Тәңірдің қазақ даласына қайта түсуі

Бөлісу:

03.04.2022 3602

Адам мен тағдырдың итжығыс күйкі тірлігіне түкірер едім. Өр Түрік пен Шыңғыстың аруағына тоқтадым.

Сөз иесі: Өрлік

Тәңір келетін күн

Қайдан шыққан жариялы жеңіс айғайы, ізгі ашық үн?! Естімегелі қашан. Қанша ғасыр, зар заман, шерлі шежіре қалды. Ұмыт болған үн. Егер ести қалса қорқар, күлер, қуанар. Еси ме екен көк түрік пен көкбөріден басқасы?!

Қаршыға жанарынан жай шашып, өзегінен өткі өкісік ой шашып еріндері жыбырлайды, күйбірлейді, сыбырлайды. Жо-жоқ, жүрегі, жүрегі сыйына ма? Аңсай ма? Толқыныстағы арылу, күту. Жұрт айтатын ұлы сезімдердің біріне бұйып, булығып тұр ма? Ақсары өңді жігіт болса да іштей ішін түстей алмайтын, аласапыран әрі алаңсыз күйде. Жүз арман тілек араласып құбылып тау басына арқарша секиіп тұрғаны болмаса жан-жағына қарауылдмайды. Желпіп басқан жүйрігінің жүрісінен жер аунап бара жатар, жауынгердің рухы мен қыран такаппарлығы жас денені «жау қайдалатып» ширатып, саспас сабыры толықтыра түсетін.

Батыр ма, жылқышы ма? Жо-жоқ, жүрісінде жау не мал көздеген қырағылық, аң баспалаған әккі қимылы да жоқ. Дем тартады, тыныс алады. Қуаныш, мұң-қайғысымен адам. Адам емес, қазақ екен.

Тау төсіндегі кеудесінен келетін қара тасқа қу жауырынына жабыса, түйе терісінен өрген қайыс арқан қанжығадан салақатап, орайы көп қос төсінен буын бұрқырата тасқа төндіріп, тізесін сіңірін сындыра бүгіп, айтағасы жарқыраған қара тұяғының ұшын тасқа батырмай, байлаусыз қара көк ат екі аяғын іле демеп солғын басқалы, тігінен шоқиып, тасқа асылып бойын суытып құлан айылын босатпаған, күміс оюлы қазақы ертоқым үстіне жаба салған қара құлынжарғағымен сауырын сипатып тұр.

Адам... Адам емес, қазақ екен. Алаңсыз дәметіп, елеуіреп, өрекпімей, не ойлап, не күтіп тұр? Ол қандай күту? Қазақтар кімді күтеді? Нені күтеді? Кенет, көгілдір көктің жүзі көлкілдеп, ашық аспанның іші бүлкілдеп кеткенін жігіт сезді жігіт.

– Келе жатыр, таяп қалды, – деді.

Кім келеді? Бурыл жалы желкілдеп бұлт көрінді. Бір қызық болар, жүр-жүрелеп. Іле-желе самал аңқытып барып, елпілдеп, жігітті сүйіп, сипай тоқтады. Сүйді дағы сөйледі. Бұнысы қалай?

– Сен Тәңірге сенесің. Қақ маңдайлап келгенде өзің біліп сезесің. Хабаршысы – мен едім. Көзіңді жұмсаң келеді, тілегіңді береді, – деп сыпсың етті. Сыпайы кетті.

Бұнысы да қалай? «Жанарын жасқап алармын» дегені шығар деп қабағының астына көтере түрген көз пердесі түсіріп көзін жұма берген жігіт Ұланбатырдан Оралға дейін созылып жатқан ұлан-қайыр дала көзін толтырып, толық, анық көрініп таңдантқанда «ұлысым», «ұраным» деп барып, оң қолын кеудесіне көтерді.

Өлі де тірі де емес, жан қымсынар жайлы тыныштық жайланды да жарқын жылы үн шықты. Жан шықты ма? Саз шықты ма?

– Армысың, тегі мен жерін кеудесіне сақтап көк тіреген оғланым, дәнекерсіз сенушім.

Жігіт үннің ырғағын ажырата алмаған қалпында серт еткені не тілек еткені айырғысыдау:

– Жанымның иесі, көкірегімнің киесі Тәңірім, Тәңірім, – деді де, – қасиеті мен тазалығын жатырдан сақтап, дарытып, азуы қатайып бөлтірік болғанша тістеп, сіңіріп рухын асқақтататын бөрінің тектілігін, қазақ қанында бқайта тулайтын сүйегіне сіңірейін, жанында тірілтейін, – деп тоқтады.

– Оғланым, ұлтта хан мен қара деген ұғым болмайды, тек жауынгер ғана болады. Жаунгер де тек пен намыс шежіре мен жеңіс болады, – деген Тәңір үніне бір шексіз ризашылықты дала да, жігіт те бар болмысымен түйсініп, көзі жұмулы күйде қос қолымен кеудесін сипап ізе етті.

– Тәңірім, ер жігіт екі тілек тілемейді. Көргім келді, келдіңіз. Жаны жайсаң, ары алшаң жанның еңсесі төмен, іші шемен тартпайды. Мен бір ат-атаусыз сезім күйніің аспанында, жан аялдатып жүргендеймін. Атауын қазақ ұмытты ма? Адасты ма? Қазақ нені ұмытты? Нені ұмыттырмады анталаған қалың жау. Өрлігің қазық, арың арқан болмаса жетпіс жеті әлемтапырықтан тұратын ой түйсігі мен жан түйсігі тоздырар. Ғашықтық, махаббат, жақсы көру бастаған әлуеттің жүрек сезімдерін қайтып қана ұстап тұрасың? Не күйдіріп, не өртеп, адастырып, жойып, өзін де өзгені де жұтатын, өз еліне шапқан талайды естідік, көрдік те. Ал, осы сезімнің бәріне сыймайтын, күйдірмейтін, сөнбейтін бұл қандай жүректегі отты алау? Ерке-текті сезім әлде сетер сұлулық па? Берекелі сезім сарқыты ма? Мен кешкен ғашықтық күйі басқаша еді. Армандап, аңсап, құмығып, сарылып, жанығып, зарығып, қиалдап, сандалып, албарынып, әбігерленіп, аһ ұрып, үмітпен күйетін, күтетін, кермектеу, құрғақтау, тұтқырлау адамзат өмір бойына ақтауға тырысп, жаттауға жаттыққан, ғашықтық күйі емес. Одан да ұлы күй ме екен. Домбыраның тағылмай қалған пернесі, сыбызғының тесілмеген көзі. Содан да атауын адамзат әзірге білмеген немесе адасып айырылған, болмаса іздеуге батпай, талпынбай жүрді ме? Жоқ әлде мен ойымнан шығардым ба? Осы бір күйдің атауын адамға қайтадан табыстап немесе алғашқы болып әкеліп сезімнің рахатын тамсанып татарға ғұмыр жетер ме?!

Қозғалақтап қайта тіктелгенде көзіне лықсып көңілін толтырған қазақ даласы шегініңкіреп барып, іркіліп, қалң жұрт ішінен бір қыздың аспанға қарап телмірген ойлы жүзі жақындай берді. Қандай телміріс? Ол да Тәңірмен сөйлесіп тұрды ма екен?

– Ақгүлім, – деді алғаш көргеннен де әрмен қуанып. Алтайдың биігінен тырмыса көтеріліп, мұнар мен шарпыса барып, жарық етіп қалықтай жөнелетін күнге ұқсап көрініп еді.

– Серім, ал енді сұрарыңды тоқсан тарам тағдырыңнан сұра, қателік пен ұлылықты сапырылыструды соған тапсырдым, – деді де Тәңір кетуге ыңғай білдірді.

Осы бір жолыққысы, жолағысы келмейтін тағдыр пәленің аты шыққанда, Тәңірін жек көріп кетті ме, өңі сұрланып барып, қозғалақтап, Тәңірін көргісі келді. Бағанағы желдің сыбырлы сөзі, өзінің серті қайда қалады? Көзін ашып, «қонағым болңыз» дегісі келді. Бірақ, қай бетімен ашады? Қай бетімен қонақ етеді? Тәңрі түгіл, аруаққа қарайтын бері бар ма? Түптің-түбінде көретінім анық қой, өзім қонаққа барамын, көрдім десем жұрт сенер ме? Өзімді де елді де сандалтып қайтем? Онсыз да уағызшылар аз сандалтты ма?

Өзінен бір елі қалмайтын ит тағдырдың қасында тұратын, бірге жүретін, кейде аңғара бермейтіні несі екен. Бұл өмір ұрысының жүрісі білінмейді ғой. «Құтылдым-ау» дегенде кездейсоқ келіп мерт ететін не мерейіңді асыра құбылатын сайқал ғой. Ашар еді көздерін, бірақ осы итті көргісі келмейді. Көздерін одан арман жұма түсті. Түрі қандай былыққа батқан бетпақ түр екен? Көзін аша аспанға телмірген Ақгүлінің тұнық гүлді, жылы жүзі тағдырға жұтылып кетердей қорықты. Неге сонша телмірді екен? Оралханның адам толқынысын, жанын жазу қылып жазған жеке жинағына сақиналы салалы саусағын салып отырып (бұл сақина анасының көзі еді) аспанға телмірген қыз.

Жанарыңдағы тылсым жаныма жұмбақ болып байланды ғой. Осы жұмбақ өлең не ән сөзіне көрінгенде ғой.

Ажары азлап құбыла барып, тыңдап та, таңдатада отырып, ұлпа үнін үлбіреті сызылтып, сезімтал таза дауыспен толқын дыбыстай сөйлеп, әйелге тән таусылмас нәзік назы мен жұпарын қоса бүркіп, албырап отырып алатын кезін сағынып, жаны талықсып кеткендей «Ақгүлім» деді ішінен.

Тәңірге айтқаным дұрыс болды ма? Менің сезімдерімді қайтеді? Сол белгісіз сезімнің баламасын сөз піріндей, жүрек құтындай көріп іздегені несі екен?! «Жарым ете көр!» деп жалбарынған жоқ қой. Ол қыз да менің жүрек Тәңірім ғой.

Жалбарыну демекші, осы мен өмірімде жалынып, жалбарынып көрдім бе екен. Баяғыда Текпінің тауынан текпілей құлайтын Қызылөзен мен Ки өзеннің қосылған жерінде суға кетіп бара жатқанда да жалбарынды ма? Жо, жоқ, қас-қағым сәтте нені ойлап үлгірмеді. Қимастары көз алдынан түгел тізіліп өтті ғой армандары. «Тәңірге тірімде кезікпедім» деп күбірлегенім де жағасына өзен өзі итеріп шығарып тастап еді. Сол тұнық асау өзен жанымның тұнығын көріп, «тұнығына кезіксін» деді ме екен, «тағы бір екі өзеннің қосылған тұнығына түсіп, тұнығына қосылар» деп. Ақгүлдей жаны тұнық жан бар ма екен?

Адам өлім бара жатқанда биігіне шығатын шығар. Мен де өзім ғажап деп тапқан сезімді анықтап, түстеп атын ажалға айтып кетермін. Кім білсін?! Содан да сезім пірінің атауын тірілер таппас.

Су жағаға итеріп шығарып тастағанда түк болмағандай «о несі-ей!» деген сыңаймен ешкімге ештеңе сездірмей, Тәңірге де тәубе етпней кете берді ғой. Бірақ, әлі ұмыта алмады. Ажал таза адамның жанын қинамай-ақ, қайта шарықтатып, әуелетіп алып кететін сияқты көрінеді де тұрады.

Тәңір кетті. Қазақ даласы да, жігіт те бір-біріне аманаттап кеткенін шындап сезді, қуанды.

– Ел айтатын ныспың Айбоз ба еді, Ары боз ба еді? Бұның қалай? Тағдырына қарсы шыққан талайды тентіретіп едім. «Не асықтың, сандалушым» деп тыныштықты бұзған тағдырың жоқ жерден табылатын, жиіркенішті сумақай дағдысына сай жан түршіктірер бажылы шығып барып басылды. Жігіт көзін ашпастан маңғыл қасқадан бірақ тартайын деп саптамадан сарала қамшысын суырып алды да: «Жақсы күндегі досым, жаман күндегі дүшпаныым еді. Әлсіздігімді сезіп қалар, бұ неме. Қуаныш пен қайғы, бақ пен сорды қатар алып жүруші еді. Байқамай біреуін жазым етермін» деп ойлап тоқтай қалды.

– Тұлпарымның терін аңқытып елім мен жерімді қайта түгенлдеген күні көкжал туған не өзім, не ұрпағычм бейуаздардың қанын мойныңа көтерген сенің қақ маңдайыңа Айбозды тас қып қадап, Ары бозды ұран қылып жазып, адамның маңдайныа тағдыр жазыла ма, тағдырдың маңдайына адам жазыла ма, алдыңнан бір кезіктірерім анық.

Тағдыр ит зығырданын қайнатып күліп алды да:

– Баяғыда... әй, сенің есіңде жоқ шығар, он жетіге толғаныңда сақтардың қара шаңырағы құтты мекен Сауыр тауының Қызылқарағайлы жайлауында жастар молаңдау жиынның бірінде бір бұйра бас жігіт алақандарыңды көріп берейін дегенде жұрт жапа-тармағай алақандарын көрсетіп, үш-төрт жылдық талайлы-талайсыз келешегін болжатып жатқанда көпшілік пен бұйрабас жігіттің қалауымен ең соңында әрең барып ең. Сол бұйрабас жігітті мен жіберген едім. Өзіме қарсы шықпай, жолын білсін деп.

Ол өткен ғой, Бұлаң деген жоққа құмалақ салып жүретін қыдырма, кешіл еді. Сонда Бұлаң жыпылықтап тоқтамайтын көздерін тоқтатып, анықтап қарағаны менің алақаным шығар. Тағдыр сызығына сіңіп, алақаныма кіріп кетердей өңкиген ұзын неме еңкейе түсіп, көңілдесін көргендей ұзақ қарап еді. «Мынау қалам ұстайтын, жазатын қол ғой» деп барып, «оқу...» дей бергенінде шошына қолын тартып алып еді.

– Не күткеніңді білемін, – деп безілдей жөнелді безбүйрек тағдыр, – жауынгерге лайық дейтін ана бір ғашығыңның аты шығып қалар деп, әлгі бір қараторы қызды айтам, күтіп едің ғой, сол үшін беріп едің алақаныңды. Әйтпесе, сен менен өткен ит едің, осы жолғы келісіңді..., – дей беріп еді жігіт:

– Оның рас, аты Тұмар еді. Әлі де ғашықпын. Іште кеткен құлынды ат болғанда танитын сейіс қаным «Тұмар» деп атын естігенде қандай күй кешіп едім. Сүйген сұлу керім еді ғой. Сұраусыз таптым, өкінішім жоқ еді, – деді. Іштей «Ал мына ішімдегі, көзімдегі ғашығым ба, әлде кім? Ақгүлі, Тәңір-гүлім...» деп үздікті. «Ақгүл» деген көбелектің қанатындай жеңіл, жұмсақ естіледі екен.

– Иә, иә, алақаныңнан жау көргендей қолыңды жұлып алып ытқып шығып кеттің де Сауыр-Сайқанның мұз тауына көтеріле кенересінде жатқан жылқы қосына бірақ тартып едің. Бара салып қан шығарып ен салмаған, күйдіріп таңба баспаған қызы-көк бестіге шалма салып ең. Сондағы қызы-көктің шыңғырып өкіргені әлі құлағыңнан кетпейді. Жылқы мен қазақ тарихының аруағы қоса шыңғырғандай болып еді саған. Жлықы мен қазақ рухы бір ғой. Асауды құйрығынан ала түсетін, шешеміз қалжаға құлжа жеген екі ағам Қаптағай мен Қыпшақ қолдарын қарыстырып ұстап, қызы-көкті құлақтап жүріп мінгізген еді. Әсіресе, асау мінгенде сыйынатын Тәңірі мен аруақтарға бір сыйынып еді. Аруақ демекші, жалдас қызыл-көк бие сол қызыл-көк құлынды көзден таса тау басына туып ертіп келгенде атам Ағыбай: «Қазақтан жылқы кетпепті, атына қарай азаматы да туар енді, арманым жоқ», – деген еді. Өз сол жылдың бөрі сырғағында қайтып кетіп еді.

«Аруағың қолдап жүрсін» деп ырғып мініп, «басын құзға қарай жіберіңдер» деп еді ғой. Сонда қызыл-көк сүзісетін текедей тік секіріп, жірге шаншыла түсіп, екі иығына кезек ырғып мөңкіп, тулап еді.

Ал, жаздым дейік. Жазғанда не жазасың? Оқығанда не оқисың? Жылқының дүбірі мен жыраудың жыр үнімен тасқа жазған ел едік. Сол жазу мен жазба құдайлар көбейгелі Тәңірдің келуі де осы шығар. Содан бері біздің бағымыз тайды-ау білемін. Оқығанда ше, бұрмаланған тарихты ма? Әлде өзге жұрттан барып білім алам ба? Бұлашақ деп жастың бәрін өзге жұртқа сандалтқанша ұстаз сатып алуға ақылы жетпеді-ау. Әуездің Мұхтарындай жазған кім бар еді. Қодар мен Қамқаны жазып бетіңе таңба басты ғой. «Қожа» деп сыбап жіберіп едім ғой аруақты. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы», «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»... Ал, інілердің қосқан үлесі өзгенің санасын тықпалап, таласып шатыстырды. Онсыз жүлде ала алмайтындай жыраулар жапқан қасқыр ішікті қаланың қалатына айналдырды.

Иттің ұлығанын көрсек те, қасқырдың шәбелеңдеп, құйрығын бұлғап үргенін көрген жоқпыз ғой. «Бөтен сөзбен бұғанса сөз арасы...» демей ме, кірме көбейсе жұрт та, сөз де бүлінеді. Аруақтарым-ай, ақыл айтамыз деп болашақты байқамай болжап абыз болғанша өнерге таласып азғанша асаудың рухын асқақтатайын деп қызыл-көк өршелене атылғанда қазақ, жылқы, қара өлең және өзімді үшеу деп санар едім. «Менің қолымның жазатыны рас болса, сенің мойныңа тұмар қылып тақтым» деп алақандағы ажалды асаудың жалына сүртіп құтылғандай болып тыныстап еді. Жақсы ат иесінің ажалын алып кетпей ме.

– Әй, ит-ай, сол қызыл-көкті тулатып тұрғанымда кезіксең ғой, – деді жігіт ызбарлана. Тағдыр оған миығынан күліп қойды.

– Ит болсам да өткеніңді ұмыттырмай, құйрығымды бұлғап ертіп жүремін. Өткендеріңді ұмытатын сендер ғой.

– Тағдыр не, түс не? Айтшы осыны, әлде сен елессіңдер ме?

Ақгүлі бірде тағы да аспанға телміре отырып: «Түс адамға берілген уақыттық мүмкіндік. Бала күніңмен, туған жеріңмен, туыс-досыңмен табысасың, Арманың орындалып, өкінішің жоғалады. Сағынышың басылады. Өткен шаққа қайтасың, болашаққа барасыңн. Қорқасың, қуанасың, мұңаясың, – деп еді.

Мен ашып үлгірмеген сыры мен сезімдері қандай терең екен. Мүмкін, мен таба алмай, Тәңірді жолығуға түсіріп, таңдырмен тәжікелесіп тұрған сол атауды Ақгүлім баяғы да тауып алған болар. Тереңін қарашығына жасыра ма? Не телміреді екен? Менен басқалар аспан әлемін ашқысы келе ме, жоқ әлде Қорқытқа ұқсап махаббаттан қаша ма? Бірақ, қазақ қыздары тіке қараушы ма еді. Сол асылдардың қиығы мен сынығы көзін ала қашып жүрек ұшқынын байқатпай отыратын шығар.

– Түс менің көлеңкем ғой, – деп күлді тағдыр тағы да, – осы сен Ақгүлды қаншалықты сүйесің? – деп көрінген жерге бас сұғатын сумақайлығынан өзі де қымсына қалды.

«Ақ тұйғыным», «Ақ бұлтым» дей беріп осыдан біраз күн бұрын кере бітіп кезіп кететін кең маңғаз маңдайын жарқырата отырып анасының құрсағынан ала келген адалдық пен ұяттың нышанындай алма беттің ұшына тамып кеткен алғызыл меңі бөрте түсіп: – «Күнім» десеіңіз жаныма жылы тиеді, – деп дауысының айысты ырғаын бұзбай құбылжи барып әйелге тән көзқараспен үзіле қарай берген. Осы сәтте гүлге су құйып жүрген сіңілісі Мөлдір:

– Аға, мені де «Құлын» демей, «Күнім» деңізші, – деп еркелеп келгенде құшағына еркелете қысып еді. Сол үзіле қараған көздері көзіне құйылып содан қалған жұғынды көз жалауы қылып өшірмей келеді. Сонда қасында сүйеулі тұрған керала домбыраның ішектері керіліп-созылып, құлақ күйін теңшегендей тырсылдап «Күнім» деп бебеулегендей сезіліп еді.

«Бағана Тәңірдің алдында тұрғанда да сондай ғажап күй кешім бе, осы?». «Жаныма жылы тиеді» деп күбірлеген жігіт ажарланып шыға келді.

– Сүю, сүю дейсің бе? Ол жүрекпен өбу ғой, – қуаныш-мұңы белгісіз селт ете түскен жігіт.

– Таптым, – деді.

– Нені? – деп тағдыр жармаса кетті.

– Жә, жетер, сүюді сүйгенде Тәңір жалғыз болмас еді... – дей берді де сары ала қамшысының алақанын жазып, – осы сен, – деп тағдырға қараған жігіттің көздері ұшқын атты. Тәңір аманаттап кеткен, аруақтар мұраға тастаған даласына бір қарап алды да тағдырын жерге нығарлағандай нығыз басып қаракөкке қарай жүрді.

– «Қан қатқанша лаулай бер, жүрек гүлім», – деп бір ақынның өлеңін бастап келе жатып өзіне қарсы келген қаракөктің үстіндегі құлын жарғақты алып сіліп киді. Алатаудың үстіне келіп қалған Күнге қарап «Күнім» деп күбірледі де қара көкке бірақ ырғыды. «Қашсам кетермін, қусам жетермін» дегендей етегін қымтай бере жұла тартқан аттың үстінде:

– Жырға жамау жүрмейді жібектен де,

Түсінген түңілмейді түнектен де... – деп кете барды. Өлеңнің қалған тармақтарын қарды бұрқырата қалықтай жөнелген қаракөк ат естіртпей алып кетті.

Тәңір келетін күн.

Тағы да көне сарындағы үн шықты. Тастар жаңрымады, бақып кеткен сияқты. Айнала тынши қалды, қаракөк ат алыстай берді.

Осы жазбамды «Күнім дегеніңіз жаныма жылы тиеді» деген Ай боздың Ақгүлінің қолына жетер деген ниетпен жаздым. Айбоздың жылқының жалына сүртіп кеткен жазу маған бұйырғанда жалпы оқырманға жайықтап жазар ма едім. Көріп қалған оқырмандар болса жорық жыры мен махаббат жырының әр кімнің жүрегінде үзілмеген өзінше жалғасы деп түсінуін үміт етемін. Өз заманынан бірнеше ғасыр кейін туып, адасып қалса да жүрісінен жаңылмаған Айбоздың соңынан баруға асығып, асығыстау жаздым. Қазақ даласынан табармын. Тәңір жарылқап, аруақ қолдасын!

Көрнекісуретке Әлібай Бапановтың картинасы пайдаланылды

Сауырдың сары шегірі

Барыс жылдың қырау кірпік қаңтары мен алты күндік ақпанында, жазылды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар