Ақмола облысының тарихи топонимдері

Бөлісу:

04.02.2022 2779

4 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті. Бұл ғылыми еңбек Қазақстан Республикасының тіл саясаты жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін іске асыру негізінде дайындалған.

Қазіргі таңда елордалық аймақтың топонимдерін зерттеу және оларды жүйелеу қажеттілігі күмән тудырмайды. Көпшілік ғалымдардың қызығушылығын тудыратын осы тақырып – ойконимия, яғни елді мекен атаулары. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын реттеу және халықтың тарихы мен рухани мәдениетінің маңызды куәгері ретінде ұлттық топонимияны жаңғырту мақсатында ономастикалық зерттеулер жүргізу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.

Оқырманға ұсынылып отырған «Ақмола облысының тарихи топонимдері» кітабы Ақмола облысының ономастикалық кеңістігін одан әрі реттеу және елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын зерделеуге арналған. Кітапта Ақмола облысының ономастикалық кеңістігі бойынша жаңа зерттеу нәтижелері жазылған.

Кітап тіл білімі мамандарына, тарихшыларға, географтарға, сондай-ақ қазақ географиялық атауларына, топонимдердің шығу тарихына қызығушылық танытатын көпшілік оқырманға арналған. Басылым «Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Ақмола облысының тарихи-географиялық атауларын зерттеу және қалпына келтіру» жобасы аясында жарық көрді.

Іс-шараға тарих, география, лингвистика саласындағы көрнекті ғалымдар, сондай-ақ жоғары оқу орындарының мамандары мен министрлік және әкімдік өкілдері қатысты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар