Арман Әділбек. Неткен ұзақ еді бұл кеш

Бөлісу:

01.05.2021 4533

Сөзге - І

Көтердік біздер қаншама тост,

Сүредей созып,

Әрлеп,

Сол сұлу сөздер ұшқан бағыттың,

Дерегі қайда?

Мәні не?

Оқыдық біздер қаншама дұға,

Сұлу да,

Сырлы,

Үрейлі.

Адасып ұшқан сол сөздер бүгін,

Қай жақта?

Нені тілейді?

Қай жақ дегенім мазар ма, әлде

Дүние ме мынау?

Кеше ме?

Ағады жұлдыз Ай бетін сызып,

Тамады сосын кесеме.

Тамады менің кесеме,

Түндей

Азалар ауыр сезімдер.

Қалқиды сосын молалар зілдей,

Мезгілден жырақ көз ілген.

Қалқиды мұңдар,

Қалқиды гүлдер,

Өлімге тартқан тамырын.

Жұттым мен,

Кешір,

Көктемді қосып,

Ішіме енді қабырың.

Ішімде енді ғұмырың,

Жаным,

Кесемде сенің көлеңкең.

Төгермін,

Кешір,

Ғаламды қосып,

Көз жазған күні өлеңнен.

Кесемнің іші,

Кесемнің сырты –

Бәрі де менің жалғаным.

Жалғанның ішін,

Жалғанның сыртын,

Сөздердің кезген аруағы...

О, нәзік тәңір – жалғыздан өніп,

Жаһанға кеткен шашырап,

Мінәжат еттім,

Тамызшы көзге

Бір шымшым ғана топырақ.

Балшық ойыны

– Адам Ата топырақтан жаралған,– дейтін еді.

Көз алдыма балшықпен ойнап отырған балалар елестейтін,

Топырақтан там түйіп жатқан әкелер елестейтін.

Жаңбыр сіркіреп тұрған кеш,

Көшелер лайға батқан,

Адамдар

Балшық жолдармен ілбіп басып бара жатқан,

Балшық шашыраған адамдар.

Мен солардың ішіндемін.

Көзіме шашырап кеткен лай судың сарқытын жуып тұрып,

Терезеге сүзіле қараймын,

Балшық шашыраған терезеге.

Кенет,

Бүкіл дүние балшықтан жаралғандай болып сезілді.

Балшықтан құйылған қабырғалар ғана сияқтанды бұл қала.

Бұл балшық жолдардың басы қайдан басталған?

Бұл балшық әлемнің басы қайдан басталған?

Саздарға жұтылған тұлпарлар мен зеңбіректердің,

Бір үймек дымқыл топырақтың астында жатқан мәйіттерден нендей парқы бар?

Жер, шынымен біздің анамыз ба?

О, ұлы жер – ана,

Сенің бастан ақыр бізді

Және біздің іздерімізді жұтудан өзге қылғаның бар ма?

Қылмағың бар ма?

Ана атын жамылған мазақшыл жендет шығарсың әлде.

Енді, ештеңенің де жауабы керек емес шығар.

Біз бастан ақыр балшық қанамыз.

Бұл әлемде

Бастан ақыр балшық қана.

Бар болғаны

Лайы бұрқылдап қайнап жатқан қыш қазанда

Сенделектеп жүрген балшық қуыршақтармыз

Біз…

Иә,

Бұл дүние балшықтан жаралған.

Адам Ата, әрине, балшықтан жаралған.

Ал аспан?

Менің еркіндігімнің, армандарымның ұясы болып келген аспан шы?

Әлде, көгеріп кеткен балшық шығар ол да,

Тек қана,

Шіріген иісі

Тым шалғайдан бізге жете алмай тұрған.

Көз алдыма балалармен ойнап отырған балшық елестеді.

Әкелер елестеді

Топырақты там етіп түйгілеп жатқан.

Бұлдыр көлеңке

Терезе жақтауына сүйенді

Жанары көктегі

От шалған сөздей бір жұлдыздармен түйісіп.

Мыңдаған жылдардың алдында

Осынау жұлдыздардың дәл осы қалпы жылтылдап тұрғанына сенді.

Көшеге көз салды.

Адамдар жүрісін доғарған.

Жүз рет өртесе де жаны шықпайтын әлдебір ұлы тиымның барын сезді.

Таңда ғана жанын шалқытқан жып-жылы ән сөзі

Қара шынжырдай зәр шашып ойына оралған.

Ызыңдай соққан самалдың

Епсіз тырнағы сыйпаған жүзін көтеріп,

Сұқ саусағын айға қадады

(қиялымен)

Жыбыр етті сосын еріні.

Терезенің жақтауына сүйенген күйі

Қыбырсыз тұра берді,

Құдды бір мүсіндей сазарып.

Үкімін күткен күнәкардың жаурынын мағынасыз көзімен қарып

Сұлап жатыр еденде

Бір көлеңке.

Бұлдыр.

Әнеу ақ қайың

Неткен ұзақ еді бұл кеш...

Күн мен сенің

Ай мен менің аралығым секілді.

Неткен ұзақ еді бұл кеш,

Сағат стрелькалары ой шүңетінде қалғандай тұнжырап,

Қатып қалғандай

Жұлдыздар

Мұз түйіршіктеріне айланып.

Қар жауып тұр.

Соңғы қар болар.

Сайғақтай безірейген әнеу ақ қайың

Неткен алыс еді ол да

Желге ұшқан сөздей,

Соңында жым-жырт қар астында қалған.

Құлағым келеді

Түнге.

Тілегім келеді сосын,

Өткеннің шідері шандыған жүректі алақаныма салып

Әлдебір дұға.

Әкесінен адасқан баладай

Түсініксіз жазуларға үрейлене қарайтын,

О, менің көңілсіз серігім,

Сен көрдің бе

Менің көлеңкеге айналғанымды,

Көлеңкенің маған.

Неткен алыс еді сол сәт

Мөлт ете қаларлық,

Тек қана.

Неткен күңгірт еді әнеу ақ қайың.

Сайғақтай құлазыған әнеу ақ қайың.

Өз түбіне өзі үн-түнсіз тесірейген әнеу ақ қайың.

Көкейкестім

Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,

Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.

-Т. Таңжарық

«Көкте Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің ортасында»

Тағдыр жаралған шығар.

Мұң бүрлей бастаған кешқұрым шақтар да,

Шұрқырай кісінеген үні жетеді

Енесінен адасқан бір құлынның.

Ауаны тілмей-ақ.

Мен онда ойын баласы ем –

Көшпенді ұлы.

Күрең құлын досым болатын.

Қастың қара қошқыл бұлты көкжиектен толқый ағатын,

Төбеге төне бере

Биені ағытар ек,

Үйді айналып анам күбірлейтін

«Сүт көп,

Көмір аз.

Сүт көп,

Көмір аз».

Сол нөсер тағы бір келгенде

Күрең құлынның басын шапаныма тығып

Жібермей алып қалдым.

Жаңбыр төпелей берді,

Үйірлі жылқы қыр аса берді.

Дүние сұрқай бір түске бөгіп,

Қарғыстың уыты тауларды алқымнан көміп

Кеткендей сәт еді.

Сәлден соң қыр үстінде шұрқырап шауып жүрді

Енесін іздеп,

Қормалын іздеп

Нәресте күрең.

Мен онда жауыз шығармын,

Ал, күрең ойын баласы еді.

Бүгін де менің жүрегім үйренген

Сол үнге,

Бебеу қаққан сол үнге,

Кеудемде бейуақ сайын

Шұрқырай шауып жүреді

Сол нәресте күрең.

Бұл қаланың көшелері оюға толы,

Бұл қаланың көшелері аспанға толы,

Және ол аспандардың көбісі ауыр,

Һәм төбең тиердей аласа.

Шалқая аласыз жалғыз-ақ сәтте,

Қолыңызға бокал көтеріңіз!

Оның өзін

Көше толы азан дауысы шағып жібере жаздаса да.

Қарап қалыңыз көкке,

Шыдаңыз!

Көше толы оюлар

Шырмалған жыландар сұлбасы екенін көресіз.

Анда-санда қылаң беретін жылқы мүсіндері де байқалар.

Бірақ, олар ешқашан қозғалған емес,

Кісінеген де емес,

Шұрқыраған да емес..

Таласбектің «Кәрі аты» іспеттеніп,

Түсіңізге енеді.

Түн ортасы болғанда,

«Ат тұяқты адам» кейпінде

Есілді бойлап елестер қашады.

Сіз бір сұлуды қасыңызға шақырып,

Көше толы оюлардай

Шырматыласыз сұмырай сезімдермен.

Терезеден

Тер жуған көзіңізді онан сайын бұлдыратып,

Қарсы ғимараттың маңдайындағы шыймайлардың астынан

«Целиноград» деген мәтін

Мазалай береді.

Бүл қаланың көшесі толған Таласбектің «Кәрі аты»,

Бұл қаланың көшесі толған оюлар.

Аласа аспандар.

Қаншама жыл өткеннен соң,

Сол күреңді іздегім келеді.

Нәресте күреңді,

Кешірім сұрап,

Тұяғын сүйіп жылағым келеді.

Ауынаған жерін жайнамаз еткім келеді.

«Көкте Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің ортасында»

Жылқы жаралған шығар.

Мүсінші

Мен мүсінмін.

Сіз мүсінсіз.

Аспан асты қара нөпір мүсін.

Ол бізді ұп-ұқсас етіп жасамақ болған сыңайлы.

Әр кештің келбетіндегі күңгірт қызыл бояудай,

Шапшаң,

Һәм еш мағдырсыз хәлде жұтыла беретін

Қап-қара түнге.

Балшықта жатқан күлтелердің

Самалға айтқан өкпелі күбірін үзген

Нән табан ізі.

Әлем

Мүсіншінің алып алақанымен әлдиленген уақ.

Таптаған,

Сосын әлдилеген.

Таптаған,

Сосын әлдилеген.

Жел ұрды.

Мұжыды жаңбыр.

Қара сұр қалып ішінде тым ұзақ тұрдық,

Шаршадық,

Біз де.

Ол қателескен бе?

Мен қателестім бе?

Білмеймін.

Ұқсамайды екенбіз мүлдем.

Жол да,

Жол бойындағы самырсындар мен шөптер де,

Ұқсамайды екен бір-біріне,

Жұлдыздар да.

Түмендеген жылдар алдында

Тәбиғат бәрімізге бір-бір шөкімнен сәуле сыйлаған.

Сол ескі сәуле –

Кеудеңдегі тостаған қанша шайқалса да жоғалмас сағым.

Қара жер секілді

Бір жапырақ үзіліп көкірегіне құласа

Кейуанадай күрсінген.

Қара жер секілді

Быт-шыты шығып шашырай құлаған

Әлдебір мүсінді

Быт-шыты шыққан күйінде бауырына басатын.

Және бәрін

Ұқсамауға жазған.

Ол

Сыйпағанды ұнататын секілді

Алып алақанымен

Мүсіндердің басын,

Жаурынын.

Мүсіннің ішінде,

Қарасұр қалып ішінде

Мен

Мен...

Мүсіннің ішінде ояндым.

Мені құдай жаратқан,

Ал,

Мүсінді кім?

Жел ұрғылаған,

Жаңбыр мұжыған баяғы хәл,

Баяғы.

Мені қамап қойған қара сұр қалып –

Қара сұр мүсін

Әлі тұр міз бақпастан мелшиіп.

Кітап өртеуші

Кәдуелгі жолдар,

Кәдуелгі жандар,

Кәдуелгі қайшалысқан көлеңкелер.

Көз ұшында қарауытқан тау сұлбалары,

Түнге айланған рухы

Құрғап кеткен сары топырақтай үгіліп

Өз жүзін өзі жапқан дала.

Мен бүгін күз келгеніне қураған шалғынды көргесін барып сенемін.

Қыс кеткеніне гүлдер ашылғанда барып сенемін.

Секундтардың табанында ұматылғаным сонша

Мен туғанда бірге туған әлдебір жүдеу қорымның

Қабырғаларын бұзып,

Тағанын қазғаным,

Тапқан олжаларым,

Аққан терім…

Жоқ,

Сәттер,

Сәттер менен барлығын тартып алған сияқты.

Тоғыз жолдың торабы арбаған сол бір жанның

Ең соңында

Тізесі қалтырап тұрып

Аспанға қол жая күңіренген үні құлағымда жаңғырып,

Кеудемдегі жұмақ пен тозақты алып

Орнына сиқырдай шүңет силаған нән елесті

Өзіммен қоса өмір сүру азабына салған

Бала көңілім менің,

Сол бала көңілімнің сарғайған сәті.

Бұл да анау ескі,

Һәм қарт келісімнің бірі болатын,

Түн сұлтанына кигізген нұрлы тәжінің мифінен есілген

Ұзыннан ұзақ шұбалған дар арқанына қадала қараған сәтім –

Адамзаттың ақыл парасатын шексіз жеккөрген сәтім.

Мұхит ортасындағы жетім аралда

Шөлден қажыған сәтім.

Дүниенің тарлығына көзім жеткен сәтім.

Дар арқанын өзімнің ескенімді мойындаған сәтім.

Тобығымды көмген

Оттай ыстық шаң топырақта жатқан көлеңкеме сәжде қылып

Жүзімді тас қиршықтарымен жуған сәтім,

– Қолыма қылыш алман!– деп ант берген сарбаздың

Құшағына қысқан тасының* қиршықтарына

Жүзімді жуған сәтім.

Аза білдіруге дәтім шыдамаған сәтім.

Кәдуелгі бағыттар,

Кәдуелгі бейнелер,

Кәдуелгі қабырғалар,

Кадуелгі сенімдер…

Күйреген,

Менімен бірге,

Сенімен бірге құлаған.

Жылы сөйлемдер,

Ыстық лебіздер

Жүректерді шарап толы шарадай лыпылдатса,

Сол шараға құлаған сынық стрелканың жөнін кім ұғар,

Жолын кім сызар?

Мастықтан,

Мағынадан айыққан сөздердің бүлігінен шағылған күмбездер арасындағы құлазу –

Ата-анаңның сені жетімханадан бағып алғанын сезгендегі емсіз құлазу.

Хауананың құрсағына ібіліс бітірген сол ұлдың,

Сол ұлдың,

Сол ұлдың …

Көз ұшында қарауытқан тау сұлбасы,

Түнге айланған рухы

Қурап кеткен сары топырақтай үгіліп

Өз жүзін өзі жапқан дала.

Соның бәрін оқыстан көріп қалған жарықтық

Қарсы алдында жымия қарап тұрған

Жаңа һәм

Қарт келісімнің қолынан шарап ұрттаған.

Шарап уы оны қарғыс өртіне айландырған,

Қарғыс өрті –

Ол кітаптарға оқылған қарғыс дұғасы болатын.

Есіксіз алып сарай ішінде,

Бір бөлмеден бір бөлмеге өту үшін сарып болған ғасырлар –

Елеусіз қалған дәуірлер,

Ұмыт болған жылдар.

Ешбір сұраққа мизеп көрмеген ұлы үнсіздіктің құшағында мүлгіген мүсін төбесіне қонып ұшқан,

Қонып ұшқан,

Қонып ұшқан құстар.

Кәдуелгі өрттің иісі.

*Ежелгі көшпенділер тасты Қорқыттың жеті кебінің бірі деп ұғып тасқа қарап ант ішкен. Мәселен, Қабанбай батыр жайлы бір аңызда қолға түскен жоңғар жасақтарына тас құшақтатып ант алып қайтаратыны бар.

Терезе

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Ыстық һәм дымқыл ауа терезеден ішке құйылуда,

Өкпемді керуде.

Ыстық һәм жарық сәуле терезеден ішке құйылуда,

Жанарымды керуде.

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Ауаға тұншықтым.

Жарыққа тұншықтым.

Тірідей қабырғаға жерленген күнәкар секілдімін.

Терезеден тек терезелер ғана көрінді.

Терезелер ғана,

Оның өзі ыстық ауада дірілдеп,

Аласапран жарық ішінде мұнартып тұрады.

Жылыстай алыстап бара жатады.

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Көзімді жұмдым.

Тас қараңғы,

Бұлдырап тағы терезе көрінді.

Пердесіз терезе,

Ішінде тұңғиық шүңет,

Мұздай суық шіріген ауа...

Терезелер маған қарап тұр.

Ілкіде пердені жеккөруші едім.

Тазқұмай

Ұзын сонар баспалдақтың төменгі жағынан

Аяқ дыбысы білінеді әлде біреудің

Жеңіл һәм дәрменсіз басылған,

Мен оны аруақ деп ойламаймын.

Мен оны

Тұйық,

Қараңғы бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің

Көкірегіне

Ұялап алған тазқұмайдың үніне ұқсатамын.

Көзімді жұмсам болғаны

Көпір үстінде өртеніп жатқан көздер елестей береді,

Елең-алаңда

Бозарған белден асып

Бұлыттарға сіңген ескі ауылдың

Түнерген елесі сіңген көздер.

Көпірді кім салғаны жайлы ойланған да емеспін,

Тек,

Өртке оранған көздерден аққан тамшылардың

Қаңсып қалған арнаға тамып жатқанын көремін.

Бағанағы ауылдың рухын көтеріп ұшқан тазқұмайлар

Неге ұшпаққа емес,

Қараңғы,

Тұйық бөлменің бұрышында бүктетіліп жатқан

Бейбақтың кеудесіне қарай ұша береді?

Аңызға сенетін адамдардың тұқымы құрығанымен,

Ау, салынбаған суреттер,

Жазылмаған өлеңдер,

Сендер айтыңдаршы,

Бұдан өткен қарғыс боларма...

Терезе бетін тырналаған жым-жырттықтың мұздай жымиысынан

Қайсы бір дәнішпанның үңгірінде лапылдай жанған алаудың шаттығы білінеді.

Сол алауды жындана айналған көбелектердің бірі

Пойез кейпіне еніп даланы айқыш-ұйқыш кескілеп жүргендей,

Дала,

Сен менің түсіме кірмейсің,

Экрандардан көре-көре көңілім қалған.

Дала,

Мен

Түсімде

Сенің құлыптасыңның

Қараңғы,

Тұйық бұрышында бүктетіліп жатқан біреудің сұлбасын ғана көремін.

Терезе сыртында тазқұмайлар қалықтай ұшып жүр.

Көктемнің ескілігі сонша

Ұзын-сонар баспалдақтың төменгі жағынан

Әлдененің күлімсі исі еміс-еміс мұрынға ұрылады.

Ал, мен темекімді құшырлана сорып

Құмайларға мұңая қарап отырмын,

Әне, олар көк тұңғиығына сүңгіп барады,

Бұл, бәлкім, түсім шығар,

Сонда да

Қанаттарынан себілген өлім ызғарының өзі қандай ыстық,

Ол енді оны ешкімге бермейтін шығар,

Көздер өртенбейтін шығар.

Сөзге -

Сөз,

Айтшы,

Үнсіздіктен,

Іштегі үнсіздіктен артық қасірет бар ма екен?

Тек қана терезеден телмірген бұл күй

Ағыл-тегіл жылағың келгенімен

Көзіңнен бір тамшы жас та тамбайтын,

Айғайлағың келгенімен

Үнің шықпайтын кездерден қаншалық қашық?!

Көлеңкелердің жолды жауып алғанын

Аққан жұлдыздарға қарап отырып көргенім қашан!

Сөз,

Сен қанша рет күлге айналып,

Қанша рет жұмыртқа жардың?

Мүмкін, сенің ғана есіңде шығар,

Мен өмірге келерде

Рухым жаратушыға қандай уәделер бергені?

Аққан жұлдыздай,

Ешкім де ат қойып үлгірмеген сол сәт,

Сол сәт қаншама мәрте қайталанды екен,

Менің ғана ғұмырымның өзінде...

Өштік пен өкініш жайлаған осынау жылдарда,

Сен қайда кеттің,

Сөз?

Бізбен бірге туып,

Бізбен бірге өлетінің қайда?

Өзен бойында тамырын шөл жұтқан сол бәйтерекке көз салғанымда

Түнгі соқыр тұман іспетті ауыр бір картинкалар жолыға береді,

Сөз,

Айтшы сен,

Мен оларға не деп ат қойсам жарар?

Айтшы,

Көл бетіне тамған бір тамшы судың ізін бесік еткен

Менің ғұмырым!

Сен есіңе сақтадың ба

Туған жерің секілді мұңлы сөздерді.

Дұғаң сол болатын.

Әлде,

Ішіңнен жиі қайталай беріп,

Жиі қайталай беріп

Жоғалтып алдың ба сол сөздерді.

Сөз...

Мен неге үнсізбін,

Біздің арамыз неге соншама алыстап кеткен?

Бөлісу:

Көп оқылғандар