Қазақ поэзиясының жезкиігі

Бөлісу:

17.02.2022 5468

Ұлтымыздың көрнекті ақыны, қайраткер ұлы, қазақ поэзиясының жезкиігі атанған Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толуына орай Қазақстан жазушылар одағының Астана филиалы мен Қазақстанның ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп еске алу жиынын ұйымдастырыды. Жиынға ақын Ғалым Жайлыбай, жазушы Өтен Ахметов, дәстүрлі әнші Серік Оспанов, айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов, журналист, алаштанушы Заңғар Кәрімхан, тарихшы Марат Әбсаматов, күйші Жанғали Жүзбаевтар қатысты. Ал жиынды осы бас қосудың ұйымдастырушысы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Жиында алдымен сөз берілген Ғалым аға Жайлыбай Кәкімбек Салықовтың әдеби қырына тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Ертеректе «Менің тағдырымның тамыры» атты жинағына Кәкімбек Салықов туралы «Өткендер мен өткелдер» атты мақаласы жарық көргенін тілге тиек етті. Заманында Қарағанды облысының Ақадыр ауданында ғұмыр кешкен Свет Оразаев атты ақынға негізсіз айып тағылып, абақтыға қамалып, ақыр соңында Қарақалпақстан АКСР-інің астанасы Нөкіс шаһарына қудаланған. Ол жылдары Кәкімбек Салықов Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Ақын Свет Оразаев тағдырдың жазуымен Кәкеңе өтініш ете барып, бостандыққа шыққан көрінеді. Адамгершілі жоғары, шапағат-шарапаты мол кісі еді дейді көзін көргендер. Кәкімбек Салықов 1998 жылы Қазақстанға қайтып оралған. Алаштың арда ұлы, қазақтың жезқанатты жезкиігі Кәкімбек Салықовтың мансап биігінде жүріп, ақын атануы рухани дүниеміздегі ірі құбылыс. Сөз ұстаған халқымыздың ұлылығының бір нышаны. Сонау Күлтегіннен бастап, бүгінге жеткен ғажайып қазақ жырының қайталанбас бір тұлғасы – Кәкімбек Салықов.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары оқырманның қолына түскен Кәкеңнің алғашқы жыр жинақтары өлеңқұмар қазақ баласын жалт қаратқан. Құдай берген талантын мәпелеп, өмірдің сырына терең бойлаған ақынның өмірбаяны тереңдік пен биіктік атты өлшемге толы. Ол жарық өмірді, қазақтың жұртын, адамзат баласын тұтас сүйді. Кәкімбек ақын Мәскеу, Болгария, Қырғыз, Түрікмен, Қарақалпақ жырларының көкжиегін кеңейткен, болашаққа бағдар, болмысқа барлау жасаған, өресін өсірген, шеберлігін шыңдаған дәуір суреттері. Кәкеңнің әнге айналған өлеңдері көп. Бір ғана «Жезкиік» өлеңіне әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевтан бастап ондаған компазитор ән шығарған.

«Кәкімбек ағаның өмірбаянынан өлеңбаянын әсте бөліп қарауға болмас. Мен Кәкімбек ағамен сыйласқан, сырласқан уақыттарым аз болған жоқ. Туған інісіндей қасына ердім. 60-70-80 жылдық мерейтойларында сапарлас болдым. Бауыры ретінде талай жыр жаздым», - дейді ақын Ғалым Жайлыбай.

1967 жылы, 25 сәуір күні мен жұмыс істейтін шахта комбинатының хатшысы Кәкімбек Салықов ағамыздың алдына бардым. Сонда Кәкең: «Өтен шырағым, сен жұмыстан кеткелі жүр екенсің. Кетпе, бізге керексің. Жассың, өсіп келе жатсың. Дайындығын бар, білімің жеткілікті. Бізге де кадрлар қажет. Қаласың», - деді. Бірақ, мен жұмыста қала алмайтынымды айтып, Қарағандыға қайтып келдім. Кейін журналистика факультетінде оқуға бір балым жетпей, филологияға түстім. Құдайға шүкір, сапарым жаман болмады. Қарағанды журналистикасының алдыңғы сапында болдым. Кәкеңнің айтуымен шахта комбинатында қалып қойсам, бәлкім журналист бола алмас па едім..? Кейін Қарағандыда Кәкеңмен қайта дидарласып қалдық. Не жасыратыны бар. Біздің заманымызда қызмет істейтін жеріңде бір «қазмойының» тұра беруші еді.

- Аға, сіз шөлдеп отырған жоқсыз ба?, - дедім.

- Иә, айналайын, шөлдеп отырмын. Салқын шәйің болса, - деді.

Сол күні өте дәмді, жақсы әңгімелер айтылды. Қарақалпақстанда басынан өткізген жағдайларын, сүріндіргісі келген қара ниеттілердің талай мәрте пара ұсынғанын, осындай қиын өткелектерден қалай аман шыққандарын айтты. Қысқасын айтқанда, «асыл жақұттай» таза адам болатын. Кездесудің әсерінен соң «Елім деп тебіренбеген бір күнім жоқ» атты үлкен мақала жаздым. «Кәкімбек Салықовтай кісінің бұл өмірде болғаны, ол кісіні менің танығаным, дидарласқаным, әңгімелескенім, ой тереңдігі ішкі руханиятыма ықпал еткенін жасырмаймын. Халықтың махаббаты әрдайым өшпейді, өсе береді, өркендей береді», - деді жиынға қатысқан әдебиетші, аудармашы Өтен Ахметов.

Сөзді әрі қарай айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов жалғады. Біз Алматыда оқып жүргенде қазақтың Кәкімбек Салықов атты ақыны бар деп естідік. Және партия қызметкері екенін білгенде, біртүрлілеу көргеніміз жасырын емес. Бастықтан қандай ақын шығады деп, қателесіппін. Келе-келе ол кісіні жақын тани бастадық. Әннің құдыреті сонда, Кәкең жырларының көбі халыққа ән боп тарады. Өзінің мөлдір қалпын сақтаған тұлға болатын. Менің есімде қалғаны, Кәкең алпысқа толғанда Мәриям жеңгейді ертіп, Шәміл Әбілтай үшеуі Көкшетауға келді. Күн боран боп, ұшақтары кештеу қонды. Сонда былай:

Кәкімбек аға,

Ел-жұртың сізді сағынды,

Сағына түссін дегендей,

Боран да бүгін қағынды, -

деп өлең арнадым.

Риза боп қалды. Кеш бойы түйген үлгі-өнегемді айтайын. Әдебиетшілердің арасында бір-бірін жамандау ежелгі дәстүр ғой. Ал, сол кештің өн бойында көлденең бір әңгіме болмады, кісі жамандағанын көрмедім. Шәмілге күй шерткізіп, ән салдырып, өзі де қосылып ғана отырды. Бойына үлкен бір парасат, өре, кісілік тұнып тұрған адам екенін аңғардым. «Кәкеңнің:

«Памирлар, Гималайлар шұбап жатыр,

Оқжетпес жер бетінде біреу ғана», -

деген өлеңін әбден жақсы көріп қалғандықтан әрі қарай жалғап, Кәкеңе қарата:

«Ел-жұртың тілеуіңді тілеулі аға,

жырыңмен ажарлансын жүдеу-дала,

Оқжетпес жер бетінде біреу болса,

Кәкімбек Салықов та біреу ғана», -

деп ыстық ықыласымды білдірдім», - дейді Баянғали Әлімжанов.

Кеште ән айтылып, күй шертіліп, жыр оқылды. Орта белінде тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсаматов сөз сөйледі. Марат Әбсаматов мұрағатты басқарған жылдары Кәкімбек Салықовпен көп сұхбат құрысып, ақылын алған екен. Кәкең Көкшеде туған атақты ғалым Есмағамбет Смайыловты еске алуға ақша бөліп, кешін өткізуге ат салысыпты. Кеңес үкіметінің басшысы Горбачевтің өзі Кәкімбек Салықовқа Қазақстанның президенті болуға ұсыныс білдірген. Тізімде Нұрсұлтан Әбішұлы секілді жастарға орын беруді жөн санапты.

«Баянғали менің баяндамамның қысқа жасалатынын жақсы біледі» - деп күйші Жанғали Жүзбаев ағамыз кешті одан ары қалжың-сөзімен жалғап, ыстық естеліктерімен бөлісті. Күйші Жанғали Жүзбаев елордадағы мукалық академияға 2003 жылы келген кезінде Кәкеңмен көрші тұрған екен. Ол кісінің домбырасы Қаныш Сәтпаевтің домбырасы еді дейді. Жұмыстан шаршап келіп, күй тыңдағанды ұнатқан екен. Тәттімбеттің күйлерін қатты ұнатыпты. Жанғали Жүзбаевқа «Көкейкесті» күйін шерткізіп болып, апырмай осы күйді тартқан талайды көрдім, әйткенмен Жағыппар Әлімхановтан асқан ешқайсысын көрмедім дейді екен.

Кеш соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Оспанов Кәкімбек Салықовтың «Жезкиік» әнін, Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Сырым Мұхамеджанов "Аққу жеткен" әнін орындап, тыңдарман қауымды ерекше әсерге бөледі. Жиынға жоғарыда айтылған кісілерден бөлек мектеп түлектері, медицина академиясының студенттері де қатысты. Алдағы уақыттың жоспарында Кәкімбек Салықовтың ән кешін ұйымдастыру мәселесі де сөз етілді.

КӘКІМБЕК САЛЫҚОВ 1932 жылы 22 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Еңбекші ауылында туған. 1947 жылы Көкшетау қаласындағы № 1 мектепте орташа білім алып, 1950 жылы Сырымбет тауы бөктерінде Казгородок қазақ орта мектебін бітірді. 1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған кенішінде кен мастері, участке бастығы, К.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы, Қазақстан КП қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Жезқазған комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. 1975 жылдан КОКП Орталық Комитетінің аппаратында инспектор болып қызмет істейді. 1984 жылы Өзбекстан КПОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Кеңестер Одағы Жоғарғы кеңесінің экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің Президиум мүшесі қызметтерін атқарды.

Алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» 1977 жылы жарық көрді. Сол жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғұлам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды. К.Салықов – «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы. Ақын жемісті еңбегін бүгінгі күнге дейін талмай жалғастырып келеді. Соңғы жылдары оның «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді. В.В.Маяковскийдің «В.И.Ленин» поэмасын, А.С.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын, М.Ю.Лермонтовтың, Ю.П.Полонскийдің, Р.Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С.Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың, моңғол және өзбек ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Б.Жұманиязов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сияқты композиторлар ақынның көптеген өлеңдеріне ән шығарды. «Жезкиік», «Сағыныш», «Аққу әні», «Үш арыс», «Бір ауыз сөз», «Оқжетпес», «Көкшетау», «Жамбыл ата» сынды туындылары халық әніне айналып кетті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте (ІХ, Х, ХІ) депутат болып сайланған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2001), Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының президенті, Қазақстан Республикасы «Экология» академиясының академигі. Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Парасат» және Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Бөлісу:

Көп оқылғандар