Ұларбек Дәлейұлы. Жаза естелігі

Бөлісу:

09.06.2021 5302

Ол кез заманның бір кең, бейбіт кезі екен. Тау халқы өз-өзімен еркін өмір сүретін. Көктем, күз айларында Күректі мен Белқайың, Ботамойын асуыларын бойлап, түйелі көштер өтетін. Күзгі кеште, бейуақ қараңғылығы үйірілген тұста Дәлей Тұмсықты айнала қонған малды ауылдың жылқылары шұрқырап жататын. Кеш қараңғылығымен бірге тау жақтан ескен самалдан түйелердің қоңыр иісі мұрынды қытықтайтын. Боталардың соза боздаған қоңыр үні құлаққа мұңды сарын әкелетін.

Ол кезде өмір өз ырғағымен жылжып жататын...

Орта мектеп бітіріп, ауылға қайтар жолда мені аудан орталығынан Қанат досым күтіп алды. Жастықтың желігі буған шақ еді ғой. Қаланың түнгі базарында думандатып біраз жүрдік те, үйге жай қайттық. Ертесі досымды «Ауылға бірге барайық, біздің үйде аунап-қунап қайт» деп ертіп алдым. Тұрғынға асатын, тоқсан тоғыз айналма тұмсығы бар атақты «Уша» аңғарын үлкен автобуспен өрлеп келеміз.

Маусым айының соңы болғандықтан қытайдың әр қалаларында оқитын қазақ студенттерінің де жазғы демалысқа тарап, ауылдарына беталған шағы. Жолаушы көп, қатынас көлігі аз. Қырық адамға шақталған автбуста елу шақты жолаушы бармыз. Қала тұрмысынан, оқу қыспағынан қажыған кей жігіттер ептеп сыралатып келеді. Қытайлардың дауысын студенттердің әндеткен, әзілдескен көңілді дауысы басып кетеді.

Даңғарадай, ішінен анда-санда шаң «бұрқ» ете қалатын ескі автобустың арт жағы толған қытай. Кендір жіппен айқыш-ұйқыш буған теңдерінің үстіне тізіліп отырып алып, бұрқырата шылым тартады. Жүдеу өң әлпеттерінен, орсақ тістірінен, сөйлеу мәнерінен-ақ бұл жаққа ерте қоныстанған қытайларға ұқсамайтынын, өзге жақтан екенін аңғару қиын емес. Шинжияң өңіріне ішкі қытайдан жұмыс іздеп ағылып келетін мыңдаған қытайларды жергілікті қазақтар «Ақпалар» деп атайды. Мағынасы белгілі. Ресми «Халық жұмысшылары» деп аталатын, ешқандай құжатсыз, тұрақты мекені, «сайда саны, құмда ізі жоқ» бұл пақырларға өз үкіметі де қырын қарайтын.

Иір-қиыр тау жолын айнала өрлеп, «Сүлеймен шоқысы» деп аталатын биік асу түбіне келгенде автобус бұзылып қалды. Қырықыншы жылдардағы соғыста қытайларға көмекке келе жатқан орыс генаралы Баненкені осы шоқы түбінде Сүлеймен батыр аңдып отырып, қорғап келе жатқан қытай шеріктерімен қоса қырып тастаған. Бастары енді құралып, мылтық жетіспей жатқан қазақ сарбаздарына мол олжа түсірген. Содан бастап бұл жер «Сүлеймен шоқысы» аталып кеткенін үлкендерден еститінбіз.

Қытай жүргізуші автобус астына кіріп алып, ұзақ айналды. Бірнеше қазақ студент әр тастың үстінде шоқайып отырған ақпалармен сөйлесіп тұрған. Сәлден кейін әңгіме соңы төбелеске ұласып кетті.

Оншақты қытаймен алысқан үш студент әп-сәтте иен тау ішін ойран-топай қылды. Алғашқы соққыдан ұшып кеткен екі қытай жер бауырлай шыңғырып, орындарынан тұрмай жатып алды. Айқай шықса елең ете қалатын біз де топқа кіріп кеттік. Сабыр сақтап, істің ақырын күтіп тұрған үлкендер жағы жастарды сабырға шақырды. Қолы май-май болған қартаң жүргізуші де жүгіріп келіп арашаға түсті.

Көздері оттай жанып, қызынып алған қазақ жігіттерінің тоқтайтын түрі жоқ.

– Өз жерін қылтан қалдырмай отап, өзен-көлінде құртшабақ та қалдырмаған қаңғыбастар енді келіп Алтайдың қасиетін кетірмекші. Біздің ел оған оңай көне қоймас!, – деп айқайлады бірі.

– Бұлар Қара Ертіс бойының алтынын қазып, балығын аулап, дәрі шөптерін қиша сыпырғанымен қоймай қазақтардың асын ішіп, аяғына тепкен сұмпайылар. Былтыр «Аюбұлақта» мал бағып, бейқам отырған кемпір мен шалды өлтіріп кеткен екі ақпа қытай әлі ұсталған жоқ, – деді тағы бірі.

Көп күттірмей автобус оталып, жапатармағай орындарымызға жайғастық. Қазақтың жұдырығын жақсылап жеген жеті-сегіз қытай үсті-басының шаңын қағып, соңынан кірді. Көлік іші гу-гу әңгімге ұласты. Көзімен көрген кісілер мына бір қайғылы оқиғаны айтып бергенде біздің қанымыз қайнады.

Былтыр жазда Ертіс бойын жайлап отырған қазақтарға бір топ ақпалар келген. Асау тау өзенінен күні бойы алтын шайқап, жақын маңдағы үйлерден тамақ сұрап жейді екен. Солардың ішінде, өз жерінде қылмыс жасап қашып келген екі ақпа оңаша отырған шал-кемпірдің киіз үйіне келеді. Ымдасып түсініскен олар біртіндеп үйренісе бастайды. Өздерін бірге туған ағайындымыз деп таныстырады. Бара-бара есігінен кіріп, төрінен шығатын, емін-еркін ішіп-жейтін дәрежеге жетеді. Сеніміне кіреді. Күз жақындап, ел жайлаудан түсер шақ болады. Ерлі-зайыпты екі қазақ ойдан келген ұйғыр саудагерлерге еркек малдарын сатып, көші-қон қамын жасайды. Ертең көшеміз деп жүк-теңдерін буып, алаңсыз ұйқыға кетеді. Түнделетіп баспалап келген екі ақпа қытай бейқам жатқан отбасын қанға бөктіріп, екеуін бірдей жазым етеді де, азын-аулақ ақшаларын тонап қашып кетеді.

Қандасы қанға бөгіп жатса, қазақ қарап қалған ба. Сұмдық хабар ел ішіне тез тарайды. Сай-саладан жиналған атты қазақтар сақшы мекемесін басып алуға шақ қалады. Ауданнан басшылар келіп, сабырға шақырып, қылмыскерлерді тез арада ұстап әкеліп жазалайтынын айтып, ашулы жұртты зорға таратады.

***

Демалыста тауға шығып, асыр салып, аунап-қунап тыныстап қалдық. Бір айдан кейін әкемнің шағын емханасына қажетті дәрі-дәрмектер алып қайтуға шешем екеуіміз аудан орталығына келдік. Шаруаларымызды тез бітіріп, нағашымыздың үйіне бір қондық та ертесі ауылға қайтатын автобус іздеп, бекетке келдік.

Әлі есімде: таңғы сегіз жарым мөлшері. Көшеден қытай полициясы көлігінің шуылдан қорқынышты үні естілді. Автобус күтіп, жиналып қалған бір тобымыз үдере қарадық. Алды-артын қызылды-жасылды машиналар қоршаған, үсті ашық көлікке қолдарын артына қайырып байлаған, кеудесіне қылмыскер тақтайшасын ілген екі адамды аудан жұртына көрсетіп жүр екен. Дауыс зорайтқышпен «аздан соң олардың атылатынын, соған халықты хабардар етіп жүргенін» жариялады. Былайғы елге бұл да бір үлкен ескерту, қылмыс жасаудан сақтандыру екенін бұрыннан білетінбіз.

Шуыл басыла бере көп өтпей біздің де автобус орнынан қозғалды. Ауданнан біздің ауылға асатын алып қара таудың етегі бұрыннан жаза майданы болатын. Талай қылмыскерді сол жақтағы күре жолдың жиегіндегі алаңға апарып атып тастайтынын естіп жүретінмін.

Қаладан шыға бере зулаған автобус тау етегіне бірден жетті. Әлгінде айтқан жаза майданына жақындағанда екі жақтан келетін барлық көліктің жолын тосып тастапты. Айнала самсаған әскер. Түстері тым суық. Иығына автомат ілген қартаң қытай сақшысы біздің автобусқа басын сұқты да, қазір қылмыскерлерге ату жазасы орындалатынын, жүрегі әлсіз емес, жаза барысын көргісі келетін жолаушылар болса барып көруіне болатынын ескертті.

Он сегізден асып ойнақтап тұрған мен ондайдан қаламын ба? Шешемнің «барма, ол жаққа!» дегеніне қарамай атып шықтым. Менімен ілесе бірнеше қытай мен дүнгендер де түсті.

Жаза майданы өте суық, қорқынышты түске еніпті. Екі шұңқыр қазылып, оның дәл қасына манағы екі қылмыскерді тізерлетіп отырғызып қойған. Үстілеріне түрменің тар киімін кигізіп, арқасына, жүрек тұсына дөңгелек белгі қойылған. Біреуі қорыққанынан бұтына жіберіп қойыпты. Естері шығып, түрлері қи күліндей бозарып, ақырғы сәтін күтіп, соңғы демін алғаны анық көрініп тұр.

Бес минуттай өткенде тура сол жерге екі жабық көліп тоқтады да ішінен қолдарына сыры көшіп ескірген найзалы бесатар мылтығын ұстаған екі қытай әскері түсті. Жендеттер екенін біле қойдым. Тағы бірнеше минут өткен соң сот өкілдері ақтық үкімді дауыстап тұрып оқыды.

Осыдан бір ай алдында «Сүлеймен шоқысында» автобусымыз бұзылып тұрғанда, қазақ жігіттері мен қытайлар арасындағы төбелестен кейін естіген, ерлі-зайыпты малшыны өлтіріп қашып кеткен оқиға кейіпкерлері екенін сол кезде барып түсіндім. Жергілікті қазақтардың күшті қарсылығын оятқан бұл екі қылмыскер бір жыл бойғы іздеу арқылы ішкі қытайға қашып кеткен жерінен ұстап әкелген. Қылмыс дәлелінен бұлтара алмай, өздері мойындаған. Ақыры өлім жазасына кесіліп, міне қазір орындалмақ.

Үкім оқылып, белгіленген сағаты мен минуты толған кезде ысқырықпен белгі берілді. Әскери киім киген екі жендет мылтықтарын дайындап, найзаларын шығарды. Жалау көтерілгенде қос қылмыскердің арқасына, жүрек тұсына белгіленген дөңгелек белгіге мылтық найзасын тіреді.

Ысқырық тағы бір шалынып, үкім оқушының қолындағы жалау кенет төмен түскенде «тарс» еткен қос мылтықтың дауысы қатар шықты. Сілтідей тынып, демін ішіне жұтып, үнсіз тұрған тау кеудесі солқ етті.

Сөл сәтте біздің жүректегі қорқыныш пен көңілдегі астаң-кестеңі шыққан дүлей сезімді еш тілмен бейнелей алмаспын. Дүние төңкеріліп кеткендей болды. Бір қарасам ажал құшқан екеуі алдарындағы қазулы орға маңдайларын тірей, етпеттерінен құлапты. Біреуі сол сәтте жан тапсырса керек, дым сызбай сұлық жатыр. Екіншісі қақ бөлінген жыландай жирыңдап барып, ол да тым-тырыс қалды. Шұңқырға секіріп түскен түрме дәрігері екеуінің кеуделеріндегі тостағандай етіп оқ тесіп шыққан тесікке құлағына салған бірдеңесін тықты да «Сы лы!» (өлді) деді...

Әскерлерде де, жолшыбай тоқтаған жолушыларда да үн жоқ. Бәрінің бойын ауыр қорқыныш билеген. Бәріміз түс көріп тұрғандаймыз.

Бұл жерде маған екінші соққы болып тиген тағы бір жағдай, содан аз күн бұрын ауылдағы ұсақ төбелестен аудандық түрмеге 15 күнге қамалған таныс, ауылдас екі жігіттің қысқа сапты күрек ұстап, шұқыр маңында жүруі еді. Сөйтсем, алып кетер иесі жоқ екі қытайды сол майданға көме салу үшін алдарындағы екі шұңқырды түрмеден арнайы әкеліп, соларға қаздырған екен. Қөметін де солар...

...Жолды тосқан әскер қоршауы сөгіліп, көліктердің өтуіне рұқсат берілді. Автобусқа таласа отырып, ауылға бет түзедік. Қолы қайырылып байланып, темір құрсауға түскен екі қылмыскер мен мылтық дауысы, шұқыр қазған екі жігіттің бойларынан рухы ұшып кеткен жансыз бейнесі көз алдымда біржола қалып қойды.

Одан кейін де талай оқиғаның куәсі болдық. Ел болғасын қылмыс та болып тұрады. Біздің аудандағы өлімге үкім етілген қазақтарды жазаны орындап болған соң үйіне барып, әке-шешесінен немесе жақын туыстарынан оқтың ақшасы мен жендеттің ату ақысын да төлететінін естіп алғашында жағамызды ұстасақ та, кейіннен таң қалмайтын болдық.

Үйге келген соң көзіммен көрген әлгі жайтты ауылдағы достарыма жыр қылып айтып бердім. Сол кезде өзімізше ұрлап сыра ішіп, ауыл тойларында кім көрінгенге сүйкеніп жүретін біздер сол оқиғадан кейін сүтке тиген мысықтай болып, тыныш жүретін әдет таптық...

Одан бері қаншама уақыт өтсе де тура сол жаза алаңындағы екі төмпешік өткен-кеткен жандарға үрей сеуіп, жол бойында әлі күнге дейін тұр. Қу Ертіс қалашығынан Тұрғын ауылына баратын жолда, Ушаның шығар ауызына жетпей, сәл жүргенде алдыңыздан шығатын сол бір «ажал апаны» қаншама адамды тәубесіне түсіріп тұрды екен?..

Одан бері талай жылдар аунады. Дәм тартып ауылыма бір барған кезде сол жаза майданының қасынан өттік. Өлім жазасы әлі де сол жерде орындалады екен. Бұрын тусып, тамылжып жататын жусанды бөктер шаңы ұшқан қу тақырға айналған. Себебі, мұнда жат адамдардың, «Ұшарын жел, қонарын сай білетін» ақпа қытайлардың қаны төгіліп, мүрдесі көмілді. Мыңдаған жылдар бойы көшпелілердің ат тұяғының дүбіріне бауыр басқан маңғаз дала – шөп шақай киген қасиетсіз табандарды бөтенсінеді, бауырына тарта алмайды. Әп-сәтте көз жазып қалған қасиетті шаңырақ иесі енді сен емессің. «Мынау менің атамекенім еді» деп айтудың өзі жанға күйзеліс, жүрекке салмақ...

Бөгде дінді, өзге тілді жат адамдар басса, қасиетті топырақтан да құнар қашады екен. Өзендер суалып, көл-қопаның құты қашып, жусан өскен жазық далалар тақырға айналады екен. Қазір ауылдастарымнан жеткен хат-хабарды оқуға да жүрегім дуаламайтын күйге жеттім. Әмірсана шыңының айналасы, Қара Ертіс, Бала Ертіс жағасындағы қойнауларды қуалай өскен қарағай мен самырсындардың балағы өрт тигендей, түгелдей сарғайып кеткенін, қызыл балығы мен алақанаты, алабұғасы мен аққайраны асыр салған күллі суда шұрқыраған бақа түгілі жыбырлаған құрты да қалмағанын айтады.

Өткен жылы сол жақта қалған ескі досым сәлемдеме жіберіпті. Бір жіліншік жусан мен Серілік тауының бір бұтақ көк аршасы. Қарындасшпен жазған шағын хатында амандықты айта келіп: «Қазір қыстағымызда үлкендерден ешкім қалған жоқ. Бәрі ол дүниелік болып кетті. Босап қалған үйлер көп, оған ішкеріден хансулар (қытайлар дегені) келіп орналасып жатыр. Баяғыда, шөлде сиыр жайып жүргенде өзің айтатын әңгімеде шағын ұлыстарды күші басым жау басып алғанда көше алмай қалатын жалғыз атты кедей болушы еді ғой. Біз де солай болдық, көше алмай қалдық. Кедейлік қамытын әлі шешпедік, әлі сол жоқшылық. Сенің үйің отырған «Дәлей тұмсықтың» артындағы жазыққа хансулер тауға дейін тіреп, қарақат еккен. Күйеу балам және қарындасым үшеуіміз соған жалданып жүрміз. Бізде үш жыл қатарынан қатты қуаңшылық болып, ел тағы қиналды. Көктемде хансулар Тұрғын шатына зеңбірек қойып, бұлт атып жауын жаудырғанымен жазға салым шегірке қаптап кетті. Шегірткенің көптігі сондай, атыздардың шетіне қазылған ұзын орлар толып қалды дерсің. Екі мәшинемен ай бойы шегіртке улайтын дәрі шашып еді, иісі сондай жаман екен. Егінге түсіп кеткен атым содан уланып өлді. Апаттан ес жия алмай қалдық. Төмен жақтағы «Хансу дүйден» (қытайлар қоныстанған қыстақ) бір топ хансу жиналып, шегіртке піріне арнап тасаттық беріп, бұтхана салып, шегіртке мүсінін тұрғызған көрінеді. Аудандағы бастықтар рұқсат беріпті. «Атасында көрмегенді ботасында көреді» деген осы екен.

Қазір елде саясат бұлттап тұр. Күн көзі шығардай болса келіп қайтыңдар. Елді тастап кетудің, елді сағынудың да жазасы оңай емес...» деп аяқтапты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар