Мейірім пәлсапасының тұсауы кесілді
Бөлісу:
22 қыркүйек күні Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қоғам қайраткері, жазушы Үзбен Құрманбайұлының «Мейірім пәлсапасы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Үзбен Құрманбайұлы – «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы», «Мейірімді қоғам, мемлекет құрудың пайдасы» сияқты еліміздің қоғамдық құрылысын кемелдендіру арқылы тәуелсіздігімізді қорғап сақтауға, қоғамды ізгіліктендіруге байланысты мәселе көтеріп, салиқалы ойларын ортаға салып, «мейірімді қоғам» идеясының бастамашысы ретінде қауымға кеңінен танылған жазушы.
Қаламгердің «Мейірім пәлсапасы» атты кезекті кітабы жоғарыдағы еңбектердің заңды жалғасы болып саналады екен. Қазіргі қазақстандық қоғамды ізгілендірудің пәлсапалық түйіні ретінде ойлары мен тұжырымдары, ұсыныстары жинақталған бұл кітапты автор еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бағалы сый ретінде ұсынып отыр екен.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Мырзатай Жолдасбеков атындағы оқу залында өткен іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі парасаттылық мәдениетті ілгерілету мақсатымен ұйымдастырды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерқожа Тілепбердиев, «Парасат орталығының» директоры, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әлібек Асқаров және елордадағы зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Іс шараның тізгінін ҚР Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті төрағасы, депутат Мұрат Бақтиярұлы ұстады.
Алғашқы құттықтау сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов өз сөзінде: «Адам нәсілін жер бетінде баянды етіп тұрған бірден-бір күш мейірім мен рақым ғана», - деп белгілі қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбай айтқанындай, бүгінгі тұсаукесер «Мейірім пәлсапасы немесе қазақ философиясы» атты еңбек адамдардың рухын оятып, ізеттілікті, ізгілікті дәріптеу арқылы таза, адал адамдардың қатарын қалыптастырып, кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбеушілікке жол ашуға атсалысады деп санаймыз. Зейнеткер жасыңызға қарамай, тынымсыз еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосып келе жатқан Үзбен Құрманбайұлы өзіңізге шын алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі жасап жатқан қызметіңіз халқымыздың болашағына, мемлекетіміздің тәуелсіздігі баянды болуына қосылған үлес деп білеміз. Еңбегіңізге табыс тілейміз!», - деген ізгі тілегін білдірді.
Бұдан кейін сөз алған кітап авторы Үзбен Құрманбайұлы аталған кітаптың жалпы мазмұнын таныстырып өтті: «Бүгінгі ұйымдастырылған іс-шара үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, министр Ақтоты Рахметоллақызына, министрдің орынбасары Нұрғиса Мұратұлына зор алғысымды бідіремін. Аталған министрлік мені ұсынып жүрген жобама, ойларыма үлкен демеу, қолдау білдірді. Адамды адам ететін – мейірім мен рух ғана деп білеміз. Мейрімсіз дүниенің бәрі бос. Адамды адам ететін – мейіріммен келетін рух қана. Сол – бәрін алға бастырады. Мейірімділік заңын қалыптастыра алсақ – біздің мемлекетіміздің болашағы бұрығыдан да зор болмақ. Мейірімділік заңдылығы – ешкімді алаламайтын ең адамгершіл заң. Мейірімділік – мемлекетті, барша әлемді құтқарады», - деген ойын жеткізді.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан да өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. «Қадірлі ағайын! Құрметті Үзбен аға! Жүрегінде мейірімі бар, идеалист, әр нәрсеге баладай сенетін көңілге зар болып қалған заман. Жүрген жерінде мейірім шашқан, қазақтың тұнбасында қалған тектілікті сізден көрдік. Сізді үлгі тұтамыз, жақсы көреміз. Біздің кешегі алаш ардақтылары – халқының бақыты үшін өз бақытын құрбан еткен жандар. Ахаңдардың, Сәкендердің ұлт үшін өз басын құрбандыққа шалуы – ол ұлтына деген мейірімнен еді. Ұрпаққа, ұлтқа деген мейірім адамды үлкен ерлікке бастайды. Өзіңіздің ой-тәжірибеңізді, пайымдарыңызды хатқа түсіріп ұсынған екенсіз. Әркім өзінің керегін алар. Мейірім мен махаббат, отбасын, ұлтты, мемлекетті ұстап тұратын қуат. Үзбен ағамыз «Мейірім пәлсапасында» осыны айтқысы келген екен. Құтты болсын! Ісіңізге сәттілік!» - деп түйіндеді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы: «Қадірлі зиялы қауым! Әріптестер, ғалымдар, бауырлар! Эстет жазушымыз, депутат ағамыздың бір әзіл болса да астары бар: «Қазіргі тұсаукесерлердің ерекшелігі – ешкім кітап оқымай келіп тұсау кеседі», - сөзі есіме түсіп отыр. Бірақ бұл – бізге қатысты емес. Себебі, бұл кітапты оқыдық, қарадық, ой бөлістік. Осы тұрғыдан қараған кезде, бір айта кетерлігі: қазір ұғымдар, терминдер өзгеріп жатқан заман. Біреулер: «Пәлсапа мен философияның парқы қандай?» - деп сұрауы мүмкін ғой: Академик, философ Ғарифолла Есім ағамыздың: «Пәлсапа – философиядан да ежелгі ұғым. Пәлсапаның ішінде дін бар, дәстүр бар. Ал философия атеизмнің бағытындағы ілім», - деп пәлсапаға кең мағына беретіні бар. Ақылды адамдар кітапты халықытң талқылауына жіберетін бар. Әсіресе оқулықты жасаған кезде қалыптасқан әдіскерлер солай жасайтыны белгілі. Мұндағы негізгі арқау – халықтың түсінігі, жазбасы. Үзекең ағамызды көптен білеміз. Әлихан Бөкейхан атамыздың айтатыны бар ғой: «Халыққа қызмет ету – мінезден», - деген.Сол сияқты Үзекең ағамыздың атының өзі қазақ қоғамында жоқ, жаңалық ат сияқты. Бұл тұрғыда Үзекең ағамыздың атының өзі жаңалық. Кітабыңыз құтты болсын! Мейірім пәлсапасы – оқу әдістемелік құралына сұранып тұрған еңбек», - деп сәттілік тіледі.
Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әлібек Асқаров қаламгерге өзінің жылы лебізін арнады. «Өзіңізді бұрыннан білеміз. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында, бұрынғы байланыстар үзіліп, кітаптар мен журналдар жетпей жатқан кезде министрлікке келіп мәселе қойған едіңіз. Сол кезде Атажұрттан делегация аттанып, кітап жеткізіп, өздеріңізбен танысып қайтқанымыз бар. Өзіңізбен сол таныстықтан бері ағалы-інілі болып келе жатырмыз. Ақыры өзіңіз арман еткен қазақ телевидениесін Баян-Өлгейге жеткіздіңіз. Мұның бәрін білеміз. Есімізде. Кітап туралы айтқанда, мейірім мен рух бар жерде бар жақсылық гүлденеді. Бұл кітап – осы мақсатқа лайықты қызмет ететін болсын», - деп тілегін білдірді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерқожа Тілепбердиев: «Үзбен ағамен біраз жылдан бері араласып келемін. Ағаның бұған дейн шыққан кітаптарына да атсалысқан едім. Осы кітаптың шығуына да ой бөлісіп, атсалыстқан жайымыз бар. Мәдениет министрлігі адалдық алаңында қызмет атқарымыз. Сол қызметте осы кітаптың пайдасы өте зор. Бізде 79 мекеме бар. Сол мекемелердің барылғында балаларды осы кітап мамзұнында тәрбиелеуге мүмкіндік бар. Масқатымыз – жемқорлықты азайту болса, біз осы жолда жетістікке жетіп отырмыз деуге болады. Үзбен ағаның кітабы осы жолда үлкен көмек болмақ. Кітапты жоғары оқу орындары мен колледждерімізге таратамыз деп жоспарлап отырмыз», - деген ойын жеткізді.
Аталған кітап Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген идеяларды және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бірлесе жүзеге асыруға арналған Парасаттылық мәдениетін ілгерлету бойынша 2021 жылғы бірлескен Жоспарын жүзеге асыруға көмегі тиетін тың ойларымен ерекше екендігін тұсаукесерге қатысушылар атап өтті.
Осы ретте тұсауы кесіліп отырған «Мейірім пәлсапасы» атты кітаптың қысқаша мазмұнына тоқтала кетуді жөн көрдік: Жеті бөлімнен тұратын «Мейірім пәлсапасы» атты бұл еңбекте автордың мейірімді қоғам құруға қатысты негізгі факторларды түгел қамтуға тырысқаны байқалады. Кітаптың бірінші бөлімінде Жаратушының мейірімділік заңдылығына негізделген мейірім пәлсапасының маңызына тоқталып, оның күллі адамзат баласын бақытқа, байлыққа бастайтын ақ жол екенін айқындауға көңіл бөлінген.
Екінші бөлімде бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамымыздағы сыбайластық, жемқорлық келеңсіздіктерге талдау жасай отырып, халықты, әуелгі кезекте мемлекеттік қызметтегі лауазым иелеріне мейірім, ізгілік қалыптастыру жолдарын қарастырады.
Үшінші бөлімде ізгілік тұрғысындағы әлемдік ойшылдар мен қазақ даналығының бір-бірімен ұштасып жатқанын дәлелдей отырып, қазақ пәлсапасын біздің тәуелсіз мемлекетімізді қорғап сақтаудың, дамытудың кілті ретінде қарастырады.
Төртінші бөлімде мемлекет пен халық арасындағы өзара байланысын нығайтудың жолдары қарастырылады. Ал келесі бөлімдерде бүгінгі қоғамдағы басты кемшілік – қоғамдық қатынастағы алауыздық, бақталастық, көре алмастық сияқты жат пиғылдардың салдары, мұны жоюдың жолдары, ұлттық тіліміздің мемлекет қалыптастырудағы рөлі туралы айтылады. Кітаптың соңғы бөлімінде автор мейірімді қоғам құрудың іргетасы ретінде «Нұр-Сұлтан қаласын мейірімді қалаға айналдырудың тұжырымдамасын» ұсынады. «Жаратқаннан берілген мейірімділік заңдылығын, оны дәріптеген ұлтымыздың бұрынғы-соңғы ойшылдарының идеясын өмірде жүзеге асыру, қалыптастыру арқылы қоғамдық қатынастағы кінәраттың бәрінен айығуға, қоғамды түзеуге болады», - деген идены негіз еткен бұл кітап алдағы күндері оқырмандарынан өз бағасын алары сөзсіз.
Қоғамымызды мейірім шуағы молынан жылытуға кішкентай да болсын септігін тигізер деп үміт етіп тұсауы кесілген жаңа кітап қалың оқырмандарына жол тартты.
Бөлісу: