«Шәкірттер шашуы»: Ақын Дәметкен Серікбайқызы 70 жаста
Бөлісу:
Қойнауына құт қонған, қарасөз бен қараөлеңнің қағбасына айналған Семей шаһары – бүгінде поэзиядай киелі өнердің ордасы, сөз парқын білген ұлт қайраткерлерінің ортасы. Кезінде хәкім Абай, шайыр Шәкәрім Құдайбердіұлы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің талай ат басын бұрған, еңбек еткен, еленген, елі үшін аянбаған сәттердің куәсі де – Семей. Бәлкім, осы қасиетті топырақтың әсері болар, мұнда қолына қалам ұстаған ақындар мен өлеңсүйер жастар көп.
Осынау қазыналы қалада қазан айының 24-жұлдызында Семей қалалық мәдениет Сарайында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Бірлік» медалінің, «Үздік бапкер» номинациясының иегері, ақын Омарбаева Дәметкен Серікбайқызының 70 жасына және «Халықтық» ақындар орталығының құрылғанына 25 жыл толуына арналған «Шәкірттер шашуы» атты шығармашылық кеш өтті.
Шараның мақсаты – ұстаз-ақынның талай жылғы еңбегін ұлықтау, «Халықтық» ақындар орталығының жұмысын жан-жақты насихаттау, аға буын мен жас буынның арасына дәнекер болу, ұлттық өнердің дамуына қолдау білдіру.
Дәметкен Серікбайқызы – айтыс өнерінің майталманы және республикамызға танымал ақындарға тәлім берген ұстаз ретінде көпшілікке танымал тұлға. Оның шәкірттері қазіргі таңда еліміздің әр аймағында қазақ әдебиетін дамытуда, айтыс пен поэзияны серік етіп, қазақтың сөзтанымын дәріптеуде. Олар: Р.Заитов, Қ.Әубәкірова, Р.Қайыртай, С.Тоқтамысова, Н.Өмірбай, О.Соғымбай, Ж.Төлеуқоңыр, Ж.Тәжиев, М.Қарт, Б.Игілік, Ж.Зейноллаев, Е.Жұмабек, А.Сегізбай, А.Шеризат, С.Жұмабек, Ф.Маратұлы, Ж.Мақаев, С.Қуанған, Т.Тобықбай, Б.Ахмер, М.Сатыбалдин, Т.Нұрланқызы, А.Жеңісқазин, Ж.Асқарбек, Қ.Еркінұлы, Н.Қабаева, Қ.Кенжебекұлы, А.Мақаева, Р.Өмірбай, А.Тілеутай және т.б. елімізге белгілі ақындар.
Семей «Халықтық» ақындар орталығының тарихына тоқталар болсақ, орталық 1996 жылы қыркүйек айында ашылып, осы жылы алғаш рет «Тәуелсіздік таңы» атты айтыс өткізілді. Алғашқы жылдардан бастап оқушылардың және студенттердің жыр мүшәйралары мен айтыстары жыл сайынғы дәстүрге айналып, жергілікті БАҚ құралдары арқылы халыққа кеңінен танылды. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен 2002 жылы «Халықтық» ұжым деген атақ сертификатымен бірге берілді.
Іс-шара құрметті қонақтардың Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Тағылымы мол, тәлімі терең хәкім мұрасына тағзым еткеннен кейін жиылған көпшілік Семей қалалық мәдениет Сарайына барып, арнайы әзірленген кешті тамашалады.
Әдеби-сазды шара барысында Д.Серікбайқызының 70 жасына орай шәкірттерінің демеушілігімен жарық көрген «Қоңыр қаз үні» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа ақынның әр жылдары жазылған лирикалық туындылары енген.
Сонымен қатар, аталған кешке арнайы келген құрметті қонақтардың қатарында: Семей қаласы мен Жарма ауданы әкімдігінің өкілдері, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының өкілдері және белгілі ақын Төлеген Жанғалиев, Серік Қалиев, Қазақстан жазушылар одағының ШҚО филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев болды.
Өлең мен ән – жан дүниені нұрландыратын ерекше құбылыс. Мерейтой иесінің тағы бір қыры – әнге сөз жазу. Кеште Қадылбек, Маржан Омаровтар жанұясы ақын ананың «Мәңгіге бірге болайық» әнін шырқаса, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаева «Пай-пай» әнін тамылжыта орындады.
Ұрпақтар сабақтастығы ретінде Сералы Құсманұлы, Дәулет Сметов, Жанарбек Торайғыров, Бақытжан Байболов, Берік Әліпбаев, Қарлығаш Әубәкірова, Сара Тоқтамысова, Дина Бәзілова Дәмеш апаның кітабын жас өрендерге табыстады.
Шара соңында Н.Өмірбайдың әні мен сөзіне жазылған «Ақындардың анасы» әні орындалып, Д.Серікбайқызына шәкірттердің атынан 1 млн. теңгенің сертификаты табысталды. Сол әнде «Тай-құлынды тұлпар еткен, / Балапанды сұңқар еткен. / Жауһар-жауһар жырларына, / Жүректерді іңкәр еткен» деп айтылғандай, Семейдегі ақындардың анасына арналған әдеби-сазды кеш көпшіліктің көңілінен шығып, ерекше күйге бөледі.
Мерей Қарт,
ҚР Жазушылар одағы Семей өңірлік филиалының жетекшісі
Бөлісу: