Абай музейі: Даналық пен жаңалықтың үндестігі
Бөлісу:
Шаңбай Тұрдықұл Қасенұлы, әдебиеттанушы-философ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры
- Тұрдықұл Қасенұлы, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет. Алғашқы сауалымыз ұзақтау болмақ. Соған жинақы жауап берсеңіз? Сіз былтыр, тура мерейтойдың қарсаңында, қарбалас кезеңде Абай музейіне басшылыққа келдіңіз. Мерейтойдың қалай өткені туралы ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта жаңғырған хакім Абай музейін өзі барып ашып, музейге өзінің оң бағасын берді. Музейдің мерейтойдан кейінгі тынысы қандай?
- Ол рас, 2020 жыл Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі үшін аса жауапты жыл болды. Біріншіден, қазақ әдебиетінің классигі, ойшыл-ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойы болса, екіншіден біздің музейдің құрылғанына да былтыр 80 жыл толды. Екі үлкен тарихи-мәдени шара ел назарын Семей мен Жидебайға аудартты.
Өзіңіз білесіз, 2020 жылы хакім Абайдың тойына Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет мол қаржы бөлді. Соның нәтижесінде Еліміздің Шығысында көптеген мәдени ошақтар абаттандырылды. Біздің музейдің бас ғимаратында және барлық бөлімдерінде былтыр мерейтой қарсаңында қауырт жұмыс жаз айларында толассыз жүрді. Жүргізілген жұмыстарды жинақтап, жүйелеп айтар болсақ, олар мыналар: құрылыс-жөндеу жұмыстары, қайта жаңғырту жұмыстары, музейлендіру жұмыстары және ғылыми-танымдық жұмыстар.
Пандемия екі өкпеден қысып тұрған қиын шақта барлық объектілерде жұмыс істеп жатқан адамдар саны жеті жүзге жеткен кез де болды. Тек қатаң тәртіп сақтаудың арқасында аман-есен жұмысты абыроймен дер кезінде бітірдік. Бізді Жаратушының қолдағаны да хақ.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген іргелі мақаласында: «Абайдың Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек», – деп атап айтқан болатын.
Сондықтан, Абай қорық-музейі қызметкерлерінің алдында үлкен жауапкершілік тұр. Ғылыми-танымдық жұмысты қазіргі заман талабына сай жүргізу. Бұл бағытта музейдің ғылыми концепциясы дайындалып, музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Мерейтой даналық пен жаңалықтың үндесуіне старт болды десек те болады.
Аса жауапты шақта Мәдениет және Спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мені жұмысқа шақырды. Ғылыми-зерттеу орталықтарын басқарған тәжірибемді ескерген болуы керек деп ойлаймын.
- Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы музейдің жұмысына старт-бастау болса, ол неден көрінеді?
- Әрине, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы мен музейдің 80 жылдығы белгілі жағдайда осы жылдар аясындағы «музей-қорықтың» өз жұмысын бағамдап бағалауымен қатар, болашақта музейдің көкжиегі көркем болуы үшін не істеу керек деген сауалдың мәселе ретінде қойылуы да заңдылық.
Музей фәлсапасы, ол – рухани-матералдық мұраларды сақтау: адамзат, этнос, тұлға – уақыт пен кеңістікті үндестіре кешегіні бүгінге, бүгінгіні ертеңге мәдени мұра ретінде жеткізу, яғни, барлық болмысы, онтологиялық құбылыс.
Мемлекет басшысы айтқандай, музей ғылыми-танымдық орталыққа айналу үшін, ең алдымен жаңа методологияға негіздеп музейдің «Ғылыми концепциясын» дайындауды қолға алдық. Біздің музейдің ғылыми концепциясы жеті бағыттан тұрады: басым бағыт, іргелі бағыт, өзекті бағыт, концептуалды бағыт, оқу-әдістемелік бағыт, жүйелі бағыт және ағымдағы бағыт. Міне, осы бағыттар бойынша Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі жоспар жасап жұмысын бастап кетті. Ғылыми-зерттеу жұмыстары кеңтарапта жүріп жатқандықтан барлығын айту міндетті емес шығар, дегенмен бір-екеуін атайын. Басым бағыт бойынша 100 томдық «Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинақ қолға алынып, оның алғашқы бес кітабы жарық көрді. Келесі бес кітап баспаға дайын. Концептуалды бағыт бойынша «Абай музейі» энциклопедиясы дайындалуда. Әр бағыт бойынша осындай қадау-қадау ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Музей өзінің болмысында адамзаттың рухани үйі, ендеше хакім Абайдың музейін даналыққа негізделген рухани үй деп айта аламыз. Музейге келген адам өзін жақсы сезінуі керек. ХХІ ғасыр музейге осындай талап қойып отыр. Оны музейтану ғылымында социализация дейді, музейдің адамға рухани жақын болуы, музейге келген адамның өзін еркін сезінуі басты факторлардың бірі. Бұл да біздің музей үшін қазақ мәдениетін, қазақ сөз өнерін дұрыс насихаттаудың төте жолдарының бірегейі.
- Ендеше, осы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің болмысына тоқталып кетсеңіз?
- Мәскеулік журналист Андрей Колобаев та, «Литер» газетінен журналист Нұрғали Әбділдаев та сіз қойған сауалға мағынасы жақын сұрақ қойғанда біздің музей «целая культурная страна» деп жауап берген едім. Оның мағынасы былай. Мәселен, А.С.Пушкиннің, Л.Н.Толстойдың, У.Шекспирдің, И.В. Гетенің тағы басқа тұлғалардың музейлері бар. Әлемдік мәдениет тарихынан білеміз. Олар нақты тұлғаға, оның өмірі мен шығармашылығына арналса, біздің музей мәні олардан өзгерек.
Мен музейдің Шығыс Қазақстан облысына кең жайылған бөлімдерін тізбелеп атамай-ақ, бес мағыналық ерекшелігіне тоқталайын. Ол – хакім Абай, ол – данышпан Шәкәрім, ол – кемеңгер Мұхтар, ол – Абайдың ақындық мектебі және Алаш алыптары. Идеясы тұтас, бәрі Абайдың шапанынан шыққан, дегенмен біздің музей осындай арналы бес тараптан тұрады. Абай музейі – қазақ мәдениетінде өлшеусіз орны бар осындай көл-дария даналықты тұтас қамтып тұрған өзгеше құбылыс. Сондықтан да жауапкершілік те үлкен.
- Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында көп жұмыс істелген екен. Сол жұмыстардың елең еткізер жаңалықтарына тоқталсаңыз?
- Ең алдымен, кешенді түрде жүргізілген құрылыс-жөндеу, абаттандыру жұмыстарынан кейін музейдің жаңарып қалғаны рас. Заманауи талаптарға сай абаттандырылып, неміс технологиясымен автоматты түрде бүркіп суару, толық жарықтандыру музейді «қайта түлеп ұшқан қырандай» етіп, келушілердің көңілінен шығып жатыр.
Екіншіден, арнайы жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін тарихи ғимараттар да бүгінгі күн талабына сай құлпырып жасарып қалғаны да шындық.
Үшіншіден, музейлендіру жұмысы жүз пайыз өзгеріске түсті. Ғылымда «музей архитектурасы» деген концепциялық түсінік бар, оның өз мақсаты мен мүддесі бар, әрі қызмет ету аясы кең. Басқасын айтпағанда, климат-контроль деген ұғым бар. Мәселен, музейдегі аса құнды жәдігердің сақталу мәселесі, және сонымен қатар, сол ерекше жәдігерлердің келушілерге қолжетімді болуы. Мәселен, жаңағы айтылған музей архитектурасы сол музей талаптарына лайықталған ғимараттарды дүниеге әкеледі. Қазіргі заманға сай музей ғимараты сақтау және көрсету сияқты күрделі мәселелерге жауап беруге ұмтылады.
Біз сол 1995 жылы хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай, музейлік архитектура талабымен салынған ғимаратқа бас экспозицияны көшірдік. Ондағы музейлендіру жұмысын арнайы маманданған «BF creagroup» жобалау-зерттеу компаниясымен музей мамандары бірлікте жүргіздік.
Музей техникалық аспектіде де ерекше жаңарды. Бұл тұста да күрделі мәселелер көп. Музейдің даналық, мағыналық болмысын сақтай отырып, жаңашылдықты енгізу оңай шаруа емес. Дегенмен, музейдегі сенсорлық LED-экрандар, Touch-панелдер, аудиогид және мультимедиалық залдар музейдің мүмкіндігін арттырғаны. Аталған жаңашыл техникалық жаңарулар көрермен келушілерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.
Бір мысал келтіріп өтейін, мәселен мультимедиялық шағын залда сегіз Touch-панел келушілерді қарсы алады. Сіз келіп, басқа ешкімге кедергі жасамай өзіңізге қажетті ақпаратты орындыққа жайғасып отырып құлағыңызға құлаққапты киіп, алдыңыздағы экраннан көре аласыз. Мәселен онда бір ғасыр аясында Абай шығармашылығына қатысты түсірілген кино, қойылған спектакльдер, опера т.б. үлкен мәдени шаралар жинақталған. Біз жаңаша музейлендіру жұмысы жүріп жатқан кезде барлық архив, театр, кино саласындағы мәдени ошақтарға хат жазып, алған мәліметтермен аталған Touch-панелдердің контентін байыттық. Ақпараттық жағынан музейдің мүмкіншілігі мейлінше кеңейді.
- Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы ең маңызды Елдік мерекемен Абай музейінің қандай сүбелі байланысы бар.
- Тікелей байланысы бар десем артық айтқан емес. Хакім Абай еркіндік фәлсапасына терең таныммен барған. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталатын өлеңінде: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», – деп Абай тереңдетіп айтқан. Рас, үлкен уайым бар. Билік те, істейтін харекетің де, тіпті ерік-жігерің де басқаның қолына өткен. Өз ырқың енді өз қолыңда емес. Барлық харекетің әрекетке айналып кеткен. Елдік харекет жоқ. Еркіндіктен айырылғансың. Қазақ даласына еркіндік санасын әкелді.
Тәуелсіздік алған жылдан бастап отыз жыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жеке тұлға ретінде және жаһандық саясат сардарларының бірегейі ретінде Абайдың бай мұрасына құрметпен қарап, оның есімін әлемге танытуға ерекше күш салды. Елбасы биік деңгейлі жиындарда, форумдарда, құрылтайда, съездерде, үлкен кездесулерде сөйлеген сөздерінде Абайдың атын атап, оның даналық сөздерін мысалға келтіріп отырды.
Елбасы 1993 жылы 4 мамыр күні Абай атындағы Алматы қалалық қорының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, хакім Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай өтетін мерекелік шаралар үлкен мәдени оқиға ғана емес, Қазақстан егемендігінің қалыптасуына, әлемдік аренада оның беделінің артуына жәрдемдесетінін атап айтты.
1995 жыл Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай, Абай жылы болып жарияланған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасады және ол жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтой аясында Елбасының «Абай аманаты» деген іргелі мақаласы жарық көрді.
Біз осы ерен еңбекті басшылыққа ала отырып, «Абай және Тәуелсіздік» деген арнайы экспозиция аштық. Осы экспозицияда Қазақ Елі тәуелсіздік алған 30 жылдағы абайтанудың қалыптасуы, Елбасының Абайды әлемдік аренадағы насихаттауы көрініс тапқан.
- Енді осы бағдарда абайтану ғылымының жаңа ғасырдағы дамуында музейдің алар орны қандай?
- Бұл да біз үшін аса өзекті тақырып. Жалпы ғылымда «ғылымды ұйымдастыру» деген ұғым бар. Осы тұрғыдан келсек, біз Мемлекет басшысының өз мақаласында айтқан талабына сай арнайы музей жұмысы арнасында «Абайтану ғылыми-зерттеу орталығын» аштық. Талапқа сай дайындалған бұл орталықта ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, жарық көрген еңбектердің тұсаукесерлері, лекциялар жүргізіледі.
Сонымен қатар, жас музей қызметкерлеріне ғылыми жұмыспен айналысуына үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Тәжірибелі қызметкерлердің көмегімен олар көптеген нақты ғылыми жұмыстарды дайындауда. Мәселен, жас ғылыми қызметкер Гүлназ Бейсембинова Ахат Шәкәрімұлының бір томдық шығармалар жинағын ғылыми талаптарға сай толық дайындап шықса, Мархаббат Қараменді мен Гүлназ Мырзаханова Шәкір Әбеновтың екі томдық шығармалар жинағын дайындады. Сондай-ақ, Бұлбұлназ Уахметова Абайдың ақын ұлдарының үш томдық шығармалар жинағын баспаға дайындаса, Арай Жакупова «Музей тынысы» атты жинақты баспаға дайындап ұсынды. Міне, осында ғылыми концепция аясында жұмыстар жүргізілуде. Бұған жоғарыда аталған жүз томдық «Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының жүріп жатқанын қосыңыз.
Жоғарыда атап өткендей, ғылымды ұйымдастыру деген ұғым бар дедік қой. Осы тұрғыдан алғанда Абай музейі координаторлық қызмет те атқаруда. Бүгінгі таңда тоқсанға келген абайтанушы ағамыз Мекемтас Мырзахметұлымен, ойшыл-абайтанушы Ғарифолла Есіммен тағы басқа абайтанушы ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз.
- Сіздер музей болған соң, музейтану саласында да зерттеулер жүргізетін шығарсыздар?
- Бұл бағыт біз музей болған соң ерекше өзекті сала екені түсінікті. Музейтану саласын сөз жоқ әлемдік контексте қарастырамыз. Халықаралық деңгейдегі музейтанудағы жаңашылдықтармен таныса отырып, оған өзіміздің үнімізді қосып отырамыз.
Мәселен, 1946 жылы Францияда Париж қаласында ЮНЕСКО-ның жанынан құрылған Халықаралық музейлер Кеңесі (ИКОМ) аясында өтетін көптеген форумдар нәтижесінде әлемдік музейтану саласында болып жатқан жаңашылдықтардан хабардар болып, музейтану саласында да жүйелі зерттеулер жүргіземіз.
Мәселен, осы салада «Абай музейінің фәлсапасы» атты еңбекті қазір аяқтау үстіндемін. Сондай-ақ, былтыр Мәскеу қаласында «Познания Абая – познания самого себя» атты кітап жарық көрді. Ол кітап – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласымен ашылды. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен жарық көрген бұл кітапты дайындауға мәскеулік досым, жазушы, атақты «Художественная литература» баспасының директоры Г.Пряхин ерекше үлес қосты. Былтыр оның басқа да қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ескеріліп Қазақ Елінің «Достық» орденімен марапатталды. Биыл Г.Пряхин екеуміз бірлесіп жазған «Степной титан» атты еңбегіміз Мәскеуден жарық көрмек. Біздің музейдің «қорық» статусы бар екені белгілі. Біз қазір «Жидебай» атласын аяқтаудамыз. Музейтану саласында жоспарлы түрде басқа да жұмыстар жүргізілуде.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Бөлісу: