Эмиграциядағы қазақ әдебиетінің бастаулары

Бөлісу:

28.02.2022 3995

Бұл тақырыпты баяндамас бұрын әуелі эмиграция ұғымының мәнін ашып алған жөн. Эмиграциялық әдебиет немесе диаспоралық әдебиет ұғымы бізге жат болмаса керек-ті. Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов тілге тиек еткендей «Зар заман әдебиеті», «отаршылдық кезең», «қуғын-сүргін көргендердің әдебиеті» деген ұғымдармен мазмұндас келетін «ел ауған», «жер ауғандар» әдебиеті де әлдеқашан әдеби айналымымға түскен деп есептейміз. Бұл өзі тарихи-саяси тұрғыдан да һәм қоғамдық-әлеуметтік жағынан да солай болуы тиіс еді. Империялық саясат салдарынан туындаған сан түрлі қақтығыстар ұлт және оның әдебиеті мен өркениетіне ғана емес, жекелеген адамдардың тағдырына дейін әсер етті. Эмиграциялық әдебиеті туралы ұғым мен тұжырым міне осындай өзектіліктен туындайды. Біздің бүгінгі тілге тиек етіп отырғанымыз да сол эмигрант қаламгерлердің азап пен күреске толы ауыр жолы болмақ.

Анықтамалар көрсеткеніндей, «диаспора» - грек тілінен енген сөз. Қазақ тілінде «шашырау», «шашыранды» деген мағына береді. Алғашында бұл ұғым сырттағы еврейлердің Палестинаға топтасуы мағынасына негізделе қолданылса, кейін уақыт ағымымен, әртүрлі тарихи себептермен өзінің қолданылу аясын кеңейте бастады. Бірте-бірте қандай да бір себеппен өзінің шыққан отанынан сыртқары жүрген адамдар тобын «диаспоралар» деп атау нақтылана түскен. Бүгінде адамзат баласының бәріне түсінікті қалыптасқан, орныққан термин. Қазақ әдебиеттануында эмигранттардың тудырған әдебиеті, жалпы эмиграциялық әдебиеттің қалыптасу ерекшеліктері мен көркемдігі, өзіне тән болмысы мен тағдыры туралы жазып, зерттеген - филология ғылымдарының докторы Байтанасова Қарлығаш Медетқызы болатын. Ғалымның 2013 жылы Астана қаласынан шыққан «Эмиграция әдебиетіндегі идеялық-көркемдік сабақтастық» атты монографиясы тұтастай біз баяндап отырған тақырыпты зерттеуге арналған ғылыми еңбек. Ғалым Қарлығаш Медетқызы аталмыш еңбегінде диаспора негізі туралы мынандай пікір білдіреді. «Диаспораның негізі – қауымдастық, олар өздерінің туған елдерінде орныққан өмір салтын, тіршілік келбетін сақтауға ұмтылады. Яғни, басқа этникалық топтар секілді диаспоралар қауымдастығы өздерінің этномәдени шекарасын сақтайды». Бұл ойдың ұшығын тарқатар болсақ, диаспора белгілі бір этникалық топтың шоғырлана орналасуы екенін аңдау қиын емес. Адамның эмиграциялық жолға түсуінің үлкен жақтан үш сипаты бар. Оларды жекелей атасақ, әуелі төңкерісшіл, саяси және жұмысшы. Төңкерісшіл топқа, өз елінде төңкеріс жасаудың мүмкіндігі болмай, арман-мақсатын сырттан іздеуге талпынған топ жатады. Саяси эмиграцияға, өз еліндегі саяси көзқарасының ұқсамауынан, отанындағы саяси жүйенің қысымымен сырт елге қоныс аударған топты меңзейді. Ал, жұмысшы топ көбіне әр жерден нәпақа іздеген қарапайым бұқараларды қамтиды.

Эмиграция белгілі бір этникалық топтың шоғырлану болғаннан кейін, ондай топтың өзіне тән рухани-мәдени өнім беру қабілеті де болады. Міне осы пайымнан енді эмиграциялық әдебиет ұғымы шығады. Яғни, өзге ортада жасалған шығармашылық. Мұндай әдебиет өз топырағынан тыс қалыптасады да, өзіне тән туу, даму ерекшеліктері болады. Айталық, орыстың эмиграциялық әдебиетінің қалыптасуының, тарихи-саяси уақиғаларға байланысты өзіне тән кезеңдері бар. Ол кезеңнің басы негізінен 1910 жылдардан басталып, дүниежүзілік екінші соғыс кезеңдерін қамтиды. Осыдан кейін 1960-1980 жылдардағы жылымық кезеңдеріне ұласады. Тарихқа қарап отырсаңыз бұл дәуірлердің өзіндік ерекшеліктері бар екенін бағамдау қиын емес. Сол тарихи сипаттар жекелеген тұлғалар мен қаламгерлердің жеке өміріне әсер етіп, соның салдарынан орыс топырағынан тыс, өзіндік болмысқа ие әдебиет шоғыры пайда болған.

Қазақ әдебиетіндегі эмиграциялық үрдерістің де өзіндік дәстүрі, дамау тарихы бар. Ең түпкі бастау көзі XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғарлармен болған соғыстағы кезеңдермен байланысады. Егер бізге жеткен ауызша жыр нұсқаларына сүйенсек, шынымен де «Ақтабан шұбырынды» заманында жер ауған қазақтардың ұрпақтарынан кездестіруге болатыны анық. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын қайғылы жыр жолдары, атадан балаға ауысып, заманмен бірге түлеп, уақытпен бірге жаңарып, жаңа әдебиеттің бастауына айналып отыру заңдылығы да содан. Біз бұл жерде тілге тиек етілген «Елім-ай» жырын ғана айтып отырмыз. Біз енді ғана толыққанды жиналып, зерттеліп, ғылыми қорытындылар жасалып жатқан жазба тарих негізінде емес, өлең-жырлар, күй-дастандар, ауыз әдебиетіміз арқылы, қаншама қуғын-сүргінді, ел жерден, жерден ер айрылғанын көрген халықпыз. Осының бәрі жүйеленіп келіп, эмиграциядағы қазақ әдебиеті ұғымын құрайды. Негізгі тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты болған қазақ халқы, төрт маусым бойына жердің тіршілік пен адам күйіне, табиғатпен үйлесіміне негізделіп құрылып отырды. Асан қайғының «Жерұйығын» іздеуі, Қорқыт атаның «Өліммен күресі» сынды әфсаналық ұғымдар да осындай тіршілік үшін күрес пен өмірдің мәні туралы сакральді ұғымдар жатыр. Солай дей тұрсақ та, қазақ жұртының өз қонысынан ауа көшуінің өткен ғасырдағы тарихи себептерінен тоқтала кетудің өзіндік маңызы бар. Сонда ғана күллі қазақ әдебиетінің бір парасы болған, эмиграциядағы әдебиетіміздің толықтай бейнесі ашыла түспек.

ХХ ғасыр басында жүргізілген Столыпиннің аграрлық жер реформасы, қазақ даласына ауыр кесапатын тигізді. Ұлттың өмір сүру дағдысын, тіршілігін, тіпті рухани келбетін де күйзеліске ұшыратты. Сөйтіп, осы реформаны жалау етіп жерімізге сан түрлі ұлт өкілдері ағыла бастады. Мұның басы ұлтаралық қақтығыстарға, арты көп санды қазақтардың туған топырағын тастап, өзге елдерге көшіп кетуіне ұласа бастады.Көптеген қазақтар Қытай териториясындағы қандас қазақтар отыратын аймаққа ағыла бастады. Бұл өлкеде қоныстанған қазақтар әдебиетінің бастау көзі де ұлт-азаттық аңсарға толы болды. Атап айтар болсақ, сол өлкедегі үздік әдебиеттің өкілдері, «Зар заман» поэзиясының жалғастырушылар тектес Жүсіпбек, Кәрібай, Албан Асан, Әсет, Ақыт, Көдек сынды ақындар болды. Олардың шығармашылығының негізгі тіні – отаршылдық тақырыпқа қарсы ел мен жердің тағдыры, туған жер, дін тазалығы, дәстүр даналығы сынды әралуан мазмұндарды қамтыды. Одан соңғы атажұрттан қоныс аудару үдерісі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының салдарымен тікелей қатысты. Халықтың патша езгісіне қарсы көтерлісі ел тағдырының екіге бөлінуіне ұласты. Осы оттың тұтануына басты түйткіл, он тоғыз бен қырық үш жас аралығындағы қазақ азаматтарына соғыста қара жұмысқа тарту мәселесі көтерілгені үшін болатын. Бұдан бұрын да атақонысынан айрылып жатқан қазақ халқының әлеуметтік мәселелері ушығып кеткен болатын. Жергілікті патша билігімен ымыраға келалмаған жұрт біртіндеп өз жерінен ығыса бастады. 1916 жылдары әсіресе Жетісу халқының Қытай жеріне қоныс тебу процесі күрт артты.

Өткен ғасыр басындағы қазақтардың қазан төңкерісіне деген қарсылығы қазақ даласының тұс-тұсынан көтеріліп жатты. Әскер ісі жетілмеген, толық қаруланбаған қазақ көтерілісі жеңіліске ұшырап, жұрт бірте-бірте атақонысынан айрыла бастады. Жетісу қазақтары Құлжа арқылы, Шығыс Қазақстан қазақтары Алтай, Тарбағатай өңірі арқылы Қытай жеріне қашып өте бастады. Онда қоныс аударған қазақтардың дені, әуелі жергілікті өңірдегі қазақтарды пана тұтып, кейін кейбірі біртіндеп сіңісіп, Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлеріне қоныстанып қалды. Еліміз қазақтарының қиыр жайлап, шет қонып, өз отандарынан кетуінің тағы бір себебі - ел ішіндегі азамат соғысының салдарынан болды. Олар негізінен көршілес елдерге қоныс аударды. Шығыста Қытайға, оңтүстікте Өзбекстанға, одан ары Иран, Ауғанстан жеріне ауды. Осы тұстағы қазақ халқының күрескерлік рухының айғағы, тұтас түркі жұртының тарихи-саяси қайраткері, Түркістан эмиграциясының жетекшісі – Мұстафа Шоқайды атап айтуға болады. Мұстафа Шоқай 1917 жылы 28 қарашада Түркістан мұсылмандарының съезіне қатысып, іле-шала Түркістан автономиясын құрады. Бір жыл өткен шамада Қоқан автономиясын коммунистік Қызыл аАмия талқандап, 1919 жылы Мұстафа Шоқай саяси эмиграцияға кету шешімін қабылдайды. Шет елде жүріп өзінің саяси қайраткерлік күресін жалғастырады.

Қазақ эмиграциясының қалыптасуы туралы сөз болғанда, өткен ғасырдың басындағы аштық нәубетін аттап өтуге болмайды. Бұл тарихымыздағы ең ауыр кезең. Қазақ жұртының тарыдай шашырауына әкелген ең ауыр ұлттық трагедия. Ұлтқа жасалған геноцид. Қолдан жасалған аштық салдарынан, жалған ұжымдастыру саясатының салдарынан халық қолындағы малынан айрылды. Мұның арты жұрттың жаппай жансауғалап босуына әкеліп соқты. Соның салдарынан, жұрт Ресей, Өзбекстан, Иран, Ауған, Қытай жеріне қоныс аударды. Екінші дүниежүзілік соғыстың салдары қазақ халқына да айтарлықтай апат әкелді. Қаншама азаматтардың өмірі қиылды, отанынан, туыс-туғанынан айрылды. 350 мыңнан астам қазақ азаматы үйіне оралмады. Тұтқынға түсті. Солардың қатарында М.Айтбаев, М.Қойболди сынды рухты азаматтарды атап өтуге болады. Сондықтан да, эмиграциялық қазақ әдебиетінің негізгі өзегі де, елге деген сағыныш, ұлттық идеяны ту етіп жырлау сарынында болды.

Жоғарыда әртүрлі тарихи уақиғалардың халқымыздың тағдырына қалай әсер еткенін қысқаша баяндап өттік. Ұлттың әдебиетін ұлттың тағдыры тудырады десек, эмиграциядағы қазақ әдебиетінің бастау көзі де, қазақ әдебиетінің тарихымен тікелей байланысты. Ел мен жерден алыс туған мұндай әдебиет қашанда сағынышқа толы, зарға бейім келеді. Олар көбіне жыр, толғау, дастан түрінде ұшырасады. Эмиграциялық әдебиетіміздің бір арнасы Алтайдан Анадолыға дейін жеткен көштің сорабында жатыр. Яғни, өткен ғасырдың бел ортасына қарай, Алтай қазақтарының Қытай үкіметімен қақтығысып, көше жүріп соғысып, Қытайдың Гансу, Шиңхай жерлеріне қоныс аударып, одан Гималай асып, Пәкістан, Үндістан жеріне келіп, соңында Түркия Республикасына табан тіреген тарихи көші, сол Түркияға қоныстанған қазақ зиялыларының әдебиеті - эмиграциялық әдебиеттің аса ауқымды бір арнасы. Түркия, Германия жерінде еңбек еткен Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Әбдуақап Қара сынды қайраткер-қаламгерлердің еңбегі біз тілге тиек етіп отырған тақырыптың шынайы һәм ғылыми үлгісі болып саналады. Сонымен қабат, шет елде туып, шет қақпай көріп, қанды қасапты көрген қандас бауырларымыз туралы жазылған көркем шығармалардың легі, эмиграциялық әдебиеттің бет-бейнесін ашуға, шет жұртта өткен тарихи кезеңдерді, тарихи тұлғаларды ашуға өз ықпалын тигізеді. Мұндай шығармалардың қатарында жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр», Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» трилогиясы, Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романы, Зейнолла Сәніктің «Сергелдең» романы, Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары» романы, Жәркен Бөдешұлы, Серік Қапшықбайұлы сынды ақындардың жыр-толғаулары сияқты толып жатқан шығармаларды айтуға болады. Тәуелсіздіктен кейін елге, атажұртына қоныс аударып, осы топырақта шығармашылықпен айналысқан үлкенді-кішілі буынның жасаған әдебиеті де, алдыңғы толқын ағалар жасаған әдебиеттің негізгі шоғырын үзбеуші, сорабын жалғастырушы екені аян.

Адамның ата мекеніне, туған топырағына, өскен ортасына деген ыстық сағынышы, ұлы махаббаты тағдырдың талқысымен үздіксіз жүріп отыратын үдеріс. Адам мен туған жері ортасындағы күрделі байланыс, қазіргі өркениеттің өзі толық аша алмай отырған ерекше құбылыс. Осындай болжауы қиын құбылыстан туған шығармалар, эмиграциялық әдебиеттің негізі күретамыры. Адамзат қоғамы қашан да өркениетті қоғам құруға талпынады. Ол мейлі туған отанынан тысқары жүрсе де әдеби-мәдени өмірінен алыс кетпей, қайта өзін сақтап, жетілдіре түсу үшін рухани өнім тудырып, отандық сөз өнерінің бір арнасы ретінде дамып отырады. Оны біз бүгінгі әдебиет тарихынан жақсы түсінеміз. Өйткені, олардың әдебиеті жат ортада туғанымен, өз тілінде, өзінің ұлттық сана биігінде жазылды. Туған әдебиетінің дәстүрін сақтай отырып, жалпыхалықтық мәдениеттің биігіне жеткізді. Сондықтан да олар тудырған әдебиеттің тақырыбын, идеясын, көркемдік ерекшеліктерін зерттеу - аса маңызға ие.

Жоғарыда эмиграциялық әдебиетте Тәуелсіздік идеясы, азаттықтың алтын арқауы бар екенін баян еттік. Ол әсіресе күрескер жазушы Хасан Оралтайдың еңбектерінен баса көрінеді. Хасан Оралтай - «Ежелден ер Түрік, еркіндік аңсаған» дейтін алаштық ұстанымды басты нысан еткен тұлға. Ол - белгілі тарихшы, журналист, қоғам қайраткері. Хасан Оралтайдың азаттық жолындағы азап пен арпалысқа толы өмірі оны осындай парасат биігіне көтерген. Әкесі Қалибек Хакім деген атпен белгілі. Шын есімі Қалибек Райымбекұлы. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық төңкерісті басқарушылардың бірі. Ол Қытай үкіметіне қарсы саясат ұстанған. Осы бағытта ұлт батыры Оспан Исламұлымен ниеттес болған. Өйткені, Оспан батырдың әрекеті, күрес тәсілі ешкіммен ымыраға келмейтін, Қытай гоминдан үкіметі мен Маолық қызыл коммунистердің жымысқы саясатына бағынбайтын тәуелсіз жол еді. Өкінішке қарай, коммунистік биліктен еш опа болмағасын, соңынан ерген бір қауым елді бастап елден кетуге мәжбүр болады. Алтайдан бастап Гималай асып Түркияға жеткен көштің басында өзі болады. Міне, жастайынан осындай ер қамы мен жер қамын ойлаған қаһарман әкенің тәрбиесін алған Хасан Оралтайдың алаш ұранды азамат болып өспеуге хақысы жоқ еді. Х.Оралтайдың өсу, қалыптасу жолы Алтайдан бастап Түркия және Еуропа елдеріне дейін жалғасады. Азаматтық ұстанымы мен шығармашылық өсу барысы түрік топырағымен тығыз байланысты. Оның алғашқы еңбетері Түркия қалаларында басылып шықты. Айталық алғашқы еңбегі «Қазақ түріктері» кітабы 1961 жылы Измир қаласында жарық көрді. Ол - алғашқы мағжантанушы ғалымдардың бірі. Оған 1965 жылы Измир қаласында жарық көрген «Ұлы түрікші Мағжан Жұмабайұлы» атты ғылыми еңбегі куә. Осыдан кейін Хасан Оралтай үнемі қаламын қару етіп, азаттық жолындағы алаш баласының азапты жолын жазудан жаңылмады. 1975 жылы Стамбул қаласынан «Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер» деген тарихи еңбегін жазды. Оның «Коммунизммен шайқас» атты кітабы да осы тақырыпты індете баяндаған еңбек. Жалпы Шығыс Түркістан қазақтарының қызыл үкіметпен күресін алғашқы болып және жүйелі, егжей-тегжейлі жазған қаламгер - осы Хасан Оралтай. Оның өмірлік һәм қоғамдық-саяси ұстанымы, мемлекеттік азат ойлы тұжырымдамасы Әлихан Бөкейханның Біртұтас Алаш идеясы, Мағжан мен Мұстафаның Тұтас түркі дүниясының бірлігі сынды ауқымды масштабты қамтиды.

Атамекені Шығыс Түркістаннан амалсыз қоныс аударған қаламгер, журналист-зерттеуші Хасан Оралтайдың қайраткерлік жолының бір парасы – «Азаттық» радиосындағы еңбек жолымен тығыз байланысты. Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосында Хасан Оралтай 1953 жылдан бастап жұмысын бастайды. Радионың негізгі мақсаты да коммунистік режимнен жапа шегіп, отанынан жырақ жүрген зиялылардың басын қосып, олардың арман мақсаттарының орындалуына жол ашу болатын. Аталмыш қызыметке жас Хасан Оралтай бар ынта-жігерімен кіріседі. Барлық ақпарат, мақалаларды сараптаудан өткізіп, ең шынайы, нақты мәліметтерді жариялайды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғанын естігенде, арнайы материал дайындап, радио арқылы төрткүл дүниеге жария еткенін, аса мақтанышпен тебірене жазады. Шетте жүріп ел үшін бар күшін салып жұмыс істеген Хасан Оралтай, елдегі ең ірі, ең маңызды, тарихи мәні терең уақиғаларды сараптап, олар туралы тұшымды материалдар ұсынып отырады. Соның бірі - 1986 жылы болған Желтоқсан уақиғасы туралы еді. Желтоқсан уақиғасы туралы алғашқы шынайы зерттеу жасаған да осы Хасан Оралтай. Желтоқсан уақиғасына байланысты радиода көптеген сұхбаттар, арнайы шығарылымдар ұйымдастырады. «Түркістан мұхтарияты» үкіметінің құрылған күнін де Мұстафа Шоқайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды алаш азаматтары туралы арнайы хабарлар ұйымдастырып, жүргізеді. Өйткені, Хасан Оралтайдың кеудесінде де осы тұлғалармен тағдырлас ұлы мұраттар жатыр еді. Өзін ұлт зиялысы санайтын мұндай отаншыл адам өмірінің ең мәнді кезеңін ел ісіне арнайтыны белгілі. Түркияда, қалың жұрттың ортасында жүрген де Хасан Оралтайдан «жапонсың ба, кәріссің бе, қытайсың ба?» деп үнемі сұрайтын болған. Осы жайт жас Хасанның намысына тиетін. Жанын жегідей жейтін. Тұтас түрік жұртына өзінің ұлты, тарихы туралы баян ету үшін ол Шығыс Түркістан туралы алғашқы танымдық кітапты жазған болатын. Онда Шығыс Түркістан қазақтарының әдет-ғұрпы, салт-санасы, діні мен ділі, тарихы, жерінің жаратылысы сынды барлық тақырыптар қамтылған еді. Бұл еңбек хронологиялық сипаттағы жалпылама баяндау емес, керісінше ой сарабынан, сана толғамынан өткізіп, кең пішінде жазылған ауқымды еңбек-тұғын.

Жазушы, тарихшы, зерттеуші Хасан Оралтайдың әдебиет әлеміндегі ең сүбелі еңбектерінің бірі – «Елім-айлап өткен өмір» атты естелік-романы. Бұл кітап автордың алпыстан асып, жетпіске таяған жасында өткен өмірі, жүріп өткен жолы, өзі көрген тарихи уақиғалар мен тұлғалар туралы нақты деректер негізінде жазған туындысы. Мұнда, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бергі Шығыс Түркістан қазақтарының тарихы, азаттық жолындағы күресі, саяси-әлеуметтік жағдайы, Гималай асып Түркияға жеткенге дейінгі күресі, Түркияға келгеннен кейінгі жаңа өмір, тіршілік сынды толып жатқан мазмұндар мен деректерді өз ішіне алады. Бұл кітап туралы академик Рымғали Нұрғали: «Шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, журналист, қаламгер Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» шығармасын жанр жағынан өмірбаяндық роман деуге болады. 1999 жылы Стамбул қаласында жарық көрген сегіз жүз бетке жуық туынды С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романдары сияқты автордың басынан кешкен өмір жолынан мол мағлұматтар береді. Мұндай романдар қазіргі әдебиетімізде де бар», - деп баға береді.

«Елім-айлап өткен өмір» - шығарманың аты көрсетіп тұрғандай Шығыс Түркістан қазақтарының, оның ішінде коммунистік режиммен күресіп, Еуропа асқан қазақтың жарты ғасырдан артық ғұмыр жолының тарихи-деректі шежіресі. Оның айқындылығы мен дәлдігі, тарихи сипатының құндылылығы да сонда, оны шетелдегі эмиграциядағы қаламгердің көзімен баяндалғанында. Кітапта Қалибек хакім, Оспан батыр, Елісхан, Бөке батыр, Зуха батыр, Халифа Алтай сынды толып жатқан тарихи тұлғалардың күрескерлік өмірінен мол ғылыми деректер табуға болады. Бұл Шығыс Түркістан тарихын, әдебиетін зерттеуші мамандар үшін таптырмайтын еңбек. Шығармада кезігетін жер-су аттарына, орын алған тарихи уақиғаларға, тарихи тұлғаларға деректер беріп нақтылай түсуі аталмыш кітаптың ғылыми сипатын арттыра түседі. Мәселен, «Қызыл өзеннің шығысы қытайша Датаң деп аталады. Жергілікті халық оны Жүніс қажының Сары шоқысы немесе Жантас-Барқылардың жайлауы деп атайды». Осы шағын деректің өзінен Шығыс Түркістан жерінің бір бөлігінің топономикалық атауынан хабар алуға болады. Сонымен қатар, кітапта «аттың жалы, түйенің қомында» өскен көшпенді жұрттың тұрмыс-тіршілігі барынша айқын, шынайы суреттеледі. Шетте жүріп тағдыр тәлейіне жазылған қазақ жұртының аласапыранды кезеңін суреттейтін бұл кітап қазірге дейін оқырманның қолынан түспейтін құнды кітапқа айналып отыр. Бұл кітаптың басты ерекшелігі де сол аумалы-төкпелі заманның шынайы келбетін аша білген, сол шытырман дәуірдегі адамдар ара қарым-қатынастың сипатын баяндай білген. Қоғам мен адам, адам мен аш көз саясат арасындағы тартыс, кішкентай халықтың өз жері, өз діні, өз тілі үшін болған күресі кітаптың образдылығын арттыра түседі. Кітапта баяндалатын этнографиялық суреттеулер оқырман жанын жылылыққа бөлейді. Айталық көктеулікке, жайлауға, күзеулікке, қыстауға көшу барысы. Төрт түлік малдың күй-жайы. Намаз оқу, құрбандық шалу сынды діни рәсімдердің орындалуы. Тарихи тұлғалардың бір-бірімен қазақтың байырғы сөз саптасымен сөйлесуі, болып жатқан ірілі-ұсақты уақиғаларға көзқарасы, дала ұлдарының ат үстіндегі өнері, шеберлігі кітаптың адамды баурау қуатын арттыра түседі.

Автор роман-естелігінде өмірінің алыс-жақын жылдары мен бастан кешкендерін саралап, безбендеп ой елегінен өткізіп отырады. Ғалым Қарлығаш Байтанасова «Елім-айлап өткен өмір» романындағы деректерді екі топқа бөліп сипаттайды. Біріншісі негізінен алыс өткен күн деректері, ел ішіндегі ауызша тарих, ескілікті әңгіме, шежірелерден құралса, ал екіншіге автордың өз басынан өткерген, көзімен көрген, құлағымен естіген, куә болған деректер жазушының пайымы мен көзқарасы негізінде баяндалады. Кейбір басынан өткен тарихи сәттерді баяндау барысында, автор ырғақты, лепті, көркем сөздерден молынан пайдаланады. «Қарашәрі аймағын басып, Гималай асып», «кек қайнап, намыс кернеп», «көкірегінде – иман, кеудесінде – жан барда» деген тіркестердің әуезділігі аталған уақиғалардың қаншалықты маңызға ие екенін түйсіндіреді.

«Елім-айлап өткен өмір» романында ел басына қатер төнген шақта, ел-жұртын еркіндік жолына бастаған ел ағалары мен ел зиялыларының әрекеттері, тосын шешімдері шығарманың өн бойына күш дарытады. Сюжетті шымырлатып, кітаптың құрлымын күрделендіре түседі. Оқиғалар шым-шытырық бола тұра, рет тәртібімен жүйелі баяндалады. Оқырманға азат елдің нарқын білу, тәуелсіз өмірдің қасиеті туралы терең ойға шомдырады. Тарихи уақиғаларды баяндау барысында әлсіз ғана жағылатын көркемдік бояулар шығарманың әсерлілігін арттыра түседі. Ұлтшыл болудың да, ұлтты сүюдің де ара-жігі ажырай бермейтін тұтас құбылыс екенін аңдатады. Халқына қалтқысыз қызымет еткен Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір" романы - ұрпаққа азаматтық пен қайсарлықты, адалдық пен әділдікті ту етіп, ұлт болашағы жолында қалай қызмет етудің үлгісін көрсетеді. Біз сөз басында баян еткен эмиграциядағы қазақ әдебиетінің басты сипаты мен өзектілігі де осында болатын. Эмиграциядағы қазақ әдебиеті туралы айтылатын әңгіменің бас-аяғы осы емес. Біз алдағы уақытта әлі де көптеген авторларға арнайы тоқталып, аталмыш тақырыпты барынша ашып баяндауға тырысамыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар