Қазақ әдебиетіндегі проза жанрының даму сипаты (ЖАЛҒАСЫ)
Бөлісу:
Абайдың өмірі мен шығармашылығын танытуда бар ғұмырын арнаған Мұхтар Әуезовтен кейінгі Абай туралы ой қозғаған жазушының бірі де осы Рамазан Тоқтаров болатын. Жазушы бұл жолды таңдаудағы басты мақсатын шығарманың прологында «Ілтипат хат» деп аталатын бөлігінде былай деп толғанады: «Мұхтар Әуезов “Абай жолы” эпопеясында ақын өмір сүрген дәуір мен оның айналасына күн көзіндей күшті жарық түсірді. Бірақ “елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” деген сөз бар, енді қайтып айналып келмейтін Абайдың қатпары мол дәуірі санада ол роман бойынша өзгермей сақталғанымен, Абайдың өзі заман озған сайын сан түрге еніп, әр жайда құбылып көрініп, көп сөздеріне уақыт ыңғайымен басқа түсініктер енеді. М.Әуезов Абайдың әрі салса дәуірін, бері салса бір қабат өмірін көркемдікпен шебер бейнелеп берді. Бірақ Абай поэтикасының қуатты көзі, өзінің жұмбақтығы “толық ашылды, шешілді” деп ешкім де тұжырым айта алмас. Мен Абайды жазуға мүлде басқа қырынан келемін». Жазушының осындай алдына қойған мақсатының биік екендігін осы тұстан көре аламыз.
Тәуелсіздік жылдарында жазылған шығармалардың өзінде де тарихи шындық пен жазушының көркемдік бейнесі ерекше сипат алады. Жазушының айтпақ болған ойы мен заман көрінісін қатар алып шығармаларға арқау ету әрбір жазушының көркемдік тілінен де хабар береді. Соғыстың бәсеңдеген уақытындағы жазылған шығармалардың легіне 1970 жылы жазылған Ілияс Есенберлинның «Мұхиттан өткен қайық» шығармасын алуға болады. Бұл шығармада жазушы тың игерудегі халықтың тұрмыс-тіршілігінен қаузап, жүргізілген саясаттың халық үшін пайдасынан зияны көп екендігі жайында хабар береді. Зиялылардың өмір шындығы айтылып, халық үшін жасалған әрбір ісіне жазушы өзіндік баға берген. Осы бір романды жазып, шығару барысында да жазушы бірнеше кезеңдерді басынан кешірген. Осы уақытқа дейін жаылған шығармаларының барлығы дерлік халық арасында кеңінен танылып, ұлт тарихынан хабар беретін шығармалары өзіндік бағаға ие болған. Ал, бұл романды жарыққа шығару жазушы үшін оңайға соқпаған тәрізді. Бұл турасында Саттар Имашев Ілияс Есенберлинның қолжазбаларын жинақтай жүріп мынадай баға берген: «Бұл романда Алаш қайраткерлерінің образдары дұрыс берілмеген. Алаш партиясының мүшелерінің бастауында болған Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевты ақтап алу мақсатында жазылған», - деген баға берген.
Расында да Алаш зиялыларының аттарын мүлдем атауға болмайтын дәуірде жазылған туынды. Шығарманың тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 2001 жылы жеке кітап ретінде шығарған. Көпшілік әдебиет сыншыларының наразылығынан тудырған романдағы басты кейіпкер Ақылбек Ахметжановтың сол кезеңдегі ұлт үшін жұмыс атқарған, елдің қамын ойлап, халықты бір арнаға тоғыстыра білген Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың прототипі екенін анық аңғарылады. Осылайша қаншама сыннан өткен роман бүгінгі ұрпаққа ХХ ғасырда өмір сүрген қазақ даласының кескін-келбетін анық сипаттап, бүгінгі таңда өзіндік керемет бағаға ие болып отыр.
Тәуелсіздік алар жылдары қазақ даласы қаншама саяси оқиғалардың куәсі болды. Осынау қиын-қыстау заманында жазылған шығармалардың легі де бүгінгі қазақ әдебиетінің арнасын кеңейтті. Бұл жылдары тәуелсіздіктің ақ таңына қалай жеттік, егемендік деген ұғымның сыры неде деген сұрақтар төңірегіндегі көркем шығармалардың жарық көруі құба-құп еді. Алайда, егемендігімізді алғаннан кейінгі дәуір де саяси мәселелерге толы көркем шығармалар да жетерлік еді. Сонау тарихтың сан сынағына төзіп, шекарадан қандастарымыздың өз еліне оралуы да кеңінен етек жайлы. Бұл жайында Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш» романынан анық байқай аламыз. Осы туындыдағы халықтың туған жерде деген ыстық махаббаты, еліне деген құсни-сағынышы, қаншама қандастардың арманының орындалуы да осы шығарманың парақтарынан көре аламыз. Шығармадағы басты кейіпкердің есімі Қанағат. Кейіпкер арқылы жазушы ұлт тағдырын тамаша суреттермен көркемдеп бейнелеген. Қария шал арқылы екі түрлі образдарды аша білген. Алғашқысы – қазақ жеріне келгендегі жалпы қарияның алдындағы бұлыңғыр болашағы жайында сөз қозғалса, екінші образы арқылы жалпы сол дәуірдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен хабар берген.
Шығармадағы басты кейіпкер Қанағат Шыңжаң жерінде беделді үстем тап өкілі екенін шығарманың басынан-ақ аңғарамыз. Алайда, өзінің атағы мен абыройын өзге елде тастап, өз жеріне, өз топырағына бару жолындағы қарттың жалпы жүріп өткен жолдары әрбір оқырманды ойландырмай қоймайды. Расында да бұл тек қана Қанағаттың басындағы ғана оқиға емес, сонымен қатар барша қандас бауырларымыздың басынан кешкен хәл. Бұл романда халық тағдырымен қатар, ата салтын ұрпаққа мұра етіп қалдыруында да ерекше әсер ететін тұстары жетерлік. Оны Қанағат қарттың өзінің баласы Естайға айтқан сөзінен байқауға болады: «...Сен енді маған алаңдамай өз тірлігіңді ойла, балам... біздің әулеттің үміті енді сенде қалып барады. Осыны есіңнен шығарма». Барлық әулеттің үмітін ұлына арқалау қарт Қанағаттың елге аман-есен жетемін бе, жоқ па деген күдігінің басым екенін байқай аламыз. Осынау бір күдік пен үміттің қақ ортасында кетіп бара жатқан қарияның бейнесінен тұрған жерін қимаса да, өз еліне барайын, топырағын құшайын деген асқақ арманының жетегімен еріп бара жатқанын көре аламыз.
«Соңғы көш» романы қазақ даласына ағылуы барысында жазылған шығармалардың бірі болғандықтан, кейіпкерлер де осы бір көште ілесіп жүрген қалың қоғамның өкілдері ретінде сипат алады. Осы бір көштің артынан ерген қалың қазақтың тең жартысындағы ойы екі жақты қарастырылған. Бірі кеткен жерін қимаса, енді бірі туған жерге кеткеніне еш өкінбейтін жандар. Қозы күрең дүбірінің тұяғы естілсе, дарабоздың ақиқаты ақтарылып, соңғы көштің сән салтанатын шығармасына арқау еткен Қабдеш Жұмаділовтың таптырмас бейнесі мен естелік шығармалары бүгінгі таңда ұлт тарихынан сыр шертіп, ерекше тебіреніспен оқитын жырлардың легін толықтырды.
Халық арасында немесе ұлт арасында болып жатқан әрбір шешілмей жатқан түйінді мәселелер жазушылар үшін керемет идеяны тудыруы, жаңаша шығармаларды дүниеге алып келулеріне үлкен ықпалын тигізеді. Бұл турасында Зейнолла Қабдолов өзінің «Арна» атты кітабында былай деп жазады: «Суреткер – өз заманының үні, өз заманының ұлы. Ол өмір сүріп жатқан кез-келген мезгілі мен мекеніненде қандай өқбылыстар болса да салғырт қарамайды. Ендеше, кез-келген суретшілердің қаламынан бір ғана емес, бірнеше тақырыптар жазылып, бірнеше проблемалар қозғалады»
ХХ ғасырыдың 60-70 жылдарында іші жалпы қазақ әдебиеті үшін ең құнды кезеңдердің бірі болды. Осы жылдары қазақ тарихы терең зерделеніп, қазақ әдебиетінде шоқтығы биік шығармалардың дүниеге келуіне үлкен септігін тигізді. Осы бір жылдарда өмір сүріп, тарихи тақырыпты кеңінен қозғаған жазушының бірі Софы Сматаев еді. Жазушының «Армысың, ана!», «Елім-ай», «Алау», «Ақжелең», «Біз құлмыз ба, кімбіз?», «Алғашқы асу», «Жарылғап батыр» сынды шығаралары ұлт тарихын терең қозғап, халық ықыласына ерекше бөленген шығармалардің бірі болды. Софы Сматаевтың «Елім-ай» романы жалпы азаттық ұғымының негізгі көрінісі ретінде сипат алады. Осы бір туындыда ұлт тағдырын мен маңызды мәселелерін шеше білген билердің, елді сыртқы жаулардан қорғау барысындағы батырлардың, халықты әділдік жолда басқара алатын хандардың, қазақ баласы мен әр үйдің түтінің түзу қылып шығаратын қазақ аналарының образдары осы бір шығармада ерекше ашылады. Қазақ халқына берілген қилы кезеңнің бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» еді.
«Елім-ай» романындағы алғашқы бөлімінің атауы да Тәуке хан тұсындағы «Күлтөбенің басыда күнде кеңес» атты тарауымен басталады. Бұл тараудағы 1710 жылы қазақ айындағы Тәуке хан ордасында болған жиынға жер-жердің адамдары жиналып, ұлт тағдырын бір ауыздан шешуінің өзінде де хандық билік тұсындағы саяси жағдайды анық көре аламыз. Жалпы ел басқаратын ханның бейнесі шығармада тек елбасшы ретінде ғана емес, сонымен қатар батыр, шешендік қасиеттерінің басым болуы шарт екендігі суреттеледі. Бұл тарауда тек қана қазақ даласының зиялылары емес, сонымен қатар сыртқы саяси өкілдерді оның ішінде Василий Көбековты қабылдауы, жалпы көршілес мемлекеттермен қару жүзінде емес, бейбіт түрде шешім қабылдауы бейнеленеді. Расында да, шығарма арқылы көршілес мемлекеттер арасындағы татулық, бітімділіктің барлығы дерлік Тәуке ханның бойына біткен даралығының арқасы деп танимыз. Тәуке хан тұсында хандық немесе сұлтандық биліктен қарағанда, би-шешендерді басқалардан ерек тұруы да сонау ақсақалдар билігің жалғасы іспеттес көрініс тапқан. Ішкі және сыртқы саяси жағдайлардың басым көпшілігін би-шешендердің тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айту мақсатында басқарылғанын шығармадан анық байқауға болады. Жалпы егемендікті аңсау, елдікті арман етудің барлығы романда қарапайым халық арасынан шыққан ел жанашырларының шамына тиюі де ерекше суреттеледі. Шығармада Ақтамберді жыраудың Қазыбек биге сұрақ қойып, шешендік мынадай жауабы ел-жұртты тәнті етеді: «Қатал үкім, қатал кесім айттың-ау Ақтамберді. Жазды ызғар буып, күнді мұнар торлап жатыр-ау! Әйтпесе, желпіп бие байлап, желектеп келін сайлағанға не жетсін».
Софы Сматаевтың көтерген Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама жайында қозғалған тақырыптары басқа да жазушылардың шығармаларына да арқау болды. Оның ішінде Ұзақпай Доспанбетовтың «Қызыл жолбарыс» романы керемет туындылардың қатарына жатқыза аламыз. Бұл шығармадағы басты кейіпкер Жолбарыс ханның бейнесі ашылып, Абылайдың балалық шағындағы кезеңі де көрініс табады. Бұл шығарма алғаш рет 1995 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған еді. Романда қазақ даласының басынан кешірген саяси оқиғалары мен тарих сахнасында орын алған уақыт кезеңдерінің басым көпшілігі жазушының ерекше стильімен суреттеледі. Романда кездесетін кейіпкерлердің көп болуы, ұлттық проблеманы көтеру барысында жасалған диалогтері арқылы сол заманның көрінісін анық көре аламыз. Романда кездесетін кейіпкерлердің ең негізгі бөлігінде Ескелді би, Есенбай хан, Сатай батыр, Хангелді, Жолбарыс хан, Кенесары, Есенбай хан, Қодар би, Малай батыр сынды кейіпкерлердің жалпы мінез-құлықтары мен халық үшін жасалған еңбектерінің көрінісі осы бір романда ерекше сипатталады.
«Қызыл жолбарыс» романы сонау қазақ пен қалмақ арасындағы шайқастарды керемет баяндап берген шығармалардың бірі. Шығармада кездесетін өжеттілік, қайсарлық, әділдік сынды мінез-құлықтар әрбір кейіпкердің бойынан ерекше суреттеліп, бірнеше оқиғалардың желісіне куә боламыз. Шығармада кездесетін жаудың тілін білу, олардың түп мақсатын анықтауда барлаушы жіберуі, жат елде жүрсе де өз намысын аяқ асты етпейтін қайсар ұлдың мінездері мынадай жолдардан көрініс табады: «Әттең, астымда белі мықты атым, белінде асынған қаруым жоқ. Осы қорлық сөзің үшін мен сізді жекпе-жекке шақырар едім». Романдағы жолдарда жазушы қазақ даласының мал шаруашылығына баса көңіл бөлгендігін, төрт түлікті ерекше құрметтейтінін жазса, екіншіден төрт түліктің ішіндегі жылқы малының ерекше екендігін тілге тиек етеді. Бұл сарын сонау халық ауыз әдебиетінен бастау алып, жалғасын тапқан ұлттық идеямыздың жалғасы болып саналады.
Тарихи шығармалардың ащы тұстарын көрсете білген жазушылардың қатары аз емес. Соның бірі қазіргі таңда Прага қаласында қоныс теуіп, қазақ әдебиетінің арнасын кеңейтіп отырған жазушының бірі – Мұхтар Мағауин. Жазышының көркемдік тілі мен ерекше стилі қазақ әдебиетінің мол мұрасына айналған туындыларының басым көпшілік оқырман арасына кеңінен таралып, өзіндік бағасын алып келеді. Мұхтар Мағауинның басқа жазушылардан ерекшелігі жалпы әлеуметтік-қоғамдық тақырыптардың басым көпшілігін кейіпкерлер арқылы танытып, кейіпкерлер арқылы бейнелейді.
Мұхтар Мағауинның «Жармақ» туындысы бүгінгі таңдағы проблеманың нағыз көрінісі ретінде сипат алады. Расында да атауында да ерекшелік бар бұл шығармадағы Марат және Мұрат атты, есім-сойында бір әріптік айырмашылығы адамдардың бойындағы екі мінездің болатынын оқырманға күрделі тілмен жеткізген. Бұл шығармада қаншама психологиялық ойлар мен саяси пікірлер жасырынып жатқаны анық. Расында да оқырман бұл шығарманы оқу барысында өз-өздеріне есеп беруіне үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Әрбір оқырман бұл екі кейіпкер арасындағы айырмашылықты зерделей отырып, өзі қай кейіпкердің жағына шығатынына байланысты өз ойларын қорытындылайды. Жармақ шығармасында оқырмандарға ой салалардың дүниенің басым көпшілігі ретінде жазушы болудың қыр-сыры жазылады. Яғни, не үшін бұл өмірде жазушылардың орны ерекше екенін бұл шығарма анық әрі дәл жеткізеді. Шығармадағы «Қас қаламгер үшін ең бастысы – атақ, абырой емес, жазғанының жұрт алдына жол табуы» деген жолдары да әрбір оқырманға терең ой салар дүние екенін байқай аламыз.
Тарих сахнасында болып өткен уақыт кеңістігіндегі оқиғалардың бір арнаға тоғысқан сәттерінің барлығы тәуелсіздік жылдарында жазылған прозалық шығармалардан айқын көрініс табады. Осылайша қазақ даласындағы тарихи оқиғалардың басым көпшілігін зерделеп, зерттеу, анық-қанығын айқындау бүгінгі жазушылар үшін де ең маңызды да мағыналы тақырыптардың бірі болды. Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи романдардың және прозалық шығармалардың жазылуы болашақ ұрпақ үшін ең құнды мұра болып есептеледі.
Бөлісу: