Сафуан Шәймерденовтің туғанына 100 жыл

Бөлісу:

15.04.2022 4060

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, прозаик, драматург, аудармашы Сафуан Шәймерденовтің туғанына 100 жыл толды. Сафуан Шәймерденұлы 1922 жылы 15 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Амнкелді аулында дүниеге келген. «Қызық деңіз, демеңіз, мен қай күні туғанымды білмеймін. Үлкендерден сұрасам: ит жылы ауыл қыстаудан көшіп шығып, көктеуге қонғанда туыппын. Күні бүгінге мен сол «итіңізді» малданып келем», - деп өзі жазғанындай, ит жылы дүниге келген жазушының өмір жолы туралы білгісі келген оқырман «Ағалардың алақаны» жинағын оқыса болады. Мұнда жазушының кешіп өткен өмір өткелдері, әкесі, аналары, туыс-туғандары, ғұмырында үлгі-өнеге болған, үлкен із қалдырған жандар туралы айтылады. Сегіз жасында туған анасы Қиза өмірден өтеді. «Мен туған анамнан сегіз жасымда қалыппын. Сегіз жас есіңнің кірген шағы. Сегіз түгіл, төрт, бес жасыңдағы уақиғалардың да жадыңда сақталып қалатындары бар», - деп жазады жазушы. Өмірден өткен анасының орнына келген өгей шеше Бейістің өзіне деген мейірім шуағы туралы терең тебіреністі оқимыз.

Ата-ананың жанында алаңсыз балалық шағын, оқушылық дәуренді бастан өткізген жасөспірім алдағы өмір жолы туралы ойлана бастайтындығы заңдылық. Кешегі дәуірде немесе қазіргі күнде де болсын, әдебиетке қызығып, болашақта шығармашылықпен шұғылданып, ақын немесе жазушы болсам дейтін жас баланың талабын ұштап, қанатын қомдауына әсер ететін, үлгі тұтатын нысан болады. Ол – айналасындағы немесе теледидардағы адамдар, шығармашылық ұжым т.б. болуы мүмкін. Жазушы Сафуан Шәймерденовтің бала күнгі арманын шынайы шындыққа айналдырған – Қызылжар өңіріннің бас газеті екен. Қаламгер өзінің әдебиет әлеміне келуіне, осы жолға түсуіне, болашақта жазушы ретінде танылуына ықпал етуші үлгі-өнеге – газет болғандығын айтады. 1920 жылы «Кедей сөзі» деген атпен Омбыда шыға бастаған, қазіргі Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің балалық арман-қиялына бітірген қанаты туралы жазушы былайша жазады: «Әдебиетке құмарлық бар да, сол құмарлықты шын талантқа айналдыру жолы бір бөлек. Бабы табылмаған талант – қабілет қанатсыз құс секілді. Қияға самғамақ түтіл, бауырын жазып жерден көтеріле де алмайды. Мен әдебиетке бала күнімнен-ақ құмар едім. Әу баста осы құмарлық отын кім тұтатты? Алты жасымда өздігімнен хат танып (мектепке колхоз құрылған жылы, сегізге қараған кезімде барғанмын), сықсима шам немесе пештегі от жарығымен үй толы тыңдаушыларыма заулата оқып беретін «Алпамыс» пен «Ер Тарғын», «Ер Сайын» мен «Қыз Жібек», «Қозы Қөрпеш-Баян сұлу» қисса жырлары ма? Жо болмаса, өз ауылымдағы Бори секілді сұңғыла әңгімешілердің ұзақ түн келістіре айтатын ертегілері болар ма? Әлде Майбалық орта мектебіндегі алғашқы әдеби ұстазым Ғазез Әбішевтің әсері ме? Мүмкін, ата-бабаларымның, апа-әжелерімнің қанымен ауысып келген қасиет шығар? Қайтсе де дөп басып жауап бере алмаймын. Ал әдебиетке деген сол құмарлықты баптап, жазушылық ұлы өнердің додасына салып жіберген не күш десеңіз, жауабым дайын: ол – өзім ұшқан ұям – «Ленин туы» газеті». Жазушының тырнақалды мақалалары, өлеңдері мен очерктері, рецензиялары осы газетте жарық көреді. Кейін 1944-1945 жылдары газеттің меншікті тілшісі қызметін де атқарады.

Ауыл мектебінде білім алған болашақ жазушы мектеп бітірген соң әуелі елде түрлі қызметтер атқарады. Туған аулында мұғалім болады. Соғыс басталған кезде өзге де ауылдастарымен бірге майданға аттану туралы шақырту алады. Бірақ тағдырдың болыстығы болар, қан майданның өтіне емес, тылдағы ауыр еңбек армиясына аттанады. «Бәрі де майдан!» дейтін ұранмен, армия қатарында авиация үшін аса маңызды ағаш дайындау жұмысын атқарады. 1942-1943 жылдары Преснов аудандық комсомол хатшысы болып қызмет атқарады. 1942-1945 жылдары облыстық «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер болып жұмыс істеп жүріп, өзінің бала кезінен бергі жүрек қалауы – әдебиет әлеміне, жаушылыққа бет бұру арманын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. 1945 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қаз МҰУ) филология факультетіне оқуға түседі. Өзінен бес-алты жас кіші інілер мен қарындастар ортасына түскен сақа азамат өмірлік тәжірибесі мен білімділігімен бірден танылады. Жазушының адами тұлғасы, қарапайым да салиқалы мінезі туралы бірге оқыған курстасы, академик Зейнолла Қабдолов былай деп жазады: « Қалам қызметінде қыруар іс тындырса да Сафуанның не дақпырт таратып дабырайған жерін, не даңқ қуып далбаңдаған кезін көргеніміз жоқ. Өзінің біршама бойшаң денесін тік ұстағанмен, ойлы көзін төңірегіне өр тастағанмен, Сафуан «болдым, толдым» деуден аулақ; күпсу, күпілдеу дегендер оған жат; өзге түгіл өз арамызда – университетте өзімен бірге оқып, әдебиетте өзімен қанаттас келе жатқан қатар құрбылар алдында да ол ешқашан өрепкіген, не омыраулаған кісі емес. ...біз Алматыға – Қазақ университетіне оқуға келіп, академик Әуезовтен лекция тыңдап отырғанымызда, Сафуанның бойы бізден бір жарым қарыс биік, ойы бір қыдыру озық тұратын. Ол бізді өзіне қарай жасының үлкендігімен емес, осындай ой-толғамының, таным-түсінігінің тартымдылығымен бейімдейтін».

ҚазМУ-ді 1950 жылы үздік бітіргеннен кейін республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» Қарағанды облысы бойынша тілшісі болып қызмет істейді. 1952 жылдан «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағында проза секциясының меңгерушісі қызметін атқарады. 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958-1960 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуралық коллегиясының бастығы болып қызмет атқарады.

Жазушының алғашқы көлемді туындысы – «Болашаққа жол» романы 1953 жылы жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдаған бұл туынды «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. Романдағы Инеш, Мәулен, Гүлшат т.б. жастар мен өзге де кейіпкерлер образдары – бүгінгі күннің көзімен қалай болмақ? Бұл турасында жазушы кезінде былай деп атап өткен екен: «Жасырмай айтайын: «Инеш» романының дүниеге келуіне менің дүниетанымымдағы иненің жасуындай десең де кертартпа ұғымның барлығы себеп болды. Соғыстан кейінгі қазақ жастарының өмірі мен мінез-құлық, жан дүниесінде туып келе жатқан өзгерістерге бір есепте көрсетілген қарсылық романға лейтмотив болғандай». Жазушы кейіннен осы романды жазуға тиек болған Инеш сияқты қыздар бейнесінің замандар өткен сайын өзгеріске түсіп, түрленіп отырғанын, оған өзінің шығармашылық ғұмырындағы арулар бейнесі мысал бола алатынын айтады. Атап айтқанда, отызыншы жылдарды Бибігүл, қырқыншы жылдарды Қарғаш, елуінші жылдарды Инеш, алпысыншы-жетпісінші жылдарды Әспеттер образындағы саналық өсу, эстетикалық талғам – өз дәуірінің сұраныс-талабынан туындаған деп пайымдайды. Кезінде үш жүз мың дана болып жарық көрген «Инеш» романыдағы асқақ адамгершілік, жастардың бойындағы ізгі қасиеттер өзінің мың-мыңдаған оқырмандарына үлгі болды. Жазушы қаламынан туған «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал», «Мезгіл» хиякаяттарында да өмірдің алуан соқпақтары шынайы бейнеленеді. Мысалы, «Қарғаш» хикаятындағы оқиғаларға жазушының туған өлкедегі албырт жастық шағы арқау болғанын аңғарамыз. Бұл турасында жазушының өзі естеліктерінде кеңінен атап өтеді.

Драма жанрында да біршама еңбектенген қаламгер «Әнім сен едің», «Марғау», «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Жыл құсы», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» қатарлы пьесалар жазып, қазақ театрларының сахналарында қойылды. Әсіресе «Дөкей келе жатыр» сатиралық пьесасы қалың көпшілікке кеңінен танымал.

Аударма саласында да өнімді еңбек етіп, үнді жазушысы Рабиндранат Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдарын, Л.Толстойдың «Альберт» хикаятын, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибунал», француз композиторы Эрве мен драматург А.Миляждің «Түлкі бикеш» комедиясын қазақ тіліне тәржімалады.

«Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері, Петропавл қаласының Құрметті азаматы Сафуан Шәймерденов 2007 жылы 23 ақпанда дүниеден өтті.

Жазушы Сафуан Шәймерденовтің өзі тұстас аға буын қаламгерлерден ерекше қыры – азаматтық ұстанымы жолындағы қайсар ерлігі болса керек. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін кеңестік билік тарапынан қазақ халқына жала жабылып, «ұлтшыл» деген айып тағылып, қуғын-сүргін жаңа сипат ала бастаған еді. Осы тұста ел алдында жүрген көптеген марғасқа тұлғалардың еріксіз, дәрменсіз бас бұғуына тура келді. Сол тұста Мәскеудің әміршіл-әкімшіл саясатына қарсы алғашқылардың бірі болып туған халқын, өрімдей жастарды қорғап үн қатқан зиялылардың бірі – аға буын жазушы Сафуан Шәймерденов болғанын да тарих жақсы біледі. Мұндай көзсіз ерлікке ол заманда екінің емес, екі жүздің бірі бара бермегенін солай әрекетке барып, халық жүрегінен орын алған қадау-қадау есімдердің санынан білуге болады.

Қаламынан қазақ тілінің мәйегі болған шымыр туындылар тудырған кемел жазушы, ел мен жер, тіл, діл мәселесінде сергек сана, батыл жүрекпен іс-әрекет жасаған қайраткер азамат Сафуан Шәймерденовтің ғасырлық ғұмыр белесіне орай 2022 жылы көптеген іс-шаралар өтілетіні сөзсіз. Осы орайда «Әдебиет порталының» кітап қорында Сафуан Шәймерденовтің бес томдық жинағын тегін оқып, жазушының шығармашылық әлеміне бойлауға мүмкіндік барлығын айтып өтпекпіз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар