Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл

Бөлісу:

30.03.2022 9181

2022 жылы 22 наурызда қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толды. Ғабит Мүсірепов есімі екі дәуір жүзінде елінің есінде жаңғырып келеді.

2002 жылы ЮНЕСКО бойынша атап өтіліп, сол жыл «Ғабит жылы» аталған болатын. Академик Зейнолла Қабдолов Ғабит Мүсіреповтің көзі тірісінде-ақ айтқан: «...Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек», - деген сөзі жайдан-жай айтыла салған жоқ. Көрнекті жазушы, драматург, әдебиет сыншысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов туындыларын оқыған адам бұл айтылымның шынайылығына көз жеткізері анық.

Ғабит Мүсірепов ұзақ өмір сүрген, шығармашылық ғұмыры да жарты ғасырдан астам мерзімді қамтитын қаламгер болғанымен, қайсыбір ақындар мен жазушыларға қарағанда әдеби мұралары тым қомақты емес. Мұны жазушының «аз жазсаң да саз жаз» деген ұстанымға бекіген, саннан сапаға көңіл бөлушілігі деп түсінгеніміз дұрыс болады. Академик Рымғали Нұрғалидың Ғабит Мүсірепов шығармашылығы жөнінде айтылған мына пікірін келтіре кету артық болмас: «Ғабит тіліне шешендік, мақал-мәтелдердегідей ықшамдылық тән. Ол – аткөпір етіп көп жазудан қашқан қаламгер. Бұл авторды «жалқау» деген сөз емес, Классикалық шығармаларды нысана етіп ұстау алғашқы кезден бастап-ақ тізгін тартып отыруға үйреткен». Иә, мәселе – көпте емес, епте. Аз дүние жазып та, көпке татитындай еңбек қалдыруға болатындығының мысалы – Ғабит Мүсірепов шығармашылығы.

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығына қысқаша түрде тоқталу барысында, жазушы туындылары туралы ғалым зерттеушілердің пікірлерімен тиянақтай отыратын боламыз.

Қазақтың кең даласының ең солтүстігінде жатқан ойдым-ойдым орманы мен тостағандай толып жатқан көлдері бар көркем өлке Есілдің арғы бетінде, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол аулында дүниеге келген болашақ жазушы Ғабит Мүсіреповтің азан шақырып қойған мұсылманша есімі Ғабд әл-Ғабид («Құдайдың құлы» деген мағынадағы сөз) екен. Отбасы, айналасындағы адамдардың атаған «Ғабит» аталған есімімен танылды.

Әкесі Махмұт – дөңгелек шаруалы, ел ісіне араласқан пысық адам болыпты. Балалары Хамит, Сәбит, Ғабит, Баязит, Гүлсім, Әшім болса, солардың ішінде үлкені Хамитті жастайынан ауылда оқытып, мұғалім болдырып шығарады. Өзге балалары да ағасына ілесіп, сауат ашады. Бұл турасында Ғабеңнің жерлесі әрі өмірдегі құдасы, классик жазушы Сәбит Мұқановтың «Әдеби портреттер» атты еңбегінде мынадай деректі кездестіреміз: «Мақметтен: Хамит, Сәбит, Ғабит, Баязит, Гүлсім, Әшім туады. Хамит оқу жасына жараған шақта, сол елге («Сағындық ауылы» дегенге) Уфа қаласындағы медіресе Ғалияда оқып жүрген Қамал Жайсақов (Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы) келеді де, жаз айларында мұғалімдік құрады. Бұрын қадымша аздап оқыған Хамит, «тете оқу» аталған жәдиттен тез сауаттанып, шәкірттердің алдыңғы қатарында болады.» Хамиттің тапқан табысы отбасын асырауға жетпегендіктен, Ғабит пен Сәбиттің жергілікті байларға жалданған кезі де болыпты. 1916 жылы ақ патшаның маусым жарлығы бойынша елден қара жұмысқа азаматтар алғанда, Ғабитті Обаған бойында тұратын нағашысы Оңғарбайдың қолындағы екі ұлы майданға аттанады. Қолы қысқарған Оңғарбай жиені Ғабитті өзіне қолғанат қылу үшін алып кетеді. Осы ауылда Ыбырай Алтынсарин үлгісіндегі орысша-қазақша бастауыш мектепте болашақ белгілі балалар жазушысы, педагог ұстаз Бекет Өтетілеуов қызмет ететін. Ғабит Мүсірепов осы мектепте жеті ай бойы білім алады. Орысша тіл сындырып, бастауыш деңгейдегі білім игереді. «Автобиографиялық әңгіме» атты туындысында осы кезеңнің оқиғалары суреттеледі. Осы жылы күзде үйіне оралған соң әкесі Ғабитті Пресногорьковкадағы жеті жылдық орыс мектебіне сабаққа береді. Аталған білім ошағында оқып жүргенде елде азаматтық соғыс басталып, ақтар мен қызылдардың шайқасы жүріліп, Ғабит Мүсірепов те осы оқиғалардың бел ортасында болады. Таузар болысының соғыс бөлімін басқарады. Бұдан соң Благовещенкада құрылған аудандық милиция штабының бастығына тағайындалады. Мұнда 1923 жылға дейін қызмет атқарады.

Ел басқару, төңкеріс ісін жалғастырудан гөрі білім алуды жөн көрген ол Орынборға аттанып, сондағы жұмысшылар факультетіне (рабфак) түседі. Қазақстанның сол тұстағы астанасы Орынбор қаласында, Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллиннің үйінде тұрып оқуын жалғастырады. Осы кезден бастап ол шығармашылық жұмысқа біржола ден қояды. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында қызмет атқарады.

1924 жылы жазда Орынбордағы қазақ педагогика институтының оқытушысы Хұсни Яғфаровмен отбасын құрады. 1926 жылы Орынбор рабфагін бітірген соң Омбыдағы ауылшаруашылық академиясына оқуға түседі. Осы жылы ол «Әмірқан бидайығы» атты кітапша жазады. Аталған академияның бірінші курсын бітірген студент Ғабитті Бурабайдағы ауылшаруашылық техникумына оқытушы ретінде жолдайды.

Академияның бірінші курсын бітірген соң Ақмола губерниялық партия комитетінің жолдамасымен 1927 жылдың күзінде Бурабай ауылшаруашылық техникумына оқытушылыққа жіберді. Бурабайда қызмет етіп жүргенде «Теңіз тепкісінде» атты ұзақ әңгімесін жазады. Бұл туындысы 1928 жылы Қызылордада «Тулаған толқында» деген атпен жарық көреді. 1928 жылы сол кездегі республика астанасы Қызылордаға келіп, Қазақстан Өлкелік Партия Комитетінің ұйғаруы бойынша Қазақстан Мемлекеттік баспасына бас редактор болып орналасады. 1928-1931 жылы көркем әдеби «Жаңа әдебиет» журналын шығаруға атсалысады.

«Этнографиялық әңгіме» туындысында осы күндердің суреті бар. «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен «Бір адым кейін, екі адым ілгері» хикаяты жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көріп, жазушылық қолтаңбасы қалыптасып, таныла бастайды.

Республика астанасы Алматыға көшірілгеннен бастап Қазақстан Мемлекеттік баспасының директоры қызметін атқарады. Осы кезеңде 1930 жылы «Қызылармияшы әліппесі», «Шала сауаттыларға арналған әліппе» атты арнайы әдістемелік оқулықтар дайындап бастырады. Социалистік «Қазақстан» газетінің редакторы, 1936 жылдан Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.

Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық, қоғамдық қызметінің алғашқы кезеңі сансыз қуғын-сүргіндер мен жазықсыз жазалаулар, зұлматтарға тап келген, өмір мен өлім арпалысқан заман болды. Әдебиет майданында бірге қызмет атқарған қазақ ақындары мен жазушылары: «Алаш» қайраткерлері мен коммунист қаламгерлер де сталиндік жазалау машинасының құрбаны болып жатты. Ғабит Мүсірепов осы кезеңде әйгілі «Бесеудің хатын» жазысты. «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген айтылымның иесі де Ғабең еді. Тағдыр Ғабеңе отызыншы жылдардың оққа байлаған сүргінді, сүресіз жылдарынан, қырқыншы жылдардың ондаған жылдар арқалатып тұтқындар лагеріне жөнелтетін жазалаулардан аман-есен өтуді жазған екен.

1938-1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысумен қатар, 1956-1957 жылдары республикалық «Ара»-«Шмель» журналының бас редакторы, 1957-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болып сайланған. 1956-62 және 1964-1966 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы лауазымында қызмет істеді. 1958 жылдан Қазақстан Ғылым академиясының академигі болып сайланды. Халық қалаулысы ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Отандық, шетелдік көптеген орденьдер мен медальдердің ішінде үш мәрте «Ленин» орденімен және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Октябрь Революциясы» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. 1974 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Қоғамдық ғылымдардағы үздік еңбегі үшін берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. 1984 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағына ие болды.

Ғабит Мүсірепов шығармашылығында басты орында проза жанры тұрады. Жазушы қаламынан әр жылдары көптеген әңгімелер мен хикаяттар туды. 1949 жылы «Қазақ солдаты», 1953 жылы «Оянған өлке», 1974 жылы «Ұлпан», 1984 жылы «Жат қолында» туындыларын жазды.

1936 жылдан драматургия жанрымен шұғылданған Ғабит Мүсірепов «Қыз Жібек», «Амангелді», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты», «Болашаққа аманат», «Қыпшақ қыз Аппақ», «Қайран Майра» пьесаларын жазды. Белгілі әдебиет сыншысы, жазушы Мұхаметжан Қаратаев Ғабит Мүсіреповтің драматургтік қыры туралы айта келе, жазушы драмаларын ақындық таланттың бір қыры ретінде қарастырады: «Алдыңғы аға жазушылар сияқты, Ғабит те қазақ әдебиетінің көп жанрлы профессионал әдебиетке айналуына белсене ат салысты. Ол бастапқы он жылының өзінде прозамен, публицистикамен қатар, салалы драматургияға бой ұрды. Драматургияда тырнақ алдысы болған «Қыз Жібек» секілді музыкалық драмасы автордың драматургтік мүмкіншілігімен қатар, кең мағынасында ақындық қабілетін дәлелдеді. Бұлай дейтінім – драманың сюжеті мен материалын «Қыз Жібек» поэмасынан алғандығынан ғана емес, алғанын ақынша қорытып, ақынша топшылауынан. Мұның ізінше жазылған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» да соның айғағы. Сөйтіп, Ғ.Мүсірепов аз уақытта-ақ суреткерлік талантының үш түрлі қырын ашып үлгерді: әңгімешілдік, драматургтік, ақындық.

Ғабит Мүсірепов қаламынан көптеген көркем әдеби очерктер мен эсселер, көркем сыни мақалалар туды. «Бошайдың үш қарасы», «Авгейдің ат қорасынан бастайық» т.б. туындылары мен өзге де жазбалары кезінде оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Жазушының қоғамдық, публицистік, сыншылық еңбектері «Суреткер парызы» (1970), «Заман және әдебиет» (1972), «Уақыт іздері» (1988) атты кітаптарына топтастырылған.

Ғабит Мүсірепов шығармашылығының бір саласы – киносценарий. 1938 жылы Бейімбет Майлин және Всеволод Ивановпен бірігіп тұңғыш қазақ фильмі «Амангелдінің» сценарийін жазып шығады. Бұдан соң «Махаббат туралы дастан», «Қыз Жібек» фильмдерінің сценарийлерін жазды. 1970 жылы түсірілген «Қыз Жібек» фильмінің эпизодтарындағы: «Сыймай жүрген жоқпыз, сыйыспай жүрген жоқпыз ба?» қатарлы көптеген ұтымды фразалық айтылымдар күні бүгінге дейін қазақ көрермендері жатқа біледі деуге болады.

Ғабит Мүсірепов орыс және Еуропа классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. О.Генри, С.Тагарао, М.Горький, М.Шолохов, У.Шекспир, К.Симонов, А.Штейн, Ж.Мольер, тағы басқа қаламгерлердің әңгімелері мен пьесаларын қазақ тіліне аударған.

«Сөз зергері» атанған Ғабит Мүсірепов өз туындылары арқылы кейінгі толқын қаламгерлерге көркем туындының мазмұны мен пішіні қалай үйлесім табуы керектігін ұғындырғандай еді. Ол әрбір сөздің, сөйлемнің өз орнында, бар болмыс-бояуымен шынайы қолданылуын, Абайша айтқанда «айналасы теп-тегіс жұмыр» болуына мән берген жазушы. Өзгелерден де осыны талап етті. Мұны жазушының жылдың әдеби қорытындысындағы пікірлерінен, сыни, әдеби мақалаларынан аңаруға болады. «Сөйлем сөзден құралады: Сөйлемнің құрамына кіретін әрбір сөздін өзі тұлғалы болуы керек. Сонда сөйлем тұлғалы болып шығады. Көркем әдебиетте сөз тұлғалы болумен бірге теңемелі, бейнелеулі болсын. Әр сөз әрі тұлғалы, әрі бейнелі болса көркемдік содан туады», - дейді жазушы. Сонымен бірге тіл тазалығына да мән берді. «Сөз зергері» деген айтылымның өзі осы атты мақала жазған әдебиет сыншысы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сейітовке тиесілі. Ғалым былай деп атап көрсетеді: «Біз Ғабитті қазақ жазушысы ғана деп санамай, көрнекті совет жазушыларының, көркемсөз зергерлерінің бірі деп санаймыз».

Суреткер жазушы Ғабит Мүсірепов қаламгерлік шеберлігі толысқан шағында, 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қазақ әдебиетін жанрлық тұрғыда байытып, жаңа белеске көтеруде зор еңбек еткен жазушының осы туындысы турасында белгілі әдебиет зерттеушісі, қазақ әдебиет сынының көрнекті өкілі, сәкентанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішұлы былай деп атап көресетеді: «...Кездеспей кеткең бір бейнені» әңгімелегенде, оның жанрына, творчестволық тәсіліне назар аудару айрықша қажет. Прозалық поэма – қазақ әдебиеті үшін соны жаңалық. Бізде қара сөзбен жазылған өлеңдер аз да болса кездескенімен, прозалық дастан осы уақытқа дейін туа қоймаған еді. Өзінің терең сырлы, шығармаларымен әдебиетімізге үлкен олжа салып келе жатқан Ғ.Мүсрепов жаңа жанрдың кіндігін кесіп, тың үлгі көрсетіп отыр».

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей Ғабит Мүсірепов қазақ поэзиясының шағын түрлерін: әңгімелер мен новеллалардың классикалық деңгейге жеткізуге, осы тұрғыда ана тіліміздің бар құнары мен құдіретін пайдалана отырып көркемдік шеберліктің биік шыңына шығаруға үлес қосты. «Кездеспей кеткен бір бейне» – осының нақты дәлелі болмақ. Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов мектебінің көрнекті өкілі Ғабит Мүсірепов өз туындысында қара сөзбен дастан жазудың, жазып қана қоймай ондағы сюжеттік желілердің үйлесіп-қиюласуын қапысыз таңдап, кейіпкерлерді шынайы түрде даралап, суреттеуді еркін атқарып, игеріп шыққандығын көруге болады. Мұның өзі де көп жылдық теориялық қаруланудың, практикалық тұрғыда жатылып, машықтанудың, тынымсыз ізденудің нәтижесі. Осы арқылы төл әдебиетіміздің қазынасына романтикалық пафоспен жазылған кесек дүние қосылды. «Кездеспей кеткен бір бейне» сонау идеологиялық құрсаулы кезеңде жазылса да, әр дәуір оқырмандарының талғамы таразысына әрқашанда лайықты болып қала бермек.

Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық лабораториясы ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап-ақ отандық әдебиет зерттеушілердің ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастырылып, молынан талданғанын көреміз. Қазіргі күні де қазақ прозасы, драматургиясы, сыны жайында жазылар болса, Ғабит Мүсіреповтің көркем туындыларына немесе сыни ойларына соқпай өту мүмкін емес. Ғабит Мүсірепов шығармашылығы жөнінде М.Қаратаев, Т.Нұртазин, М.Базарбаев, Р.Бердібай, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, М.Атымов, Б.Майтанов, Ж.Дәдебаев, Т.Кәкішев, Б.Шалабаев т.б. еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Аталған еңбектерде Ғабит Мүсірепов шығармашылығы тақырыптық, мазмұндық, идеялық, жанрлық, поэтикалық сипаттары мен еркшеліктері тұрғысында әр қырынан зерттелді. Жазушының суреткерлік шеберлігі, алып отырған туындысында өмір шындығын нанымды бере білетін ерекшелігі, оқиғаларды іріктеп ала білуі, тілдік қолданысы мен байлығы туралы қарастырылды.

Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев бастаған бір шоғыр қаламгерлер жаңа заман қазақ әдебиетінің көшбасшылары ретінде, пролетарлық совет әдебиеті ауқымында әдеби үдерісті алға жетеледі. Қоғам барда, сол қоғам өмір сүріп жатқан дәуірдің сұраныс-талабына сай әдебиет жасалады. Қалай айтсақ та, қазақ әдебиетінің ең қанат жайып дәуірлеген, жаңа толқын шығармашыл буындар бірінен кейін бірі келіп, жанрлық, көркемдік көкжиекті кеңейткен кезең – қазақ совет әдебиетінің тұсы болды. Бұл кезең – «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры». Академик Рымғали Нұрғали кеңес дәуіріндегі әдебиет алыптарының шығармашылық миссиясы туралы былай деп баға береді: «Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар – өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине үлкен жазушы, кемел суреткер болу – бақыт, ал көшбасылық одан да зор абырой. Қазақ жаңа әдебиетінің ірге тасын қалау миссиясы осы алыптарға бұйырды».

Ғ.Мүсірепов еңбектеріндегі көркемдік-эстетикалық ойлар – сыншылар мен қаламгерлер үшін әрдайым маңызды болғаны анық. Өз дәуіріндегі әдеби процесті көркемдік тұрғысында терең талдай білді. Көрнекті сыншы Сағат Әшімбаев Ғабит Мүсіреповтің жазушылық, әдебиетшілік қырлары туралы былай деп баға береді: «Көп жылдардағы сыни еңбектері мен әңгіме, очерк, новеллаларын айтпағанда тек «Оянған өлке», «Ұлпан», «Жат қолында», сынды көркем де мазмұнды еңбектерін талдай отырып даусыз тұжырымға келесің – Ғ.Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классигі».

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов қаламынан туған шығармалардағы кейіпкерлер әлемі – сан алуандығымен, ең бастысы, шынайылығымен ерекшеленді. Өз заманының ауанын нақты бағамдай білген, «заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей әрекет ететін еті тірілер мен, иегінің астынан алысты болжай алмайтын малдың құлы, саяздардың іс-әрекеті арқылы оқырманды ойландырады, сергек саналы болуға бағыттайды: «Маған енді жер керегі жоқ. Менің байлығым базарда. Осы араға көшіп келгенде осы бір алақандай бұлақтың басын иемдене қояйын деп келгенім жоқ. Одан үлкеніміз кетіп қалмасын деп келдім. Иесіз жер деп, өз еркімен ойып әкетпесін деп, иесімін деп, өз қолымнан бермекшімін. Ірге тебе алмастай етіп, шақтап берем. Мені жерге қызығады деген жұрт менің өз жерімді барып алсын, қыстауымды алып жатса да, неге алынды демеймін. Ол қыстау ендігі жылы сиыр қора болып қалады. Бірақ осы отырған жеріміз кетеді. Ендігі иесі келіп жатыр әне. Мұңы кимаған жұрт көбінен айырылады, үстеу қосып беретін болады», - дейді Игілік бай. Бұл – әлемдік ұлы дүбірдің әсерінен біртіндеп оянып келе жатқан қазыналы өлкенің ендігі жерде жат қолында кетіп қалуынан қауіптенген жаңа тұрпаттағы капитал иесінің сөзі. Игілік образы – қазақ буржуазиясының бейнесі. Қазақ буржуазиясы толықтай қалыптаспай қазақтың көші түзелмек емес. Бұл идеяны жазушы шығармаларынан аңдауға болады және қазіргі күні де күн тәртібіндегі мәселе.

Ғабит Мүсірепов туындыларындағы елдің, жердің қамырықты мұңы менмұндалап тұрады. Коммунистік қызылды-жасылды ұранына толы, пролетарлық әдебиеттің сұранысына сай шығарма жазу талабы қатаң орындалатын дәуірде өз ұлтыңның өзекті мәселелерін тікелей айту мүмкін емес еді. Кешегі қатар жүрген «Алаш» зиялылары мен Сәкен Сейфуллин қатарлы пролетариат әдебиеті өкілдері мезгілсіз келместің кемесіне мінген жылдар кеше ғана. Қылдан тайса қиып түсер қырағы цензураны ацналып өту де қиын. Ендігі әдіс-айла – кеңестік пролетариаттың қас жауы қанаушы буржуа капиталистер мен бай-құлақ кейіпкерлер арқылы «сөйлеп, сөйлетіп алу» болмақ. Заман ілгерілеген сайын жаттың қолында жатқа айналып, қойны-қоншы ақтарылып, бет-бедері жыртылып оңып бара жатқан қазақ даласының зар-мұңы «Жат қолында» романда кеңінен айтылады: «Қазақ жері қазынаныкі деген заң барын білетін. Ішке орнаған бір тас кірнесі осы болатын. Енді сол жер жат елге сатылатын болса, еліңді бірге сатқаның емес пе? Жерінен айрылған ел қандай ел болмақ? Әлде өз зығырданы аз болғандай, ақ патшамыз қазақ даласына қосалқы қожа қоймақ па? Мына кісі қазақ елінің осындай қайғы-зарына ортақтасып отырған жоқ, бос жатқан байлықтан айрылып қалғанына күйініп отыр. Жерің мен елің бірге сатылайын деп отырғанда біз қайтуымыз керек... «Біз қайтуымыз керек?» Ел мен жер мәселесі – қашанда өзекті. Жазушы туындыларының өміршеңдігі де осында.

Ғабит Мүсіреповтің шығармашылдық болмысы, дағдысы, суреткерлік шеберлігі, өзге де ерекшеліктері туралы балалық шағынан бергі, кемелденіп қалыптасқан дәуірге дейін бірге жасасып куә болған Сәбит Мұқановтан асырып айту мүмкін емес. Жазушы былай деп баға береді: «Ғабиттың жазушылығын тұтас алғанда өзіне тән бірнеше өзгешеліктер бар: бірінші, бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды, екінші, бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, үшінші, жазатын шығармасына күй таңдайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды, төртінші, шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-хадары жеткенше олпы-солпысыз шығарады, бесінші тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды, алтыншы, жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады, жетінші, адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі». Жазушының «Сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды», - деген сөзінің мәнін Ғабит Мүсіреповтің тілдік қолданыс, жазу шеберлігіндегі ескерер ждағдайлар туралы айтылған тұжырымы аша түскендей: «Сөз сөзге жарығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіреді. Біріне-бірі жарығын түсіріп тұратын сөздерден құралған сөйлем айтайын деген ойыңды оқушыға дәл жеткізеді... Біріне-бірі көлеңкесін түсіріп тұратын сөздер өз мағынасын дәл баспай, екі оқты болып ауытқып шығады». Бұл талаптың мүлтіксіз орындалуына мысал, үлгіні классиктің әрбір туындысынан табуға болады.

Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі атанған кемел жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов алпыс жылға жуық шығармашылық ғұмыр кешіп, 1985 жылдың 28 желтоқсанында сексен үш жасында дүниеден озды. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің есімі өз тұсында Қазақстан ауқымынан асып, одақтық, әлемдік деңгейде танымалдыққа ие болды. Шығармалары қырыққа жуық тілге аударылған жазушы. Жазушы шығармалары «Ана тілінен» Қазақ әдебиетіне» дейінгі мектеп оқулықтарына тұрақты орын алып келе жатыр. Жазушы есімімен аталатын мектеп, көшелер, республиканың әр түкпірінде кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында бір аудан Ғабит Мүсірепов атында. Мұның барлығы – жазушы шығармашылығына деген құрметтің белгісі.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:

Көп оқылғандар