Талдаубек Әшімханұлы. Мағаз – қазақ прозасында өзіндік мектебі бар суреткер (жалғасы)
Бөлісу:
– Осы орайда жазушының кейіпкер бейнесін ашудағы шеберлігі туралы айтып өтсеңіз?
– Повестен байқалатын келесі бір артықшылық: кейіпкер тұлғасын суреттеуде автор өзі «қол сұқпай» шетте тұрып-ақ, кейіпкерлерді бір-біріне бақылатып, солардың көзімен, ойымен ашады. Оқиғаның негізгі желісіне тіке байланысы жоқ, бірақ айтылуға тиісті ойларды кейіпкердің ауызымен (диалог немесе монологпен) орайын тауып айтқызып жіберіп отырады. «Бұршақбай Эфимнің қажығандықтан қатпары молаң тартқан маңдайынан, болдырған өгіздің әукесіндей суалыңқы ұртынан, қатты қайнап пысқан жетім бауыр сияқтанған пістеден гөрі сүйірге бейім мұрнынан, аңшының көзіндей талмаусырай қарайтын қысыңқы көзінен заман тауқыметі мойындатқан бір түрлі момын адалдықты байқағандай болды. Дегенмен «іште бүккені болса ойлана жүрер» деген есеппен екі орыстың бетіне ұзақ телмірген бойы: – Елдеріңнің басына жаман күн туып жатса, туысқандарың аштан өліп, аурудан қырылып жатса, сендер бұлармен бірге көрмей туысқандарыңа көмек қылмай, бұл жаққа бас амандап қашып кеткендерің не қылғандарың?-деді. Малмен бірге көшіп-қонып жүрген, малдың аз-ақ алдындағы қазақ мұндай сұрақ қояды деген ой Эфимнің басына кіріп шықпаған еді. Сондықтан ол зорлана езу тартты да: – бәрібір біреуге көмектесу қолдан келмейтін болғандықтан әр кім өзі өлмейтінді ойлау керек. Бәрі бір-ақ өлгенше, бірнешеу аман қалсын. Рас емес пе, байеке?». Кейіпкерлерді бұлай бір-біріне бақылатып, қатарластыра сөйлете отырып ой ұсыну – бір жағынан шығарманың табиғи тартымдылығын асырса, енді бір жағынан, ойдың салмақ, жиілігін арттырады. Мұндағы диалог кейіпкердің портретінен де, қоғам, заман ауқымынан да хабар беріп тұр. Бас сауғалап келген орыстардың сөзі, жағдайы осындай жайды аңғартады.
– Шығарманың тілдік ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз?
– Повесть тілінің лексикалық құнарын, поэтикалық бедер-өрнегін сөз еткенде, жазушының көне, сирек және жергілікті сөздерді қолайына қарай «кәдеге асырып», әдеби айналымға айналдырып, сөз қорына қосып жіберіп отыратын тұстарын атамай кетуге болмайды. Қазақтың тілін байыта түсуге көркем әдебиеттің қосар үлкен үлесі де осында. Мағаз Разданұлы мұны әр уақыт есте ұстай отырып, жасампаздық жолында әрдайым іске асырып отырады. Және көне сөздерді қолдануда келсін-келмес көркем мәтінге тықпалап, сыналай берген жоқ. Ондай сөздердің мағынасын мүмкіндігінше контексте ашылатындай етіп жұмсайды. Сөз қолданылмаса қатардан қалады, архаизмге айналады. Оны сол архаизмнен алып шығып, су жаңа пішінде құлпырта қолдану жазушының шеберлігіне байланысты. Бүгінгі заманға сай емес дейтін сыңаржақ оймен көне сөздерге жатырқай қарау дұрыс емес. Мейлі тым сирек ұшырасатын беймәлім атаулар болсын, мейлі автор белгілі стильдік мақсатты көздей отырып, кей сөздер мен тұрақты тіркестердің тұлғалық пішініне өзгеріс енгізіп қолдансын, тек контекске қарай сөздің мәні толығырақ ашылып, ұғымды болуы шарт.
– Сөзіміз нәрлі болу үшін бірнеше мысал келтіре кетсеңіз, оқырман пайымына ұғынықты болар еді?
– Осы повесте, «шыбыш құлақ су», «ердене қонақ», «ізбіт шана» секілді атауларды қолданады. Мұнда, автордың әдеби тілде көп айтылып жүретін «айғыр құлақ су» деген сөздің қалыбы бойынша, «жасап жібергені» байқалады. Сол сияқты «күн бір жауса, терек екі жауады» деген мақалдың тұлғасы негізінде «...қолтығыңа келіп паналаған сол сорлыларды ағаш жапырағындай сендер екі жауып несіне малмандай етесіңдер?» деген сөйлем құрады. Әрі орынды, әрі ұғымды қолданылған, тамаша емес пе?! Енді мына бір тіркес құрап келген теңеулік мағыналы сөздерге қараңыз: «сары азу, сарымсақ құлақ», «сабаға салған кәрі жіліктей», «желіні сыздап тұрған дау», «мал түлігі болып қалды», «соқалап жеткізді», «көз суаратын көрерханасы», «үрей құшақтаған сұры бұлттар», «ошақ салып тінтті» сияқты тіркестердің бірспырасы авторлық дүниелер. Осындағы этнографиялық мәні бар мына екі тіркеске назар аударайық: бірі – «сабаға салған кәрі жіліктей» деген тіркес. Бұл қазақ тұрмысның өз ортасынан алынып, өте дәл қолданылған. Осы тіркестің мағынасын түсіну үшін мәтінді толық алайық: «Байағыдағы «төрт би» сайлаған Ажы заманынан бері сыбағалы орнын ала алмаған шеруші баласының сабаға салған кәрі жіліктей болғанына опығы бір басылмай-ақ қойды». Еертеректе, негізінен сірге жияр қымызға бағланның етін немесе кәрі (қары, қарымды) жілікті қымызға салып пісіп, сіңіріп жібереді. Мүшелі жіліктердің ішіндегі ең қаттысы, берігі осы кәрі жілік. Әсілі, қарымды сөзі айтыла келе кәрі болып, кәрі жілік атанып, ел құлағында солай сіңіп қалыптасқан. Осы ерекшелігіне қарай қары (қатты, қарымды, төзімді, берік) жілік деп атанған. Қазақ дәстүрінде кәрі жіліктің осы қасиетіне байланысты ырымдап босағаға кәрі жіліктей берік болсын деп қыстырып қойатын болған. Бұрынғылардың қатты жілікті қадырлы деп санауының бір үші осы қары (кәрі емес) жіліктің қасиетіне байланысты айтылған болса керек. Ал, қымызға салынған жіліктің еті қымызға кетіп, ақ сөңке сүйегі ғана қалады. Еті арылған жіліктің, ендігі жерде сый табаққа түсер орыны жоқ. Шеруші баласының ежелден өз орнын ала алмай келген хәлін «сабаға салған кәрі жіліктей» деп астарлап жеткізуі осыдан. Келесі бірі – «ошақ салып тінтті» тіркесі. Бұл сөздің шығармадағы қолданылуы былай: «Сандалған жұрт «суға кеттіге» жорысып, Қыранның екі жағына шығып, құлдай қарады. Иірім-иірім, шүңет жерлерді ошақ салып тінтті, салмен сүзіп, аумен де қарады». Ертеректе қазақтар суға батып кеткен адамды кәдімгі шойын темірден жасалған үш бұтты ошақты сүзгі ретінде қолданған. Повестте айтылып отырғаны дәл осы мағынаны меңзейді. Осыған байланысты айта кетейік. Әдетте, «қазан-ошақ» деп қосарланып айтылатын бұл атаулар қазақ танымында аса киелі ұғым саналады. Қазақ халқында ескіден қалған мынадай бір ырым бар. Суға батып кеткен адамды қазан арқылы табады. Адам суға кетсе үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді. әлгі қазан адам батқан жерді айналып жүзіп тұрады екен. Бұл атаулар этнографиялық ұғым ретінде мұра болып қалатын сөздер, соны Мағаз шығармасында орынды қолданып, керекті жерінде «кетікке» қалап жіберген. Қазақ танымына етене тағы бір сөз тіркесі – «мал түлігі болып қалды» дейтін этнографиялық ұғым. Қазақ қолғанат болып қалған баласын осылай атайды. Сөйтіп, бұл повесте жазушы қаламына тән сипаттарды, тілдік-стильдік ерекшеліктерді, сөз қолданыстағы өзіндік бөгенайларын қсықаша талдап шықтық, әрине, бұл талдаулар жазушы қолтаңбасын ашып беретін жан-жақты толық зерттеу емес, тек, Мағаз Разданұлының көркем прозасының сыр-сипатын ашу, зерттеу жолындағы ізденістің бір үзігі, азын-аулақ үлгісі ғана. Тағы да айтарымыз, бұл реттегіміз алдағы жерде жазушының әдеби мұрасын кемелді зерттеудің ізашары болар деген мақсатты көздедік.
– Мағаз Разданұлының ең сүбелі шығармаларының бірі – «Алтайдың ақиықтары» романы, әуелі роман атауына байланысты ойыңызды білсек?
– Негізі «ақиық» емес, «аққаптал» болған. Өйткені, «аққаптал» деген осы сөз Мағаз Разданұлы шығармаларының ажар-бояуындай болып тым жиі ұшырасады. Автор «Шинжияң жастар-өрендер баспасынан» жарық көрген романын өзі «Алтайдың аққапталдары» атаған екен де, кейін баспа редакторлары роман атын «Алтайдың ақиықтары» деп өзгертіп шығарған. Мүмкін, оның белгілі себептері де болған шығар... алайда, оқырманның есінде жүрсінші, әсілі «аққаптал» сөзі бұл романның айтарын толық ашатын тамаша қойылған ат. Әрі тұтас шығарманың көркемдік-идеялық бояуын қанықтай түсетін кілт есепті сөз еді. Көп оқырманның құлағына сәл бейтаныстау естілетін бұл сөз – тек әдеби тілде толық орнықпай келгені болмаса, қазақ тілінде ежелден бар сөз болатын. Егер кезінде роман аты «аққаптал» сөзімен аталып кеткенде, бұл сөз әлдеқашан орнығып та қалған болар еді. Алдағы күнде Мағаз Разданұлының толық шығармалар жинағы жарық көріп жатар болса, осыны ескере жүрейік.
– Романның сюжеттік құрылымы қандай тарихи кезеңді артқы көрініс еткен?
– Романның сюжет желісі – тым күрделі оқиғаға құрылмаған. Бар сюжет дерлік орталық кейіпкер Өміртай биді (Биқажы) негізгі қазық етіп, тарихи оқиғалар мен сол кезеңнің қоғамдық-әлеуметтік шындығы тарихи романның жинақтаушылық сипатымен көрініс табады. Көркем туынды – өмір шындығының бір қыры, бір қиығы арқылы тұтас кезеңнің, бір не бірнеше дәуірлердің шындығын көрсетіп, астарын ақтарып береді. Міне, «Алтайдың ақиықтары» романы да дәл осындай. Алтай өңірін мекен еткен керей елінің айтулы биі Өміртай араласқан және білген, таныған өмірдің қайшылық пен сілкілеске толы қым-қиғаш тұстарын бяандайды. Чиың патшалығының соңғы жарым ғасыр мезгілінен республика құрылғанға дейінгі аралықта бірі келіп, бірі кетіп жатқан жергілікті билеушілерінің ел басына әкелген зобалаңдары сондайлық жарасымды да, нанымды әлпетте айшық табады. Біз бұл арада жазушының нендей оқиғалардың сырын ашып, нені айтты дегенді емес, автордың тарихи романды стиль тезіне түсіріп жеткізудегі шеберліктері, жүйеден, тілдің көркемдік-стильдік амалдарын қолданудағы жазушы қаламына тән белгілерді көрсетіп, дәлелдеп беруді мақсат етеміз.
– Мағаз шығармашылығы туралы сөз болғанда, әуелі жазушының тіл қолднау, сөйлем құрау, сол негізде туатын көркем ойлау жүйесі жиі сөз етіліеді, бұның себебі неде?
– Мағаз Разданұлының тілінде сурет бар, шешен жазушы екендігін бұл романында тіпті де айқын байқатады. Роман тіліндегі поэтикалық үн (сипат) туындының тұтас желісінде тарихи романның да, автордың өзіндік жазу мәнерін, стильдік ерекшелігін де көрнектілей түседі. Жазушы бір нәрсені немесе оқиғаны жазғанда оған жан бітіріп, образбен сипаттап тірі суретке айналдырады. Мысалы, «қошқар тонын тастап» салқын самал жайлауға бет түзеген көш суретін былай береді: «Салт көштегілердің бәрі кілең сақал-мұрт теңдеген кекірттер. Әр кім өз атының арқасында таралғысы үзілердей шіренеді». Жазушы мұнда көштің салтанатын емес, адамдардың мінезін суреттейді. Онда да жай емес, ауыспалы мағыналы сөздермен образдап ұтымды бейнелейді. «Ақсақал немесе жасамыс ер» дегеннің орнына «сақал-мұрт», «адам» дегеннің орнына «кекірт» деген бодау сөз (синекдоха) арқылы аз сөзге көп мағына сиғызып, ойды ажарландыра түседі. Ел ішіндегі ілікке алар дейтін атқа мінелердің шіренген такаппар да менмен мінез-құлқын бір сығым суретпен көз алдыңа тарта салады.
– Бұл роман ХІХ ғасыр ортасы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірін суреттеуге арналған тарихи-роман екенін білдік. Жазушы өзі жазып отырған уақыттың атмосферасын қаншалықты дәл тауып бере алған?
– Тарихи шығарма – өткен дәуірдің оқиғалы шындығын жалаң баяндаудан ғана тұрмайды. Әсіресе, алыс ғасырлардың тарихи оқиғаларына құрылған тарихи-деректі романдардың тілінде тарихи роман стиліне сай сипаттардың көрілуі – тарихи көркем шығармалардың қалыптасу, даму үрдісінде әлдеқашан үлгіге айналып, тарихи романдардың ерекшелігі болып орнықты. Мұны, қазақ әдебиетінде тарихи роман жазудың, әрі тарихи роман стилін, ерекшелігін көрсетудің ерен үлгісін жасаған Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин қатарлы жазушылардың тарихи романдарынан табамыз. Тарихи роман – тарихи дәуірдің оқиғасын, оқиғаларға байланысты өткен заман адамдарының тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық жүйесіндегі сан-салалы істердің барлығын мазмұн етеді. Тарихи шығарманың арқауына айналып отырған бұл құбылыстарды жазушы мүмкіндігінше сол «заманның тілімен» сөйлетуге тырысады. Сол заманда кең қолданылған, бүгінде көнеріп, «дәуірі озған» ескі сөздердің тарихи романдарда орын алуы – туындыны тарихи стиль тезіне түсірумен қатар, ерте заманға тән тарихи атауларды зерттеуге жол ашып, танымдық жақтан көп пайда жеткізеді. Сонымен қатар, тарихи атауларды, бүгінде қолданыстан қалған мағынасы беймәлімдеу сөздерді тарихи шығарманың қажетіне қарай орынды пайдалану – шығарманың тарихи құнын арттыра түседі. Бұлар – шығарма тілін тарихи роман стиль тезіне түсіріп жазудағы алдымен назарға алар басты түйін болып есептеледі. «Алтайдың ақиықтары» романында – ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың алғашқы жарымындағы Чиың үкіметінің қол астына қараған қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірі сөз болады. Бұл тұста, Шинжияңдағы қазақ ұлтына сырттай ие болып, ішкі жақтан өзін-өзі басқаруға мүмкіндік берген үкімет, ел, ұлыс билеушілеріне ресми лауазым аттарын береді. Гүң, бейсі, амбы, ұкырдай, зәңгі, т.б. мансап атаулары романда өз тұсындағы қолданысымен берілген. Билік тізгінін ұстағандардың лауазымдық дәреже аттарының тарихи кезеңнің шындығына сәйкес қолданылуы – туындыны тарихи стиль тезіне түсіре жазудың мақсатынан туындап отыр. Романда Қытайдың ескі қоғамдық түзімі әлі өзгермеген кезеңнің оқиғасы жазылғандықтан да, жазушы түрлі әкімшілік топтар мен билеушілердің дәрежелік шенге байланысыты терминдерді, халықтың тұрмысы мен шаруашылығына қатысты түрлі зат атауларды да сол кезеңнің «суретіне» сай алып, кәдеге асырған. Мұндай құбылыстар романның тілінде жиі қолданылып, кейбірі танымдық мәнде болса, кейбірі стильдік қызметте жұмсалып келген. Мәселен, «шаған кеген», «жияң жұн», «зұрған» (хатшы) сынды сол бір дәуірге, бір өңірге ғана тән, түсінікті атауларды романның тілін сол заманға бейімдеп, стиль тезіне түсіру үшін осылай қолданылған. Сонымен қатар, ханзу, орыс есімдерін қазақтар жалпақ тілімен қалай атаса, шығармада солай береді. Мысалы, Юан Шыкайды Жуан Шақай деп, Григорийды Күркірей деп атайды, бұл шығарманың табиғилығын арттыру сынды стильдік мақсатты көздеп жұмсалған.
– Романнан бұл күнде ұмытылып бара жатқан қанатты сөздерді көп кезіктіреміз, оның тарихи тұлғалардың образын ашудағы рөлі қандай?
– Бұл романның оқырманды өзіне тартатын көркемдік сиқыры – тілінің шұрайлылығында, және жазушы ылғи бұрыннан бар дайын шешендік сөзді арнайы іздеп тауып енгізіп отырған жоқ. Автор баяндау, суреттеу тілін сол кезеңнің сөйлеу тіліне, ойлау жүйесіне түсіре отырып жеткізуде барынша табиғи, шыншыл, қазақтың сахаралық өмірімен тыныстас келіп отырған. Бұл барыста жазушы Мағаз Разданұлы жергілікті сөздер мен ел ауызында айтылып келген тарихи қанатты сөздерді тілдік құрал ретінде орынды қолданып, романның ажарын ашып, көркемдік-эстетикалық қуатын арттыра түседі. Романдағы тарихи қанатты сөздер: «Ақтайлақтың бауырын арқан кесіп», «даудың тесігі аналықтың даналығына жүгінген күні жамалады», «төре азсса қарадан қалайды, қара асса төреден алады», «Алтайдан әз келеді, Үрімжіден таз келеді», «керейден Қара Оспан кетсе айдын кетеді, Мәми кетсе ақыл кетеді», «көктемеде бұқа мас, Көктоғайда молқы мас». «Алтайға жұт келсе сауыр құтырады». Романдағы бұл секілді тарихи қанатты сөздердің әрбірінің үлкен мағынасын, терең мәнін бұл жерде шағып бермесек те, ойлы оқырман бізден де жақсы біледі, түсінеді деп ойлаймыз. Біздің айтпағымыз жазушының жергілікті сипат алатын тарихи афоризмдерді шығарманың шырайын ашу үшін орнын тауып қолдана білгенін көрсету еді.
– Кейде жазушы өз жанынан да сөзжасамдық негізде аса сәтті шыққан нақыл сөздерді қолданып отыратын сияқты?
– Иә, романда кейбір мақал-мәтелдердің қалыбынан пайдалана отырып, өзі жасап жіберген қанатты тіркестер де кездеседі: «Халқы қалай болса ханның да бөркі солай», «Сырын білмеген ұлықтың сыртынан жүрме» деген сияқтылар, бірақ мұндайлар аса көп емес. Жазушы адамды, құбылысты сипаттағанда да, дерлік ұлттық таным-түсінікпен суреттейді. Мысалы, «Өміртайдың бәрін Шарбыға жиятын атадан қалған әдеті болатын» деп Биқажының іштілігін дөп басып береді. Тағы бір мысал: «Арғы атасы Бақаттан, бергі атасы Ақтайдан Сүгірбайға қалған қорғасындай салмақ қазыр ауырламаса жеңілдеген жоқ. Шыққан жеріне ерегескендей шығатын тамыры терең де ұйысқақ түңкелі құрақтай Аманбайдың өрісіне тәңірдің өзі мың жылқы, қорасына үш мың қой салып берді. Оның қазанына қатқан қаспақтың қалыңдығы қазірдің өзінде жырта қарыс. Бүкіл Қобда қазағының рухани байлығы тағы сол Бақат нәсілі Тілеубердінің қолында. Бір желіден туған осы үш қаракөктің бүгінгі салауаты Бақат баласын су бетіндегі көбіктей шетінен желөкпелендіріп тұр. Төрт қыбласы тең біткен осындай абырой мен бақ кімге кеуде қақтырмайды. Сал-серілікті туа сала тәңір маңдайына жазған Аманбайдың ұлы Марданның дәл осы тұста жын дарыған бақсыдай ата дәулетке буланып, жастықтың желігімен шарбысы шатына симай ел кезуі жөн-ақ еді. Оның балақ жимай әуейленуін алдымен құптаған адамның өзі тағы сол Сүгірбай болатын». Міне, шын суреткер осылай төгілдіреді. Мұнда үйірімді, астарлы, сементикалық ауқымы кең бір қыдыру көркемдік түзілістер бар. Қазақы теңеулер, перифраздар текістің ішкі тынысын кеңітіп, ажарын асырып тұр. Тарихи шығарманың бір ерекшелігі – ел, жер тарихы туралы мол танымдық білімдерді, этнографиялық ұғымдарды өз арнасына еркін сидырып, жымдастыра отырып жеткізуінде. Бұған тарихи тақырып стилі де жол береді. Тіпті шығарманың шырайын ашып, құнын арттыра түседі.
– Романда этнографиялық элементтер жиі ұшырасады. Осындай детальдар дәуір келбетін ашуға қаншалықты қызымет атқаруы мүмкін?
– Тарихи романда тарихи оқиғаға байланысты жер аттары, кісі аттарының кездесуі заңды. Әсіресе, жазушы өзінің діттеген мақсатына жеткізетін ұтымды тәсілді, детальды таңдайды. Бір ғана желіге тартылып, Өміртай бидің айналасында туындаған жайларға топтастырылған оқиғаның ауқымы, мазмұндық аясы орынды қолданылған деталь арқылы кеңейіп көркейеді. Деталь – ойды жеткізудің ең орайлы жолы. Дәл сондай ұтқыр жол, тамаша деталдың бірі – сыбызғышы Иманбайдың тартқан күйлері. Күй тарихы – ел өмірінің тарихи сырларының алыс түкпіріне жетелейді. Мұнда күй тарихы ел, жер тарихына қатысты толайым шындықтарды романның өзегіне сіңіре отырып жеткізудің тәсілі. Сыбызғышы Иманбай «Өрікті көл», «Жыланды оқиғасы» сынды тарихи астары бар күйлерді тарта отырып, ел тарихындағы елеулі оқиғалардан сыр суырады. Әсіресе, Иманбайдың күйшіліктен сырт ауру емдейтін бақсылығы да болған екен. Науқас адамды емдеу үшін жын шақырып ойнап жатқанда, үстіне қобызын көтеріп тағы бір бақсы кіріп келеді де, екі бақсының жындары сайыса кетеді. Осы «жын таласында Бөлеке бақсы» мерт болады. Романда осы оқиғаға жалғас Емілбай Қалдыбайұлы деген атақты сынықшы, әрі ғайыпты болжайтын әулие адам болғандығы; ол әр жолы сынқшылық істегенде оны жебеп жүретін «Сарықыз» киесі аян беріп, жол көрсетеді екен. Осындағы «көмескі кейіпкер» ретінде көрініс беретін «Сарықыз» – қазақ танымындағы жоғарғы әлеммен тұтастыратын мифтелген ұғым. Қасиетті мәні бар магиялық таным есебінде бағаланады.
Романда көрініс табатын күйшілік, сынықшылық, бақсылық – дала мәдениетінің асқақ үлгісі. Шығарманың ішкі қуатын күшейтіп, шиыршық аттырып ширата түсетін де дәл осындай мәнді, дәмді мазмұндар. Сыншқшы Емілбайдың сүйегі сынып уатылып кеткен баланың аяғын кесіп тастап, орнына жас ботаның сүйегін салып қатарға қосыуы – кейде бүгінгі дамыған медетцинаның да шамасы келмей қалатын шеберлік, әулиелік еді. Тарихи роман жанры – арнасы кең дариядай көп нәрсені өзіне сидыра біледі. Онда бірер оқиға немесе бір ғана ой көтерілмейді. Алып арнаны толтыратын сан мың бұлақтардан құралады. Мағаз Разданұлы романының оқиғалық ұлы желісін – Алтай өңірін мекендеген халықтың әлеуметтік өміріндегі оқиғаларға құра отырып, бір дәуірдің қоғамдық-тарихи шындығын көрсетуге құрғанымен, осы сюжеттік фонға арқа сүйей отырып, халықтың заттық-рухани тіршілігін, мәдениетін, таным-дүниесін, мінез-болмысын терең танытатын жанды детальдар, тартымды эпизодтар арқылы көптеген асыл ойлар ақтарылған. Қысқасы, біз бұл романнан қазақ халқының бір дәуірдегі өмірін, тарихи шындығын, мәдениетін, тұтас болмысын көре аламыз. Дарынды суреткердің шешендікпен келген шұрайлы тілі, өзіне тән шеберлік үлгісі кейінгі ұрпаққа өнегелік мектеп болып қалыптасатыны да шүбәсіз.
– Сұхбат барысында бірәз дүниенің шетін шығарған сияқтымыз. Айтар ойыңызды қортындылап, әңгімемізді түйіндесек?
– Рақымет! Әңгіме барысында суреткер жазушы Мағаз Разданұлының прозалық шығармаларына қысқаша талдау жасап, жазушының шеберлік қырларын, тілдік-стильдік сипаттарын көрсетіп, теориялық пайымдар ұсындық. Жазушының қазақ прозасына қосқан үлесі, жасампаздық ерекшелігі жайындағы козқарасымызды мынадай бірнеше түйінге жинақтасақ.
Ең әуелі Мағаз Разданұлы – еліміз қазақ әдебиетінің классигі, шын мәніндегі Қытай қазақ прозасының ең басында тұратын, қара үзіп алға шыққан дарынды жазушы. Прозада өзіндік үлгі, мектеп қалыптастырған дара стильге ие суреткер. Шығармаларының тұтас бойында үзілмес өзек, сабырға тұнған салмақ, бөлінбес бүтіндік және бірлік бар. Айтарын әрдайым образбен, шешен жеткізе біледі. Жазушы өзі суреттеп отырған тарихи кезеңнің шындығын көрсетумен бірге, өткен дәуір адамдарының таным-дүниесін, заттық-рухани тіршілігін қоса көрсетіп отырады. Өйткені, шынайы құнды шығарма ұлттың болмыс-бітімімен астасып жатады. Шын өнер әрқашан да халықтың тағдырымен, тарихымен, салт-дәстүрімен тамырлас. Мағаз Разданұлы өз прозасында міне осындай қазақ халқының белгілі бір кезеңдеріндегі өмірін танытумен қатар, еліміз қазақ әдебиетінің даму тарихында жаңа дәуір тудырып, айқын жол салып кетті.
Жазушының әңгімелерінен әңгіме жанрына тән қысқа, үнемді, астарлы тілдің ерекшеліктерін байқасақ, ал тарихи тақырыптағы повесттері мен романынан тыныстылықты, қаусырымы мол кең құлаштылықты аңғарамыз. Жазушы әрдайым оқиғаны дара баяндауды мақсат етпейді, қайта оқиғаны фон ете отырып, халықтың таным-дүниесін, мінез-болмысын, салт-дәстүрін терең танытады. Халықтың қазыналы тілін жүз құбылтып, мың түрлеп, эстетикалық әсер-қуаты мол өлмес өнер тудырады.
Мағаз Разданұлы – тілді көркемдік құрал ретінде ғана емес, көбінесе стилдік қызмет те жұмсай білетін дарынды суреткер жазушы. Әрдайым тілдің образдылығын, астарлы мәнділігін, дәлдігі мен қысқалығын қадағалап отырады. Шығармаларында бір сығым сөзбен, сынық, жарты сойлеммен-ақ бүлік еткізіп, алысты аңдатып өтетін тереңдік, сыршылдық бар. Әрі жазушы қолданысында бірде-бір идеяға қызмет етпейтін артық тұрған диалог, суреттеу, штрих жоқ. Әр қадамын кәнігілікпен алған жазушының жазу стилінен өзіне тән ерекшелігі, зор тұлғасы менмұндалап тұрады.
Мағаз Разданұлы – суреткер жазушы ретінде ғана емес, тілдік тұлға ретінде де қарастырылуы керек. Өйткені, оның тілінде қазақтың байырғы мәдениеті, ата заманғы шешен билерінің ойлау жүйесі, сөйлеу дағдысы сақталған. Прозасында қазақтың сахаралық өмірін, бүкіл болмысын, этнографиясын терең және жақсы білетіндігін толық әйгілеп көрсетті. Оның шығармаларында ұлттық рух, ұлттық болмыс бүлкіл қағады.
Сөзіміздің ең соңғы түйінінде қадап айтарымыз: классик жазушы, дарынды ақын Мағаз Разданұлының тұтас жасампаздығының қырлары әлі күнге дейін толық ашылып, зерттеліп танылмады. Біздің көрсеткен өлшем, бағамыз да суреткердің көркемдік әлемін жан-жақты зерттеу, таныту жолындағы ізденіс деп білгейсіздер! Ендігі сарап – ойлы оқырман мен келешектің еншісінде.
– Әңгімеңізге рақымет!
Көрнекі суретке Алпысбай Қазығұловтың картинасы пайдаланылды
Бөлісу: