Қазақстан Конституциясы тарихына шолу

Бөлісу:

30.08.2021 7631

Конституция немесе Ата заң, Негізгі заң – осы заманғы мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты. Жер шарында 197 мемлекет бар десек, солардың тек бірнешеуін есепке алмағанда, барлығының дерлік конституциясы бар. Мемлекеттегі барлық басқа заңдардың туындауына негіз болатын конституция қағидаттарын мемлекет пен оны құрамдаушы әрбір азамат қатаң басшылыққа ала отырып орындауға тиісті. Конституция – мемлекет дамуының, ондағы әрбір азаматтың алаңсыз өмір сүруінің кепілі. Сондықтан да ҚР Ата Заңының бірінші бөлімі, бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп атап көрсетілген.

Қазақтан Республикасының қазіргі қызмет жүзіндегі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдумның нәтижесінде қабылданғанды. Мемлекетіміздің Негізгі заңы болушы Қазақстан Республикасының бұл Конституциясы – кіріспеден және 9 бөлімнен (98 баптан) тұрады. Жиырма алты жыл бойы барша қазақстандықтарға қызмет етіп келе жатқан басты ресми құқықтық құжаттың қабылданған күні - мемлекеттік ресми мерекелер қатарында. «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», - делінген сөйлеммен басталатын бұл Конституция дүниежүзілік мемлекеттердің Негізгі заңдары арасында ең адамгершілік ізгілікті (гуманистік) заңдардың қатарынан орын алады екен. Аталған Конституция жылдар өткен сайын Қазақстан Республикасының қанатын қатайтып, қуатты ел болуына қызмет ете берері сөзсіз.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы қабылданғанға дейін Қазақстан аумағындағы жұрт мыңжылдықтар, ғасырлар жүзінде, әр дәуірде сан түрлі жарғыларды, Конституциялар мен ережелерді, заңдарды басшылыққа алып, бағынып, өмір сүру қалпын реттеп келген болатын. Аталған заңдар, ережелер мен конституциялар өзі әрекет жүзінде болған кезінде қазақ халқының рухани, саяси әлеуметтік, экономикалық ахуалына, қазақ халқының, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға немесе дағдарысқа ұшырып, құлдырауы тұрғысында қандай рөл атқарғандығы турасында мақалада әрқайсысына тоқтала отырып, қысқаша шолу жасалмақ.

Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан Ұлы Даланың төсінде арғысын айтпағанда, көптеген өркениетттер дәурен сүрді. Кейінгі үшмыңжылдық барысында Ғұн, Түрік, Қарлық, Қарахандар, Қыпшақ, Оғыз т.б. көптеген қуатты мемлекеттер, орасан зор аумақты қамтыған империялар, хандықтар тарих сахнасына бірінен кейін бірі шығып, заманы озған кезінде ыдырап немесе мүлде жойылып кетіп жатты. Дегенмен, мемлекеттік құррылым, басқару билігі, әскер, салық жүйесі т.б. институттар болған себепті, олардың барлығында да белгілі бір деңгейде сараланған, жүйеленген заңнамалық тәртіп болғандығы, халқы сол тәртіп-жосыққа бағынғандығы анық қой. Бұл жөнінде Батыс пен Шығыстың жиһангез саяхатшылары, барлаушылары жазып қалдырған деректер баршылық. Сонымен бірге, заңның мемлекет өмірін қалыптастыру, рететудегі орны мен оны орындау механизмі мен тұрғындардың жауапкершілігі туралы Орта Азиядан шыққан ойшыл ғұламалардан қалған құнды сөздер баршылық. Мұның барлығы да Ұлы Даладағы заңнамалық дәстүрлер болғандығының нақты аңдатпасы. Осындай деректердің бірі ХІ ғасырда өмір сүрген түркі ойшылы Жүсіп Баласағұн шығармашылығы. Оның "Құтты білік" туындысының өзі де тұнып тұрған кодекстер жинағы ғой. Жүсіп Баласағұн Хас Хаджиб өзінің туындысында заңның әділдігі турасында былай дейді:

Әділ заңың елге ырыс үйірер,

Хан мен халық сүйер сені сүйінер.

Заң түзеледі – жақсылық кең жайлайды,

Кетті құрып, зар жамандық қайдағы.

Іс бұзылса, заң бұзылса – ел азар,

Ел бұзылар, бағы қайтып жер азар.

Заңды бұзба, жамандарға ермегей,

Жаманнан без, қол ұшын да бермегей.

Бұл шумақтарда айтылған ойлар – жазылғаннан бері он ғасыр өтсе де еш маңызын жоймақ емес. «Әділ заң – ел тірегі» деген айтылымның да иесі – осы дана ойшыл Жүсіп Баласағұн. Демек, заң шығару, оны орындау үшін басшылыққа алып, мұқияттап бағыну – Ұлы Дала халқының ежелден бергі игі дәстүрі деуге толық негіз бар. Ал нақтылай айтқанда қазіргі ұғымдағы Конституция – ағылшын-саксондық үлгіде негізделген, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты ретінде ХҮІІІ ғасырдан бері туып қалыптасты. Яғни, бұл дәстүрлі заң нормасы Америка Құрама Штаттарында 1787 жылы қабылданған Негізгі заңнан бастау алады. Ал қазақ халқының Ата заңдық дәстүрі Ұлы Далада өмір сүрген қуатты хандықтардың тарихымен тікелей сабақтасып жатыр. Анықтай айтқанда, Қазақстан Республикасының қазіргі Конституцияға дейін еліміз аумағында бірнеше тұғырнамалық Негізгі заңдарды, ережелер мен жарғыларды тарихи тағдыр жолымен ұстанып келген бай дәстүріміз бар. Бірақ дәстүрлі қазақ қоғамындағы ежелгі және күні кешегі тұрғырнама заңдарды ағылшын-саксондық үлгідегі Конституциялар өлшеміне сай, толық құқықтық құжаттар деуге келмейді. Алайда, мұндай өлшемдерге сәйкес емес деп, елемеуге болмайды. Бұл заң нұсқалары – халқымыздың мемелкеттілік тарихында сан ғасырлар бойы ұстанып келген қастерлі жолы. Олар: «Шыңғыс ханның Ұлы жасасы» және заман өзгерісіне сай аталған жосық негізінде әр ханның тұсында жетілдіріліп отырған «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның ескі жолы» және «Тәуке ханның жеті жарғысы» сияқты тарихи құжаттар.

Ғасырлар бойы ұмытылмай әспеттеліп келе жатқан аталған заңдар мен Патшалық Ресей құрамында болған кезеңдегі Ұлы Дала тұрғындарының құқықтық ахуалдарын реттеуге қатысты шығарылған, ел өмірінде елеулі із қалдырған жарғылар, заңдар мен ережелердің біразының қолданыстық нәтижесі мен салдарын ұмытпауымыз керек.

Шыңғыс ханның Ұлы жасасы

Шыңғыс ханның Ұлы жасасы (Яса немесе Их засаг) – 1206 жылы Шыңғыс ханның басқаруымен өткен, түркі-монғол ақсүйектерінің құрылтайында құрастырылып, Ұлы Дала тұрғындары үшін басшылыққа алынды. Ұлы Монғол мемлекеті аумағында аталған заң күшіне енгеннен кейін ғасырлар бойы қызмет етті. Ұлы жаса – Шыңғыс ханның көзі тірісінде қабылданған және көшпелі халықтар өмірінде ежелден бері қалыптасқан әдет-ғұрыпқа негізделген құқықтық нормалар мен заңдардың жиынтығы. Бұл заң нормалары Еуразияның үлкен бөлігін иеленген алып мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуге тиіс болатын. Сондықтан да Ұлы жасада мынадай баптар кездеседі: «Кімде-кім ас ішіп жатқан адамдардың қасынан өтсе, аттан түсіп, олармен бірге ауқаттануы тиіс, ал аналар бұған қарсылық көрсетпеуге міндетті»; «Әрбір адам діндердің кез-келгенін құрметтей білуге тиісті», «Әскерлер соғысқа кеткенде, әйелдер ерлердің жұмысын істеуі міндетті». Кейіннен бұл қонақтың сыбағасы туралы түсінік бойынша, қазақ қоғамында мызғымастай орын алып, орындалып келді.

Шыңғыс ханның Ұлы жасасы Ұлы Монғол империясы мен оның құрамдас бөлігі болып өмір сүріп, кейіннен дербестік алған көптеген мемлекеттерде бірнеше ғасыр бойы іс жүзінде қолданыста болды. Алтынорда – Ұлы Монғол империясының аумағында құрылған мемлекеттердің бірі болатын. Алтынорда - қазіргі Қазақстан аумағын тұтастай алып жатты. Алтынорда ыдыраған соң оның орнында біртіндеп Қазақ хандығы қалыптасып, ХҮ ғасырда тарих сахнасына шықты.

Қасым ханның қасқа жолы

Дербес Қазақ хандығы тарихындағы ең алғашқы заң – «Қасым ханның қасқа жолы». Аталған заң нұсқасы – Қазақ хандығын мейлінше нығайтып, айналасындағы үлкенді-кішілі мемлекеттердің еріксіз санасуына мәжбүрлеген және мемлекетіміз тарихындағы аса қуатты билік жолымен ерекшеленген хандардың бірі Қасым Жәнібекұлының есімімен байланысты. Қасым Жәнібекұлы 1445 жылдар шамасында өмірге келген. 1511 жылы ағасы Бұрындық хан мемлекетті басқарудан қол үзіп, билік Қасым сұлтанның қолына көшеді. Осы жылдан бастап Қасым сұлтан хан лауазымына ие болып, Қазақ хандығын билейді. Қазақ хандығының шаңырағын биіктетіп, керегесін барынша кеңейткен Қасым хан 1523-1524 жылдары қайтыс болады. Қасым хан тұсында Ұлы Жаса негізіндегі құқықтық ғұрыптар мен нормалар өз заманына сәйкес қорытылып, жүйеге келтірілді. Бұл жаңа түзілген заңдық нормалар жиынтығын халық «Қасым ханның қасқа жолы» деп атады. «Қасқа» деген сөздің өзі - анық, тура деген мағынаны беретіні белгілі. «Қасым ханның қасқа жолы» ел өмірінің көптеген ахуалын қамтыған бес бөлімнен құралды. «Қасым ханның қасқа жолы» қазіргі заманға жетпегенімен ол кейінгі заңдарға айқын негіз болды.

Есім ханның ескі жолы

Қазақ хандығының бес ғасырлық тарихындағы еңбегі елеулі, әйгілі билеушілердің бірі - Шығайұлы Есім хан. Есім хан 1598-1628 жылдары Қазақ хандығын билеген. Есім хан туралы жазба және ауызша деректер өзге көптеген хандарға қарағанда біршама мол сақталған. Тарихта «Еңсегей бойлы Ер Есім» аталған бұл хан өзінен бұрынғы Орыс хан, Қасым хандар жасаған әдет-ғұрып заң нормаларын заманға сай қайтадан қарап, өз дәуіріне лайықты етіп түзетеді. «Есім ханның ескі жолы» аталған бұл заң мазмұнына қарай құн дауы, жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді күрделі тараулардан құралған. Қазақ қоғамында немесе қай елде болмасын, қашанда ең күрделі даулардың бірі – кісі өлімі болған және қазір де солай. Кісі өлімі үшін кінәлі тараптан құн алынған. Есім хан шығарған арнайы заң бойынша өлген кісіге өлтіруші жақтың құн төлеуін міндеттеген. «Ер адамның құнына жүз жылқы, алты жақсы (6 түйе)» деген кесік кесілген. Және де ер адамның барлығына оның дәулетіне қарамастан төленетін болған. «Есім ханның ескі жолы» – өз дәуірінің сұранысын толық қанағаттандырған заң болды. Құн мәселесі біршама шешімін тауып анықталған бұл заң «Тәуке ханның жеті жарғысына» дейін қызмет етті.

Тәуке ханның Жеті жарғысы

Қазақ хандығы тарихындағы әйгілі хандардың бірі - Салқам Жәңгір ханның баласы Тәуке хан. Тәуке ханның (1635-1715) тұсында ел билігі барынша нығайды. Тәуке хан ақылды, көреген билеуші ретінде ұтымды басқару саясатын жүргізіп, халықтың ризашылығына бөленген себепті оны "Әз-Тәуке" деп атады. «Тәуке ханның жеті жарғысы» немесе «жеті ережесі» Күлтөбенің басында күнде жиынның негізінде дүниеге келген заң. Бұл жзаңды нақты кім әзірледі, ол туралы анық дерек жоқ. Өзінен бұрынғы Қасым мен Есім хандардың заманынан жеткен заңдар осы «Жеті жарғыдағы» нормаға біріктірілген, сол заңдарға жеті бірдей өзгеріс енгізгендіктен осылай аталған деп қарастырылады. Жеті жарғыда әкімшілік, қылмыстық істер, азаматтық құқық нормалары, сонымен қатар салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген. Демек мұнда қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтары қамтылған.

Жаңа заң жүйесі қазақ халқының сол замандағы өмірлік мәселелерін барлық жағынан толықтай қамтыды. Соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болып тарихта қалды. «Жеті жарғыдан» кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалған жоқ. Оның себебі, «Жеті жарғының» өзі қазақ халқының өмір сүру жолындағы талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, бұл заңның көптеген жол-жобалары мен қағидалары әр өңірлерде 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді.

Ішкі-сыртқы көптеген факторларға байланысты Қазақ хандығы ХҮІІІ ғасырда өзінің құлдырау сатысына келіп тірелді. Үш жүздің басын қосқан ұлы хан Абылай Уәлиұлы 1781 жылы өмірден өткен соң біртұтас Қазақ хандығы ыдырап, көрші елдердің ықпалына, әскери, саяси қысымына ұшырай бастады. Патшалық Ресей бұл тұста үлкен әлеуетке ие болған еді. Қазақ хандарына бастабында тең көршілік тұрғысында қол қойдырған «бодандық құжаты» біртіндеп шын мәніндегі басыбайлы отарлық бұғауға айналды. Патшалық Ресей қазақ даласын әскери күшпен жаулай бастады. ХІХ ғасырдың басынан Ресей билігі қазақтардың ішкі ісіне тікелей араласып, әкімшілік құрылымын өзгертуге кірісті. Осы кезеңде ел өмірінде үлкен өзгерістерге негіз болған «Сібір қырғыздары туралы жарғы» өмірге келді. Ол заманда қазақтарыды Патшалық Ресей билігі "қырғыздар" немесе қырғыз-қайсақтар" атағаны белгілі.

1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғы»

1817 жылы Орта жүзде Бөкей хан, 1719 жылы Уәли хан қайтыс болды. Аталған хандар өмірден өткен соң Патшалық Ресей билігі қазақ билеушілерін «бүкіл әлемді Ұлы тітіркендірушінің» - Шыңғыс ханның заманына барып тірелетін ертедегі ғұрып бойынша сайламауға бел байлайды. Бөкей мен Уәли хандардың мұрагерлерін ақ киізге көтеріп хан сайлауға қарсы болды. Қалай болғанда да хан сайламауға бекінген Патшалық Ресей қазақтарды басқару үшін жаңа заң әзірлеп бекітуге жылдам кірісті. Мұны граф М.М.Сперанский атқарды. Ақыры 1822 жылы 22 маусымда «Сібір губернияларына арналған мекемелер», «Бұратаналарды» басқару туралы жарғы», «Қырғыз-қайсақтарды басқару туралы жарғы», «Этаптар туралы жарғы», «Жер міндеткерлігі туралы ережелер», «Астық қорлары, шаруалар мен бұратаналар арасындағы борышкерлік міндеттер туралы ережелер» үшін негіз болған 10 заңды бекітті.

«Сібір қырғыздары туралы жарғының» қазақ қоғамы үшін нәтижесі мен салдары қандай болды? Мұнда нәтиже деп сауда-экономикалық үрдістің өсуін, халықты еуропалық үлгіде сауаттандыруға алғышарт жасалуын айтуға болатын шығар. Ал мұның қазақ халқы үшін салдары өте ауыр болды. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мемлекеттілік институты қиратылды, қазақтарды әкімшіліктік басқару округ, болыс, ауыл болып құрылуы – рулық жүйе бойынша бөлінуді, ру-тайпалық ұтқырлықты, бірлікшілдікті тас-талқан етті. Сондай-ақ қазақтардың бір өлкеден екінші өлкеге өз еркімен ауысуы шектелді, міндеткерліктер мен салықтар мейлінше көбейтілді. Сперанский мен оның ізбасарлары дайындаған бұл заң күшіне енгеннен кейін әскери отарлау күшейді. Өз кезегінде бұл қазақ қоғамының қарсылығына алып келді. Кенесары Қасымұлы, Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы т.б. бастаған қарсылық күрестің негізі осында жатыр. Осылайша «Сібір қазақтары туралы жарғы» қазақ халқының тәуелсіздікке деген құқығын шектеген заңдық құжат болды.

1867 жылғы «Уақытша ереже»

1867 жылы 11 шілдеде Ресей империясының патшасы ІІ Александр «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесін" бекітті. 1867-1868 жылдардағы бұл реформалар «уақытша» сипатта, екі жылға тәжірибе ретінде енгізілгенімен, бірақ заңды тұрғыдан нақты бекітілмей, ХIX ғасырдың 80-90 жылдарына дейін іс жүзінде қолданыла берді.

Бұл «Уақытша ереже» бойынша Қазақстан аумағы өз біртұтастығынан айырыла түсті. Қазақ жері Батыс-Сібір, Орынбор, Түркістан аталған үш генерал-губернаторлыққа бөлінді. Олар өз кезегінде облыстарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына Ақмола, Семей; Орынбор генерал-губернаторлығына Торғай, Орал; Түркістан генерал-губернаторлығына – Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Сондай-ақ Маңғыстау приставтығы Кавказ әскери огкургына қарап, Бакуден басқарылса, Бөкей ордасы Астрахань губерниясына бағындырылуы арқылы қазақ жерінің тұтастығы мүлде кері сипатқа бет алған болатын.

Сонымен қатар тағы бір өкінішті жағдай: жергілікті жердегі қазақ атқаратын ең үлкен басшылық лауазымы болыстық деңгейге түсірілді. Болыстар елу үйден бір сайлаушыдан қатысатын елубасылардың съезінде үш жыл мерзімге сайланып отырды. Болысты әскери губернатор бекітіп отырған. Болыстар немесе сұлтандар өз қарамағындағы мың үй шамасындағы әкімшілік аймаққа үш жыл мерзімінде билік жүргізді. Болыс белгіленген тәртіп бойынша патша үкіметінің жарлықтары мен сот үкімдерінің орындалуын қадағалады. Ауылдарға жайылымдық шабындық жерлер бөліп беру, жер дауы, салық салу және жинау мәселелерін шешіп отыратын жалақылы шенеунік болды. Болыстық жүйе қазақ арасындағы дау-шарды көбейтіп, ел бірлігінің тозуына әкелді. Абайдың "Болыс болдым, мінеки" өлеңі осы кезеңнің сыр-сипатын айқын ашады:

...Ендігі сайлау болғанда,

Түсе ме деп тағы шар,

Бұл күніме бір күні

Боламын ғой деймін зар....

Патша билігі осы кезеңде ақсүйектердің барлық артықшылықтарын алып тастады. Қазақ жеріне сырттан көшіп келгендердің мәртебесі асырылды. Билер сотының құзіреті барынша шектеліп, жергілікті отаршылдық биліктің мәртебесі артты. Билер сотының барысын патша шенеуніктері қатаң бақылауға алды. Қазақтың жері Ресей империясының меншігі деп жарияланды. Қазақтар енді ата-бабасынан қалған жерді мемлекеттен жалға алумен қатар, түтін салығы екі есе арттырылды, оған қоса, «қарашығын» деген қосымша енгізілді. 1891 жылы бұл «Дала Ережесі» ретінде өзгерістерімен қайта қаралып бекітілді. Осылайша «Уақытша ереже» іс жүзінде қазақ халқын біржола отарлаудың айқын жоспарлы құжаты болды.

«Абайдың Қарамола ережесі»

Тарихта белгілі: 1885 жылы мамыр айында Шар өзені бойында, Қарамола жәрмеңкесінде Орта жүз рулары бас қосқан үлкен жиын өткізілді. Бұл жиынға бес дуаннан келген жүзден астам билер келіп, генерал губернатор Цеклинскийдің өзі қатысады. «Абай жолы» романында біршама баяндалатындай, аталған жиында Абай жанына бірнеше адамды ала отырып, 73 баптан тұратын «Ережені» әзірлейді. Бұл Шар бойында жасалғандықтан «Шар ережесі» немесе «Қарамола сиязы» деп тарихта қалады. Абай әзірлеген заңдық баптар қазақтың ескі заңдары мен еуропалық, ресейлік заңдарды негізге ала отырып жазылғанын аңғаруға болады. Мысалы, 27- бапта: «Барымташыға һәм ұрыға өлсе құн жоқ», - дейді. Дәстүрлі қазақ заңдары бұдан өзгешерек. Сонымен қатар, өмірлік түрлі қауіп-қатерлі жағдайларда адамдардың бір-біріне көмегі мәселесі де қамтылып, жағдайға сай айып түрі белгіленген: 34-бап: «Суға кетіп бара жатқандарға, өрт уақытында, боран һәм суықта сол сияқты түрлі себептерде болысып, көмек етпегендер бас тоғызбен айыпталады». Абай заңының баптарындағы заман ағымына сай дәстүрлік өзгеріске 46-бап мысал бола алады: «Күйеуі өлген жесір әйелі сүйсе, күйеуінің бір туысқан бауырына яки ағайынына тиеді, егерде сүймесе ықтияры өзінде». Сондай-ақ қазақ арасындағы дауларға өзге ұлт өкілдерін араластыруға да тыйым салғанын көреміз: 70-бап: «Қазақтың өз арасында болынмыш дауларға орыстан яки ноғайдан уәкілдің алып кіріспесін. Дәбернай боларға мүмкін өзімен ояздас қазақ адамға». Абайдың бұл заң баптары тек Орта жүз дуандарына ғана емес, Қытайдағы қазақтар арасына дейін жетіп қолданыс тапқан екен. Қалай болғанда да бұл заң 1867-жылғы "Ереженің" салдарынан күрделене түскен ахуалды жеңілдетуге септігін тигізгені анық.

Столыпиннің аграрлық реформасы

Столыпиннің аграрлық реформасы немесе «Жерге орналастыру туралы» заң - қазақ халқының саяси-экономикалық өміріне зор әсер етті. Қазақ даласына қарашекпенділер қаптап, байырғы халықтың жер-суынан айырылу үдерісі тым артып, күйзеліске ұшыраған жылдар болды.

1906-1911 жылдарда Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы және Ішкі істер министрі болған П.А.Столыпин елді қайтадан жаңғырту қағидаттарын әзірледі. 1911 жылы 29 мамырда «Жерге орналастыру туралы» заң қабылданды. Столыпинндік аграрлық реформа бойынша шаруалардың көшіп-қонуына еркіндік берілді. Бұл өз кезегінде Ресейдің ішкі өлкелерінен Қазақстанға шаруалардың жаппай көшуіне жол ашты. Келімсектердің үкімет қолдауымен жерді күшпен басып алуы салдарынан қазақтар құнарсыз, шөлейт өңірлерге қуылды. Бұл қазақ халқының экономикалық, құқықтық жағдайын одан әрі қиындата түсті. Бұдан соң келесі шараларды қабылдау жоспарлары патша билігі құлауына, Қазан төңкерісіне байланысты жүзеге аспады.

Барлыбек Сыртановтың «Қазақ елінің уставы»

1911 жылы Петербургте оқыған білімді заңгер Барлыбек Сыртанов «Қазақ елінің уставын» жазды. Патшалық Ресей бодандығы кезеңінде қазақ халқының өз конституциясы болған жоқ. Жоғарыда аталған заңдар мен ережелер қазақ халқын жер-судан, азаматтық құқығынан айырып, моральдық тұрғыда тұқыртумен болған еді. Барлыбек Сыртановтың әзірлеген шағын құқықтық құжаты қалыптасып келе жатқан қазақ интеллигенциясының ұлттық құқықтық мемлекет құруға деген талпынысың алғашқы көрінісі болды. Аталған құжат «Кіріспе сөз» және «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында», «Адам баласының хұқы туралы», «Қазақ жері турасында», «Сот турасында» деген шағын бөлімдерден тұрады.

Кіріспе бөлімде көне ұлттардың бірі қазақтардың жеті миллион халық екендігі, түрлі жағдайлардан болып асығыстықпен Ресейге бағынғаны, жер-судан, құқығынан айырылып мүшкіл халде екендігі, ендігі мақсат – жеке ел болу екендігі айтылады. Негізгі бөлімдерде Қазақ елі президенттік басқарудағы мемлекет болатындығы, басқару, заң шығару және сот – бір-біріне тәуелсіз болуы тиіс дейді.

Қазақ еліндегі адамдар тең құқылы, әйел мен еркек тең, соттық, мүліктік құқығы сақталады делінген. Жер – қазақтың меншігі, ол саудаға түспейді, сот мәңгілік сайланады, судьялар қазақ тілін білуі шарт, өзге нәсілдер өз тілінде сөйлеуге құқығы бар т.б. гуманистік идеяларға құрылған бұл құқықтық нормалар жобасы – ХХ ғасыр басындағы алғашқы отандық конституцияның жобалық үлгісі болып саналады.

«Алаш» партиясының бағдарламасындағы конституциялық міндеттемелер

Қазақ зиялылары құрған «Алаш» партиясы 1917 жылғы 21 қарашада «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламасын жариялаған екен. Аталған құжаттың құрылымы сол замандағы көптеген еуропалық мемлекеттердің конституцияларына сәйкес келумен қатар, онда көптеген озық демократиялық идеялар көрініс тапты. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы конституциялық міндеттемелер көрінісі мынадай:

Мемлекет қалпы. Россия демократиялық федеративтік республика болу (Қазақ елі осы республиканың құрамында болады).

Жергілікті бостандық. Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия Республикасының федерациялық бір ағзасы болу. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болу, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болу. Қйаткенде де осы күнгі земстволықты қабыл алу.

Жер мәселесі. Учредительное собрание негізгі закон жаасғанша жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу; қазақ жеріне ауған мұжық келмеу; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандарын қазаққа қайтару; қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесу; «Жер законінде» жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайцдасынан артық жер сатылмай земствоға алыну. жердің кені, астыңғы байлығы қазынаныкі болып, билігі земство қолында болу.

"Алаш" партиясының бұл тұғырнамалық жобасын жасаушылар ретінде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдулхамид Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжановтар көрсетілген. Аталған жобада көрсетілген ойлар кейіннен Ленин тұсында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Әлімхан Ермековтердің білімі мен қажыры арқылы Қазақстан аумағының біртұтастығын қалпына келтіруге негіз болды.

1926 жылғы Қазақ АКСР Конститyциясы

Жаңа құрылған жас мемлекет КСРО-ның бірінші Коституциясы 1924 жылы КСР Одағы II съезінің қарарымен бекітілген еді. Осыған орай 1924 жылы Қазақ АСКР-ның (Қазақ Автономиялы Социалистік Совет Республикасының) алғашқы Конституциясының жобасы жергілікті деңгейде қабылданған болатын. 1926 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіне бекіту үшін жіберілгенімен, БОАК-інде құжат қарастырылмаған, бірақ автономиялы республиканың барлық органдары осы конституцияны басшылыққа алып отырды. Яғни Қазақ АКСP Конститyциясы бекітілген заңдық күшi болмағанмен, ондағы құқықтық ноpмалаp өтпелi кезеңнiң мiндетiн атқаpды. Конституцияда жан-жақты тегiн бiлiм, еңбек етy мiндетi, денсаyлық сақтаy, еңбектi қоpғаy мен әлеyметтiк қамсыздандыpyдың құқығы көрініс тапты.

1937 жылғы Қазақ КСР Коснтитуциясы

1936 жылдың 5 желтоқсаны күні Кеңестердің Төтенше VIII съезінде КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданды. Бұл оқиға бұған дейін Қазақ автономиялы республикасы аталып келген құрылымның одақтас республикаға айналуымен өзгешелікте еді. Бұл Конституция «Сталиндік Конституция» деп аталды. Аталған Конституциядан соң Бүкiлқазақ кеңесiнiң Х съезiнде, яғни 1937 жылдың 26 наypызында Қазақ КСP Конститyциясы қабылданды.

11 таpаy мен 125 баптан тұpатын бұл Конституцияда Қазақстанның болашақ бет-бейнесі айқындалды. Ондағы 11 таpаyдың pетi мынандай болды: Ресмпубликаның қоғамдық құpылысы, мемлекетiк құpылысы, Қазақ КСP мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң жоғаpы оpындаpы, Қазақ КСР-і мемлекеттiк басқаpy оpгандаpы, мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң жеpгiлiктi оpгандаpы, Қазақ КСР-інің бюджетi, сот және пpокypатypа, азаматтаpдың негiзгi құқығы мен мiндетi, сайлаy жүйесi, елтаңба, мемлекеттiк тy мен астана және соңғы таpаy Конститyцияны өзгеpтyдiң тәpтiбi. Сталиндік Конституция негізіндегі жаңа заңдық құжат қазақ халқының бұдан әрі қарайғы өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды баптары болуымен ерекшеленді. Мысал үшін, аталған Конституцияның 18-бабында «Одақтас республикалардың территориясын олардың келісімінсіз өзгертуге жол берілмейді» деп көрсетілген еді. Осы бап кейінгі кезеңдерде КСРО билігіндегі авантюрист басшылардың өз білермендігімен қазақ жерін бөлшектеуіне кедергі болды. Жұмабек Тәшеневтей елін сүйген ерлер нақ осы бапты пайдаланып Н.С.Хрущевке батылдықпен қарсы шығып, ел-жерді есепсіз бөлінуден сақтап қалды.

Аталған Конституцияның 17-бабындағы: «Әрбір одақтас республика үшін КСРО-дан өз еркімен шығу құқығы сақталады» деген сөйлем Кеңес Одағының қуатты кезінде орындалмас іс-әрекет болғанымен, бұл – одақ құрамындағы республикалардың дербес ел болуға деген үмітін оятты және 1990 жылдан бастап, аталған бап жүзеге аса бастаған болатын.

Шаттықтың тартып әуезін,

Аралап колхоз ауылын,

Тында, дала, Жамбылды!

Тыңда, Қастек, Қаскелең!

Сөйлесін кәрі бауырың.

Ардақтаймын Советтің

Әділ заңын тамаша,

Орнатқан шаттық дәуірін.

Жүрекке нәзік жыр беріп,

Табиғатты меңгеріп,

Ар, атаққа ие етіп

Марқайтқан еңбек қауымын, -

деп қарт жырау Жамбыл Жапаұлы жырлағанындай, «Сталиндік Конституция» саяси қуғын-сүргін, зобалаң-зұлмат жылдарында қабылданғанымен, қарапайым совет адамдарының еңбек етyге, яғни еңбегiнiң көлемi мен сапасына лайық ақысы баp кепiлденген жұмыс алy құқығын (96-б.); тынығy құқығын (97-б.); қаpтайғанда және аyыpып не жұмысқа жаpамай қалғанда жәpдем алып қамтамасыз етiлy құқығын (98-б.); бiлiм алy құқығын (99-б.) т.б. көптеген әлеyметтiк құқықтаpды иелендірген, игілікті кепілдіктер берген құқықтық нормалар жинағы болды. "Әр істің қайыры бар" деген - осы болса керек.

1978 жылғы Қазақ КСР Констиyциясы

Социалистiк үлгідегі Қазақстанның соңғы Конститyциясы 1978 жылы 20 сәуірдегі Қазақ КСP Жоғаpғы Кеңесiнiң кезектен тыс жетiншi сессиясында қабылданды. Мұның алдында 1977 жылы КСPО конститyциясы қабылданған еді. Сталиндік Конституциядан кейін қабылданған бұл Негізгі заң «Бержневтік Конституция» деп аталды. «Брежневтік» КСРО Конституциясы 174 баптан тұpатын еді. Ал Қазақ КСP Конститyциясы кipiспеден, 10 бөлiмнен, 19 таpаyдан, 173 баптан тұратын көлемді құжат болды. Конститyция да көрсетілгеніндей, бүкiл өкiмет билiгi жұмысшы, шаpyа және еңбек интеллигенциясы таптаpына жататын халықтың қолында деп көрсетілді.

1978 жылғы Конститyцияда мынадай мәселелер көрсетілді: pеспyбликаның ұлттық-мемлекеттiк және әкiмшiлiк-аyмақтық құpылысы, жоғаpғы және жеpгiлiктi билiк пен басқаpy құзыpетi, сайлаy жүйесiнiң пpинциптеpi, халық депyтаттаpының құқықтық мәpтебесi, экономикалық және әлеyметтiк дамy мемлекеттiк жоспаpы инститyттаpы, мемлекеттiк бюджет, сот тәpтiбi, төpелiк соты, пpокypоpлық қадағалаy және т.б. Бұл Конституция «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» қоғам құрушы Кеңес Одағының кемелденген коммунизмге жетуіне баспалдақ ретінде қарастырылды. Алайда, бұл – Кеңес Одағының соңғы Негізгі заңы болды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы

Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялады. Осы күні қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңы Қазақстанның мерзімдік конституциясы болып танылды және бұл уақытта Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы нормаларының және басқа заңнамалық актілердің заңдық күші жойылмаған болатын. Осы кезеңде Қазақстанда жаңа кезеңнің талабына сай келетін заңдық құжат Конституцияны әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туындады. Сөйтіп 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұл Конституция Қазақстанның демократиялық өркениетті мемлекет құруына алғышарт болды. Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, оны ары қарай басқару жүйесіне құрылымдық реформа жасауға негіз болды.

Тұңғыш Конститyция 4 бөлiм, 21 тараy, 131 бап пен өтпелi кезеңнiң ережелерiнен тұрды. Конституцияда ҚР-ындағы конститyциялық құрылымдардың негiздерi бекiтiлдi. Конституция Қазақстанды осында тұратын барлық азаматтардың тең құқықтық еркін қамтамасыз ететiн, демократиялық зайырлы және бiртұтас мемлекет деп танылды. Қазақстан Республикасындағы халықтың атынан билiк жүpгiзy құқығы өздеpiнiң конститyциялық өкiлеттiгi шегiнде Жоғаpғы Кеңес пен Пpезидентке беpiлдi. Және де аталған жаңа Конституция 12 шақырылымдағы Жоғары Кеңестiң өз өкiлеттiгiн сайланған мерзiмi бiткенше атқаратынын бекiтiлдi. Осы Конституция Қазақстан Президентінің билік позициясын күшейтті. Осыдан кейін Президент тек мемлекеттің емес, елдің атқарушы билігінің бірыңғай жүйесінің де басшысы болып танылды. Бұл заңнама бойынша Вице-Президент лауазымы қызмет жүзінде болды. Бұл Конституция – өтпелі кезеңде жұмыс істеген заңнамалық құжат ретінде тарихта қалды. Аталған Конституция 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған екінші, яғни қазіргі ҚР Конституциясы өз күшіне енгенге дейін қолданыста болды.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының соңғы Конституциясы құрылғанға дейінгі ұзақ кезеңдерде мемлекет аумағында қызмет еткен заңдар мен ережелер, толымды мазмұндағы конституциялардың тарихына қысқаша шолу жасағанда осылай болды. Қазақстанның Ата заңы халқымыздың игілігіне лайықты қызмет ете берсін!

Бөлісу:

Көп оқылғандар