Суреткер сыры

Бөлісу:

24.09.2021 3640

Мағаз Разданұлының суреткерлік шеберлігін, шын мәніндегі зергерлігін ары қарай тағы бір қырынан таныта түсетін келесі әңгімесі «Төрт жамбы» деп аталады. Шығарманың оқиғалық фабуласы мынау – моңғол Аюшы гүң мен Сүгірбай тайжы арасындағы кісі өліміне байланысты дау туылады. Бұл дауға билікті Закаря бейіс төрт жамбы құн кеседі. Алайда, аюшы билікке мойынсал болмай, даудың соңы әр екі жақ та жергілікті үкімет мансаптыларына шағынып, шапқылауға апарады. Олар әр екі жақтың да көңілін жыққысы келмей, дауды билер жосыны бойынша шешуді бұйырып, өздеріне итереді. Сол кезде биліктен босаған, бірақ өте беделді би Мәмиге кісі салып, өтінішпен билік айтқызады. Жүйеге мықты, тапқыр да шешен би, Аюшыны жанды жерінен ұстап, иландырып, қырық қойтұйаққа жығынды етеді. Бұл төрт жамбының құнымен тең еді.


Әңгіменің түгел оқиғасын осылай қарабайыр баяндасақ, әрине қызықсыз болбыр сөздің үйіндісі болатыны көрініп тұр. Бірақ, Мағаз Разданұлы мұны әсерлі әңгімеге айналдырып, өнерге ұластырады. Шығарма тілінде ұлттық бояу да, қазақы шешендік, әңгімешілдік те жарқын жарасымдылықпен гүлзәт құлпырыс тапқан. Халықтың ескі магиялық танымдары, салт-дәстүрлері, сондай-ақ, сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар... Тағы-тағылар әңгіменің «ұлы сүйегіне» жымдастырыла сіңірілген. Осы пікірді нақтылай түсетін мысалды әңгіменің өзінен алып талдайық: Жазушы кейде ойын дәл беретін мәнді, эстетикалық күш-қуат дарытар детальмен жеткізеді. Жанды детальды табу, дұрысы жасау – шын суреткерге тән хас белгі, шеберліктің қиын, күрделі қырларының бірі. Шығармаға жан бітіріп бейнелі дүниеге айналдыру да осы детальдың шеберлікпен жасалып, орнын тауып қолданылуына тіке байланысты. Оқиғаны немесе көрініс суретін бошалаң сөзге тоғыта бермей, әр сөзін айқын суретке айналдырып, шалқар шындықты, көл-көсір мағынаны сиғызады. Дәл осындай, суреткердің шабытты шағынан туған тірі детальдың бір мынау: «Бір шоғыр тобырмен жолаушылап келе жатқан Көбеш батырдың алдынан екі жаққа тартқан екі басты жылан кездеседі. Көбеш батыр алыстан жарқырап, көз арбап көрінген нәрсенің жылан екенін көріп, тұнжырап барып: «Кием болсаң жарылқарсың да, кесірім болсаң қанға боярсың»,- деп қылышпен ортасынан қақ бөліп тастайды. Автор бұл уақиғаны – сол тұстағы қоғамдық жағдайды астарлап жеткізу үшін арнайы алған. Әрі деталь туындының баяндалып отырған оқиғасына сай орнын тапқан. Жазушының әңгімеге – Алтай-Қобданың орталыққа қараған мезгіліндегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды тарихи астар етіліп алып отырғандығы да осы детальдан аңғарылады. Сол заманда Алтай-Қобда елін сырттай басқарып, ие болуға тағайындалып жіберілген жергілікті мансаптының бірі – Шаған Кеген. Жергілікті халық Шаған Кеген атандырған сол мансапты алыстан қарағанда, момын елге бақ әкелер жарылқаушыдай көрінгенімен, зәрін ішіне жиған нағыз зәндемінің өзі бола-тұғын. Автор сол кездегі қоғамдық жағдайды осы шағын детальмен астарлай жеткізіп тұр. Сөзді ғана емес, ойды сығымдап берудің ең бір оңтайлы, әсем тәсілі – детальды шеберлікпен кәдеге жарату. Жазушы шеберлігін сынайтын, шығарманың құндылығын арттыратын нәрсе де осы – детальдың дәлдігімен, орынды қолданылуымен әйгіленіп жатады. Деталь – образға толы жанды сурет қана емес, өмір шындығының бар сырын тұтас, түгел жинақтап шапшаң жеткізетін асқан ұтымды амал. Деталь орнын тауып қолданылса – шығармаға эстетикалық қуат та, әсерге толы жылылық та үстейді. Суреткер көркем шығармада өзінің идеялық мақсатын берік есте сақтай отырып, ойдың образды дәлдігін іздейді. деталь арқылы кейде кейіпкер психологиясының нәзік ирімдерін бейнелесе, кейде көрініс пен оқиғаның астарын ашуға қолданады. Қысқасы, жазушы нені суреттеп сипаттасада, ең әуелі оны қандай мақсатта жұмсауына қарай әрекет етеді. Мағаз Рзарданұлы жоғарыдағы әңгімеде жыланды қоғамдық жағдайдың яғни уқиғаның астарын ашу мақсатында керекке жаратса, ал, «Алтайдың ақиқтары» атты тарихи романында жыланды – келесі эпизотта ілкі танымды көрсетудің бір деталы етеді. Онда, «Жолды кесіп өткен жылан, егер дуалы болған (яғни ісі қара) болса адамға кезігіп ажал құшады, ісі ақ болғандары аман-есен өтіп кетеді екен»,- дейтін нанымды танытудың оңтайлы тәсілі етіп кәдеге асырып жыберген. Мағаз Разданұлы оқиғаны образбен, жанды детальмен жеткізуде ғана емес, табиғат суретін беруде де шебер суреткер екендігін көрсетеді. Мына бір пейзаж суретін мысалға алайық: «Алтайдың күнгей бетіндегі қас батырдың төбе құйқасына төбелесте түскен айғыз-айғыз жіктей, атжал-атжал самалары еңку-еңку шатқалдарды бірінен-бірі бөліп, ұңғыл-шұңғыл терең де шыңырау тарам-тарам сайлардың сансыз тізбегін қалыптастырған. Соның біреуі ақбас шыңдардың көпірген көп бұлағынан құралған ағайынды «Үлкен қыран» мен «Жіңішке қыран» ұлы таудың алқымына жетпей-ақ қосылып алып, «Қыран» деген әйгілі есімімен «біз құйатын мұхит қайдасың» деп асыға жүйткиді. Сай тағанының сұп-сұр малта тастарын біресе сүзістіріп, біресе тебістіріп ойнаған асау қыран осы бір жазық жұртқа шыққанда табиғат ананың әсем көркіне мейірлене қарап біраз тыныстап алады да, екі кезеңнің тар қысаңынан қысылып шығып шалжиып барып дала төсін құшады. Сонсоң ертіске қарай бөктерлей тартады. Алтай тауының осындай көк орманымен көмкерілген тентек өрендері мен кеуделі кезеңдерінен, керген төстіктей жазық далаларынан табаны күректей он ғасырға тайау уақытты артына тастаған керей керуенінің айқыш-ұйқыш іздерін көруге болады» («Алтайдың ақиықтары» романынан). Бұл үзіндіде табиғат суреті идеялық мақсаттың тынысын ашып, көкжиегін кеңейтіп тұр. Бірде-бір жалт-жұлт еткен жасанды көрініс, құбылмалы боя жоқ. Соншалықты табиғи, қарапайым, жағымды шыраймен жайлаудың мөлдір тұмасындай тұп-тұнық қалыпта мөлдірей қалған. Айтты-айтпады, Мағаз Разданұлы табиғат суретін барынша еркін, тап-таза реальды бейнеде көрсете біледі. Бұл жағынан Жазушы Мағаз Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Омарханұлының төл шәкірті. Айта кететіні табиғат суретін беруде баяндап отырған оқиғаға қосымшсы жоқ бөлек, жасанды сурет жасамайды. Көркем әдебиетте, мазмұнды байытып, ажарландыра түсу үшін, әсіресе оқиға астарын, характер сырын ашу үшін пейзаж өте-мөте керек. Шын суреткердің таланыты, стилы пейзаждан анық танылады. Өйткені, пейзажды жай ғана табиғат суреті деп тұжырсақ тым қысқа қайырып, тым бері таманғы танымда қалған болар едік. Пейзаж табиғаттың қаламмен салған бояулы картинасы, жанды көшірмесі емес, онда өмір жүрегінің лүп-лүп соққан үні бар; тірлікке жаңа рең, жас ажар беретін қуат бар; күллі дүниені құлпыртып, гүл аттырып ала жөнелетін құдірет бар; тағы-тағы сан-санақсыз кереметтің асып төгілген шетсіз шетінің қаншасының құлағы қылтиятыны белгілі. Сол себепті де пейзажды жазушының стилін айқындайтын, адам психологясын, сюжет сырын ашатын кең ауқымдағы арналы тәсіл деп ұққан дұрыс. «Жауырын ортасынан құлап түсіп құндыздыққа барып тірелетін арудың бұрымындай қыранның көкбұйыра орманы ішінара құбақандағаны болмаса, әлі де өңін бере қоймаған» («Төрт жамбы» әңгімесінен). Қараңыз: «Жапырақ сарғайды немесе ағаш басы сарала бояуға енді» деген сияқты дағдылы суреттеуді көп қаламгер жазды. Бірақ, ағаш басы құбақандады дегенді Мағаздан ғана көріп тұрмыз. Қандай жарасымды, қандай табиғи сурет?! Көркем әдебиет әрдайым мазмұндағы жаңалықты, тілдегі сонылықты талап етеді. Оқырман әдеби тілде жиі қолданылатын көп қолды, дағдылы көркемдегіш сөзді оқи бергеннен жалығады. Сол үшін де шебер жазушы қашанда әр туындысында су жаңа сонылық іздеуге талпынады, әрі солай жасайды. Алайда, қаламгер жаңалық тудырамын, өзгеше үлгі жасаймын деп әдеби тілдің нормасын бұзып, жүйесіздікке ұрынудан сақтана білуі керек. Жаңалық – мүлде жоқ дүниені ойлап табу да емес, ешкім де олай істей алмайды, әрі мүмкін де емес шаруа. Тіл қорындағы әр сөзді орнын тауып қолдана білсең жаңалық, тапқырлық деген сол. Жазушы шеберлігінің ең ірі қырлары да сөзді шебер, дәл орнын тауып жұмсай білуімен көрінеді.



Мағаз Раздан ұлы – ешқандай арнаулы тақырыппен энтографиялық еңбек жазбай-ақ білгір этнограф қатарында тұрады. Өйткені, оның прозалық шығармаларының мазмұны мен тілінен ұлттық танымнан терең тамыр тартқан тұма-қайнарды, этнографиялық қазынаны таба аламыз. Жазушының «Соңғы ас» атты әңгімесіне қазақ халқының салт-дәстүрлері ғана емес, бүкіл болмыс-бітімі, мінез-психологиясы түгел, тұтасымен сиып кеткен. Әрине, автор ас беру, өлім-жітім салтына байланысты атқарылатын құлақ сіңді, көзтаныс салттық жайларды жансыз баяндап, жапа-тармағай тізе берсе, көпшіліктің көңілін ұйытар әсер түгіл, тұлғасы бүтін шығарма да болмас еді. Керсінше, ұлт мәдениетін, танымын арыдан қозғап айпаралайтын детальдарды біртұтас түбегейлі мақсатқа бағыттай отырып, көз алдыңа тірі сурет етіп жайып салады. Міне, жазушының терең білімдарлығымен қоса, шебер суреткерлігі де осында, әңгіменің ой өзегінде – кілең этнографиялық ұғымдарға желі тарта отырып, ұлт рухы, дәстүрлі мәдениеті, далалықтардың ежелгі кең қолтық дарқан мінезі, аңқаулығы мен бейғамдығы, сөз танығыш, жүйеге жығылғыш шешендігі және туған тауындай асқақтығы... бәрі-бәрі де бір ғана әңгіменің шанағына сидырылып суреттеледі. «Соңғы ас» та – тіршіліктің ақырғы бекеті саналатын өлімнің өзін зор салтанатқа, ұлт танымы мен мәдениетін танытатын терең арналы тамырға айналдырған өзгеше һәм бөлекше дегдар мінездегі халықтың бүкіл болмысы өз бояуымен көрініс табады. Сахара жайлаған халықтың бай мәдениеті, салт-дәстүрі қалпы бұзылмай тұрған ата заманында – атағы алысқа кеткен белгілі адамдарға бүкіл ел, ру атынан ас берілетін болған. Ол кездегі ас беру – жай ғана қайтыс болған адамның жылдығы емес, онда бір халықтың өмір салты, заттық және рухани мәдениеті тұтасымен көрсетіліп әйгіленеді. Қаралы күннің белгілері алынып, салттық жосындар өтеліп болған соң, соңын той салтындағыдай ұлан-асыр мерекеге ұластырып жібереді.


Туған халқының тарихи кешірмелерін, салт-дәстүрлерін өте қанық біліп, көңіл сандығына сақтай білген, даласындай дарқан да асқақ, сұлу мінезін бойына сіңіріп өскен шешен, шебер суреткер Мағаз Разданұлы «Соңғы ас» әңгімесінде талай қымбат қазыналы ойды ақтарып кеткені анық. Автор керейдің жәдік атасынан тарайтын Тоқбай Есілбайұлының қайтыс болғанынан, асы беріліп тарқағанға дейінгі аралықта атқарылатын түрлі салт-дәстүрлерді шығарманың оқиғалық арқауына айналдыра отырып, қазақ дейтін халықтың ата заманғы тарихи өмір шежіресін, этнографиясын, философиялық ойлау жүйесі мен болмыс-табиғатының сыр-сипатын алдыңызға жайып салады. Артына алып аңыз қалдырған «Тоқбайдың асы» - бәрінен салтанатын асырған атақты ас болып қана қалған жоқ, қазақтың шежірелі өмір салтының, аққаптал тарихының тәбәрәгі, соңғы естелігі де болып қалды. Тегі, жазушының өзі айтқанындай «Соңы ас» - қазақтың тұтас болмысын танытатын соңғы ас қана емес, салт-дәстүрлерінің яғни тұрмыстық және рухани тіршілігінің де тұтасымен қанық көрініс тапқандығының бір парасы еді. Автор осы салтанаты асқан асты суреттей отырып, қазақ жұртында ежелден бар, бірақ бүгінде ұмытылып желісі үзілген ескі бір салтты, өзгеше бір қырымен әңгімеде көрініс таптырады. Бұл – әңгімеде былайша беріледі: «Долда әкесінің үйінің есік алдынан бір күрке жасап алды да, содан шықпай қойды. Төрт ағаштан жасалған өренің үстіне ескі киіз жапқызып, астына жабу төсетіп, ескі күпі, жыртық тымақ киген Долданың осы мүсіәпірлік хәлі әке азасының үлкен белгісі еді» («Соңғы ас» әңгімесінен).


Фольклорлық жәдігерлерде, ерінің қаралы хабарын естіген яғни иесі өлген әйел ақ жүзін жыртып, өзін аса мүсәпір, керексіз хал-қалыпта көрсетеді. Бұл қайғы-қасіреттің ең бір ауыр белгісі есептелінеді. Ал, қайтыс болған адамның ет жақыны – әке-шеше, бала-шаға, туыс-туғаны яғни ерлер тарабы қайғылы халын білдіретін ишаратты жосындар жасайды. Соның бірі ескі киім киіп, қаралық белгі тағып, таяққа сүйеніп тұрып жылау, жоқтау айту. Немесе көпке кездеспей, сөйлеспей, бас көтермей қайғыланып жатып алу, т.б. кездеседі. Мағаз Разданұлының «Соңғы ас» әңгімесінде өліге құрмет көрсету, аза білдірудің ескіден қалған осы бір салт-жосыны баян етіледі. Әңгіме осындай бағалы этнографиялық ұғымдарды қайта жаңғыртып көрсетуімен де құнды. Осы жерде әңгімеге орай айта кетейік: Сол заманда, қаралы туды жығардың соңғы күндеріне дейінгі өтелетін салттардың көбі қазір орындалмайды, атқарылуы да мүмкін емес. Жаңа заман адамдардың тіршілік дағдысын өзгертті, соған ілесе салт-дәстүрлердің біразы біртіндеп «өлі дүниеге» айналды. Көне мәдениетке қатысты құнды дүниелердің, салт-дәстррлердің бірте-бірте ұмытылып, өшкіндеп барып жоғала бастауының бір себебі де осында. Соның салдарынан, көркем әдебиет пен өнерде салт-дәстүрлер кейде жаңсақ баяндалып, көрсетіліп жүрген жақтары да жоқ емес. «Соңғы ас» міне осы жақтардан үлкен өнеге боларлық шығарма. Бұл әңгімеде қазақ халқының мінез-болмысын танытатын қызықты епизодтар аз емес. Соның бірі, ру намысы дегенде бір сәтте бәрін қайырып қойып, «аттандап» шыға келуге дайар тұратын қызба тентектеу мінезін, ешкімге кеудесін бермейтін өрлігін көрсететін көрініс. ас бәйгесіне байланысты екі ру арасында намысқа шабар сөз айтылып, бірдемде сатыр-сұтыр атқа қонып, неше жүз қаралы топ ұран шақырып төбеге топталады. Сонда әлгі топты көріп отырған мылжыңдау біреу: «Дүниеде осы керей көп пе? әлде…?»,- деп айтып салады. Автор осы сөзді кейіпкердің ауызына текке салып отырған жоқ. Ұлт мінезін таныту үшін алған жазушының тапқан бір тәсілі. Мұнда, ешқашан да екі халықтың көп-аздығын салыстырып отырған да жоқ, бұл – бөтен бастақ астар іздейтін бүкпесі бар сөйлем де емес, тек қазақ деген халықтың кейде осындай даңғойлау әсіре мінезін көрсетудің әсем бір жолы болатын.

Ұлт мінезіндегі өзгеден бөлекше сипаттарын – батырлық өрлігін, кеудесін бермейтін асқақтық немесе тіпті шегінен шыға алқыған даңғой, дарақылықты көрсететін бір алуан жайларды Мағаз Разданұлы ғана емес, көркем сөздің ұлы биігін жасап кеткен заңғар тұлға Мұхаң – Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпофеясында жазғанын талай деректер дәлелдеді. Ол болса – Абайдың Оразбай жағынан сабалған оқиға тұсында, «тындырған жұмыстарына» мастанып қымыз ішіп шалқыған жігітектің екі жігіті әйел ауыстырайық деп келісіп, солай істейді. Кейін романдағы айтулы «әйел ауыстыру» атты епизод көпшілік оқырман, зерттерменнің пікірімен қалдырылады. Ұлы Әуезов романында ұлт мінезіндегі осындай бір өрескел «қиғаштықты» айта кетуді де орынды тапқан болатын. Ал, Мағаздың әуелгі мақсатында осындай алысты көздеген үлкен үзілмес сыр, шешусіз ишара жатқаны анық еді. Әңгімедегі «Өліктің кеудесіне сексен сәрі қара жамбы бастыруы», сеп жаю, сеп жю, көңіл айту, жоқтау, аза тұту, жер ошақ табағы, жер ошақ бәйгесі, т.б. салттарды автор туындының өзегіне жымдастыра отырып, тартымды қоңыр үнді тамаша дүниеге айналдырады. Қысқасы, «Соңғы ас» - этнографиялық бояуының қанықтығы, тілінің шұрайлылығы жағынан да, әңгіме жанрының көркемдік-жанрлық теориялық талаптарына жауап беру жағынан да, қазақ прозасының шоқтықты туындыларының бірі есебінде әдебиет тарихында қалар көрнекті туынды. Суреткер сырының алдында тағызым.

Бөлісу:

Көп оқылғандар