау үшін қалтаңызда шетелдік паспорт болса жеткілікті, ұшақпен, пойызбен, жермен еш кедергісіз баруға болады. Ал саптаяқтың сабынан қарауыл қараған секемшіл социалистік жүйеде - бұл әжептәуір күрделі мәселе еді.

Қсықасы, Мәлік Ғабдуллиннің осы екі хаты Монғолиядағы лауазымды тұлғаларға жеткеннен кейін, жоғарыда аталған тиісті билік органдары мен түрлі ведомстволар арасында жасалған, кепілдендірілген келісімдер бойынша баян-өлгейлік мұғалім, ҚазПИ-дің ғылыми ізденушісі Қабидаш Қалиасқарұлы 1972-жылдың күзінде жазған дүниелерін тиянақтап, кандидаттық диссертациясын қорғау үшін екі айлық рұқсат алып, Кеңес Одағына, өзі оқып білім алған Қазақстанның астанасы Алматыға аттанады. Алматыға келген соң да қаншама есіктерді тоздырып, сан ондаған қағаздардың соңынан жүгіруге тура келеді. Ұстазы Мәлік Ғабдуллин, досы Едіге Тұрсынов қатарлы адамдар барынша көмектеседі. Бұл туралы Қабаң ақсақалмен көзі тірісінде жолығып сұхбаттасып, көлемді мақала жазған болатынбыз. Сонымен бірге 2015-жылы Мәлік Ғабдуллин музейі шығарған естелік кітапқа Қабидаш Қалиасқарұлының көлемді естелігі де енген болатын. Сондықтан да ол жайында егжей-тегжейлі жазуды мақсат тұтпадық. Бұдан кейінгі жағдайларды қысқаша айтқанда, жұмыстың ғылыми жетекшісі, профессор Мәлік Ғабдуллин екі ай көлемінде тығыз жұмыс графигімен диссертантының барлық қажетті құжат қағаздарын реттетіп, 1972 жылдың желтоқсаны соңында түгелге жуық аяқтатып, осының нәтижесінде жаңа жыл мерекесінен кейін, 1973-жылы қаңтар айының басында Ғылыми кеңес алдында қорғауға шығаруға толықтай дайындатады. Жаңа жылды қарсы алып, арқа-жарқа көңіл күйде жүрген Қабидаш Қалиасқарұлы қаңтардың 3-і күні ұстазына хабарласуға келеді. Мұндағы үрпиісіп тұрған жұртқа таңданған қалпы жоғары көтеріледі. Сөйтсе, қаңтардың 2-сі күні ғылыми жетекшісі, аяулы ұстазы Мәлік Ғабдуллин жүрек талмасынан кенеттен дүние салған екен. Бұл әрине, сонау алыс өлкеден, шетелден арман арқалап келген ізденушіге оңай соқпағаны анық. Ғалымды жерлеу рәсіммі өткеннен кейін қайтадан жиын өткізген Әдебиет және өнер институтының директоры Әди Шәріпов, Ғылыми кеңестің басшысы Ісмет Кеңесбаев бастаған ғалымдар Қабидаш Қалиасқарұлының кандидаттық диссертациясын қорғауды жыл соңында нақты белгілегеніндей, 1973 жылы қаңтардың бесінде өткізеді. Қорғау құжаттарын түгендеу барысында жетекшінің сын-пікірі қажет екен. Мәлік Ғабдуллиннің осыған дейін тап-тұйнақтай дайындап үлгеріп кеткенін көргенде, Ғылыми кеңес мүшесі, филолог ғалым Әбділда Тәжібаев қария: «Қайран Мәлік-ай, қайтатынын білген екен ау!» - деп бас шайқай күрсінген екен. Сөйтіп қорғау басталып жүре береді. Аттестаттау комиссиясының осы отырысында ізденуші Қабидаш Қалиасқарұлы «Баян-Өлгей қазақтарының ауыз әдебиеті» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, Баян-Өлгейге оралады. Ғылым жолындағы жөн-жоба көрсеткен ұстазы Мәлік Ғабдуллиннің ағалық қамқорлығын соңғы диссертант шәкірті өмір бойы ұмытпай, ризашылықпен еске алатын еді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы

Мәлік Ғабдуллиннің сан салалы қызметі барысында өздерінің есінде қалған жарқын сәттер, оның биік адами тұлғасы жайында аса бір ризашылықпен әңгімелейтін көзі көргендердің ең жасының өзі қазірде жетпістің о жақ-бұ жағындағы адамдар. Сол 50-60 жылдары Алматыда Мәкеңнің алдынан сабақ алған, қамқорлығын көрген баян-өлгейлік шәкірттердің көбі бұл күнде арамызда жоқ. Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығы қарсаңында ол кісі туралы естелігіңізді жолдасаңыз деген бір ауыз өтінішімізді жерге тастамай, айтқан сәтінде сонау Ұланбатырдан жолдаған қарт ұстаз, Монғолия Ақпарат саласының үздігі Құпария Дағыстанұлы ағамызға зор алғыс-ризашылығымызды білдіре отырып, бізге жолдаған жазбасын оқырмандарға ұсынып отырмыз: «Мәртебесі биік, ел аузында аңызға айналған қазақ – Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығы құтты болсын! Мәкең ұстазым туралы өз естелігіммен бөлісуді жөн көрдім. Мен 1955 жылы Алматының ҚазПИ-іне жолдамамен барып, жаратылыстану-география факультетіне түсіп, оны 1960-жылы бітірген едім. Бұл институтта менен бұрын да Монғолиядан келіп оқып жүрген балалар болды. Институтымыздың директоры (ол заманда жоғары оқу орны басшысын осылай атайтын) – ІІ Ұлы Отан соғысының әйгілі қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, доктор, профессор, қаламгер Мәлік Ғабдуллин еді. Еңселі тұрпатты, күлімсіреген ашаң жүзді, қою қара шашты Мәкеңнің бейнесі қаншама жыл өтсе де әлі күнге көз алдымда тұр.

ҚазПи-ге Монғолияның Баян-Өлгий аймағынан тек қазақ балалар ғана барып оқитынбыз. Оқу орнының басшысы Мәлік Ғабдоллаұлы бізді ретіне қарай ауық-ауық қабылдап, хал-ахуалымызды біліп, қандай бір қажеттіліктеріміз бар-жоғын сұрап, өтінішімізді орындатып беріп тұрды. Ол кісі бізге туған жер, өскен елден алыс бөгде елге келгенде жаңа ортада қалай жүріп-тұру, заң-законды қалай ұғыну керектігін айтып түсіндіретін. Әсіресе, орыс тілін үйрену қажеттігі жайында (біз қазақша оқыдық, мұндағы ортамыз да қазақ болды) көп ақыл-кеңес беретін. Қысқы, жазғы демалыстарда директор бізге Алатаудың ну ормандары арасындағы санаторийлерге жолдама беретін. Сөйтіп жоғары оқу орнының басшысы Мәлік Ғабдоллаұлы алыстан келіп оқып жүрген қандастары біздерді шетелдік студенттер дәрежесінде құрметтеп, өз қамқорлығына алды. Біздің ішімізде партия, үкімет ұйымдарында жұмыс істеп тұрып оқуға келген сақа буын кадрлар да болатын. Мәкең солармен көп пікірлесіп, Монғолия туралы, ондағы қазақтар жайында мәліметтерді қызықтап, көп сұрайтын еді.

Мәкеңнің тағы бір ерекше қамқорлығын айтайын: Бір жылы жазда оқу бағдарламасы бойынша біздің факультет Алатаудан Мәскеуге дейін саяхат-практикаға шыққан едік. Сол жолы филология, математика факультеттерінде оқитын баянөлгийлік Қапшан мен Байытты ел-жер көрсін деп бізге қосып жіберген еді. Біз сол жолы Кеңес Одағының оңтүстігінен батысына дейін құрлықпен, теңізбен армансыз аралап, өмір бақи ұмытылмастай, аса танымды да тағылымды сапарды бастан кешірген едік.

Мәкең соншалықты атақ-дәрежелі, лауазымды тұлға болса да өзін өте қарапайым ұстайтын, әрі әзіл-қалжыңы мол жан еді. Жатақхананы аралайтын. Сол кезде кезіге қалғанда сәлем берсең: «Ей, сәлеметсізбеңді қой, комнатаңа баста. Алдымен шахмат ойнап жіберелік!», - дейтін. Ойын кезінде көбіне әзіл әңгіме айтады. Мен алғаш барғанда шашымды бритвамен аппақ қылып қырғызып алдырған тақырбас болған едім. Содан есінде қалса керек, мені директорымыз «Тақырбас» атайтын. Кейде: «Ей, тақырбас, сені Қазақстанның қыздары менсіне қояр ма екен ә?» - деп қалжыңдап қарқылдап күлгенде, біз де ілесе күлетінбіз. Ол кісінің қалжыңына да үйреніп, комнатамызға келсе екен деп, көріне қалса шақыруға құмар болатынбыз. Ол кісі үлкен басшымын деп шалқайып, кекірейіп кеңседен шықпайтын бастықтар қатарынан емес еді: үнемі студенттер арасында, оқу корпусында, жатақханада, асханада, ғимарат ауласында жүріп, қызметкерлер мен студенттердің хал-жайын сұрап, танысып, ақыл айтып, ретімен әзілдеп жүретінін байқаушы едік. Мұның өзі ұғынған жанға, болашақ өмір жолы үшін өнеге еді ғой.

Мінеки, менің алғаш студент атанып, КазПИ-ге оқуға түскеніме табаны күректей 65 жыл өтіпті. Білімнің қара шаңыраңғын бітіргеніме де аттай 60 жыл болыпты. Мен оқып жүргенде қадірлі ұстазымыз Мәкең, Мәлік Ғабдуллин басшылық жасаған сол киелі орыннан алған білімім, ол кісі бастаған аяулы ұстаздарға еліктеп өскен тәрбием өміріме мәңгілік рухани азық болды. Институтты бітірген соң туған жеріме оралып, партия институтында оқытушы болдым, партиялық қызметтер мен журналистика саласында қызмет істедім. Қазіргі күні 85 жасқа келіп, еңбегімнің зейнетін көріп, немере-шөберенің қызығына бөленіп отырған қариямын.

Ұстазым Мәкеңнің ерлігін, білімін, ақыл-парасатын, жібектей мінезін Алла-Тағалам ұрпағына, қалың еліне жалғастырсын. Марқұм бақи жалғанда Алланың нұрына бөленіп, бейіштің төрінен орын алсын. Дағыстан ұлы Құпария. 2020 жылдың 12-қарашасы», - делінген екен хатта. Құпария ақсақал сонымен бірге Мәлік Ғабдуллиннің қолы қойылған мамандық дипломын да жолдаған екен.

Құпария Дағыстанұлының Мәлік Ғабдуллин қол қойып тапсырған дипломы

Мінеки, қазақтың біртуар ұлы Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірінен сыр шертетін құжаттар мен естеліктерді сөйлеткенде, осылай болды. Өз тағдыр жолына Мәлік Ғабдуллиндей дара тұлғаның тигізген игі ықпалы, титтей де болса, көңіл көгіне шашқан жақсылық сәулесі туралы естеліктерден бір шынайылық, құрмет есіп тұратынын аңғарасыз. Жастайынан анасынан айырылып жетімдікті бастан кешкен, Алматыда өзі алдынан өтіп білім алған қаншама ұстаздарының сталиндік зұлматтың құрбаны болғанын көрген, өзі де бұл қанды қасаптың тырнағына іліне жаздап әрең қалған, одан соң қан майданның өтінде ерлік көрсеткен, майданнан кейін білім-ғылым жолында еңбек ете жүріп талай рухани соққыны бастан кешірген Мәлік Ғабдуллиннің ерлі жолдары, қайсар тұлғасы, рухани мұралары, биік адамгершілігі жайында мейілінше көп айтылуы қажет деп білеміз. Себебі, атақ-даңқ, билік-мәнсап бір басында молынан болған шағында «ұлық болсаң – кішік бол» дейтін қарапайымдылықтан, азаматтық, адамдық қалпынан таймаған, айналасында болған үлкенді-кішілі, алыс-жақын адамдардың барлығының санасында тек ізгілікті бейнесімен қалған мұндай жандар қай дәуірде де шынымен сирек болған, қазір де аз шығар, сірә. Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірін үлгі тұтудың мәні де осында ғой.

Қазақпын: «Тегің кім?» - деп тектемеген,

Ере келген итке де: «Кет» демеген.

Пейілі түссе бір атын түсіп беріп,

Бір атым насыбайға өкпелеген, -

деп ақын Кәкей Жаңжұңұлы жырлағанындай, «бар қазақ – бір қазақ» немесе «әр қазақ – менің жалғызым», деп бауыр тартып, алалап-бөлуге жол бермейтін, олардың бойынан жыл еткен жақсылықтың ұшқыны аңғарылар болса, «жанам деген жүрекке от беремін» деген ұстаныммен, қолынан келгенше жақсылығын аямайтын мәрт мінез алаш ұл-қыздарының бойында молынан болғай!

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар