Ағайынды Гриммдер. Жыланның үш жапырағы
Бөлісу:
Әлдебір патшалықта бір кедей адам өмір сүріпті. Кедейліктің шегіне жеткені соншама, өсіріп отырған ұлына ішіп-жерлік тамақ тауып беруі де қиынға соғыпты. Ақыры бір күні ұлы оған былай депті: «Ардақты әкешім менің, сіздің бізді асыраймын деп соншалықты қиналғаныңызды сезіну мен үшін де ауыр болып жүр. Былайша қиналып жүргенше, маған рұқсат беріңіз: үйден кетіп, өз тамағымды өзім тауып жеуге тырысып көрейін». Әкесі ойлана келе ұлының ұсынысына келісіп, оған батасын беріп, қимай қоштасып қала беріпті.
Сәтіне салғанда, дәл осы уақытта бір құдіретті король көрші мемлекетке соғыс жариялағалы жатқан екен. Жас жігіт патша әскеріне қызметке алынып, соғысқа аттанып кетеді. Сөйтіп екі жақтың әскері бетпе-бет келіпті. Шайқас басталған кезде ғана бозбала өзінің қандай қатерге бас тіккенін білді: қорғасын оқ бұршақтай жауып, жанындағы қаруластары бірен кейін бір қаза тауып жатты. Бас сардар қаза болды деген кезде әскерлер тіпті шегініп қаша бастаған болатын. Бірақ дәл осы кезде біздің жігіт жауынгерлерді сөзбен жігерлендіріп: «Отанымыздың жеңілуіне жол бермейік! Алға!» - деп айқай сала ұрандап алға ұмтылды.
Қашпақ болғандар да еріксіз мұның соңынан еріп алға ұмтылады. Бұлар сөйтіп жаудың шабуылын біржола тойтарып жеңіп шығады. Жеңіске осы жігіттің ержүректігі арқылы жеткенін естіген король оны саптың алдына шығарып мадақтап, мол байлықпен марапаттапты. Осыған қоса жігітті осы патшалықтағы ең жоғары лауазымды шенеунік етіп тағайындайды.
Корольдің өте сұлу, бірақ мінезі де аса кінәмшіл қызы бар екен. Ол өзінің болашақ жары болатын адамды таңдауда мынадай шарт қойған екен: «Егерде мен жұбайымнан бұрын өмірден өтетін болсам, ол менімен бірге тірідей көмілуі тиіс. Мен осыдан тартынбайтын адамға ғана тұрмысқа шығамын!» - деп өз-өзіне ант беріпті. «Егерде ол мені шын сүйетін болса, - депті ханшайым, - мен өлгеннен кейін оған өмір сүрудің не қажеті бар?»
Ханшайымнан сырттай дәмелі ханзадалар мен мырзалардың бәрі оның бұл қисынсыз антынан қорқып оны айттырудан қашады. Тек оның ғажайып сұлулығынан басы айналған біздің бозбала ғана ештеңеге қарамастан қызына үйленбек болады. Сөйтіп корольдің өзіне барыпты. «Жарайды, солай болсын делік, - дейді король, - бірақ сен, қандай ант беретініңді білесің бе?» - «Егерде жарымның соңында қалар болсам,- дейді бозбала, - молаға онымен бірге көмілуге тиіспін. Бірақ менің оған деген махаббатымның ұлылығының қасында маған бұл сынақ ешқандай қорқынышты емес».
Осыдан кейін король оған ықылас-батасын беріпті. Екі жастың үйлену тойы зор салтанатпен өтіпті. Жас жігіт өзінің сүйіктісімен бірге махаббат пен татулықта өмір сүріп жатқанына біршама уақыт өткен кезде олар мынадай бір бақытсыздық жағдайға тап болыпты: сұлу ханшайым дауасыз дертке шалдығыпты. Қанша тырысса да ешбір дәрігер оны емдей алмапты. Ақыры ол жан тапсырғанда, жас жігіт кезінде оған берген уәдесін ойлап қамығады. Әйелімен бірге молаға тірідей көмілетінін ойлаған кезде ол қорқыныштан қалтырап кетеді. Бірақ бұдан бас тартатын еш жағдай жоқ еді: король барлық қақпаға күзет қойып тастаған, енді бұл тағдырдың салғанына көнуге тиіс еді.
Жерлеу күні жеткен кезде ханшайымның денесі корольдік сағанаға түсіріледі. Жұбайы жас жігітті де бірге кіргізіп, сағананың есігін құлыптап жауып тастайды.
Жас жігіт сағана ішіндегі табыттың жанына үстел қойылғанын көреді. Онда төрт шам, төрт бөлке нан және төрт құты шарап қойылған екен. Аз уақыт қорек қылатын осы тамақ пен сусын таусылған кезде жас жігіт ашығып отырып өмірімен қоштасуға тиіс екен. Сөйтіп ол моланың ішінде қайғыдан қапа болып отырған қалпы күніне тілім нан ғана жеп, бір жұтым шарап қана ішіпті. Бірақ ажалдың күн сайын біртіндеп таяп келе жатқанын әлсіреп бара жатқанынан сезіп отырады.
Таяу арада бастан өткерер ауыр халді ойлап қайғырып отырғанда жас жігіт кенет сағананың бұрышынан табытқа қарай жорғалай жылжып келе жатқан жыланды көреді. Ол табытқа таяй түседі. Жас жігіт жылан әйелімнің мәйітін кеміруге келе жатқан болар деп ойлайды. Сөйтіп ол қолына семсерін ұстап тұрып: «Менің жаным бойымда тұрғанда оған жақындаймын деп ойлама!» - дейді де жыланды үшке бөліп шауып тастайды.
Аз уақыт өткенде бұрыштағы тесіктен тағы бір жылан жорғалап шығып келеді. Бірақ ол алғашқы жыланның бөлшек-болып туралып жатқанын көріп, әп-сәтте ініне қайта кіріп кетеді. Сөйтеді де, езуіне үш жасыл жапырақ тістеп алып қайта оралады. Ол өлген жыланның үш бөлігін тірі кезіндегідей біріктіріп жинайды да, әр бөліктің ортасына бір жапырақтан тастайды. Сол сәтте семсермен шабылған бөліктері еш ізсіз жалғанған жыланға жыбырлап жан бітіп тіріледі. Сөйтеді де екі жылан жылдамдата жорғалап інге кіріп кетеді.
Әлгі үш жапырақ жылан тірілген орында қалып қойған. Мұндай ғажайыпқа куә болған бозбаланың басына: «Жыланды қайта тірілткен бұл жапырақтардың әлдебір ғажайып тылсым күші бары анық. Мүмкін, адамға да дәл осылай әсер ететін шығар, неге солай жасамасқа!» - деген ой келіпті. Сөйтіп ол жапырақтарды теріп алады да, біреуін марқұм әйелінің ерніне, келесі екеуін көзіне қояды. Осылай әрекет жасай бастағаны сол еді, әйелінің қан тамырлары қайтадан бүлкілдей соғып, сұп-суық беті қызыл шырайлана бастапты. Жары терең тыныс алады да көзін ашып: «О, құдайым! Мен қайда жатырмын?» - деп таңдана сұрайды. Жас жігіт сонда: «Сен менің жанымдасың, сүйікті жан жарым!» - деп жауап береді. Ол осыған дейін болған оқиғаның бәрін жарына баяндап беріп, оның өмірге осылайша қайта оралғанын айтады. Сөйтіп ол ханшайымға шарап пен нан ұсынып ауқаттандырады. Тамақпен қоректенген әйелі біртіндеп әл жинап сергіп қалады. Сөйтіп жарын табыттан тұрғызып алған соң екеуі сағананың есігіне келіп бар дауыстарымен айқай салып, ұрғылай бастайды. Мұны жоғарыдағы күзетші естиді де, корольге баяндайды.
Король өзі келіп сағанаға түсіп, есікті ашады. Өлді деген қызы мен күйеубаласының тірі, әрі сап-сау екендігін көріп, бастарына түскен ауыр қайғы-қасіреттен аман құтылғанына король шексіз қуаныпты.
Жас жігіт жыланнан қалған үш жапырақты сағанадан ала шығады. Сөйтеді де өзінің сенімді қызметшісіне: «Мұны өзіңмен бірге әрдайым мұқият сақтайтын бол. Қандай жағдайда болмасын, өзіңмен алып жүр: мүмкін мұның бізге алдағы күндерде тағы да керек болып қалмасына кім кепіл?» - дейді.
Сөйтіп өмір сүріп жатқанда кінәмішл ханшайымның мына қылығы жөнінде айтқан жөн болмақ: оның өмірлік көзқарасында күрт өзгеріс болады. Ханшайымның өзіне қайтадан өмір сыйлаған сүйікті жұбайына деген сүйіспеншілік сезімі суып кеткен еді.
Осы кезде жас жігіт теңізді көктей өтіп жүзіп барып, артта қалған кәрі әкесіне сәлем беріп жолығу үшін зайыбымен бірге кемеге отырады. Өзін өлімнен құтқарған жұбайына деген махаббатын адал сезімін жоғалтқан ханшайымның көңілі осы кеменің иесіне ауған еді. Сөйтіп бір күні жас жігіт ұйқыға кеткен кезде, әйелі кемешіні шақырып келіп, екеуі оны бас-аяғынан ұстап көтеріп алып, кеменің жиегінен теңізге лақтырып жібереді. Бұл қатігездікті жүзеге асырған соң ол кемешіге: «Енді кемені кері бұр. Үйге қайтайық, әкеме күйеуім жолда қайтыс болды деп айтамын. Мен сені әкемнің алдында беделіңді асырып, мақтайтын боламын. Сонда ол мені сенімен үйлендіреді, уақыты келгенде король тәжін де саған беретін болады», - дейді.
Бұл сұмдықтың бәрін естіп көріп тұрған адал қызметшісі кішкентай қайықты кемеден білдіртпей ағытып алып, қожайынының соңынан жүзіп жетеді де, сатқындардың алыстап кетуін күтеді. Қызметшісі қожайынын судан шығарып алған кезде әлдеқашан өліп қалған екен.
Бірақ әрдайым өзімен бірге алып жүрген, жыланнан қалған үш жапырақтың көмегімен қожайынын әп-сәтте тірілтіп алады. Сөйтіп олар қайықтың ескегін күні-түні бар шамасынша жылдамдатып есе береді. Кішкентай қайықтың теңізбен жылдам жүзгені соншама, үлкен кемеден бұрын айлаққа жетіп, кәрі корольдің алдына келіп үлгереді. Күйеубаласының өзі ғана жалғыз оралғанына таңданған король одан жолда не жағдай болғанын анықтап сұрайды. Король өз қызының зұлымдық іс-әрекеті туралы естігенде: «Оның осыншама ақымақтыққа барғанына сенгім келмейді, бірақ көп кешікпей шындық айқын болады», - дейді. Сөйтеді де күйеубаласы мен оның қызметшісіне біршама уақытқа жасырын бөлмеге кіріп ешкімнің көзіне түспей тасалана тұруды бұйырады.
Біраздан соң кеме де жағалауға жүзіп жетеді. Қаскүнем қызы қайғыға батқан кейіпке еніп әкесінің алдына келеді. Король сонда қызынан: «Неге өзің жалғыз оралдың? Жұбайың қайда?» - деп сұрайды. «Ойбай, әкешім-ау, - деп жауап береді қызы – мен үйге ауыр қайғы арқалап келіп отырмын: жүзіп кетіп бара жатқанымызда күйеуім кенет сырқаттанып қаза болды. Егер мына мейірімді кемеші маған жан жақты көмек көрсетпегенде, мен де аман қалмаған болар едім. Ол да жұбайым қайтыс болған кезде кемеші демеу болған еді және оқиғаның қалай болғанын ол да нақтылап айтып бере алады».
Сонда король қызына: «А, солай ма? Ендеше мен сенің марқұм күйеуіңді тірілтейін!», - дейді. Сөйтеді де жасырын бөлменің есігін ашып күйеубаласы мен оның сенімді қызметшісіне бері қарай шығып келіңдер деп бұйырады.
Бөлісу: