2024 жылдың соңғы күндері порталымыздың шығарушы редакторы, «Әдебиет» порталында он жылдай тер төгіп келе жатқан әріптесіміз Асылбек Байтанұлының бес томдық шығармалары жинағы жарыққа шығып, оқырман қауымға жол тартқан еді.
Бес томдық еңбекке әр жылдары жазылған, «Әдебиет порталы» мен «Қазақстан тарихы» порталы және басқа да БАҚ-тарда, ғылыми басылымдарда жарық көрген әдеби танымдық мақалалар, аудармалар, тарихи деректемелік мақалалар , зерттеулер, сұхбаттар, т.б. қамтылған.
Бірінші том, «Қобда-Шүйдің шүйгіні» деген тақырыппен жинақталған бұл томда Қобда-Шүй өңірі, яғни Монғолияның Баян-Өлгий аймағын, Ресейдің Алтай республикасы, Қосағаш өңірінде туып-өскен ақын-жазушылардың өмірі мен еңбегі еніп отыр. Бұл жинақтан өңірлік әдебиетке қатысты көптеген мәліметтер мен сол өңірдің әдебиет өкілдерінің шығармашылығы туралы тың деректер, қазақ еліне бейтаныс есімдердің еңбектер турлы мағлұмат алуға болады.
Екінші том, «Дәуірлер тынысы» бұл томда Асылбек Байтанұлының осы күнге дейін жарық көреген, әр дәуірде өмір сүрген тұлғалардың шығармашылығы, өмірбаяны мен осы заманғы әдеби үрдіске байланысты пайымдау, сыни мақалалар, көзі тірі әдебиетші авторларға байланысты, әр мезгілде алынған авторлармен сұхбаттары топтастырылған.
«Мәйек» атты үшінші томда аты айтып тұрғандай ұлттың ғасырлар бойы жинақтап, сақтап, дамытқан этнографиялық құндылықтарына орын беріледі. Ұлттық ойындардан бастап, мақал-мәтелдердің мәніне үңіліп, сөз төркінін қазбалап, негізгі түпкі мағынансын ашып беруге қалам тартса, Алтай халық әндері мен күйлерін орындауға, мәтіндеріне қатысты кейбір келеңсіз жайттарға автор тарапынан сындарлы пікір айтады.
Төртінші том, «Қара мекен – ғұмыр тарих» атты жинақтың алғы сөзінде автор былай дейді: «Қазыналы қарт Алтайдың күншығыс пұшпағында мекендеп отырған Қобда бет қазақтарының осы өлкеге келіп орналасуы, әр кезеңде бастан өткерген қилы-қилы оқиғалар және осы елден шыққан айтулы тұлғалардың елге сіңірген еңбегі, халықтың коммунизм құру жолына жұмылдырылған дәуірдегі қазақы қалып және басқа мәселелер автордың пайым-таным арқылы осы кітапқа арқау болады».
Бесінші том, «Тыңда, балам, ертегі» атты жинақта Абай, Ыбырайлардан бастау алатын ертегі-мысал аудар ісінің кезекті жалғасына куә боламыз. Немістің атақты ертегі жинақтаушы һәм жазушылары Ағайынды Гриммдер, Вильгельм Гауф, дат балалар жазушысы Ханс Кристиан Андерсен, француз қаламгері Шарль Перро қатарлы ертегі шеберлерімен қатар, орыс, грек, ағылшын, жапон халықтарының елуге тарта ертегісі аударылып, жинаққа енген. Асылбек Байтан аударған ертегілердің бір ерекшелігі тілі жеңіл, оқуға ыңғайлы, тіпті осы күнге дейін қазақ интернет беттерінде аударлып, жарияланып кеткен кей ертегіні қайта редакциялап, қазақша қате қолданыстарды түзетіп жариялап отыратын әдеті бар екенін де айта кеткіміз келеді.
Бес томдық бұл еңбектің бір күнде ғана хатқа түсе салмағаны белгілі, ендеше автордың көз майын тамызып жазған дүниесінің халқымыздың рухани-мәдени саласына өзіндік қосары көп болсын деген ақжолтай тілегіміз бен пікірімізді портал атынан білдіруді жөн деп санадық!
Құрметпен: “Әдебиет порталы” ұжымы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.