Жазушы және шеберлік
Бөлісу:
Жазушының шеберлік жолындағы ізденістерінің айқын іздерін сөз қылғанда, нені айтты дегеннен көрі, қалай жеткізді деген мәселе көбірек назар аудартады. Жазушы жасампаздығы – көркемдік дейтін шетсіз-шексіз әлемге тартқан миқанатты сапар. Басқан жол ұзарған сайын – шеберлік жолы да күрделене, түрлене түседі. Өйткені, шеберліктің даңғыл, бұзылмас жолы жоқ. Көзге көрінбес адам жанының мың құпялы тереңіне тартқан нәзік жолдың ешқашан қағидалы үлгісі болмайтындығы және белгілі. Оның үстіне сондайлық белгісз әлемді табу, ашу жолындағы қаламгердің ғұмыр бойлық жанкешті сапары ауырлаған сайын биіктеп көрнектілене түседі. Сонда, жазушының осыншама азапты жолдағы ізденісінің түпкі тірелері не дейсіз ғой?!
Әлбетте, тұпқазық нысана – айтарын бедерлі бейнемен, соны образ, жаңа жолмен жария ету. Әрі жазушы өз көкірегіндегі лықсыған сезім мен сырды көптің көңіліне мейілінше әсерлі жеткізу жолында көркемдіктің сан алуан жолын іздейді, тынымсыз еңбектенеді. Бұл үшін жазушы көркемдік дейтін алып ғимараттың әр бөлшегін құрайтын әрбір деталь, түйіннің бәрі-бәріне де көңіл аударып, шеберлік жолындағы ең ұтымды жолын қарастырады, табады. Соның ең бастысы – тіл образдылығы, ой дәлдігі және қысқалық. Жазушы шеберлігін айқындап, стиль ерекшелігін даралай түсетін де осылар. Дүние әдебиетіндегі классик жазушылардың қай-қайсысының да ең көп айтатын, жасампаздығында іске асыруға барынша тырсатын маңызды буын да осы үшеуінен бастау алады. Ендеше, шеберлік сипатын ашып айқындайтын, суреткерге керек осы үш нәрсе – Мағаз Разданұлында бар ма?! Әрине, бар. Жазушының көркем прозадағы ізденістерінен жазушының ерекшелігін, шеберлік жолындағы бір қыдыру соны сипатын, айшықты ізін (қолтаңбасын) байқадық, таптық. Жазушы ерекшелігі демекші, әдетте, жазушы ерекшелігі – тұлғаның жеке басының қасиет, мінезіне емес, шығармашылық психологясына, көркем ойларын жеткізудегі өзгеге ұқсатпай салған соқпағы мен стильдік бөгенай-таңбасына қаратылады. Жазушының айқын қолтаңбасын, даралығын танытатын қажетты шарт яғни хас белгі – суреткер парасатының ұшандығы, дарын қуатының молдығы. Содан туатын – жазушының жасампаздық стилі, ерекшелігі. Өзіндік келбет, ерекшелік жоқ жерде – жазушы да жоқ. Бұл – таланытсыз көп жазарман мен шын суреткерді айырып көрсететін өлшем, таразы. Жоғарыда, жазушы шеберлігін жинақтай танытатын ең қажетті үш белгінің үшеуі де Мағаз Разданұлы прозасынан табылады дедік. Осы пікірдің ақиқатына жету үшін, біз алдымен жазушының прозадағы алғашқы қадамы саналатын әңгімелерінен бастап талдап көрелік. Жазушы қаламынан туған көркем әңгіме көп емес, бар-жоғы бесеу-ақ. Осы аз дүниесінде аз болмаған көркем ойларын шеберлікпен жеткізіп, суреткерлік парасат-қуатын танытып кетті. Жазушының көркем жасампаздыққа әкелген яғни, өз шығармаларында қолданған түрлі шеберлік әдістері – кейіпкер тұлғасын, автор көзқарасын тереңдете түсетін психологиялық сараптаулар, деталь шындығы, өмір құбылысын суреттеудегі ықшамдылық, жинақылық, шешендік бәрі-бәрі ұштаса келіп жазушы шеберлігін, өзіне тән ерекшеліктерін танытатын белгілерге, фактылерге айналады. Өзіндік қолтаңбасы айқындалып, қалыптасқан таланытты суреткердің шығармаларында соны, тың идеялық-көркемдік ізденістерінде әрдайым жаңа сипатқа толы ерекшеліктердің көрініс табатыны сөзсіз. Мұндағы айтып отырған мәселе – жазушының көтерген тақырыбын бейнелеп жеткізудегі жалқы факторды ғана қамтымайды. Ол – жазушының өзі қанық өмір құбылыстарын терең танып, жанды детальға айналдыра білудегі көп қырлы шеберліктері мен лексикалық құрылымдарды стильдік мақсатқа сай түрлендіріп жұмсай білуінен де көрінбек. Әрі оқиғаны, детальды, кейіпкерді типтеп, сұрыптап қолдану, сюжет пен композиция бірлігін үйлесімді шешу секілді жазушы ерекшелігіне саятын түйіндердің барлығы да жазушының жаңалығын, өзіне тән ерекшеліктерін танытады. Бұл ерекшелік – уақыт сынынан өте келе, сол жазушының әдебиетте қалдырған ізі, стилі болып тұрақтанып, кейінгі буынның үлгі етер дара жолына, дәстүріне айналады. Мағаз Разданұлы да, көркем прозада өз қолтаңбасын қалтырғанға дейін, қазақ әдебиетіндегі классиктер жасаған жақсы дастүр, жарқын үлгілерден нәр қабылдай отырып, өз соқпағын салды. Сол игі дастүрдің ізімен көркем дүниелерді дүниеге әкелді. Поэзияда Абай, Шәкәрім мектебінен ерте үйренгенін; ал прозада Мұхтар Әуезов қалыптастырған көркем ой мен шеберлік қырларын өз жасампаздығының үлгісіне айналдырғанын жазушы естеліктерінде де жазған болатын.
Мағаз Разданұлы – тілінде сурет бар шешен жазушы. Идеяны жалаң, жадағай, сылдыр сөйлемге құрмайды, көбінесе айшықты сурет жасап, терең мағыналы, астарлы образбен қысқа да нұсқа жеткізіп отырады. Жазушы прозасының негізгі оқиғалық арқау-детальын өзі қанық өскен ортасынан алады. Жазушының ұтқан тұсы – өзгенің қаламына ілікпеген тың оқиғаны жазуында емес. Ел өмірінде болған көп оқиғалардың маңызды бір қиығын деталь ете отырып, соған бүкіл бір ұлттың мінез-болмысын сіңіріп жіберуінде. Байқап отырсақ, кез-келген өнерді құнды дүниеге айналдырып, жұрт жүрегінен орын таптырар маңызды түйіні – сол халықтың психологиясын терең бейнелей отырып, тарихи тамырына, рухына бойлай алуында болса керек. Мағаз Разаданұлының прозасының басты ерекшелігі – қазақ халқының этнографиялық өмірін, рухани болмысын баяндап отырған оқиғаның өзегіне жымдастыра сіңіре отырып жеткізуінен көрінеді. Жазушы баяндап отырған оқиғамен немесе суреттеп отырған көрініспен қосанжарлай берілген салт-дәстүрге қатысты бөлек-салақ, айырым детальдар жоқ. Алайда, оқиғаның өзегінен ұлт болмысын, мінезін көріп, аңғарып тани аламыз. Мұны жазушы көп ретте стильдік мақсатта арнайы қолданып, солай барғандықтан да, бүкіл прозасының ерекшелігіне айналады. Жазушы шеберлігі – көркем образ, бедерлі бейне жасаудан көріледі. Көркем ой – сом тұлғалы образ, айшықты астармен, әсерлі суретпен жеткізіледі. Осы көп-көп қырлар мен түрлердің ішінде жазушының шеберлігін сынайтын, суреткерлік деңгейін айқын танытатын түйіннің бірі – кейіпкерге мінездеме беру, тұлғалау болып есептеледі. «Көк маржан» әңгімесінде автор оқиғаға қатысып отырған кейіпкерлерді шетінен атын атап, түсін түстеп тура күйінде мінездеме жасамай, жалпылай сипаттама береді, яғни жанама мінездеу арқылы суреттейді. Әңгіменің оқиғалық желісі – момын халықты айбарымен ықтырып, желкелеген жергілікті ұлықтарға қарсы тұрар шара іздеген бір шоғыр топтың дағдарысты талқысын суреттеуге құрылады. Бір ғана желіге тартылған шап-шағын оқиғадан жазушының шеберлік қырларын, сонымен бірге әңгіме жанрына тән маңызды сипаттарды көреміз. Әңгімеде кейіпкер мінездемесі жанр ерекшелігіне сай, орынды да шебер берілген. Автор кейіпкерлердің аттарын атамай-ақ, кеңеске қатысып отырған бір шоғыр топқа бір-бірден жағалай жанама мінездеме беріп шығады. Олардың кім екендігі, кісілік келбеті, ойлам өресі, мінез-болмысы, тіршілік харекеті түгелдей портрет-мінездеме арқылы ашылады. Әр кейіпкерге аз сөзбен, бірер сөйлеммен берілген мінездемеден – жазушының кейіпкердің ішкі-сыртқы портретін тұлғалаудағы шеберлігін, әңгіме жанрына тән ерекшелікті қанық меңгергендігі байқалады. Жазушы шеберлігі – көркем ой ұсынуда ғана емес, сол ойды жанр ерекшелігіне сай суреттеп беруінен көріледі. Әрине, көп жағдайда көркем шығарманың кейіпкерлеріне ат қойылады. Алайда, характердің ашылуы, ішкі-сыртқы портреттерінің идяалық мақсатқа орай дәл берілуі бәрінен маңызды орында тұрады. Бұл – жазушының шеберлігін сынайтын, суреткерлік парасатын көрсетіп, әйгілей түсетін көрнекті түйіннің бірі. Жазушы суреттеп отырған оқиға, көрініс – қазақ ұлтының өмірінен алынғандықтан да, оны бейнелейтін тілдік бояуы да, сурет те ұлттық. Мінез-тұлға да ұлттық, харекет, тыныс-дем де солай. Жазушының әр сөйлемінен ұлттық болмыс бүлкіл қағады. Жазушы айтар ойын суреттеп отырған оқиға тынысына (ауқымына) байланысты этнографиялық ұғым-таныммен астастыра сіңіріп, айшықты тіл, образды суретпен береді. Бұл әңгімеде кейіпкер портретін беруде де, немесе кеңеске жиналған бір шоғыр топтың хал-жайын таныстыруда да автор «көп сөйлемей аз айтып, қайталамай бір айтып» көздеген нысанасына дәл тигізіп отыратын «мергендік» те, қысқа түйіп, ойды қымтап ұстайтын қырпулылығын да көрсетеді. Айталық, «Есінеу көп, ентігу аз. Тәрізі, әлжуаз топтың әлсіз жиыны болса керек». Осы қып-қысқа бір сөйлеммен жазушы жаңағы топтың ел ішіндегі атқа мінер мықтылар емес, өз мүддесінің жоғын жоқтаушы қараңғы қауымның бір қатары екенін, әрі тізесі батқан төре мен биге ашық қарсы келе алмай, бірін-бірі алға сап итпелеп, артын ойлап шегіншектеген қорқақ та, дәрменсіз топтың жағдайынан хабар таптырады.
Әңгіменің өн бойында үзілмес өзек, сабырға сықалған салмақ, бөлінбес бүтіндік және бірлік бар. Кейіпкер портреті немесе оқиға жайын баяндаған тұстар да барынша тығыз ойлы, қысқа сөйлемдермен берілген. Жасанды бойау, жылтырақ сөз әтімен жоқ. бұл жағынан келгенде, жазушы әңгіме жазудағы шеберлігін айқын таныта түседі. әңгіме тіліндегі жатымдылық, оқиға, көрініс жайын бір сығым сөзбен ғана бүлік еткізіп аңдатып өтетін шеберлік, ауыз екі әңгімелік стилге сай қарапайымдылық сияқты ерекшеліктерден жазушының қазақ әдебиетінің үздік кләссиктерімен де үндестік тауып жатқанын аңғару қиын емес. мәселен, мағаз раздан ұлының бұл әңгімесінде оқиғаға қатысушыларға (адамға) мінездеме берудегі (портрет сомдау), көрініс суреттеудегі, оқиғаны баяндаудағы шеберліктері жағынан – классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Этнографялық әңгіме» атты шағын очерігімен ұқсастық тұстары көп. Салстырып көрейік: Мағаз Разданұлының «Көк маржан» әңгімесіндегі кейіпкер портретінің берілуі: «Төрдің қақ басында көзі биіттеп бір шал отыр. Ақ жағасы қушық жауырынын түгел жауып алыпты. Оның оң жағында күміс кісесі бір жамбасын бір-ақ алып, өз қарынын өзі көтере алмай бір божбан шұбар көлбеп жатыр. Сол жағында ақтөбе тымағының төбесі шошайып нығызсыған бір селдір сақалды отыр. Оның аяғын ала ақ шытын қаптай тартқан бір ұзын мойынның басы қылтияды. Божбан шұбардың ар жағына таман тап-тапал, тістенген бір кемиек сары орналасыпты. Осылардың қарсысында оқалы тонын жамылып алған, кестелі шалбары бар, құйма тақиялы, сұлу мұрт жастау біреу отыр...». Ғабит Мүсіреповтің «Этнографялық әңгіме» атты көркем очерігіндегі кейіпкер портретінің берілуі: «Күн жылы болса да тымақтарын тастамаған бастар аз ғана еңсесін көтерді де, тіл қатқан жоқ. Жыртық төбелерінен жүн жұлынып шығып тұрсада тымақтарда бір тәкаппарлық бары аңдалады. Сөйлесіп қайтар адамдарымыз осылар болар деп, мен арбадан тезірек түсіп, бір шетінен бастап отырғандарға қолымды ұсындым: - Әуелі ана кісіден баста, шырағым,- деді ең шеткі еркек. Ортада отырған сирек бурыл сақалды, опырық ауыз, сары шалды иегімен нұсқап. Қусырып алған қолдарын өз жеңінен де шығарған жоқ. Мен амалсыз сары шалға жақындағаным да ол басын тіпті шалқалай көтеріп алып: - Уағалайкум ешалям,- деді. Басын менмен көтеріп алумен аузын шүршитып, «уағалайком ешалям» дегенінен расында түк жарасымдылық жоқтығын ол өзі аңдамаса керек. Опырық ауыздан еріндері бірін-бірі қатты қапсырып, ауыз қақпағын қисайта жауып алды да сонымен тынып қалды. Сөйтіп, атекеңнің екі жағына отырған адамдардың үлкенді-кішілі ретін тауып айқыш-ұйқыш қол беріп шыққанша, олар кезегімен сәлем алуды айтып болғанша, бір ауылды көшіріп-қондыратын уақыт кетті. Содан кейін ғана ортадағы опырық шал: - Қораш, сен әрірек сырыл, жас қонаққа сол орын лайық,- деді. Кең далада, аспан астында орын талғасып, үлкендік жасасып отырған жандарға тек қана таң қалғандай едің! Басқа елдерде, басқа ауылдарда мұндай ескілікті мен бұрын көрген емен. Бұл адамдар маған әрі қызық, әрі бір қайғы көрінді». Екі шығармада да портрет суреті мен оқиғаға қатысты жағдайды бейнелеуде (жанама мінездеу) жақындық, ұқсастық көп. Адам мінез-психологиясын оқиғалық көрініске қатыстыра беру – жазушының суреткерлігін терең танытатын бір амал десек, бұл көрініс екі шығармадан да қатар табылады. Осы үзіндіде Мағаз кейіпкер портретін беруде әр кейіпкерді бір күлкі обьектісі етіп, мысқылдап отырады. Ал Ғабеңнің шығармасында аз сөзбен көп нәрсені аңдатып өтетін ұтқырлықтан сырт, ашты мысықыл, күлкіге тоғытып түйреп өтетін сарказм бар. Мысалы, «Этнографялық әңгімеде» қаптап жүріп, келген қонаққа серке деп иісі мүңкіген теке сояды. Солардың ашқарақтанған обырлығын: «...Көздеріне қарасаң көк текені тірідей жұтып қойғандай! Әр қайсысы бір-бір теке жұтқысы келіп жұтынып отыр»,- деп ашты мысқылмен өлтіре соғып өтеді.
Мағаз Разданұлының бұл әңгімесі жазушының суреткерлік шеберлігін айқын тәнітумен қатар, әңгіме жанрына тән сипәт-ерекшеліктерді де өте жақсы меңгергендігін көрсетеді. Әдеби шығарманың көркемдік-идеялық фабуласының шымырлығына, сюжеттік-композициялық бірліктерінің тұтастығына елеулі үлес қосатын, сондай-ақ, туындының эстетикалық қуатының күшті, тартымды шығуына тіке қатысты көрнекті түйіндердің бірі – кейіпкерге мінездеме беру яғни кейіпкердің ішкі-сыртқы портреттерін көркем шығарманың идеясына сәйкес таптыра отырып сомдап шығу. Портрет – жазушының ерекшелігін, дара стилін айқындайтын маңызды буын; суреткердің ұсынатын идеясы ғана емес, әр алуан шеберлік қырлары – адам жанын терең ашып берудің ұтықты жолы болып саналады. Әдетте, шығарма кейіпкерінің характерін мінездеме беру арқылы ашу кезінде, жазушы стилдік мақсатын айқындау үшін де, шығарманың көркемдік бояуын қалыңдату үшін де арнайы барып қолданады. Алайда, көркем әңгіме-очеріктерде оқиғаға қатысып отырған кейіпкерлерге жоғардағыдай жағалата мінездеме беру кездескенімен, бұл – жанрдың шартты талабы емес. Керісінше, жазушының идеялық нысанасы мен стилдік мақсатына қарай тапқан тәсілі, шеберлігін көрсететін амалы. Мінездеме беру – кейіпкер харектерін ашудың ұтқыр жолы болғанымен, шығарманың көздеген көркем ойына сай орынды қолданылмаса, асыра жаққан бояудай болары даусыз. Оқиғаға қатысып отырған кейіпкер – ол өмірдегі адам, шындықтың шығармаға көшірілген образды суреті. Автор суреттеп отырған кейіпкерінің кім екенін және қандай идеяны жеткізбекші болғанын аңдату үшін, оның жан дүниесін, мінез-болмысын ашатын әр алуан көркемдік құрамдас бөлектерге сүйенеді. Шебер суреткер әрдайым адамның мінезін, ішкі жан дүниесін көрсетуде тек кісінің өң-әлпетін, сырт сипатын жеке дара бөліп алмай, оның қимыл-әрекеті мен сөйлеген сөзімен ұштастыра суреттейді. Және кейде авторлық козқарас та қоса беріліп, бақылауға алынып отырады. Мысалы, осы әңгімеде жазушы Мағаз Разданұлы кейіпкелердің кескін-келбетін суреттеумен бірге, әр кейіпкердің ауызынан бірер сөйлем диолог беріп, әрі автор оларды сырттай бақылап, баға береді. «Осы отырғандар жәнтекейдің игі жақсыларының түгел тобы емес, тізгін ұстап, мөр иелеген бірде-бірінің төбесі көрінбейді. Тәрізі, әлжуаз топтың әлсіз жиыны болса керек»,- дейді. Мұнда автор кейіпкерлерін жеке даралап суреттеуді мақсат тұтпағаны белгілі. Жалпы жағдайдың шындығына сәйкес жанамалай мінездеме бере отырып, өз тенденциясын да білдіреді. Әңгіме де пәлендей бір күрделі сюжет те, ұзын-сонар оқиға да жоқ. Бар болғаны төрелердің салған алманы ауыр келген бір шоғыр тоғышар топтың топтасып батуаласқан жиынын суреттейді. Бізге қызығы да, керегі де, жазушының нені айтқаны емес, сол көріністі барынша әсерлі де айшықты образды тілімен, әрі әдеби шығармаға тән бір алуан әсем тәсілімен жеткізуі еді.
Мағаз – тілдік тұлға. Ал, тілдік тұлға – ұлт руханятын жасаушы, алға бастырушы. Әрі әрбір тілдік тұлға әлемнің тілдік ерекшелігін, бейнелеу тәсілін дамытады, сомдауға өз үлесін қосады. «Кез-келген тілдік тұлғаның әдеби тілді байытуға қосқан үлесін, шығармашылық тұлғасын ашуда бір жақтылық болмауы керек. Тұлғаның тілдік бейнесін ашу – стилдік ерекшеліктерді айқындау; жаңа сөз тудыру яғни созжасамдағы ықпалды әдіс-тәсілдерін, даралық сипаттарын анықтау; кейбір морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерді сараптау; тілдік тұлғаның қолданысындағы сөздер мен сөз тіркестерінің семантикалық дамуы мен жекелеген сөздердің белсенділігінің артуын анықтау; мәтіндік сараптау; тіл көркемдігі, сондай-ақ, шығарма өзегіне айшықталып келген қанатты тіркестердің қызметін тексеру, т.б. жақтардағы міндеттерді атқарады» (Т.Әшімхан: Қазақ афоризмы, 358-бет). Осы тұрғыдан келгенде, Мағаз Разданұлы шығармаларының тілін арнайы бөліп қарастырудың мәні зор. Ол – халықтық тілдің томырылып жатқан есепсіз мол қазынасын көркем шығармарларында құлпырта қолданды; Бұл күнде ұмытылып бара жатқан көне сөздерді қайта тірілтті; қазақ халқының философиялық ойлау жүйесін, сөз дағдыларын өз жасампаздық тәжірибесінде іске асырды; өз халқының тарихи кешірмелері мен шежірелерін, ұлттық таным дүниесін, салт-дәстүрін ежелгі билердің шешендік дәстррі негізінде көркем дүниеге айналдыра отырып ұсынды. Мағаз Разданұлының құнарлы тілін, жасампаздық ерекшелігін зерделесек бұдан да көп түпсіз қатпарларды табамыз.
Мағаз – халықтық бай тілді өте жақсы меңгергендігін, шежірелі шешендігін, шебер суреткерлігін, сондай-ақ, парасатты тілдік тұлға екендігін екі прозалық кітабында толық дәлелдеді. Әңгіме-повестер жинағында, ата-бабаң, ата заманың осылай ойлап, осылай сөйлейді деп тұрса, тарихи романында – аққаптал шежіреден, аққаптал тарихтан сыр шертеді. Бұған мысал керек пе? Ендеше, сөз тізгін суреткердің өзіне ұстатайық. «Алтайдың шылғи қайысша созылатын төресі мен ояуынан ұйқысы көп билері, қазанына қаспақ қатқан шаңырақтағы мырзалар мен таңдайында меңі бар тілді ауыздылар тігерге тұйақ қалмай барын киіп, бақанын тайанып...»; «Жиналғандардың көбі аузың қайсы десе мұрнын көрсететін, аруақ өңгеріп топ көбейтіп жүргендер...»; «Салынғанына ширек ғасырдан асқан бұтхананың сары сыры өшкіндеп ағаштары да қюы кетіп әжімдана бастапты. Жалпы бейнесінде қажып тұрғандықтың нышаны бар. Шаған кегеннің заманындағыдай маздап тұрған шырақтар да жоқ. Көбі өткен күтімсіз кәрінің таяққа сүйенген өміріндей өмірі қалғанын өзі де түсінетін сияқты. Бұдан кейін жаңаланбайтынына, жасармайтынына көзі жеткендей мүсәпір хәлде. Ал, анау ақ үйлердің бірінен-бірі өтетін ою өрнектері жыл сайын жасаңғырап отыратын түлектің өмірге деген ынталылықтың суынбаған хәліндей жалт-жұлт етеді. «Күлсең кәріге күл» дегендей қырлана қарап бұтхананы ажуа етеді» («Алтайдың ақиықтары» романынан). Бұл үзінділердің мәнін шешіп, ашалап жату артық болар. Біздің назарымызды бұратыны: жазушының әр көріністі, оқиғаны жай баяндамай, бейнелі сөзбен, ұлттық таным-түсінікке сиғыза отырып, он құбылтып, жүз түрлентіп, ойналақ салдыра жеткізуі еді. Мағаз Разданұлы – қазақтың қаймағы қалың құнарлы тілінің ерекшелігін, философялық ойлау жүйесі мен сыршыл шешендігін жақсы сақтай білген жазушы. Әр сөйлемінен қазақтың ауыз екі әңгімелік стилі яғни хикаяшылдық сарыны еседі. Жазушы әдеби бейнені тұлғалауда, көрініс жайын немесе оқиғаны баяндау да, баяндай отырып суреттеу барысында әр нәрсенің сыр-сипатын, қасиет-белгісін, халықтың тіршілік-тұрмысымен, тарихи-қоғамдық жағдайларымен, этнографиялық өмірімен тығыз байланыстыра образды суретпен жеткізіп отырады. Оның көркем прозасы – халықтық, ұлттық бояу-өрнектерінің айқындығымен, ұлт рухы мен таным-түйсігіне, қысқасы халық өмірімен етене тыныстастығымен көзге түседі. Жазушы еңбегінің көрнектілігі – тарихи-әлеуметтік маңызды мәселені көтеруінде екендігі шындық, алайда, жазушының шеберлігі нені айтқанына қарап емес, қалай жеткізгенімен талданып таразыланады. Ол үшін жазушы халықтық тілдегі ұшан-теңіз мол қазынаны көркем туындының шырайын ашар амалы ретінде жұмсаудың шебер жолын таба білуі; әрі бұларды өзіндік қолтаңба мәнерін айқындайтын стилдік мақсатта кәдеге асыруы керек. Бұл жағына келгенде, Мағаз Разданұлы қазақ халқының сахаралық өміріне, салт-дәстүріне, тарихи-әлеуметтік жағдайларына, т.б. байланысты атауларды шығарма мазмұнына енгізіп, халықтық тілді шебер жұмсаудың үлгісін көрсете білген.
Мағаз шығармаларында көрініс тапқан ұлттық бояу, рух, сезім, болмыс-мінезді барынша қисапсыз мол ерекшелігімен терең танытатын бейнелі, образды суреттеулер, этнографиялық ұғымдар, жергілікті атау-терминдер, тарихи қанатты сөздер – шығарманың көркемдік-эстетикалық, танымдық құнын арттырып қана қалмастан, жазушының даралығын айқындай түскен. Автор бұлардың бірспырасын халықтың ауыз екі сөйлеу тілінен, фольклорлық әдебиеттен дайын күйінде алып жұмсаса, енді бірқатарын әсерлі, әдемі күйге енгізіп түрленте қолданады. Мысалы, «аққаптал хикая», «аруақ өңгеру», «қу мүйіз кәркесте», «шу жаласып туған», «алақаптал», «батша», «қиғаштама», «көзқарық» (қарықтық,- т.ә.), «көт айналған шикілік», «желтақым ошар», «жалына ақ байлап жіберу», «көңіліне түлкі күшіктей қалу», «қойнына қопақ кіру», «шапанын теріс қаусырыну», «бұт көтеру», «дала тәңірісіну»... мұндай сөздер мен тіркестер Мағаз прозасында бірлі-жарым емес, көп әрі жиі қолданылған. Және бұлардың көбінің жасалу моделі халықтық болғанымен, іші, тілдік бұйымы – өзінкі, авторлық төл дүние. Осы қолданыстардың бәріне емес, біреріне аз кідіре кетейікші: «аруақ өңгеру» дегендегі «аруақ» деген абстракт есім мен «өңгеру» етістігі мағыналық жағынан бір-біріне жуыспайтын ұғымдар. Оны автор мал баққан қазақ өміріндегі «қой өңгеру» дейтін сөздің сыртқы тұлға-қалыбын пайдалана отырып, жаңа сөз жасайды. «Шу жаласып туған», «желтақым ошар» деген тіркестер де мал баққан қазаққа әбден таныс ұғым-тұсыныктен, тұрмыс-тіршіліктен алынған. Сонымен қатар, «аққаптал», «алақаптал», «батша», «қиғаштама», «көзқарық» секілді қазақ ұғымында бар, бірақ ескірген, қолданыстан мүлдем қалған көптеген сөздерді Мағаз тілінен кездестіреміз. Мұндағы, «батша» сөзін Мағаз «еркек те бола алатын, әйел де бола алатын еркек» деп жазыпты «Алтайдың ақиықтары» атты романында. Мұндай атаулардың кейі сөздікте жоқ, бар болса да дәл, кемел, толық мағынасында қамтылып көрсетілмеген. Чеховтың «Әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы бар» деуінде үлкен мән жатыр. Әсілі, сөз мағынасы, көркі контексте ғана әбден түсінкті, әсерлі, әсем кейіпке енеді. Жазушы әрбір сөздің контекстегі көркін ашуға, діттеген нысанаға дір еткізіп тигізіп, эмоциялық жылылық, эстетикалық қуаттылық үстеуге көп-көп назар аударады. Бұнысы көбінде сәтті іске асып, тіпті, стилдік қызметте жұмсалып кете барады. Сол үшін де автор көбінде сөздің ішкі әуезділігіне, ұйқасты құрылымдар мен параллель түзілімдер жасап келуіне мән береді. «Төбемізден жайлау, төсімізден қыстау...». «Аралда былтыр жер сілкінсе, биыл ел сілкінді». «Кең сахараның жотасын жастық, төскейін төсек қылып...». Мұнда, төбемізден-төсімізден, жайлау-қыстау, былтыр-биыл, жер-ел, жотасын- төскейін, төсек-жастық – деген қатарлар тұлғалық, синтаксистік параллель түзілім жасап келіп, сөйлемге ыстық сезім, жағымды лептілік, әсерлі үнділік үстейді. Әдеби шығарманың мазмұнын байытуға, ондағы айтылатын ойды әсерлі жеткізуде бейнелі сөздердің, көркемдік құралдардың атқаратын маңыздылығы өлшеусіз. Жазушы бұл амалдардың бәрін де қажетіне қарай орынды кәдеге асырып отырады. Бұлардың кейбірін ішінара жазушылар өз шығармаларында жиі қолданып, «шеберлік мәнерін» танытатын ерекшелікке айналдыратын жәйіттер де аз емес. Әсіресе, көркем шығармада көп қолданылатын құралдардың бірі – аллитерация, ассонанс. Бұлар шығармаға әуез, үн, екпін қосып, құлаққа жағымды, ұлпа тиеді. Шынмен-ақ, Мағаз Разданұлы оқиғаны қазақтың ауыз екі әңгімелеу тілімен баяндай отырып, бір алуан образды тіркестерді жасауға, шығарма тіліне поэтикалық әсер, лирикалық леп дарытуға өте шебер жазушы.
Жоғарыдағыға жалғас тағы да тоқталарымыз, жазушы ерекшелігін толық талдап көрсетудегі маңызды фактор, ең іргелі мәселе – көркемдік мәселесі. Әдебиетте көркемдіктен тыс идея, көркемдіктен ауаша мақсат жоқ. Ал, көркемдік тіл арқылы жасалып, образ арқылы өріс, айшық табады. Нағыз әсем шындық – образды көркем тілдің қатпарында... Сондықтан да жазушы еңбегін, шеберлік қырларын сөз еткенде ең алдымен, оның тілінен бастаймыз, тілін талдай отырып суреткердің көркемдік әлеміне қосқан су жаңа сонылықтарын табамыз, стилін, өрнек-мәнерін, жұлын-жүйесін тінте тексереміз. Бұл дегеніміз жазушының стилін, шеберлік қырларын, яғни тұтас әлемін ашуға бастайтын жол.
Міне, сол себепті де Мағаз Разданұлы шығармаларының тілін бір жақтылы ғана емес, көркем сөз теориясы тұрғысынан да, тіл білімі тұрғысынан да жан-жақты қарастыруға тура келеді. Оның шығармаларындағы әдеби тілдің қолданылу нормасын, поэтикалық айшықтарын зерттеумен бірге, шығарма тіліне енген түрлі жергілікті сөздер (аймақтық сөздер) мен көне атаулардың жұмсалу қызыметін де сырт қалдырмай тексерген абзал. Өйткені, көне дүниені қайта жаңғыртып, тірілту әдебиет пен өнердің міндеттерінен мүлде бөлек жататын нәрсе емес. Күнделікті тіршілікте көп қолданылмайтын архаизмге айналған кейбір сөздерді, ақын-жазушылар әдеби тілде жиі жұмсап, архаизмдік сипаттан арылтып жіберіп отыратын жайлар да көп ұшырасады. Мағаз шығармаларындағы кездесетін көне сөздер туралы осыны айтар едік. Бұл талапты ойларымызды алдағы уақытта тағы да сабақтап айтамыз деген ниеттеміз.
Бөлісу: