Арман Әділбек. Құм жұта алмайтын дауыс

Бөлісу:

14.02.2022 4678

Поэзия туралы сөйлеу ең қиын. Сөз өнерінің төресі – поэзия. Абайдың бір сөзін сіз жатқа білесіз. Сондықтан, оны екеуіміз де іштен күбірлейік. Ал, мәнін Фолкнерден сұраған әлде қайда ұтымды. Бір жағы ұлы сөз шебері, бір жағы ақын болғысы келгенін, бола алмағанын қысылмай айта алған кісінің бірі.

«Әлхисса болар сөз басы» дейді қазақ. Біздің Әлхиссамыз-алдымызда жатқан циклді өлеңдер топтамасындағы соңғы өлеңнің соңғы шумағына аз-кем зер салу болып тұр.

Бұғаусыз көңіл сен ғана самға,

Сыймайды бір ой кеудеге.

Артыңнан қуып келгені сонда

Сусылдақ құм ба?

Бөлме ме?

Осы сұрақпен аяқталыпты. Өлеңді оқып отырып ойыңызға Кобе Абенің «Құм құрсауындағы әйелі» орала ма, әлде, өзіңіз, өз құжыраңыз орала ма, бұл маған белгісіз. Белгілісі, біз өлеңмен оқырман арасындағы байланысты жасап үлгердік. Сусылдақ құм – Сизифтің тасы, Қодардың құдығы екені аян. Бөлме, яғни, құжыра ше?

Жаңылмасам, Шопэнгаурдің «Адам-тұтқын» дейтін сөзі бар. Тәпсірлеп көрсек, адам бар болғаны кімге, неге тұтқын болуды ғана таңдай алатын тумысынан тұтқындыққа түсуші деген кеп сияқты. Бұл тұтқындық сіздің қайда, кім болып туғаныңызбен қатыссыз. Және, біз бір құлдықтан босанғанымызбен, және бір құлдыққа еркімізді беріп отырамыз. Кейде қашуымыз да мүмкін. Бірақ, құтылу мүмкін емес. Бұл ұғымдар, сенімдер, идеялар, көзқарастар құлдығы. Яғни, сіз өзіңіздің өмірге, адамға, дүниеге, өзіңізге, айналаңызға болған, бастауын ата-бабаларыңыздан алған (Бұл сөзімізді автордың «кебеже» өлеңіндегі:

Көште талай кебежеге отырғам,

Қайда сол бір кебеже?

Сол ма мынау күңгірт бояу жағылған

Алабажақ кереге?” деп келетін шумағы растай түседі).

Өмір жолында ішкі, сыртқы ықпалдар мен ұмтылыстар жөнімен керегесін кеңіткен, бекіткен таным-түсінігіңіздің құлысыз. Одан асып ештеңе жасай алмайсыз. Сіздің тұрмысыңыз түгілі түсіңізді қалай көруіңізді де сол белгілейді. Демек, соңыңыздан қуып келген бөлме сіздің тетігіңізді ұстап тұрған сыйқырлы сарай, қожайыныңыз. Кейде,тіпті осы бөлмеңіз сіздің ақықатпен, шұғылалы мәндермен ұшырасуыңызға кедергі.

Ту алыста күннің барын ақ алмас,

Тар бөлмеде қамалғасын кім ұғар?

Әрине, оны автор да, сіз де құба құмның шетіне өздеріңіз тұрғызғансыздар. Кешегі «Кебеже» сіздің өз қам-қарекетіңіз есебінде бүгінгі «құжыраға» айланған.

Циклді өлеңдер топтамасы бізбен «уақыттың дауысы» тақырыбымен жүздесіпті. Авторы Ербол Алшынбай екен.

Әлібетте, циклді өлеңдер топтамасы болған соң, мұндағы бес өлеңді бөліп-жарып оқып, өз бетінде ұғынудың айыбы шамалы. Бірақ, тұтастығын сақтап қанығудың орны қашанда бөлек. Сонда да, мұндағы «сүрлеу» есімді өлеңге әлімізше бажайлап көрмекпіз.

Өлеңді оқып отырып оқырман ілкі сүрлеулерден бұл сүрлеудің бір парқын байқай алады. Бұл сүрлеу алдыңызда жатқан,сізді әлде қайда бастайтын ескі сүрлеу емес. Соңыңыздан,сізге ілесіп келе жатқан «имоп-момақан, қоңыр сүрлеу». Жаңа сүрлеу. Сіз жасаған сүрлеу. Сіздің туғаннан тартып, дәл осы жерге дейін бірге серіктесіп жеткен тағыдырласыңыз. Егізіңіз. Сіздің басыңыздан қандай күн, қандай уақиға өтсе, оның да басынан соның біреуі де қалмай өткен. Сіз қандай жолды бастыңыз, қай қырқадан астыңыз, қай ойпаңнан өттіңіз, қай көлден орағыттыңыз... Бұның бәрі оның да қылғаны, оның маңдайына сізбен ұп-ұқсас жол жазылған. Қараңыз:

Қалды артыңда дулы-шулы шаһарлар,

Сертшіл сөздер, сыңғырлаған бокалдар,

Ортақ естелік. Дегенмен, Екеуіңіз бір болмыс емессіздер. Бастарыңыздан өткен қыйлы жол кешірмесі түп-тұқиянымен сіздерге ортақ болғанымен, ой кешірмесі, сезім кешірмесі ортақ емес. “Сүрлеу” күрсінеді. Сіз оны өлеңнің әсерімен тыңдай алдыңыз. Сосын, “сүрлеудің” түс көргенін, түсінен шаршап оянатынын да кешікпей аңдап үлгердіңіз. Мұны қадап айтуыма негіз болған нәрсе не? Сіз бәлкім, бұл өлеңдегі сүрлеуді ақынның қазақтың қайсы бір ертегісіндегі сыйқыршы молдадай жан иесіне айландырып жібергенін сезіп те отырған боларсыз. Енді, “сүрлеу” айды мүсіркеді. Мүмкін, ақынның өзі де мүсіркеген болар. Өлеңнің кей иірімдерінде сіз де сүрлеумен қабаттасып,кірігіп бір күй иесіне айланып кетесіз. Сүрлеуге жолдас қана емес,мұңдас, бауырлас ретінде көз тастап мейрім көрсете бастайсыз. Бұған әлемдегі барлық адамның соңынан ерген барлық сүрлеу әбден татиды.

Ескі сүрлеу желге төсеп жоныңды,

Сәл мызғып ал жеткеніңше сәһарға.

Өлең осылай аяқталады. Азанда тағы сапарға шығу керек. Ол үшін демалу керек. Сүрлеу де мызғап алуы керек. Ол үндемейді. Бірақ, бәрін тыңдап, сезіп желге жонын төсеп жатыр. Мифопоэтика.

Жалпы, бұл арада біз өлеңдегі сөз иесі «менді» де жол, сүрлеу ретінде қарастыра аламыз. Адамды адам етіп тұрған ең маңызды нәрсе ол жады, естелік. Есте қалған кешірме. Яғни, жүріп өткен жол. Онсыз ол адам деген сипатты ақтай алмайды. Сондықтан, жол-адам. Адам-жол. Сүрлеу-адам. Адам-сүрлеу. Біз өлеңге осы логикамен қайта көз салсақ онда, сүрлеу өз сыртына шығып,өзі сөйлеп отыр. Немесе, айнаға қарап отырған әлдебіреудің өзіне өзі достықпен,мейріммен, аяушылықпен қарап отырған күйіндей. Тек,онда сүрлеу ғана бар. Яғни, өлең сүрлеудің өз жыры болуы, сүрлеудің тілдік әлеммен тұтасқан лирикалық күйі болуы мүмкін. Автор тек қана мәтінді хатқа түсіруші. Және, табысты түрде хатқа түсіруші. Не үшін табысты болатынын сөз көбейтіп айтудың қажеті шамалы. Бастысы, мәтінді хатқа түсіру барысында автор ақындық ахуалдың шүңетіне кәдіксіз құлаған. Сүрлеудің тілдік кеңістікке таратқан хабарын жүрек көзіне суара отырып, өлең мәтініне айландырған. Бұл мүмкін автордың иненциясы деп мойындалмас. Сонда да шығармашылықтың мұндай күйі әлемдік әдебиеттануда мойындалған. Автор жоқ, Мәтін ғана бар. Құрастырылған мәтін. Бұл үшін Роллан Бардты есіңізге алсаңыз болады.

Жалпы,адам баласы өзі жасаған шығармашылық кеңістікте өмір сүреді. Бұл арада кілт-тіл. Тіл – болмыстың ұясы. Адам тілдің шекарасынан шығып кете алмайды. Біздің барлық ой-қиялымыз, кешірме естемелеріміз де тілден тысқары болуы мүмкін емес. Және, әр автор да өз шығармашылығын тіл шеңберінің ішінде өрістетеді. Ол шеңбердің ішінде автор жиы айланып соғатын култтер, архетиптер, символикалық, семиотикалық рәміздер сақталған. Біз уақытша алдымызда тұрған бес өлеңнен тұратын топтаманы бір кеңістік ретінде қарастырсақ, бұл кеңістікте жол, бала, бөлме, терезе сынды символдық ұғымдар қайыра ұшырасып отырады. Циклді өлең болған соң,бұлардың әр қайталанғаны алдыңғысымен мағыналық ішкі байланысқа құрылған деген сөз.Ендеше, бұл сөздерге қандай астар, қандай мән қандай идеялар жасырынған? Біз осы сөздерді қиялымызбен тұтастырып ілгерінді-кейінді бажайлап көрсек ші...

Онда жоғарыда біз айтып өткен автордың тіл аясында (тілдің іші толған семиологиялық,семиотикалық,символикалық мәтіндер) құрылған шығармашылық кеңістігінің бұлдыр нобайы байқала бастайды. Яғни, автордың шығармашылықтағы жан әлемі. Сіз ондағы баланы да,жолды да, бөлмені де, терезені де бірден тани кетеріңізде күмәнім жоқ. Енді, «Уақыттың дауысы» деген тақырыптың да мәні сұлбалана береді. Өмірдің дауысы. Әр пенденің көкірегінде бір ғазиздік, сәбилік болары, өлмес бала қиялы өмір сүретіні анық. Бұны писихологтар да растайды. Ал, адам ғұмыр бойы көкіректегі сол баланы қорғаумен, сол баланы аялаумен, сол баланы емін-еркін өз кеудесінде ойнағандай өмір кеудесінде ойнатудың риясіз мұратына жалтақтаумен алпарысып өтпек. Поэзия үшін бұл өлмес тақырып. Ол бала өлген күні мүмкін поэзия да жазылмай,оқылмай қалуы ғажап емес. Менің бұл баланы өлеңде обыраздалған баламен үндестіруім де тәбиғи хал. Ал, жол жәйлі жоғарыда тоқталғанбыз. Бөлме мен терезе туралы сөз өрбіте береміз. Бөлменің түпкі бейнесі кебеже екені бізге белгілі. Көшпелі тұрмыс сәбиі көш бойында кебежеге отырады. Кейі шүпірлеп ұядағы қарлығаш балапанындай толып отырады. Кейі әрине жалқы. Маңыздысы бұл кебеже бесікпен қатысты. Бесікте жатқан бала, бесіктен шыға сала кебежеге отырады. Сапар сол арадан басталады. Өз аяғымен жүретін, ресми,тұлғалық сапар. Ал, кебеженің бөлмеге айлануы ертеме,кеш пе орындалатын процесс. Үйткені, автор ғана емес,күллі көшпелі баласы символды түрде бұл қадамды басты. Және бір жағынан, әркім құмның шетінен құжырасын салды. Мұндағы өмір филосопиясы жеңіл тілмен жеткізгенде осы. Ал, дауыс терезенің сыртынан естілді ме, ішінен естілді ме? біз бұны анық білмейміз. Уақыт бір мезгілде ішке де,сыртқа да ортақ па? Біз мұны да білмейміз. Терезе мүмкін, көкірек көз. Түпсана мен сананың ортақ көзі. Ол бірінші өлеңде «көздің жасы жуса да тазармас, қырық қабат кірі бар» терезе де, соңғы өлеңде “сұры құм андыздап құйылып жатқан” терезеге (Бұл жерде терезе деген сөз жоқ болғанымен, терезенің мәндік орны бар). айланды. Дауыстың қайдан естілгені оқырманның өз кешірмесіне, түйсігіне байланысты. Бұл автордың ұтып тұрғанын ғана көрсетсе керек.

Автордың жалпы шығармашылығымен аздап болса да таныстығымыз бар оқырман ретінде, мен бұл топтаманы оның жалпы шығармашылығындағы екінші кезең, немесе, қайта түлеу деп түсіндім. Оның бұрынғы шығармашылығы эпостық, ескі жыраулық лепке, асқақ романтикалық мәтіндерге көбірек таразы бастыратындай сезілетін. Қазақ поэзиясының ескі дәстүрлі-классикалық қайнарларынан қанып шөл басқаны аңғарылатын. Бұл жолғы қалам сілтесі ілгергідегі қалам тартысынан басқашалау сезілді. Мүмкін,мен автордың келесі бір қыры болуы мүмкін өзгешелікті басқаша жорамалдап отырған шығармын. Дегенмен, оқасы жоқ. Бастысы, бұл топтамадағы өлеңдерде анық идеялық тұрғыдағы, бейнелеу тұрғысындағы эксперименттерді жазбай тану қиын емес. Және, бұл ізденісін таңдаған формасының шегінде еркін өрбіткен. Комплекстен ада, сөзуарлық жоқ. Мұнда да өзінің эпостық-мифтік санамен тұтасқан ой әлеміндегі ескіше,бірақ, шыттай жаңарған рәміздерін қамырығына жарастырып сіңіре қояды. Онысы «жүрек тұсынан шыққан жылқының дауысы» мен «Тептеңгір үңгіріне жұтылған сайынбурыл» кейпінде сіздің де кеудеңізді сыздатады. Мұнда мен Тептеңгір үңгірі мен сайынбурылдың өлеңдегі орнын өзгеше бағалап отырмын. Сіз сайынбурылдың болашақта керек болатындығы үшін, Тептеңгір әулиенің ғарына иесі Сәмен батырды тастап шауып кіріп кететінін ұмытпаған боларсыз. Сондықтан, мұнда «Ескендірдің мүйізі бар» деп айғайлауымның керегі жоқ деп ойлаймын.

Топтама циклділік сипатын ақтаған. Бес өлеңнің ортасындағы ортақтықтар, ортақ бастаулар мен өзгешеліктер, өзіне тән арнамен даму сәтімен орындалған секілді. Сол арқылы тұтас әрі мазмұнды кеңістікті қалыптастырғандай. Топтама шағын, бірақ, ол арада сізбен бізге таныс өмірдің күбірі бар. Өмірдің бір бөлегінің емес, мүмкін, тұтас өзінің. Ол үнді ендігәрі құм жұта алмайтынын да сіз сезіп отырсыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар