Тілек Ырысбек. Мені поэзияға әкелген балалық шағымдағы комплекстерім
Бөлісу:
Тілек Ырысбек қазіргі қазақ поэзиясының жас оғыландарының бірі. Белгілі аудармашы, әдебиетші, дизайнер. Ол оқырмандарын қашан да жаңа көзқарастарымен, жаңаша ойларымен, өзіндік өткір пікірлерімен тәнті етіп келеді. Оның поэзиясының жаны – Шинжияң мен Дюшан. Балалық шағы мен туған жеріне деген айырықша пейілі мен ыстық сағынышы үнемі шығармашылығынан қылаң беріп отырады. Ақынның жан әлемін бойлап аз ғана сауал жолдаған едік. Бірге оқып көрелік.
- Бір өлеңіңде Google картасынан өз ауылыңды іздейсің. Бүкіл балалық шағың өткен дала алдыңда жатады. Кенет сол жұмақ мекенде қалған балалығың саған (авторға) тесіле қарайтыны бар. Бейне құдайдың маған қарағаны сияқты деп жазасың. Осы бала туралы айтып берсең?
- Бұл өлеңімде балалық шағын көктен бақылған құдайға айналсам, кейінгі өлеңімде керісінше, сол балаға қайта оралу үшін құдай болудан бас тартамын. Бәлкім мен естелік мезетінде өмір сүретін шығармын. Бірақ үнсіздігім ішіндегі ең үлкен айқайды тек өзім ғана еститін секілді күйге түсемін. Бұл бала менің үнсіздігімнің ең үлкен айқайы.
- Балалық шақта алған комплекстер шығармашылыққа қаншалықты әсер етуі мүмкін?
- Мені поэзияға алып келген магия емес, керісінше балалық шағымдағы комплекстерім. Поэзияны балалық бақытсыздығымды терістеу үшін жазған секілдімін.
- «Келесі өмірде мен сен болып өмірге келейін, Шынжаң...» деп таусыла жырладың. Сізге Шынжаң тақырыбы неге сонша ыстық?
- Шыңжаң мен Шинжяңның айырмашылығы мен үшін шын мәнінде жер мен көктей. Бастапқы мәтінде «Шинжияң» деп жазған болатынмын. Шыңжаң атауын қазақстандықтар ғана қолданады. Ал мен өзімді қашан да шинжяңдық адам ретінде сезінемін. Өлеңнің соңында «Бәлкім біз қателесіп туған шығармыз, сені сағыну үшін және сені ұмыту үшін, Шинжяң» деп аяқтаймын. Мен Шинжяңнаң көштім, енді дәрменсіздігімнен Шинжяңды поэзияма көшіргім келеді. Менде одан асқан жаралы тақырып болған емес.
- Сізде бақыт бар ма? Сізде Отан бар ма? Екеуі туралы немесе опасыздық туралы ұғымыңды білгім келеді?
- Мен бақыт деген ұғымды дұрыс түсінбейтін секілдімін, оны мәтіндік таңбалануынан ғана сезінемін. Менің отаным туған тілім – ана тілім. Одан бас тарту – опасыздық.
- Дизайнер ретінде еліміздегі әртүрлі баспалардан шығатын кітаптардың мұқабасы ұнай ма? Не жетіспейді?
- Дизайнерге еркіндік қана жетіспейді. Әйтпесе қазір адамдардың бәрі дизайнер болғысы келеді.
- Соңғы кезде шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Не жоспарлап жүрсің?
- Шығармашылығымда жақсы жаңалықтар бар. Амандық болса алдағы уақытта өздеріңізбен бөлісермін.
Бөлісу: