«Tynda» – оқырмандар мен тыңдармандарға сый

Бөлісу:

17.03.2021 3541

Шүйіншілі жаңалығымыз бар! Кітапсүйер қауымға арналған «Tynda» мобильді қосымшасы өз оқырмандарына жол тартты. «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Әдебиет порталы» интернет-порталы жобасының платформасындағы «Tynda» мобильді қосымшасының тұсаукесер іс-шарасы өтті. «Қазақпарат» ғимаратында өткен салтанатты рәсімге ҚР Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов; белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым; ақын, ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ақын филиал директорының орынбасары Олжас Қасым; ақын Ербол Бейілхан; әдебиеттанушы Анар Қабдуллина, ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса; ақын Айдана Сегізбай, «Тарих порталы» интернет-жобасының жетекшісі Алтынбек Құмырзақ және әдебиетсүйер қауым өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз тізігін алған ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы іс-шараға өзінің ақжарма тілегін арнады:

- Бүгінгі игі шара құтты болсын! Жақсы дүниені жарнамалаудың еш сөкеттігі жоқ. Қуаныштымыз. Толассыз жауған жауындай ақпарат ағынының арасынан өзіндік бағытымен ерекшеленіп біздің оқырмандарымызға әдебиетке қатысты ақпараттар ұсынып отырған «Әдебиет порталының» қызметкерлеріне рақмет! Кейде біздің әдебиетшілер қауымында: «Біз кімге керекпіз?» - дегендей тосырқау сезімі жүретіндей сезіледі. Шын мәнінде олай емес, қоғамға әдебиетші де, әдебиет те керек. Оның бір мысалы, «Әдебиет порталының» каталогінде қазақтың кешелі-бүгінгі барлық дерлік ақын-жазушы, әдебиеттанушыларының өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтерге қоса, олардың біразының шығармалары топталуы. Оларды жұрт іздейді, оқиды. Осындай онлайн база барын кітапсүйер жұртқа айтып та жүреміз.

Жалпы осы орайда қаламгерлер қауымына айтарымыз: сәл бас көтеріп белсенділік танытайық. Себебі, қазіргі кезең бізге осындай мүмкіндік тудырып отыр, осыны бағалай білейік дегім келеді. Оның жарқын мысалы: ҚР Парламент Мәжілісінде біздің үш бірдей әріптес қаламдасымыз: Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса отыр. Бұл – біздің үнімізді биіктегі тиісті мекемелерге жеткізудің, тыңдатудың үлкен мүмкіндігі емес пе? Кеше ғана депутатымыз Мақпал ақынның балалар әдебиеті туралы нақты өзекті мәселені талдап, таразылай отырып Үкіметке қойған сауалдамасы – осының айғағы. Біздің қаламгерлердің де қоғамдағы орны қашанда зор болған, солай болып қала беруге тиіс деп білеміз. Қазақстан Жазушылар одағы «Әдебиет порталының» бүгінгі қанат қақтыратын «Тыңда» мобильдік қосымшасын таныстыруына қолдау білдіріп келіп отыр. Тағы да айтарымыз: құтты болсын!

Наурыз айындағы Көрісу амалы қарсаңына орайы келген таныстырылымға ел ағасы, қадірменді ғалым-жазушы Серік Негимов қазақ қарияларының ізгі дәстүрімен ұзағынан толғап бата берді:

- Қозыға толсын, көгендерің, тұлпар болсын көбеңдерің.

Өрісті болсын жайлауларың, ырысты болсын қыстауларың.

Құтты болсын құрықтарың, сүтті болсын құдықтарың.

Арыстандай болсын айбаттарың, аюдай болсын қайраттарың.

Гүлге толсын өңірлерің, көңілді өтсін өмірлерің.

Қозыларың жамырап, қотаныңа сыймасын,

Құлындарың құлдырап, құла түзге сыймасын.

Ақтылы түйе адалдан, Алатауға сыймасын,

Келелі түйең қаптаған, Қаратуға сыймасын.

Көкалалы көп жылқың Көкшетауға сыймасын.

Ұл менен қыз тең өсіп, Ұлытауға сыймасын.

Үйірлі Қара таулар жығылмасын,

Тулап аққан мөлдіреп сулар сарқылмасын,

Шабар болсаң ақбоз атың арымасын,

Шапқанда қара болат құрыштары кетілмесін,

Хак жандырға шырақтарың сөнбесін,

Қадірменді ұл-қыздарым,

Ұстағандарың шырақ болсын, мінгендерің пырақ болсын,

Жұлдыздармен жалғастырсын, Жақсылармен жанастырсын.

Жамандардан алас қылсын, Тасқа тамыр біткенше таршылық көрмеңдер.

Мұзға бидай өнгенше мұңшылық көрмеңдер.

Ізет, абиыр, бақ дәулет, ырыздық несібелерің арта берсін,

«Қазақпараттың» мерейі жоғары болсын,

«Әдебиет порталы» Ұлы Даланың көзі болсын! Әумин!

«Әдебиет порталы» интернет-жобасының жетекшісі Нұрлан Қабдайұлы сөз алып қосымшаның мән-мағынасы туралы қысқаша таныстырып өтті:

- Қош келдіңіздер, құрметі қатысушылар! Міне, «Тыңда» қосымшасын іске қосқалы отырмыз. Жобаны іске қосу үшін екі жылдай уақыт жұмсалғанын айтып өткен жөн. Мақсаты жөнінде айтқанда: Қазақ әдебиетін заманауи үлгіде қалай насихаттаймыз деген мақсатты іске асыру жолында тапқан шешіміміз осы еді. Кітап оқуға үлкеннің де, кішінің де уақыты болмай қалатын кездер болады ғой. Сондайда қалта телефонының мүмкіндігі арқылы әдебие туындыларды тыңдасын, оқысын деген ой болатын. Әзірге қосымшамызда 313 электронды, 35 аудиокітабымыз бар. Болашақта саны арта түсетін болады. Бір ескерерлігі: қаламгердің туындысын сыртынан рұқсатысыз алып сала бермейік, ақы иесінен, мұрагерлерінен рұқсат алайық деген мақсатпен, мұнда жүктелетін кітаптарға заңды түрдегі жазбаша рұқсат алудамыз. Сол үшін порталымыздың аталған жобаға жауапты қызметкері Әсем Құлманова Алматы қаласына келсімхат жинап сапарлап келген болатын.Нәтижесінде қазірге дейін жүзге жуық қаламгерден мөр басып қолы қойылған рұқсат алдық.

Жобаны жүзеге асыруға тікелей жауапты ретінде жұмыс атқарған «Әдебиет порталының» қызметкер Әсем Құлманова таныстырылым жасады:

- Қош келдіңіздер! Қосымшаны өздеріңіздің алдарыңызда таныстыру сәтіне келіп жеткенімізге қуаныштымыз. Бұл – қолданушылар үшін қарапайым әрі оңай платформа. Ең әуелі қолдарыңыздағы Android, iOS нұсқаларындағы телефондарыңыздан Play Market немесе App Store желісінен «Tynda» қосымшасын орнатып аласыз. Шектеусіз жалпы аудиторияға арналған бұл қосымшаны жүктеп алу – тегін. Осы мобильді қосымша арқылы отандық және әлем әдебиеті туындыларының қазақ тіліндегі электронды нұсқасы мен аудиокітаптарын жүктеп алып оқуға мүкіндік бар. «Tynda» бізге мынадай мүмкіндіктерді ұсынады: бірінші: қазақ әдебиетін барша халыққа насихаттауды бір ғана тетікпен жүзеге асыру; екінші: жарық көрген жаңа туындыларды жылдам да оңтайлы жолмен тарату; үшінші: оқырманның уақытын барынша үнемдеу. Бұл қосымшада кез келген кітапты онлайн және офлайн нұсқада жүктеп алып оқуға, тыңдауға болады. Яғни, ғаламтор желісі жоқ нүктеде де жүктелген кітабыңызды оқуға мүмкіндігіңіз бар. Үйде, жолда интернетті қажет етпейді.

«Tynda» мобильді қосымшасы жанрлық, тақырыптық сипатқа ие. Мұнда «Классикалық проза», «Классикалық поэзия», «Дала дауысы», «Абай әлемі», «Әлемдік классика» сияқты таңдаулы топтамалар бар. «Роман», «Хикаят», «Әңгіме», «Эссе», «Балаларға арналған», «Сатира», «Поэма», «Өлең», «Пьеса», «Танымдық» тәрізді жанрларымыз бар. Қосымшада әртүрлі таңдаулар берілген. Бұлар: жеке ұсыныстар, таңдаулар, рейтингтер және оқырман пікірі арқылы қосымша қызықты бола түседі. Мұнда ұнаған кітаптарыңызды «Менің кітаптарым» бөліміне сақтап алуға немесе «Менің сөрелерім» бөлімінде қажетті кітаптардан өзіңіздің сөреңізді жасауға мүмкіндігіңіз бар. «Оқылым статистикасы» бөлімінде апта, ай және барлық уақыт көлемінде оқылған кітаптың беттер саны, оқу жылдамдығы және оқу уақытының статистикасы көрсетіледі. Бұл да оқырман үшін қызықты бола түсері сөзсіз.

Тағы бір қолайлылық: ауыз әдебиетінің барлық жанрын парақтап отырмайсыз. «Дала даусы» бөлімінде барлығы бір жерде. Абайға қатысты дүниелердің бәрі «Абай әлемінде» топталған. Егерде электронды еңбекте құлаққап суреті болса, ол аудионұсқалы деген сөз.

Сондай-ақ, «Айдың жаңа кітаптары», «Сізге ұнауы мүмкін», «Көп ізделген» сияқты айдарлар арқылы оқырман жаңа әрі сұранысқа ие кітаптар туралы ақпарат ала алады. Мұнда орыс тілінде де қызмет мүмкіндігі бар, бірақ басымдық қазақ тілінде. Осындай техникалық шешімдер арқылы жаңа мобильді қосымша қазақ тілінің цифрлық әлем мен ғаламтор желісіндегі қолдану аясын кеңейтуге үлес қоспақ.

Қосымша түсінік беру барысында портал жетекшісі Нұрлан Қабдайұлы жоба базасын толықтыруды жүзеге асыру барысындағы мәселелерді айтып өтті: Бізде кітаптарды жүктеу бойынша рұқсат алуға қатысты мәселелер баршылық. Авторлық құқық бойынша өмірден өткеніне 70 жылдан қаламгерлердің еңбегі халықтық мұра болып саналатындықтан, олардың туындыларына рұқсат алудың қажеті болмағанымен, жетпіс жылдан бергі ақын-жазушылардың шығармаларына қажет болады. Және де бізде мемлекеттік тапсырыспен әлем әдебиеті бойынша шыққан жүз қырыққа жуық кітап бар. Бұларға да рұқсат алу керек. Осындайда түйтіклді мәселелер алдымыздан шығуда. Мысалы, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінен мемлекеттік тілді дамыту бойынша әлемдік классика сериясымен жарық көрген кітаптарды жүктеу үшін ары-бері хат жазғанымызбен, қазіргі кезеңде осыған кім рұқсат беретіндігі белгісіз болып отыр. Бұл негізі – мемлекеттік тапсырыспен, мемлекеттің ақшасына шыққан, мемлекеттің меншігі ғой. Осындай жағдайларды айқындауға қол ұшын созсаңыздар дейміз.

Аталған мәселеге байланысты, ашылымға қатыушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Д. Кәпұлы: Бұл мәселеге байланысты қатысты министрліктерге шығайық, олардан тиіс адамдарды, сондай-ақ қаламгерлерді, ҚР Кітап палатасынан өкілдер шақырып, бір үлкен келелі кеңес құрғанымыз дұрыс болар. Сәуір айының 21-25-і күндері халықаралық кітап жәрмеңкесі дәстүрлі өтеді. Мұны осыған орай көтеріп, өткізген дұрыс болар.

А. Құмырзақ: Мемлекеттік маңызы бар кітаптарды шығарғаннан кейін оларға «Тыңда» жобасына аудионұсқасын жасауға рұқсат бергізу керек болар.

Д. Кәпұлы: Мұндай рұқсат алуға қатысты кітапханалар жүйесі бойынша сұрау салынған болатын. Бірақ баспаханалар бұған келіспейді. Мұның шешімін табу оңай емес. Оларды да түсінген жөн.

С. Негимов: Көркем шығарма оқымай, ұлттық сана өспейді. Мынау Ресейде Білім министрлігінің қадағалауындағы «Мектеп кітапханасы» деген бағдарлама бар. Олар осы бойынша кітап оқуды мектеп оқушыларына міндеттейді. Бізде де солай, мектеп кітапханасына міндеттеу керек, мұны осы сияқты ғаламторлық жобалар арқылы жүзеге асыру қажет деп білемін. Бізде кітап оқу, оны әңгімелеу, әңгімешілдік дәстүр үзіліп барады. Кезінде Абайдың өзі ертегіші Баймағамбетке тұтастай романды ондғы әр кейіпкердің образы бойынша оқуға жаттаттырған жоқ па? Бізде міндеттеусіз министр кітап оқымаса, орынбасары оқымайды, ол оқымаса, сатылап төмендегілер оқымауы мүмкін, қағазбен шапқылап жүріп. Осыны ескеру керек.

Т. Әбдірайым: Иә, кітап оқуға мәжбүрлеу – керек. Бұл жерде ата-аналарды баса ескеру керек. Ата-аналарды да мәжбүрлеуге болады. Ата-аналар балаларына: «Оқы-оқы», - деп өздері телефонға, теледидарға қарап отырса не нәтиже болмақ? Шетелдерде «Он минут оқы» дейтін тәрізді дәстүрлер бар. Ел бойынша сондай шара ұйымдастырып, оған осы «Тыңда» сияқты жүйені неге пайдаланбасқа? Қазір техникалық мүмкіндік зор, бәріне қолжетімді. Меніңше, ХХІІ-ХІІІ ғасыр болса да кітап оқылады. Бұл бастама жобаларыңыз өте жақсы, көш жүре түзеледі деп білемін. Сәттілік тілеймін!

М. Мыса: Қазіргі кезеңде руханиятқа зор назар аударылуда. Кітап оқу, оқыту мәселесіне барынша атсалысып, қолдан келгенше ықпал етуді өз парызым деп ойлаймын. Қолға алынып жатқан осындай игі шараларға арнайы келіп қатысайын, атсалысайын деп арнайы келіп отырмын. Ал жоғарыда айтылған мәселелер шешілетін шаруа деп ойлаймын. «Тыңда» қосымшасы игілікті, құтты болсын.

Е.Бейілхан: «Тыңда» қосымшасы – мүмкіндігі зор, заманауи технологияларға сай жоба екен. Қазақстанда кітап оқуға байланысты өзге де бірнеше жобалар барын білеміз. Жаңа жоба өзінің ыңғайлылығымен оқырман талғамынан шығады деп білемін. Сәттілік болсын.

А.Кабдуллина: Осындай жаңа қосымша жасалып жатқаныан хабардар едік. Бірақ «Тыңда» деп аталған соң аудиокітаптарды ғана насихаттайтын мобильдік қосымша шығар деп ойлағанбыз. Бүгін куә болып отырғанымыздай, мұнда оқуға да, тыңдауға да мүмкіндік бар екен. Әсіресе, ғаламторсыз-ақ жүктеп алу мүмкіндігі барлығы тамаша деп білеміз. Осындай мобильдік қосымша ашылды деп құр мақтап қана кетпей, мұны әрі қарай дамытудағы проблемалар қандай дегенді айтып өткен дұрыс, әрине. Тек қана сәттілік болсын!

А.Сегізбай: Қосымша құтты болсын! Менің айтпағым, жалпы бізде осындай жобалар көп жүзеге асады. Бірақ бізде маркетингілік жүріс жоқ. Халыққа, әсіресе жастарға насихаттауға мән беріле бермейді. Ал бұл жоба – керемет жоба. Біздіңше, бұл жобаны әлеуметтік жобаға айналдырып жіберуге мүмкіндік бар. Кітапсүйер қауым осы жобаның ішінде бір-бірімен танысып, өзара пікір алмасып, әдеби өмір қайнап жату мүмкіншілігін де жасауға болады ғой.

А.Құмырзақ: Аз ұжыммен осындай ірі жоба жасау – шынымен де үлкен еңбек. Мұны бағалай білу керек. Бағалау дегеніміз – әдебиеттің айналасында жүрген адамдар Play Market немесе App Storeден жүктеп алып, барынша таратулары керек болар. Себебі, біз кітапты сүйетін адамдарға болмаса, басқаларға мұны насихаттай алмаймыз. Осы арқылы контент қалыптастыруымыз керек. Мұндай құрылымдар әлем елдерінде өте көп. Мысалы, Майбук.ру желісіндегі контентке арналған 65 мың кітап бар. Мұнда әзірге 300 ғана бар екен. Жоғарыдағы айтылған әдіс бойынша он мыңға жеткізген кезде бәрі басқаша болмақ. Мұны әзірге Қазақстандағы ең жетілдірілген, жүйеленген қосымша Он мыңға жеткізуге сіздем мен біздер арқылы жетеміз. Сөйтіп болашақта үлкен бір онлайн кітапханалық құрылымды жасақтауға мүмкіндік бар. Айдана айтқанындай, пкір жазу мүмкіндігі берілуі керек. Болашақта осындай қосымшаның коммерциялық нұсқасын біреулер жасайтын болар. Қазіргі күнде тіпті коммерциялық тұрғыда да мұндай мүмкіндікьтер тапшы болып отыр ғой. «Әдебиет порталы» осыны тегін жасап беріп отыр. Сәттілік болсын!

Қатысушылар тарапынан осы жобаны кім қаржыландырып отыр деген сұрақ қойылып жатты. «Әдебиет порталы» жетекшісі Нұрлан Қабдайұлы «Қазақпарат» өз қаржысымен көркемсөз оқушыларды жалдай отырып отырып жасап отыр деген жауап берді. Ендігі жердергі басты мақсат «Тыңданы» оқитын, тыңдайтын контент қалыптастыру қажет деген тұжырымға келген қатысушылар осы тұрғыда өз ұсыныстарын білдірді.

С.Негимов: Мен мынадай да бір механизм ұсынған болар едім. Мысал үшін унверситеттің деканы бар. Декан филология факультеті студенттеріне қандай шығармаларды, қанша мерзімде оқу керектігі туралы тапсырма беріп қадағаласа, кафедра меңгерушілері оқытушылар мен студенттерден талап етіп орындалуын бақыласа, осы арқылы контент қалыптасар еді.

Д.Кәпұлы: Өте құптарлық ұсыныс. Жалпы осы қосымшаны алдағы күндері Еуразия ұлтық университетінде таныстырылым жасап, аталған процесс бойынша жұмыс істесек дұрыс болар еді.

О.Қасым: Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, қосымшаның мүмкіндіктері көп екен. Әлеуметтік желілерде, әсіресе, жас жазушыларға айтып, насихаттап жатырмыз. Әркім өз парақшасына жазып насихаттау дұрыс. Жарнама жүйесіна салу арқылы да танымал болдыру жолдары бар ғой. Қосымшадағы статистика бойынша үздік автор, үздік шығарма, т.б. сыналту үшін журналистер сараптамалық мақала жазса қандай тамаша. Сәттілік тілеймін!

А.Қабдуллина: Жалпы, жобаның мүмкіндігі зор. Бір айта кетерлігі өткенде, бір кітап бойынша бір жолда Назарбаев Зияткерлік мектебінде төрт мың оқушы қосылған болатын. Тек мектеп арқылы жасалатын осындай мүикіндіктер бар. Балалар, олардың ата-аналары, жолдастары бар. Мектеп әкімшілігі, ректортаттар бар, Қазақстан бойынша осылай өткізуге болады деп ойлаймын.

Міне, осылайша, ашылымына сәттілік тілеп, ұсыныстар айтылған ««Tynda» жобасы ғаламтор әлеміне қанат қақты!

Бөлісу:

Көп оқылғандар