Әнуарбек Бимағамбет. Өлеңді ұлт үшін жазып жүрмін деп өтірік айтпайын

Бөлісу:

07.10.2021 3928

Бимағамбет Әнуарбек Қосымұлы 1980 жылы Маңғыстау облысындағы Қосқұлақ ауылында дүниеге келген. Ақын, журналист. «Шабыт – Millenium» халықаралық фестивалінің және «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалдарының, Дарын сыйлығының лауреаты атанған. Еңбек өтілін «ТVТ» телестудиясында, «Үш қиян» республикалық газетінде меншікті тілші (1999 – 2002) болып бастап, кейін республикалық «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызметін жалғастырған. 2000 жылы «Абылдың ақ жорғасы», «Құлагер – Құлын» секілді алғашқы өлеңдерімен әдебиет әлеміне қадам басқан. «Жетімтоғай жапырағы», «Оғыланды жырлары» жыр жинақтарының авторы. Қазір «Mangystautv» филиалының, «Aqtautv» телеарнасының басшысы. Республикалық «Әбіш Әлемі» журналының бас редакторы. Өлеңдері испан, әзірбайжан тілдерінде жарық көрген.

- Әнуар аға, қазіргі қазақ поэзиясында қалыптасқан іргелі мектептер бар. Мәселен, Сұраған Рахметұлының, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының, марқұм Есенғали Раушановтың және Маңғыстау өңіріндегі дәстүрлі жыраулар сарынын жалғаушы ақын Светқали Нұржанның жыр-мектептері. Сіздің қаламгер ретінде кәсіби деңгейге көтерілуіңізге сеп болған мектептер бар ма? Өлеңдеріңіздің әуезі, құрылымы, ішкі-сыртқы иірімдері Есенғали Раушановтың мектебінен тәлім алып, ұстаз тұтқаныңызды байқатады. Алғашқы бастау алған тұнығыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

- Жоғарыда атаған ақындарыңызды қазақ поэзиясының пірлеріне теңесем кішік, пайғамбарларына теңесем ұлық емес. Мектепті қалыптастыратын – мықтылық. Бұл мықтылықтың критерийі (яки мектептің) тек өлең ғана емес, өмірлік ұстаным, адами қасиеттерге де сүйенеді. Өз басым осы аталған ағалар мектебінің қай-қайсысын да құрметтеймін, жатырқамаймын, бірақ сол мектептің өкілімін деп айта алман-ау, айта алман. Неге? Біздің ағалы-інілі болып сыйласқанымыз, аралас-құралас болғанымыз бізге сол мектептің шәкірті деген статус әпермейді. Раушанов мектебінің шәкірті ағамды өмірде көрмеген, жылы лепесін естімеген қиян ауыл, қиыр түбектегі бір қара бала болуы әбден кәдік. Есенғали ақынның стиліне ұқсатыңқырап жазу қазір біраз жас ақындардың қолынан келіп қалады. Құрығанда имитация жасау. Кейде белгілі бір ірі мектептің өкілі болғаннан гөрі ақынның жанын, сырын, жұмбағын түсінген шынайы оқырманы болған көп абройлырақ па деймін. Алдымен ағалардың ширек бойына жететін шығарма жасап алайық. Шәкірттік туралы сосын айта жатармыз... Ал алғашқы бастау тұнық: қазір қалам ұстап жүрген қатарласарымның бәріне дерлік тән қара шалдардың қара әңгімесі, кемпірдің ертегісі, жыр-эпос тағысын-тағылар.

- Дегенмен, алғашқы қадам, алғашқы бағыт бар ғой?

- Алғашқы деген ұғым бар, әлбетте. Алғашқының бәрі аяулы. Алғашқы ұстаз, алғашқы махаббат, алғашқы достарың... Құранда да, сауаттылар түзей жатар, "сабиқун уә сабиқун" деген аят келеді. Алғашқылар – әманда алғашқылар дегенге саяды. Сен басқасын емес, әдебиеттегі алғашқы ұстаз кім екенін сұрап отырсың ғой, ол – Айтман ақын. Светқали Нұржан. Бір буының кем түссе бекіткен, бір ұйқасың босаса ширатқан сол. Одан кейін Сабыр ағамыздың поэзиясын оқып өстік. Тыныштықбек ағамның "Ақшам хаттарын" сүйдік. Мейірхан ағаның "Дәруішнамасы" дәру болды. Лириканың көкесі Тұманбай мен Сағи екенін енді ұғып жүрміз. Нақтылық пен пәлсәпаны Қадір, Жұмекеннен көрдік. Тотияйын тілді өрт пен күйікті Өтежан ағадан таттық. Құдайға шүкір, көп қой ақын да, аға да... Інілікке, шәкірттікке лайықпыз ба? Сұраққа сұрақпен жауап бергеніме кешірім сұраймын.

- 2017 жылы қазақ ақындарының испан тілінде жарық көрген антологиясында Абай, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Күләш Ахметова, Аққұштап Бақтыгерева, Жанат Әскербекпен қатар Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс және сіздің өлеңдеріңіз тәржімаланды. Испандық баспалардан түскен ұсыныстар мен стратегиялық серіктестер кеңесі негізінде жүзеге асырылған жоба қазақ ақын-жазушыларына қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Жазушы Смағұл Елубай өзінің испан тіліне аударылған шығармасына көңілі толмай, кейін жарияланған мақаласында әдеби агенттерсіз сапалы аудармадан үміттенбеуіміз керектігін айтқан болатын. Сіз қалай ойлайсыз?

- Осы жобаның ұйымдастырушыларына, тізімге қосып, аудартып жүрген жанашырларға көп рахмет! Әрине, алыс-жақынмен әдеби байланыс, шығармашылық интеграция қажет-ақ. Сол испан тіліне аударған ақын да қателеспесем дүние салды жақында. Рухы разы болсын! Аударманың сапасына қатысты Смағұл ағамыз бір нәрсе айтса біліп айтқан болар, оған да шәк келтірмеймін. Сол испандарда өзі "испандық ұят" деген ұғым бар. "Spanish shame" дейді ағылшындар. Біреу үшін біреудің ұялуы. Маған салса аударманың сапасынан бұрын оқырмандардың біздің жазғанымызға ұялмағаны уайым. Аудармаға лайықты тұлғалар, лайқат шығармалар бар қазақта. Әдеби агенттер соларға керек! Бізді қазақ оқыса да аз емес. Есенғали ағамның бір әзілі бар: жер табандап жүре алмай жатқан мас көрсе, "ай, азаматым-ай, қайтсін енді, осының бәрі ел үшін, қазақ үшін күйіп ішіп жүр ғой" дейтін. "Қазақ үшін жан қинамай жүріп-ақ, қазақ жазушысы атанар ма екенбіз..." дейтіні тағы бар. Өлеңді де ұлт үшін жазып жүрмін деп өтірік айтпайын, өзім үшін, өзімнің ішкі жан-дүниеммен сөйлесу үшін ғана жазамын. Оның қазаққа не қажеті бар? Испанға "тем более..."

- Оқырман қауым сізді «Жетімтоғай жапырағы», «Оғыланды жырлары» атты жыр жинақтарыңыз арқылы таниды. Шамалауымызша, соңғы кітабыңыз 2005 жылы шығыпты. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Кітапқа қатысты жоспар жоқ. Не қажеті бар өзі? Әбіш ағам айтқандай "адамды адам қылған – кітап, адамзатты адамзат қылған – кітапхана". Мен кітап оқу мәдениетіне қарсы шығып отырғаным жоқ, дұрыс түсініңіз. "Сатпайтын дос, адал дос" қой ол. Егер сол кезде ақылым болғанда екі кітапты да бастырмаған болар едім. Ішінде қате, шалалық көп кетті. Жастық максимализм деп жақауратудың қажеті жоқ. Жақсы жаза білу керек, сонда жақсы кітап шығады. Жылына төрт кітап шығарып, мұнайшыларға көтензорлықпен айлықтарынан ұстап өткізіп, кейін ол кітаптың Қаражамбас пен Қаламқастың вахта қалашықтарының әжетханасында тұрғанын көрген автор намысы болса сол әжетханадан шықпай қалуы керек қой... Маған әзірге әлеуметтік желі жеткілікті. Жазғанымды сол жерге саламын. Сол жерден кезіккен жан оқиды. Үкіметтің де, мұнайшының да ақшасына шығыным жоқ. Зияныңды тигізбей жүрсең – үлкен ақындық сол!

- Марқұм Есенғали Раушанов өлең отызға дейін туады, отыздан кейін өлең техникалық шеберліктің, қалыптасқан дағдының арқасында жазылады дейтін. Осы оймен келісесіз бе?

- Белгілі дәрежеде келісемін. Жасым қазір қырықта. Кейде өзімді қайталап отырғандай боламын. Кейде біреуді қайталағандай көрінеді. Екеуінің қайсысы сорақы, білмедім. Көп жазған адамда техника, шеберлік, дағды қалыптасады. Бірақ оны өзіндік стиль қылғандардың жөні бөлек. Вариация деген көп жағдайда абырой әпере бермейді. Өлең құрастырылмайды. Өлең құрастырылатын болса, өлең құрастырып беріңіз. Ол жазылады. Бірақ, құрастыратындардың бар екенін жоққа шығармаймын. Құрастыру мәселесі таланттың кемдігінен, керісінше тәжірибенің көбеюінен де болуы мүмкін. Мен өзімді жазамын деп есептеймін.

- Сіздің шығармашылығыңызға мезгілдің әсері бар ма?

- Ең алғашқы ұят, иба, ізгілік, сезім атты қасиеттер күзде пайда болғанын бір ағамыз айтатын. Және ең алғашқы өлең де күзде жазылған. Мен де осы әңгімеге қосыламын. Күздің жанымызға жақын екендігі рас. Мойындаймыз. Ал, уақыт таңдауға байланысты, таңертең я кеште, түнде жазу мәселесіне есеп жүргізіп көргенім жоқ. Таңертең өлең жазып көрмеппіз. Қалған уақыттарда ыңғайына қарай жазыла береді. Жалпы, қалай жазылады деген сауалға менің замандастарым, маған дейін де талай қаламгерлер жауап берген шығар. Мен мынадай уақытта, мынадай көңіл-күйде, аспаннан келіп ақ нұр тамады, болмаса ішіңнен сыздап жарып шығады, қандай да бір галограммалық қияли-сәуле толқындары сені тербетіп, өздігінен қаламның ұшындағы сиядан өлең боп төгіледі деген хәлдерді кешіп көрмеппін. Менің практикамда жоқ. Өлеңді құрастырмау үшін, жазғың келген уақытта, жазбасқа әбден болмағанда жазу керек. Көлем толтырып, көлем қуалап, кітап жазып шығуым керек деген жоспар болған емес. Тылсым деп айтады, тылсым түгі де жоқ. Ғайыптан келіп құйылады дейді. Мен оны сезініп көрмеппін. Өлең адамның өзінің ішкі-жан дүниесіне саяхаты деп ойлаймын.

- Қазіргі әдеби процесстерге араласпай, өзіңізді ортадан алшақ ұстайсыз. Саяқ жүруіңіздің себебі бар ма?

- Бәлкім география, бәлкім мінез, болмыс солай шығар. Аса қатты кісікиік емеспін. Жүрекке жақпайтын жерлерде жүргім келмейтіні рас.

- Қателеспесек, бір жылдары «Шабыт – Millenium» фестивалінің лауреаты атандыңыз. Сол уақыттағы қазылар алқасының төрағасы ақын Фариза Оңғарсынова болатын. Сіз жүлдегер атанған кезеңдегі фестиваль қаншалықты әділ өтті? Соңғы жылдары «Шабыт» байқауы неліктен алынып тасталды деп ойлайсыз?

- Оны сол ұйымдастырушылардан сұрау керек шығар...

- 2016 жылы «Тіл таңбалы ақындар атты» Маңғыстау жыршыларының 5 томдық жинағы жарық көрді. Жыраулар поэзиясында мақамы мәшһүр Маңғыстау өлкесінің орны ерек. Антологияның нақты қолжазбалар мен үнжазбаларға сүйеніп, ғылыми негізде зерттелуіне аса мән бергенге ұқсайсыз. Бұл еңбектеріңіз еленіп, өз бағасын алды ма?

- Ол кітап ең алдымен бас құрастырушы, марқұм Жетібай Жылқышыұлы деген әкеміздің еңбегі. Сосын бұрынғының сөзін, сазын ізеуірттеп жүрген Светқали, Елдос, Сұлтанбек, Ақылбек секілді аға-бауырлардың, оның алдында да осы салада ізденген аға буынның көз майы. Менікі тек баспа, демеуші секілді жұмыстарды үйлестіру ғана.

- Жеке творчестваңызға саясаттың салқыны түскен кезі болды ма?

- Шығармашылықты саясаттың ауылынан аулақ қондыруға тырыстым. "Сен айналыспасаң, сенімен айналысады" дейтін дүние ғой. Ішінара кезігіп, кей жерлерден иісін сезіп қалып жатсаңыз, қалыпты жағдай деп қабылдаңыз.

- Ақындарға неге ғаламның мәні тарлық етеді?!

- "Алматы маған аздық етеді шамамда" деп жазды ғой, Есағам. Алматы аздық қылғанда ғалам да аса кең болмай тұр ғой... Аяулы әм жақыныңызды жоғалтып алсаңыз оны ажалдан көресіз, Алланың салғаны деп көнесіз. Жаныңызда күнде көріп, қатар жүрген досты жоғалтып алуыңыз да ғажап емес. Ол әлі тірі, бар. Сен жұтқан ауаны бірге жұтып, сен жүрген жерді тең басып жүр. Бірақ ол жоғалған... Сондай кезде сізге де мына ғалам тарлық етеріне иманым кәміл. Бізді де жоғалтып алмай, іздеген ініге бек рахмет!

- Уақыт бөліп, шынайы сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар