Еділбек Дүйсен. Балалар әдебиеті жайлы біздегі түсініктің өзі дұрыс емес...

Бөлісу:

19.10.2021 4865

Ақын, бірнеше жыр жинақтың авторы, аудармашы, «Солақайлар» әдеби клубының өкілі Еділбек Дүйсеновпен болған сұқбатты оқи отырыңыз, патша көңілді оқырман. Сұқбат барысында әлемдік әдебиеттегі постмодернизм ағымының қазақ әдебиетіне ықпалы, қазіргі заман оқырманының сұранысы жайлы біршама ашық ойлар айтылады.

- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Батыс-Еуропа мәдениетінің күл-паршасы шығып, қалалардың қирап, дәстүрлердің күйреп қалғанын тарихтан білеміз. Білуімізше, бұдан соң тарих сахнасына модернистер келіп, мәдениетті қайта жалғамаққа талпынды. Ал атауының өзі «модернизмнен кейінгі» дегенді білдіретін постмодернисттер мәдениеті заманның негізгі беталысына, сол беталысты туғызған ағымдарға қарсы тұрды. Бір түсінгеніміз, «модернизм – дәстүршіл», постмодернисттер осы «дәстүршілдерді» өз көлеңкесінде қалдыруға тырысатын және ішкі мектептеріміз үйреткен әлемді тану қағидаларын «алдамшы иллюзия» ретінде көрсететін ағым. Ойы дербес, ұйқасы тәуелсіз, бунақ-буынсыз өлеңдерді оқығанда біздің дәстүрлі танымдағы оқырмандардың кірпідей жиырылып қалуы неліктен деп ойлайсыз? Постмодернисттік қоғамда өмір сүре отырып, ескіліктің елесінен алыстай алмауымызға не себеп?!

- Ең алдымен, мынаған тоқталайық. Бұл – анықтамасы әлі күнге дейін айқындалмаған, стилі, формасы нақты бекітілмеген ағым. Әркім әр түрлі айтып, түсіндіреді. Мәселен Батыс-Еуропа осы уақытқа дейін постмодернисттердің үшінші, төртінші буынын шығарып үлгерді. Ал қазақ әдебиетінің оқырмандары дәл осы атауды естіген уақытта өзіңіз айтқандай кірпідей жиырылып қалады. Тағы бір қызық құбылыс, қазақ тілді оқырмандар кез келген түсініксіз поэзияны «постмодернизм» деп ойлайды. Біз өзіміз «түсініксіздігінен» бұрын түсінуге тырыспайтын, түсінгіміз келмейтін дүниелердің көбін өзімізден алыстатуға тырысамыз. Қазақ аудиториясына келген постмодернизм түсінігі де «түсініксіздік» деген шеңбердің ішіне кіріп кетті. Постмодернизм – қоғамның өзі. Жаңарған, өркениетті, техника, білім-ғылым қарыштап дамыған қоғам. Ол қоғамның әдебиеті де сол білім-ғылымға ілесе алатын, тілі де техникаланған әдебиет. Қысқаша осылай анықтама беретін болсақ, демек, біздің қоғам толықтай «постмодернисттік» қоғамға аяқ басқан жоқ. Жазып отырған автордың қолындағы қаламның өзі «постмодернизм» болмағандықтан, ол қаламнан шығатын шығарманың өзі де «постмодернисттік» шығарма бола алмайды. Яғни, ағымның талаптарына жауап бере алмайды. Ақ өлең мен постмодернизмді шатастырушылық бар. Ақ өлеңнің өзінде түрлі вариациялар бар. Ұйқассыз өлеңнің өзі ақ өлеңнің ішіндегі белігілді бір критерийлердің біреуі ғана. Алайда мені қуантатыны тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі қазақ әдебиеті жаңа ұмтылыстарға, соны ізденістерге қадам басуда. «Қазіргі қазақ әдебиеті көңіл көншітерлік жағдайда емес» деген Тынымбай Нұрмағамбеттің сөзі бар. Шыныменен солай, өйткені соцреалисттік кезеңнен шығып, қайда барарын білмей қалған біздің әдебиет «постмодернизмге» аяқ басқысы келеді... Ортасында орыс әдебиетінің өткен акмеизм, имаженизм, футуризм, символизм секілді ағымдарының біреуінде бастан кешірмей, бірден постмодернизмге көшкісі келетін әдебиеттің жағдайы басқаша қалай болуы мүмкін. Әуелі осы баспалдақтардан аттауымыз керек сияқты. Ол туралы ақпараттар, оқулықтар жеткілікті болмағандықтан авторлармен оқырмандардың арасындағы талаптардың болуына әкеліп отыр.

- Әдеби сын, аударма, балалар әдебиеті кенже қалған үш сала екендігі айтылып жүр. Өзіңіз балалар әдебиетіне де қалам тарттыңыз. Ақын қаламымен парағын қолға алып, өлең жазуға отырғаннан бастап миы, сана-сезімі ғарыштық толқын ақпараттарының арнасына түсетіндігі белгілі жәйт. Яки ол Ібілістің я Құдайдың тарапынан болуы ғажап емес. Шарль Бодлердің «Зұлымдық гүлдерін» қазақша тәржімаладыңыз. Француз сыншылары Бодлердің бес өлеңін сол ғасырда «адамзаттық ізгі құндылықтарға жат екендігін ескертіп» сотқа берген болатын. Жапон ақын-жазушылары «сатанисттік» көзқараста өмірдің көлеңкелі тұстарын көріп, көптеген шығармалар жазды. Бодлерді аударуыңызға не түрткі болды?

- Алдымен балалар әдебиеті туралы сөз қозғаған уақытта былай сұрақ қоюымыз керек: «балалар әдебиеті үлкендердің сұрағына жауап бере ала ма?» Балалар әдебиеті жайлы біздегі түсініктің өзі дұрыс емес. Балалар әдебиеті балалардың көзімен жазылуы керек пе әлде тілімен жазылуы керек пе?! Бізде балалардың тілімен, жеңіл, жатық жазылған, құрмалас сөйлемдерді алып тастап, жәй сөйлеммен дүниелерді балалар әдебиеті деп санаймыз. Шын мәнінде баланың көзімен, дүниетанымымен жазылуы тиіс. Бірақ, бұлай дейтін болсақ Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» балалар әдебиетіне жатқызбауымыз керек болды. Бердібек Соқпақбаевтың кез келген шығармасы саяси бағытта жазылған. Кеңестік цензурадан қашып, өзінің пікірін білдіруге ұмтылған. Джордж Амадудың «Құм жағалауының капитаны» деген романы бар. Мәселен, Латын Америкасын бүкіл әлемге танытқан Габриел Гарсиа Маркес. Олар соцреалисттік шеңберден шығып, өздерінің түп тамыры мифологияға, мифтік әдебиетке, магиялық реализмге барып өз ұлтының әдебиетін әлемге әйгілі етті. Қазақ әдебиеті ол шеңберден шыға алған жоқ. Әлі күнге ауыл тақырыбын жырлап, шөптің, қораның, малдың айналасында қалған ақын-жазушылар мемлекеттік сыйлықты алып, мінберлерде сөйлейді. Кеңестік қоғамның режимінде қалыптасқан сананың жаңашылдықты түсінбеуі, түсінуге тырыспауы қалыпты дүние.

- Біздегі мектеп оқулықтары, жоғары оқу орындары оқушыларға Төлеген, Жұмекен, Мұқағали, Ғафу, Сырбай, Фариза Оңғарсынова секілді классикалық қазақ әдебиеті өкілдерін оқытады. Жас қаламгерлердің көптеп насихатталмауына не себеп? Әлде оқырманның сұранысы мүлде басқа ма?

- Мұны былай түсіндірейік. Мектеп қабырғасында жүрген уақытта ең жас оқығанымыз Мұхтар Шаханов болуы керек. Қазір іні-қарындастарымның әдебиет оқулықтарын қарасам, Ерлан Жүніс, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек секілді ақындардың шығармалары енген. Алайда тағы түйткіл бар. Біз үшін «орта буын» болса да жаңағы оқулыққа енген қаламгерлерге – жазушылар одағының, мектеп оқулығын шығарушы баспалардың, министрліктің «жас ақындар» ретінде өлшем беруі қызық. Мәселе олардың көзқарастарының кәрілігінде. Мектеп оқулықтарына жаңаша мазмұнды, форманы, тақырыптарды енгізуге тиіспіз. ҚазҰУ-де оқып жүрген уақытымда филологияға түскен қыз-жігіттердің «ең жас» деп танитындары жаңағы айтқан Шахановтар ғана. Одан кейінгі буынды оқымайды. Мұны енді былайша айтқан уақытта әдебиеттің насихатының төмендігі, кітап нарығының жоқтығы деп ойлаймын. «Әдебиет бұрынғыдай оқылмайды» деген стеоротип бар. Негізі, өзіміз оқырманның сұранысын қанағаттандыра алмай келеміз. Оқырман сұранысы дегеніміз не? Оқырман нақты не сұрайды, оны беруде емес. Олжас Сүлейменовтің «Азия» деген кітабында мынадай бір жолдар бар. Ежелгі Қытайда қолданыста болған қаһарлы Махагаланың бейнесі қойылған айна бар екен. Бір жағында Махагаланың мойны мен арқасы ғана көрінетін сурет салынған. Оның басын екінші жағынан іздеуіңіз қажет. Қызығушылығыңыз оянып, айнаның екінші бетін төңкеріп қарағаныңызда өзіңізді көресіз. Анығырақ айтсақ, оқырманға өзінің көзқарасын, дүниетанымын, мұң-қайғысын, бір-біріне жаншылып жатқан сезімдері мен ойларын көрсету - әдебиеттің міндеті. Біз осы деңгейге, өреге шыға алмай отырмыз.

- «Солақайлар» әдеби клубының белді өкілісіз. Клубтың мүшелері ақ өлең жазумен шұғылданып, аударма саласымен айналысып келгенін білеміз. Қазіргі ұйымның атқарып жатқан жұмысымен бөліссеңіз?

- Жоғарыда айтып өткен кенже қалған саланың бірі – аударма саласы. Алматыдағы қыз-жігіттер бірігіп «Солақайлар» деген клуб аштық. Көзқарастары ортақ, пікірлері бір жігіттердің басын қосып, аударма саласын дамыту мақсатымыз болды. Осы мақсат төңірегінде қазақ тілді аудиторияға біраз нәрсе тәржімалап бердік-ау деп ойлаймыз. Ұйғыр, француз, орыс тілінен тікелей аудармалар жасадық. Қазіргі заман жазушылары Орхан Памук, Джойс секілді және көптеген қаламгерлердің мақала, сұхбат, өлең, новеллаларын аудардық. Еңбектеріміз газет-журналдарда да, сайт-порталдарда да жарияланды. Өз оқырмандарын тапты.

Біздегі қыз-жігіттер тәуелсіз жазуға жұмыс істейді. 1963 жылы қазақ әдебиеті газетіне «Жаңалық па? Жаңа былық па?» деген мақала жарық көрді. Бұл мақалада ақ өлең жазып жүрген жас жігіттерді сынап, «қазақ өлеңінің қабырғасын қайыстыруға» келген толқын деп таныды. Айтылған ақындардың қатарында Есенғали Раушанов, Байбота-Қошым Ноғай, Төлеужан Смайылов, тіптен Қадыр Мырза Әлидің өзі де болған болуы мүмкін. Осы мақаладан кейін ақ өлеңді қойып, беті қайтып қалды. Мұндай дүние солақайлардың да алдынан кесе-көлденең шығып жатады. Қолыңа қаламды қалай ұстау керектігін үйретуге тырысатын, бір форманың ішінде қалған жазушылардың салқынының соғып тұратыны, ықпалының болып тұратыны түсінікті. Солақайлар қазір тыныш. Жак Фресконың Проспер Мериме туралы зерттеуінде бір айтатыны бар. Бірнеше жыл ешқандай шығармаларының жарияланбай қалған уақытын ол «үнсіздік уақыты» деп атайды. Кейін белгілі болғандай Проспер Мериме бұл уақыт аралығында тарихқа бетбұрыс жасайтын жаңа шығармаларды жазумен шұғылданған. Үлкен жобаларымыз бар. Біреуін айтып кетейін. Клубтағы қыз-жігіттердің өлеңдерінің басы жинақталған тұңғыш антологиясын жариялауға жұмыстанып жатырмыз.

- Ресей Жазушылар Одағы қаламгерлерге осы уақытқа дейін қаламақы төлейтін көрінеді. Семей өңірлік жазушылар филиалының төрағасы Мерей Қарт қазақ әдебиетінің әлеуетін арттыру үшін академия ашылуы керектігін жеткізді. Ал Дидар Амантай: «XXI ғасыр – әдебиет үшін қолайсыз ғасыр» екендігін айтады. Жазушы жалаң аяқ жүрсе де жазуы керек пе? Сіздің ойыңызша қаламгерлерге үкімет тарапынан қолдау көрсетілуі керек пе?

- Біріншіден, таза мемлекеттік тұрғыдан қолдау қажет емес деп есептемеймін. Өйткені оның нәтижесін көріп отырмыз. Екіншіден, академия құруды да қолдамаймын. Бір-біріне сойып қаптап қойғандай ақын-жазушылар пайда болады. Үшіншіден, қалам ақы мәселесі билік тарапынан емес, тәуелсіз ұйымдардың тарапынан жүзеге асу керек деп есептеймін. Біз кеңес одағы кезінде әбден қаламақыға жарыған және оның зардабын тартқан жазушылармыз. Мысалы, «сындырып жазу» тәсілі пайда болды. Сондықтан, төрт жол өлеңді он екі жол өлеңге айналдырдық. «Жалаң аяқ жүрсе де» деп бейтарап қарап, күресінге лақтырып тастау дұрыс емес. Мемлекет кітап нарығын жолға қою керек. Сонда бәрі өз-өзінен шешіледі. Әйтпесе, мемлекет кітап мәселесіне араласты. Ақыр соңы үлкен дауға ұласуға шақ тұр ғой. Авторлық құқықты жетпіс жылға алып қойып, қазір бес жылға беріп жатыр. Жаңа ғана тілге тиек еткен Орхан Памугымыз өте бай отбасында дүниеге келген. Кітабының сатылуына, мемлекеттің қолдауына мұқтаж емес. Сол себепті, тәуелсіз пікірлер білдіріп, Түркия билігі күрдтерді қырып жатқан уақытта мемлекетке қарсы шығып, адамзаттық ой айтты. Жалпы, әдебиетке келген адам әдебиеттен нан табам деп келмеуі керек. Адалдық та осы жерден басталады...

- Ырғаққа түспеген осы бір ғұмырға,

Кімнің еңбегі көбірек сіңді?

Кімнің еншілеуге құқы бар?

менің бе?

Құдайдың ба?

Осы өлең жолдары «Кенті баба сағанатамындағы азаншының баспалдағы үстінен» алынды. Байқасам, ішкі қарсылықтан туындаған. Бұл қарсылығыңыз Құдайдың қақына қол сұқпай ма?

- Бұл адамдардағы жан айқай – ішкі қарсылық. Мұндай күмәнді ойға біз әрбіріміз барып, міндетті түрде жетегінде жүреміз. Құдайдың қақына қол сұққандығым ойымды қағазға түсіргендігім ғой, демек. Киелі кітаптарда, салт-дәстүрімізде айтылатын адамның ғұмыры А-дан Я-ға дейін маңдайына жазылған деген ұғым бар. Қарсылық осы жерден туындайды. Маңдайға деген қарсылықты жиі естіп жатамын. Ұлықбек Есдәулеттің «Ақынның басы – Алланың добы, Алла да көзін ашып қарасын» деген өлеңіне қарағанда менікі - ештеңе емес. Өте қалыпты дүние. Адам жан азабынан, ішін кеулеп мүжіп бара жатқан ойлардан жазу арқылы ғана құтылады. Бізге жеңілдік сыйлаған өлең болды. Оның да өмір сүруге хақысы бар шығар.

- Новелла, роман-хикаяттар қоғам сұранысына сай қысқа жазылуы керек деген пікірлер үстемдік құрып жүр. Диалогті түрде жазылатын шығармалар еті қатып қалған әңгіме секілді шөліңді қандырмайды. Жазу өнер үшін бе? Оқырман үшін бе?

- Қысқа жазылуы керек деген көзқарас оқырман үшін шыққан. Қазіргі заман адамдарының оқуға уақыты жоқ. Батыс-Еуропадағы түсінік бойынша аэропортта, супермаркетте оқитындай жұқалықта болуы керек. Бұл ежелден келе жатқан сұрақ. Тіпті Гомердің кезінен. Менің таза ұстанымым, өнер – өнер үшін. Жазушылардың үш түрі бар. Біріншісі, оқырманды сүйреп, биікке шығарушы қаламгер. Екіншісі, оқырманға ілесіп, не сұраса соны жазып беруші қаламгер. Үшіншісі, оқырманмен тең дәрежелі қаламгер. Енді, жазушы қолға қалам я пернетақтаны алып жазардың алдын аудиторияны айқындап алу керек. Бұл дүние кімге бағытталып отыр? Азшылыққа я көпшілікке? Азшылық – өнерді түсінетін аз қауым. Аса талас тудыратын дүние емес.

- Тұшымды әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:

Көп оқылғандар