Анкарада Бауыржан Қарағызұлының жаңа кітабы жарық көрді

Бөлісу:

24.10.2021 4388

Қазан айының 22-ші жұлдызынан бері Түркия Республикасының астанасы – Анкара қаласындағы «ATO Congresium» көрме орталығында «XVI Анкара кітап жәрмеңкесі» өтіп жатқандығы туралы порталымыз хабарлаған болатын. 2005 жылдан бері үзілмей өткізіліп келе жатқан бұл беделді кітап фестиваліне еліміз арнайы «Қонақ ел» ретінде қатысып отыр. Осы орайда Тәуелсіздіктен кейінгі интеллектуалды қазақ поэзиясының өкілі, белгілі талантты ақын Бауыржан Қарағызұлының «Галстук» атты жыр жинағы түрік тіліне аударылып, бүгін Анкара қаласында тұсауы кесіліп отыр. Тұсаукесер салтанатына Түрік елінің әртарапынан келген қаламгерлер мен оқырмандар, сондай-ақ, Анкара қаласындағы еліміздің төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысты.

Ақын Бауыржан Қарағызұлын былайғы оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Ол поэзияға үлкен дайындық, биік потенциялмен келген. Әлі де сол арыны мен шабысын ақсатпай, өзін-өзі жаратқан жүйріктей алысқа шабатынын айғақтап келеді. Тәмәм түркі жұртының астанасында шығып, қазақ өлеңінің мәртебесін асқақтатып жатқан кезекті кітабы да соның дәлелі. Кітапқа ақынның таңдаулы елу өлеңі кірген. Кітапты түріктің белгілі шайыры Ашур Өздемир аударған. Кітаптың алғы сөзін әдеттегідей аға буын өкілі емес, бүгінгі поэзиямыздың жас перісі, ақын Файзулла Төлтайдың жазуы да тым жарасымды. Сонымен қатар «Галстук» жыр кітабына Бауыржан Қарағызұлының замандас қаламдастарының шағын пікірлері де топтастырылған. Руханиятымыздағы айтулы жаңалықты өздеріңзбен сүйіншілей бөлісе отырып, кітапқа хақында ақындардың айтар ойын ұсынып отырмыз.

СЫЗЫҚ ҮСТІНЕН СЫЗЫҚ ЖҮРГІЗУ

«Әлемнің архесі – апейрон»

Анаксимандра

Әсілі, әрбір қаламгердің қаламынан шыққан туынды антогенетика мен филогенетиканың синтезінен тұрады. Яғни, қаламгер – синтездеуші. Қолыңызға алып отырған кітаптың авторы қазақ топырағында болған исламдық, конфуциандық және шығысхристиандық өркениеттер мен тарихи толқулардың синтезі деуімізге құқылымыз. Ал синтездің нәтижесі болған өнерді бағалау һәм бағамдау Сіздің еншіңізде, құрметті оқырман!

Өнер – сызықтың үстінен сызық жүргізу. Әр автор белгілі бір сызық үстінен түрлі сызық жүргізеді. Маңыздысы әуелгі не қазіргі сызықта да емес, маңыздысы өнердің өзінде. Яғни, сызықтың үстінен сызықтар жүргізуінде. Мысалы, әлемді бір-бірімен қақтығысқан, соғысқан және төтеп берген күштердің алаңы деп білген преСократик философтардың бірі Анаксимандра адамдар әуелде балыққа ұқсайтыны жайлы айтады. Енді осы бір сызылған сызықтан (сөйлемнен) өнер туатын болса, мынадай синтездерге тап келеміз:

Бұдан былай іздеме енді, іздеме енді теңізді.

Қайықтарды тербететін толқынды да іздемен!

Ол теңіздің балдырлары – ағаштар ғой ең ізгі

Көк аспанның астындағы балықтармыз – біз деген.

Бұл – модерн грек әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Нобель сыйлығының иегері Иоргос Сеферистің өнер туындысы. Байқағанымыздай, Анаксимандраның сызған сызығының үстінен жүргізілген екінші сызық өзімен бірге жаңа бір ой жетелеп келеді. Ал осы жаңа бір ой екінші бір әуелгі сызықтың өзі болуы да ықтимал. Бірақ бұл дегеніміз Анаксимандраның «әуелгі сызығына» үшінші бір сызықтың жүргізілмеуі деген сөз емес. Яғни, үшінші... сызық та – өнер.

Біз үшінші сызық ретінде (бәлкім, реттілік қате) мексикалық ақын, Нобель сыйлығының иегері Октавио Пастың төмендегі «Жаяу» атты өнер туындысын келтірелік:

Ол,

Себастия бульварындағы

үлкен бір нөпірдің ішінде кетіп бара жатты,

ойына мың батпан жүк арқалап;

кенет, қызыл бір жарық тоқтатты оны.

Жоғары қараса

сұр шатырлармен иық тіресіп күміс балық ұшып жүр екен,

қоп-қоңыр құстардың ортасында және.

Жасыл бір жарық жанды оған;

содан соң, көшені кесіп бара жатып

өзінің біраз бұрын не жайлы ойлағанын ойлады.

Октавио Пастың синтезінен туған осы бір өнер туындысындағы біз аңғарар ең үлкен дүние, «балықтың» уақыт шеңберінен шығып үшінші сызыққа (мекенге) өтуі. Бәлкім бұл сызық әуелгі сызықтың бойында болмаған қасиеттерді оятуы бек мүмкін немесе керісінше. Қалай десек те, әр сызықтың бойында архетиптің жоғалып кетпегенін сеземіз. Сезгенімізбен біле алмаймыз. Бірақ бізге білудің де маңызы жоқ. Себебі әрбір өнер туындысы бізді білуге емес, сезуге үйретеді.

Сызықтар тоғысында өмірге келген тағы бір өнер туындысы ретінде қолыңыздағы кітаптың авторы, Бауыржан Қарағызұлының «Шын. Дығына» көз жүгіртіп көрейік:

«Өзінің аспанында балықтар ұшып жүр…»

Ал, кәні, осы сөйлемді түзеңіз.

Біз ауа мұхитында балықтай жүземіз.

Құс та жүзіп жүр ауада.

«Тасбақа» дегенге шамдандық.

Таңдандық құстарға…

Өйткені, төбеңде!

Құстар да жүзеді ауада.

Бірақ, Тәңірден төменде.

Ұмыттық ұятты.

Қош. Уақытша.

Бізден ақылды сияқты, дельфин.

Нақылды судай сапырдық.

Тірі су жаратады жанар.

Судай сапырдық сөзді.

Балыққа обал.

Ғарышта жұлдыздар жүзіп жүр.

Ойланшы дельфиндей… жүзіп… былай…

Уақыт та жүзіп жүр, ойнап…

Кеңістік – ағын.

Ұшып жүр Құдай!

Көріп отырғанымыздай, бір сызықтың үстіне сызылған бірнеше сызықтар – жалпыадамзаттық өркениеттер тоғысының синтезі деп айта аламыз. Яғни, кез-келген өнер туындысы белгілі бір ұлтқа, нәсілге, тілге, ділге бөлінбейтінін айғақтайды. «Көк аспанның астындағы балықтар» мен «сұр шатырлармен иық тіресіп ұшып жүрген күміс балықтың» немесе «өзінің аспанында ұшып жүрген балықтардың» өз сызықтарында қандай сипатқа ие болатынын әр автордың ішкі синтезі мен оқырманның сезімі ғана анықтайтын болады. Осы синтездер мен сезімдердің өзара тоғыспауы яки тоғысуы жаңа бір сызықты (өнерді) жаратуы мүмкін.

Құрметті оқырман, Сіз бұл кітаптан жоғарыда келтірген сызықтар секілді исламдық, конфуциандық, шығысхристиандық және т.б. өркениеттер мен тарихи толқулардың синтезінен пайда болған көптеген сызықтарды кезіктіре аласыз. Бұл сызықтар – автордың сізге ұсынған өнер туындылары. Әуелгі сызықтармен иық тіресе алатын жаңа синтездер әлеміне қош келдіңіз! Мархабат!

Файзулла Төлтай,

Ақын

Алматы, Қазақстан/ 28.09.2021 жыл

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын

- Әр дәуір поэзиясы өзіне тән үнді, формалық, мазмұндық мәнерді, тіпіт суреттеу тіліндегі ерекшелікті өзімен бірге жаратады. Жаңа ғасырдың басында әдебиетке келген біздің буынның үні мен бояуы сан түрлі құбылысқа толы болды. Бауыржан Қарағызұлының өлеңдеріндегі өзгешелік – дала философиясының ғарыштық санаға іңкәрлігін таңбалауымен ерекше деуге болады. Ондағы көркем образдар ескі тілге жан бітіріп, жаңа тілдің түлеуіне жол ашады. Ондағы гипербореялық сағыныш, мұң, аңсаудың өзегінен жылқының дауысы – түн қойнауынан ағып түскен дүбірдей бірден менмұндалайды.

Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын

- Бауыржан Қарағызұлы туабітті болмысымен ақын! Ал, сол болмыс өлеңдерінде бұрқырап тұрады. Ақын болып туғанымен, өлеңінде ақындық болмысы еркін көрінбей кететін таланттар да болады. Болмыс боямасыз болу үшін оған өзінше еркіндік, өзінше таным, өзінше қиқарлық керек. Бауыржанның болмысы қиқар. Өлеңі де солай. Кейде кекесіні қылыштай өткір. Ол өзгелерге өзін түсіндіруге тырысқан емес, түсінсе екен деп те құлшынбайды. Тіпті түсінбей-ақ қойса екен деп тұратындай. Бауыржан өлеңде шендестірудің шебері! Оның желі тайғанақтап қашады. Ол адам бейнесіндегі жел, оның түні сөз бола салады, ол бір сәт тұтас түнге айнала салған өзі болып шығады. Қызық! Оған бір құбылысты бір құбылысқа айналдыра салу, содан мән таба қою өте оңай. Бауыржанның ерекшелігі сонда. Жалпы, бір зат пен бір затты салыстыру арқылы құны, мәні анықталмай ма? Ал, ақын оны жәй, қарабайыр салыстырмайды. Сол құбылыстардың контрастарында адам тағдыры, адам жүрегі бар. Иненің ұшында, қылыштың жүзінде дірілдеген сол жүректерде, сол тағдырларда қандай мән-мағына алмасып жатарын дәл осы ақынның өлеңдерінен түйсінесің!

Ақберен Елгезек, ақын

- Бауыржан Қарағызұлы – қазақ поэзиясына 2000-шы жылдары келген жаңа ғасыр буынының көрнекті өкілі. Оның шығармашылығы бірден көзге түсіп, тез танылып, мәртебелі оқырманның жоғары бағасын алды. Бауыржан – қазақ әдеби постмодернизміне ерекше үлес қосып келе жатқан талантты ақын. Уақыт пен кеңістік, Өмір мен Өлім, Тәңір мен Адам сияқты ұлы һәм мәңгілік тақырыптарды қамтитын оның ғажайып поэзиясы ешкімге ұқсамайтын, сапарласаңыз жалықтырмайтын, керісінше таңқалдыра беретін бірегей әлем. Оның өлеңдерінде мыңжылдықтар бойы адамзаттың алдына қойылатын сұрақтарды көресіз және сол сауалдарға өзінше берген ұтымды жауаптарына куә боласыз. Форма ерекшелігі мен жаңаша мазмұн – Бауыржан поэзиясының негізгі архитектурасы. Ал, өлеңдеріндегі сезім палитрасы - санаңызда кемпірқосақтана шашылатын тылсым энергия.

Ерлан Жүніс, ақын

- Бауыржан Қарағызұлының поэзиясы әлем түс көріп жатқандай әсер қалдырады. Сіз сол түстің ішінде бейсаналы түрде қалқып жүргендей боласыз. Ол, әрине, Зигмунд Фрейдтің зерттеу пәніне айналар түс емес, тіпті Гончаровтың “Обломовындағы” Илья Иличьтің тәтті түсіне де ұқсамайды. Мұнда дүние өзінің басынан өткергенін емес, болашағын көретін секілді. Бұрынғы ғашықты құшу емес, келешекте кездесер бейтаныс сұлуға гүл ұсыну секілді. Бұл жағдайды ақын жанының реалды өмірді бұзып қабылдауы немесе одан қашып кетуге ұмтылуы ретінде емес, соған қандай да бір өзгерістер мен түзетулер енгізуге ұмтылысы деп қарау керек шығар. Қарағызұлының философиялық лирикасы – адам рухының өз кемелдігіне жетуге асығуының, иә, дәл сол асығудың хроникасы. Болашақ сезімдердің хроникасы десек, тіпті нақ үстінен түсеміз ғой деп ойлаймын. Лирикалық мен, мысал үшін, топырақпен тілдеседі, себебі топырақ жер бетіндегі барлық дүниенің бастауы және ақыры. Топырақтан жаралған топыраққа айналады. Топырақпен тілдесу альфа және омегамен тілдесу. Оның шығармаларындағы шексіз осындай диалогтар жер бетіндегі Олдувай үңгірінен басталып ақыр соңында Марс планетасындағы қандай да бір үңгірге дейін созылатындай көрінеді. Осы аралықта біз трансформацияға ұшыраған архетиптің санамен бетпе-бет келеміз. Ұлттың, адамзаттың түпкі санасы.

Ықылас Ожай, ақын

- Жак Дерида «Әдебиетсіз демократия, демократиясыз әдебиет болмайды» депті. Қандай керемет пайым. Демократияның ең негізгі тағаны еркін ой десек, осы құндылыққа үлес қосқан кез-келген қаламгерді демократ деуге болады. Мұны арнайы айтып отырғаным, кейде салт-дәстүр мен менталитеттің өзі «секта» секілді. Санамызға орнығып алған осы "секта" іспетті сансыз стереотиптер уақыт өте келе "сакралдь" сипатқа ұласып, енді оның құрсауынан құтылу кәдімгі қиынға соғады. Маған Бауыржан Қарағызұлы дегенде осы көне қағидалар мен көзқарастарды қиратушы новатор ақын елестейді.

Енді сөзімізге дәлел келтірейік.

«Өзінің аспанында балықтар ұшып жүр...»

Ал, кәні, осы сөйлемді түзеңіз.

Біз ауа мұхитында балықтай жүземіз.

Құс та жүзіп жүр ауада..."

Құдайшылығын айтыңызшы, "Өзінің аспанында балықтар ұшып жүр..." дәл осылай деп демократ, дәл осылай деп еркін ойлайтын ақын ғана айта алады. Айтқанда "МӘССАҒАН, ДҮНИЕНІ БЫЛАЙ ДА КӨРУГЕ, БОЛАДЫ ЕКЕН -АУ" деп көз алдыңа мұғжиза туғызып таңқалдырып айтады...

Түрік тілінде шыққан «Галстук» кітабының аннотациясы

Тәуелсіздіктен кейінгі интеллектуалды қазақ поэзиясының танымал өкілі Бауыржан Қарағызұлы өз дауысымен, өзгеше қолтаңбасымен, ерекшеленетін талантты ақын. Халықаралық, республикалық әдеби конкурстардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаетің және ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері. «Жұмбақтасқа жауған күз», «Өң.Мен.Түс.» атты жыр-кітаптарының авторы. Ақынның түрік тіліне аударылған «Галстук» атты кітабына таңдамалы елу өлеңі енгізілді. Аудармашы – Ашур Өздемир.

Бөлісу:

Көп оқылғандар