Тәржіма тарланы Ғалымжан Мұқанов

Бөлісу:

14.03.2022 3566

15 наурыз – аудармашы, ақын, әдебиет сыншысы, көсемсөзші, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері Ғалымжан Мұқановтың (1953-2007) туған күні. Еңбектерін қазақ, орыс, француз тілдерінде жазған, Абай, Мұхтар Әуезов, Махамбет Өтемісұлы туындыларын француз тілінде аударған талантты тәржімашының ұлы, әдебиеттанушы ғалым Дәурен Мұқановпен сұхбатты ұсынып отырмыз.

- Ең әуелі сан қырлы талантты, шығармашыл тұлға Ғалымжан Мұқановтың туған елі, өскен ортасы, ата-анасы турасындағы мәліметтерді қысқаша берсеңіз?

- Әкем Ғалымжан Сламжанұлы 1953 жылы 15 наурызда Алматы облысының Райымбек ауданында өмірге келген. Қазақ жөнімен таныстыра айтқанда, біз Ұлы жүз албаннан тараймыз. Албанның қожбанбет тармағынан, оның ішінде Әлмерек бабаның ұрпағымыз. Кезінде бесінші атамыз Жалбы Меккеге жаяулатып қажылыққа барған кісі екен. Қайтар жолда Жерорта теңізінде өмірден өтіпті. Жалпы арғы бабаларымыз жайында айтқанда осындай.

Әкеміз педагогтар отбасында өмірге келіпті. Атамыз Сламжан – «Көмірші» ауылында мектеп директоры, ауыл әкімі болған кісі. Әжем Әпен – мұғалім. Мектепте балаларға сабақ берді. Әкемнің інісі Әділжан – заңгер. Қарындасы Света – педагог. Мектепте ұстаздық етіп, зейнетке шықты. Ата-әжеміз ел-жұртына абыройлы, үлгі-өнегелі, жан-жақты білімді, ғажайып адамдар болды. Бала кезімнен есімде, үйден қонақ үзілмейтін. Әкемнің әдебиетті таңдауына біріншіден – ата-анасы, екіншіден – туған топырағы, үшіншіден – тағдыр, жазмыш әсер етті деп ойлаймын.

- Ғалымжан ағаның өмір жолына көз салсақ, ең әуелі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған соң, Алматы шет тілдері педагогикалық институтына түсіп бітіріп шыққан екен. Екі жоғары оқу орнын да француз тілі мамандығы бойынша оқыған ба?

- Әкей ең алдымен 1970-1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы АлМПҰУ) филология факультетін қызыл дипломға бітірген соң, тіл-әдебиет пәндерінен бірнеше жыл бойы мектепте сабақ береді. Кейінірек 1978-1982 жылдар аралығында Шет тілдері институтында (қазіргі Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ) француз тілін меңгереді. Екі институтта да француз тілін оқыған. Екі жоғары оқу орнында да шет тілінен сабақ берген ұстаздары әкемді ерекше бағалап, болашағынан үлкен үміт күтіпті. Мынадай қызықты жайтты баяндамасқа болмас: қазақ аулында, қазақы ортада туып-өскен әкей алғаш оқуға Алматыға келгенде, орыс тілін мүлде білмей келген екен. Алғашқыда орыс және шет тілін оқу қиынға соғыпты. Бірақ өзін темірдей тәртіпке бағындырып, ұстаздардың дәрістерін қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударып тілдік білігін шыңдайды. Осындай күш-жігерінің арқасында ауыл баласы азғана уақыт өткенде білім жағынан өзге қатарластарын басып озып, студенттер мен ұстаздарын таңғалдырған екен.

- Аударма – күрделі шығармашылық саласы. Әсіресе, қазақ тіліндегі туындыны шет тіліне тікелей тәржімалау – екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық қой. Оған үлкен қабілет-қарым, жылдар бойы жинақталған білім қоры, табиғи талант қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Аудармашы Ғалымжан Мұқановтың 1988 жылы Клэр Клермонттың «Владимир мен Зара" немесе қазақтар туралы» дастанын француз тілінен тікелей тәржімалауы өз тұсында үлкен сансация ретінде қабылданған екен. Осы туралы айтып берсеңіз.

- Әкем әдебиетті, оның ішінде әлем әдебиетін ерекше зор ықыласпен күндіз-түні оқыды. Осы арқылы өзінің білімін, қалам қарымын үнемі жетілдіріп отырды. Оның интеллектуалды деңгейі өте жоғары екендігі аңғарылып тұратын. Әңгімеласу барысында әлемдік классиктердің туындыларынан ретіне қарай цитаталар, үзінділер келтіретін. Оқығанынан тоқығаны көп болды.

Әкем көркем аудармаға келерден бұрын өзін ұзақ дайындады. Көркем аударма әлеміне келместен бұрын аударма теориясын парақтап шығып, әлемнің үздік аударма үлгілерімен танысты. Институт қабырғасында жүргенде сонау 1836 жылы жазылған, Францияда өмір сүрген ақын Клер Клермонттың қазақ халқының өмірін сипаттайтын «Владимир мен Зара» поэмасын оқиды. Осы кезде оның көкейіне: «Бұл поэманы қазақ тіліне қайтсем де аударуға тиіспін», - деген ой ұялайды. Ақыры ақындығы тасыған, жазушылығы Хан Тәңіріне бет алған тау баласы 1988 жылы аталмыш поэманы француз тілінен қазақ тіліне тікелей аударады. Бұл аударма кітап болып «Жазушы» баспасында жарық көрді. Әкемнің бұл еңбегіне атақты ғалымдар, әдебиеттанушылар үлкен баға берді. Кітаптың алғысөзін филология ғылымдарының докторы Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева жазған болатын. Көркем шығарманы түпнұсқадан тікелей, поэзия тілімен аудару – тек ерекше талантты адамның қолынан келеді ғой. Аталған туындыны қалың оқырман жылы қабылдағанына қарағанда, еңбегінің далаға кетпегені айқын.

- Ғалымжан Мұқанов шығармашылығының бір қыры – ақындық қой. «Тоғыз перне» атты ұжымдық жинақта, республикалық түрлі басылымдарда өлеңдері жарық көргенін білеміз. Өлеңді үш тілде жазған деп естиміз. Ақынның баспа бетін көрмеген өлеңдері, көлемді туындылары бар ма?

- Жалпы ол заманда да тіршілік ету оңай болған жоқ қой. КСРО кезеңі. Мен он алты жасқа толғанға дейін үйсіз-күйсіз жүрдік. Бұл – барша қазақтың басынан өткен жағдай. Бұл күйбелеңнен осы күнге дейін талай қазақ баласы зардап шегіп келеді. Ғалымжан Мұқанов бүкіл шығармаларын осындай заманад, үйсіз-күйсіз жүріп жазды, аударды, жасады. Шамасы, Алматыда біздің пәтер іздеп жүрмеген, тұрмаған жеріміз жоқ шығар. Ойын да, қырын да әбден кездік. Бірақ әкем бұған мойған адам емес. Әкемнің ақындығы ғажап еді. Оның «Тоғыз перне» жинағына енген өлеңдері керемет еді, шіркін. Содан бір шумақ есімде қалыпты: «Бұл дүние шіркін ескі өлең, ұйықтап жатқан ұлдарыма үңілем...». Осы шумақтан-ақ ақынның жан дүниесі қандай қасіреттерді, қиындақтарды бастан өткізгенін бірден байқауға болады. Негізі, жерлес ағасы Мұқағали мен Ғалымжан Мұқановтың тағдырында біршама трагедиялық ұқсастықтар бар десем, ақиқат аулынан алыстамаған болар едім.

- Тағы да аударма мәселесіне оралсақ. Кеңестік дәуірде де, қазір де қазақ әдебиетін әлемге, әлем әдебиетін қазақ халқына таныту тұрғысында жасалған, жасалып жатқан қадамдар аз емес қой. Бұл – құптарлық лепе, әрине. Бірақ сапа мәселесіне келгенде, көптеген жайттардың басы қылтиятынын оқып та көріп те жүрміз. Аудармашының жеке шеберлігі, жауапкершілігі басты орында болуы тиіс қой. Біз Ғалымжан Мұқанов аудармалары түпнұқсадағы ойды жеткізуде барынша шынайы, сәтті шығатын еді деген пікірлерді жиі кезіктіреміз. Аудармашы Ғалымжан Мұқановтың абайтануға қосқан үлесі туралы өрбітсек.

- Абайдың: «Шығысым Батыс болып кетті, ал Батысым Шығыс болып кетті», --деген керемет сөздері бар. Әрине, Абай бұл жерде өркениеттердің араласқаны туралы айтып отыр. Бұл дүние – заңдылық. Өмір – дөңгелек, бәрі бір-бірімен араласуы керек. Менің әкем күллі әлем, оның ішінде Еуропа, Америка, Азия, Африка, алты құрлықтың әдебиетін жалықпай оқып, олардың өздеріне тән өркениетін зерттеді. Олардың озық мәдениеттерімен танысқан соң, шетелдіктерге қазақ халқы туралы, ұлтымыздың әдеби әлемінің биіктері Абай, Мұхтар, Махамбеттің жан дүниесін, яғни шығармашылығын жеткізгісі келді.

Пәтерден пәтерге көшіп жүріп, Жаратушы жаратқан көкке қарап қиял әлеміне шома отырып, шабыт шақырарда темекі құрғырды үздіксіз будақтатып, одан кілкіген қалаң тұман жасап, сол сағаттарда өлмес ғажайып туындыны дүниеге әкелу – оңай емес. Сірә, жағдайың керемет болса, онда жаза алмай қаласың, ал Прометей сынды темір мен тасты сындырып, әлемге шапағатыңды сыйласаң, онда өміріңнің текке өтпегені болар деймін. Олимп – оның ішінде – Парнас, айта берсең – Пегас – ақын-жазушылар әлемі – ғажайып әлем ғой. Міне, осы әлемде, 77 мың ғаламатта өмір сүрген менің әкем – ғажап Адам! Ол ең алдымен осы өркениеттерге қазақты, көшпенділер мәдениетін танытуды ойлады.

Әкем бұрышта өзінің шығармашылық әлемінде отырғанда, темекі түтінінен қалыптасқан тұманнан оны табу мүмкін емес сияқты көрінетін. Жұмысына бөгет жасамау үшін, жақсылап күтесің. Бір кезде: «Әй Дәурен қайдасың?» - дегенде жүгіріп барасың.

Әкемнің шығармалары көбіне пәтерден пәтерге көшіп жүргенде дүниеге келді. Абай – ол ғаламат тұңғиық та шалқар әлем. Ол ғаламат әлемге бәрі де бойлап барғысы келеді. Абай – мұхит іспеттес. Толқыны шулайды, ол жартас сынды қатып қалады. Адамзатқа биіктен қарайды. Абайды, оның қалыптасқан әлемін аудару - оңай дүние емес. Ол кеше де солай болған. Қазіргі күннің өзінде Абайдың әлемін түсіну, Адамзатқа Абай мұраларын жеткізу – күрделі, әрі ауыр дүние. Абайды ғаламға жеткізу үшін Адамзат әлемінің талап, талғамдарымен санасуға тура келеді. Айтып айтпай не керек, әкем Абай әлемінде жастайынан қалықтап ұшып, осы ғаламатты жұмыр дүниеге жеткізгісі келді. Талабы да керемет! Абайдың қырық бес қара сөзін, «Ескендір», «Масғұт» дастандарын, жетпіске жуық өлеңін галлдар тіліне аударды.

Аудармашының бұл еңбегіне Қазақстандағы Франция елшілігі, оның ішінде Альбер Фишлер бастаған француз мәдениеттанушылары зор ықылас білдірді. Қызығушылық танытты. Осының нәтижесінде Абай шығармалары Еуропа елдерінде тұратын азаматтардың қолына тиді. Мұндай жетістікке жету үшін, Адам баласы Сизиф сынды бейнеттеніп, Прометей іспетті қайсар болуы тиіс.

«Бойым жетпес биікпін, бұлтқа жетпей шарт сынбан» деп өзі жырлағанындай, қазақтың қайсар ақыны Махамбеттің жырларының поэтикасы да ерекше күрделі, кез келген тілген аудармашы күдірлі ғой. Ал осы Махамбет өлеңдерін француз жұрты жылы қабылдаған екен. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманын» да аталған елдің оқырмандары сәтті туынды деп бағалапты. Бұл дегеніңіз – француздардың ойлау жүйесін, олардың поэтикалық әлемін тап басып түйсіну деген сөз ғой. Қазіргі қайсыбір қаламгерлеріміз сияқты Еуропа төрінде тұрақты өмір сүріп, ондағы халықпен тікелей тілдесіп, араласып жүру мүмкіндігі болмаған кезеңде аудармашы Ғалымжан Мұқановтың француз жұртын талантымен тамсандыруы – шынымен мақтаныш емес пе!

Әрине, шынымен де солай. Әкеміздің аудармашылық қарым-қабілетін таныған француздың әдеби-мәдени қауымы арнайы шақырту жіберген болатын. Әкеміз Францияға шақыртумен үш рет барып Париж, Дижон, Тулуза қалаларында оқырмандармен жүздесіп, талғампаз француз оқырмандары алдында көшпенділердің өркениеті және мәдениеті туралы олардың ана тілдерінде дәріс оқыған. Әңгімеге оралайық. Классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романын және Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін француз тіліне аударған ғаламат шығармашылықты өркениетті Еуропа, әсіресе Әлем астанасы Париж жұрты ду қол шапалақтап, жылы қабылдағаны туралы сол кезеңдегі басылым беттерінде табуға болады. Бұл – әкем өмірінің жұлдызды шағы болса керек. Жасаған еңбегіңнің лайықты бағаланып жатуын көру – шығармашылық адамы үшін бақыт қой.

- Әрине, шығармашылық адамы үшін бұл – өлшеусіз бақыт, әрі көңілге қанат сыйлайтын сәт қой. ХХ ғасырдың екінші жартысы – қазақ әдебиетінің алтын дәуірі. Бұл дәуірде әдебиеттің әр саласын ілгері дамытқан небір талантты тұлғалар өмір сүрді. Солардың бірі – аударма саласының ақтангері Ғалымжан Мұқанов екені сөзсіз. Таланттарды дер шағында демеп, шығармашылығына алаңсыз жағдай тудыру – көргенді елдің салты. Осы тұрғыда Ғалымжан ағаға дем беріп, қамқорлық жасаған ағалар көп болды ма?

- Негізі Ғалымжан Мұқановтың әлемі – мұхит сынды үлкен әлем. Әкемнің публицистика, жазушылық, ақындық, аудармашылық әлеміндегі өмірін толық жеткізіп айта алмаймын. Негізінде оның өмірін Ақан серінің тағдырына ұқсатуға болады. Ғаламат бәйгеде жеңіп тұрып, билік пен шегірткедей қаптаған «батыраштардың» пендешіліктерінен өмірден жақсылық көрмей өтті. Сол «батыраштар» әлі жүр арамызда. Алатын марапат-сыйды солар алып жүр. Сыбағалары әлі алда.

Әр адамның тағдырында оған көмектесетін достары, кедергі жасайтын дұшпандары болатыны сөзсіз ғой. Әрине өмір болған соң, тағдырдың бұйрығымен сәт сайын, сағат сайын, күн сайын күресуге тиіссің. Әкемнің негізгі досы – оның өзі болды деген болар едім. Әлем әдебиеті, көркем аудармаға бет бұрғанда, ол жалғыздықты ұнататын. Негізінде әр Адам – бұл дүниеде жалғыз. Тек Жаратушымен бірге болғанда, Жалғыз Адам көпшіліктен басым түседі. Философтардың ғажайып ойы ғой. Қазақтың әр ақыны Джомолунгма, Хан Тәңірі сынды биік-биік дүниелер. Ол әлемді зерделеп, түсіну үшін кәдімгідей Толағай болу керек.

- Келесі, 2023 жылы Ғалымжан ағаның туғанына 70 жыл толады екен. Осыған орай жоспарларларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

- Әкемнің 70 жылдығы! Үш рет әкемнің рухына, мың адамға арнап, Райымбек баба басында ас бердім. Әкем өзінің ғажайып армандары мен ұлы дүниелерін о дүниеге ала кетті. Әкемнің өзі де, оның ойлары да, алға қойған идеялары да Темірқазықтай биік те жарқын болатын. Негізінде әкемнің болмысын түсіне бермейтінмін. Достары да көп болды, ал жаулары одан да көп болды. Қазіргі күнде де жетіп артылады. Алла бұйырса, әкемнің естеліктерін шығарып, аударма еңбектерін қайта бастырсам деген ойда жүрмін. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «әне шығарам», Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «міне шығарам» деген өтіріктері ауаға сіңіп, жоқ болды. Сондықтан, қайтсем де қаражат тауып, әкемнің кітаптарын, қолжазбаларын қайта шығаруға тиіспін. Әкемнің жетпіс жылдығына орай айтқанда осылай.

- Иә, «Өз елі өр ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді», - деп Ілияс Жансүгіров жырлағанындай, туған елі, тәуелсіз мемлекеті саналы ғұмырында өзіне қалтқысыз қызмет еткен, рухани байлығын еселеуге үлес қосқан азаматтарын ескерер деп үміттенеміз. «Ат тұяғын тай басар», - дейді, қазақ. Ғалымжан ағаның шығармашылық жолын лайықты жалғастырып келе жатқан тұяғысыз. Ғалымжан ағаның жолын жалғастырып жүрген ұрпақтары және өз шығармашылық жолыңыз турасында айтып өтсеңіз.

- Ғалекеңнің бес немересі өсіп жатыр. Біздің әулеттен аталарының шығармашылық жолын жалғастыратын ұлдар алдағы күндерде қолына қалам алып, әлі де дүниені таңқалдырады деген сенімдемін. Өзім келсем, он беске жуық аударма еңбектердің авторымын. Жүзге тарта көркем публицистикалық мақаланың авторымын. ҚР Журналистер одағының, Халықаралық Әлем жазушылары одағының мүшесімін. Республикалық «Қазанат» журналының шеф-редакторы, республикалық «Бәйдібек баба» қорының вице-президенті ретінде тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп жақтан жайым бар. Қысқа да, қорытынды жауап осы. Әкемді, ол кісінің шығармашылық жолын еске алып жатқандарыңызға мың да бір алғыс айтамын!

- Аман-сау болыңыз. Қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңітетін, Ғалымжан Мұқановтай талантты тәржіма тарландары көп болғай!

Бөлісу:

Көп оқылғандар