Алуан тақырып, арналы ой
Бөлісу:
Жазушы Оразхан Ахметтің алғашқы әңгімелері туралы
«Сөз өнері – дертпен тең» деген афоризм, әсіресе, қиын кезеңде өмір сүріп, сөз өнерін өз тағдырына айналдырған тұлғаларға арналған болса керек. Өйткені, сол бақ та, сор да сөзден туды емес пе?! Бұған қиын кезеңде өмір кешіп, ел өмірін сөзбен сомдаған әдебиеттің ай мүйіздерінің күрделі өмірі куә. Бұл сөз, әрине, осы жерде таратып айтар пайым емес. Нені аңдатқалы отырғанымызды сөз емеурінінен ойлы оқырман өзі-ақ түсінер. Шекарасыз өнердің өлшеусіз құдіреті бәрімізге ортақ. Ал, бүгінде, белгілі бір кезеңге жеткен Қытайдағы қазақ әдебиетін жасап, көркейту жолында бүкіл өмірін арнаған қалам қайраткерлерінің де өмір жолы күдірсіз болмағаны бәрімізге аян. Бұлағай заман қияға тартып, қиырға айдаса да, қатарынан асып туған дарындардың таланытын майырып, өнерге деген отын өшіре алған жоқ. Қайта, машақаты қияметке тең азапты жол, табиғатынан қайсар туған дарынды азаматқа қоғамның сиқын, өмірдің мәнін таныта түсті, сомдап тұлғалады. Сол қатарда, Қытайдағы қазақ әдебиетін дамытуға үлкен үлес қосқан еңбекқор жазушының бірі – Оразқан Ахметов.
Әрине, шығармаларын мектеп партасынан оқып өскен аға жазушыларымыздың тұлғалық орны көкірегімізде ұлы биікке ұласып кеткен-ді. Ершімді еңбегіне деген құрмет ғана емес, сүйінішіміз де бөлек. Тағдырдың айдауымен азапты жолда жүріп те, қолынан қаламын тастамай сөз өнерінің мәртебесін көтеру жолында еңбектену жай адамның қолынан келмес іс. Бүгінде сексен деген даңқты жасқа іргелі-іргелі еңбектерімен жеткен қарт қаламгерлердің бірәзінің тым күрделі өмір сапары, шығармашылық жолы ойлантады. Сол себепті де, қамырықты күндердің құшағында дүниеге келген, арпалысты өмірдің ізіндей болған туындыларға біз әрине басқаша қарауымыз тиіс-ау деп ойлаймын. Шынын айтсам, шығармаларын дерлік оқып шыққан болсам да, бұл жазушылардың еңбектері жайында сын жазып, пікір айтуға бірден батылдық ете алмадым. Оның себебі, шығармаларын талдауға қабылет-қуатым жетпегендігінен емес, сол еңбектердің қандай жағдайда өмірге келгенін ойлағандығымнан, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін түсінгендігімнен еді. Кейде, байыбына жетпей тұрып, шығармасы анадай, не мынадай деп субъективтік әсермен жеңіл пікірлер айтып, немесе бүгінгі күннің көзімен қарап, сын жанрының қатаң өлшем талаптары бойынша қарастыруға ұрынғанымыз да болды. Әрине, бұның бәрі уақыт еншісінде. Сонымен, бұл жайында біраз дәйектер келтіріп толғауға да болар еді. Бірақ, тақырып нысанасы Оразхан Ахметов шығармашылығы жайында ғана болғандықтан кіріспемізді осы жерден үзе тұрамыз.
Әдебиеттегі алғашқы қадамын «Кішкентай суретші» атты әңгімесінен бастаған жазушы көркем прозада жарты ғасырдан астам уақыт толассыз еңбектеніп, ұлт әдебиетінің ұлы ісін биік мәртебеге жеткізу жолында тынымсыз тер төгіп, толағай дүние тудырды. Төрт роман, жиырмадан астам повесть, елуге тарта әңгіме аз олжа емес. Өмір бойы қастерлі сөз өнерін қадыр тұтып, зерттеп, бір жанрдың шын маманына айналған таланытты жазушының әрбір шығармасынан оның өзіне ғана тән дара мінезін, парасатты тұлғасын танимыз. Әділі сол, Оразхан Ахметов шын мәніндегі характерлі жазушы, шағын жанрдан көлемді романға дейін өз қолтаңбасын айқындап даралаған, өз стилін тапқан суреткер.
Стиль – жазушының қалыптасып, өзіне тән жасампаздық дара жолын тапқандығының куәсі. Біз бұл жерде Оразхан Ахметов стильист суреткер деп – жазушының ұзақ жылдық жасампаздық барысындағы ортақ ерекшеліктер мен көп санды шығармаларындағы ұқсас стильдік сипаттарға қарата айтып отырмыз. Ұқсас үлгідегі шығармаларға қарай шығарма немесе жанр стилі деп бөлсек, жазушының өзіне тән жасампаздық даралықтарына сай – жазушы стилі деп бөліп атаймыз. Мұнда, жазушының қалыптасқан жазу машығы, айқын қолтаңбасы, шеберлік қырларын танытатын әр алуан жасампаздық белгілердің бәрі қосылып қойындаса келіп жазушының стилін қалыптастырады. Стильдің даралығы мен әралуандылығы – біріншіден, жазушының дүниетанымына, өзі өмір сүріп отырған қоғамдық өмірді танып білудегі тәжірибелері мен білім өресіне байланысты болса, екінші жағынан, жазушы шеберлігі, көркемдік ойлауының кеңдігі, парасатының ұшандығы, тілдік құнарлылығымен байланысып жатады.
Бүкіл шығармасын бір стиль, бір ізбен ғана жазған жазушы – ол жасампаздық жолында табысқа жеткен суреткер болуы екіталай. Әр кезеңде алуан планда туған, шын мәніндегі кемел шығармалардың өз тынысы, дара сипаты болады. Әрі жазушы сол туындыларын жазу барысында үздіксіз ізденіс жасап әуелгі дастүрлі қалыбынан, жазу машығынан өзгеше тәсіл, соны стиль табуға құлшынады. Шығарма стиліндегі мұндай алуандылық яғни стильдік даралық – туындының көркемдік жақтағы қуаттылығы мен тақырып ауқымдылығына да байланысты. Алайда, бұл тақылеттес сипаттар жазушының тұтас жасампаздығының ортақ өзегіне айналғанда ғана жазушының даралығы яғни стильдік таңбасы айқындала түседі. Оразхан Ахметов шығармаларындағы ортақ ерекшелік – қазақтың ауыз екі әңгімешілдік стилін көркем жасампаздығына сіңіре білгендігімен көзге түседі. Хикаятшылдық – оның бүкіл шығармасының тіліндегі айқын белгі, дара стильдік таңбасы саналады. Әсіресе, айтарын алыстан орағытып, ишара тұспалмен жеткізу – Оразхан Ахметов шығармашылығындағы елеулі бір ерекшелік.
Жазушы стилінің қалыптасып, даралануы – көп түрлі факторлардың ықпалымен жүзеге асады. Стильдің қалыптасуына жазушының жасаған ортасы, алған білімі, саяси-әлеуметтік нысайлар, жасампаздық ізденіс жолындағы түрлі құбылыстар, т.б. Барлығы да шығарма стиліне немесе жазушы стилінің орнығуына әсер етеді. Стиль – жай ғана жазушының қолтаңбасы емес, ол – көркем жасампаздықтағы көп назар аударуға тұрарлық маңызды, мәнді мәселелердің бірі. Өзгесін таратып айтпай-ақ, көркем жасампаздық барысындағы ізденіс пен қоғамдық ортаның жазушы стилін қалыптастырудағы рөлін Оразхан Ахметов шығармаларына байланыстыра атап өтейік: Оразхан Ахметов шығармаларындағы ортақ бір ерекшелік – жазушы өз басынан кешкен өмірге жиі айналып соғатындығы яғни өмірбаяндық фактының шығармасына тереңдеп енетіндігін анық аңғарамыз. Бұл енді, жалғыз Оразхан Ахмет шығармашылығындағы бөлекше сипат та емес. Керісінше, тұтас әдебиетте ортақ кездесіп жүрген құбылыс. Шығарма – дүниетаным жемісі. Шығарма – жазушының өзі. Жазушы өмір құбылысын, шындық деталын барлай бейнелеп отырып та, өз өмірінің бір қырын енгізеді. Бұдан біз жазушы өмір сүрген орта мен саяси атмесфораның оның жасампаздық стилінде де ізін қалдыратындығын білеміз. Қоғамдық орта – жазушы дұниетанымының қалыптасуына ықпал етеді, ал, Дүниетаным – стильдің қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор есептелінеді. Келесі бірі, көркем жасампаздық барысындағы жазушының ізденістері яғни ілгергі әдеби үлгілерден үйренуі арқылы жазушы стилі қалыптасады. Бұл дегеніміз стильдің ауысуын көрсетеді. Стиль – жеке жазушыға немесе жанрға ғана тән белгі десекте, ол көшеді, жұғысады. Былайша айтқанда, стильдің дастүрге айналуы, алдыңғы буын қаламгердың жазу үлгісін кейінгі буынның қабылдауы, үйренуі арқылы да стиль, із, жазушылық манер қалыптасады. Немесе, бір жанрдың белгісі тағы бір жанрда, шығармада кездесуі, аралас жүруі бар. Бұл – стильдердің ауысуы, тоғысуы делінеді. Бұл ойымыздың дәлелі ретінде Оразхан Ахметұлынан аға буын жазушылардың шығармаларына еліктей жазылған туындылардың бірін атайық. Мәселен, «Дүрегей» повесті – адамдардың бір-біріне бауырмал, адал бола алмай, кісілік қасиеттерден алыстап, хайуаннан бетер саңлаусыз, қаскөй болған тұста, иттің өз қасиетін жоғалытпай иесіне адалдық танытып, өз борышын ада етуі сынды көшелі ой айтқан туынды. Әрине, дүние әдебиетінде де зологиялық тақырыптағы оңды туындылар аз емес. Қазақ әдебиетінің өзінде Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» повесті мен Мұхтар Мғауинның «Тазының өлімі» әңгімесінен үлгі ала жазылған шығармалар қанша ма?! Алайда, әр жазушы ұқсас тақырыпты ұқсамаған көркемдік айшықпен, өзіне тән стильдік тініспен жеткізе білді.
Жазушы стилінің қырларын ашатын тәсілдер алуан түрлі болады. Сонымен қатар, әр жазушының стильдік ерекшеліктері айқындалатын тұстары да ұқсамайды. Бір жазушы шығармаларында көбінесе психологизмнің түрлі компоненттеріне (монолог, диалог, ішкі сараптау) сүйенсе, енді бір қаламгер авторлық баяндау мен суреттеуге шебер болады. Шығарманың фабуласын құру, сюжет орналастыру, кейіпкер тұлғасын дараландыру (типтендіру) сияқты жақтардың бәрі де жазушы стилін даралай түседі, шеберлік қырларын айқындайды. Бұл тұрғыдан айтқанда, Оразхан Ахметовтың жасампаздық стилі негізінен авторлық баяндауда көрініс береді. Оқиғаны да, әлеуметтік орта мен табиғат көріністерін де ауыл қариясының ауызымен айтылған ертегідей жайма шуақ әсер силайды. Табиғат көріністерін қазымырлана, төгілте суреттеу жоқ. Алайда, жазушының бір ұтар тұсы – шығармадағы әрбір эпизоттардың еш селкеусіз жымдаса отырып, туындыны бөлінбес бірлкте құра алуы; айтарын іркілісіз, бір дем, бір тыныспен жеткізетіндігі еді. Міне, мұндай сипаттар Оразхан Ахметовтың тұтас шығармаларының көрнекті ерекшелігіне айнала отырып, оның өзіне тән қолтаңбасын, стилін қалыптастырды.
Әдебиет – өмірдің өнерге айналған бейнелі, образды көрінісі. Жазушы сөзді қару ете отырып, шындықты образға, көркем әлемге айналдырады, болмыс ақиқатын өнермен әдіптейді. Әңгіме жанрының басты сипаты қоғамдық өмірдің бір үзік оқиғалы көрінісін, жанды деталын ала отырып, ауқымды мәселелерді суреттеп, көркем шындыққа көтереді. Қоғамдық-әлеуметтык мәселелерді кейіпкер характері арқылы жіті талдап, келелі ой айтуымен де Оразхан Ахмет әңгіме жанрында өз ізін анық қалдыра білген жазушы ретінде бағаланады.
Оразхан Ахмет әңгімелерін талдау барыснда, жазушы әңгіме жанрында қандай көркемдік бейнелер жасады? Нендей мәнді мәселелерді көтере отырып, жұрт көңілінде қалатын, үлгі боларлық сәтті қадамдарға бара алды деген заңды сұраулар да туады. Әрине, жазушының «Сөнбейтін шырақ», «Көктемгі ойлар» атты әңгімелер жинағындағы көп санды әңгімелерінің тілдік қолданыс жағындағы немесе тақырыптың идеялық мақсатына қажетсыз басы артық бос баяндаушылыққа ұрыну сияқты олпы-солпықтардан ада, құлантаза емес екенін жасырмаймыз. Айта кетейік: Қытайдағы қазақ прозасында өзіндік стилі, жазушылық жолы қалыптасқан қарт қаламгерден кемістік тауып, көргіш, білгіш атанғалы отырғанымыз жоқ. Әйтседе, сынға көңілшектік жүрмейді. Әсіресе, сынға бұра тарту, адал сөзін айтпай бүгіп қалу шын әдебиетшінің ісі емес. Ол – өнерді аяқ асты ету, жазушыға да, өнерге де обал жасағандық, құрмет етпегендік.
Жоғарыда аталған екі жинақтағы әңгімелердің көбін, жазушының алғашқы қалам сынау, тәжірибе жинақтау ретінде ұсынған шығармалары деп қабылдасақ та, алғашқы прозадағы қадамының өзінде шын суреткерге тән алымдылық, зор ізденістің ізі менмұндалайды. Жазушының «Кішкентай суретші» әңгімесіне «меннің» ағасы талаптың байсалды мінезі, сурет сызу өнері әрі туындысының сыйлануы сынды оқиғалық мазмұндар арқау етіліп, әңгіме «меннің» көзқарасы тұрғысынан байандалады. Әрине, әңгімеде тәжірибесіз қаламның табы анық аңғарылады. Ең берісі, сөйлем жүйесінде де бір қыдыру кемшіліктер кездеседі. Әңгіменің басқы абзатцына назар салып көрелік: «Оның әрекеттері мен сөздері де адамдарды қызықтыратын. Оны білетіндер «Кішкентай суретші» деп атап кеткендіктен, үй іші де осылай атауды әдетке айналдырған. «Кішкентай суретші» деген атты ол былай алған»- деп беріледі әңгіменің басында. Егер жазушы бұл әңгімесіне дәл қазір қайта қарар болса, «‹Кішкентай суретші› деген атты ол былай алған» деген болбыр сөйлемді белінен бір тартып сызып тастар еді. Өйткені, оның кейіпкері Талаптың кім екендігі жөніндегі экспозисиялық аңдату алдыңғы сөйлемдермен біткен. Келесі абзатцтың басындағы «Бір күні кеште боқшамның ішінен жаңа сатып алған ақ дәптерім жоқ болып шықты» деген сөйлемде де шұбалаңқылық бар. «Боқшаның ішінен» емес, «Боқшамнан» болуы керек еді. Дегенмен, осы тырнақ алды әңгімеден жазушының сюжет құрудағы (қарапайым болсада) жинақылық, қысқалық сияқты жақсы жақтарын да байқай аламыз.
«Менің досым» әңгімесінде жетімдік пен жоқтықтан телім-телім болған кедей баласының халы баяндалса, «Шатқалда» әңгімесінде бұлақ көзін тазалауға тауға барғандағы шағын оқиға тиек етіледі. «Боранды түнде» әңгімесінде кейіпкер Төкен мен Әлібектің қыстауға көшер жолда қарлы боранға ұшырауы, Төкеннің қарлы боранда үйірлі қасқырдан қоралы қойын қорғауы суреттеледі. «Орақ кезінде», «Құтқару», «Ақ қойан» сияқты туындылары әңгіме жанрының шартын да қанағаттандырып тұрған жоқ, хабар мақаланың байандау тілімен берілген үйтті-бүйтті жалаң, бір сыдырғы майда оқиғалар. Дегенмен, «Сөнбейтін шырақ» әңгімелер жинағына енген тоғыз әңгіменің шінде сәл де болсада, ізденіс ізін байқатқан туынды ретінде «Боранды түнде» әңгімесін атауға болады. Қазақ халқының көшпелі шаруашылық өмірі, көші-қон тұрмысы классиік жазушылардың шығармаларында талай-талай арқау болғаны белгілі. Ұлы Мұхтар Әуезов «Қыр суреттері» әңгімелерінде табиғаттың құбылмалы мінезі мен әсем бояуын шебер суреттеген болатын. Классиік жазушы Тахауи Ахтановтың «Боран» (Дала сыры) романындағы кейіпкер Қоспан да қарлы боранда қойға шапқан қасқырлармен айқасып, зор қайсарлық көрсеткені әсерлі әңгімелеген. Ал, Оразхан Ахметовтың бұл әңгімесі ілгергі жазушылардың ізімен тартқан ізденісі екені анық. әңгімеде бала болса да Төкеннің батылдық, төзімділік танытуын табиғат суретімен бірлестіре отырып береді.
Оразхан Ахмет әңгімелерінің жетерсіздік жағы ретінде бір байқағанымыз – өзі басынан кешкен ұсақ оқиғаларды да әңгімеге айналдырып жаза беретіндігі. Бұл жағдай көбінесе жазушының алғашқы екі жинағынан кездеседі. Әңгіме жанры шағын болғанымен аса шеберлікті, талғампаздықты қажет ететін әрі нәзік, әрі қиын жанр. Өмірлік факты мен шындықтың бәрі де бірден-ақ шырайлы шығармаға айналмайды. Және кез-келген оқиғаның бәрі бірдей әңгіме жанрының нысаны етіліп, өлшеміне сия бермейді. Қоғамдық өмірдегі құбылыстарды немесе кез-келген оқиғаны шығармаға арқау етіп жаза беру – талғамсыздық. Өмірдегі құбылыстардың барлығы шығарманың объектісі болғанымен, көркем ойды бейнелеп жеткізетін жанды деталь бола беруі екіталай. Жазушы туындысының әсерлі де, жанды болуы үшін оқиғаларды (детальдарды) сұрыптап, жинақтап типтік сюжеттерге айналдыра білуі тиіс. Оқиға мен кейіпкерді типтендіру – шығарманың сәтті шығуындағы шартты бір түйіні. Сюжеттердің типтендірілуінде өмірдегі қайшылықтар мен күрестер негіз етіледі. Жазушы образды ой арқылы өмірдегі сан алуан күрделі қайшылықтар мен маңызды оқиғаларды ылғап, сұрыптап шығарма сюжетіне айналдырып, кейіпкер образын сомдайды, өмірдің сан тараулы қырын, құпиясын ашады, көркемдік ой ұсынады. Осы пікірге сәйкес айта кетейік: өз басынан кешкен немесе көріп білген оқиғаны бас салып әңгімеге айналдыратын мұндай жәйіттер проза жанрында жазып жүрген біраз қаламгерлерге ортақ мін екенін де ескерте кеткіміз келеді.
Сүбелі шығармалар жазған таланытты жазушылардың да ала-құла дүниелері, тіпті, сын көтере алмайтын шығармалары да кездеседі. Оразхан Ахмет шығармалары туралы да осыны айтамыз. Алайда, мұнда ескеретін екі мәселе бар: Бірінші, әдебиетте өз ізі, қолтаңбасы бар жазушының бүкіл шығармаларына тоқталып қарастыруда, оның өнерге келген алғашқы қадамын, шығармашылық ізденіс кезеңдерін саралау – жазушының тұтас көркемдік әлемін ашып беру үшін қажет. Екіншіден, өнер туындысының өз өмірі бар. Әр шығарма өз тұсының айнасы, сол қоғамның үні. Сол себепті де шығарманы жазылу уақытымен байланыстыра қарастырған жөн. Оразхан Ахмет шығармаларының біразі бір өзі бір дәуір болған – «Мәдениет зор төңкерсі» тұсының оқиғаларын арқау етеді. Шынын айту керек: жазушының әңгіме, повесть, романдарында яғни тұтас жасампаздығында жиі көрініс табатын, үнемі қайталау секілді әсер беретін бір тенденция бар. Ол – жазушының өз басынан кешкен яғни «Мәдениет зор төңкерісі» тұсындағы оқиғаларға жиі айналып соға беретіні. Бір әңгімесінде кездескен эпизод, кейіпкер келесі шығармасында қылаң беріп қалып жатады. Тіпті, жазушы кейіпкерлердің көбіне қосымша ат (лақап) қоя салуға шебер (әрине, мұны қазақтың бір мінезі деп ойладық). Мәселен, «Көктемгі ойлар» әңгімесінде аталған сумұрын Әбділ, «Атамұра» повестінде де сол «сумұрын Әбділ» атымен жүр. Рахымбай әңгімесіндегі «Рахымбай» тұлғасын «Кәсіп таңдаған адам» повестінде де бір түртіп еске салып кетеді: «Әне, Рахымбай екеш Рахымбай да жарқыраған жаңа үйге кіріп, екі иінінен дем алып отыр...». Кейіпкер аттарының ұқсас болып кетуінде тұрған пәлендей ештеңе жоқ, алайда, бір шығармадағы көрнектіленген кейіпкер болымысы келесі шығармада сол қалпында жүрсе бұл талантты жазушы үшін сын. «Бір шапанымен» бүкіл шығарманы аралатып шығару немесе бір шығармада айтылған ойлар мен оқиғаларды келесі туындысында өңін өзгертіп баяндау – жазушының дара жол, тың сүрлеу таба алмағандығының белгісі. Ой қайталап, бір басқан ізін шиырлау оқырманды жалықтырумен тынбайды, шығарманы құнсыз ете түседі.
Жазушы шығармашылығының бастауы саналатын алғашқы жинақтарға зер салмай тұрып, оның стильдік жақтан өскенін, түлеп дараланғанын біле алмаймыз. Сондықтан да, Оразхан Ахметовтың «Көктемгі ойлар», «Ең соңғы көз жасы» жинақтарындағы әңгімелерін ілгерлей түсіп қарастырамыз. «Көктемгі ойлар» әңгімесі коммуна құрылған кездегі ауыл-қыстақ өмірі арқау етіле отырып, еңбекқорлық пен мақтансүйгіштікті салыстыра көрсетеді. Жазушы кейіпкер мінезіндегі өзгерісті қоғамның үлесінен деп түсіндіреді. Шындығында, сананың өзгерісі – қоғам дамуынан айырыла алмайды. Адамды қоғам тудырады, дәуір түлетеді. Осы әңгімедегі «Төрт мерез бәрін де былықтырды. Адамдардың ақаусыз идеясы мен кіршіксіз сезімін де былықтырды. Мына Әбділ, менің байқауымша, солардың уына шалдыққан жан» деген диалогтан біз сол кездегі қоғамдық жағдайды ғана емес, жазушының танымын да көре аламыз. Оразхан Ахметовтың бұл көзқарасы Мәдениет зор төңкерісін тарихи астар еткен шығармаларында дерлік ұшырасады. Мәселен, «Туыстар» әңгімесінде мәдениет зор төңгерісінде жалалы болып төменге түскен Мәулен атты адамның өмірін баяндайды, әрі адамдар қарым-қатынасының бұзылуын жазушы заманның құбылуынан деп біледі.
«Жоспар талқыланғанда» әңгімесі жоғарыдағы шығарманың ізімен жазылып, «Мәдениет зор төңкерісіндегі» асыра сілтеушілік сын тезіне алынса, «Тер тамшысы» әңгімесінде Есбол атты оқушының университетке өте алмай, ауылда тиірменші болғаны әңгімеленеді. Автордың мұндағы діттеген мақсаты – еңбекшілдікті мадақтау, ауылдағы жапакеш шаруа-дихандардың еңбегін, өмірін жырлау. «Ауыл адамы» әңгімесінде де қарапайым ауыл тірілігін әңгімелейді. Өз ісіне адал, ақкөңіл, кіслікті Өміртайдың істеріне мадақ айта отырып, адамгершілікті, адалдықты дәріптейді. «Жыр қайнары» - әңгімесінде Күлән атты қыздың өз сүйген жігітіне қашып кетуі, меннің яғни Бекеннің көңіл-күйі, жүрек жыры айтылады. Автор еркін, адал махаббатты, теңдікті тақырып етіп көтергісі келген. Алайда, бұл шығарма әйел теңдігін махаббат құдіретін, неке теңдігін кең қамтып көрсете алатын деңгейде суреттелмеген. «Қызыл гүл» әңгімесінде ақталып қайта оралған меннің көңіл-күйі, тілектері айтылады. Жастық көктемін, махаббатын ұрлаған тар заманның талқысына келергі ұрпақтың түспеуін, рухани жоғалтудан аман болуын үміт етеді. «Ана мен бала» әңгімесінде баланың (Тұрғанның) науқас әжесін (Жәмила) емдетуі, дәрігердің айтуы бойынша әжесіне қымыз әкелуі – әңгіменің негізгі оқиғасы ретінде алынады. Автордың мақсаты ана мен бала махаббатын суреттеу. Оразхан Ахметовтың бұл әңгімелері жазушының үлкен прозаға бару алдындағы талыпынстарының куәсіндей әсер береді. Ауыл өмірі, әйел теңдігі, еңбекшілдік секілді тақырыптар ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде көп жазылды. Жазушының әңгімелерінен әсіресе, қазақ әдебиетінің классиік үлгілерінен үйрене отырып, өз сүрлеуін салуға құлшыныс жасағанын аңғарамыз.
Жазушы Оразхан Ахметовтің «Ең соңғы көз жасы» жинағындағы әңгімелердің ішкі ирімі алдыңғы жинақтардағы әңгімелерге қарағанда тереңдеп, күрделене түскен. Әсіресе, «Рахымбай» сынды әңгімелерінде кездесетін образ жасау, типтік тұлға бейнесін сомдау, сюжетті уақыт пен кеңестікке сай үйлесімді орналастыру, әрбір детальды идеялық мақсат негізінде типтестіріп ойды барынша нығыз беру сияқты ерекшеліктерден жазушының едәуір төселіп, ширап өскені білінеді. Әдебиет – өмірді көркем образ (тиіп), поэтикалық тіл арқылы «жанды» дүниеге айналдырады. Әрине, көркем ой – адам тағдыры, оның бүкіл болмыс тұлғасын суреттеумен ашылады. Ең кемі, қоғамдық өмірдің шындығын, жарқын беті мен көлеңкелі тұстарын бейнелеп жеткізуде де дарланған типтік кейіпкерлер тұлғасын жасауға тура келеді. Типтік тұлға жасау – көркем ойды бейнелеудің, жеткізудің бір құралы ғана емес, жазушы шеберлігін жетілдіре түсетін, стилін айқындайтын өлшем ретінде қаралады. Оразхан Ахметтің «Рахымбай» әңгімесіндегі Рахымбай образы – жазушының өзіндік өрнегі, дара қолтаңбасындай өзге кейіпкерлерінен айрықшаланған типтік тұлға. Бұл – аталған жинаққа енген жазушының стильдік мәнерін танытатын біршама сәтті шыққан туынды. Ал, «Адам махаббаты», «Дос көңілі», «Қарбалас бір күн» әңгімелері сәл жадағайлау баяндауға құрылса да, өзіндік ой айта білген өз тұсының туындысы. «Адам махаббаты» - Ғаля мен Сағи атты екі жастың махаббат кешірмелеріне құрылған. Қоғамдық жағдайдың адамдар танымына жасаған ықпалы жастардың жалындаған махаббатына тұсау салады. Адамдарды қоғамдық орнына, мансабына қарап бөлетін керағар идеялогия адамға тән асыл қасиеттерге кір түсіреді, шынайылықтан алыстатады. Әңгіме екі жастың сүйспеншілігін арқау ете отырып, қоғамдық мәселелерді де көтереді. «Дос көңілі» әңгімесінде ішінара кадрлардың қызмет стиліндегі міндері сыналады. Жоғарыға жарамсақтанып, билік пен жеке мүдде үшін халықтың хал-жағдайымен санаспайтын, адамгершылыктен жұрдай болған кейбір қызыметкерлерді сын тезіне ала отырып, қоғамның мінін көрсетеді. Адам қоғамның туындысы, оның дүние танымының, стиліның жақсы не жаман болуы адамдар өмір сүріп отырған қоғамның бойындағы кемшілік. Өйткені, жеке адам ешқашан да қоғамнан бөлек өмір сүре алмайды. Әділетсіз қоғам халық қасіретін елең қылмайды, шындығын жасырады.
Оразхан Ахмет әңгімелерінің дені жазушының басынан кешкен өмір құбылыстары, ауыл тірлігі арқау етілген. Жазушы өз тақырыбына қанық, сырмінез. Әрі автор әр туындысынан өзіне тән стильдік мәнерін де байқатып отырады. Алғашқы жинақтарынан тартып, кейінгі кезде жазған шығармаларына дейін, тұтас жасампаздық жолына үңілер болсақ, жазушының үздіксіз түлеу, стильдік қалыптасу барысытарын басып өткенін аңғарамыз. Әрине, жазушы стилі өсе келе орнығады, қолтаңбасы айқындалады. Жазушының жасампаздық жолын, жетістіктерін саралап, тану үшін оның тұңғыш әңгімесінен бастап қадағалай қарастыруымыздың сыры осында жатыр. Қысқасы, Оразхан Ахметов көркем прозада өз ізін қалдырған жазушы. Әрине, көп туындысының бәрі бірдей асыл емес, бәрі бірдей жасық емес. Алдеқашан жұрт көңілінен орын тапқан елеулі-елеулі туындылары, көркем ойлары әлі талай оқырман таразысына тартылып, сын безбеніне түсері хақ.
Жазушы тақырыбы (немесе алуан тақырып, арналы ой)
Жазушы таланты тақырып таңдаудан басталады. Көркем әдебиетте тақырып мәселесі – аса көңіл аударарлық түйін. Жазушы өзі қанық өмір құбылыстарын шығарманың детальы ете отырып, белгілі бір тақырыпты көтереді, жазушы идеясы сол тақырып төңірегінде желі тарта дамиды. Оразхан Ахметов шығармаларына керекті детальдарды көбінесе өзі жақсы білетін ауыл өмірінен алды. Бірсыпыра шығармаларында өзі басынан кешкен 1960-1970 жылдардағы өмір құбылыстарын астар ете отырып, әр алуан тақырыптарды көтереді. Тақырып таба білу, саралай білу жазушының қалам қуатына да байланысты. Жазушыға ешкім де мына тақырыпты жазасың деп бәсірелеп бермейді. Өзгенің нұсқауы, тапсыруымен берген тақырыпты жазушы дөңгелетіп игеріп кетуі де екіталай. Сол үшін жазушының көбінесе өзі бастан кешкен өмірге жиі оралып, шығармасына керекті деректі сол төңіректен іздеуі де заңды құбылыс.
«Бұраң жол» (1994) повестінің тақырыбы – жаңа дәуірдің жаңалығын жатсынбай, дәуір ағымына ілесуді қуаттайды. Повестьтың идеялық деталы ретінде ауылдан аттап алыстамаған қарт Ысқақ отбасындағы жағдайлар суреттеледі. Кейіпкер Ысқақ үйде отағасы болғанымен шала илеген терідей болбыр, шаруаға онша қыры жоқ ауылдағы қарапайым, сауатсыз малшылардың бірі. Жұбайы Қамар шалына қарағанда пышақ сырты ғана. Ол алғашында қалаға көшіп, базар жағалап сауда істеген балаларының тірлігіне үрке қарайды. Жазушы шығармада мал соңында салпақтаумен күні өтіп бара жатқан ауыл адамдары мен қалаға ойысып, заман талабына сай мәдениет қабылдаған, дәуір ағымына ілесуге ұмтылған жаңашыл жастарды салыстыра баяндайды. Хикаяттың басты айтары – жастардың оқусыз қалмай, өнерден өз бағын табуын қуаттайды. Сонымен бірге, жазушы дәстүрлі шаруашылықтан базар шаруашылығына қарай ойысқан халық өмірінің бұраңдыққа толы жолдарын да образбен ишаралайды.
Жазушы Оразқан Ахмет повестьтерінде ауыл өмірі ғана емес, жаңаша базар шаруашылығы, қалада өмір кешіп жатқан адамдардың тұрмыс-тіршлігі хақында да жазды. Жазушы үлкенді-кішілі жанрларда сан-салалы тақырыптарды көтере отырып, адам тағдырының дәуірдің әр кезегіндегі өзгерістерін суреттеді. Мәселен, жазушының «80-ші аулада» повестінде қызметіне байланысты ауылдан қалаға көшіп келген Бектемірдің тұрмыс жағдайы мен оның көршілері Әлімбек, Мақан, Мұсатайлармен арасындағы ит-ыржың келіспеушіліктерді суреттейді. «Аттан түссе де, үзеңгіден түспеген» ішінара ішіне қыл айланбас ішмерез жандардың бойындағы көреалмастық, шенқұмарлық, мықтыға жалпақтап, әлсізді басынатын жағымсыз мінездерін сындайды. Жазушы повестьтерінде қоғам бойындағы мінді адам болмыс-табиғатындағы түрлі өзгерістер арқылы көрсетеді, адам психологиясын тереңірек суреттеуге талпыныс жасайды. «80-ші аулада» повестінде қала жағалаған майда мансаптылардың байлық пен атақтың буына масаттанып, жай халықты көзге ілмейтін қораш, рухани жұтаңдығын Әлімбек, Мақан образдары арқылы көрсетсе, «Атамұра» повестінде Танабек образы арқылы ашкөздік, атаққұмарлықты сындай отырып, оның түпкі себебінің неден туындап жатқанын да аңдатып өтеді.
Тақырып – жазушы ойының алтын қазығы. Жазушының тақырыпқа бай болуы – парасатының кеңдігін, суреткерлік қуатының ұшандығын танытады. Шын дарынды жазушы тақырып іздеп қиналмайды. Әрбір өмір құбылысын жіті бақылап, ойдан ой тудырады, кішкентай, тіпті, елеусіз бір детальды үлкен тақырыпқа жетелейтін оқиғаға айналдырады. Әңгіме жазудың ұлы шебері Чехов: «Қаласам алдымдағы сия сауыт пен қаламсап та маған тақырып» деп жазсса, Достойевски: «Мен үшін айнала өмір толы тақырып» дейді. Таланытты жазушының шығарма деталын табан астында суырып шыға алуы – өмір құбылысын тануға, оны өз ойының керегіне айналдыра білу шеберлігін көрсетеді. Таланытты жазушы ешқашан тақырыптан тарықпайды, шапқан сайын арындайтын тұлпардай көсіліп, таңдай қақтырар таңдаулы дүние тудырады. Жазушының өзін-өзі қайталауы немесе жасампаздығынан жаңалық, тың тебін байқата алмауы да – парасатының кемдігінен. Алдыңғы ізін соңғы ізі артылта басып отыратын желқабыз жампоздық дарын мен дананың еншісінде.
Оразхан Ахмет қаламынан туған жирмадан дан астам повестінде барынша тың тақырып, соны ой айтуға тырсады. Әрине, повестьтерінде ой айтудағы шашыраңқылық, образ жасаудағы жадағайлық, ішінара кейіпкерлер мінезінің бір үлгі бір ізбен жасалуы яғни даралаудағы жетерсіздік сынды ондай-мындай міндердің бар екендігін жасырмаймыз. Дейтұрғанмен, жазушы тақырып таңдауда, ойын бейнелеудегі өзіндік әдіс, жол табуға яғни шығармаға бастап кірер кілтті таба білу жағында шеберлігін әйгілейді. Түйіндеп айтқанда, Оразахан Ахметов әр туындысынан парасат исін аңқытқан, таңдаған тақырыбына сырдесте, қарымды қаламгер.
Қытай қазақ прозасында өзіне тән айқын қолтаңбасын қалдырған еңбекқор жазушы Оразқан Ахметовтың жасампаздығы жайындағы козқарасымызды бірнеше түйінге жинақтап, мақаламызды қорытынды сөзбен айақтаймыз. Ауыл өмірі – жазушының сырмінез тақырыбы. Ауыл тынысын суреттей отырып, адам тағдырын шебер суреттейді. Шығармаларының арқауына айналған оқиғалар – жазушының өз басынан кешкен өмір, «Мәдениет зор төңкерісі» кезіндгі қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар. Әрі шығармаларының жанды, әсерлі болуының бір сыры автор куә болған немесе басынан кешкен жайларды дерлік бірінші жақпен баяндайды. Жазушы шығармаларының идеяларында сабақтастық, сарындастық, үндестік бар. Тіпті, көп кейіпкерлері мінездес, бір қалыптан аумаған адамдар. Жазушы кейіпкерлерді мінездеуге недәуір шебер. Көбінесе, кейіпкердің болмсын нақты іс-әрекеті арқылы ашады. Сосын, кейіпкерлеріне дерлік лақап ат қояды. Деседе, кейіпкердің бәріне белгі ұрып, лақап ат қою – характер ашудың, даралаудың ұтымды жолы емес. Баланың еркелеткен есімі болса оның жөні бір басқа. Айтарын алсытан қайырып, кең толғап образбен жеткізеді. Бұдан жазушының өзіне тән жасампаздық шеберлігі, ойды бейнелеудегі даралық стилі көрінеді. Жазушы тілінде қазақтың ертегілік стилі бар. Бейне ауыл қариясының айтқан әңгімесіндей жан желпінтер қоңыр әуен есіп тұрады. Сыздықтатып айтып, сыршыл қалып танытады.
Қазақ тіліндегі фразологиялық тіркестерді шығарма тіліне жымдастыра сіңіріп жіберіп отырады. Әрі көптеген төлтума айшықты тіркестерін жасап, дара сөз дағдыларын қолдана білді. Мәселен, «ақыл ойдан жүйрік емес» сияқты жазушының тілдік мәнеріне айналған сөз дағдысы көп шығармасында кездеседі. Оразхан Ахмет шын мәніндегі характерлі жазушы. Мұны жоғарыда шығармаларын талдау барысында нақты дәйектермен дәлелдедік. Сонымен, оқырман, бүкіл өмірін әдебиетке арнап, Қытайдағы қазақ прозасын көркейтіу жолында бар күшін сарыққан қарымды қаламгер Оразхан Ахметовтің жасампазығы хақында қысқаша тоқталып, өзіндік сын-пікірімізді айтып, теориялық тұжырымдар ұсындық. Алайда, жазушы еңбегінің көркемдік жетістіктерін зерделеп зерттеу осымен тынбайды, біздің пікіріміз жазушының көркем әлемін терңдей тануға септесін болса соның өзі ғанибет.
Бөлісу: