Бақытты құлдық баяны

Бөлісу:

17.11.2020 4019

Аты айқайлап тұрған осы бір шағын жазбамыздан қомақты дүние күтіп қалсаңыз, иіліп кешірім сұраймыз. Бізде ондай майлы жілік қайдан болсын. Біздікі әдепкі тапсырма, күнделікті жұмыс бабы ғой. Әйтпесе бұл да бақытты құлдың кезекті байбаламы сияқты кеп. Аса мәртебелі дүние күтпеңіз. Айтылатын әңгіме күндегі күйбің, бәкін-шүкін, көр жер. Әдетте өзі, біз сияқты постсоветтік елден шыққан, бүгінде тәуелсіз, егеменді елдің ертеңі болып есептелетін, байтақ даланың баласы саналатын, зерделі зерттерменнің жазбасы үстіп бұлғалақтап басталады емес пе? Ар жағынан қолды-аяққа тұрмай безілдеп тұрған баланың ащы шырылы естіліп тұрғандай болғанымен, бер жағынан үңіліп қарасаңыз сол бұлтақ пен айтақ екенін бірден біле қоясыз. «Ұстатпадың судағы балықтай-ақ» деп келетін ескі өлеңдегідей. Сол өлеңді езуден әуелете жүріп-ақ ұстатпай кететініміз қашаннан еді өзі. Қолмен қойғандай тура, анық-қанық, тұнық айтпау, үнемі, қарапайым нәрсені күрделендіріп, бұлдыратып, тұнжыратып, күңгірттендіріп, төндіріп айту бұндай елдің, бұндай заманда туған баласының ойлап тапқан әдеті емес, әу баста көргені. Көңілге түйгені. Бұрынғылардан қалған жосын. Жарық дүние осындай екен ғой, сүйткенде бүйтіп, нағылса нетіп жіберу керек екен ғой дейтін кірпияздығы. Мүмкін шарасыздығы. Бұндай елден шыққан жұрттың баласы қашанда обьектімен жұмыс істеуді қажетсіне бермейді, тіпті місе тұтпайды да. Ешқашанда обьективті пікір айтпайды. Бірақ, айтқанының бәрі өзінен өзі обьектілене береді. Қалай айтса да нысанадан ауытқытпайтын аусарлығы тағы бар. Уақыт озған сайын тұлғалана түсетін, ол өзі де бір жазылмаған заң. Асуға болмайтын бел. Бізде сол көз ұшында бұлдыраған белге қарап, бұлт үйіріп сөйлеп тұрмыз. Айтылар әңгімеме бірден кіріспей, сөзімді жаңбырлы күні жар жағалаған баладай тайғақтатып отырғанымз да соның нәтижесі. Мектеп көрген деген осы ғой, шіркін. Егер одан сол «солың» немене деп сұрай қалсаң, ол бірден бәрін білетін, бәрін бастан өткерген адамның кейпіне еніп, сол ма сұрағыңның түрі дегендей, қос иығын қиқаң еткізеді. Сұраушының өзі пүшайман болып, қос иықтың қоқаңында ары-бері тербеліп отырады да қалады. Мысалы, мен қазір жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры» деген романы туралы мақала жазып отырмын делік, оны да сол жұмыстың бітпейтін әлегінің бірі болғасын, амалсыз көптен қаңтарулы тұрған қаламымды қолға алуға мәжбүр болып отырғаным. Бірақ мен өзімнің зерттеу нысаным саналатын роман туралы ешуақытта айтпаймын. Осылай сырғақтатып отырып аламын. Неге деп сұрай қалсаңыз қоқаң етуге қос иығым дайын. Бастысы сұрағаныңызға өзіңіз ыңғайсызданып қалмасаңыз болды. Өзіңізді біртүрлі әбестеу сезініп қалмасаңыз нешік. Өйткені, егеменді елдің баласына бәрі жарасымды. Бізге үйтуге болмайды, демек, сізде сүйтпеңіз. Айтатын нәрсені ешуақытта айтпаған ләзім. Үнемі айтпайтын нәрсе туралы айту керек. Жазбайтын нәрсені жаңбырша жаудыру керек. Қашанда қадым заманнан бері жалғасып келе жатқан бақытты құлдықтың баянын үзіп, қызығын қысқартып, ғұмырын келтелендіріп алмауымыз үшін бәрі де. Бәрі де баяғының әлегі дегендей, ерігіп қалам тартып, образ сомдап, ой мұжып отырған ешкім жоқ. Қыл қысқасы біздің елде бақытсыз болып ғұмыр кешуге тиым салынған. Ай сайынғы келетін кредитың сияқты, оның құнын асыра бағалап, өтемін өсімімен қайтарып отыруың ләзім. Сосын қолыңа ұстатқан түбіртектегі «Жұтқан ауаңдай жұпар, ішкен суыңдай тұнық бол!» деген қанатты сөзді қайыра жаттап, өткен айдағы түбіртегіңе жалғап, мойныңдағы борышыңдай қадырлы тұмарыңның түйіншегін қалыңдата беруің керек. Әні, көзіңіз жеткен шығар, сондықтан да мен роман туралы айтпаймын. Білгішсынып қасынан өте шығамын. Білерменденіп қараймын. Алымсынбай ақтарамын. Болмаса әр жұма сайын жұмыс аяғында тыпыршып күтетін бал сыраның көбігіндей көпіршіте беремін, көпіршіте беремін көбік сөзді. Сіз отырасыз, иә мас, иә сау екеніңіз белгісіз. Біздей ерге бәрі де жарасымды дүние ғой шіркін... шіркеен, егемендік! Кепиетіңді білер кісі қайда?!

Сонымен ол бірді айтып, бірге кетіп ақыры түкте айтпады деп аяқталатын хикаядағыдай (бізге үстіп жазуға рұхсат етілген) не айтайын деп едім. Шалықтаған ел туралы ма еді, ұйқы сұраған жұрт туралы ма еді, жоқ әлде, бастығырылып жатқан өзімнің хақым туралы ма еді, оған хәлім жетер ме екен?.. Иә, есіме түсті «Бақытты құлдықтың...» таптым, жалғасы туралы екен-ау. "Атыңнан айналайын құлдық деген" деп «Батар күннің шапағы» атты өлеңінде еліміздің бас ақыны жырламақшы, атыңды да ұмыта бастаппыз-ау, бақытты құлдығым, кешір бізді. Әбден заттанып кеттік емес пе? Кісі танымай, кісапырсып алдық-ау осы біз. Обьектіміздің өзін ұмыта бастаппыз. Нас басқыр. Кешір біздей міскінді. Өткенде түскі ас кезінде, бір бұрышта, азығымызды арқалап жүретін әдетімізбен, сумкамыздан суырып ап, күңкілдесіп отырғанымызда, жамиғаттың бәрін өзіме қаратып «Осындай да осындай, осындай деген роман бар, оқыдыңдар ма?» дедім. Қоқиланып. Бәрі бетін басып күлді. Тартпағырлар-ай дедім, ішімнен. Күйіп кеттім бір жағы, жүдеп те қалдым біртүрлі. Дастархан басы болғасын ләм демедім. Деудің өзі қажетті ме еді. «Кейде үстіп ожыраңдап кететінім бар, тәйірі»,- деп өзіме іштей налып, аздап сабырға келіп қасығымды қою көжеме қайта батыра бастағаным сол еді, осыдан не шығар деп жүрген бір бауырымның бозарған жүзінен бір жылт ойнағаны. Үнемі мұңлы кейіпте жүретін бір інім бар еді, жан тартып, жақынсынып кетіп ек. Сол ғана іштей күрсінген болды. Болды да... тұрып-тұрып, көзілдірігі сәл буланып: «Ол деді... ол – қазақтың сан ғасырлық қанды тарихы, азалы шежіресі ғой, ағаеке...» дегені, есі кіресілі-шығасылы, сөзінің аяғын жұтып. Сондағы қанымның басыма шапқаны-ай. Сол сәтте, сол кітап қолымда болмай қалды. Әйтпесе, өзі де кірпіштен қалың еді. Дәл сол кітаппан төбесінен ұрар едім. Миын аузына түсірер едім. Күнде қасымда жүретін, қара басып дәл сол сәтте қолымда болмай қалғаны... әй, бір кескен шөркедей домалатар едім. Әлгі жоғары да айтқан, обьектіні ұмытыуға болмайтынын сонда барып ұққаным. Бармағымды тістегенім. Дегнмен, үнемі жабырқау, үнемі мұңлы жүретін, сақал-мұрты өсіңкіреген сол бауырымның сол уытты сөзінен кейін-ақ, қиуы қашқан тірлігімнің берекесі одан сайын кете бастағаны. Содан бері ұйқымда нашар, күлкімде жұтаң. Жастыққа басым тисе бұрынғыдай қор ете түспеймін. Аздап аунақшитын, ананы-мынаны ойлағыштайтын боп алдым... Құдай-ау, сонда не айтқысы келді екен бейбақтың. «Қанды тарих, улы шежіресі несі?». Не айтқысы келді екен? Сосын барып жұбаныш таптым. Оның да мойнында менікі сияқты түбіртекпен тысталған тұмары бар екен ғой. Үш...ш..! Күрсіндім. Содан бері ұйқым жайлы. Жастығымның астындағы тұмарымды сипап-сипап қойып тыныш ұйқтап жүрмін. Обьектімді де ұмытқамын жоқ. Енді сол обьекті туралы айтып берейін бе? Білем. Қос иығыңыз қопаң етуге дайын тұр ғой. Менде қос иығымды қомдайын онда. Қомдағанда, екемізде байқайықшы құрғыр. Сұрланған түсі суық еді, көк кітап төбемізді ойып жүрер. Оқысаңыздар алысқа барып оқыңыздар. Менің мұңлы һәм момақан досым сияқты. Сол тыныш. Бақтытты құлдықтың баянын қысқартып алмайық та.

Суретте: Жазушы Рамазан Тоқтаров

P.S:

Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаровтың соңғы романдарының бірі «Бақытты құлдықтың ақыры» деп аталады. Романда Ресей патшалығы кезеңінен бастап, кешегі «Желтоқсан» оқиғасына дейінгі азалы тарих, ащы шындық жіпке тізген маржандай кестелі тілмен суреттеледі. Қазақ баласының соңғы бірнеше ғасырда басынан өткізген аласапыранға толы тарихы, бар болу мен жоқ болудың арасындағы безбені, жоғалған уақыттың қайта соққан дауылындай ауқымды түрде баян етіледі. Осыдан көп уақыт бұрын оқыған романнан алған әсердің солығын, сатиралық сарындағы әдепкі еркін жазбамызбен жеткізе алмасымызды білсек те, басты нысанымыз, бұл күнде көп айтыла бермейтін қабырғалы қаламгердің, қанды іріңді ағызар аруақты кітабын оқырманға қайыра ұсыну. Қайта бір қолға алып оқып шығуға шақыру еді. Порталымыз Тәуелсіздік күніне орай «Қаламұшындағы Тәуелсіздік» цикльді мақалалар жобасын бастаған болатын. Алдағы уақытта да азаттық жолын арқау еткен шығармалар туралы, әдеби талдау материалдарын «Әдебиет порталынан» оқи алатын боласыздар.

Бөлісу:

Көп оқылғандар