Қазақ фольклорындағы тұңғыш атбегі ару
Бөлісу:
Жалпы адамзат қоғамының, соның ішінде қазақ халқының сан ғасырлық даму тарихы қарқынын ілгерілетуге тигізген игі әсері тұрғысында жылқы түлігінің орны ерекше. Зерттеу деректеріне қарағанда адам баласы жылқыны шамамен жеті мың жыл бұрынғы заманда қолға үйретіп, көлік ретінде пайдалана бастаған. Жылқы қолға үйретілген кезеңнен бастап, бұған дейінгі тым ұзаққа созылған адамзат қоғамының дамуы жылдамдай бастапты. Жер бетіндегі бұрын мүмкін болмаған алыс өңірлерге атқа мініп жылдам жету мүмкіндігі қолға келді.
Жылқыны қолға үйретіп, үзеңгі мен шалбарды алғаш ойлап тапқан Ұлы Дала көшпелілердің бәсі мыңдаған жылдар бойы отырықшы халықтар алдында әрдайым үстем болды. Садақ асынған салт аттының орнын отқару орнатқан соғыс техникасы алмастырғанға дейін бұл үрдіс осылай жалғасып келді. Ежелгі грек мифологиясына кентаврлар, амазонкалар болып енген ежелгі ата-әжелеріміздің орта ғасырлардағы ұрпақтары да жылқыны молынан өсіріп бағып, мінсе көлік, сауса сусын, сойса азық етіп, «Қамбар ата түлігін ардақтап, бағып баптаудың қыр-сырын жете меңгеріп, жетілдіріп, ұрпақтан ұрпаққа аманаттаумен болыпты.
«Түбім – түркі, түлігім – жылқы» дейтін қазақ жылқыны иесіне адал серігім деп білген. «Ер Төстік» қатарлы көптеген көне ертегілерімізде астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап, иесімен сөйлесіп, ақылдасатын да осы адамнан зият жылқы жануар емес пе?
Ат баптау – айрықша өнер. Жүйрік пен жорғаны ұлы-жіңгір бәйгеге қосу, қосып қана қоймай, көмбеге бірінші келтіруге дәмелінің баршасының арманын адыра қылып, мәре сызығын оқ бойы озық қидыру – бапкердің бапкерінің ғана қолынан келетін өнер. Атсейіс, атбегі, атшабар, ат айдаушы, ат ұстаушы даяшы – ат бәйгесінің бастан-аяқ құрылымын қалыптаушы адамдар. Және олардың әрқайсысы туралы қаншама ғажайып аңыздар ғасырдан ғасырға ұласып, қасиетті өнерді ардақтаушы қауымның жадында жаңғырумен келе жатыр.
Қазақ әлемінде сан ондаған мың бас жылқы өсірген, құт қонған байлар болған. Қазақ байлары жылқының соңынан құр салпақтап ере берген қарынбайлар болмаған. Қазақ байлары – бүгінгінің тілімен айтқанда білікті фермер, менеджерлер болған. Қазақ байлары жылқысын төрт мезгілдің ауанына сәйкестіре отарлатып, шөптің сонысын жегізіп, судың тұнығын ішкізген. Қазақ байлары жылқы тұқымын жақсарту, белгілі бір түске сұрыптау және асылдандыру, емдеп дәрілеу сияқты ұзақ жылдық харекеттерді атқарып нәтижеге жеткен дала даналары. Сонымен қатар, қазақ байлары туыс-туғанын, ауыл-аймағын асыраушы, яғни жұмыс беруші болған.Қазақтың жылқы тану қабілетінің биіктігі соншама: көрінеу жануардың сыртқы бітімі, түр-түсі, күш-қуаты түгілі биенің жатырындағы құлынның жүйрік болатынын болжайтын сұңғыла сыншылар туралы сан түрлі аңыздар бар. Қазақтың сыншылығы, танығыштығы соншама, тіпті биенің ішінде кеткен құлынды сан жыл өткенде тап басып таныған. Ол ол ма, қазанда қайнап піскен жылқының етінің дәмінен-ақ өз жылқысы екенін жазбай білген сұңғылалар туралы әлденеше аңыздарды келтіруге болады. Жүйрік болар құлынның тұяқ дүбірінен-ақ қапысыз тани білген сыншылық туралы бір аңызды келтірелік. Өткен ғасырда Алтайдың күн бетінде, шеруші деген елде Ысқақ атты атсейіс болыпты. Ас пен той басталар алдында қызықшыл жұрт бәйгеден дәмелі жүйріктер турасында айтылар сын-пікірлерге құлақ түретіні белгілі. Атсейістердің мүлтіксіз сыншылығы сыналар сәттің басы осы. Нәтижесі – көмбедегі көптің көз алдында болмақ. Осындай сынақтан сан жерде сүрінбей өткен Ысқақ сыншы қартая келгенде екі көзден айырылып суқараңғы болып қалады. Бір күні Ысқақ ақсақал үйдің тұсынан өтіп бара жатқан жылқы тұяғының дүбірін естиді. Сонда ақсақал былай депті: «Үйдің жанынан жетекке алған бірнеше жылқы өтіп барады. Соңында бос ерген тай бар ма? Жануар, алдына жылқы салмас өрен жүйрік болары анық!» - деген екен. Қарияның айтқаны айдай келіп, біраз жылдан соң әлгі тай Сәлімбақа үкірдайдың әйгілі «шаппай бер» жүйрігі атанған екен.
Ат баптау тек қазақ еркегінің ғана жұмысы деп саналмаған. Жүйріктің кежім-жабуын, жемдорбасын әзірлеу – әйелдің шаруасы. Бәйге атының жем-суын дайындаудан бастап, жаратып баптауға дейін тікелей қатысатын әйел заты тарихта аз болмаған. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың жүйрік баптау тарихында есімі қалған тұңғыш атбегі – Қобыланды батырдың жары Қыз Құртқа деуге әбден негіз бар. «Жыр қыпшақ тайпасы ортасында туып, кейін жалпы халықтық эпосқа айналған», – деп әдебиеттанушы Әуелбек Қоңыратбек атап көрсеткеніндей, қазақ батырлық жырлары ішіндегі шоқтығы биік туынды «Қобыланды батыр» жырындағы өзінің ақыл-айлалы іс-әрекетімен дараланған кейіпкер – Қыз Құртқа. Қобыланды батырдың Көктім аймақ еліндегі сайыста өнерін асырып, ханның қойған шарттарын орындап қол жеткізген сүйген жары. Ақылына көркі сай Қыз Құртқаның жылқы баласына тани білетін ат сыншысы екендігі төркінінен ұзатылып, «бірнеше күн жол жүріп, азғана емес, мол жүріп» келе жатқанда білінеді. Бір күндері болғанда қара жолдың бойында қақ жарылып екі жақта қалып жатқан қалың жылқыға күймеден басын шығарып қарап келе жатқанда, жусап тұрған көк ала биеге көзі түседі:
Ортасында жылқының
Көк ала бие жусап тұр,
Құртқаның көзі шалады.
Тоқтатып қойып күймесін,
Ағытып тастап түймесін,
Шақырып алып: «Сұлтан!» - деп,
Қобыландыдай баланы,
Биені көріп сынады.
Құртқа сонда бұл жайылып жатқан көп жылқы кімдікі екенін сұрай келе, осы көк ала биені мені берсең де иесінен сұрап ал, бұл биенің ішінде көк бурыл құлын барын, қазіргі мініп жүрген Тобылғы торы ат жауға мініп шабуға жарамайды дегенді айтады. Қобыланды болса, бұл көп жылқы немере туысы Сәлімбай атты байдыкі екенін, Сәлімбайдың өзін жанындай жақсы көретінін, не сұраса да қол тартпай беретінін айтады. Сонда Қыз Құртқа Қобыландыға бұл кідірісінің мәнін Қобыландыға былайша білдіреді:
«Жан серік атың, сұлтаным,
Көк ала бие ішінде,
Көк бурыл құлын бар,
Жан серік атың сол», - дейді.
Бұл сөзімді біл, - дейді.
Құртқаның сөзін сынарсың,
Жылқысы болса ағаңның,
Ала гөр бірақ сен», - дейді.
Қобыланды батыр Сәлімбай байдың қосбасы Қара Көжекке келіп мән-жайды түсіндіреді. Өзінің алыстан, Көктім аймақ елінен келін әкеле жатқанын, қазақтың салтымен көрімдік сұрап отырғандығын, көрімдік қалауы жылқы ішіндегі буаз көк ала бие екендігін айтып, Сәлімбай байға Қара Көжекті жұмсайды. Тізгін ұшымен шапқылап Сәлімбайға жетіп, келісінің мәнісін айтқанда бай: «Бір тай түгілі, Қобыландыдан шыбын жаным садаға. Тоқтар ағама қалғанымды алдым деп мақтанып барсын, бердім көк ала биені», - деген жауабын айтады. Қара Көжек бұл жауапты жеткізіп, көк ала биені ұстап береді. Құртқа сұлу қарны жер сызған көк ала биені көшке тіркеп алып, сапарын жалғастырады.
Құртқа сұлу күймеден
Қарғып түсіп, биені
Маңдайынан сүйеді.
Көшіне тіркеп жөнелді,
Көкала бие шұрқырап,
Көбік шашып бұрқырап,
Емшегі бұлақ иеді.
Бірақ жылдамдатып көшті алға соза беруге болмады. Көк ала бие әне-міне дегенше құлындағалы тұр. Жүруге халі құрып, тынысы тарылып, сұлық сұлаған биенің маңына адам жолатпастан, Қыз Құртқа өзі аяқтандырып алады:
Тонын жарып тұлпардың,
Құлынға тыныс қылады.
Сонда жатып құлындап,
Бурыл тұлпар туады.
Жарық дүниеге келген Бурыл құлынның тонын жарып алысымен Қыз Құртқа құдды бір жас сәбидей мәпелеп күтуге кіріседі. Бұл – біріншіден, жылқы баласына деген қазақтың құрметі болса, екіншіден, өсіп-жетілгенде ер-азаматы мінетін тұлпарды баптап күтуге деген жауапкершілік болатын. Қыз Құртқаның жаңа туған құлынға деген ықыласы тіптен ерекше, жас сәбиден бетер болғанын көреміз:
Тұяғын жерге тигізбей,
Үстіндегі шешініп,
Құртқа сынды сұлуың
Алтын тонға орады.
Аузын үріп сыпырып,
Маңдайынан иіскеп,
Шүкір ғып Хаққа тұрады.
Жырды шығарушылар Бурылдың бітімін де ертегілердегі қанатты пырақтар тәрізді ерекше әсірелеп суреттеген. Қобыландыдай батырдың мінетін тұлпары осылай болуы да керек қой. Расымен де, құстыкі тәрізді қанатты болмаса да, жүйрік болып жаратылған аттардың қолтығында артық қабырға болады деген ұғым бар.
Аршын басты Бурылы –
Қабырғада қанаты,
Сұлтанының жан аты.
Күн түсірмей көзіне,
Жел тигізбей өзіне,
Үстіне шатыр тіккізді.
Елі үшін туған ер азаматтың бағына жолыққан сүйген жарының оған ерекше мән беріп қамқорлық жасауы – «Қобыланды батыр» жырына ғана тән емес, бұл – әлемдік фольклорға тән қасиет. Бұл тұжырымды «Қобыланды батыр» жырын толықтай зерттеген академик Мәлік Ғабдуллиннің мына пікірі арқылы дәйектей аламыз: «Халықтың өзі сүйген батырына оның жар жолдасы арқылы қамқорлық жасауды әр елдің жырынан кездесіп отырады. Мысалға Манастың Қаныкейін (см. «Великий поход»), Аламжи мергеннің қарындасы Агу Гоохонды, Добрыняның шешесі Офимья Александрованы (Былины-старины, С.К.Шамбинаго) келтіруге болады». Иә, батырдың мінер арғымағын батпап қамқорлық жасаған ару – қазақтың Құртқа сұлуы ғана емес екен.
Құртқа сынды сұлуың
Айтса, сөзін өткізді.
Көп нөкерін жүгіртіп,
Не керегін жеткізді.
Жас құлынды аяқтана салысымен-ақ құнарлы сүт пен азық беріп баптауға көшкен Қыз Құртқаның осы мақсат жолында жүзеге асырған әрекеттері эпоста анық айтылғандығын көреміз:
Үйір болып сол жерде,
Қырық күнге шейін Бурылға
Қулықтың сүтін емізді.
Және қырық күн біткенше,
Қысырдың сүтін емізді.
Қазақ бапкерлері жүйрікті бейсауат адамның көзінен қағаберіс, оңаша да баптағанды қолай көреді. Жүйрік жылқының өкпесін дақ жоқ таза сақтау үшін қулық биенің, қысырдың сүтін ішкізу – күні бүгінге дейін қазақ ат бапкерлерінің тәжірибесінде бар тәсілдер.
Сексен күні біткесін,
Тоқсан күні жеткесін,
Арымасын, талмасын деп,
Бурылға Қыз Құртқа
Түндікпенен күн берді,
Түтікпенен су берді,
Дәрілеген жем берді.
Міне, осылайша, Қобыланды батырдың болашақ мініс тұлпарын қазақтың атсейіс қызы ерекшелеп баптап жарата береді. Жалпы бапкерлік дегеннің өзі – ұзақ процесс. Жасаған ісіңнің нәтижесін көру үшін де тынымсыз еңбектену қажет. Мұны атбегі Қыз Құртқа жақсы түсінгендіктен де ат баптауда ағаттық жол бермек емес. Осылайша, ай артынан ай, жыл артынан жыл өте береді. Құртқа Бурылды тынымсыз баптаумен болады. Құртқаның баққан Бурылы жасқа толып тай шықты, тайдан құнан бұл шықты, құнаннан дөнен шықты, күн көрмеген көбең шықты. Қазақ тұқымы асыл, тұлпар болатын жылқы баласын бостан-босқа сұлулап ат қыла салуды ырымға жаман деп есептеген. Осы бір ұстаным «Қобыланды батыр» жырында да көрініс тапқан:
Құнаннан шығып – дөнен-ді,
Күн көрмеген көбең-ді,
Жуандап мойны өссін деп,
Бір байталға жіберді.
«Жүйрік болар жылқыны, құлынынан танисың» дегендей, қазанат тұлпар болатын құлынды ерте тани біліп, ат қылар шаққа жеткенде тұқым алып қалу деген осы. «Ер Тарғын» жырында да дәл осы дәстүр көрініс тапқан. Тарғын батыр батыр өзінің Тарлан тұлпарымен мұңдасып отырған сәтінде былай деп толғайтын жері бар еді ғой:
Бес жасыңа келгенде,
Белдің қызығын көрсін деп,
Бес бедеуге салдырдым,
Алты жаста ақтаттым,
Аттай мұрның танаттым...
Қазақ тіпті биені уақытында үйірге қоспай тоқымбедеу қылып мінудің өзін: «Мал төркініне обал» деп, мұндай жағдайды мүмкіндігінше болдырмауға көңіл бөлген халық. Жылқыны өсіріп бағу – күш-қайратты қажет ететіндіктен, негізінен ер адамдардың жұмысы дегенімізбен, әйел затын бұл үрдістен ешқашан шетқақпай етпегені де ақиқат. Сондықтан да «ат құлағында ойнау» дегеннің өзі тек ер адамға ғана қатысты айтылмайды. Құртқа сұлу – ат құлағында ойнаған арудың нақ өзі. Болашақ тұлпарды баптап бағып-күтуден жалықпаған Құртқа сұлу Тайбурылды бестісінде үйретіп, мойны таралып өссін деп, жібек арқан сүйретіп, алты жасар айғыр шығарды:
Алты жасқа ақтатты,
Өзіне өлшеп Бурылдың
Алтыннан тұрман қақтатты.
Ат болар деп батырға
Бурылын мақтатты.
Сөйтіп алты жасар айғыр болып, арқырап толған жылында Тайбурылды ақтатып, нағыз алты ай мінсе арымас, алысқа шабар арғымақ болдыруға кіріскенін көреміз. Жалпы, қазақта ата малды ұрпақ беру қабілетінен айыруды өзге малдарға қатысты әдетте «піштіру», «тарттыру», «кестіру» т.б. дейтін болса, жылқыға байланысты қолданыста «сұлулау», «ақтау» деп атайтынының өзі Қамбар ата түлігіне деген ерекше қадір-құрметтің нышаны емес пе?
Бурылының қыз Құртқа
Кекілін, жалын тарайды.
Күніне неше қарайды,
Салдырып оған сарайды,
Баласындай жебеді.
Күніне неше баулыды,
Атқа қылған еңбегі
Күннен-күнге көбейді.
Қыз Құртқаның Тайбурылды аламан бәйгеге қосу үшін арнайы жаратпаса да, алты жыл өмірін сарп етіп, күтіп-баптауынан оның атбегілік қасиетін танимыз. Батыр туған Қобыландының өмірінде күндердің күні бір болмай қоймайтын алыс жорыққа аттанар сәтте қысылтаяң жағдай туындап қалмауын күнібұрын қамқорлықпен сезінген сұңғылалық та жатыр, бұл алты жылдық тынымысыз ат баптау қарекетінде. Ақыры жорыққа себеп болған оқиға да құлаққа шалынды. Қызылбастың елінен шыққан Қазан деген ер Ноғайлының Қырлы қала, Сырлы қаласын басып алып, берік бекініс жасап, халықты үрейге салып қойғанын естіген төменгі қырық мың үйлі қияттың батыры, Сейілдің ұлы Қараман қырық мың қолмен жауға аттанады. Жолда қалың қыпшақтың жерімен өтіп, құрдасы Қобыландыны ертіп алмаққа келіп, жорығының мәнісін айтады. Сонда Қобыланды:
Мінетін атым қолыңда,
Барар-бармас жолымды.
Хабар салып алайын,
Үйдегі Құртқам біледі, -
деп жауап береді. Мұнымен де қарап қалмай, Қараман құрдасына жары Қыз Құртқаның Тайбурылды алты жыл бойы түндікпенен күн беріп, түтікпенен су беріп жатқандығын да айта келе:
Бағымды бастан алмасын.
Алды-артымды шалмасын,
Қияметтік жолдасым,
Жан серік атым қолында,
Үйдегі Құртқам біледі.
Менің де барар-бармасым, -
деп шынын айтады. Сөйтеді де Қобыланды батыр Естеміс бастаған жылқышылар қосына қарай жүріп кетеді. Қосқа келген соң Естемісті Қыз Құртқаға жұмсап, Қараманмен бірге Қазанға қарсы жорыққа аттанатынын, сондықтан Тайбурылды жетектетіп жіберуді бұйырады. Естеміс мән-жайды айтқан соң, Қыз Құртқаның берген жауабының түйіні:
Сұлтаныма сәлем де,
Тілімді алса бармасын,
Біздің баққан Бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар, -
болады. Естеміс әкелген жауапты естіген кезде де Қобыланды Қыз Құртқаға ашулана қоймайды. Сондықтан да ол Қараман құрдасына Құртқаның өзіне айтқан сәлемін жеткізеді. Қараман болса бұл сөзді іліктей отырып, Қобыландының намысына тиіп сөйлейді:
Әр талапқа шығарда
Қатынға ақыл салған соң.
Қатын тілін алған соң,
Неше батыр болсаң да,
Арыстаным Қобыланды,
Қатын да емей немене?!
Бұл енді, бір ел бетіне қараған батыр түгілі, ең ез деген еркектің өзін селк еткізіп намысына тиер қатты сөз болатын. Иектен тері тамшылап, тобылғы торыны қамшылап, ашуға булығып екпіндете шауып келе жатқан Қобыланды батырдың ойы: Сөзге сынық қылдың!» - деп қарсы кездессе қыз Құртқаның басын кесіп алу еді. Тобылғы торының тұяқ дүбірінен-ақ мұны сезген Қыз Құртқаның тапқан айласы – күн түспес түнек қорадағы Тайбурылды сыртқа алып шығып мініп, көлденең тарту болды.
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағымен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Жазығы әйел демесең,
Құртқа қыз да тым күшті.
Алты жыл баптап бағудағы жеткен нәтижені сынау деген осы еді. Тайбурылдың нағыз бабына келіп жарауына әлі де біраз уақыт қажет екен. Егерде Қараман келіп қолқа салмағанда бұл мерзім толғандай-да екен. Мұны Қық Құртқаның өзегін өртей айтқан сөзінен аңғарамыз:
Үш ұшар ең аспанға,
Бір ұшуың кем болды
Мен қайтейін Бурылжан,
Қырық үш күннің кемдігі.
Қобыландының назары Құртқаға емес, ойнақтап жер тарпыған Тайбурыл тұлпарға түсіп, мән-жайға қаныққан кезде адал жарының басын кеспек болған ойынан айнып, өкініш білдіреді. Қобыланды батыр ата-анасы, туыстарымен қоштасып, сапарға аттанғалы тұрғанда анасы Аналық та Тайбурылды баққан Құртқа екендігін айтып, ұлының аман-есен келуінен үміт күтеді:
... Бір жылқыдан кем шаппас
Келінжан баққан Бурыл ат...
Сөйтіп Қобыланды Тайбурыл тұлпарымен жауға жорыққа аттанады. Қараманның үш күн бұрын кеткен қалың қолын басып өтіп, Қазанның Қырлы қала, Сырлы қаласына жетеді. Осы жолғы ұзақ жорығы барысында айтқандай-ақ Тайбурылдың қырық үш күндік бабының кемдігін анық сезінеді.
Көбіктінің қашқан атына Тайбурыл жете алмайды. Сонда ғана Қобыланды өзінің қателескенін түсінеді. Қыз Құртқаның бапкерлігіне, адал ниетіне риза болған Қобыланды өзін жат өлкеде, жау өтінде тастап кеткен Қараман досының адамгершілігі жоқтығына көзі әбден жетеді. «Қобыланды батыр» жырындағы өзінің ақыл-көркімен дараланған Қыз Құртқаның ат баптаушылық қырын тілге тиек ете отырып жүлгелегенде осылай болды. «Қыз Құртқа – қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш ат бапкері» деп шартты түрде айтқанымыз болмаса, бұрын-соңды ат жаратып бәйгеге қосқан аруларымыз аз болмаған. Мұның өзі де Ұлы Дала халқының әйел затын қаншалықты ардақтап, қадір тұтқандығының, көшпелілер қоғамындағы биік әрі тең дәрежелі орнын, отбасы тірлігіндегі белсенді іс-әрекетін танытады. Жоңғар шапқыншылығы мен одан бергі кезеңдерде ерлермен бірге ел қорғау үшін қолаң шашын дулығамен жасырып, найза ұстап, садақ асынып атқа қонған Сапура, Айбике, Гауһар, Назым, Бопайлардың жалғасы Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданында ұрыс салған Әлия, Мәншүк, Хиуаз арулар еді. Дәл осы сұрапыл соғыс жылдарында тыл жұмысына араласып, қолына құрық ұстап жылқы баққан қазақ арулары аз болмаған екен. Солардың бірі де бірегейі – Атырау облысы Есбол (қазіргі Индер) ауданының тумасы Маржан Енбаева еді. 1924 жылы дүниеге келіп, 2015 жылы өмірден өткен Маржан Енбаева апамыздың жылқышы ағасы Шалабай майданға аттанғанда, шаруашылық басшыларына барып, ағасының бағымында болған жылқыны өзіне сеніп тапсыруын өтінеді. Қолына ағасының құрығын ұстап, үш жүздей жылқыны өзі бағуға тәуекел еткен Маржан қыздың жасы сол кезде небәрі он сегізде екен. Маржан қыздың қолынан жылқы бағу келетіндігіне колхоз басшылары түгел күмәнмен қарапты. Алайда мақсатына әбден бекінген қайсар қыз қыстың ақ қар көк мұзы мен жаздың апшы қуырар аптабында мойымастан қажырлы еңбек етіп, жылқысын дін аман өсіріп бағады. Құлындарын аман-есен аяқтандырып, мініс пен күш-көлік қылуға қажетті аттарды майданға үздіксіз жіберумен болады. Соғыс аяқталғаннан кейін де қолынан құрығын тастамай, ата кәсіпті жалғастырып, 1963 жылға дейін жылқы бағады. Анау-мынау ер азаматтың қолынан келе бермейтін еселі еңбегімен елге үлгі болып, зор нәтижеге қол жеткізген Степан Разин атындағы колхоз жылқы фермасының аға жылқышысы Маржан Енбаева 1948 жылы жиырма төрт жасында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. Бұл – нағыз қажырлы еңбектің лайықты бағалануы еді. Маржан қыздың бұл ерлік еңбегін кезінде күллі Кеңес Одағы білді. Маржан қыз туралы қаншама әдеби, музыкалық туындылар да жазылды. Ақын Садықбек Адамбековтің сөзіне жазылған, Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» әні қазақтың қайсар жылқышы аруының құрметіне арналған туынды:
Асқақтата салғаным – жайлау әні,
Баққан малым – жайлаудың болған сәні, Маржан-ай!
Қай жерімнен мін таптың, қалқатайым,
Менің жазған хатыма жауап кәні, Маржан-ай! –
деп шырқалатын тамаша ән жетпіс жылдан астам уақыт қазақ әлемінің әр түкпірінде шырқалып келе жатыр. Маржан есімі қазақ қыздарына көбірек қойылатын болды.
Әйел затының қазақ қоғамындағы орны ұлтымыздың тарихында қай дәуірде болмасын биік болып келген, қазір де солай, болашақта да солай бола бермек. «Алпыс басты ақ орданы алпыс еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады», - дегендей, қазақтың отанасы – жарына ақылшы тіреу, ұрпағына мейірбан пана, ауыл-аймағына жанашыр қамқор, үй шаруасына тастай мығым, сырт тірліктен хабардар бейім – бесаспап жан. Қазақ әйелінің таңнан кешке дейінгі тынымсыз тірлігін жапонның бір зерттеушісі арнайы бақылап, нәтижесінде таң-тамаша қалғанын оқығаным бар еді. Қазақ қызы әзірге ғарышкер атанған жоқ, басқа биіктіктердің бәрін бағындырды. Ауыз әдебиетіміздегі тұңғыш атбегі кейіпкер Қыз Құртқаны негізге ала отырып қазақ қыздарының қайсар да қажырлы тұлғасы турасында аз-кем шолу жасағанымыз осы болмақ.
Бөлісу: