Өнерлінің өзегі талмас

Бөлісу:

19.06.2021 5261

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан «Балалар әдебиетін қолдау кеңесі» құрылған. Кеңестің басты мақсаттарының бірі балалар шығармашылығына қалам тербеп жүрген қаламгерлермен оқырман арасында байланыс орнату, жазушының балаларға арнап жазып жүрген дүниелерін насихаттау болып табылады. Балалар жазушыларымен дәстүрлі онлайн сұхбат жүргізіліп келеді. Оқырмандар назарына онлайн сұхбаттың жазбаша нұсқасын да ұсынып отыруды жөн көрдік.

Ербол Бейілхан: Руханиятқа үздіксіз үлес қосып келе жатқан қаламгер ұстазсыз. Балалық күндерді артқа тастап, ағалық, аталыққа аяқ басқан шағыңыз. Бала Талаптың балғын күні қалай өтті? Бүгінгі жас буын өкілдерінің балалық шағы мен сіздің балдәурен шағыңыздың арасында қандай ұқсастықтар мен айырым белгілер бар? Сырыңызбен бөлісе отырсаңыз?

Талап Таймасұлы: Жалпы, менің өмір жолымда да, өнер жолымда да «Қыр баласы», «Қырдың қоңырқазы» деген тіркестер жиі қолданылады. Бұл тіркестер маған жайдан-жай таңылған жоқ. Ақиқатында, мен қырда туған, қырдың қыры-сырына қанып өскен қыр баласымын. Атам да, әкем де малшы болған адамдар. Кәдімгі Кеңестік кезеңдегі совхоздың малын баққан шаруалар (малшылар) болатын. 7 жасыма дейін, яғни, мектеп табалдырығын аттағанша, үлкен ортаға араласпаған, таң мен кеш арасын қозы-лақ, бұзау-құлын, үйрек-қаз, ит-күшікпен ойнап, мал қараумен жалғастырған қара баламын. Солармен тілдесіп, тілімді шыңдап, ойнау амалдарын ойластырып, ойымды шыңдап өскенмін. Осы амалдарымның менің ой-санамның жетік, тіл байлығымның мол болып қалыптасуына тікелей қатысы бар депнықсеніммен айта аламын. Бес жасымнан атқа отырғызды. Ал, «қырдың қоңырқазы» деп аталауымның да өз сыры бар. Менің кіндік қаным тамған мекен –«Үш жүзден ән оздырған» әйгілі Мұхит Мералыұлы кесенесі тұрған «Ақбақай» көлмегінің қыраты. Біздің балалық шағымызда осы аймақтың жазығы көктемеде жайқала жайылған суға толатын-ды.Туған мекенініне оралған дала құстарымен азан-қазан болып жататын. Қараша-қоңырқаздар көп болды. Көлмек жағасында жайылып жүрген жабайы қаздарға жиі жақындап, жем шашатынмын. Олар бала менен үркіп, қаша қоймайтын еді. Тіпті, әрқайсысына ат қойып, жекелей шақыра беретін едім... Әлі есімде, көлмек суы тартылып, олар өзге аймаққа ұшып кеткенде, балалық көңіліммен сағына жылағанмын. Сол сағыныш әлі күнге бойымнан кеткен жоқ. Поэзиямның символына айналды.

Біздің балалық шағымыз молшылық пен еркіндікте болды. Сол дәуірдегі түрлі қоғамдық ұйымдар өз-өзіңе деген жауапкершілікке тәрбиелейтін, отаншылдыққа баулитын. Мазмұнды, ойға, бойға сыйымды шаралар көп болатын. Мектеп өмірінде жаза мен мадақ қатар жүрді. Кітап оқып, сол кітаптағы кейіпкерлерге еліктеп өстік.Ұстазға деген құрмет өте жоғары болатын. Ауыл баласы болып, азаматтық пен төзімге шыңдалдық. Ырым-тиым сөздерге құлақ түріп, бойымзға сіңірдік. Әжеден ертегі, үлкеннен әңгіме тыңдадық.Еңбекке мектеп өмірінен ерте араластық. Бәлкім, осындай жауапкершіліктерден болар, өзімізді қазіргі балаларға қарағанда ерте есейгендей сезінемін.

Ербол Бейілхан: Біз бала күндерімізде ақын-жазушыларды әулиедей көретін едік. Шығармаларын жата-жастана оқыдық. Беделді еді. Бүгінгі қаламгерлерде сондай бедел, оқырман барма? Меніңпайымдауынша, жұртқаблогер мен тренинг жүргізушілердіңсөзіөтімдірек, солардың айтқаны заңсекілді. Руханиқұндылықтықалайкөтереміз?

Талап Таймасұлы: Өте орынды сауал. Уақыт бір орында тұрмайды. Қоғамдық прогресспен бірге адам санасы да дамып отырады. Көнені жаңа алмастырады. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек: сан ғасырлық адамзат дамуында тарихи із бар. Жаңа көнеден бастау алады. Ешнәрсе де түбегейлі жоғалып кетпейді. Бәлкім, қоғамдық дамудың мазмұны өзгерер... Бәрібір түпкі қалып сақталады. Техникалық тұрғыдан үдеріс қарқынды даму үстінде болғанымен, оқырман жойылған жоқ. Қанша қаламгер болса, сонша жанрлық көркем туынды бар. Осы туындылардың барлығын оқырмандар жаппай оқу керек десек, қателесеміз.Қазір оқырманның талғамы жоғары. Әр оқырман өз қаламгерін таңдайды. Ол оқырмандар блогерлер мен тренинг жүргізушілерге қарағанда көп көрінбейді. Осындай құбылыстардан қаламгер беделі төмендегендей байқалып, оқырман жоқтай сезіледі. Блогерлер мен тренинг жүргізушілердің өздері де, сайып келгенде, қаламгерлердің белгілі бір туынды, ой-пікір, жазбаларына сүйенеді ғой. Дегенмен де қаламгерлерге тың ізденістер, тың тақырыптар, оқырманын психологиялық-рухани тұрғыдан селт еткізер тың туындылардың қажет екенін де ойдан шығармаған дұрыс.

Рухани құндылықтарды көтеру үшін, алдымен, телеарна бағдарламалары дұрыс жолға қойылуы керек! Өйткені, тұтынушылардың басым көпшілігі теледидар алдында отырады. Қазір мән-мағынасыз, мазмұнсыз ұлттық сананың қалыптасуына қайшы бағдарламалар, телесериалдар, жарнамалар тұтастай көрсетілім алып тұр. Әлеуметтік желілер –этика мен эстетикалық негізін сақтаған жарияланымдардан құралу керек. Ұлт руханиятын көтеретін әдеби, мәдени көркем туындылардың оқырмандарын табуға мемлекеттік тұрғыдан қолдау күшейтілуі тиіс. Қаламгерлердің туындылары, қаламгерлердің өздері үкімет тарапынан толықтай қолдау көрмей, көркем дүине көлеңкеде қалып, оқырман мен қаламгер арасы алшақтай берері сөзсіз. Және көркемдік кеңестер жұмысының жауапкершілігі артуы да жоғарғы мәселе қатарынан түспеуі тиіс.

Ербол Бейілхан: Біршама кітаптардың авторысыз. Өмірдерегіңізді қарап отырсам, атақ-дәрежеден де кенде емес секілдісіз. Үлкен буынның өзін айтпағанда қазіргі жастардың өзі хадденінен асып (шектен тыс)атаққұмар, даңқсүйгіш боп барады. Жалпы шығармашылық тұлғаға атақ-даңқ керек пе, қалай ойлайсыз?

Талап Таймасұлы: Әсілінде (ақиқатында, тегінде), мен өз шығармашылық зертханамнан тысқары шыға бермейтін, өз орбитамдағы қаламгер қатарынанмын. Сондықтан да болар,Қазақстан Жазушылар Одағына 2020 жылдың соңғы айларында ғана өту – бұйырды. Менің кітабыма алғысөз жазған филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші-ғалым Зейнолла Мүтиев: «Талап Таймасұлы баяғыдан жазып келеді. Жазғанын жариялауға аса құштар да емес. Жазғанын ала сала сиясы кеппестен жарияланымға ұсына салуға да асықпайды. Жазғанын елеп-екшейді, ой сүзгісінен қайта өткізеді. Ол өлең-сөзге құрметпен қарайды, ең керегі оқырманын қадір тұтады!» –деген болатын. Кітаптарымның да саны біршама болғанымен, таралым данасы өте аз! Өз қаражатымның арқасында дүниеге келген аз ғана дүниелер.

2005-2015 жылдар аралығы шығармашылық ізденіс, шыңдалу жылдары болды. Осы ізденістерімнің нәтижесі болар, 2015-2021 жылдар ортасында өндіре жұмыстандым. Атақ-даңқ мәселесі бойынша айтар болсақ, ол – маған, мен – оған қызыққан жан емеспін.Атақ-даңққұмарлық, мансапқұмарлық, дәреже үшін жағымпаздану, есік жағалау т.б. менің табиғатыма – жат нәрселер.Соңғы жылдары шығармашылығымныңжаңа бағыттарын табу үшін халықаралық, әлемдік деңгейдегі әдеби шараларға жиі араласа бастадым. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия қаламгерлерімен байланыс орнатып, аудармашылыққа көңіл бөліп келемін.Сіздің сауалыңыздағы аталмыш атақ-дәрежелер осы қадамдарымдағы, яғни, 2020-2021 жылдардағы жеңістерімнің жемісі ғана.

Табиғатынан тума талант ата-бабаларымыз, ұлы жыраулар, ақын-шайырлардың атақ-дәрежесіз де абыройы түспей, тарих төрінен орын алған болатын. Қаламгердің қазына-байлығы, мұрасы да шығармалары. Бұл мұраның атақ-дәрежесіз де құндылығы жойылмайды. Адамдық тұлғасы жоғары қаламгер құр мақтанның егесі емес. Сондықтан құр мақтанды сөзбен, жас қаламгерлерді шалықтатып, тәй-тәй басқан қадамын қызылқұмарлыққа дағдыландырмаған абзал. Солай бола тұра, бұл жайттың тағы бір сыры бар. Адам санасы талантты қаламгерге тартып тұрғанымен, қоғамның қоңырқай тұсы бірінші атақ-дәрежелілерді санамалайды. Соларды көбірек дәріптейді. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесіннің» кейпіне кезіктіреді.

Бір қынжылтатыны, сол атақ-дәреже де сауда-саттыққа түсіп, орынсыз таратыла бастады. Еңбек сіңіргендерден гөрі, есіктен кеше кіргендердің кесесі тез толып жатқан тұстар белең алып барады.

Ербол Бейілхан: Астанадан алыс, Алматыдан шет Орал өңірінде тірлік кешіп жатырсыздар. Қасиетті де, киелі мекен. Оралдағы рухани орта жайлы айтсаңыз?

Талап Таймасұлы: Жайық өңірі қашан да өнер толқынына кенде болған жоқ. Арғы кезеңнің өз ағысы болды. Көз көрген тұнба тұстарды сөз қылсақ, Жайығынан табан тайдырмай, өндіре еңбек еткен, еңбек етіп келе жатқан аға буын өкілдері:Жанғали Набиуллин, Қайыр Қарақұлан, Айтқали Нәріков, Алпамыс Бектұрғанов, Ғайсағали Сейтақ, Махмет Қажиахметов, Зәкария Сейсенғалиев, айтыс майталмандары Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Сағынтай Бейсенғалиев, Үзілдік Елубаеват.б. рухани шығармашылық қоры орта буынмен толығып, бұл буын да кейінгі толқынның қарқынды қадамына өз үлестерін қосып келеді.

Қазақтың Қадірі атанған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылғаннан бері қарай да бірнеше жылдың жүзі болды. Содан бері осы орталық шығармашылық ортаның рухани ордасына айналды. Басшысы Бауыржан Ергенұлының біліктілігінің, шеберлігінің, ізденімпаздығының арқасында орталық шағармашыл жандар мен оқырман халықтың сусындар өнер бұлағы, рухани қайнар көзі болды десек, артық айтпаған болар едік. Уақыт ағымының келеңсіз тұстарына қарамастан аға буын мен жас буын ортасын байланыстыра қызмет көрсетіп келеді. Оның бергі жағында өткен жылы Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалы қайта ашылып, төрағалық Бауыржан Халиоллаға аманатталды. Құрамы одақтың жаңа бес мүшесімен толығып, тоқтаусыз шаралар өтіп келеді. Қорыта айтқанда, Жайық өңірі қаламгерлерінің рухани ортасы қазіргі таңда толықтай көңіл қанағаттандырарлық дәрежеде.

Ербол Бейілхан: «Балалар әдебиеті» деп жатырмыз. Балалар әдебиеті–әдебиеттің іргетасы деп ойлаймын. Егер іргетасымыз мықты болса, болашақ ұрпағымыз да мықты, кемел болмақ. Балаларға арналған шығармаларыңыз бен бүгінгі жасөспірімдер әдебиетінің кемшілігі мен артықшылығына тоқталсаңыз?

Талап Таймасұлы: Алдымен, ғалым ретіндегі көзқараспен қарап, айтар болсам, қазақ балалар әдебиетін әдебиет ғылымының әлі толық зерттеле қоймаған, толық зерттеуді талап ететін ерекше саласы деп санаймын, өйткені, балалар әдебиеті-рухани қазынамыздың бастауы! Тұтастай сараптасақ, балалар өмірінің энциклопедиясы.Ал, балалар әдебиетінің қаламгерлері – балалар жанының бағбаны. Қазақ баласының тәрбиелік көзі– халық педагогикасында. Халық педагогикасының екшеленген тағылымдық құралдарын бүгінгі күннің даму үдерістерімен ұштастыру, оны әлем әдебиетімен байланыстыра көркем туындыға айналдырып, бала психологиясына сіңіру өте қиын екені белгілі. Қазіргі қаламгерлерден көркем шығарма туындатушы қаламгер ғана болып қалудан гөрі, бала психологиясын барлай білетін психолог-қаламгер дәрежесінде көрінуде көп еңбекті талап етеді. Бөбектердің психологиясына барлау жасау кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді.

Мен – педагогикалық өмір тәжірибемнің 34 жылын балалар мен жасөспірімдерге арнаған ұстазбын. 2016 жылдан бері қарай балалар әдебиетіне көңіл бөліп келемін. Дұрысында, бұл салада тәжірибеміздің аздығын мойындауымыз керек. Осы сауалдың кіріспесінде айтқанымдай, жауапкершілік салмағы жоғары, ұрпақтың тұтас аманатын арқалау деп сезінуіміз керек. Алғашқы кітабымды «Тіл-тамыр» деген атаумен алып, «Тілашар», «Зерде», «Ұлағат» тақырыбында үш бөлімге бөлдім. Бұл– кітапша құрамы: санамақтардан, танымдық-санамақтардан, этно-жұмбақтардан, заманауи –жұмбақтардан, тіл ұстарту: әліпби-жаңылтпаштардан, бесік, тұсау кесер жырлары, «с-ш», «р-л», «н-ң» тәрізді тіл жаттықтыру тақпақтары, танымдық тақпақтардан, ұлағаттық баталардан тұрады.

Екінші кітап «Алшы» деп аталады. Бұл кітап құрамы толықтай бастауыш буын оқушылары деңгейіне бағытталған түрлі балаларға арналған өлеңдер мен бірнеше аңыз желісімен жазылған өлеңдерден тұрады. Үшінші кітап«Ақ кептер» деген атаумен басылым көрді. Үш бөлім: «Әліпби әлемі», «Серпін», «Ақ кептер». Құрамы әліпби-тақпақтар, өтірік өлеңдер, мысалдар, ертегі-мысал, аңыз желісінен алынған астро-танымдық өлеңдерден тұрады.

2017 жылы осы үш кітапты христоматиялық негізге ала мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілері мен бастауыш буынға негізделген «Бала тілі және этномәденитаным» деп аталатын екі әдістемелік-оқуқұрал дайындадым. Жасыра алмаймын, бұл кітаптардың барлығы да жергілікті баспалардың бар мүмкіндігіне қарай басылым көрді. Сапасы жағынан төмен, аз данамен ғана шыққан дүниелер. Дегенмен, тоқырап қалуға болмайды. Қазір балаларға арналған туындыларымның түркі әлеміне ортақ жанрлары қырғыз, түрік тіліне аударылып, үш ұлтқа ортақ кітап дайындалуда. Бұнымен Түркиядағы қырғыз қаламдастар айналысуда. Аталмыш әдістемелік оқу-құралдар қалалық мектепалды мекемелердің қолданыстық тәжірибесіне алынды. Қазіргі таңда осы оқу-құралдарды басшылыққа ала силлабус дайындалып, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялықуниверситетінің «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша «Ұлттаным әліппесі» пәні енгізілді.

Балалар әдебиеті жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салаға бөлінеді. Оларға арналған шығармалар да солардың ой-өрісін, сана-сезіміне әсер ететіндей және заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталуы қажет. Дәстүрді жалғастыра отырып, жаңашылдыққа ұмтылуымыз керек. Иа, біз қазір гаджеттер мен технологиялар қатты дамыған дәуірдеміз. Кітаптық оқылымнан гөрі мультипликациялық, анимациялық, графикалық т.б. шығарылымдардың дәуірі болуы да мүмкін. Қазіргі балалар әдебиетіне жаңа кейіпкер керек! Алайда ұлттық бояуымызды жоғалтып алмауымыз –басты міндеттің бірі.

Қорыта айтқанда, қазіргі кемшін тұстарымыз– уақытты көп жоғалтып алғанымыз. Сыни-көркемдік кеңестердің жоқтығы. Бала тәрбиесі-мемлекеттің маңызды міндеті десек, мемлекеттік қолдаудың кемдігі! Артықшылығымыз – тоқырап қалмай, қиын жанрға, жауапкершілігі мол іске тәуекел еткен жас буын қаламгерлеріміздің құлшына кірісіп, жаңашылдыққа ұмтылуы.

Ербол Бейілхан: Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңызға көптен көп рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Ербол БЕЙІЛХАН

Бөлісу:

Көп оқылғандар