Жабал Ерғалиев. Құшағы суық дүние

Бөлісу:

12.10.2021 5496

Сол түні… Григориан күнтізбесінің 2004 жылғы желтоқсанның 26-шы жұлдызында рихтер шкаласы бойынша тоғыз балдық жер сілкінісінен Үнді мұхитының түбі қозғалды. Алапат толқын көтеріліп, Малай архипелагындағы жер шарындағы ең үлкен Суматра аралын су шайып кетті. Сол түні адам баласы бұрын-cоңды естіп білмеген ғаламат апат болған еді…

***

Сол түні жылдың төрт мезгілінің мінезімен көгеріп көктем, құлпырып жаз, сарғайып күз, ағарып қыс болып құбылып тұрар Сарыарқаның көгілдір Көкшесі атанған табиғаты ғажайып бір аймағының шалғайындағы шағын ауылының да адамдарын үрей билеп еді.

Желтоқсанның соңғы күндерінің бет қаратпас шыңылтыр аязы мен түтей соққан үскірік ақ боранынан бұғып жатқан ауылдың ірге тұсындағы шоқ қайыңды Сәуріккескеннің алаңындағы ертеден… және де қашаннан бері пайда болғандығын да жан баласы жете біле бермейтін «Бала бейіті» қорымы жақтан жас баланың шырылдап жылағаны естіліп жатты.

Сол түні далада боран ұлып тұрды… «Бала бейіті» жақтан естілген әлде бір жас баланың әлде бір кейіген, кейде ішегін тартып, біресе талықсып, бірде солығын баса алмай ұзақты түн шырылдап, жылағаны ауылдың кәрі-жасының бәрінің де үрейін алып еді.

Осы бір бейбақ бала баяғыдан… ертеден осылай жылайтын еді… Тағы да сол! Ертеде… тым-тым ертедегі жаугершілік замандардың бірінде әне-міне айы-күні жеткелі тұрғанына да қарамастан сорлы анасын «сүйекке таңба салды» деген айыбымен тірідей көме салған шақта, іште шырылдап жатып, көрде туған бала дейтін еді білетіндер.

Өз анасын іздеп, сол шырылдаған баланың жылағанына да бұл ауылды қойып, осы төңіректің адамдарының бойлары үйренгелі де қашан. Сорлы бала әр кеш түскен сайын іңір қараңғысымен зарлағанын қояр деген үмітпен талай бір діндарлар жиналып мал сойып, құран оқып, арнайы ас та берілді. Құрсағында жатқан өзін анасымен бірге тірідей көме салған жер бетіндегі тірілерге деген өкпесі мен ренішін кешіре алмады ма, сол бейбақ бала түні бойы өз зарына басуын қоймады бір…

– Е, құлыным-ай, бар ма едің?!, – деген осы бір ауыз сөздің аузынан қалай шығып кеткендігін де аңдамай қалған Ақмәди қарттың қос жанары жасаурап кетіп еді сол сәтте.

Манадан бері «Бала бейіті» жақтан естіліп жатқан баяғы сол баланың сол баяғы зарлы үнін тыңдап, кең дүниеге терезеден көз салып, қос жанарының талғанына да қарамастан телміре қарап ұзақ тұрды.

Ақмәди қарттың есінде бәрі де… Біраздан бері… тіпті ұзақ жылдар бойы зарлы баланың әр түн сайын зарланар үні сап тыйылып қалған кезі де болды. Алғашында бұған ел іші мән де бере қоймаған еді.

Бетегесі белден келіп, жайқалып тұрған осы ауылдың маңындағы көкмайсалы кең даласын жыртып, егін саламыз деп шеттен келгендер не бір тракторлары мен соқаларын жақын маңдағы темір жол стансасынан түсіріп алып, тап осы «Бала бейіті» жанындағы шоқ қайыңның түбіне қоныстанып, қостарын тіккен болатын. Өздерін тың игерушілерміз деп өзеуреген сол жат жұрттықтар көп ұзамай «Бала бейітінің» мазасын алды.

Мазасын алды деудің өзі жай болар, не бір сорақы бейбастықтар жасады. Масайып алған тың игерушілердің қыздары мен келіншектері де жартылай жалаңаштанып, бұл дала бұрын-соңды көрмеген әбестіктерге де барып жатты. Кеш болса сырнайлатып, іңірттегі даланың ауасын жаңғыртып бұл өңірге жат бір әнге салатын.

Сол тың игерушілердің ас-суына қажет болды ма екен, көп ұзамай «Бала бейітінің» жанындағы қайыңды алқаптың маңына шағын қора да тұрғызылып, біраз доңыз да жеткізілді. Арам мал болған соң ба, әлгі доңыздар да тез жерсініп, көп ұзамай төлдеп берсін. Тез өсіп-өнген доңыздың мегежіндері мен торайлары шұбырып алып, айнала төңіректегі шоқ қайыңдары мен тал бұталарын кезіп, жайылып жүретінді шығарды. Кейде жап-жасыл жерді қопарып, астан-кестен қылып кететін де болды.

Сол шұбырып, жайылған доңыздар «Бала бейітінің» де ойранын шығарды. Соны өз көзімен көріп жүрген Ақмәди маңайдағы тоғайдан ұзындау көк теректерді кесіп алып келіп, бейітті өзінше қоршаған да болды. Бұл да бейітке пана болмады. Баяғыдан жермен жексен болып кеткен моланы доңызы қазып, масаңдау орысы аунап жатып арағын ішетін қасиетсіздіктен «Бала бейітінің» киесі шошынды ма, көп ұзамай мына бейбақ баланың да түнгі зары сап тыйылған-ды.

Мына опасыз жалған дүниенің жан-жағынан қаулап бара жатқан арамдығы мен жамандығынан көрде жатқан баланың да шошынғаны болар… ол содан бері жарық дүниеге үн қатпай қойған еді…

Сол түні… Григориан күнтізбесінің 2004 жылғы желтоқсанның 26-шы жұлдызында рихтер шкаласы бойынша тоғыз балдық жер сілкінісінен Үнді мұхитының түбі қозғалды. Алапат толқын көтеріліп, Малай архипелагындағы жер шарындағы ең үлкен Суматра аралын су шайып кетті. Сол түні адам баласы бұрын-cоңды естіп білмеген ғаламат апат болған еді…

***

Сол түні… Сыртта ұлыған боранның долыра соққан екпіні мен гулеген желі сол сорлы баланы әр үйдің терезесінің түбіне әкеліп шырылдатып қойғандай еді. Біраздан бері электр жарығынсыз қалып, балауыз шамның сықсиған әлсіз сәулесімен ғана отырған бір қотан ауыл қара түнек дүниенің қараңғылығын енді сезінгендей болды.

Ұзақ жылдардан бері осы ауылдың әр көшесін қойып, әр үйі мен әр ауласын түн баласы самаладай жарық сәулесімен ажарландырып келген электр қуатын беріп тұрған «подстанция» дегеніңізді әлдекімдер өз меншігі етіп алғаннан кейін, пайдаланған жарықтары үшін ақыларын төлей алмай отыр­ған ауылдың қотанына кірер бағана басындағы сымды қыйып тастаған еді.

Қараңғы дүниенің сол бір қараңғы түнін ұйқысыз өткізгендердің бірі Ақмәди шал болатын. Осы ауылдың тірі шежіресі де, жазып қойған хаты да бір өзі. Аламан ғұмырының бар санасында қайыра жаңғырған «Бала бейітінің» және адам баласының мәңгілік мекенінің аралында шырылдап жатқан, алайда жан баласының көзіне ешқашан бір түсіп көрмеген мына бір бейкүнә сәбидің хикаясын бір білсе, өзі білер. Оның өзінде де ертеде… сонау бала кезінде естігені болмаса, бұл оқиғаның қашан болғандығын дөп басып ол да айта алмас еді.

Әлқисса, ертеден… тым-тым ертеден бері айтылып келе жатқан және де кейінгілердің құлағына әбден сіңісті болып, әлі де ұмытылмаған мына бір оқиға мұның да есінде…

Ертеде… қашан екенін және ешкім де анық біле де бермейтін, әйтеуір ертедегі бір жаугершілік замандарда қазақтар мен қалмақтар арасында қырғын шайқас болды десетін. Аққан қан мен шыққан жанның есебін де ешкім біле алмай қалған көрінеді.

Көгілдір әлемнің көгіне қол созған көк қарағайлы Оқжетпестің биік шыңының ұшар басына ұя салып жүрген көк қаршыға да ұрыс даласында қансырап, ыңырсып жатқан адам баласының аянышты үнінен шошынып, ұясынан безіп кетсе керек. Сол көк қаршыға содан бері… осы күнге шейін өз ұясына оралмай қойған деседі…

Сол бір жаугершілік замандардың бірінде қаперсіз жатқан Ербатырдың ауылын тұтқиылдан қайра шапқан жау байдың қалың жылқысын ғана айдап кетпей, Жансұлу атты қызын да ер алдына салып, өңгеріп әкеткен дейді.

Түн баласы ай сәулесімен жарқырап Бұқпа таудың етегін шайып жатар Қопа көлінің айдынды тұнығынан сүзіп жүріп су ішкен қалың жылқының таң алдындағы жусауы мен күзеттегі жігіттердің ұйқысыраған сәтін аңдыған жау жағы қарулы деген жылқышыларды қапылыста сойылға жығып, кете барған-ды. Даладағы мал кетті…

Алайда, байдың ерке сылқым қызының таң алдында киіз үйден ұзап шығып кеткені де және қолға да түскені де жұмбақ еді. Жау қолында кеткен мал емес, бәйбішеден туған және де үлкен үйде күні-түні өз анасының көз жазбай бағуында болатын Жансұлудың қалмақтардың қолында кеткендігі ел ішін дүрліктіріп жіберді. Не бір қауесеттер де тарап жатты… Байдың қызы қалмақтың жас батырымен бұрыннан көңіл қосып, сөз байласып жүрген екен деген сыпсың сөздер де тарай бастады ел ішінде.

Таң алдында жас тоқалының қойнынан шошып оянған Ербатыр ақ дамбал, ақ көйлегімен киіз үйдің алдында тұрып, «аттанға» басқан болатын. Ауылдың іргесінде шідерлеулі жайылып жүрген мініс аттарының қыл тұсауларын кездікпен қиып, қалың жылқымен бірге айдап әкеткен жау жағы ауыл жігіттерінің жігерлерін құм етіп, жер сабалатып кетіп еді.

Ашу мен ызаға булыққан бай өзінің жанына келіп, «үлкен үйден хабар келді. Жансұлу үйде жоқ екен» деп құлағына сыбырлаған жас тоқалын қолындағы тобылғы сапты қамшысымен жон арқасынан тартып жіберді. Жан дауысы шығып, киіз үйге қарай жүгіре жөнелген жас тоқалдың желбегей жамыла салған жеңіл шапаны иығынан судырап түсіп бара жатты.

Жылқы кетсе кетсін… ана қызды… қызды алып қалыңдар! Не тірідей өзін… не өлідей сүйегін әкеліп беріңдер!..

Бай қалш-қалш етіп, жау кеткен жаққа қарай шаба жөнелген бірең-сараң жігіттердің соңынан айқай салып тұр.

– Ана қызды… қызды алдыма алып келіңдер!

Ашынған және де кектенген қыз әкесінің бұл сөзін естіді ме, естімеді ме… таңның алакөбесінен жаудың қолында кеткен жылқы мен қыздың ізіне түскен бірен-саран ауыл жігіттері екі иіндерінен су кетіп, күн түс ауа бос қайтты…

Сол жолы Ербатырдың біраз жылқысын үйірімен ғана айдап кеткендерімен қоймай, жалғыз қызы Жансұлуын бірге ала кеткен қалмақ нояндары осы оқиғаның ізі суыды-ау деген жыл шамасында бұлардың ауылын таң көбесі сөгілер-сөгілместен тағы да шапқан еді.

Әуелгі кегін қайтару үшін Ербатырдың ер жігіттері де іргелес қонған қалмақтарды әлденеше шапқан болатын. Олар да қалмақтың үйірлі жылқыларымен бірге қолға түскен қатындары мен қыздарын шыңғырта жүріп ат алдына өңгеріп келгені таяуда еді. Сонан бері қазақтарда кеткен кегін тағы бір қайтармақшы болған қалмақтарға қарсы шығуда Ербатыр ауылының жігіттері бұл жолы сақтық пен жинақылық көрсетті.

Аттарына шапшаң қонып, ел шетіне жетіп қалған жауға қарсы шапты. Біраздан бері кектеніп, қандары қарайып, әбден ширығып алған қазақтардың бет алысынан жасқанды ма, қалмақтар аттарының басын келген жақтарына қарай жалт бұрды. Қашқан жауды соңынан қуған қазақ жігіттері қалмақтардың артқы легіндегі нояндардың біразын шоқпармен қағып, біразының жон арқасының тұсына садақтың өткір жебесін қадап, жан дауыстарын шығара бірінен соң бірін аттан түсіріп бара жатты.

Бірі қуған және бірі қашқан жасақтар мінген аттарының болат тұяқтары жер апшысын қуырып, көптен бері бір тамшы жауын тамбай, көк майсасы қуарыңқырап бара жатқан сар даланың шаңын әп-сәтте аспанға шығарды. Жаңа көтерілген күн сәулесіне шағылысқан садақтың оқтары ызыңдап барып, қашқан жаудың арқа тұсын тесіп, сол арадан атқылай шапшыған қызыл қан шаңмен бірге басылып, қара жерге сіңіп жатқан еді.

Жан ұшыра қашқан жау да, соларды қуып келе жатқан жасақтар да қалмақ елі жақ бетінен өздеріне қарай қарсы шауып келе жатқан қос аттылыны көргенде, бәрі де бір сәтке аңтарылып қалды. Қос аттылының бірі әйел заты екендігін кең пішімді көйлегінің етегінің шапқан аттың екпінімен желпілдеп келе жатқанынан-ақ бірден аңғарылды. Аттылы әйелдің соңын ала шауып келе жатқан ер жігіттің қолында қамшыдан басқа қаруы жоқ болатын. Әлгіндей болмай, қос аттылы екеу қалмақ нөкерлерінің алдын орағыта берді.

– Серттеріңіз қайда?! Берген уәделеріңіз осы ма?! Енді қайтып менің елімді шаппаймыз деп едіңіздер ғой! Қан төккендеріңіз аз болып па еді? Әлде малдарыңыз азайып қалды ма?!

Ат үстіндегі назаланып та, ызаланып та айбарлана сөйлеп тұрған әйел Жансұлу екендігін екі жақ та жазбай таныды. Бірде егіле жылап, бірде қайратына мініп, айбаттанып шыға келген Жансұлу қалмақтың қол бастаған бас нояншысының алдын орағытып, жүргізбей қойды.

– Менің елімді шабатындарыңызды мына Жаматуға да айтпай кеткендеріңіз не?

Жансұлу қалмақ күйеуіне алара қарады да: – Жоқ… әлде ол… қайын жұртына алдын ала хабар салып, сатқындық жасайды деп күдіктендіңіздер ме? Жоқ… сатқындықты сіз жасадыңыз! – деп көз жасын төгіп-төгіп алды сол арада.

– Келін шырағым, күні-түні еліңді, ата-анаңды ойлап жылай бергеніңді қой енді. Бұдан былай қайтып сенің еліңді шаппаймыз, мазаламаймыз! Әкеңнің ашуы басылсын, өзім барып тіл табысамын дегеніңіз де осы ма?! – деген Жансұлудың бұл айтқанын жауласушы екі жақ анық естіп тұрды.

Қазақтардың қалың қолына жаңадан қосылып жатқан аттылы жауынгерлерді көріп тұрған бас нояншы Жансұлуға бір ауыз тіл қатпастан, астындағы есік пен төрдей атын қолындағы дырау қамшысымен бір тартты да, таңнан бергі ала шапқыннан қаны қызып, әбден еліріп алған жануар Жансұлу мінген көк атты омырауымен соға-моға тұра шапты.

Нояншының соңын ала өзге де қалмақтар аттарына қамшы басып, тағы да қаша жөнелді. Өз ауылының көз-көрім тұсында қалған Жансұлу қалмақ күйеуі Жаматуға:

– Сатқын ағаңның соңынан сен де кет! Мен еліме қайтамын! – деп аузын ашқанша болған жоқ, қазақтың әлдебір жас жігіті ат үстінде шапқан бойы қалмақ күйеудің қыл мойнына қыл арқанды лақтырып түсірді де, сол бойы сүйретіп кете барды.

– Асаудың құйрығына байлап жіберіңдер! Асаудың құйрығына!.. Асаудың құйрығына байлап жіберіңдер!.. Сүйегінің де қайда қалғанын таба алмасын…

Асаудың құйрығына… асаудың құйрығына!..

Қас-қағым сәттегі осы жайдан есеңгіреп қалған Жансұлу сәлден соң барып айқайға басып тұрған өз әкесін кекті дауысынан танып еді. Тұла бойы қалтырап кетті. «Әке» деп айғайлағысы да келді сол сәтте. «Бірақ, әке деуге бетім бар ма мен бейбақтың?!» деген бір ой санасын қарып өтті де, үнсіз ғана қос жанарын жаспен жуа берді.

– Өлім… өлім! Сүйегіме таңба салған бұл қызды көргім де келмейді… ана ауыл іргесіндегі Сәуріккескеннің етегіне апарып, тірідей көміп тастаңдар! Обал-сауабына қарамаңдар! Бір Құдайдың алдында өзім жауап беремін! – деп ашу-ызадан қалшылдап, екі көзі қанталап тұрған Ербатырдың мына бет қаратпас кекті қаһарынан қорыққан жас жігіттер қаһарлы байдың айтқанын істеп тынды…

Шоқ қайыңның түбіне айы-күні жетіп қалған Жансұлуды ботадай боздатып, тірідей көмгенде, жаны ышқынған шарана көр ішінде тірі туып, көр ішінде іңгәләп жылаған дейді. Сол заманнан бері көрде туған сол бала көрде жатып ымырт түсе жылайтын болған. Сол заманнан бері… сол ара осы күнге шейін «Бала бейіті» аталып келеді…

Сол түні… Григориан күнтізбесінің 2004 жылғы желтоқсанның 26-шы жұлдызында рихтер шкаласы бойынша тоғыз балдық жер сілкінісінен Үнді мұхитының түбі қозғалды. Алапат толқын көтеріліп, Малай архипелагындағы жер шарындағы ең үлкен Суматра аралын су шайып кетті. Сол түні адам баласы бұрын-cоңды естіп білмеген ғаламат апат болған еді…

***

Сол түні қазақ даласында алай-дүлей боран соғып, күн ұлып тұрды… Жүрегі ауызына тығылды. Қос жанары дымданып жүре берді. Сол біліне бастаған қос тамшыны да сүртуге шамасы келмей дәрменсіз күйде тұрған Ақмәдидің көз алдына бәйбішесі Күләннің келе қалғаны да бар. Бала жанды еді. Болмашыға жүрегі ауырып, болмашыға көзіне жас алып, жарқылдап жүретін нәзік жанымен бес-алты құрсақ көтергенімен, соның бірі де тұрақтамады… шетінеп кете беретін болды.

Бармаған, көрінбеген емшісі мен тәуібі де қалмады. Жаратқан иесінің ықыласы түспеді ме, жоқ әлде тас маңдайына жазғаны болды ма әйтеуір… ұрпақсыз қалды.

Ақмәди қарттың там үйдің терезесінен ақ қармен қымталып алған көз ұшындағы жалпақ дүниеге жалғыз өзінің қарап тұрғаны да сол. Жарықтық Күләні айы-күні таяу қалған кезде әлденеге желігіп, әлденеден бойын үрей билеп алатын еді.

Бойындағы сайтаны желіктіріп жүр дейтін сыпсың ауыздылар. Ақмәди болса кеш түсе, есік-терезені қымтап, өзі де… Күләні де дәреттеніп алып, әкесінен қалған құранды ашатын.

Бала кезінен әкесінен үйренгені бар еді. Құран аяттарын жатық оқып, жүргізе алатын. Әр аятты мақамына салып, бірін іштей, бірін сәл-пәл үнін шығарып, жанында отырған Күләнға дем салатын. Екеуі де қолдарын жайып, жаратқаннан үнсіз ғана жақсылық тілейтін. Екеуі де бала сұрайтын… бере қалса, сол баласын аман сақтауын сұрайтын. Қаншама жалбарынғанымен тас емшекті тағдырлары бұларға келгенде бір иімей-ақ қойды ақыры.

Бірде… төртінші ме, әлде бесінші құрсағын жарық дүниеге әкелер уағы таяған шағында Күлән түн баласы ұйқыдан қалды, өзінен өзі сөйлейтінді шығарды.

– Осы біздің балаларды сен… сен емессің бе шақырып, алып кетіп жатқан?! Сен емессің бе?!

Көзі ұйқыға енді кетіп бара жатқан Ақмәди шошып оянып, пілтелі шамды жақса, соның жарық сәулесімен терезе алдында отырған Күләнін көрген. Бойын әлдебір ызғар қарып өтті.

– Неге отырсың андағы арада? Жатып… деміңді алсаңшы!

Күлән естімеген болып, сол отырған орнынан тапжылмады. Сол отырған қалпы «осы біздің балаларды сен… сен емессің бе шақырып, алып кетіп жатқан?! Сен емессің бе?!» – деп сандырақтап, сонысын тағы да қайталады.

– Кімді… кімді… айтып отырсың? Кіммен сөйлесіп отырсың?

Осы бір ауыз сөзді айтып, аузын жапқанша болған жоқ Күлән орнынан ыршып тұрып, «ана бала… «Бала бейітіндегі» ана бала… естисің бе, «апа-ау, қайдасың? Қорқып барамын!.. «Апа-ау, қарным ашты, тоңдым ғой, тоңдым! – деп жылап жатыр ғой! «Құдайым-ай, не істейін… не істейін?!» деп дауыс көтерген Күләннің зарлы үні қараңғы үйдің түндігін қақ айырғандай еді.

«Бала бейітіндегі» сол баяғы жас баланың түнгі зарын аналық жүрегімен өзі ғана естіп тұрған Күлән әлден уақытта есін жиғандай болып, сәл үнсіз қалды. Сол үнсіз қалпымен, жатаған үйдің шағын терезесінің алдына келіп, түн қараңғылығы толығымен перделеп тастаған кең дүниеге үн қатты.

– Менің… менің балаларымды… сен… сен емессің бе алып кетіп жатқан?!

Күлән бірде екілене сөйленіп, әлі де өн бойын билеген әлдебір үреймен қалтырап тұрды. Айтып отырғаны сол баяғы «осы біздің балаларды сен… сен емессің бе шақырып, алып кетіп жатқан?! Сен емессің бе?!» деген жүрек үрейі.

Күлән сол жүрек үрейімен тағы да бір жалынышты жан аярлық күйге түсті.

– Жүр! Жүрші! «Бала бейітіне» барып қайтайықшы! Бәлкім біздің де… біздің де балалар жылап жатқан шығар сол арада, – деп өзіне жалына да, қадала да қараған Күләннің өткір жанарын көріп, шын абыржып қалды.

«Барып қайтайықшы… барып қайтайықшы!..» Күлән қос жанарының жасын тыя алмай, жан ұшыра жүріп Ақмәдидің алдына сырт киімдерін бір-бірлеп лақтыра бастады.

– Қой деймін!.. Мына түн ішінде… далада боран да ұлып тұрған жоқ па? Ертең… ертең таң атысымен барайық! Мына боран да басылар!.. Жат енді… жата қой! Тынығып алсаңшы!..

Тегінде қашан болсын өктемдеу сөйлейтін Ақмәдидің бұл жолғы дауысында әлдебір мейірім бар еді.

– Ертең… ертең барамыз ба?.. Барамыз ба? – деп тұла бойы діріл қаққан Күлән сәл тынышталды да, төсегіне келіп қисая берді.

Жүрегі сезді ме екен, осы жайдан кейін көп ұзамай босанған сорлы Күләннің шаранасы өлі туды. Содан қайтып құрсақ көтермеді…

Бала десе ет жүрегі елжіреп, езіліп тұрар сол Күлән ақтық демі үзілгенше Ақмәдидің қас пен қабағына қарап өтті. Жұрттың әйелдері құсап барған жерінде байыз тауып отыра да алмайтын. «От алуға келіп пе едің… тізе бүгіп, сәл-пәл отыра тұрсаңшы!» дейтін абысындарының айтқандарына да құлақ аспайтын.

– Жо… жоқ… әлгі қайын ағаларың жұмыстан келіп қалар?! – дейтін де аларын алып, айтарын айтып лезде үйіне оралатын дағдымен өмір сүрді.

– Біздің абысынның қайын ағамызды сүйетіндігі соншалықты, көзінен бір елі таса қылмайды ғой! Жұмысынан келе жатқан қайын ағамызды алдынан шығып қарсы алып тұрарын да қайтерсіз?!

Ел ішінде ойынды-шынды осы сөздің айтылып жүргенін Күләннің өзі де естіген сан мәрте. Көңілі жақын абысындарының біріне «енді қайтейін, менің байым да, балам да осы шалым ғой!» деп жүзі сынып сала беретін сол сәтте.

Бірде жадыраған, бірде жасыған көңілмен қатар өмір сүріп жатқан Ақмәди мен Күләннің тіршіліктегі татар дәмдерінің кермегі көптеу болғаны анық. Тағдыр солай!.. Әйтпесе, жақсы ниет пен жақсы пейілге бала берсе… осылардың бір шикі өкпесі тірі болар еді-ау! Қайтерсің?! Кімге ренжірсің?! Жаратушы иелері солай шешкен шығар бәлкім?! Оған қалай өкпе артарсың?! Тәубә… Тәубә!..

Қараңғылығы бірте-бірте қоюлана бастаған қысқы кештегі осы бір оймен тербелген Ақмәди қарттың өңі де батып бара жатқан күннің соңғы бір қызғылт шапағымен нұрланғандай еді. Өмірдің желі мүжіп, қақтаған күні бар, одан қалды қарыған аязынан тозуға айналып, әбден қырыстанып қалған әжімді қос бетінің кәрі терісі жазылғандай болды. Манадан бергі ойлы қабағы да ашылып, сол қос қабақтың үстіндегі ақшыл тартқан қастары да жазылып, жүзі жылып сала берді.

– Мәңгілік дүние және де бітпейтін әрі таусылмайтын ешнәрсе жоқ! Не нәрсенің болсын шеті мен шегі бар! Ең биік деген заңғар тау шыңының да ұшар басы бар! Ең терең деген мұхиттың да түбі бар! Ағып жатқан ең ұзын деген көлдің де сарқылып барып бітер тұсы бар! Адам ғұмырының да мөлшері бар!

Неге екенін қайдам, бір сәтке осы бір ойлармен тербелген Ақмәди қарттың есіне соғыстан жаралы болып қайтқан Бөрібайдың түскені бар. Бір ауылда жалғыз өзі ғана білетін «три танкиста, три веселых друга» деген әлдебір майдан әнінің осы бір жолдарын қарлығыңқы даусымен бірде жылап, бірде күле айта жүріп, күн-түн демей әр үйдің есік-терезесін қағып шығатын Бөрібайдың да айы өтті.

Әуелден колхоздың алдына санап салып берген малын бағу Ақмәдидің негізгі кәсібі болатын. Одан қалды қыс шанаға, жаз шыға арбасына өгіз жегіп-ақ бар шаруасын тындырып жүретін Ақмәди соғыстан кейінгі жаралы жылдардың соқпағымен күн кешіп жүрді. Жасының келіп қалғанынан соғысқа алынбағаны болмаса немістермен, солардың фашист дейтін жауыздарымен соғысып қайтқан көз алдындағы немере інісі осы Бөрібайдың ертелі-кеш бірі жылап, бір күліп, шала ес болып жүретінін көргенде сол соғыстың оңай болмағанын ұғынатын да, жүрегінің түпкірінде бір аяушылық сезімі шымыр ете түсетін.

Сорлының басына оқ тиіп, елге миы шайқалып оралған дейді Бөрібайды. Қандай және нендей ерлік істегенін кім білсін, әйтеуір осы Бөрібайды соғыстың қызып тұрған кезінде ауылға шағын ұшақпен алып келген-ді.

Соғысқа алынбай қалған ауылдың бар естиярлары ел шетіне ұшақ қонғанын үйлерінің терезелері мен қораларының саңлауларынан байқап, үрке қарап, көріп тұрды. Әуелде зәрелері кетіп, қатты шошынды. Майданда жүріп, бір аяғын алдырып қайтқан ауыл советтің төрағасы ақсақ Мәди мен аудандық әскери бөлімнің бірді-екілі өкілдері ғана ұшақты қарсы алып тұр.

Ұшақтың дарылдақ үні өшкеннен кейін барып әскери киімді біреу және үстіндегі ақ жейдесінде қызыл жолақты кресті бар егделеу орыс әйелі түсіп, бәрі жабыла жүріп, зембілде жатқан жаралы Бөрібайды түсіріп алып, жеңіл ат арбаға әкеліп жатқызды.

Үрпиісіп қалған ел іші майдан даласынан жаралы Бөрібайдың арнайы ұшақпен әкелінгендігін енді ұғынып, көңілдері орындарына түскен еді. Үйленіп, бала да сүйіп үлгермеген Бөрібайын жылап-сықтап майданға аттандырып салған анасы да жоқ қазір. Күні-түні Бөрібайын ойлаумен болған байғұс құсалықтан мүжіліп, бір түнде ұйқысынан оянбай кете барды. Иесіз қалған үйіне найзағай оты түсіп, ол да түгі қалмай жанып кетіп еді.

Арбада жатқан жаралы Бөрібайды ауыл шетіндегі Ақмәдидің там үйіне жеткізгенше, шағын ауылдың аспаны сол сәтте жоқтау айтқан әйелдер мен жылаған баланың үнінен күңіреніп кеткен болатын. Талайының соғыста жүрген баласынан, енді бірінің ерінен, бауырларынан хабар болмай көңілдері ала, жандары налаға толы әйелдер жағы дауыс шығарып жылай жүріп, жаралы Бөрібайды әкеле жатқандарға қарай лап қойды.

– Жақындамаңдар! Жақындаушы болмаңдар! Әрі жүріңдер… әрі!..

Әскери киімді жас жігіт қатаң дауыспен әмір етіп, анталап келе жатқан ауыл адамдарының алдын бөгей берді.

Жаралы жауынгерді Ақмәди мен Күләннің шағын үйінің төріне төсек салғызып жатқызды да, орыс әйелі қобдишасынан инесін алып, дәрі салды. Әлгіндей болмай ыңырсығаны басылған Бөрібай «әй мен қайда жатырмын, қайда келдім?» деп сандырақтады. Айтқаны анық естілді.

– Өз… өз үйіңдесің! Үйіңде жатырсың! Үйіңдесің!..

Ауыл советтің төрағасы Мәди осы бір үш ауыз сөзді біресе тұтығып, біресе жұтынып әзер айтты.

Бір апта болған шамасында шағын ұшақ ауыл сыртына тағы да келіп қонды. Бөрібайдың күтімін және оған жағдай жасалу керектігін әскери адам колхоз басқармасы мен ауыл совет төрағасына қатаң тапсырып, қолдарына әлдебір қағаз ұстатты. Әскери адамның алдында жік-жапар болған басқарманың маңдайы терлеп қоя берді.

– Міне, нұсқаулық! – деді әскери адам жүрген сайын жанбасын соққылап салақтаған былғары сөмкесінен әлде бір қағазды алып, басқарманың қолына ұстатты. – Бүгіннен бастап, аға лейтенант Бөрібай Шалабаевтың барлық ішім-жемі мен күтімі колхоздың есебінен болады!

Әскери адамның ызбарлы сұсынан-ақ қаймығып тұрған колхоз басшысы «жақсы… жақсы… құп болады!» дегенге тілі әзер келген-ді.

Қымыз ішіп, колхоздың азық-түлік қоймасынан күн сайын беріліп тұрар ең тәуір деген жылы-жұмсағын жеп-ішкен және де Күләннің асты-үстіне түсіп күткенімен Бөрібай бірер аптаның ішінде бойын тез көтеріп алғанымен, не жанының, не тәнінің жарасы жазылмай кетті. Сол Бөрібай күні озып, дәм-тұзы таусылғанша осы үйдегі Күләнға қолғабыс та бола білді. «Три танкистасын» айта жүріп, Күләнға шығырлы тасты құдықтан суын әкеліп беретін. Қазан-ошағына жағатын қи мен отын-шөмшегіне дейін жинап, даярлап қоятын…

Амал нешік… дәм-тұзы таусылып, сызығы біткен күні Күлән да өтті сол дүниеден. Тіпті ойламаған жерден болды бәрі де. Бұлардың шағын ауылы да тың жерді игерген жылдары ірі бір шаруашылықтың орталығына айналған еді. Ауыл шетіне жаңа үйлер де салынып жатты.

Ең ғажабы бұрынғылар «дуан» дейтін Көкшетау қаласы жақтан тартылған ағаш бағаналардың басындағы сыммен ауылға электр жарығы келген кездегі қалың елдің бұған қуанғаны да, күдіктене, үрке қарағандары да болды. Бәрінен де «ана сымды қолыңа ұстасаң, не болмаса денеңнің бір жеріңе тиіп кетсе болды… соғады екен» деген ел ішіне тараған қауесеттен үрпиісе қалған ауылдың үлкен-кішісі ненің және кімнің соғатынын білмей де дал болды әуелде.

Енді бірі «соққанды былай қойып, мал демей, жан демей тіпті өлтіріп те жібереді екен» десе, енді бірі қызыл кеңірдектеніп «әй, сол бағанның басындағы сымға қонақтап отырған ана торғайлар мен қарасы мен аласы бар ана қарғаларды неге соқпайды сол соғатының?» деп кәдімгі төбелессіз ұрыс басталатын.

Әйтеуір, уақыт оза келе әр үйге тартылған электр жарығын пайдалануды үйренген ауыл жұрты «мынауың құдайдың рахаты екен! Май шаммен бұрын қалай отырғанбыз?!» деп өткен күннің сықсима пілтелі шамдарын дүние қараңғылығынан мәңгілік құтылғандай болып, боқтыққа лақтырып тастап жатты.

Және де кеңес одағының түпкір-түпкіріндегі ірі қалалардан келіп осы ауылдың түрен тимеген құйқалы жерін соқамен жыртып, аударып жатқандардан бұлар тағы бір ауыздарының суы құритындай бір дүние жаңалығын естісін. Сол «целиншіктердің» айтуынша беті шынылы әлдебір қобдишадан өз үйіңнің төрінде шалқаңнан жатып алып-ақ, жер бетіндегі қалалар мен адамдарды көріп, не бір қызықты жайларды тамашалап көруге де болады-мыс. Оны «телебизір» дейді екен…

Айтқандары рас болды. Көп ұзамай осы ауылдың үй басы бір-бір телевизор дегенді сатып ала бастады. Сондай жәшіктің бірін Ақмәди мен Күлән да алғызып еді. Ақыры сол жәшік-телевизор Күләннің ажалына себепкер де болды.

Сол кезде теледидар «Еңлік-Кебекті» көрсетіп жатқан еді. Бір-біріне ғашық болған Еңлік пен Кебектің бар хикаясын әуелден жақсы білетін, тіпті әнге де қосып айтып жүретін ауылдың үлкені мен кішісі малдарын қоралай салып, телевизорларының алдына келіп отыратын-ды.

Әуелден бірі-бірімен бақталас тобықтылар мен матайлардың қаһарынан қорқып, тау шатқалдарын тасалап, жасырынып кеткен Еңлік пен Кебек ақыры қолға түсіп, екеуін екі аттың құйрығына байлап жіберген сәтте тақта тастың үстінде шырылдап қала берген бейкүнә сәбидің шырылдағанын көріп отырған Күлән шыдай алмай: «Аллам-ай! Өледі-ау ана бала… өледі-ау!..» деп жан ұшырып, теледидарға қарай ұмтыла берді де, әлгіндей болмай… сол отырған орнына қайыра қисая кетті. Сорлының бір балаға зар болып өткен жаралы жүрегі бұл жолы шыдамады…

Сол түні… Григориан күнтізбесінің 2004 жылғы желтоқсанның 26-шы жұлдызында рихтер шкаласы бойынша тоғыз балдық жер сілкінісінен Үнді мұхитының түбі қозғалды. Алапат толқын көтеріліп, Малай архипелагындағы жер шарындағы ең үлкен Суматра аралын су шайып кетті. Сол түні адам баласы бұрын-cоңды естіп білмеген ғаламат апат болған еді…

***

Cол түні қазақ даласында алай-дүлей боран соғып, күн ұлып тұрды… Қою қараңғы тіршіліктің ұзын сонар қарлы жолына маңдайындағы қос шырағымен жарық сәуле түсіріп жүріп келе жатқан «Беларусь» атты көк трактордың дарылдаған үні ғана естілгені болмаса, айнала соқыр-мылқау жанның күйімен мүлгиді.

Сол көк трактордың ішінде отырған екеу де үнсіз. Бар ойлары көрші ауылдағы көптен көрмеген апа-жезделерінің үйіне жетіп, солардың бауырлық мейірімді ыстық құшағына ену ғана болатын.

Қашаннан бері… тым ерте сөнген аналарының ғұмыры үзілгелі екеуі де жан мейіріміне зарығып өсіп еді. Қашан болса да көңілдері жүдеу тартып, түпсіз ой мен терең мұңнан арылмайтын бұлардың жандарын жетімдік атты шырмауық әбден шырмап алғаны бар. Жетімнің өзі жетілсе де, көңілі ешқашан жетілмейді екен-ау! Ана деген баланың ең басты бағы мен періште қорғаны болар!

Періште демекші, жаратушы иеміз ананың құрсағында жатып, тоғыз ай, тоғыз күн жетілген шаранаға, «ал сәбиім, жарық дүниеге шығар айың-күнің жетті, енді бара ғой дейді екен. Сол сәтте сәби шарана шырылдап, «мен жарық дүниеде қалай өмір сүремін аштан өліп қалмаймын ба?» десе, жаратушымыз «жоқ сәбиім сені асыраушы бір періште жаратқанмын, сол сені аш қылмайды». Шарана тағы да «жарық дүниедегі адамдар қатал дейді ғой, мен олардың арасында қалай жүремін, мені кім қорғайды, өліп қалмаймын ба?» - десе, «жоқ сәбиім сол жарық дүниеде сені қорғап, аман сақтайтын бір періште бар, сол үнемі сенің жаныңда болады» дейді. Шырылдап жарық дүниеге шығып бара жатқан сәби «айтыңызшы ол періште кім, аты кім оның?» - десе, жаратушы иеміз сәбиге «ол періште сенің Анаң, аты да-Ана!» - дейді.

Сол періште анаға осы екеуі де зар болып өтті. Бірге туған үшеудің үлкені Бағила шетте оқығаны бар, одан кейін тұрмыс құрып кеткені бар өгей шешенің өзекті өртер қаталдығын көре қойған жоқ. Не көрсе де, осы екеуі көрді. Аралары бір-екі жас болғанына қарамастан, тел өскен Қапар мен Жапардың ішкі жан дүниелері өмірдің өгейлігінен, көрген тепкісінен қатайып, тым ерте есейгендері бар.

Бір әке мен бір анадан туған үшеудің бір-біріне деген жүректері мен жан дүниелері де ерекше еді. Көкшетауда жоғары білім беретін оқу орнында оқып жүрген Бағила уақыты бола қалса-ақ, ауылдағы қос бауырына жетуге асығатын. Өзінің шәкіртақысынан артылған тиын-тебеніне қаладағы дүкендерден түрлі киім-кешек, тәттілер алып, күннің жауыны мен шашынына да қарамастан бауырларына жететін.

Ауыл шетіне келіп тоқтайтын автобустан түсе салысымен, өзіне қарай құстай ұшып жүгіріп келе жатқан қос бауырын көріп, көзінен жас моншақтайтын. Қос жанарының жас тамшылары ақ жүзін әп-сәтте жуып жүре беретін ботаның көздеріндей мөлдіреген Бағиланың сол қос жанарының тамшылары оның да нәзік жанының іштегі бір бұғып жатқан шерін қозғайтын еді.

Сол шерлі жанымен құшағына келіп тығылатын қос інісін бауырына басып, жол үстінде ұзақ тұратын-ды. Бір құшақтағы үшеуі де көз жастарына ие бола алмай, үшеуі де жылайтын. Жасы кіші Жапар болса, өксіп-өксіп, тіпті солқылдап жылап алатыны бар. Сол сәтте осы бір жетім көңілдердің жүректерінде дүниеден ертеректеу озып кеткен ғазиз аналарының өзі де булығып жылап тұрғандай болушы еді.

Тағдыр кімді аяған дейсіз?! Кімдер жыламай жатыр дейсіз мына бейопа дүниенің қаталдығынан?! Біреуі жылап, біреуі жұбанып жатар мына дүниенің кеңдігі болар, осы күні адам баласының көз жасын көрмейтін, зар үнін естімейтін әлдебір кеңістік қалыптасты. Сол кеңістіктің күйбең тіршілігіндегі адам баласы кейде өзінің адам екендігін ұмытып кететін халге де жеткендей. Бәрі де ниеттен болар?!

Адам баласының ниеті бұзылған жерде адам баласының кісілік қасиеті де қасіретке ұрынады екен. Әйтпесе, мына кең дүниенің құшағында тұрып, бірін-бірі жұбата алмай жатқан мына үш жетімнің жанынан ерсілі-қарсылы өтіп жатқандардың біреуі келіп бұрылып, маңдайларынан сыйпамас па еді?!

Дүниедегі ең ауыр азап анаңның ерте өлуі және ерте жетім қалуың екен. Мұны Бағила өзі есейген сайын анық түсініп, сезініп келеді. «Анаңның өлгенін анасы өлгенге ғана айт» дейтін даналықтың ақиқатын бір түсінсе тағы да өзі түсінеді. Және де анаңның орнын ешқашан да ешкім де толтыра алмайтындығын да сезініп келеді. Өзің есейіп, өскен сайын жан-жүрегіңдегі анаңның орны да ұлғая береді екен. Үңірейіп тұрады. Сол үңірейген жан көңіліңді де ылғиына ана мұңы тербеп тұратынын да тек өзің ғана сезінесің.

Туған анаң болмаған соң мына дүние ылғиына жылап тұрғандай болады. Жаныңның жылап жүретіні де сол. Оны өзің ғана сезінесің! Әйтпесе, анасы барлар үшін сол дүние ылғиына күлімсіреп тұрары бар. Сенің жаныңдағылардың күліп, жарқылдап жүрері де сол. Әрине, ешкімнің де ана бақытын қызғанбайсың ғой. Кей-кейде сол жарқылдап жүретіндер өз айналасындағы анасыз қалғандардың да жан дүниелеріне пана бола білсе етті!..

– Қой, кәне, боталарым! Жыламайық… қояйық енді!.. Ұят болар?! Сен Жапар неге соншалықты көп жылайсың? Не болды?.. Не болды айтшы, ботам?!

Әпкесінің мейірлене айтқан бұл сөзі де Жапарды жұбата алмады. Манағыдай емес, Бағиланы мойнынан қатты қысып, құшақтап алған ол өксік қысқан жанымен тағы да солқылдап кетті. Тұла бойында діріл бар. Қос жанарынан жас сауғалағаны болмаса, сол қос жанарын тарс жұмып алған Жапар мына айналадағы тіршілікке қарағысы де келмеді. Көңілі қалып, жанына жарасын салған мына дүниенің бетіне бала жүрек қалай қарасын?! Айналасындағы безбүйректік пен қаталдықтың бетіне де қалай қарасын?!

– Қой енді, ботам!.. Қоя ғой енді!..

Бағиланың өзі де көз жасын әзер тыйды да, құшағындағы бауырын жұбата бастады.

– Қой енді, ботам! Мен сендерге көп қылып тәттілер әкелдім. Қазір үйге барған соң беремін!

Сол сөзді айтуы мұң екен, Жапар тағы да өксіп жыласын-ай келіп.
– Бармайықшы… бармайықшы үйге! – деген Жапардың үні үзік-үзік шығып, бойын билеген әлдебір үреймен жалына сөйледі.

– Неге… неге… ботам?!

– Бармайықшы үйге… бармайықшы!..

Жапардың жалынышты үні Бағиланың онсыз де егіліп тұрған жүрегін езіп жібергендей болды. Өн бойы діріл қаққан бауырын құшағына қыса түсіп, өзі де бір сәтке есеңгіреп қалғандай еді.

– Кеше түнде… үйдегі апам… қонақтан мас болып келіп Жапарды қатты ұрды!

– Неге? Не үшін ұрды? – деді жаны ышқынған Бағила.

– Түн болса да неге ұйықтамай отырсың деп… «Әліппесін» оқып отырған Жапарды тепкілеп тастады.

– Әкем қайда болды?..

– Папамыз мас болып, кіре берісте ұйықтап қалды…

Осыны айтып Қапар да кемсеңдеп кетті. Оның да ішкі жан дүниесін әлдебір қасіреттің оты шарпып өткендей, денесі қызып, тұла бойы өртеніп сала берді. Жетімдіктен жаны күйзелген кейпімен ол да кемсеңдеп кетті.

– Мен… мен… араша түстім! Апа, ұрмаңызшы… ұрмаңызшы деп жалындым… жыладым!

Қапар өксігін баса алмаған қалпы, «мен… мен…» дей берді де, қатты кемсеңдеп кетіп еді.

– Тәте… тәте… біздің мамамыз неге ерте өліп қалды?! Неге… неге?!

Қапардың жетім жүрегін аяусыз тілгілеп жатқан тағдырының осы бір сәби сауалына ешкім де жауап қатпады. Мылқау дүниенің тіл қатпаған сол үнсіздігінің жылап тұрған құшағынан енді келіп Жапар егілсін.

– Мама… мама… сен неге ерте өліп қалдың?! Мама… мама… сен бізді неге ерте тастап кеттің?! Кімге… кімге тастап кеттің?! – деп өксіген кішкене Жапардың үнінде өз анасына деген әлдебір өкпе мен наз бар еді.

Мына жылап тұрған дүниенің қос жетімегін бауырынан босатқысы келмеген Бағила әлден уақытта есін жиып, көз жасын тыйды да, кемсеңдеген кейпімен аспанға қарады. Сол көгілдір аспаннан жанына пана боларлық әлдекімді іздегендей еді.

Көз ұшы шалар заңғар аспанның биігінде көшіп бара жатқан ала бұлттар болмаса, жанына да, көңіліне не пана, не тиянақ болар ешнәрсені көре алмады. «Ей, кең дүние сенің кеңдігіңнен не пайда… жетімдеріңді паналата алмасаң?! Ей, көгілдір аспан сенің биіктігіңнен не пайда, жетімдерді жұбата алмасаң?! – деген ойлар санасында қылаң берген Бағила бойын жинап алды да, өзіне тән жігері мен қайратына мініп, айбаттанып шыға келді.

– Қойыңдар!.. Жыламаңдар енді!.. Болды енді!.. Мамамызға «неге ерте өліп қалдың» деп сендер олай ренжімеңдер! Ауырды ғой ол… ауырды ғой мамамыз! Оқуымды бітіріп алған соң… мен екеуіңді де алып кетемін… Үшеуіміз бірге тұратын боламыз! – деген Бағиланың өз бауырларына деген мейірімі Қапар мен Жапарды лезде сергітіп жіберді сол сәтте.

– Біз де Көкшетауға… қалаға барып тұрамыз ба?

Көңіліндегі бала қуанышы Жапарға осыны айтқызды. Қапар болса іштей қуанып, әпкесінің қолындағы қол жүктерін алып жатып:

Мен… мен бір нәрсе айтайын ба? – деді әпкесіне қарап.

Бағиланың «айта ғой, ботам!», – дегенінше болған жоқ әпкесінің қол жүгін көтере берді де, қайтадан орнына қойған Қапар:

– Үйдегі апам… Жапарды ұрып жатқанда бар ғой… әлгі қабырғада ілулі тұрған мамамыздың суреті үзіліп түсіп кетті… Әйнегі сынып қалды, – деп тағы бір мұңлықты күй шертті…

Шіркін, ана жарықтық өзі өлсе де өзінің дүние кеңістігінде ұшып жүрер жанымен жан берген сәбилерін қазіргі адам баласының кей-кейдегі әлде бір ақылға сыймайтын қаталдығы мен жауыздығынан періште болып қорғап жүретіні де осы болды-ау!

Адам баласы анадан туғанымыз үшін де күніне мың тәубә қылсақ етті. Тар құрсағына салып жетілдіріп, дүниеге әкелген сәттен бастап, ақ сүтін иіп берер ананың бар мейірімі мен жан шуағы өз перзентінің алпыс екі тамырында шымырлап тұрары бар. Ананың өз бойыңда сол шымырлап жатқан қаны анаңның жаны деп білген де абзал болар. Ол өзі өліп қалса да, жер бетіне жетімсіретіп тастап кеткен ұрпағының жүрек соғысы мен тіпті жан күйзелісін де сезіп жататындай жарықтық!

Бағиланың жаралы жүрегінің тынысы тарылып, ол да екі көзіне келген мұң мен нала жасына ие бола алмай қалды. Жетімді кейде шырылдатып, кейде жылатып, болмаса жанына қаяу түсірген сәтте сол жетімнің анасының қабірінің топырағы бір көтеріліп, бір түседі дейді екен. Мұны көрде жатса да жаратқаннан өз жетімегін дүние кейістігінен арашалап, пана сұрап ышқынған ана жаны деуші еді білетіндер. Жетімнің де періштесі бар! Ол – өз анасы! Сол қорғайды… сол пана болады!..

Ертеректе… осы төңіректегі темір жол бекетінде жан түршігерлік бір сұмдық оқиғаның болғаны да бар. Тағдыр кімді аяған дейсіз?! Аяғын талпынып енді басып, енді жүре бастаған сәбиді өгей шешесі күздің қара суығына да қарамастан дірдектетіп, далаға шығарып жіберіп еді.

Бойын үрей билеген жетім сәби шамы жарқырап жанып тұрған темір жолды бойлап шырылдап келеді. Ол бейбақ сол қос тармақты рельспен ағып, үлкен шапшаңдықпен жүріп келе жатқан жүк поезының әлден уақытта кілт тоқтағанын да білмеп еді. Сол поездің машинист жүргізушілері қою қараңғы түн ішінде жападан жалғыз шырылдаған баланы жылы орап, уатып, бекетке алып келгеннен кейін, тиісті орындар мұның қалай болғанын зерттей бастаған болатын.

– Қолында ақ жаулығын былғап бір әйел жан ұшырып, поезға қарсы жүгіріп келе жатқанын көріп қалдым да, составты жедел тежедім, – деп бас машинист зерттеу барысында осыны айтады. – Бірақ сол әйел әп-сәтте көзден ғайып болып, жоғалып кетті, – деп өз таңданысын да жасыра алмап еді.

Келесі күні тергеушілер мен поезд жүргізушісі әлгі сәбидің ата-анасының үйіне келіп, мән-жайды сұрастырып жатты. Сол сәтте машинистің қабырғада ілулі тұрған әлдебір әйелдің суретіне көзі түседі де, «міне, міне… поездің алдына шығып, бізді тоқтатқан осы әйел… осы әйел!», – деп орынынан атып тұрған еді. Тергеушілер сол сәбидің баяғыда… баяғыда өліп қалған анасының суретінен көз ала алмай, таңдана қарап тұрып қалды.

***

Тіршіліктің дәмі таусылғанша жан таласатын адам баласының ғұмыры неткен қысқа десеңізші. Бәлкім сол дұрыс та шығар! Адамзат баласына өлшеулі ғұмыр бергені де жаратушының ұлылығы мен даналығы болар. Әйтпесе, бүгінгінің адамына ғасыр, болмаса сол ғасырдан да ұзақ ғұмыр берсең, мына дүниені әп-сәтте жалмап кетер ме еді, қайтер еді?! Бұл тағы да адам баласының жамандығынан емес, ниетінің… ниетінің жамандығынан!

Араны ашылған, тәубасы қашқан адам пенделері көбейіп кеткендей қазір. Арлы да таза дүниенің мөп-мөлдір тұнығын лайлап болған сол пенделер, енді келіп арлы да ұятты жан иесімен алысып жатыр. Бір жұтар ауа мен бір жұтым су үшін алысып бақса бір сәрі, ол да жарайды ғой, атақ пен даңқ бақ таласына түсіп, жанталаса дүние жиып жатыр.

Ертеде… сол дүние байлығын «боқ дүние» деп білгендердің және бір айтқандары да бар екен. Тағы да сол баяғылардың айтып кеткен «бірінің етін бірі жейтін» заманға келіп қалдық па екен әлде?! Әрине, бетін аулақ қылсын деңіз! Бар тіршілікті бір өзі жаратқан жаратушының ауасы мен суы, күнінің жылуы мен шуағы әлі де жетіп жатыр-ау адамзат баласына және өзге де тіршілік иелері үшін. Енді не жетпей жатыр?!

Беймәлім дүниенің осы бір беймәлім сауалына жауап табылмай-ақ келеді әлі де. Осы бір ойсызға ойынды дүниенің, кеудесінде сәулесі барларға ойлы дүниенің мыйыңды шағар жайларына тереңдей берсеңіз өнбойыңның мұздап сала беретіні бар.

Осы ойлардан ба, жоқ әлде ай қорғалаған түнгі даланың ұлыған бораны мен өн бойыңды қарып түсер аязынан ба денесі мұздап бара жатқан Қапар әлгіндей болған жоқ жан дауысы шығып, айқайласын-ай келіп.

Қапардың «Үсітіп өлтірейін деп пе едің енді?!» – деген жан шырылы үдей соққан ақ боранның да сумаңдап суылдағанын бір сәтке сабасына түсіріп, түнгі даланың суық құшағы қалың қардан жол таба алмай, қалжырап тұрған жанның ащы үнімен жаңғырып тұрып алды.

«Үсітіп өлтірейін деп пе едің?!» «Үсітіп өлтірейін деп пе едің?!.»

Адам баласының осы бір түн ішінде шырылдаған зарлы үнін ешкім естімеді ме, кеудесінде жаны бар бір пенде жауап қатпады. Тек алыстан… көз ұшы жете бермейтін ғайыптан түнгі даланың қараңғы бір тұсынан үйірлі қасқырлардың ұзақ ұлығандары ғана естіліп жатты.

– Ағатай… ағатай … жаурап барамын… қатты тоңып барамын, – деген Жапардың тістері сақ-сақ етіп айтқан осы бір сөздері Қапардың сәл де болса есін жиғызды да: «қазір… қазір … шыдай тұршы… қазір… қазір… тракторға от алғызамын… қазір… қазір…» дей жүріп үстіндегі шағын тонын не жүруге, не тұруға әлі жоқ аппақ қардың үстінде бүрсіп жатқан Жапардың үстіне жапты.

– Қазір… қазір… жылынасың!.. Шыдашы… шыдашы!..

Осыны айтқанымен үстіндегі жұқа әскери киімі ғана бар Жапарды қойып, өзінің де әлі құрып бара жатқанын сезінді. Соны сезінген сайын Қапардың бойын да әлдебір үрей билеп ала жөнелді.

Алыстан… бораны соғып, алай-дүлейі шығып жатқан кең даланың әлдебір кеңістігінен бір үйірлі қасқырлардың бірінен соң бірінің ұлығаны болмаса, ешкім де… еш тіршілік те үн қатпады. Мылқау да, меңіреу дүниенің түнгі жан шырылын тек сол бөрілер ғана естіп, тек солар ғана сол меңіреу дүниенің қараңғылығын қақ айырар әлдебір зармен ұзақ ұлып жатты. Көк бөрілер ұзақ ұлыды… ұзақ… ұзақ ұлыды!..

Зарын төккен адам пенденің бар қасіретінің зарлы үні осы көк бөрілердің ұлығанымен жер мен аспан арасындағы барлық кеңістікке таралып, естіліп жатқандай еді. Мына бүгінгі қою қараңғылыққа жарық сәулесін түсіруге айдың да батылы жетпей, ол да өз жүзін бұлтпен жасырып, дүние бетіне қарағысы келмей, қорғаланып тұрып алды. Үйірлі қасқыр аспанға қарап ұлып, үн қатып жатқандығына да сол айың да назарын сала қоймады. Қараңғы түн… қараңғы дүние…

Сол қараңғы түннің қараңғы дүниесі өз аязымен қарып бара жатқан қос пенденің әлі де болса өмір сүргісі келетін жан шырылын естір кім бар?! Бала күнгі қу жетімдіктің қамытынан енді-енді құтыла бастадық па деген Қапар мен Жапардың опасыз жалған дүние алдарын тағы да бөгеп, жолдарын шынымен жауып тастағаны ма бұл?!

Әскери борышын өтеп, босап келген Жапарды алып, бір түстік жердегі тұрмыстағы әпкелері Бағила мен жезделері Асқарбектің ауылына барып келмекші болған беттері еді. Шаруашылықтың өзі ие болып жүрген көк «Беларусь» тракторын кешкі жұмыстан кейін мініп шыққан Қапар мен Жапар әпке-жезделеріне жете алмай, ай даладағы шоқ қайыңды алаптың ойпаттау тұсындағы қалың қарға батып, сол қылталы тұста өмір мен өлімнің түнгі қатал әрі суық құшағында тұр еді.

Көк бөрілер ұзақ… ұзақ ұлып жатты!..

Сол түні… Григориан күнтізбесінің 2004 жылғы желтоқсанның 26-шы жұлдызында рихтер шкаласы бойынша тоғыз балдық жер сілкінісінен Үнді мұхитының түбі қозғалды. Алапат толқын көтеріліп, Малай архипелагындағы жер шарындағы ең үлкен Суматра аралын су шайып кетті. Сол түні адам баласы бұрын-cоңды естіп білмеген ғаламат апат болған еді…

***

Сол түні шынында да өмір мен өлім арасында осы күнгінің адамдарының тіршілігі үшін әлдебір сауда жүріп жатқандай болатын. Біреулері аязға үсіп, біреулері суға кетіп жел қайықтың үстіндегі өз өмірі үшін жанталасып жатқан сол пенделеріңе сол өмір не үшін керек?! Тіршілігінде… болмаса сол тіршілік үшін жан алысып, жан берісіп жатқан ажалдың аранына түсер шағында адам баласы осыны ойлай ма екен?!

Әй, қайдам?! Әйтеуір тірі қалсам… әйтеуір өлмесем болды! Сонан кейін ше?! Ажалдан құтылып кеткеннен кейінгі өмірдің бағасы мен бәсі арта түсе ме, жоқ әлде сол баяғы пенделік ниетінің қалыбына қайыра түсе ме?

Мұның жауабын әлі еш жан иесі тауып айтып көрмеген сыңайлы. Соған қарағанда бір Алла жаратқан тірі мақұлықтардың ішіндегі ең ақылдысы да, ең ақымағы да осы адам баласы ма деп қаларың бар…

Манадан әр тетігін бір шұқылағанымен жазғы жанармайы қатты аяздан қатыңқырап, қоймалжыңданып қалған көк тракторына от алғыза алмай әбден титықтаған Қапар салы суға кеткен адамдай суық қарыған бойынан әл кетіп бара жатқанын сезді де, өзінің осы бір ойларымен іштей толғанып отыра берді.

– Мына өмір біз үшін жетімдіктен құтылып, жетілу үшін керек еді!.. Соған жете аламыз ба? – деген тағы бір ой қаумалай бастағаны сол еді, Жапардың ыңырсығаны жанын түршіктіріп жіберді.

– Ағатай… аға… тай… жаурап барамын, жаурап кеттім! Қарным ашты…Жылтшы… жылтшы мені!..

Көзіне келіп қалған жасына ерік берген Қапар өзінің туған бауырының әлсіз ғана ыңырсыған мына күйіне шыдап отыра алмады да, тракторынан түсіп, үстіндегі жеңсіз тері кеудешесін шешті де, інісінің үстіне жапты.

Сыңар жейдемен қалған Қапардың өн бойын аяз лезде қарып, ол да әп-сәтте қалшылдап кетті. Сол қалшылдаған қалпы «жылтшы мені… жылтшы мені…» деп ыңырсып, ұйытқып соғып тұрған боранды даланың қалың қарына көміліп бара жатқан туған бауырын құшағына басып, бұл да жатты. Үнсіз егіліп жатты… Ей дүние… сен расында да біз үшін өгей екенсің? Сенің құшағың расында да суық… тым суық екен!

– Ағатай жылтшы … жылтшы мені! – деп сусып көшіп жатқан ақ қардың суық құшағына біртіндеп сіңіп бара жатқан Қапардың бұдан кейін үні шықпай қалды.

Құшағы суық дүниенің аязы қарыған ағалы-інілі Қапар мен Жапардың бойындағы өмір тамырларындағы қызыл қандары да біртіндеп суып бара жатқан еді. Жапардың қос жанарынан өзінен-өзі тамшылап жатқан көз жастары аязға да, тағдырларының қаталдығына да қарылып, біртіндеп ол да қатып бара жатты…

Сол түні Бурабай жақ беткейдегі қалың орман арасынан көк бөрілердің ұзақ… тым ұзақ ұлығаны естіліп жатты. Түнеріп тұрған түнгі дүниенің қатал қабағын ашамыз деді ме екен, сол көк бөрілер түнгі аспанға қарап тым ұзақ ұлып алды да, әлгіндей болған жоқ кейде бір толастамай соғып тұрып алар Арқаның ызғырық желімен онсыз да желігіп жатқан ақ қарды боратып, Қапар мен Жапар жатқан шоқ қайыңды алапты бетке алып, бірін бірі қуалай шаба жөнелді.

Ортан беліне шейін қарға батып тұрған көк тракторға таяу келіп, сол көк бөрілер айнала тіршіліктің жан дүниесін шымырлата тітіркендіріп тағы да ұлысын-ай келіп. Алайда, адам баласын өзінің қаталдығымен де, опа бермес жалғандығымен де жылатып қойған қу тіршілік мына ұлып жатқан дүниеге еш үн қатпады.

Кең дүниенің кеңістігінен ешбір сыбыс естілмегенін аңдаған көк бөрілер бірінен соң бірі қар астынан етігі ғана көрініп жатқан Жапардың сирақтарын иіскеледі де, ақ қарға көміліп қалған қос жетім тағдырды айнала қоршап, шоқиып отыра қалып, әуелі топтана… сонан соң дара-дара ұзақ… ұзақ ұлып алды.

Сол көк бөрілер түнгі тіршіліктің құшағында тұрып, адам баласы үшін өздері жылағандай еді. Жылаған қалыптары қос бейбақтың қарлы мәйітін айнала қоршап алды да, артқы аяқтарымен ақ қарды бұрқырата жөнелді. Шағын бір қар төмпешік әп-сәтте қарлы көрге айналып кеткендей болды.

Сәлден кейін… көк бөрілердің жеке-жеке… бір бірлеп, кезектесіп кейде зарлана, кейде жылағандай, кейде өксігендей болып ұлығандарын сол сәтте мейірімі сарқылып, рахымы суалып тартылып бара жатқан, жан шуағы сөне бастаған адам баласы естісе де болатын еді…

***

Қар астында бірін-бірі құшақтап, суық дүниені жылытпақшы болғанымен қатал дүниенің аязы мен ызғары қатырып тастаған қос жетімектің бірер күннен бері ауыл ішінде жоқ екендігіне әуелі шаруашылықтың ферма бригадирі Сәду назар аударып, сұрау сала бастады. Онда да ол әуелі малдың азығын жеткізіп тұратын көк тракторды іздеді, сол керек болған-ды. Қапардың үйіне келіп, масаңдау қалпымен ұйқысырап отырған өгей шешеден сол көк трактордың қайда кеткенін сұрастырып, білмекші болды.

– Бауырсырап әлгі апаларына кетті-ау деймін, – дегеннен өзге тіл қатпады ол.

Сұраусыз және мына боранды күні өзінен рұқсат алмай мініп кеткен көк трактордың жүргізушісі Қапарға деген көңілінде бір ашу мен ыза ояна жөнелді.

– Қап… келгеннен соң ба?! – деген ішкі бір сесті ойдың екпінімен кеңсесіне келіп, қара телефонның құлағын көтерді.

– Әлөу… әлөу… мені Қосағаш ауылындағы Бағиланың пәтерімен қосыңызшы! – деп өктемдеу сөйлеген Сәдуді байланысшы қыз әп-сәтте сұраған жанымен жалғастырып берді.

– Әлөу… әлөу! Бұл… Бағилаш сенсің бе? Мен ауылдағы Сәду көкеңмін ғой! Аманбыз… аманбыз! Әлгі Қапар ауылға қайтпай ма екен енді? Жұмыс қалып барады. Өзі екі-үш күннен бері жоқ… Жалғыз тракторды мініп кетіп еді!.. Жұмыс қалып барады… жұмыс!..

– Көке, – деді Бағила, – жүрегі ауызына тығылып. Көке… олар бізге келген жоқ!

– Не дейт! Келмегені қалай? Әлгі әскерден келген Жапарды алып, екеуі сендерге кетті деп еді!..

– Жо-жоқ… көке! Келген жоқ… келген жоқ олар, – деп Бағиланың қатты шыққан дауысынан шошынған Әлішер жатқан орнынан ұшып тұрды да, –не болды… не болып қалды тағы да?! – деп тұла бойы әлдебір үрейден діріл қағып тұрған жұбайының жанына келді.

– Әлгі… әлгі… Қапар мен Жапар бізге келеміз деп трактормен ауылдан шыққалы екі-үш күн болып қалыпты… Солар келді ме деп сұрап… іздеп жатыр…

Түскі асын асығыс іше салды да Әлішер төргі бөлмедегі әрдайым кілттеулі тұратын темір жәшіктен қос ауыз мылтығын алып, жылы киінді де сыртқа беттеді. Сол бетпен есігінің алдында тұрған машинасына жалма-жан от алдырып, енді қозғала бастағаны сол еді, үйден жүгіріп шыққан Бағиланың көліктің алдыңғы орнына қалай келіп отыра қалғанын да аңдамай қалды. Жан ұшырып, тілге де келместен шапшаң келіп жанына жайғасқан оған тіл де қатпастан қозғала жөнелді.

Бағиланың және өзінің ауылының аралығын жалғастырып жатқан жазғы сүрлеу жолдың әр тұсын қар басып қалғанына да қарамастан Әлішер жіті жүріп келеді.

– Олар… үсіп қалмаса етті?!

Манадан бері көңілін мазалап, жан дүниесін астан-кестен етіп жатқан осы бір ойын айтқан Бағиланың жүрегі аузына тығылды сол сәтте.

– Қой, олай деме!.. Жаманшылық шақырмай отыр!

Әлішер осы бір ауыз сөзді сабырлы кейіппен айтқанымен, оның да көңіл түпкірінде әлде бір суық ой жатқан еді. Онысын айтпай, ішіне бүгіп қалды.

– Үйден шығып кеткелі екі күн болса! Бір қатерге тап болды-ау! – деген өз көкейінде жатқан жаман бір ойын айтуға жүрегі дауаламап еді.

Бағиланың да ішкі жан дүниесі әлдебір ойлармен арпалысып келеді. Енді-енді жетіліп, адам бола бастаған шақта… Құдайым-ай, жетімді қашан жарылқап, қашан жетілдіріп едің? Екеуі де ай далада үсіп өліп қалса мен не боламын? Тағдырымның қара жұдырығының ендігі сол соққысын көтере алар ма екенмін?! Бауырларым-ай… аман болсаңдар етті! Мені көруге асыққан екенсіңдер-ау! Сағынып жүргендеріңді біліп едім. Мен де өздеріңді сағындым! Аман болыңдаршы… аман болыңдаршы әйтеуір!..

Жан дүниесінің осы бір ойлармен астан-кестені шығып келе жатқан Бағиланың көз алдына қос бауырының осы Әлішерге тұрмысқа шығып, туған босағасынан аттанып кетіп бара жатқанында Қапар мен Жапардың өзінің етегіне жармасып жылағандары көз алдына келіп, жан дүниесін жалын болып шарпып өтті.

– Тәте… тәте… бізді тастап кетпеші бұл үйге! – деп етегіне жармасып айырылмаған кіші інісі Жапардың әлдебір мұңға тұнып қалған бала жүрегі сол мұңды әуенмен діріл қағып тұрған еді.

– Тәте… тәте!..

Қашаннан бері бір Бағиланы ғана пана тұтып келе жатқан және де бір соның ғана ыстық мейіріміне жылынып жүрген бала жүректерінің лүпілімен Қапар мен Жапардың «тәтелеп» шырылдағаны тойшыл топтың арасынан бір жан иесін селт еткізбеді. Сол тойшыл топ құдалардың «кетер аяқтарын» ішкізіп-жегізіп, өзара даурығып жатқан болатын.

Мына даурыққан дүниенің дулығасындағы қаталдық жебесі жүрегіне қадалып жатқан Бағила қос бауырын құшағына басып, өз өмірінің осы бір сәтінде де өз қуанышын қызғанған тағдырының төгілген жасымен жаны қанжылап тұрған еді. Өздерінің осы бір өгей тіршіліктегі жалғыз паналары мен жалғыз ғана мейірімді жандарын қимай тұрған қос жетімнің жан қиналыстары мен күйзелістерін көріп тұрған күйеу жігіт Әлішер де шыдай алмай, көзіне келіп қалған қос тамшыны ірке берді.

– Сендердің бұларың не? Үлкен жігіт емессіңдер ме?! Әпкелерің келіп тұрады… сендер де бізге келіп жүресіңдер ғой! Кәне, жыламайық! – деп Әлішер де өзінің қос балдызын жұбатып, көңілдерін жібітіп жіберіп еді.

Артына қарай-қарай ұзатылып кете барған Бағиланың және қолдарын бұлғап қала берген Қапар мен Жапардың үмітті өмірлерінің жаңа бір кезеңінің қара жолын шаңдатып құдалар жағы тоқ көңілмен ықылық атып, аттанып бара жатты. Сол жолға шыққан өмір керуенімен бірге аттанып, бірге кетіп бара жатқандардың арасындағы Бағиланың қос жанары қос бауыры Қапар мен Жапар қалып бара жатқан жатаған үй жаққа қадалса да, көп ұзамай олар да екі көзден біртіндеп ғайып бола бастады.

Адам баласының жанарынан да, көңілінен де не ғайып болмай жатыр дейсіз?! Бәрі де ұмытылады, бәрі де көшеді көңілден. Тек біреуінің сол жетім көңіліңнің түпкірінде аналары бірге кетіп, екеуінің жетім көңілдері мен ой-саналарында аналары бірге қалып бара жатыр. Дүние-ай, шіркін!..

Шырыл қаққан пенде дүниенің бар байлығы мен бар бағы да, бар қуанышы мен бар жұбанышы да өзіңнің анаң екен-ау! Өзіңді мына жарық дүниеге әкелген ана періштең ертеректеу өліп қалса, сол баланың сонан кейінгі бағы да жартылай бақ! Маңдайыңа жазған сол жарты бағыңмен өмір сүресің, дүние кешесің.

Сол жартылай бақпен жүріп-ақ Бағила жоғары білім алды. Қапар механизаторлықты оқыды, Жапар болса орта мектептен соң бірер жыл мал бақты да, әскер қатарына алынды. Жетіле бастап еді!..

Мектептегі оқуларының жазғы бір-екі айлық үзілісінде Қапар мен Жапар әпкелерінің ауылына келетін. Өгейліктің қысынан шыққан қаяулы көңілдеріне сәл де болса жылылық пен мейірімнің сәулесі түсіп, жадырап қалатын еді.

– Әпке… әпке… мында келші, мында қарашы, – деп бірде Жапар үй жинастырып жүрген Бағиланы тауықтың балапандары жатқан есік алдындағы шағын қоршаудың алдына еріксіз жетелеп алып келген еді.

– Әпке, қараш… қараш!.. Ана енесі жоқ инкубатордың балапандарын қарашы… біріне бірі тығылып, бірін бірі жылытып жатыр… Ойнамайды өздері!.. Ал енді ана тауықтың бауырындағы балапандарға қараш… Еркін… тіпті бар ғой өздері тауыққа маза бермейді… Біресе қанатының арасына кіріп кетеді… біресе үстіне шығып алады… Еркелейді өздерінше… Ал, ана инкубатордың балапандары бірінен бірі айырылмайды!

Жапар осыны айтып, үнсіз қалды да, сәлден кейін терең бір күрсініп, мұңды бір күймен «еркелететін олардың да мамалары жоқ қой!» – деді.

Манадан бері инкубатордың жетім балапандары мен өзі басып шығарған тауықтың бауырындағы балапандарынан көз алмай қарап тұрған Бағиланың жүрегін Жапардың «еркелететін олардың да мамалары жоқ қой» деген бір ауыз сөзі тіліп өтті де, көңілінің астан-кестенін шығарып жіберді. Қос жанары жасқа тола берді де, Жапарды мұңлы жанының құшағына алды.

«Енесі бар тауықтың балапандары да батыл келеді екен-ау!» - деген бір ой санасын қарып өткен Бағила содан қайтып инкубатордың жетім балапандарын алып, өсіруді қойып кеткен еді…

Ауылдан шыққан бойы даланың қар басқан сүрлеу жолын ауырсына жүріп, шайқалып келе жатқан машинаның ішіндегі Әлішер мен Бағиланың көз ұштарына қайыңды шоқты айнала ұшып жүрген ала қанат сауысқандар байланды. Ортан беліне шейін қар басып, көмкеріп тастаған сол шоқ қайыңның маңында жүрген әлдекімдердің қарасы да байқалады.

Біреулері көк тракторды, енді бірі қос бауырын іздеп шыққандар сол шоқ қайыңның қылтасынан жазғы қара жол өтетін тұста бір сұмдықтың үстінен түсті. Қалың қарға батып тұрған көк трактордың жел шайқаған есігі бір ашылып, бір жабылып, сықырлап та, сыпсыңдап та әлдебір суық хабар жеткізгісі келгендей еді. Сол суық хабарды ол айтпай-ақ көз көрді. Көргені құрысын!..

Бар жылы киімдерін Жапардың үстіне жауып, бауырын құшағына басып жалғыз жейдесімен жатқан Қапар екеуінің сіресіп қатып қалған жансыз денелерін қардан аршып алғандар есеңгіреп кетіп еді сол арада.

Қос бірдей бауырының қар астындағы мүрдесін көрген сәтте әуелі тап бір мылқау, меңіреу жандай үн-түнсіз қалған Бағиланы әлгіндей болған жоқ ессіз дүниенің қара дауылы шайқап, талықсып бара жатты. Ескексіз дүниенің де есі кетіп, ол да есеңгіреп тұрды. Әлішер сүйемелдеп тұрған Бағила әлгіндей болған жоқ есін жиып алды да, жан дауысы шығып, шырылдасын-ай келіп. Сол шырылдаған қалпы Әлішердің қолынан босап шықты да, қар үстінде жатқан ақ мұз болып қатып қалған қос бауырын құшақтап жатып алды.

Біресе өксіп, біресе шыңғырып, біресе шырылдап жылаған Бағиланың мына қайғысы мен қасіретінің қанды көз жасына қарауға ешкімнің де… тіпті аспан асты тіршілігінің де дәті шыдамап еді. Күннің көзі жылжымай… бұлттар көшпей… жел соқпай… ақ қайыңның ұшар басына қонып отырған сауысқандар да шықылықтамай, олар да мәңгіріп тұрып қалды.

Адам баласын шырылдатып қойған дүние-ай, шіркін!..

***

Сол түні… Григориан күнтізбесінің 2004 жылғы желтоқсанның 26-шы жұлдызында рихтер шкаласы бойынша тоғыз балдық жер сілкінісінен Үнді мұхитының түбі қозғалды. Алапат толқын көтеріліп, Малай архипелагындағы жер шарындағы ең үлкен Суматра аралын су шайып кетті. Сол түні адам баласы бұрын-cоңды естіп білмеген ғаламат апат болған еді…

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

Бөлісу:

Көп оқылғандар