Ертегі және мифтік сана

Бөлісу:

13.08.2021 4282

Бүгінге дейінгі дәстүрлі әдебиеттану ғылымының негізіне сүйенсек, ертегі – адамзаттың әлди шағының болмысы, сәби шағының куәсі. Дегенмен, қазақ халық ертегілері өзінің жаратылысына ұшан-теңіз құпияларды жасырып жатқаны даусыз. Уақыт үдерісінің нәтижесінде ол құпиялықтар кейде бір қырынан ашыла түссе, кейде тіпті күрделене түсетіндей. Сол тектес, ел арасына ең кеңінен тараған хайуанаттар туралы ертегіде өзінің бастау көзі, даму, кемелдену жолы бар, мол мазмұнды, өз дәуірінің келбетін бойына сидырған ертегінің ежелгі нұсқасы болып табылады. Сондықтан да, хайуанаттар туралы ертегі – қазақ ауыз әдебиетінің аса бай әрі жетілген түріне жатады. Бүгін біз қазақ мифологиясындағы аңыздар мен дәстүрлі қабаттарға сүйене отырып оның қоғамдық негізін, тарихи санамыздағы бітімін сөз етеміз.

Ғалымдардың пайымынша ескі ертегілер мен аңыздар адам жандүниесінің тазаруына, кір-қоқыстан арылуына көмектеседі. Өйткені, көп санды ертегілер адам болмысын өзінің түпбастауына жетелейді. Уақыт дауылының астында қалған рух дидарын ашуға тырысады. Адамдар, табиғат тәлкегіне ұшырап, дала тағылары мен аспан құбылыстарының әртүріне өзінше жауап іздеуге тырысқан. Олардың бәрінің тылсым иесі болғанына риасыз сенген. Осындай үрейге толы санадан бүгінгі бөрі, бұғы, марал тағы басқа жан-жануарлар туралы ертегінің алғашқы нұсқалары туындай бастаған. Кейін келе адамдар жадысынында өркендей келе бүгінгі кемел ертегілердің желісі бізге жеткені күмәнсіз. Ертегілердің дамуына һәм өзгеріске ұшырауына өз заманының саяси-әлеуметтік, мәдени құбылыстарының ықпалы болғаны анық. Қазақта қасқырдың тұқымы, қаракөктің тұқымы деген сөздер бекер шықпаған. Сондай-ақ төрт түлік малдың да қаракөк түсін айрықша нысаналы сану ұғымы да бар. Аяғы ауыр әйел толғақ үстінде қиналғанда қаракөк қошқарды толғақ қысқан анаы айналдырып қоя беретін ырымда сақталған. Күні бүгінге дейін қасқырға табыну тотемі жалғасып келеді. Осы айтылымдардың баршасында ертегілер арқылы жалғасып келген наным-сенімнің болғаны анық. Көне түркі халықтарының ұғымында көк – құдай, тәңір деген мағына білдіреді. Осы танымға сүйеніп баян етер болсақ, көкбөрі – тәңірдің бөрісі, көкқошқар – тәңірдің қошқары деген түсінік өз-өзінен туындап тұр. Сол кездегі наным бойынша көкбөрі құдайдың жерге түсірген елшісі деген киелі ұғым болғаны түсінікті.

Үйсін елінің Күнбиі туралы да осы тектес аңыз бар. Осыдан екі мың жыл бұрын жеті жасында жетім қалған Күнбиді, асқар таулардың басын мекендейтін бір қасқыр өз күшіктерімен қосып емізіп асырайды. Қасқырдың асырауымен аман-есен ержеткен бала өсе келе айбатынан ел жасқанған азамат болып өседі. Кейін патшалық құрып, үйсін жұртының Күнбиі саналады. Жұрт оны қасқырдың сүтін еміп өскені үшін ғана осындай биікке көтерілді деп нанған. Осы аңыздың ар жағында да қасқырға табыну ұғымы тұрғаны анық. Бір қызығы мұндай аңыздар көптеген жұрттың аңыз-ертегілерінде сақталған. Айталық, Еуропа жұртында Рим қаласы туралы мынандай аңыз жиі айтылады. Италия жеріндегі бір патшалықта інісі ағасын өлтіріп патшалығын тартып алады. Ол аздай ағасының екі жиенін, кейін өш алмасын деп Тигр өзеніне ағызып жібереді. Бақытына орай, екі бала аман қалады. Оларды бір қасқыр құтқарып алып, апанына апарып, өз күшіктерімен бірге асырап жеткізеді. Кейін екеуі де қас батыр болып ержетеді де, қасқырдың өздерін асыраған жеріне қала салдырады. Ол қала Рома деп аталады да, кейін осы Римге айналады. Қазіргі Рим музейінде бір қасқырдың екі баланы емізіп тұрған бейнесі бар тамаша мүсін бар. Рим халқы бұны мемлекеттік мереке ретінде атап өтеді. Осындай тарихи аңыздар тұтас бір елдің қалыптасуына, тууына ықпал еткен орасан күшке ие. Қазір көптеген елдердің мемлекеттік герібінде әртүрлі жан-жануарлар бейнеленеді. Оның бәрі де өз елдерінің наным-сенімінен туған ертегілердің, аңыз-әпсаналардың ықпалы екені сөзсіз. Ғалым, этнограф Зейнолла Сәніктің пайымдауынша ежелгі түркі тайпалары өздерінің арғы тегін әртүрлі хикметке ие хайуанаттардан тарату нанымы айрықша сақталған сол халық үшін мақтаныш сезімін тудырып отырған. Қазақты да қаздан жаратылды деген аңыздар жетерлік. Моңғолдар өздерінің арғы тегін аққудан жаратылдық десе, Тобыл татарлары өздерінің тегін тоты мен қаздан таратады. Шор, якут, тва халықтарында қарға, құс деген ру аттары да кездеседі. Тіпті ежелгі көшпенді тайпаларында құсқа, жан-жануарға табыну рәсімі де сақталған деседі.

Хайуанаттар туралы ертегілерде түс алатын мифтік аңыздардың бір парасы, ондағы жануарлардың, мақұлықтардың адамға көмектесуі, қысылғанда жәрдем беруі, таркезеңдерден алып шығуы сынды жәрдемші, қолдаушы рух негізінде бой көрсетуі ерекше орын алады. Әсіресе ертегінің бас кейіпкерлері қиындыққа тап болғанда алдынан ақ қаз немесе ақсақ марал, яки қара құс шығып жәрдемдесу вариянты жиі ұшырайды. Ертегінің қай түрін алып қарамасаң да, астындағы аты, құмай тазысы үнемі жәрдемші болып жүреді. «Қобыланды» жырының өзінде айтылатын «Қора толы малымды, аш бөріге тапсырдым. Азу тісі балтадай, жас бөріге тапсырдым» деп келетін жолдар, осы ескі ертегілерден қалған нанымның ұшығы екені даусыз.

Мейлі ертегінің қай түрін оқып отырсаңызда, алдыңыздан жан-жануар, хайуанат тақырыбы шығады да отырады. Бас кейіпкер алып айдаһар, дю пері, әлдебір мақұлықпен алысып өзінің батырлығын дәлелдейді. Ұлы мұрат, мақсаттар жолында алыс сапарларға шығады. Міне осындай тұста үнемі жансерігі астындағы аты, яки бір хикметті хайуанат оған жол бастап, ақылшы болып, ерекше рөл атқарады. Мысалы үшін «Ертөстік» ертегісін еске түсіріп көрейік. Бұл өзі қазақ ертегілерінің ішіндегі ең көнесі және құпия-қалтарыстары мол ертегі. Ең бастысы соншама ұзақ ғасырлар қойнауында, еш өзгеріске, жасанды дінитанымға ұшырамай жеткен ертегі. Осы ертегі басталарда Ертөстіктің тууы сөз болады. Сонда Төстік керегенің басындағы кербиенің төстігінен жаратылады. Ол сегіз ағасын іздеп батырлық жорыққа аттанғанда астындағы аты Шалқұйрыққа тіл бітіп, жол бойындағы барлық кедергілерден аман-есен алып өтіп отырады. Осындай сипаттарды біз «Күн астындағы Күнікей» ертегісінен де көре аламыз. Ертек бастала салысымен алдымыздан Алтын мүйізді киік шығады. Хан баланы әдейі Алтын мүйізді киіктің тағын табып әкелуге жұмсайды. Алыс сапарда балаға жолды қоян бастайды. Одан соң хан баланы Күн астындағы Күнікей қызды табып әкелуге жұмсайды. Қырық қыздың арасынан Күнікейді табатын кезде, бұрын өзі шұңқырдан шығуына көмектескен құмырсқа келіп қызды таңдап береді. Міне осы ертегілердің бәрін де жанжануарлар басты образда, басты рөл атқарып, ертек сюжетінің негізгі жүлгесін құрайды. «Алтын сақа» ертегісінде де осы үрдіс қайталанады. Әкесі жауыздықпен баласын мыстан кемпірге бермекші болады, осы кезде жұртта қалған алтын сақаны алып келуге баланы жұмсайды. Бала жылқыдан ат таңдамақшы болып, үйірге барса бір қотыр тай бұрылып қарайды. Тайға жүген салғанда қотыры жазылады, ер салған құнанға, айылын тартқанда бесті тұлпарға айналады. Сөйтіп баланың жорық жолына көмектеседі. Мыстан кемпірмен алысып әлсіреп жатқанда балаға қарылғаш құс көмектеседі. Сөйтіп бәрі баланы мұратына жеткізеді. Міне осындай үлгі «Бала уәзір», «Сиқырлы тас» сияқты қиял-ғажайып ертегілерінде де жиі ұшырасады. Осының бәрі жоғарыда баян еткен ертегілер әлеміндегі хайуанаттардың рөлін әйгілейді.

Енді бір сөз ертегінің тәрбиелік маңызы туралы. Ертегінің ең үлкен аңсары – кішіге тәрбие, үлкенге өнеге үшін болғаны аян. Адамды екіжүзділік, аярлық, жауапсыздық, енжарлық сынды мінезден арылып, батыл, өткір, адал, қамқор, мейірімді болмаққа баулу. Қарапайымдап айтсақ хайуанаттарға тіл бітіру арқылы оларды адамша сөйлетіп бала санасына жеткізе білу қабылеті. Әсіресе бұл баланың болмысына әсер етуде ерекше әсер етеді. Бір жағы қызықты, бір жағы күлкілі. Күле отырып тәрбие алуға, қызыға отырып ойлануға болады. Бұл көбінесе жан-жануарларға байланысты балаларға арналған ертегіде өз сәнімен бой көрсетеді. Мысалы, балалар жақсы көретін «Қошқар мен теке» ертегісін алып көрсек. Онда қошқар орашолақ, теке елгезек ретінде көрінеді. Екеуі жолға шыққанда көп қатерден қошқар құтқарады. Қасқырға кезіккенде теке мүйізімен тіреп тұрып «соқ, қошқарым, соқ» дегенде қошқар бар күшімен қасқырларды қуып салады. Сүйтіп екеуі бір-біріне жәрдемдесіп, айласын асырып, қапысын тауып қасқырлардан құтылып кетеді. Міне бұл ертекті тыңдаған бала үшін қаншалықты мән-мағынасы бар екенін түсіну қиын емес. Әсіресе бұл мультфильм ретінде экраннан бой көрсеткенде, осы айтылған түйткілдердің маңызының қаншалықты өикір екенін түсіну қиын емес. Сол тектес «Кірпі баласын жұмсағым дер», «Қарға баласын әппағым дер» сияқты ертегілер де ана мен бала арасындағы ыстық махаббаты тілге тиек етеді. Міне көбіне ертегілер оқырманына осындай ізгілік дәрістерін қалдырып отырған. «Жүйрік сиыр» дейтін ертегі бар. Онда бір сиыр менде жылқы сияқты жүйрік, ұшқыр боламын деп жылқының соңынан қалмай сонымен бірге жайылып жүреді. Бір күні жылқыларға қасқыр шабады. Кілең қыл құйрық жылқылар қасқырға жеткізбей тұра шапқанда, қарыны шардақ сиыр оларға ілесе алмай ақыры қасқырға жем болып, ел-жұртқа күлкі болады.

Жан-жануарлар туралы ертегінің үлкен бір парасы ол ежелгі халық әндері мен халық күйлеріне қатысты туған аңыздармен тығыз байланысты. Өйткені әр халық өзінің танымдық этикасы мен өмір сүру, тіршілік ету этикасын өз болмысына жақын заттармен сипаттағанды ұнатады. Қазақтың өз баласын төрт түлік малдың түлігімен еркелететіні содан. Хайуанаттар туралы мақал-мәтелдер, ескі халық өлеңдер барлығы осы негізде туғаны анық. Бір қызығы қазақ күй өнерінде ең ежелгі күйлердің дені осы аң-құстарға байланысты болып келеді. «Ақсақ қаз», «Жорға аю», «Бұлғын-сусар» сынды күйлер қазақ күйлерінің ең байырғы түріне жатады. Мысалы, домбыраның шығу тегі туралы «Тауқұдірет» деген күй бар. Аңыз бойынша ертеде Тауқұдірет деген құс болыпты. Оның сыңар қанаты ғана бар екен. Күніге тәңіріне мұңын шағып маған қос қанат бітіріп, көк аспанды қалықтап ұшар күш-қайрат бер деп жалына беріпті. Бір күні тәңірі құсқа ой салыпты. Аналық құс екеуің зәу биікке шығып, сол жерден қолтықтасып төменге құлаңдар, бір-бір сыңар қанаттарың бірігіп, бір жұп қанатқа айналып, көк аспанда еркін самғайтын боласыңдар депті. Сонымен аталы және аналық екі сыңар қанат Тауқұдірет биік зеңгірдің басынан төменге құлдилай жөнеледі. Құдайдың құдіретімен екеуіне қос қанат бітіп, содан бері құс біткен қос қанатты болыпты деседі. Осы уақиғаны көріп тұрған күйші жігіт, екі құстың ерлігіне сүйініп, домбырасына тағы бір ішек қосып тартыпты. Содан бері домбыра қос ішекті екен дейді. Міне бұл ең ежелгі күй. Осы күйдің өзі хайуанаттармен тікелей қатысты болып отыр... Уақыт өте келе, адам санасының дамуымен ертегілер де түрленіп, дамып, әртүрлі өзгерістерге ұшырап келеді. Қазір әдебиетімізде авторлық ертегілердің де қатары молайып келеді. Ертегінің бұл дамыған үлгілері туралы сөзді кейінгі тақырыптарымызда талқылайтын боламыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар