Халықаралық ана тілі күні
Бөлісу:
Бүгін – Халықаралық ана тілі күні. ЮНЕСКО тарапынан әлем халықтарының тілі мен мәдениетінің сан түрлі ахуалын қолдау мақсатында жыл сайын «Халықаралық ана тілі күнін» (International Mother Language Day) 21 ақпанда атап өту туралы шешім қабылдаған болатын. Атап өтудің мақсаты: әлем халықтары тілдерінің өзіндік даралық ерекшелігін, қарым-қатынастық, мәдени қолданысы мен ықпалын қалыпты ұстау, көптілділік ахуалды сақтау деп белгіленген. Әрбір атаулы күннің негізінде кенеулі тарих жататыны сияқты, 21 ақпанның Халықаралық ана тілі күні ретінде алынуы да бекер емес.
Ғасырлар бойы бодандық қамытын киген ежелгі Үндістан ХХ ғасырдың орта тұсында метрополия Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған кезде 1947 жылы әлем картасында екі мемлекет пайда болды. Яғни Үндістан мен Пәкістан мемлекеттері. Үндістаннан бөлінген Пәкістан мемлекетінің негізін құраушы халықты діни сенімі біріктіргенімен, олардың мәдениеті мен тіліне, ең бастысы, орналасқан аумағына байланысты өте үлкен айырмашылық бар еді. Үндістанның батысында жатқан аумақтың халқы урду тілінде басым сөйлесе, Шығыс Пәкістанның халқы негізінен бенгаль тілінде сөйлейтін еді. Әрі екі Пәкістанның ортасын Үндістанның 1600 шақырымдық аумағы бөліп жатты. 1948 жылы Пәкістан билігі урду тілін ел аумағындағы бірден-бір ресми тіл ретінде бекітті. Ресми Карачидің (Пәкістанның алғашқы астанасы) бұл шешіміне Шығыс Пәкістан тұрғындары наразы болды. Пәкістан билігі шығыстың бұл наразылығын елемегенімен қоймай, бенгаль тілін қолдау акцияларына тыйым салды. Шығыс Пәкістан астанасы Дакка қаласында бенгаль тілінің мәртебесі үшін алаңға шыққан студенттер шеруі күшпен таратылып, бірнеше адам қаза болады. Бұл оқиғаның соңы жаппай қарсылыққа ұласып, нәтижесінде 1956 жылы бенгаль тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ақыры бенгаль тілді Шығыс Пәкістан 1971 жылы Бангладеш атауымен өз тәуелсіздігін алды. «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ», - деп авар халқының арда ақыны Расул Ғамзатов айтқанындай, тіл үшін, оның қолданыстан шығып жойылып кетпеуі үшін тынымсыз күресудің, қажет болса жан берудің жарқын мысалы – осы.
Ақпарат көздерінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі күні дүние жүзінде үлкенді-кішілі 7100 шамасында тірі тіл бар. Және оның 90 пайызының қолданушылары 100 мыңнан аз екен. Демек, 6300 тілдің болашағы бұлыңғыр, 700 тілдің жағдайы қалыпты деген сөз. Осы 6300 тлдің 2700-і жойылу алдында тұруының себебі, оның ішінде 360 тілде сөйлеушілердің саны 50 адамнан аспайды, тіпті 20 тілдің жалғыз ғана қолданушысы бар екен. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, 2100 жыл дегенде қазіргі қолданыстағы тілдердің тең жартысынан астамы жойылып кетпек. Бұл жойылудың басты себептері: жаһандану, ішкі-сыртқы көші-қон, урбандану (қалада тұратында санының арта түсуі), азғана тілдің тым басымдылыққа ие болуы, алып империялардың жаңаколониялық саясаты т.б. болып отыр. Тілге қатысты проблема әлемнің көптеген елдерінде бар.
Қарым-қатынас жасау, ақпарат беру, әсер ету деген үш мақсатынан өзге, кез келген ұлттың тарихи, мәдени коды болып саналатын ана тілі – сол ұлттың тірі болуының көрсеткіші мен кепілі.
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнім (С.Торайғыров).
Ана тілін сүю, бесіктегі сәбиінің құлағына ана тілінің таныс үнін сіңіру, ана тілінде тілдесу арқылы ұлтының өткені мен бүгінін өскелең ұрпағының санасына сіңіру – бүгінгі қазақтың ата-аналық парызы. Иә, бұл үдеден барлығымыз бірдей шыға беріп жүрген де жоқ шығармыз. Бірақ ертеңгі күн – бүгінгі күннен жақсы болар деген үмітіміз жоқ емес. Тіл туралы биік мінберлерден айтылып келген ұранды, мағыналы сөздер бұдан былайғы жерде декларативті айшық түрінде ғана қалмай, нақты заңдық пәрменге ие болуы – халық қалауы. Халықаралық ана тілі күні құтты, қазақ тілінің ғұмыры ұзақ, мәртебесі биік болсын!
Бөлісу: