Әлихан Жақсылық. Қанатсыз арман
Бөлісу:
Таңертең мазасыз ұйқыдан оянған Ол. Өзінің төсекте жатып құбыжық жәндікке айналып кеткенін аңғарды.
(Франц Кафка)
Ол төсектен тұрды. Аяғы жан сезбеді. Құлағы ештеңе естімей шуылдады. Көзі қарауытып алды мұнар тартты. Айқайлайын десе, дауыссыз, сөйлейін десе тілсіз қалды.
– Өрт сөндірушілер келген бе? – деді Сынық.
– Жедел жәрдем көлігі болар. Түні бойы саңырау Нұқының құлағынан әлдебір сұйық ағып, басын жерге соғумен болыпты, - деп Шер Сыныққа ағаш сапты балғаны алып берді.
– Темір сапты бер, - деді Сынық төс үстіндегі білезіктің өрнегіне көзәйнектің үстінен қарап отырып.
Екеуінің шеберханада отырғанына бірнеше сағат болса да, бір жұтым су ішпестен зергерлер жұмысын жалғастыра берді. Балғаны біркелкі соққан үні Сынық пен Шердің сүреңсіз өтіп жатқан біркелкі өміріндей еді.
– Ауыл сол, жабырқаулы, көңілсіз, ал қора-қопсы іші толы ішкіштер. Біздің ауылдың хал-күйін кәрі ағаштары мен сыртының бояуы кеткен ауруханасынан біле берсеңіз болады, - деді ақсақал әкімге.
Әкім ақсақалдың сөзін есітіп тұрды да жанындағыларға:
– Жедел жәрдем көлігі келген бе?
– Иә, осында, - деді пальто киген арық сары.
– Жұмыссыздық жанымызға батады. Жастардың бәрі қалада. Ол жақта да осы тірлік, - деп ақсақал иегін кемсеңдетіп күңкілдей берді.
Көлік келді. Арық сары жүгіре басып көліктің есігін ашты да, әкімге:
– Жиналысқа кешігеміз, – деді.
Әкім қорбаңдай басып көлікке кірді. Ақсақал балғаның үні әуендей шығып жатқан шеберханаға қарап қала берді.
– Сынық? Осы балғаның дауысын музыкаға айналдырып алғалы жүйкеме тиюді қойғандай.
Сынық үнсіз білезікке үңіліп отыра берді. Шер сөйлеуін әдеттегідей тоқтатпады.
– Ән дерсің, мынаны саңырау Нұқы естімейді. Естісе әуел әуенге сөз жазып шығар еді. Сақау Орман сөйлей алғанда сарт-сұрт дегенді сахнада айтып беретінін білемін. Әлде шынымен Соқыр Бұланға осы әнді шырқатып көреміз бе?
Сынық үнсіз білезікке үңіліп отыра берді. Шер Сынықтан жауап болмаған соң темірді соғуын тоқтатты да, оған қарады.
– Болды енді, кеткен қыз кетті. Ойлама! – деп Шер орындығына барып отырды.
– Жай ғана кетсе ше? Бәрін алып бара жатқандай, - деп Сынық есікке қарап күрсінді.
– Иә, келесі апта той. Сенің сүйгенің Сәнімді ұзатады. Сонымен, сенің де, оның да хикаяларың бітеді, - деп Шер қолын сүрткішпен ысты.
Сынық үнсіз қалды.
Күн ұясына батып, төңірек іңір құшағына сіңе бастағанда Сынық пен Шер шеберхананы құлыптап екеуі екі жаққа бөлек кетті. Айналада үрген иттердің үні ауыл аспанын үрейлі дауыстармен күңіретіп жіберді. Көктемнің майда лебі Сынықтың кеудесіне соғыла, жанына жылу бергендей серпілді. Келесі көшеге өте бергенде әкімнің көлігі Сынықты жолын бөгей тұра қалды. Көліктің терезесін маңғаз қозғала ашқан әкім:
– Сынықжан? Айналайын балам, амансың ба? – деп жылы амандасты.
– Армысыз аға!
– Сенде шаруам болып тұрған еді. Келесі апта қызымның ұзату тойы. Үйдегі жеңгең тойда жарқырап жүрейін дейді. Жақсылап тұмар алқа мен білезік соғып берсең, бір аптада үлгересің бе?
– Бастап қойған білезіктер бар, ұнаса келіп қарасын.
– Таңертең қызым Сәнімді жіберейін. Жеңгең тойдың қамымен жүр, өзі бара алмайтын шығар.
Көлік гүр етіп қозғалып кетті. Ащы түтінді жұтып, Сынық көше басында қалды. Ол ғұмырындағы ең соңғы арманының не екенін түсінгендей болды. Таң ата шеберхана ерте ашылды. Шер Сынық келместен бұрын бөлме бұрышындағы тоқ қыздырғышқа шай қойды. Үстелдегі қиық қаңылтырлар мен металдардың шаңын сүртіп, аспалы шамды іске қосты. Сынық шеберханаға кіріп, орындығына үнсіз отырды.
– Ұйқың шала болған ба? – деді Шер.
– Тапсырма алдым. Сәнімнің анасына білезік соғуым керек. Сен кешегі бітпей қалған сандықшаны әрлей бер, - деп аспалы шамды өзінің үстеліне бұрып алды.
Шеберхананың қалың ағашты ескі есігі сықырлай ашылды. Көктемгі леп ішке жұмсақ еніп бөлмені кезіп кетті. Шер мен сынық есікке қарап еді жыртық пиджак киген Тұрлы арбасының дөңгелегін екі қолымен алға жылжыта берді. Шер жүгіре барып мүгедек Тұрлының арбасын көтере шеберханаға кіргізді.
– Тұрлы, хал қуаттысыз ба? – деп Шер сөйлей жүре арбаны итеріп, Тұрлыны төрге шығарды.
– Осы отырыс. Сендермен әңгіме айтайын деп келдім, - деп Тұрлы төс қалтасынан темекі суырды. Шер сұрамастан Тұрлының темекісінің біреуін жағып алды. Екеуі тұтатып енді будақтада бергенде, шеберханаға Сәнім кірді.
Төрдегі Тұрлы мен Шерге қарап бас изеп сәлемдесті. Сынық басын үстелден көтеріп қарап, білезікті қолына алып Сәнімге жақындады.
– Жүр сыртқа, - деп Сынық шығып кетті. Екеуі шеберхананы айнала артқы жаққа барған соң Сәнім көзін төмен қарата сөйледі.
– Мені кінәлама.
– Апаңа соққан білезікті қарашы. Көзін қақ ортасына түсіруге тырыстым, - деп Сынық білезіктің бетіндегі жасыл түсті оймақтай ғана тасты көрсетті.
– Қалаға кетейік дегенде, ауыл, ауыл деп аяқ баспадың. Түсінші мені. Сені қанша сүйгеніммен мұндай сүреңсіз тіршілік кешкім келмейді. Сенің балғаңның біркелкі дауысы менің құлақ етімді жеп бітірді, - деп Сәнім оған тік қарап өзінің кінәлі еместігін айтып, ақтала түсті.
– Алқа – тұмарды тойға дейін дайындап үлгеремін, - деп Сынық ауыл шетінен көзін әрі асырып, көкжиекке қарап тұрды.
– Мен ұзатылып барамын. Сенде жүре бермей басқа қыз тап. Ауылда отыра бермей қалаға көш. Жасың болса отызға келді, - деп Сәнім Сынықтың ішкі арапалысына құлақ түрместен, түсінуге тырыспастан бар ақылын айтты.
Сынық шеберхана сыртында біраз уақыт ойланып тұрып, ішке кірді. Бұл мезетте Шер мен Тұрлы қызу әңгімеге кірісіп кеткен.
– Тұрлы, достарды шақырып келейін, басымыз қосылған екен бәріміз жиналайық, - деп Шер шығып кетті. Шеберханада бір сәт тыныштық орнады.
– Сынықжан?
– Иә, Тұрлы!
– Менің арбада отырғаныма сегіз жыл болды. Қабақ шытып көрмеппін.
– Аяқтың сынығы, салдығы не болыпты, көңілдің сынығын айтсаңызшы? – деп Сынық үстелге қайта үңілді.
– Түсінікті. Бірақ мен ешқашан аяғыма тұрғым келмейді, - деді Тұрлы. Сынық үстелден басын көтеріп, Тұрлыға қарады.
– Несіне таңырқайсың, менің арбада отыра бергенім де жақсы шығар. Жүре алғанда не істеймін? Қолымнан не келеді? Аяққа тік тұрғанда адамдарға тигізер зияным көп еді, ал қазір тып-тыныш отырмын, - деп Тұрлы байсалды сөйлеп отырды.
Шеберханаға бірнеше адам кірді. Самбырлай сөйлей соңынан есікті жапты.
– Өздері де келе жатыр екен, қақпа алдында кезіктім, - деп орындықтарды бөлмеге қоя берді.
Соқыр Бұлан, керең Нұқы, мылқау Орман төрдегі Тұрлымен қол берісіп амандасып жатты. Бұлан шеберханадағы бір затқа соғылып сүрінбестен Сынықтың орнын тауып барып, қол берді. Оған дейін Шер орындықтарды дайындап, үстел үстіне газет жайып жіберді. Нұқы сөмкеден бірнеше сыраны шығарып үстелге қойды. Тұрлы төрден арбамен жылжып ортадағы үстелге жақындады. Орман жамау-жамау сырт киімін шешіп орындықтың арқасына ілді. Оның қалың шашы ұйысып, көздері үңірейе өңінде жылы із де қалмапты.
Соқыр Бұлан қолындағы кір басқан таяғын тастай сап, ол да отырды.
– Сынық, келсеңші, - деді Тұрлы.
– Осында, әкеліп берші, Шер, - деді Сынық. Олар сыраны ашып, аз-аздан ұрттай бастады. Шеберхана ішін ашқылтым иіс пен темекінің будақ түтіні жайлап алды.
– Нұқы, құлағың қалай? – деп Шер Нұқыға өзінің құлақ тұсын көрсетіп түсіндірді. Керең Нұқы бақырайған жүзінен Шерге түсінген адамдай қарады да, сырасын қалың ерніне тірей бір жұтып алды.
– Құлақ? Құлақ сол баяғы, естімейді. Кеше жедел жәрдем келді. Дәрі жазып берді. Мына сыра ашқылтым ба, қалай? - деп Нұқы айналасына қарады. Соқыр Бұлан Нұқының айқайлай дауыстап сөйлегенін естіп отырып, сыраны сіміре, бір күліп алды.
– Нұқыны мұң-зарын, арман-тілегін менен басқа ешкім білмейді, - деді Бұлан.
Оның ағы басым көзі төбеге қадала қалған.
– Қандай арман бар бұл кереңде? Есітуден басқа?
Нұқы өз жайымен. Орман сөйлей алмаса да, әңгімеге араласқысы келетіндей.
Сынық білезікпен әуре, Тұрлы мен Шер Бұланды тыңдап отыр.
– Оның естігісі келмейді. Сол секілді менің де көргім келмейді, - деді Бұлан.
– Не үшін?
– Нені көрейін? Шер досым, сенің түріңді жатқа білемін. Білегің қалың, қысқа шашты, кәдімгі қара жігітсің. Ал біздің ауыл, сол баяғы құлазыған күйі, қаңыраған үйлер, құлағалы түрған қоралар, нені көрейін? Кімді көрейін? Қайта осылай жақсы, айналамды сұлу табиғат, жамылған өлке деп елестете аламын, - деп Бұлан қозғалып қойды.
– Нұқы неге кереңдігінен арылғысы келмейді, - деп Шер таңдана түсті.
– Нұқы естігеннен не өзгереді? Оның құлағы естісе, еститіні сол баяғы әңгіме, біздің қаужап жүрген тірлік. Еститіні ақыл ғана. Нұқы анда бар, мұнда кел, қалаға көш, жұмыс жаса, кімге керек бұл тірілік? Естімегенім жақсы дейді. Оның бар арманы: күнде кешкі уақытта тоңазытқышта бес бөтелке сыра тұрса болғаны, - деп Бұлан керең Нұқының бар сырын ақтарды.
– Ал өзің де арман бар ма, Бұлан?
– Бар, бар. Болған. Мен су астын зерттеуді армандағанмын. Бірақ көз алдым көк тұман бәрін байлады, саңылау да көрмеймін. Қазіргі арманымды айтсам, Құдай мені темекімнен айырмаса екен. Егер темекім таусылса, менің де біткенім ғой, - деп күрсіне темекісін тұтатты.
Сынық үстелінен бас көтермей, аспалы шам астында жұмысын жасап отыра берді. Ол сырасын тауысуға қалғанда барып, бөлме ортасына жиналып, күбір-күбір әңгіме соққан достарына қарады.
– Тілсіз Орман, сөйлесе не айтар екен, - деді Сынық әлде уақытта.
– Қалтаңда қанша ақша бар? – дейтін шығар деп Бұлан бәрін күлкіге қарық қылды.
– Неге күлесіңдер? – деп Сынық қайтадан үстелге үңілді.
Орман олардың өзіне күлгенін бірден аңғарды. Өңінен кейіс білініп, ортадан бөліне теріс қарап отырып алды.
Кешке дейін олардың сыралары да, армандары жайлы әңгімелері де таусылды. Тұрлы арбасында қалғып отырды. Керең Нұқы мен Шер бір-бірімен арпалыса, айқайлай сөйлей жүріп шеберхананы жиыстырды. Соқыр Бұланды мылқау Орман жетектеп алып кетті. Шер мен Нұқы шеберхана ішін шу қыла, Тұрлыны сүйреп әкетті. Олар кеткен соң, бөлме тыныш күйге түсті. Шеберхананың күңгірт жарығы бөлмені сұр қалыпқа түсіріп, құлазытып жіберді. Үстеліндегі ұйықтап қалған Сынық есін жия, басын әрең көтере айналаға қарады. Көзі ісіп, шашынан сырғыған тер оның қыр мұрнына дейін барды. Қызара бөрткен екі беті, құтырып тұрған көзін жасырды. Ол орындықтан тұруға ыңғайланды. Бірақ аяғы жан сезбейтіндей. Көз алды тұманданып ештеңе көре алмады. Құлағының тұсынан ыңылдаған үздіксіз дыбыс шығып, тілі күрмелді. Орындықтан қозғала алмай, басын үстел үстіне қоя салды. Үстел үстін күс-күс саусақтарымен қарманып темекісін тауып алды да, қалтасынан оттық алып шығып тұтатты. Түтін бұрқ еткенде Сынық селкілдей күрк-күрк жөтелді.
Тоңы жібіп енді жұмсара бастаған жолмен Нұқы қараңғы түсе үйге жетті. Аузынан сілекейі аға есіктен кірген керең Нұқыны, төрде шәй ішіп отырған ірі денелі әкесі көрді де, орнынан түре кеп, ескі үйдің жамау еденін сықырлата Нұқыға жақындап келіп, ауыздан жуан жұдырығымен қойып қалды. Есікке соғыла Нұқы шалқасынан түсті. Әкесі текпіледі, керең үнсіз бетін қолымен басып жата берді.
Қақпа алдына енді жете бергенде соқыр Бұланды ағасы күтіп тұрды. Қараңғыда соқыр үйін дәл тауып келгенімен, ағасы оның кір басқан таяғын қолынан жұлып алды да, сол таяқпен Бұланның аяғынан, қолынан, желкесінен, арқасынан таяқ сынғанша сабады. Орман әріңкіректе қарап тұрды.
– Аяма, соқ, қатты соқ, - деп Бұлан бір-екі адым жылжып тұра берді.
– Сілімтік, өл! – деп жуан дауыспен ағасы ауылды басына көтерді.
Шер Тұрлыны арбасын итере үйіне жеткізіп салды. Ауыл түн қойнына енді. Самсаған жұлдыздар Сынықтың аспалы шамындай жанып-сөніп, қайта жымыңдайды.
Түске таяу Сынық балғаның тырсылынан оянды. Көз алды тұманнан әрең ашылды. Іспектей көзін сығырайта ашқанда, қаңылтырды соққылап отырған Шерді көрді.
– Ә, ояндың ба? Түнде есікті де ілмепсің.
Сынық Шердің бір сөзін де естімеді. Орынынан әрең түрегеліп, құтыдағы сумен бетін жуа бастады.
– Достарымыздан айрылдық, - деді Шер қаңылтырды түзей соққылап.
– Айрылғаны қалай? – деп Сынық қолын сүлгіге сүртіп тұрып.
–Таңертең ауданнан көлік келді де Бұлан, Орман, Тұрлы, Нұқыны алып кетті. Туыстары ақылдасып келе оларды қаладағы оңалту орталықтарына жіберіпті. Ол жақта оқытады, тоқытады, қысқасы, кәсіпке үйретеді, - деп Шер болған жағдайды айтты.
Ауылдан олар кеткелі шеберхана әуелгі әуеніне, балғаның тарсылына ауысты. Сәнім ұзатылды. Сынық алқа-тұмарды уақытында жасап тапсырды. Шер сырасын тоқтатпады. Ауылдың тіршілігі жанданып, ағаш гүлдеп, жер кепсе де, шеберхана ішінің дымқыл ауасы демін қарайтып, сыздан арылмады. Орындықтар көгерді, бұрыш-бұрышты тышқан жайлады. Ағаш ұнтақтары еденді жапты.
Бірнеше аптадан кейін Сынықтың шеберханасына қоңырау келіп түсті.
– Тыңдап тұрмын!
– Сынықжан? Аманбысың?
– Бұлан?
– Иә, Бұланмын.
– Жақсы орналастың ба? Оқуың қалай? – деп Сынық жағдай сұрай берген де Шер телефонға құлағын тақай жақындады.
– Сынық, мен өзімді тапқандаймын, қаншама нәрсе үйрендім. Көзім ашылды. Келсеңші бізге, - деп Бұлан бар көңіліндегі сырды ақтарды.
– Жоға, менің дені-қарным сау ғой.
– Мен бұрын келуім керек еді. Бұл жақта мені ешкім ұрып-соқпайды.
– Арманыңа жеттің бе?
– Ә?
– Темекің таусылмады ма деймін.
– Арманым басқа. Менің көргім келеді. Нұқының естігісі келеді. Мына айналаның бәрі мәнге толы екенін бұрын қалай ұқпағанбыз. Сынық сен келсеңші, - деп Бұлан дауысын көңілді көтерді.
Келесі күні Сынық ұйқысынан оянғанда аяғы жан сезбей, тілі күрметіліп, құлағы естімей жатты. Бірақ көз алдындағы тұман кетіп, айналаны анық көрді. Түске таяу ұялы телефонына бірнеше хабарлама келіп түсті.
Тұрлыдан: «Сынықжан, ертерек жинал, бізге кел. Менің арбадан тұрған кезімде қолыма сүйеу бол. Арманым өз аяғыма тұру екенін кеш ұқтым. Сен де кейбір байлықты бағалай алмай жүргендейсің». Сынық хабарламаны оқып шығып, келесісіне үңілді.
Нұқыдан: «Сынық, менің құлағымнан ағатын сұйықтық тоқтады. Басымды жерге соққыламайтын болдым. Сөмкеңе киімдеріңді салып, бізге жол тарт. Тез айығасың», - деп жазыпты.
Мылқау Орман: «Мен әріптерді жүргізіп оқуды, жазуды үйреніп келемін. Тілім шықпаса да ойымды еркін жеткізе аламын. Арманым өзге тілден керемет мәтіндерді аудару», - деп хат қалдырған.
Сынық достарынан келген хаттарды мұқият оқып шығып көзіне жас алды. Сәлден соң шеберханаға Шер келді. Қолында жол сөмкесі бар.
– Сынық, сау бол! Мен қалаға кетіп барамын. Жұмыс табылса табылар, табылмаса қайтып келермін, - деп қол қысты.Сынық көңілсіз күйде үнсіз отыр берді.
Кеш түсе шеберханадан шыққан да ауыл төбесінен қаңқылдаған қаздар тізбегі ұшып өтті. Аспан моншағындай тізілген қаздар «көктем мен жылуды әкелдім» деп хабарлап келе жатқандай. Сынық үйіне қарай жұмсара бастаған құмды баса аяңдады.
Ертеңіне ұйқыдан оянғанда көзі бөлме ішін анық көріп, құлағы даладағы құстардың дауысын естіп, аяғына тік тұрды.Терең күрсіне «тағы да таң» деп күбірледі.
Ауыл аспанынан қиқулаған қаздар тізбегі ұшып өтті. Сынықтың қанаты жоқ еді... Сынықтың сынық көңілі құлазыған ауылдан бетер болатын.
Бөлісу: