Жеңіспен аяқталған соғыс

Бөлісу:

18.06.2021 3228

Елордамыз Нұр-Сұлтанда «Ресейдің Қазақстандағы білім беру және мәдениет орталығында» «Жеңіспен аяқталған соғыс» атты Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жыл толуына орай шығармашылық кеш өтті. Кешке қаламыздағы зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Классикалық музыкамен басталған кештің тізгінін белгілі ақын, журналист Дина Ораз бен Жібек Нағмет жүргізді. Виолончелде Данияр Каримов, фортепиано Камила Айткожина, скрипкада Дана Шалауова ойнады.

Алғашқы сөзді, Нұр-Сұлтандағы «Ресейдің Қазақстандағы білім беру және мәдениет орталығының» директоры Алексей Анатольевич Коропченко сөйледі. Орталықтың негізгі қызметі мен атқарылып жатқан жұмыстарын көпшілікке таныстырып, өтіп жатқан кештің мән-маңызын кеңінен тарқатты. Барлық шығармашылық өкілдерін орталыққа жиналып тұруға, бірлескен клуб ашуға шақырды.

Кештің құрметті қонағы ретінде, Дүниежүзілік Түркі халықтары Конгресінің Вице-президенті, Қазақстанның халықаралық жазушылар одағының мүшесі, жазушы-академик, аудармашы Бақытқожа Рүстемов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының пленум мүшесі, бірқатар әдеби сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы, ақын Егінбай Абдрахманов сынды белгілі қаламгерлер сөз алып, жастарға ырзалығын білдірді.

Кеште «AVANGARD» шығармашылық бірлестігінің ақындары: Андрей Степанов, Юлия Набатова, Оксана Палаткина, Рассита Багамаева, Гульмира Шопанова, Борис Зыков, Жібек Нағмет, Ирина Бурлак, Дина Ораз өз өлеңдерін оқып көрерменнің көңілін толқытты.

Сөзін Дина Ораз, әнін Виктор Бекк жазған «Тапқанша іздей берем..» әнін Сағаткуль Сейдахметова нақышына келтіре шырқаса, Михаила Ножкиннің «Последний бой» әнін гитарамен Сергей Бурлак орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Тарихи естелік – адамзат мәдениетінің ұлттық құндылықтарының ең бай мұрасы. Егер біз ұлт болып қалыптасып, өркендегіміз келсе, біз тарихымызды ұмытпауымыз керек. Халық өз өткенін дәріптей білсе ғана, әрі қарай өсіп, өркендей алады. Соғыс естелігі әлемде бейбітшілік орнауының басты себебі болып табылады.

Жеңістің қандай қиындықпен, қасіретпен келгенін тағы бір мәрте ойға алдық. Ол Жеңістің артында 27 миллион адамның қазасы жатыр... Мұны көз алдыңа елестету де және ұмыту да мүмкін емес...

Қатыгез соғыс 4 жыл уақыт бойы бейбіт даланы қанға бояды. Солдаттар соғыс даласында жауға қарсы тұра білсе, тылда қалғандар қару-жарақ жасап, азық – түлікпен әскерді қамтамасыз етті.

Жауынгерлерге фронттағы шайқас оңай болмады, жауын – шашын, қысқы үсікке қарамастан, бар күш-жігерімен соңғы демі қалғанша ел үшін, жер үшін аянбады. Олар әрбір қала, әрбір көше, әрбір үйді жау қолына бермеу үшін жанын берді. Сол жауынгерлердің ішінде қыршын кеткен жастар да бар еді. Жау қолына тұтқындыққа түсіп, бейхабар кеткен жандар біздің жүрегімізде мәңгі қалады.

Соғыс бәрін өзгертті. Дүниені бастан – аяқ өзгертіп жіберді. Адамдардың алға қойған мақсаттары, тағдырлары, өмірлері өзгеріп шыға келді.

Ақын Роберт Рождественский: «Егер соғыс болмасын десең, егер жер бетіндегі адамның бәрі бейбітшілікті қаласын десең – онда ең әуелі өзіңнен баста», - деген екен.

Жеңіс оңай келген жоқ. Алайда, біз жер – жаһанды жаулаған фашизмге қасқайып қарсы тұрдық. Елі үшін еміреніп, жері үшін тебіренген, соғыс даласында асқан қайсарлықпен қаза тапқан жауынгерлердің рухы ұрпағымен мәңгі бірге жасайды. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды, ұмытылмақ емес...

Бөлісу:

Көп оқылғандар